Қазақстан территориясы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап толық Ресей империясының құрамына енді. Дәстүрлі хандық билік жойылып, Ресейдің әкімшілік-құқықтық жүйесі енгізілді. Қазақстанда жоғарғы әкімшілік аппараттың басқаруына тек орыс шенеуніктері тағайындалды.
ХІХ ғасырдан бастап Ресей империясы өзінің отарлық территорияларын зерттей бастады. Қазақстанға да ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 1896–1903 жылдар аралығында Ф. А. Щербинаның жетекшілігімен зерттеу экспедициясы Қазақстанның Ақмола, Торғай және Семей облыстарының 12 уездерін зерттеді. Статистикалық зерттеу жұмысының нәтижесінде, 1898–1909 жылдары «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей» атты он үш томдық ғылыми жұмыс жарыққа шықты [1]. Ф. А. Щербинаның редакциялығымен шыққан бұл басылымда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты зерттеу мәліметтері келтірілген.
1909–1913 жылдар аралығында Жетісу облысын зерттеу үшін П. П. Румянцевтің басшылығымен зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. 1911–1916 жылдары экспедицияның статистикалық мәліметтері 8 том көлемінде басылып шықты [2]. П. П. Румянцевтің экспедициясы Жетісу облысының Лепсі, Қапал, Жаркент, Верный, Пішпек және Пржевальский уездерін зерттеді. Сонымен қатар, ХІХ ғасырда Қазақстанның әр-түрлі салада зерттелуіне шығыстанушы-ғалымдар П. П. Семенов-Тянь-Шаньский, Н. П. Рычков, М. М. Мелиоранский, В. В. Радлов, В. В. Бартольд өз үлестерін қосты. Отарлау саясатының негізінде, осындай ғылыми-зерттеу экспедициялары Қазақстанның барлық аудандарына ұйымдастырылған болатын.
Ресей империясына, әсіресе оның азиялық отар территорияларына батыс саяхатшылары үлкен қызығушылық арттыра бастады. ХІХ ғасырда батыс саяхатшылар Хива және Қашғар территорияларына саяхат жасап, Қазақстан арқылы өткен болатын. Солардың бірі, швед ғалымы, географ Свен Гедин Орта Азия территориясына зерттеу жұмыстарымен барғанда, Памир тауларын мекендеген көшпелі қырғыз халқының арасында бірнеше ай болған.
Свен Гедин 1893–1897 жылдары Памир, Тибет арқылы Орта Азия территориясына саяхат жасап, нәтижесінде 1898 жылы оның Лондонда «Азия арқылы» («Through Asia») атты екі томдық еңбегі жарыққа шықты [3]. Ол ғалым-географ ретінде Фердинанд фон Рихтгофеннің мектебінде қалыптасып, Азияға жасайтын саяхаттарын алғаш рет осы кезеңде жоспарлаған. 1890–1891 жылдары Свен Гедин Персияға барған кезде Ашхабат, Мерв, Бұхара, Самарқанд, Ташкент және Қашғарқылы Орта Азияға алғаш саяхат жасады [4, 11 с.].
1893 жылы 16 қазанда Гедин Азияға ғылыми-зерттеу жұмыстарымен арнайы барып, «Азия арқылы» деген еңбегін жазды. Бұл еңбегінің бірінші бөліміндегі екі тарауы Памир тауларында тұратын қырғыз халқының тұрмыс-салтына арналған. «Қырғыздар арасында» («Among the Kirghiz») атты тарауда қырғыздардың арасында төрт ай өткізгендігін айтып, олар туралы жылы лебіз білдіреді: «I gradually learned to have much sympathy with the Kirghiz. I lived amongst them for four months a solitary European, and yet never once, during all that time, felt lonely. The friendship and hospitality they showed me never wavered» [3, 282 p.]. Гедин қырғыздардың арасында төрт ай тұрса да жалғыздықты сезінбегенін және қырғыз халқын тату, қонақжай деп көрсетеді. Қырғыздармен киіз үйде тұрып, астарымен тамақтанып, олар сияқты аттың үстінде бір жерден екінші жерге барып, бір сөзбен айтқанда барлық жағынан нағыз қырғыз болдым деп жазады. Жергілікті тұрғындар оған «Сіз енді қырғыз болдыңыз» деп әр қашан айтатын: «They often used to say to me: „Sis indi Kirghiz bo oldiniz“ (You have become a Kirghiz now)» [3, 285 p.]. Жоғарыда көрсетілгендей, Гедин қырғыздардың арасында ұзақ уақыт болғандықтан, жергілікті халықтың сөздерін аудармасымен бірге кітабында келтірген. Бір айта кетерлік жайт, «Сіз енді қырғыз болдыңыз» деген саяхатшы келтіретін сөйлем қазақ тіліндегі сөздермен сәйкес келеді. ХІХ ғасырдағы Памир тауын мекендеген қырғыздардың тілдері қазақ тіліне ұқсас болғандығын байқауға болады.
