Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш қозғалысы көшбасшыларының Қазақстандағы жерді пайдалану мәселелері туралы көзқарастары

3165
Алаш қозғалысы көшбасшыларының Қазақстандағы жерді пайдалану мәселелері туралы көзқарастары - e-history.kz
Қазақстан мен Ресейдің қосылу тарихы негізінен өңірді игеру, оның ішінде егіншілік мақсатта отарлау саясаты мен одан туындаған демографиялық, экономикалық, әлеуметтік және т.б. қатынастардың тарихы бо

Қазақстан мен Ресейдің қосылу тарихы негізінен өңірді игеру, оның ішінде егіншілік мақсатта отарлау саясаты мен одан туындаған демографиялық, экономикалық, әлеуметтік және т. б. қатынастардың тарихы болды. Әрине, бұл аталған бағыттардың ішіндегі ең маңыздысы — жер мәселесі. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қазақ даласында халықтың пайдаланып отырған жерлерін Ресей самодержавиесіның тонап, тартып алу жағдайлары орын алды. Міне, осы кезеңде Алаш партиясының көшбасшылары өздерінің заңды позицияларын қорғай бастайды.

Қазақ қоғамындағы феодалдық және шығармашылық зиялы қауымның патриоттық бағыт ұстанған ұлтшыл бөлігі Қазақстандағы орын алып отырған жерлерді тонап, тартып алу және сол жерлердің байырғы тұрғындарын тұрғылықты, орныққан мекендерінен күштеп көшіру жайттарына көз жұма алмады.
Біз қолға алып отырған мәселе бойынша тарихнамада Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновтың еңбектері ерекше орынды алады [1]. Бұл еңбектерде авторлар дереккөздерді жете зерттей отырып, зерттеген тақырыптарын дұрыс бақылай білген және маңызды аспектілері бойынша объективті қорытындылар жасаған. Шаруалардың Қазақстанға қоныс аударылуының себептері мен мотивтері көрсетіліп, патшаның қоныс аудару саясатына, оның отарлау мақсаты мен әлеуметтік-экономикалық салдарына баға берілген. Бұл материалдардың ғылыми айналымда болмауы 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басындағы Қазақстанда жүргізілген Ресейдің отарлау саясаты туралы көптеген тарихи-саяси, тарихи-экономикалық, тарихи-әлеуметтік зерттеулерді жұтаңдата түседі. 

Атақты орыс зерттеуші В. Остафьев былай жазады: «Отарлау кең қанат жайғаннан кейін көптеген қырғыздар өз жерлерінен айырылды, оларға басқа учаскелер берілген жоқ...Казак ауылдары мен қалаларының қастарында жұмыс іздеп келген көптеген қырғыздар (қазақтар — СИ.) жиналды. Олардың саны соншама көп болғандықтан, әкімшілік оларды есепке алу үшін қандай да бір болысқа тіркетуге мәжбүр болды. Осылайша, Полуденск болысына тіркеліп, Петропавл маңында жалға алынған казак жерлерінде тұратын 2 жері жоқ қазақ ауылы пайда болды. Хабар-ошарсыз кетіп қалатын киіз үйлерді осы қатарға жатқызатын болсақ, болыста олардың саны 15-20 пайызды құрады. Петропавл уезінің 8 болысында барлығы 1500 киіз үй болды [2]».

Ресей империясы бірінші Мемлекеттің думасының депутаты Т. Седельников қазақтардан жерлерді тартып алуды ұйымдастырғандардың бірі А. А. Кауфманды былай сынаған: «Кауфман үшін „орыстың отарлау мүддесінен“ тәуелсіз өз жерлері мен мүдделері бар қырғыздар (бұдан әрі — қазақтарды) мүлдем жоқ секілді. Ол „анатомдардың мүрдені кесіп, бөлшектегені“ секілді еш қиналмастан қазақ халқының жерлерін бөлшектеп тартып алғысы келеді. „Үкіметтің бағыты“ мен „партияның саясатына“ қайшы болмаса болғаны [3]».

«Ата-бабасының қанымен келген жерлерді өз меншігі ретінде есептейтін қырғыздар орыс бодандығына енген кезде, мемлекеттің олардың жеке меншігіне қол сұғатынын ойламаған еді; сонымен қатар патша үкіметі ешқандай себепсіз, тек қана әлдінің пәрменімен барлық қырғыз жерлерінің мемлекет меншігіне алынуын қарастыратын бұйрықтар шығарды, мұның нәтижесінде қырғыз жерінде қоныс аударушылардың қозғалыстары құрылып, ең жақсы жерлер қоныс аударушылардың меншіктеріне өтті, ал нашар жерлер қырғыздарға қалдырылды», — деп жазды Ә. Бөкейханов.

