Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің бірінші кезеңі

7111
Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің бірінші кезеңі - e-history.kz
Бөкей хандығы құрылуының алғышарттары : көтерілістің Кіші жүздің батыс бөлігінде өрістеуі және Ақбұлақ шайқасы; Жәңгірхан, Махамбет сияқты тарихи тұлғалар.

Өткен ғасырдың 20 — жылдарының орта кезінен бастап 1836–1838 жылдарда Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде қазақ батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс туралы көптеген зерттеу еңбектер жариялана бастағаны мәлім. Ал,қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдарда осы көтеріліс тарихына байланысты біраз жаңа ғылыми-зерттеу еңбектер жарық көрді. [1] Сол еңбектерді зерделей келе Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс тарихына байланысты әлі-де анықтай түсетін жағдайлардың бар екендігі байқалуда. Кейінгі жылдарда тарихшы ғалымдар бұл көтерілісті жаңа методологиялық негізде-тәуелсіз ел тұрғысынан зерттеуді қолға алды. Бөкей хандығы құрылуының алғышарттары: көтерілістің Кіші жүздің батыс бөлігінде өрістеуі және, Ақбұлақ шайқасы; Жәңгірхан, Махамбет сияқты тарихи тұлғалар; Исатай мен Махамбет батырлардың ержүрек сарбаздары туралы және басқа да деректер әлі-де тереңірек зерттеуді қажет ететіндігі байқалуда.

Біз осы баяндамамызда И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілістің кезеңдері туралы әңгіме қозғамақпыз. 2000 жылы «Ата мұра» баспасынан жарық көрген Академиялық «Қазақстан тарихының" 3 томында осы көтеріліс 3 кезеңге бөлініп көрсетілген. Онда, 1833- 1836 жылдарды қамтитын бірінші кезең-қарулы көтеріліске дайындық кезеңі деп сипатталады. Екінші кезең, көтерілісшілердің ханға қарсы бас көтеруінен (1837 жылдың басы) басталып,1837 жылдың қараша айының орта кезінде олардың жеңілуімен аяқталады.Үшінші кезең, 1837 жылдың желтоқсан айының орта кезінде Исатай мен Махамбет батырлар бастаған азғана топтың Жайық өзенінің сол жақ бетіне өткен уақытынан басталады. Бұл кезең жаңа шайқастарға әзірлік барысында көтерілісшілердің күштерін қайта қалыптастыру және, Ақбұлақ өзенінде толықтай жеңілу (1838 жылдың шілде айының орта кезі) кезеңі болып табылады.(2)

«Мектеп» баспасынан 2004 жылы шыққан тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қасымбаевтың негізгі және орта мектептердің 8 сыныбына арналған «Қазақстан тарихы " оқулығындағы «1836–1838 жылдардағы Бөкей ордасындағы шаруалар көтерілісі» атты тақырыпта да көтеріліс 3 кезеңге бөлінген: бірінші кезең- 1833–1836 жылдар- көтерілістің басты алғы шарттарының қалыптасуы;екінші кезең-1837 жылдың басынан осы жылдың аяғына дейін көтерілістің етек алған кезеңі, патша жазалаушы әскерімен, хан отаршыларымен қақтығыстар; үшінші кезең-1837 жылдың желтоқсан айынан 1838 жылдың шілде айына дейін- көтерілісшілер күшінің әлсіреп, жеңілу кезеңі(3).

