Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш автономиясы және кеңестер билігі: ұлттық-мемлекеттік құрылым төңірегіндегі таластар

5273
Кеңестік тарихнамада 1917 жылғы Қазан революция мен азамат соғысы тұсындағы Қазақстанның саяси және әлеуметтік жағдайы туралы аз жазылған жоқ.

Бірақ, қоғамдық ой мен ғылымда тап күресі идеологиясы үстемдік құрған кезеңде өмірге келген бұл еңбектердегі тұжырымдар методологиялық тұрғыдан шектеулі, тым бір жақты жасалынғандығымен сипатталады. Сондықтан да тарихи шындықты партиялық принцип тұрғыдан талдауға алған еңбектерді қайта қарап, жаңа тұжырымдар жасауға мұқтаж тақырыптар жеткілікті. Демек, мемлекетіміз тәуелсіздікке толық ие болған бүгінгі таңда 1917-1918 жж. қазақ жерінде болып өткен тарихи оқиғалардың пайда болуы, өзгеруі және ішкі даму динамикасын мейлінше дәлірек етіп, саралап беру Қазақстан тарихы ғылымының өзекті міндеттерінің бірі болып табылады.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кеңес билігін жер-жерлерде орнату басталды. Алайда, ол В.И.Ленин жазғандай «салтанатты шеру» түрінде емес, керісінше өте қиын да күрделі процесс түрінде өтті. Қазақстанда кеңес өкіметін орнатуда сыртқы күштердің ықпалы бұған дейін қалыптасып келе жатқан азаматтық келісім жағдайындағы «өзінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқа мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік беретін біртұтас ұлттық-демократиялық даму жолына түсу үмітіне шек қойып, Қазақстанның бұдан былай да орталық биліктің дөңгелегіне мықты байлаулы күйінде» [1] қалғандығын шешті. Бұл кезеңде большевиктерге қарсылық күресті ұйымдастыратын бір орталықтың болмауы, ол күштердің бытыраңқы жағдайда, әрі бір-бірімен қарама-қайшылықты қатынаста болуына байланысты ұлт аймақтардағы демократиялық күштер мен олардың саяси ұйымдары оқиға барысының дамуын қадағалап, өздеріне бұл күресте одақтастарды тіпті тиімсіз жағдайда іздеуге мәжбүр болды. Д.А.Аманжолова ол туралы «…ұлттық коммунистік ұйымдардың болмауы, жергілікті жерлерде большевиктердің атын жамылған «ерекше диктаторлық билік», шет аймақтардағы большевиктік қозғалыспен қатар жүрген зорлық, тонау және қызмет бабын пайдалану, «толық анархия» Алаш қозғалысын антисоветтік күштердің лагеріне итермеледі» деп көрсетеді [2].

Жалпы Алаш интеллигенциясы арасында большевиктер бағдарламасы әуел бастан-ақ қолдау тапқан жоқ. Олардың түсінігі бойынша, большевиктер ұстанған бағыт Қазақстан емес, тіпті Ресейдің өзіне де азапты болашақ әкелетін бағыт болатын. Алаш қайраткерлері ең алдымен большевиктер бағдарламасындағы қоғамдық меншікке көшу туралы пікірді үзілді-кесілді қабылдаған жоқ. Өйткені олардың ойы бойынша, қазақ қоғамы жағдайында мұндай шараға бару мүмкін емес-тін, тіптен ондай әрекет, біріншіден, оны қабылдауға мүлдем даярлығы жоқ қазақ бұқарасы арасындағы түсінбеушілік туғызса, екіншіден, әлеуметтік теңдік орнатудан бұрын, әлеуметтік апатқа апаруы толық мүмкін еді. Дәстүрлі шаруашылық түрінің бұзылуы, қазақ шаруаларының, жалпы қоғамның қоғамдық меншікке негізделген шаруашылық жүргізуге қай жағынан болса да даярлығының жоқтығы осындай нәтиже бермей қоймайды деп түсінді.

Қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады. Олардың түсінігі бойынша, қазақ қоғамы Ресейдегідей таптық жіктелу деңгейінен алыс жатты. Ал сол тарихи кезеңде «отарлық езгідегі қазақ жұртына қандай да болса жіктелуден гөрі ортақ ұлттық мүдде негізінде бірігу ауадай қажет еді. Жіктелу керісінше, оны әлсіретіп, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді деп түсінді» деп пайымдайды М.Қ.Қойгелдиев.