Свен Гедин кітабының «Қырғыздар арасындағы өмір» («Life among the Kirghiz») атты тарауында бұл халықтың арасында ұзақ уақыт өткізгендіктен, қырғыздар туралы бірнеше мәлімет келтіретіндігін айтады: «I should like to say a few words about the Kirghiz, the people among whom I had now so long sojourned» [3, 419 p.]. Негізінен, ғалым көшпелі халықтың ерекшелігін атап, қырғыздардың бірнеше салт-дәстүрлерінің түрлерін келтірген. Қырғыздар көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонып жүрген дейді: «The predominant interests of the Kirghiz are the care of their flocks, and the periodic migrations which depend upon them. They spend the summers on the yeylaus (summer pasture-grounds), on the higher slopes of the Mus-tagh-ata and the Pamir mountains, and in winter, when the cold and snow drive them down from the mountains, they seek the pastures (kishlaks) in the valleys. The members of the same aul are, as a rule, kinsmen, and always graze the same yeylaus and the same kishlaks» [3, 419 p.]. Бұл үзіндіде келтірілгендей, Гедин қырғыздардың Мұзтақ-ата және Памир тауларындағы жайлауларын атап, бір ауылдың адамдары туыс болып келеді деген. Қазақ халқында да рулас-туыс адамдар бір ауыл болып көшіп жүрген және әр рудың өзінің жайлауда және қыстауда белгіленген жайылымдық жерлері болған.
Ғалым қырғыздардың туғанда, үйленгенде және қайтыс болғанда өткізілетін рәсімдеріне тоқталып кеткен. Гедин келтіргендей, бала туғаннан кейін, келесі күні отбасын құттықтау үшін туыстары жиналады. Туыстарының басы қосылғанда, қой сойылып, Құран оқылады. Баланың туғанына үш күн болғанда, молда оған есімін қояды: «When a child is born, the kinsmen come the day afterwards to offer their congratulations. A sheep is slaughtered and a feast held, and prayers are said. On the third day the child receives its name, which the mollah looks up in a book, every day having its own name, and by that the child is known» [3, 419 p.]. Қазақтың салт-дәстүрінде-де отбасында бала туған кезде мал сойылып, молда Құран оқып, туған-туыстарға Құдай тамақ беріледі. Бұдан көшпелі мұсылман халықтарының салт-дәстүрлерінің ұқсастықтарын көруге болады.
Содан кейін Свен Гедин қырғыздардың үйлену рәсімін баяндайды: «When a young Kirghiz wishes to marry, his parents choose him a suitable wife, whom he is obliged to take; if, on the other hand, the bride-elect is not willing, the marriage may be abandoned, though the girl too is in most cases dependent on the will of her parents. If the youth has no parents, he chooses a bride for himself; but he must always pay kalim (dowry) to her parents… If the girl be young and pretty, a very large dowry is always asked» [3, 419–420 pp.]. Жас қырғыз үйленген кезде ата-анасы баласына қалыңдықты таңдап беретіндігін және қалың-малдың міндетті түрде төленетіндігі баяндалған. Қалыңдық та көп жағдайда өзінің ата-анасының қалауымен келісуге міндетті. Егер қалыңдық жас әрі көрікті болса, онда қыздың әкесі көлемді қалың-мал сұрататын. ХІХ ғасырда бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр бойынша қазақтарда да екі жақтың ата-анасы келісіп, өзара құдаласатын. Автор бұл үзіндіде қалың-малдың «калым» деген орысша аудармасын келтірген. Қалыңдыққа құда түсіп, қалың-мал төленгеннен кейін, үлкен той тойланатын. Свен Гедин той рәсіміне қысқаша сипаттама береді: «Жаңа киіз үйлер тігіліп, тойға көп қонақтар келеді. Дастархан жайылып, молда екі жастың некесін қияды. Той кезінде бәйге болады». Бір айта кетерлік жайт, Свен Гедин 1894 жылғы Мұзтақ-ата тауының жанында тұрған бір қырғыз отбасында болған жағдайды келтіреді: «Near the Mus-tagh-ata there lived in 1894 an unusually pretty Kirghiz girl, Nevra Khan, who had suitors from far and near; but her father asked such an unconscionably high kalim, that she had reached her twenty-fifth year without being married» [3, 420 p.]. Әдемі бойжеткенге құда түсу үшін алыс және жақын жерлерден жігіттер келген. Бірақ бұл бойжеткеннің әкесі үлкен қалың-мал сұрағандықтан, қызы жиырма бес жасқа келіп әлі тұрмысқа шықпағандығын автор өз еңбегінде баяндайды.
