Соның бір айғағы ретінде қоғамның дәуірлеген кезеңдерінде де, қиыншылықтар мен қырғын соғыстардан да, отаршылдық пен бодандықтардан да өтіп, міне бүгін жеке мемлекеттік тәуелсіздігінің аясында толыққанды ел ретінде өмір сүрудеміз. Тәуелсіздік біздің ұлттық мақтанышымыз. Тәуелсіздігімізді әлем таныды, Қазақстан мемлекеттілігі қалыптасты, кеңестік экономика мен идеология ыдырап, өмірдің барлық саласында нарықтық қатынастар, идеологиялық әр алуандық орнықты. Жаңа Астана бой түзеді, қазақтар мемлекет құраушы ұлтқа айналды, әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа ұшыраған діни сенім бостандығы сынды мәдени-рухани құндылықтар қайта тірілді. Тарихты қалыптастыратын халық екені рас. Бірақ, сол халықтың күш-қуатын дұрыс арнаға бағыштап, бабалар сөзінен айырылып, еңбегінің еш, тұзының сор болмауы үшін Тұлғаның қазіргі егеменді даму жағдайымыздағы көрегендігі, қайраткерлігі, елге, жерге, туған халқына адалдығы қажет. Тұлға болу әркімнің маңдайына жазылмаған. Түрлі себептермен нағыз тұлғаның орнына кездейсоқ адамдардың шоғыры келсе, қоғам барып тұрған дертке шалдығады. Нағыз тұлғаның әлеуметтік-кәсіби, мәдени ішкі болмысын ел қажетіне айналдыруда ғана нағыз тұлға дәрежесінде ұлтына танылады. Барымыз бен жоғымызды зерделеуде, азаттықтың тарихы мен тағлымын тереңнен талдауға ұстанымды бағыт сілтеп, зерделі ой толғаған, ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қойған, тәуелсіздіктің басы-қасында тұрған, бостандық пен егемендіктің туын тіккен, еңсесі биік қазақ ордасын құрған, ел бастаған көсем, сөз саптаған шешен, қолбастаған сардар, әлемдік деңгейге көтерілген халықаралық тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Елбасы болу тарих алдындағы жауапкершілік. Оның алдында саяси, экономикалық, ақпараттық, рухани т.б. тәуелсіздікті баянды ету жүгі тұр. Ғасыр жүгін Елбасы арқалайды. Қазақстан Республикасы 23 жылдан аса уақыт шеңберінде өмір сүріп келеді. Осы белесте Н.Ә.Назарбаев өзін әлемге Елбасы ретінде, әлемдік дәрежедегі саяси қайраткер ретінде таныта білді. Әсіресе нарыққа өту жолындағы еліміздегі тәуелсіздіктің баянды болуы білім мен ғылымдағы жаңа саясат нағыз кемел мақсатта болуының жаңа үлгісін де әлемге таныта білген тұлға.
Тәуелсіздігімізді баянды ететін ғажайып күштердің бірі – тұғырлы – ойлы саясат, білім, ғылым және интеллектуалдық әлеует. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап жүргізіп келе жатқан дана саясатының негізі – мемлекеттің білім беру әлеуетін арттыру, ең бастысы қазақстандықтардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға басты назар аударды. Президенттің көрегенділігі – қазақстандықтардың білімді болуы біздің еліміз Корея, АҚШ, Қытай, Ресей, Сингапур сынды алпауытты елдермен бәсекеге түсе алатындай іргесі тең елге айналуының кепілдігі екендігін алғашқы кезеңнен - ақ байқағандығында. Елбасымыз мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін дамытуға қатысты келелі ойын «Қазақстан - 2030» стратегиясында жария етіп, онан кейін Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауларында қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған саясатын жүзеге асыруды жетілдіре түсті. Атап айтқанда, ҚР Үкіметі Президенттің тапсырмасы бойынша жоғары білім беруді қаржыландырудың жаңа сұлбалары әзірленді.