Бәрімізге белгілі, ХХ ғасыр басында Қазақстанда ұлттық жұмысшы табы әлі қалыптасып болған жоқ еді, сондықтан ХІХ-ХХ ғғ. батыс өркениетіне тән қызметкердің әлеуметтік бейімделуі және құқын қорғау институты көшпенділер мәдениетінде болған жоқ. Алайда, бұл жердегі басты проблема елдің орталық-европалық бөлігіндегідей таптық көзқарасты, таптық ұстанымды жүзеге асыруды қайталаудың мүмкін болмауы еді. 1918 жылғы наурыз айында-ақ Алаш ұлттық қозғалысы басшыларының В.И.Ленин және И.В.Сталинмен жүргізген алғашқы келіссөздерінде басты сұрақ пролетариат диктатурасының принциптерін қолдану мәселесі болғаны тегіннен-тегін емес. Алаш басшыларының бірі Ж.Досмұхамедов осыған байланысты: «Жалпы бізде кеңестерді ұйымдастыру қиын-ақ. Оларды ешкімнен құрай алмайсыз. Жұмысшы жоқ десе де болады, солдат та жоқ...» - сондықтан бәрінен де земство жақынырақ деп тұжырымдағанды [3]. Қазақ қоғамының құрылымдық әлсіздігі мен саяси мәдениетінің төмен дәрежесін ескере отырып, Алаш қозғалысы өкілдері пролетариат диктатурасы идеясынан бас тартқан болатын. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашасында басылған Алаш партиясының бағдарламасының жобасында жұмысшыларға байланысты «қазақ жерінде завод-фабрика аз, сондықтан қазақтың жұмысшылары да аз. Алаш партиясы жұмысшылар турасында социал-демократтардың меньшевик табының программасын жақтайды» [4] деп көрсете отырып жұмысшы заңдарын даярлау қажеттілігін көрсетуі де тегіннен-тегін емес еді.

Ақпан революциясынан кейінгі өткен уақытта Алаш жетекшілерінің, оның ішінде Әлихан Бөкейхановтың қазақ автономиясы туралы көзқарасы сапалы өзгеріске ұшырады. К.Нұрпейіс көрсеткендей, егер ол Ақпан революциясы жеңісінен кейінгі алғашқы күндерде Қазақстанға жергілікті земстволарға сүйенген мәдени автономия қажет деп санаса, 1917 жылдың күзінде ол оған ұлттық-территориялық автономия қажет деп санады. Мұның негізінде, бір жағынан, Әлихан Бөкейхановтың Уақытша үкіметке деген сенімінің азайғандығы жатса, екінші жағынан, оны құлатқан Қазан төңкерісін қабылдамауы мен большевиктердің советтік негізіндегі Қазақстан автономиясын құрмақ болған жоспарына қарсылық жатты. Өйткені, орталық пен жергілікті жерлерде жұмысшы-шаруа советтердің өкімет билігін тартып алуы Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап саяси биліктен айырылған таптардың қарулы қарсылығын туғызды. Іс жүзінде азамат соғысы дәл сол кезде басталған өкімет үшін күрестің жалғасы болып табылады, сондықтан да революция мен азамат соғысының арасына уақыт тұрғысынан айқын меже қою қиын.

Алаш басшыларыдемократиялық жолмен сайланған Құрылтай жиналысында бекітілетін федерацияны орталық пен ұлттық-территориялық құрылымдар арасындағы өзара қатынасты құқықтық реттейтін, мемлекеттік бірлік пен орталық биліктің федерация мүшелерімен байсалды егемендігі пайдасын біріктіретін ұтымды форма ретіндеесептеді. Толық тәуелсіздік талабын ұсынбай автономия формасындағы егемендікке ұмтылу Алаш позициясының реализмін көрсетті және қазақ қоғамының объективті жағдайына негізделді. Қоғамның одан әрі дамуының бағыттары турасындағы Алаш пен большевиктер арасындағы түпкілікті айырмашылық, партиялар қызметінің мақсаттары мен әдістерінің бір-біріне сәйкес келмеуі және де ресей қоғамының саяси мәдениетінде белең алған қандай да болмасын келісімпаздықтан бас тарту синдромы бұл саяси күштердің ара қатынастарын анықтады. РСДРП (б) партиясының радикализмін басқа социалистердің позицияларымен салыстыра отырып, Алаш партиясы бағдарламасы жобасының авторларының бірі – М.Дулатов «большевиктер бірден бәрін де құртып, қиратқысы келеді, билікті өз қолдарына алып, бәрін өз дегендеріндей жасағысы келеді. Әрине, бүкіл әлемде байлар да, кедейлер де болмауы тиіс және бәрі де тең әрі бейбіт өмір сүруі, бәрі де бір-бірімен ынтымақта болуы тиіс дегендері дұрыс-ақ. Алайда, ол үшін бірнеше ғасыр керек» [3, С.59]  деуі тегін емес еді. 

