Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елбасы манифесті – Тәуелсіздік жемісі

2690
Елбасы манифесті – Тәуелсіздік жемісі - e-history.kz
Бүгінгі таңда әлем картасының қай бөлігін алып қарамайық, соғыс өрті шарпымаған бөлігі тым сирек.

Кешегі алып держава Кеңес одағы ыдыраған соң, Тәуелсіздігін жариялаған 14 республикаларды да мұндай жайт айналып өткен жоқ. 1991 жылы Ресейдегі «бүлік», Әзірбайжан мен Армения арасына от салған «Қарабақ дауы», Тәжікстандағы азамат соғысы, Молдавиядағы «Транснистрия соғысынан» соңғы Приднестровье республикасының жариялануы, көршілес Қырғызстандағы «түрлі-түсті революциялар», Балтық бойы елдеріндегі түрлі ұлтшылдық қозғалыстардың қылаң беруі бұл сөзімізге дәлел болса керек.

ХХІ ғасырдың «ыстық нүктелерінде» қаншама жазықсыз жандардың қаны төгілуде. Локальді соғыстардың дәурені жүрген заманда, қару-жарақ саудасы қызып, қандай бір болмасын ядролық қарулардың содырлар қолына түсіп қалуы бек мүмкін болып отыр. Ал, қандай да бір соғыс пен қақтығыс болмасын, жазықсыз жандардың ғұмыры үзілері –  заңды нәрсе. Осы уақытқа дейін адамзат баласы 15 мыңнан астам соғысты басынан кешіпті. Жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген Жер планетасында қанша адамның құрбан болғанын осыдан-ақ білуге болады. Ең бірінші рет Жапон жерінде сыналған ядролық қару әлемдік державалардың жанталаса қарулануына және Қазақ жерінің сынақ алаңына айналуына әкеліп соқты. Нақтылап айтқанда, еліміздің шығысындағы Семей өңірінде төрт жүзден астам ядролық сынақтар жасалды.

Атом бомбасы сыналған жайлы ресми хабарлама

Салдарынан 500 мыңдай адам зардабын тартты. Тек 1963 жылдың өзінде 2млн-ға жуық адам 300-400 рентген мөлшерінде радиация сәулесін қабылдаған. Жергілікті халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалау әсерінен 2,5 есе асып түсті. Одан әрі жер астына жасай басталған сынақ салдарынан су көздері ластана бастады. 18 млн гектар жер  уланып, егістік пен жайылымға жарамай қалды. Осы мәселені басты назарда ұстаған Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы еліміз Тәуелсіздігін алысымен, полигонды жауып, бүкіл әлемді ядролық қарусыздануға шақырып келеді. Семей полигоны  жабылғаннан кейін  Невададағы, Жаңа Жердегі, Лоб-Нордағы және Муруродағы аса ірі  полигондар  үнсіз қалды.

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылған сәт

Тіпті, еліміз егемендігін енді алып жатқанда ядролық қаруға қолқа салып келген Муаммар Каддафидің меселін қайтарып, еліміздің халықаралық дәрежедегі беделін көтерді. Онымен қоса Кеңес үкіметінен мұраға қалған ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартып, күллі әлемге үлгі көрсетті. Нәтижесінде 1994 жылы ядролық қарулар елімізден әкетіліп, Тынық мұхиты аймағында залалсыздандырылды. Әлем тарихында  Қазақстан тұңғыш болып, жойқын арсеналдың  барлығынан  ерікті түрде бас тартуға шешім қабылдады. Бұл шешім  тәуелсіз Қазақстанның  ғаламшардағы  тұрақтылықты және  қауіпсіздікті  нығайту ісіне  қосқан  абыройлы  үлесі болды.

Н.Ә.Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрынғы көреген саясаты болмағанда «ядролық қару» үшін әлемдік тартыста еліміздің қандай жағдайда болары белгісіз еді? Мысалы, өткен ғасырдың елуінші жылдары Ұлыбританиядан еншілерін алған Үндістан мен Пәкістан жанталасып, қарулана бастады. Ядролық қарулануды басты орынға қойды. Мұның соңы «Кашмир соғысы» мен аз күндік Үндістан-Қытай соғысына алып келді. Ал, бейбітшілікті ту еткен Нұрсұлтан Әбішұлының соңынан ерген еліміз, мұндай қарулы қақтығыстардың бірін де көрген жоқ. Тәуелсіздігін алған Қазақстан Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылығымен «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» келісім-шартын құруға бастамашы болды. Айта кететін жайт, Солтүстік жартышардағы мұндай жалғыз құжат Орталық Азиядағы бес мемлекетті ғана қамтиды.

Биылғы жылы Вашингтонда өткен ІV Ядролық саммитте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған жалпы адамзатты бейбітшілікке шақыратын «XXI ғасыр. Соғыссыз әлем» манифестін әлем жұрты қолдап отыр. БҰҰ екі жетекші органы – Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болған манифесттің қауіп-қатері мол ХХІ ғасырда әлем елдері мен ядролық державаларға жаппай қарулану жолында ой салары сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тарту ретінде, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының 2015-17 жылдарғы кезеңіне Төрағалық етуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Вашингтондағы ІV Ядролық қарусыздану жөніндегі саммитте 

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифестін жариялаған сәт

2012 жылдың тамызында Астанада өткен Халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеген Елбасы «АТОМ» Халықаралық жобасын жариялады. Ядролық қаруды сынақтан өткізуге тыйым салып, оны жер бетінен жоюды мақсат тұтқан бұл жоба Тәуелсіз еліміздің атынан әлемдік аренада ауыз толтырып айтарлықтай шаралардың ұйытқысы болуда. Семей полигонынан зардап шегіп, қос қолсыз дүниеге келген суретші Кәріпбек Күйіков Тәуелсіздігіміздің арқасында және «АТОМ» Халықаралық жобасының қолдауымен қазіргі таңда әлем елдерін аралап, көрме өткізіп жүр. 2014 жылы Астанада өткен брифинг барысында: «сутек бомбасын жасаған адам Нобель сыйлығын иеленген болатын. Ал, біздің Президент Н. Назарбаев әлемдегі қуатты қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Өкінішке қарай, осынау  ядролық сынақ біздің бастан өткен тәжірибеміз, оны біз басқаларға айта аламыз. Сонымен бірге, біздің ядролық қаруға қарсы тұрып қана қоймай, әлемді өзгертуге де шамамыз жетеді», - деген К.Күйіков Елбасы бастамашы болған «АТОМ» Халықаралық жобасының Құрметті Елшісі ретінде  ядролық қарудың зардабын тісіндегі қылқалам арқылы майлы бояуға түсіріп келеді.  

ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек деген Елбасы манифестін баршамыз қолдап, бейбітшілік пен өскелең ұрпақтың болашағы үшін табандылықпен күресуіміз керек және әлем назарына осы мәселені жеткізуіміз қажет! Себебі – Н.Ә.Назарбаев  Тәуелсіз елінің тұрғындарына бейбіт өмір сыйлап, жаһандық және аймақтық деңгейде белсенді интеграциялық саясатты ұстануда. Біздің көшбасшымыз саяси аренадағы бейбіт сүйгіш бастамалары үшін  Әлемдік деңгейдегі біздің басты брендіміз болып отыр.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?