Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оғыздар Қазақстан аумағында

4799
Оғыздар Қазақстан аумағында - e-history.kz
Оғыздар негізінен пұтқа табынып, ел ішінде бақсы-балгерлер ықпалын жүргізді. Бірақ бірте-бірте олардың ортасына ислам діні де ене бастады.

Махмұд Қашғаридің еңбектеріне сәйкес оғыз бірлестігі бұзықтар мен ұшұқтар деп аталатын қос ірі фратрияға бөлінген. Олардың әрқайсысы 12 тайпадан тұрған. Бірлестіктің оң қанаты саналған бұзықтардың артықшылықтары басым еді. Олар «аға» тайпалардың санатына жатты. Ал тетелес сол қанаттағы ұщұқтар «кіші» тайпалар атанды.

Кас­пий мен Арал теңіздерінен солтүстікке қарайғы аймақта Оғыздар күшті мемлекет құрды. Алайда солтүстік-шығыстан келген Қыпшақтар Х ғасырда оларды ығыстыра бастады. Оғыздардың біраз тайпалары Еділ өзеніне дейін барып, осында печенегтермен қақтығысса, ал екінші үлкен бөлігі Орта Азиядағы мұсылман иеліктеріне басып кіріп, Жерорта теңізіне дейін барды. Олардың 1065 жылы Дунайдан өтіп, Балқан түбегіндегі халықтарды тонап, Элладаға дейін барғандары белгілі. Қазіргі Осман түріктерінің біразы – солардың ұрпақтары. Бірақ олар қазір «түрік» атанып кеткен.

IX-X ғасыр­ларда Оғыз мем­ле­кетінде ескі ру­лық-тай­па­лық инс­ти­тут­тары күрт ыды­рап, пат­ри­ар­хаттық-фе­одал­дық қаты­нас­тар да­ми түсті. XI ғасыр­дың бас кезінде оғыздарда алым-са­лық жүйесін ұстана бастады. Бұл бағытта ханның салық жинаушыларында арнайы салт атты жасақтар құрылған еді. Олардың қатары мың адамға дейін жететін. бұл – мем­ле­кет­те тұрақты басқару ап­па­раты­ның құрылғанын көрсе­теді. Оғыз­дардың көпшілігінің бас­ты кәсібі көшпелі мал ша­ру­ашы­лығы бол­ды. Оғыз тай­па­лары­ның бір бөлігі Сыр­да­ри­яның төменгі бойын қыс­тап, жай­лауға Кас­пий маңын­дағы да­лаға көшкен. 

 Егер алым-салықты төлеуден бас тартылса, онда бүлік шығарғандарға жазалау жасақтары жіберілген. Оғыздар қоғамында жеке меншік жүйесі күш алып, қоғамның жоғарғы және төменгі (кедейлер, құлдар) топтары арасында айырмашылығы байқалып, аражігі сезілді.

Мал шаруашылығына қан жүгірмей, кедей көшпенділер егіншілікпен, қолөнермен белсенді түрде айналыса бастады. Иен далада және отырықшы егіншілік аумағында құл саудасы кең етек жайды. Хорасан билеушілері ХI ғасырда бағдат халифтеріне жыл сайын кем дегенде екі мың оғыз құлдарын жіберіп отырған.

Қара қылды қақ жармаған жағдайдың кесірінен X-XI ғасырлар аралығында оғыз билеушілері алым-салық көлемінің жоғарылығына наразылық білдіріп, мемлекеттік биліктің іс-әрекетіне қарсы шыққан. Олардың наразылығын Жент маңына келіп қоныстанған салжұқтардың көсемдері өз мүдделері үшін пайдаланды. Салжұқ көсемдері Янгикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жент қаласын басып алды, бірақ оны ұзақ ұстап тұра алмады. Алайда, олар, сірә, өздеріне артқан үмітті ақтай алмай, бұқараның қолдауынан айырылған болуы керек. Әйтпесе, олардың көп ұзамай-ақ Жент аймағынан кетуге мәжбүр болғанын түсіндіру қиын. Көтерісшілер қозғалысы сәтсіздікке ұшырап, халық «ландары» жанышталды[1].

Осы кезде X ғасырдың орта тұсында немесе екінші жартысының басында билік басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келді[2]. Оның кезінде мемлекет аяққа тұрып,  1041 жылы оғыздар Хорезмді басып алады. Алайда екі жылдан кейін оғыздардың соңғы жабғысы Шахмәлік салжұқтардың қолынан өледі. Салжұқтармен жүргізілген ұзақ жылғы соғыстар Оғыз мемлекетін әлсіретіп, қыпшақ тайпаларының соққысынан құлдырайды. Оның нәтижесінде үстемдіктерінен айрылған оғыздардың басым бөлігі Шығыс Еуропаға және Кіші Азияға қоныс аударды. Өзгелері Орта Азияға, Оңтүстік Қазақстандағы Қарахан әулетінің және Хорасанның салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Оғыздардың кей тайпалары Дешті Қыпшақтардың түркі тілдес тайпаларына сіңіп кетті.

Оғыздар жан-жаққа бытырағанымен, олардың мұрасы көздің қарашығындай ғасырлардан ғасырларға сақталып келеді. Қорқыт жайлы аңыз сөзіміздің бір айғағы іспетті.

 


[1] Қазақстан тарихы: көне заманнан бүгінгі дейін – Алматы: «Атамұра» баспасы, 2010. 1 том. 544 б. – 318б.

 

 

[2] Агаджанов С. Г. Оғыздар және түрікмендер тарихының очерктері, 151 – 153б.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?