1918 жылдың басында Орал облысы құрамындағы уездердің барлығында дерлік кеңестер құрыла бастады. 18 наурызда облыстық жұмысшы, шаруа, казак және қырғыздар (қазақтар) кеңесі съезді өтіп, Атқару комитетінің құрамы қайтадан сайланды. Съезд «революция жауларын» – Оралдық войсковой үкімет пен Алашорда билігін тарату, олардың басшыларын тұтқындау туралы облыстық Атқару комитетіне тапсырған қаулы қабылдады. 1 сәуірде Орда қаласында болған Бірінші облыстық жұмысшы депутаттары мен қазақ халқының съезі Ордада кеңес өкіметінің орнағанын мәлімдеді. 1918 жылдың 1 шілдесіне қарай Бөкей Ордасында 4 поселкелік, 87 болыстық кеңестер құрылды [5]. Ал С.Меңдешов өз естеліктерде «Бөкей Ордасында кеңес үзіліссіз 1918 жылдың 1 мамырынан бері жұмыс істеуде» деп көрсетеді. 1918 жылдың көктемінде Қазақстанда, оның ішінде аталған аймақта ауылдық жән селолық кеңестер жүйесін құру басталды. Бұл туралы К.Нұрпейіс «негізінен ауыл тұрғындарының кедейленген, қайыршыланған тобының өкілдерінен тұратын ауылдық кеңестерді «пролетариат диктатурасы» мемлекеті мен оның саяси жетекшісі – большевиктер партиясы халықтың басқа әлеуметтік топтарына (ауқаттыларға, байларға) таптық тұрғыдан қарсы қойды және сол арқылы ашықтан-ашық әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді» [4, 164-165 б.] деп жазды.

Қазақстанды осылай кеңестендірудің алғашқы кезеңінде Алаш автономиясы жарияланғаннан кейін облыс, уезд, болыстарда қалыптасқан оның жергілікті органдары күштеп таратыла бастады. Сондықтан Алашорданың органы болып саналған Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 15 сәуірде: «...Қай болыс, қай қала болсын большевик өкіметі алмаған жер қалған жоқ. Советтен совет шығып жергілікті мекемелердің бәрін төңкерді, иледі, биледі» деп жазуы тегін емес.

1918 жылғы көктемде Орал қаласында басталған казактардың төңкерісі Батыс Қазақстандағы саяси жағдайды күрт өзгертіп жіберді. 31 сәуірде Орал войсковой үкіметімен келісімге келген Алашорда өкілдері облыстық земство басқармасын Жымпитыға ауыстырды. 18-21 мамырда өткен облыстық 4-съезд Ойыл уәләятын үкіметін құрды. Ойыл уәләятының құрамына Гурьев, Ілбішін, Орал, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің қазақтар мекендеген аудандары мен Бөкей, Маңғыстау, Ойыл уездері кірді. Осы өңірде 1917 жылы жойылған Уақытша үкіметтің облыстық және уездік комиссарларының орнына Ойыл уәләяты Уақытша үкіметінің билігі жүретін болды. Бұл әрекет Бүкілқазақтық екінші съезінің ұлттық-территориялық автономия құру жөніндегі шешімінің батыс Қазақстанның айтарлықтай территориясында жүзеге асқандығының көрінісі еді. Сөйтіп, бұрынғы Орал облысы территориясында іс жүзінде қазақтардың автономиялық басқаруы орнады. Алашорданың батыс бөлімшесінен бөлек қалған барлық жергілікті органдар (уездерде, болыстарда, ауылдарда) 1917 жылы Уақытша үкімет құрған земстволық өзіндік басқаруға негізделді. Батыс Алашорданы (ресми түрде 1918 жылғы 11 қыркүйектен бастап жұмыс жасай бастады) Жаһанша Досмұхамедов басқарды, оның мүшелері болып Халел Досмұхамедов, Бөкей Ордасынан – Бақтыгерей Құлманов енді. Х.Досмұхамедов сонымен қатар облыстық земство басқармасының төрағасы болып сайланды.