Швед ғалымы қырғыздардың арасында төрт ай бойы тұрған кезде, барлық салт-дәстүрге көңіл аударып кейін кітабында жариялаған. Салт-дәстүрдің бірі, қайтыс болған кезде қырғыздарда өткізілетін рәсімдерді көрсетеді: «When a Kirghiz dies, the body is well washed, and dressed in clean white clothes; then, having been wrapped in linen and felts, it is carried with as little delay as possible to the grave. The ground is dug out to the depth of three feet, and at the bottom of the hole, but at the side, another horizontal trench is excavated, and in that the body is laid. Then the outer grave is filled up, and the place covered with a stone; or if the dead man were a bai, his grave is marked by a small dome standing on a rectangular base. For forty days after the interment the grave is visited by the mourners» [3, 420–423 pp.]. Автордың мәліметі бойынша, адам қайтыс болғанда денесін жуып, таза, ақ киім кигізеді. Содан, ақ матаға және киізге орайды. Қайтыс болған адамды жерлеген соң, моласын таспен қалайтын. Егер қайтыс болған адам бай болса, оның моласына күмбез орнатылатын. Жерлеген соң қырық күн бойы молаға туған-туыстар барады. Гедин қайтыс болған адамды жерлеу әдет-ғұрыпын толық баяндамаса да жалпы мәліметтер береді. ХІХ ғасырда Памир тауларында тұрған қырғыздардың жерлеу әдет-ғұрыптары қазақ халқының әдет-ғұрыптарына ұқсас болып келеді.
Қырғыздар мал шаруашылығымен айналысқандықтан, әр кезеңде көшіп-қонып жүрген. Свен Гедин сол жайлы келесі үзінді келтіреді: «The household goods of a Kirghiz family are not many. When they flit, two or three yaks generally suffice to transport all their belongings. The yurt (uy) itself, with its wooden pole and thick felt covering, the saddles, horsecloths, „bedclothes“ and loose carpets are the most bulky. Next come the household utensils, among which the kazan, a large iron cooking-pot, is the most important; furthermore china basins (chinneh and pialeh), flat wooden dishes (tabak), iron or copper cans with handles and lids (kungan and chugun). A number of other things, such as a loom, a kneading-trough, a corn-sieve, hatchets, sacks for keeping corn and flour in, a cradle, a fiddle, and a guitar, an iron stand for the cooking-pot… are never wanting in a well-appointed uy» [3, 423 p.]. Гедин жоғарыда атағандай, көшпенділердің тұрмысында көп заттар қолданылмайды. Негізінен, бір киіз үйдің заттарын екі бұқамен көшіруге жеткілікті болған. Ең ауыр заттар кереге, үйге жабылатын киіз, ертоқым, кілем болған. Ал қалғандары тұрмыс заттары, қазан, жайпақ ағаш табақтар, тоқыма станогы, тегенелер, илеуіш, балталар, астық және ұн сақтайтын қаптар, бесік, скрипка, гитара, ыдысқа арналған темір бағана еді. Ғалым тұрмыс заттарына сипаттама бергенде, киіз үйді орысша атауымен «юрта» деп атап, бірақ қырғыздардың тілінде «иу» деп келтірген. Бұл сөз қазақ тіліндегі «үй» деген сөзбен сәйкес келеді. Сонымен қатар, қазан, табақ деген заттардың атаулары қазақтардың ыдыс-аяқтарымен-де сәйкес болған. Бір айта кетерлік жайт, Гедин қырғыздардың тұрмыс заттарын атаған кезде, скрипка және гитара сияқты музыка аспаптарын да айта кеткен. Мүмкін, Памир тауын мекендеген қырғыз халқы осы аспаптарда ойнаған немесе автор кітабында сипаттама берген отбасында аталған аспаптар болған. Бірақ ХІХ ғасырдағы көшпелі халықта мұндай музыка аспаптарының болуы ерекше жағдай болып табылады.