Бұл көтерілісті осындай кезеңдерге бөлу ХХ ғасырдың 70–80 жылдарынан бермен қарай жалғасып келеді. Көрініп тұрғандай, көтерілісті кезеңдерге бөлуде қисынсыздықтар байқалады. Алдымен, егер көтеріліс 1836–1838 жылдарда болған болса, онда оның кезеңдері-де сол жылдардың ішінде болу керек емес пе? Олай болса, егер көтеріліс 1836 жылдан бастаған болса, оның кезеңдері-де сол жылдан бастау алмай ма? Соған сәйкес көтерілістің І кезеңі неге көтеріліс болған жылдардан тыс тұр? «Екінші кезең,көтерілісшілердің ханға қарсы бас көтеруінен (1837 жылдың басы) басталып…» деген жолдары қалай түсінеміз? Шын мәнінде,1836 жылы көктемде Жәңгір хан мен оның сыбайластарына қарсы көтеріліс басталып кеткен жоқ па? Оған қоса, оқулықтағы ІІІ кезеңді көтерілісшілер күшінің әлсіреу кезеңі деу-де шындыққа келмейді.1838 жылдың алғашқы 6 айында Исатай мен Махамбет батырлар қазіргі, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен олардың сойылын соғушы жергілікті феодалдардың езгісіне қарсы 3 мыңнан астам адамдарды азаттық көтеріліске жұмылдырды емес пе? Бұл жерде академиялық «Қазақстан тарихының" 3 томында атап көрсетілгендей, көтерілістің ІІІ кезеңі жаңа шайқастарға әзірлік барысында көтерілісшілердің күштерін қайта топтастыру кезеңі деп көрсетілгендігінің шындыққа әлдеқайда жақын екендігін айтқанымыз дұрыс.

Мінеки, бұрынғы авторлар ұсынған Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс кезеңдерінде түсініксіздіктер өте көп дегеніміздің себебі осындай.

Соңғы 15–20 жылда Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс туралы жарық көрген еңбектер көтеріліс кезеңдері туралы бұрынғы көз қарастарды қайта қарауды қажет ететіндігін, аңғартады.

Сөзіміздің дәлелі ретінде Х.Досмұхамедұлының 1925 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан „Исатай- Махамбет“ атты кітабына зер салайық.Бұл еңбек 1991 жылы Алматы қаласында қайта басылып шықты. Осы кітаптың 50-бетінен мынадай сөйлемдерді оқимыз:" Исатайдың қозғалысы екінші дәуірінде екпінді басталды. Патша өкіметі-де мұны сезді. Бірақ, Исатайдың қимылы аяқталмай қалды». (4) Осындағы «екінші дәуір» дегенді қалай түсінеміз? Осы абзацтағы келтірілген сөйлемдерден ұғатынымыз, екінші дәуір-Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің Кіші жүздің батыс бөлігінде өрістеген кезеңі. Ал «екпінді басталды» дегенде әңгіме — 1838 жылдың алғашқы 6 айында Кіші жүздің батыс бөлігін толық дерлік қамтып, сұлтан Қайыпқали Есімовпен күш біріктіріп, қоластына 3 мыңдай адам жинап, патша чиновниктері мен басқарушы сұлтан Баймағамбет Айшқақов және жергілікті бай-феодалдарға қарсы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісінің кеңінен өрістегендігі туралы болып отырғандығында күмән жоқ.

Осының бәрі көтерілістің екінші кезеңінде (дәуірінде) болған уақиғалар еді. Ал, сонда көтерілістің бірінші кезеңі қай уақытты және қай жерді қамтиды? Халелдің бұл еңбегінде көтерілістің бірінші кезеңі немесе дәуірі деген сөздер жоқ. Бірақ, Халелдің «Исатай — Махамбет» атты кітабындағы «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» деген бөлімінде көтерілістің бірінші кезеңінде болған уақиғалар жан-жақты көрсетілген. Анығын айтқанда, бұл уақиғалар — 1836–1837 жылдарда Бөкей ордасында Ресей отаршылары мен Жәңгірхан бастаған жергілікті бай-феодалдарға қарсы бағытталған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық- азаттық көтеріліс болып табылады. Бұл жерде атап өтетін бір жай- Х.Досмұхамедұлы да және басқа зерттеушілер де Бөкей ордасындағы көтерілістің бірінші кезеңін егжей-тегжейлі ашып көрсетуге айрықша назар аударады. Тіпті, жоғарыда атап өткеніміздей кейбір зерттеушілер Бөкей ордасындағы көтерілісті екі кезеңге бөледі. Біздің пікірімізше, бұл дұрыстыққа жатпайды. Себебі, Бөкей ордасындағы халық- азаттық қозғалыс- бір кезеңді қамтыған, бір аумақта болған саяси-әлеуметтік уақиға.

Осылайша «Исатай- Махамбет» атты кітабында Х.Досмұхамедов Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтерілісті екі кезеңге бөлген деуге болады.