Ұлт көшбасшысы мемлекет қаражатын білім беру мен кәсіби оқыту сынды экономикалық өсуді, қазынаға түсімдердің түсуін қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға ықпал ете отыра оны жүзеге асыруға да бастамашылық жасауда. Қазақстанда интеллектуалды тұрғыдан дамыған әлеуетті қалыптастыру үшін Президент мектеп жасына дейінгі балалардан бастап тұрғын халықтың барлық санаттарының білімі мен интеллектуалдық әлеуетін арттыруға назар аударды. Атап айтқанда, 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасында білім беру үрдісінің барлық түрлерін дамыту көзделген: атап айтқанда, ол мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оларға білім беруді, орта білім беруді, техникалық және кәсіби білім беруді, жоғары, жоғары білім алғаннан кейінгі және ғылымды реформалау жөніндегі нұсқаулары. Экономиканың тұрақты өсуі үшін білім беру саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапалы білім беруге қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы адам капиталын ұлғайту құзыретінің негізінде білім беру саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдауда Ұлт Көшбасшысының үлесі өте зор. Аталған бағдарламаның қабылдануы интеллектуалды дамыған қоғамды қалыптастырудың алғышарты болып табылады.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіз, егеменді ел ретінде қалыптасқан кезде әзірлеген ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050» Жолдауында білім беру саласы мемлекет қызметінің маңызды басым бағыттарының бірі ретінде танылған. Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты – білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік – экономикалық ортаға бейімдеу. Аталмыш бағдарламалы құжатта, білім беру жүйесін жетілдіруде біздің еліміздің әлемнің бәсекеге аса қабілетті 30 елдер қатарына қосылуының маңызды алғышарттары ретінде белгіленген. Елбасын қазақстандықтардың интелектуалдық әлеуетін арттыру мәселесі алғашқы кезеңдерден - ақ толғандырғанды. «Біздің балаларымыз бен немелеріміз біздің жасымызға келген кезде қандай болғандығын қалаймыз? Олар білімді болар ма екен?» деген сұрақтардың қойылғандығынан - ақ аңғаруға болады.
Президент білім беру саласына мол қаражатты инвестициялайтын елдер экономикасы сәтті дамыған елдерге айналатындығын өзінің Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауларында жария еткен.
Тәуелсіздік жылдарында орын алған дағдарысты жағдайға қарамастан Ел Президенті білім мен ғылым салаларын дамытуға үлкен назар аударды. Себебі, елдің өсіп – өркендеуі, өркениетті өмірден өзіндік орын алуы, оның ұлттық білім деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Даму стратегиясында білім мен ғылымды дамыту қажеттілігін ерекше атап көрсетті. Қоғамдық-саяси өмірде орын алған қайта құрулар Қазақстанның білім беру жүйесі мен ғылым саласын ұйымдастыруда да жаңа өзгерістер жасауға негіз болды. Тәуелсіз Қазақстанның білім реформасы бірнеше кезеңдерден тұрды. Реформаның бірінші кезеңі 1991-1993 жылдарды қамтыды. Тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесінің құқықтық негізін қалыптастыру, оны заңдық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы «Білім туралы», 1993 жылы «Жоғары білім туралы» Заңдар қабылданды. Бұл заңдарда жоғары білім жүйесін реформалаудың құқықтық негізі жасалып, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдары айқындалды. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдары еліміздегі білім беру саласының сапасына басты назар аудара отыра, өзінің 2001 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс әлеуметтік саладағы маңызды бағытқа айналуы керек» екендігін атап өтті. Елбасының аталған нұсқамасын орындау ретінде 2010 жылы Білім беру саласын дамыту бағдарламасы қабылданды. Міне, осы орайда, Елбасының бастамасымен Астанада, Алматыда, еліміздің барлық облыс орталықтарында білім, ғылым, мәдениет ордаларының ашылуы, білім мен ғылым интеграциясын тереңдету ісіне көшбасшы болуы ұлылықтың белгісі екендігін айту парыз. Ал еліміздегі тәуелсіздіктің баянды болуы интеллектуалдық әлеует пен зиялы қауымға да байланысты екендігін ұмытпағанымыз жөн. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев XXI ғасырдың білім мен ғылым ғасыры болатындығын назарында ұстай отыра: «Ғылыми әлеуетті дамыту қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске мейлінше жақындатуға бағытталуға тиіс. Бізде экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі керек». Бұл сөздердің астарына қарасақ, болашақ ертеңіміздің өсіп-өнуіне ғылым мен білімнің, оны игеретін әлеуеттік топтарының қосар үлестерінің аз болмайтындығы аңғарылады.
Қазақ қоғамы білім мен ғылымның құдіретін ертеден білген. Есте жоқ замандардан жеткен: «Оқу инемен құдық қазғандай», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген нақыл сөздер осының куәсі. Оқу-білімді ұлықтаған қағидаттар әл-Фарабидің, М.Қашқаридің, Шоқан мен Абайдың шығармаларында молынан кездеседі.
Ел Президентінің бастамасымен білім беру сапасы артып, білім беру ұйымдарының материалдық базасы нығайтылды. Дарынды балаларға арналған мамандырылған мектептер желісі құрылды. Қазіргі кезде республикада үш тілде бірдей білім беретін мектептер қызмет етуде. Еліміздегі білім беру жүйесін 2020 жылға дейін дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарда жаңа сападағы білім берудің өзіндік жолдарын ұсынды: 2020 жылы Қазақстан білімді ел ретінде қалыптасуы тиіс. Білім саласын дамыту үрдісі болашақ экономикалық, саяси және әлеуметтік – саяси өркендеуінің негізінде болуы керек. Сонымен қатар, 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім беру саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асырудың ұйымдастырушылық негізі болып табылады. 2011 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Өмір бойы білім алу» қағидаты әрбір қазақстандықтың жеке ұстанымы болуы керек» екендігі атап өтілген. Қазіргі кезде жаңа «Назарбаев университетінің» негізінде нарық кезеңінің талаптарына сай келетін жоғары оқу орынының инновациялық моделі қалыптасуда. Ол енді Президенттің ойынша барлық қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі болуы тиіс. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша бүкіл Қазақстан бойынша қазіргі кезде ашылып, қызмет ететін 20 интеллектуалдық мектептер де келешекте үздік жоғары оқу орындарында оқитын дарынды балаларды даярлаудың негізгі базасына айналады. Осының өзі Елбасының қазақстандық тардың интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы, интеллектуалдық әлеуетті қалыптастырудағы зор әрі келелі істерінің бірі. Қазіргі кезде Президент бастамасымен жүзеге асырылатын дана саясаттың арқасында еліміздің ұлттық жоғары мектебінде білім берудің әлемдік деңгейіне қол жеткізу жөніндегі іс – шаралар қабылданды. Атап айтсақ, қазіргі кездің өзінде – ақ Қазақстан Еуропалық білім беру кеңістігіне еніп, Болон Декларациясының қатысушысы болды, Астана қаласында «Назарбаев Университеті» сынды әлемдік деңгейдегі беделі бар оқу орны құрылды. Елімізде күн сайын сапалы жоғары білім алғысы келетін жастар саны арта түсуде; шет елде 20 мыңнан астам қазақстандықтар оқиды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 3000 – нан астам стипендиаттары әлемнің 27 елдерінде білім алуда. Елбасы Қазақстан халықтарына жолдаған Жолдауларында еңбек нарығының серпінділігі мен дамыту перспективаларына сәйкес келетін білім беру мен кәсіби даярлаудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың жүзеге асырыла бастағандығын жария етті. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақ Ұлттық университеті мен Еуразия Ұлттық университетіне 20 шетелдік кеңесші – оқытушыларды тарту үшін 2 млрд. доллар бөлінген. Қазақстан Республикасы Президенті XXI ғасыр деңгейіне сәйкес келетін білім беруді, кәсіби даярлықты дамытуға бағытталған стратегиялық тұжырымдамасының негізінде Қазақстан Азия елдері ішінде білім дамуы индексі бойынша 1- орынға қол жеткізді. Білім мен ғылым және оның интеллектуалдық әлеуеті қоғамның жемісті дамуының кепілі, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін, ұлттың келешегін айқындайды. Білім – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан маңызды, білім болашаққа салынған сенімді инвестиция көзі. Кез-келген елдің қарқынды дамуы тек табиғи байлық көздерімен ғана емес, азаматтардың сауаттылығына да тікелей байланысты. Осыған орай, Елбасымыздың аталған саланы дамытуға барынша атсалысуы бүгінгі күні өз жемісін берді: еліміз интеллектуалды әлеуеті дамыған, білімді әрі көзқарасы кең, дана әлеуеті бар мемлекетке айналды. Елбасымыз таяуда «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын жариялады. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы біздің жүзеге асырылмаған резервтерімізбен мүмкіндіктеріміз неде және әлеуметтік саясат орнықты, жасампаз болуы үшін тағы не істеу керек деген сұрақтар көтеріп, оған 20 бағытта стратегиялық мәнде жауап болатын жолдарды көрсетіп берді. Оның негізіне еңбек адамының беделін көтеруге бағытталған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы алынған. Мақалада, Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуының өзекті арқауында жаңа өндірістер, білім беру мен ғылымның жаңа жүйелері, орта тапты дамыту, әлеуметтік кепілдемелерді кеңейту – қазақстандықтардың санасында үлкен өзгерістер қалыптастырылуы тиіс деген идея жатыр. «Бүкіл қоғамымыздың әлеуметтік жаңғыртылуының іргетасы мектептен басталуы тиіс», - деп белгілеп берген стратегиялық бағытын Қазақстан халқы ерекше ризашылдық сезімімен қабылдады. Мақалада: «Бүгінде қоғамда жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие үдерістерін аса ерте кезеңнен бастау керектігін, атап айтқанда, мемлекет шетсіз-шексіз донор емес, азаматтардың әл – ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын серіктес деген ұғымды қалыптастыру маңызды» деп көрсетілген. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық жаңғыру мәнділігі, қазіргі қоғамдық дамуымыздың, интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырудың ертеңгі жарқын болашағымызға негіз болуын қамтамасыз етуге бағытталған идеялары, мені және де менің мыңдаған әріптестерімді осындай қолдаушы ойларға жетелейтіндігін баса айтқымыз келеді.
Дукенбаева З.О. Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында», Астана: Елорда, 2005. 48 б.
2.Назарбаев.Н.Ә. Қазақстан жолы. Астана, 2007. 375 б.
3.ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Қазақ халқының әл ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты мақсаты. Астана, 2012 жыл 13 шілде.
4. Н.Ә. Назарбаев: Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам // Егемен Қазақстан газеті 2012 жыл 10 шілде.