Бұл кезде аймақтағы азық-түлік мәселесі 1918 жылғы 26 сәуірде ВКП (б) Орталық Комитеті мәжілісінде мақұлданған, кеңес өкіметінің азық-түлік саясатының негізгі ережелерінде бекітілген шараларды жүзеге асыруға байланысты одан әрі шиеленісе түсті. Онда есеп пен бақылау, астық монополиясы, тұрақты баға мен азық-түлік салғырты туралы бірқатар заңдар қабылданды. Алайда астық дайындаушы ұйымдардың іс-қызметінің негізінде «революция заңдары» деп аталатын, яғни барлық жерде қолданылатын зорлық-зомбылық жатты. Азамат соғысының барысында ол кеңес өкіметінің шаруалармен сөйлесудегі негізгі дәйегіне айналды. 1918 жылы 22 мамырда Ленин астықты жинау, тасу және бөлу ісіндегі қатаң мемлекеттік тәртіпке, басқаша айтқанда, «азық-түлік диктатурасының» қарсыластарына «крест жорығын» ұйымдастыруға шақырды. Осы бағытта азық-түлік жасақтары секілді арнайы әскерилендірілген құрылымдар жасақталды және астық өнімдерін дайындау кезінде тек Орталықтың тапсырмасын басшылыққа алды. Бөкей Ордасында іске кіріскен азық-түлік жасағында 30 адам болды. Жасақтың революция жолындағы іс-қимылдарының бірі – шаруашылықтардан ат-көлік жинау бағытында 488 түйе мен 100-ден астам жылқы тартып алынды [6]. Ол кейін жергілікті қазақ шаруаларының қарсылығын туғызғаны белгілі.

Орыс халқы мен отар елдер халықтары, оның ішінде қазақ халқы да, оның арман-тілегі де азамат соғысының құрбандығына айналды. Оның себебі «қазақ қоғамының ой-арманы мен саяси бағытын бетке ұстаған Алашорда саясаты Россияның қоғамдық санасы мен оның негізгі саяси күштерінде белең алған, біріншіден, ұлы және бөлінбес Россия және екіншіден, ұлт мәселенің билік мәселесіне бағындырылуы идеясына байланысты шешілмес қайшылыққа тап болды. Өйткені, бұл екі идеяны да жүзеге асыру унитаризмді талап етті, ол және соғыс уақыты практикасында жеңіске жетті де. Алашорда болса бұл күресте өз алдына бөлек саясат ұстап, «үшінші күш» бола алмады. Сонымен бірге қандай да болмасын қарама-қарсы күштердің бірімен одаққа бару Алашорданы программалық мақсаттардан алыстата түсті және жеңіліске ұшыратты» [2, С. 44-45].

Басқарудың әскери-коммунистік әдістері, большевиктердің (негізінен орыстілділер) ұлттық ерекшеліктерді (көп жағдайда большевиктерге ол тіптен де таныс емес еді немесе дүниежүзілік революция алауында маңызы жоқ ұсақ-түйек ретінде қаралды) менсінбеуі – мұның бәрі әртүрлі формадағы (тұншыққан ашу-ыза және жаңа билікті елемеуден ашық қарсылыққа дейін) қарсылықтар туғызды. «Егер бұрын шет аймақтарда бір топ адам, патша шенеуниктерінің атын жамылып қазақтарды жауапсыз қанап, әртүрлі зорлық жүргізсе, дәл сол және басқа адамдар большевик-коммунистердің атын жамылып сол қылықтарын жалғастыруда. Мен және менің әріптестерім, - деп түсіндіреді 1918 жылы өз позициясын қазақ автономистерінің басшыларының бірі А.Байтұрсынов, - бұрын патша билігі кезінде мұнымен келіспегенбіз, онымен қазір де келісе алмаймыз. Мұндай істер бүкіл кеңестік Ресей жерінде жүріп жатқан секілді, сондықтан біз кеңес билігін мойындауға қарсымыз» [2, С.40]. Ал, Алаш қозғалысына қатысатын қазақ халқының «үркердей ғана білімді тобына сенбеген Ленин», Т.Омарбеков сөзімен айтсақ, оларды «кедей-кепшіктен шыққан рухани және білім деңгейлері төмен, бірақ ұлттық емес, таза таптық көзқараста тұрғандармен ауыстыруға күш салды».

Бүкіл империя халқының, оның ішінде қазақ халқының тағдырын астан-кестен еткен азамат соғысы басталды да, аумалы-төкпелі аласапыран заман жаңа ғана бүршік жарып келе жатқан демократияны да, бостандық, теңдік аңсаған қазақ халқының арманын да аяқ асты етті. Алайда, «салыстырмалы қысқа ғана тарихи кезеңде мұсылман халықтарының психологиясында түбірлі өзгерістер болды, оның мәні рухани оқшаулықтан ресейлік қоғамның саяси өміріне белсене араласу, сонымен қатар әлемдік саясатқа қатысу. Ескі, уақыты өткен көзқарастардың орнына мұсылмандарға жаңа түсініктер келді, күні кешегі діни шектелу этноұлттық басымдылықтармен ауыстырылды...» [7]. 

1918 жылы көктемде басталып кеткен азамат соғысы енді ғана ұлт-азаттық күрес арнасына түскен қазақ қоғамын бүкіл Ресей империясын қамтыған тапаралық соғыс орбитасына тартты. Қазақ қоғамы болашақ мемлекеттік құрылыстың түрлі нұсқаларын жақтап (ұлттық және кеңестік) екіге бөлініп кетті. Сөйтіп, кеше ғана отарлық езгіге қарсы күресте саяси тұтастық туын көтерген қоғам мүлдем басқа сипат алып, таптық жіктелу жолына түсуге тиіс болды. «Бұл іс жүзінде жаңа ғана бой көтерген ұлт-азаттық қозғалыстың өзінің қисынды шешімін таппай жатып-ақ таптық күреске ұласуы еді...» деп баға береді М. Қойгелдиев, «... басқаша айтқанда, большевиктік басшылыққа ұлт-азаттық күрестің толық заңды нәтижесі есебінде пайда болған саяси ұлттық-мемлекеттік құрылым емес, пролетариаттық Ресей үлгісіндегі, орталық билікке байлаулы мемлекеттік жүйенің қалыптасқаны керек еді. Бұл сөз жүзінде, теорияда ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын мойындаған Кеңес өкіметінің, іс жүзінде объективті, табиғи даму кезеңі «ұлттардың өзін-өзі билеуін алып тастап», жедел түрде, күштеп «еңбекшілердің өзін-өзі билеуін енгізу» саясатына көшкендігінің көрінісі болатын» [1, 356-б.]

Дегенмен де, Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің жанқияр еңбегі зая кеткен жоқ, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей «ұлттық мүддеге қызмет етудің тарихи ұлы үлгілерін шын мәнінде көрсетіп берген әйгілі тарихи қайреткерлердің, мемлекет басқарушыларының тұтас легі біздің көз алдымызда. Олар қазақ мемлекеттігін дамытудың нысанасын жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ көрсетіп берген болатын. Біз асқақ сезімге бөлене отырып, ұлттық әрекетшілдігімізге қатысты ғасыр басында Алаш қайраткерлері бастап берген жолнұсқалар ғасыр соңында жалғасын тапты деп айта аламыз».

d2e362a3dc7a649d8ee679ca248413f2.jpg

Қуаныш Серік Орынғалиұлы

Тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының меңгерушісі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті,

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1 Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы (Көмекші оқу құралы).Алматы: Санат, 1995. – 334-335-б.

2 Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия: История движения Алаш /Послесл. Ю.А. Полякова; Ассоц. исследователей рос. общества XX в. – М.: Изд. центр «Россия молодая», 1994. –  С.40.

3 Аманжолова Д.А. Алаш, Советы, большевики //Отеч. история. – М., 1994. – № 1. – С.67.

4 Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.–Алматы: «Ататек», 1995.–222-б.

5 Нұрпейісов К. Қазақстанның шаруалар советтері. – Алматы, 1972. – 82-б.

6 Халидуллин Ғ.Х. Политика советского государства в отношении казахских шаруа (1917 – 1940гг.). – Алматы: НИЦ Ғылым, 2001. – С.18,20.

7 Исхаков С.М. Российские мусульмане и революция (весна 1917 г. – лето 1918 г.). – М.: Институт российской истории РАН, 2003. – 405 с.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?