Қазақ жерлерін зерттеу туралы Ф. Щербиннің экспедициясына қатысқан Ә. Бөкейханов қазақ жеріндегі қоныс аударушылар қозғалысының отарлау мақсатымен жүргізіліп жатырғанын әшкерелей отырып, былай жазған болатын: ...елде халықтың шынай қажеттілігін еш ескермей, бюрократиялық жолмен шығарылған Дала ережелерінің енгізілуі, үкіметтің заңды қадірлемеуі, жеке адам құқықтарын елемеу, өмірдің барлық жағына қол сұғатын әкімшілік жәбір көрсету, қырғыздардың рухани және экономикалық мүдделерін назарға алмау, халықтың надандығын қолдау — міне, мұның барлығы халықты кедейленуге, ал оның мәдени дамуын тоқырауға әкелді [4].

Ә. Бөкейханов Мемлекеттік Думаның кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде былай деді: «Қырғыздардың (қазақтардың) түм өмірі мен олардың болашақта дамуы үшін аса маңызды рөл ойнайтын қоныс аударушылар мәселесіне біраз тоқталуға тура келеді.

Еуропалық Ресейден қоныс аударушылар, ең алдымен дала облыстарының солтүстік уездеріне орналасуда. Губернаторлық есептер бойынша, 1905 жылы Ақмола облысында 484456 адам қазақ, 205515 адам шаруа өмір сүрді, пайыз жағынан қазақтармен салыстырғанда шаруалар — 42% пайызды құрады. Соңғы үш жылда, әсіресе 1907 жылы, қоныс аударушылардың саны көбейді, сондықтан пайыз бойынша шаруалардың басымдылығы артты. Осылайша, қоныс аударушылар жөніндегі басқарма берген мәліметтер бойынша 1907 жылы Ақмола облысына 12000 отбасы көшіп келді[5].

Ә. Бөкейханов ары қарай былай деп жазады: «Бір ғана 1907 жылдың ішінде қырғыз даласында қырғыз жерлерінен алынып, қоныс аударушыларға 54 мың десятина немесе 810 мың десятина жер бөлініп берілді, мұның ішінде Ақмола облысының өзінен облыстың солтүстік уездеріне тиесілі 510 мың десятина жер бар. Бұл жерлерде жердің тарлығы, канцелярия тілімен айтқанда, қазақтарды үкіметке қарсы шығуға мәжбүрледі[6]. 1906 жылы маусымда Петропавл уезінде болған қазақтар мен шаруалар арасындағы қарулы қақтығысты ешкім ұмытқан жоқ. Осы қақтығысқа жүздеген қоныс аударушылар мен қырғыздар қатысты, нәтижесінде екі жақтан да бірнеше адам қаза тапты [7]».
Ә.Бөкейханов «Қазақ» газеті нөмірлерінің бірінде отарлау саясатының кертарпалығын түсіндіре отырып, қазақтарға 15 десятина жердің бөлініп берілуі туралы жазады: «Шенеуніктер өз билігін қолдана отырып, қазақтарды жер учаскелерін алуға мәжбүрлеуге тырысады». Олар: «Егер жерді алғың келмесе, онда басқа жерге көш», — дейді екен. «Бұл не деген заң? — деп ызаланады Ә. Бөкейханов — Біздің Конституциямыз қандай мемлекетте өмір сүруде? Патша неге өзіне тәуелді адамдарға әділетсіз? Өңірдің табиғи жағдайлары, халықтың психологиясы, шаруашылықты көшпелі түрде жүргізудің ерекшеліктері неге ескерілмейді?[8]».