Автор көшпелі қырғыздардың сүттен дайындайтын келесі тағамдарын атайды: «The drink chiefly in favour is ayran (boiled milk diluted with water, and left to become sour), a particularly refreshing drink in the summer. Kaimak is yak’s cream of the most delicious description, thick and sweet and yellow, with a flavour of almonds. Ordinary milk is called sut. All these various kinds of milk are kept in goat-skin bags» [3, 423 p.]. Свен Гедин қырғыздар сүттен дайындайтын айранды пайдалы сусын деп көрсетеді. Әсіресе бұл сусын жазда сергіткіш болады дейді. Сонымен бірге, қаймақ өте дәмді, қою, түсі сарғыш болып келеді деп көрсетеді. Автордың мәліметі бойынша, қырғыздар сүтті «сүт» деп атаған және барлық сүттің түрлері ешкінің терісінен дайындалған қапта сақталатын.
Свен Гедин қырғыздардың негізгі тамағы сүт пен қойдың еті дейді: «The Kirghiz live chiefly on yak’s milk and mutton. A sheep is slaughtered once or twice a week; and the inhabitants of the aul then enjoy a good square meal. They crowd into the tent, round the fire, where the meat is boiling in the kazan» [3, 423 p.]. Автор келтіргендей, қырғыздар аптасына бір немесе екі рет қой сойып, дәмді тамақтанады. Әрине, мал шаруашылығы олардың негізгі кәсібі болғандықтан, негізгі тамақтары етті тағамдар болып табылады. Қазақ халқы да мал шаруашылығымен айналысқандықтан негізгі тағамдары бесбармақ болған. Автор кітабында келтіріп отырған қырғыздардың барлық сүтті, етті тағамдары қазақтардың тағамдарына ұқсас. Сонымен бірге, салт-дәстүрлерінде-де көптеген ұқсастықтарды байқауға болады.
Свен Гедин өзінің «Азия арқылы» атты кітабында екі тарауын ХІХ ғасырдың соңында Памир тауында өмір сүрген қырғыз халқына арнаған. Олармен бірге ұзақ уақыт бірге тұрып, өз көзімен көргендерін қағаз бетіне түсірген. Гедин Азияға жасаған саяхатында географиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Памир тауын зерттеу барысында жергілікті қырғыздардың ғалымға көп көмек көрсеткендігін ерекше атайды. Свен Гедин өзінің Памирдегі саяхатын аяқтаған кезде қырғыздармен қоштасқанда олар менің керуенім алыстағанша ұзақ қарады дейді. Сол кезде олардың көбісі: «Ол қайдан келді? Қайда кетті? Бұл жақта оған не қажет болды?» деген оймен қалған сияқты деп Свен Гедин өз кітабының қырғыздарға арнаған тарауын аяқтапты.
Швед ғалымы, географ Свен Гедин. 1898 г.Жас келіншек, қырғыздардың қара-тейіт руынан [3, 429 p.]
Қырғыз қызы Тұр-Бұлұнқ жерінен [3, 421 p.]
Қырғыздардың бәйгесі [3, 287 p.]
Қырғыз анасы балаларымен [3, 283 p.]
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. /Под. ред. Ф.Щербина/. Т. 1-13. Санкт-Петербург, 1898-1909;
2. Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области, собранные и разработанные под руководством П.П. Румянцева. Т. 1-8. Санкт-Петербург, 1911-1916;
3. Sven Hedin. Through Asia. Vol. I-ІІ. London, 1898, 1278 p.;
4. Рерих Ю.Н. Свен Гедин. //Ариаварта. 1997, № 1. сс.11-27.
Гүлжан Тлеубекова, Кембридж университетінің стажер-зерттеушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент