Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Даму болашағының негізі

2109
Даму болашағының негізі - e-history.kz
Ата Заңымызда сонымен бірге мем­лекеттік биліктің негізі сараланып, заң шығару, атқару және сот орындарына жүктелер жұмыстар айқындалды.

Даму болашағының негізі

Ата Заңымызды қабылдау арқылы Қазақстан бүкіләлемдік демо­кратиялық қоғамға батыл еніп, қазіргі күні дүниежүзілік жаһандану үдерістерінің белсенді мүшесіне айналып отырғандығы баршамызға айғақ.

43aebc1dd844006710307e5f87ed7825.jpg

Конституция ең алдымен көпұлтты Қазақстан азаматтарының өзара теңдігін қамтамасыз етіп, олардың мемлекет пен қоғамдағы алар орнын айқындады, міндеттері мен құқықтарын белгіледі. Осы тұрғыда онда: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. ... Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық”, – деп көрсетілген.

Ата Заңымызда сонымен бірге мем­лекеттік биліктің негізі сараланып, заң шығару, атқару және сот орындарына жүктелер жұмыстар айқындалды. Осы арқылы Конституция Қазақстанның әлемдік демократиялық қауымынан алатын орнын белгілеп берді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей "Қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарт­тарға жақындап келеді. Біз ел Конституциясында негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.”

Аталған бағыттағы “Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде респуб­ликалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу” деген талаптар қазіргі күні елімізде бұлжытпастан іске асырылып келе жатқандығы баршамызға және әлемдік қауымдастыққа аян. Ата Заңымыз мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік тұрғыдағы дамуының жолдарын белгілеп, осы бағыттағы өркендеудің де басты кепіліне айналып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан-2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауындағы: “Стратегия – 2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-ның көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз,” – деген сөзі қазақ елінің қысқа мерзімнің ішінде өзінің тарихында болмаған экономикалық жетістіктерге жеткендігін паш етеді.

Еліміздің көпұлтты тұрғындарының өзара түсіністігі, беріктігі, болашаққа деген нық сенімін қамтамасыз ете отыра Ата Заңымыз мемлекеттің экономикалық қуаттылығын іске асырумен қатар оның халықаралық сахнадағы лайықты орын алуының да қозғаушы күші болып отырғандығын бүгінгі күнгі Қазақстанның әлемдік бірлестіктегі лайықты орны дәлелдей түседі.

Негізгі заңымыз Республика азаматтарының міндетті орта және жоғары білім алуларына кепілдік береді. Конституцияның осындай талаптары мемлекетімізде ойдағыдай іске асырылып келеді. Атап айтқанда: “Білім алуға тең мүмкіндіктер жасалуда. Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есеге өсті. Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. ..."Балапан" бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4 пайызға дейін қамтуға мүмкіндік берді. Міндетті мектепалды даярлық енгізілді, ол мектеп жасына дейінгі балалардың 94,7 пайызын қамтыды.

1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758 аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды. Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз. Соңғы 12 жылда жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182% пайызға ұлғайды. 1993 жылы біз “Болашақ” атты бірегей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың дарынды жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды. Астанада халықаралық стан­дарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды.”

Мемлекет тарапынан атқарылған осындай нақты істердің нәтижесінде Қазақстандағы білім беру мен ғылым ісі әлемдік талап дәрежесіне жетіп отырғандығын нық сеніммен айтуға болады. Осының өзі-ақ мемлекетіміздің Ата Заңы талаптарының бұлжытпай орындалып отырғандығының айғағы болып табылады.

Үстіміздегі жылдың 5 маусымындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен Қазақстан Рес­публикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісінде Отандық тарихты оқытудың міндеттері сараланғандығы белгілі. Онда Қазақстан тарихының барша кезеңдерін қазіргі күнгі талап тұрғысында зерттеудің қажеттілігі аталып көрсетілді. Соның ішінде еліміздің Егемендік мерзіміндегі тарихын жазып, оны қазіргі ұрпақ арасында насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталынды. Аталған тұр­ғыдан алғанда еліміздің Конституциясының тәуелсіз Қазақстанның беріктігін қамтамасыз етіп, әлем халықтары мен мемлекеттер арасындағы орнын ай­қындаудағы қызметін көрсету Отан тарихы ғылымының міндеті болып табылады. Мемлекетіміздің Ата Заңының қазақ қоғамындағы атқарар қызметін саралай отыра, біз оның өміршеңдігін, көпұлтты еліміздің болашақтағы одан әрі өркендеп дамуындағы бастаушылық орнын көрсете білуіміз керек деп есептеймін.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?