Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мектепте ер балаларға тәрбие берудегі Қазақстан тарихы пәнінің алатын орны

2170
«Мың жылдығыңды ойласаң — ұрпақ тәрбиеле» деген қазақ даналығы. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Қазақстан — қазіргі заманғы мемлекет.

«Мың жылдығыңды ойласаң — ұрпақ тәрбиеле» деген қазақ даналығы. Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Қазақстан — қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше. Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек. Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық.» — деген сөздері бар. Біздің алдымызда Елін, Жерін, Отанын сүйетін, өз елінің мәдениеті мен тарихын білетін ұрпақ тәрбиелеу мәселесі тұр деп айтар едім. Тарих қойнауына қарасақ дамудың тура жолына түскен елдің алдымен тәртіпті де, еңбек сүйгіш ұрпақ тәрбиелеуге көп көңіл бөлгені байқалады. Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген халық болғаны көптеген өзімізге тән фольклорлық деректерден байқалады. «Тәрбие — бала дүниеге келген сағаттан басталады» деген халқымыздың дана сөзінен ата-бабамыз тәрбиеге қандай көңіл бөлгенін көруге болады. Балаға берілген тәрбие мазмұнының сол бала өмір сүріп жатқан қоғамының балашақ моралдық мазмұнын айқындайтыны анық. Халқымыздың «Біреудің ала-жібін аттама» деген сөзі әркімді-ақ ойландырса керек. Әр қоғамда өзара сыйластық пен тепе-теңдік болмаса ол қоғамның дамуына кедергі келтіріледі. Ұлы ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» — деген екен. Осы орайда мектеп қабырғасында оқушыға тәрбие берудегі Қазақстан тарихы пәнін оқытатын мұғалімдердің алатын орны ерекше болуға тиіс деп ойлаймын. Себебі Қазақстан тарихы пәнін оқыту барысында оқушыларға мол тәрбие беру мүмкіндігі туады.

Біріншіден Қазақстан тарихын оқыту дегеніміз — еліміздің территориясында өмір сүрген мемлекеттердің тарихын оқыту. Ер балалар саясатқа жүйрік келеді. Мемлекеттердің даму сатылары, ондағы табысты саясат пен кеткен қателіктерді саралай отырып, оқушының саяси сауатын арттыра түсу керек. Және осы мәліметтерді келешектегі еліміздің саясаткерлерінің ойына ой қосып, ойлау шеңберін арттыра түсуге қолдануға болады. Мемлекеттеріміз бір елдің тарихы үшін жеткілікті. Мысалы үшін Сақ, Үйсін, Ғұн, Сармат, Қаңлы бірлестіктері, Түркі қағанаттары, Қыпшақ хандығы, Алтын, Ақ, Көк Ордалар, Моғолстан мемлекеті, өзіміздің Қазақ хандығы. Аталған мемлекеттердің барлығының да өзіндік саясаты мен жіберген кемшіліктері болған. Мемлекеттердің пайда болғанын, бірақ жіберген қателіктердің барысында құлдырау сатысына жеткенін айта отырса, бұдан ер балалардың дипломатиялық және экономикалық көзқарастары дамуы һақ. Сол мемлекеттер кезіндегі саяси ахуал мен экономиканың кәзіргі кездегі жағдайдан айырмашылығы болғанымен, осы мәселесе туралы ер баланың ойын қозғап, оқушыны кәзіргі уақыттағы саяси ахуалға, экономикаға үңілдіріп, «қайтсем Елім әрқашанда гүлдене бермек» деген ой тудыру мүмкіндігі мұғалімнің шеберлігіне әкеп тірейді. Бұндай ойды қалаптастыру оқушы тәрбиесіндегі елінің болашағын ойлайтын оқушыны тәрбиелеуге салмақты қадам болмақ.

Екінші мәселе еліміздің атақты тұлғалары туралы. Ер баланы тұлға ретінде қалыптастыруда — өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде қалыптасуына ықпал ету керек деп түсінемін. Қазақстан тарихы сабағында тарихи тұлғалар жөнінде мәселе өте көп қозғалады. Ұлы адамдардың халқына қызметі, қанатты сөздері, өмірлері, ерліктері әлі тұлға ретінде қалыптаспаған, оқушыға өміріне, алдына мақсатына бағыт-бағдар бере алады. Бұл мәселеде де тарихымыз еш елдің тарихынан кем емес. Бүкіл әлем екніші ұстаз деп мойындаған Ұлы ғалым философ Әбу Насыр әл-Фараби сияқты ұлы тұлғалар кейбір елдерде бірегей болса да біз аузымызды көпірте айта алатын дәрежедеміз. Атақты Солонның өзімен дос болған, сол кездегі дүркіреген Лидия патшасы Крезге сын айта білген философ Анақарысты (Анахарсис) келтіре отырып, көне заманда даму ошақтарының бірі болған грекия елінің атақты данышпаны мен біздің бабамыздың есімінің қатар аталуына назар аудартуға болады. Дәл осы Анақарыстың «Сен жабайы скифсің» деген эллиннің сөзіне «Менің қайғым (өнер-білімі дамымаған) менің елім, ал сен (осындай надандығыңнан) еліңнің қайғысысың» деген жауабын мысал ретінде келтірсе оқушының алдында білімге, мәдениетке, дамуға деген қажеттілік туралы көзқарас арта түседі. Ғұн мемлекетінің құдіретін асқақтата білген Мөде тәңірқұтының жүргізген саясатын мысал келтіріп кету тапқырлық болар еді. Қайраткердің астындағы тұлпарына, жанындағы әйеліне келгенде әскер күшін шығаруға бармай, елінің шетіндегі шаруашылығына еш пайдасы жоқ, аздаған жерге келгенде соғысқа барғанын келтіре отырып, ер бала бойында елінің мүддесін бас пайдасынан артық көру қасиетін дамытуға осындай мысалдар өте пайдалы.

Халқымыздың соғыссыз өткізген ғасыры жоқ. Ал барша ер баланың алдағы міндеті Отан қорғау. Біздің ұлан байтақ жерімізге «көз алартқан жаулар» әрқашанда көп болған. Барлық жағдайларда басқыншылық саясатқа әрқашанда еліміздің батыр ұлдары төтеп бере алған. Мысал ретінде сақтардың парсы басқыншылығы кезінде Шырақ малшының ерлігінен бастап, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Бошпан батырды, әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Бөрібай, Баян тағы басқа батырларды келтіруге болады. Қазақ жауынгер ұлдарының 1812 жылы Француз басқыншыларына қарсы соғысынан бастап, Ұлы Отан соғысы кезіндегі батырларымызды мысал келтіру қажет. Кез келген ер бала сабақ кезінде ойландыра, шабыттандыра білсе, әр тарихи тұлғамен танысқан сайын, өмірінен ситуациялық мысалдарды (тығырықтан шығу, халқына қызмет ету, ерлік көрсету, дипломатиялық қадам, экономикалық шешім, шешендік сөз өнері) келтіріп отырса, оқушы оны көкейіне түйіп, ұқсас жағдайда соған сәйкес әрекет етуге ұмтылады. Мысал ретінде Бошпан батырдың қолға түсіп қалған кезінде монғол жауынгерінің «тізеңді бүк» дегенде «мен саған шөк десе, шөге салатын түйе емеспін» (І.Есенберлин. «Алтын Орда» тарихи триологиясы) деген сөзін, Қайыр ханның Шыңғысханға айтқан сөзінен «Мен өлсем Жаратушының алдына жас, балғын күйімде барам, ал сен біраз жыл өткен соң әлсіз кәрі шал күйінде барасың» (И.Калашников. «Жестокий век» романы) деген сөздерін келтіруге, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Бөгенбай батырдың халықты жоңғар шапқыншылығы тығырыққа тірегендегі Қарақұмдағы құрылтайда сөйлеген сөзін «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөзін келтіріп кетуге болады. Оқушыларды Отан қорғаудағы ерлікке шақырудағы мысалдар өте көп. Бір ретте Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлының бейбіт өмірдегі жағдаяттан мысал келтіре кеткен жөн. Бұл оқушының саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде қалыптасуына ықпал етуіне өз үлесін қосады. Ел тарихы айтулы тұлға арқылы танылады демекші қәзіргі кезде еліміздің экономикалық және саяси дамуы Елбасының кемеңгер саясатының арқасы. Елбасымыздың өмірі ер балалардың барлығы үшін, әсіресе ауылдық жерден шыққан балалар үшін бірден — бір үлгі. Елбасымыз түрлі әлеуметтік бағытта қызмет етіп, барлық салада үлгі әр Қазақстан азаматы үшін үлгі боларлықтай нәтиже көрсеткен. Оқушыларды тұлға ретінде тәрбиелеуде тарихи ұлы тұлғалардың өмірін, ерлігін саяси қызметін, түрлі жағдаяттарды келтіруді қолдана отырып, Елбасымызды жан — жақты дамыған тұлға ретінде келтіріп кетіп, қорытындылаған жөн болар. Елбасымыз халқына жолдауында: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Мәңгілік Ел — ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман — тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Ендігі ұрпақ — Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы — Мәңгілік Ел!» — деп айтқан еді. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді оқушыға Қазақстан тарихы пәнін оқыту барысында тақырыпқа сай, үлгі ретінде қолданса ер бала тәрбиесіне зор ықпал болары сөзсіз. Нәтижесінде ер балалардың көкейінде қазақи ұлы тұлғалық идеалды қалыптастыруға болады. Сол идеалға ұмтылса еліміздің келер ұрпағы елін сүйетін, еліне пайдасын тигізіп, «Мәңгілік Ел» болып дамуына қызмет ететін ұрпақ болып өсері ақиқат.

Тарих пәні мұғалімдері: Ермеков Қанатбек Бейсенбекұлы, Ермеков Серік Қанатбекұлы.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?