Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекет – Тән Болса, Ұлт – Оның Жаны

3499
Мемлекет – Тән Болса, Ұлт – Оның Жаны - e-history.kz
Мемлекет – адам өміріндегі, ұлт ғұмырындағы өте маңызды құрылым. Мемлекеті бар ұлт шынымен бақытты

Әлемде шамамен алты мыңдай ұлт бар десек, солардың барлығында өзінің төл мемлекеті бар дей алмаймыз. Тек жүз шақтысында ғана өз мемлекеті бар. Осы «жүз шақты» ұлттар бар әлемді билеп төстейді, ал қалғандары оларға бағынып, түбінде солардың тарапынан жұтылады, яғни ассимилизацияға ұшырайды, геноцидке тап болады немесе тағыда өзге сорақылықтарға ұрынады. «Мемлекетсіз ұлттар» бұған қарсы шыққанымен, өз мемлекетін құрғанға дейін істері өнбейді. Себебі, екі жақ компромиске келгеннің өзінде бұл уақытша болмақ. Ақыры мәселе мемлекетті құруға келіп тоқталады. Ұлтты сақтап қалғың келе ме? Тілің мен ділің ұмытылмасын десең, өзіңнің «ұлттық» мемлекетіңді құр дегенге келіп тіреледі.

Әлемдегі, жоғарыда айтылғандай, «жүз шақты» мемлекет «жүз шақты» ұлттарға тиесілі. Дегенмен, өзіміз көріп отырғандай бір ұлттың басына бірнеше мемлекет бұйырылуы мүмкін. Мысалға алсақ, арабтар – бір ұлт, бір дінді ұстанады, мәдениеті мен тілі де бір, бірақ бір-біріне ұқсамайтын 22 мемлекеті бар. Корейлерде екеу болса, ал ағылшындарда өздерінің құрып алған мемлекеттері әлемнің түкпір-түкпірінде бар (АҚШ, Канада, Австралия, т.б.). Кейбір халықтар бір мемлекетке зар болса, ал мыналарда жетіп артылады. Мүлік теңсіздігі секілді, ұлттар арасындағы «мемлекет теңсіздігі» орнаған. Мемлекеті бар ұлттар «бай», автономиясы барлары «орта тап» өкілдері болса, мемлекеті жоқтары «қу тақырлар». Өзімізге жақсы таныс Ресей Федерациясын қарастырайық. Бұл «орта тап» өкілдерінің елі. Федерацияның құрамына Татарстан, Саха, Башқұрт, Шешен, т.б. кіреді. Бірақ мемлекттегі ең бай, барлығын алақанында ұстайтын ұлтты бәріміз білеміз. Ол – әрине, орыс ұлты. Бұл елде орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс заңдары жүреді.

Қазақстан Республикасы – қазақтың мемлекеті екені атынан-ақ белгілі. Қазақстан мемлекетін құрушы – қазақтар. Сондықтан үстемдік қазақтардың қолында болуы табиғи заңдылық. Солай болуы тиіс. «Бай» қашанда өз дегенін істейді. Неміс қашанда Германиясында қожайын, орыс – Ресейінде, қазақ – Қазақстанында. Әрине «байлар» қармағындағылармен санасуы тиіс. Онсыз «байдың» капитал жинауына кедергі келеді. «Жұмысшылар» жұмыс істеудің орнына ереуілге шығып, байды шығынға батырады. Алысқа бармай бұрынғы КСРО-ны алайық. Бұл «монополист» бір кездері жарты әлемді ұстаған еді. «Бизнесінің» дұрыс жүргізбеуінің себебінен «жұмысшылары» ереуілге көп шығып, ақыры «конгломерат» «бонкротқа» ұшырап, ыдырап кетті. Мұның бәрі «қармағындағылардың» мүддесін ескермегендіктен болды. Тарихтан сабақ ала білу керек және одан нәтиже шығару қажет.

Сонымен, тақырып мазмұнын аша түсейік. Иә, ұлтты сақтап қалу үшін мемлекет құру керек. Ұлт – адам болса, мемлекет – оның «фирмасы». Өзінің «фирмасын» ашуға бәрі мүдделі емес пе? Ұлт та осылай. Бірақ, іс мұнымен тоқтап қалмайды. Мемлекетті құрған соң оны нығайту керек, пайдаға кенелу керек, т.б. мемлекеттің беріктігіне бірінші кезекте титулды ұлт – «бизнесмен» мүдделі. Себебі, бұл оның жарқын болашағы, пайдаға кенелудің, аман қалудың бірден-бір кепілі.

«Бизнес» өрге өрлеу үшін ұлт та, мемлекет те ешкімге кіріптар болмау керек; ұлт та, мемлекет те тәуелсіз болуы керек. Мемлекет тәуелсіздігін бәріміз түсінеміз, бірақ ұлт тәуелсіздігін барлығы ұғына бермейді. Ұлттың тәуелсіздігі дегеніміз не? Мемлекет тәуелсіз болса болды емес пе? Одан басқа не керек деуіңіз мүмкін. Бірақ, бұл екеуі бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Мемлекет – тән болса, ұлт – оның жаны. Тәнді қалай әспеттеп, көркемдеп қойсақ та, жаны болмаса бұл қимылсыз бір мүсін ғана болады. өзіміз көре аламыз, ұстай аламыз, бірақ ешқашан сезіне алмаймыз. Жан жылуы жоқ, тек тастай суық пен үмітсіздік.

Мемлекетті біз ешқашан ұлттан ажыратпауымыз керек. Жан мен тән арасындағы теңдік бұзылса бұл дертке әкеледі. Тәндегі жараны емдегенімен, жанға түскен әрбір жараны, әрбір сызатты емдеу көп күшті қажет етеді. Қазақ: «ауырып, ем іздегенше, ауырмаудың жолын тап,»- дейді, бұл өте орынды сөз. Титулды ұлтты күшейткеніміз – мемлекетті күшейткеніміз. Жаны сау мемлекет кез-келген соққыға шыдай алады және қарсы жауап береді де.

Қазақ елі тәуелсіздік алып, қазақ ұлты да тәуелсіздікке қол жеткізді. Ахмет Байтұрсынұлы: «сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады,»-дегені бар. Менің бұған қосарым: «ұлт жойылса, мемлекетте жойылады». Жойылған затты қалпына келтіру мүмкін емес. Қолдағы барды бағалай білейік. Қазақстанның «жаны» өлмесін, қазақтың «байлығы» молая берсін!

Ақтайлақ Бақытжан,

Еуразия Ұлттық Университеті


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?