Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шыңғысхан билігі

4125
Шыңғысхан билігі - e-history.kz
13 ғасырдың басында моңғолардың құрған мемлекеті күшейе бастайды.

ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында Орталық Азия мен Қазақстан далаларында көшпелi тайпалар одағы билеушiлерi арасында басқа тайпаларға өз үстемдiгiн орнату жолындағы күрес күшейе түстi. 13 ғасырдың бас кезiнде Шыңғыс хан империясының құрылуы Еуразияның көптеген халықтары мен мемлекеттерiнiң тарихи тағдырына орасан зор ықпал жасады. 

Темучиннің (Шыңғысхан) жаулау саясаты халықтар мен тайпалардың қалыптасқан қарым-қатынасы мен өзара байланысын бұзды және олардың этно-саяси, шаруашылық-мәдени дамуының барысын өзгерттi. ХІІ ғасырдың 2-жартысында моңғол тайпалары наймандар мен керейлердi талқандап, түркiтiлдi топтарға сiңiсiп, түркiлерден материалдық мәдениеттiң көптеген бөлiктерiн, шаруашылық пен тұрмыс түрлерiн, көшпелiлiк әдет-ғұрпын, мал тұқымдарын алды. 1206 жылы көшпелі шонжарлардың құрылтайы өтіп, тоғыз құйрық қыл байланған қасиетті, ақ ту желбірегени жағдайда Шыңғысханға салтанатты түрде хан атағы берілді.

13 ғасырдың басында моңғолардың құрған мемлекеті күшейе бастайды. Орталық Азиядағы түркi-моңғол тайпаларын өзіне қаратып, оларды бiр орталыққа бiрiктiреді. 1207 — 1211 жылдар аралығында Сiбiр мен Шығыс Түркiстан халықтары — буряттарды, якуттарды, қырғыздарды, ұйғырларды бағындырды.

Қарсыластардыңң шапқыншылығына төтеп бере алмаған қарлұқтардың билеушісі Арслан-хан Шыңғысханның қалың қолынан көмек сұрайды. Нәтижесінде 1210 — 1211 жылдан бастап ұлыс моңғолардың иелігіне қарайды. 1217 жылы Алмалы өңiрiнiң билеушiсi Бұзар моңғол ханының вассалына айналады. 1217 жылы Баласағұн қаласы ұрыссыз берiледi. Оған моңғолдар «Гобалық" («Жақсы қала») атағын бердi. Күшлiктiң езгiсiнен, оның Хорезмшах Мұхаммедпен және қарлұқ билеушiлерiмен соғысынан Жетiсу халқы әбден күйзелген болатын. Сондықтан бұл өлке халықтары моңғолдарды құтқарушы ретiнде қарсы алады. Шыңғысхан Жетiсу халқын өз жағына тарту үшiн тонаушылық пен қырғынға тыйым салады.

Шыңғысханға Жетiсуды басып алып, оның арқасында Орта Азияны тосқауылсыз бағындырудың сәті туады. 1218 жылы моңғолдардың Отырарға жiберген сауда керуенiн Хорезмшах билеушісі тонайды. «Отырар опаты» деп аталып кеткен жағдайға байланысты Шыңғысханның жоспарларын шапшаң түрде іске асыруға кірісті.

Бұл кезде Шыңғысхан жағында көптеген жергiлiктi, ақсүйектер-де соғысты. Шабуылға шыққан 150 мың адамның 111 мыңы ортаазиялық түркi-моңғолдар, қалғандары Шыңғысхан вассалдары (қарлұқтар, ұйғырлар, т.б.) болды. Моңғолдардың империясы Орталық Азияның көшпелі қоғамы үстем топтарының белсене қатысуымен құрылған. Сәйкесінше жаңа мемлекет аталмыш үстем топтың мүдделерін білдіруі тиіс еді. Ал көшпелі шонжарлар үшін шабуылдар басып алынған жерлермен қатар түрлі олжаларға кенелтіп, байлықты еселеудің бір амалы еді. Сондықтан 1219 жылы қыркүйекте моңғолдар Отырар қаласын қоршады. Қала бес ай қоршауда болып, халық аштыққа ұшырады. Осыған шыдамаған Қараджа-хаджиб қала қақпасын ашып жiбередi. Бастапқыда 80 мың әскермен қаланы қорғаған Отырар билеушiсi Қайырхан, iшкi қамалға бекiнiп, тағы бiр ай бойы соңғы жауынгерi қалғанша соғысады.

Сығанақ қаласының тұрғындары да моңғолдарға жетi күн қарсылық көрсетедi. Жошы бастаған қол Сауран, Жент, Баршынкент, Үзкент, Ашнас қалаларын басып алады. Сырдария бойындағы көптеген шаһарлар иелікке өтіп, моңғолдар Хорезмшах Мұхамедтің билігі жүрген аумақтарға жылжи бастайды. Олар Бұхара, Самарқанд сияқты қалаларды ешбір ұрыссыз қаратып алады. Ал 1221 жылы Хорезм қаласы жаулап алынды.

Соғыс әрекеттерi барлық Орта Азияны шарпыды. Сөйтiп, 1219–1224 жылдары еліміздің аумағы Шыңғыс хан империясының құрамына енедi. Қазақстан жерi үш моңғол ұлысының құрамына: оның денi (далалық жағы) — Жошы ұлысына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысына, Солтүстік-Шығыс бөлiгi — Үгедей ұлысына ендi.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?