Енді И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтерілісті жан- жақты зерттеп жүрген профессор И.Кенжалиевтің көтерілістің кезеңдері туралы пікіріне назар аударайық.1991 жылы баспадан шыққан «Исатай-Махамбет» атты кітабында И.Кенжалиев «Исатай бастаған шаруалар көтерілістің соңғы кезеңі» деп аталатын тақырыпта былай деп жазады:

«Сонымен Исатай мен Махамбет бастаған ішкі тараптағы феодализмге қарсы шаруалар көтерілісінің бірінші кезеңі жеңіліспен аяқталды „(5). Осы жолдарды оқи келе біздің түйетініміз: И.Кенжалиевтің пікірінше И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтеріліс бірінші кезеңде“ ішкі тарапта» , яғни Бөкей ордасында болған, ал екінші немесе соңғы кезеңде көтеріліс Кіші жүздің батыс бөлігінде өрістеген.

Осылайша, кезінде Х.Досмұхамедұлы бастап берген Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс кезеңдері туралы мәселені И.Кенжалиев одан әрі нақтылап, жүйеге келтірген.

Осы айтылғандардан мынадай қорытындыға келуге болады:

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс 2 кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, І кезеңде көтеріліс Бөкей ордасында басталып, дамиды және аяқталады. Ол 1836 жылғы наурыз бен 1837 жылғы қараша айының орта кезін қамтиды.

ІІ кезеңде көтеріліс Кіші жүздің Батыс бөлігінде өрістейді.Ол 1838 жылдың алғашқы 6 айын қамтып,12 шілдедегі, Ақбұлақ шайқасымен аяқталады. Жалпы алғанда, Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс Еуропа құрлығында басталып, Азияда аяқталады. Екі кезеңде көтеріліс патша өкіметіне арқа сүйеген жергілікті феодалдардың езгісіне қарсы бағытталған, бірақ оның соңы патша өкіметінің отарлық қысымына қарсы азаттық күреске ұласады, яғни 2 аймақта да көтерілістің сипаты бірдей.

Біз соңғы 10 жылда Ж.Қасымбаевтың 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығындағы 1836–1838 жылдардағы көтерілістің 3 кезеңге бөлінуінің құрыстыққа жатпайтындығын және осыған байланысты ондай кезеңдерге бөлуді оқулықтан алып тастау туралы бірнеше рет республикалық басылымдарда мақала жариялап, ұсыныстар енгізгенбіз. 2012 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан авторы Ж.Қасымбаев болып табылатын «Қазақстан тарихы» оқулығында біздің ұсынымыз қабылданып, кезеңдер мүлде алынып тасталған. Мәселе қоюшы ретінде біз мұны толығымен құптаймыз.

Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтерілістің 3 емес, 2 кезеңге бөлінетіндігі туралы біздің пікіріміз республикалық ғылыми журналдар мен газеттерде бірнеше рет жарық көрді. Болашақта біздің бұл ұсынымыз да тарихшы ғалымдар тарапынан қолдау табатындығына еш күмәніміз жоқ.

Әдебиеттер тізімі:
1) Кенжалиев И. Исатай-Махамбет.-А.,1991
Досмұхамедов Х. Исатай-Махамбет.-А.,1991
Сарай Ә.Исатай — Махамбет тарихы.-А.,1997
Махамбет кітапханасы,20 томдық.-Алматы:«Өлке» баспасы,2003–2004
Махамбет әлемі,20 томдық.Алматы: «Арыс» баспасы,2003–2004
Исатай батыр. Алматы: «Арыс» баспасы,2004
Махамбет батыр. Алматы: «Арыс» баспасы 2004
Есмағамбетов К. «Азат рухтын күрескері».-Алматы,2003
Бердіғожин Л.Исатай мен Махамбет — халық көтерілісінің сардарлары, Алматы «Өлке баспасы» 2011
2) История Казахстана в пяти томах.том3.-А.,2000.С.338
3) Қасымбаев Ж.Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр -1914 жыл). -Алматы:«Мектеп " баспасы, 2004.21 бет
4)Досмұхамедов Х. Исатай мен Махамбет, А,1991,50 б
5) Кенжалиев И. Исатай — Махамбет, А,1991,87 б

Шамғонов А.

Х.Домұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?