Ә. Бөкейханов қазақтардың жер үлестерін алуының соңы қырғынға апаратынын көрді. «Егер қазақтар жер учаскелерін алатын болса, башқұрттар секілді олар оны дұрыс қолдана алмайды және нәтижесінде сатуға мәжбүр болады, бірнеше жылдардан кейін жерсіз қалады». Қазақ даласындағы жер мәселесі бойынша осындай ойларды Ахмет Байтұрсынов та айтқан болатын. А. Байтұрсынов «Айқап» журналының № 13, 14, 15 сандарында жарияланған Д. Сейдалиннің мақалаларына берген жауап мақалаларында қазақтардың байырғы жерлерінің қоныс аударушы шаруаларға берілуі жергілікті тұрғындар арасында заңды наразылықты білдіретіні туралы жазған. «Қазақ жерлерін мемлекеттің меншігі етіп жариялау қате болды», — деп автор өзінің «Қазақтардың реніші» атты мақаласында түсінік береді. Содан кейін ол қазақтың жерлерін тартып алу туралы 12 тармақтан тұратын 1909 жылы 9 маусымда шығарылған Ресей Министрлер Кеңесі бұйрығының мәнін толық ашады.

Ф. Щербин экспедициясының белсенді қатысушысы Ә.Бөкейханов былай жазған: "Көкшетау уезінің қырғыздары (қазақтар) Всеволод учаскесіне жерді кесіп беру үшін қайта межелеуге келген қоныс аударушы уезінің жер өлшеуші адамын өткізген жоқ. Сондықтан, соққыға жығылулары мүмкін. Олардың жерлері шаруалардың үлестерімен үш жақтан қоршауда болатын: жер өлшеуші адам оларды төртінші ашық жақтан кесіп алғысы келді. Мұны олар жеңе алмады«[9].

Бұл жағдайлар қазақ халқының елін сүйген ұлдарының наразылығын тудырды. Сол кезде бұл жайт туралы Ә. Бөкейханов былай жазған болатын: «Ерекше сұрақ — шаруалар мен қырғыздарды (қазақтарды) болашақта не күтіп тұр? Қырғыз (қазақ) даласындағы солтүстік аудандарының ең жақсы жерлері Самара губерниясының жерлеріне ұқсас. 80-ші жылдары дала отарлау нысаны болды, тіпті, жерлері көп губерниялардың қатарында саналды. Бүгінгі таңда ол жерлердің өзінен жыл сайын ең аз 6-9 мың қоныс аударушы шығып отыр. Шаруалар қырғыз (қазақ) даласына жедел және жаппай көшірілген жағдайда шаруа қожалығы қарқынды формаға айналмастан бұрын оның тың жерлері ерте жыртылатын болады. Қырғыз (қазақ) даласы ғасырлар бойғы тың болған ерекшелігінен айырылды, шаруа қожалықтарының заманауи техникасының пайда болуынан егін беруді қояды. Мұнда да Ресейдің оңтүстік-шығысындағы астық шықпай қалған сәттер қайталанатын болады. Қырғыз (қазақ) даласындағы бұрыннан келе жатқан жақсы жайылым жерлерін бытыратып, шөл даласына айналдырғаннан кейін шаруалар дымсыз қалатын болады, ал қырғыздар (қазақтар) сол кезде кен зауыттары мен қалаларға көшпесе, өз жайылымдарынан айырылып, біржолата кедей болып қалады» [10].

Ибраев С. И.
(М. Қозыбаев ат. СҚМУ)

Әдебиет:

1. Букейханов А. // «Киргизы». Формы национального движения в современных государствах. Под редакцией А. И. Костелянского. С.-Петербург, 1910.:.577-600; его же // «Шыгармалар», Алматы, 1994; Байтурсынов А. //Ак жол«, Алматы 1991.
2. Остафьев В. Колонизация степных областей в связи с вопросом о кочевом хозяйстве. // списки Зап. Сибирского ОИРГО. Кн. 18, вып. 2, Омск, 1985, с. 38-39.
3. Седельников Т. Борьба за землю в киргизской степи. СПб., Электропечатное т-во Дело, 1907, Алма-Ата, 1991, с. ЮЗ.
4. Букейханов А. Киргизы. Формы национального движения в современных государствах. Петербург-Петроград. 1910,с.595.
5. Букейханов А. «Киргизы». // Формы национального движения в современных государствах. Под ред. Костелянского А. И. Петербург-Петроград, 1910, с 586.
6. Там же, с. 586
7. Там же, с.585
8. Букейханов А. Шыгармалар. Алматы, Казахстан, 1994,с.19.
9. Букейханов А. Киргизы. // Формы национального движения... под редакцией Костелянского А. И. Петербург-Петроград, 1910, с.585.
10.Букейханов А. Киргизы. / Формы национального движения в современных государствах. Под ред. Костелянского А. И. Петербург-Петроград, 1910, с.585.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?