Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сақтар

9817
Сақтар - e-history.kz
Сақтар — ерте темір дәуірінде Қазақстан, Таулы Алтай, Орта Азия, Солт. Үндістан, Ауғанстан өлкелерін мекендеген тайпаларға байланысты көне дәуірден жеткен жазба деректер арқылы танымал жалпылама атау.

Сақ бірлестіктері туралы мәліметтер кездесетін негізгі жазба деректер екі топтан тұрады: 1) антика дәуірінің авторлары (гректер) — Геродот (б.з.б. 5 ғ.), Ксенофонт (б.з.б. 6 — 5 ғ-лар), Птоломей (б.з.б. 2 ғ.), т.б. жазба деректері; 2) ахемен әулетінен (көне парсы) қалған сына жазулар (Бехистун сына жазуы, т.б.). Ішінара Қытай деректерінде де “се” тайпалары аталады. Жазба деректерде кездесетін “сақтар” және олардың түрлі тайпаларының атауларына байланысты мәліметтер  қысқа, үстірт айтылғандығымен ерекшеленеді, толық, неғұрлым көлемді сипаттамалар жоқ. Парсы жазбалары тұрақты түрде “сақ” атауын қолданса, грек деректері бұл тайпаларды “Азия скифтері” деп атайды. С. Қара т. бен Днепр бойындағы “скифтердің”, Төм. Еділдегі “савроматтардың”, Кир мен Дарий І уақытындағы парсылардың, Геродот, Александар Македонский уақытындағы гректердің замандастары болған. Олар көне парсылармен тығыз байланыс жасап, б.з.б. 6 — 5 ғ-ларда парсылардың Ахемен әулеті билеген мемлекеті құрамына кірген. Ғылымда С-дың үш үлкен тобы туралы мәліметтер (көне парсы деректері бойынша) кеңінен қолданылады. Бұлар: хаумаварга сақтары (яғни, хаома қасиетті ішімдігін пайдаланатын сақтар), тиграхауда сақтары (шошақ бөрікті сақтар), тиай-парадрайа сақтары (теңіздің арғы жағындағы сақтар). Мұның алдыңғы екеуін Геродот амюргилер және ортокарибантилер деп атаған. Көптеген ғалымдар Жетісуды, Қазақстанның оңт. өлкелерін, Солт. Қырғызстан мен Шаш (Ташкент) өңірін тиграхауда сақтары мекендеген, сондай-ақ олардың қатарына Алтай тайпалары да кірген деп есептейді. Көне грек деректеріне сүйене отырып, басқа да сақ тайпаларының мекендеген орындары жайлы болжамдар жасалуда. Мыс., аргиппей, исседон сақтары Қазақстанның солт.-батысы, солт. және орт-ндағы өлкелерді, ал аримаспы сақтары шығыстағы өлкелерді мекендеген деп пайымдалады. Бір айта кететін жайт, мәліметтердің көлемі мен сапасына байланысты, көне жазба деректерде кездесетін сол дәуірдегі түрлі тайпалық атауларды толығынан талдап, орналастыру өте күрделі мәселелерге жатады. Көбіне сақ бірлестіктері сияқты шартты атаулар кеңінен қолданылады да, екінші сатыдағы нақты өлкелік атауларды пайдалануда неғұрлым байсалды тәсілдер пайдаланылады. Ғылымда Бехистун сына жазуында бейнеленген С-дың тиграхауда бірлестігіне жататыны, парсылардың ең алдымен осы тайпалармен қарым-қатынас жасағаны жайлы пікір кеңінен орныққан. Жартастағы бейнелер парсыларға тәуелді С-дың сыйлықтар әкеліп тұрғанын көрсетеді, ал олардың басшысы осы “шошақ бөрікті сақтардың” патшасы Скунханың өзі болуы мүмкін. Қазіргі тарих ғылымында парсы патшалары Кир менДарийдің Қазақстан жеріне келген бағыттары әлі толық анықталмаған, бірақ олардың сақтар мен массагеттерге қарсы жорық жасағаны, жалпы алғанда, бұл жорықтардың сәтсіз аяқталғаны тарихи шындық деп есептеледі. Тарихи зерттеулерге қарағанда, Кир әуелі сақтармен әскери одақта болып, Лидия патшасы Крезбен соғысқан. Одақты өзі бұзған Кир бұдан соң, б.з.б. 6 ғ-дың басында сақ-массагеттер еліне шабуыл жасаған және “шошақ бөріктілердің” табан тірескен қарсылығына тап болған. Дала жағдайында жауды әлсіретіп барып, өршелене тап берген сақтармен болған қиян-кескі шайқаста Кир әскері түгелдей талқандалады, оның өзі де қаза табады. Осы оқиға туралы баяндаған Геродот Ұлы Далада кеңінен тараған әңгіме ретінде сақ патшайымы Томирис жайлы атақты аңызды келтірген. Көнеден жеткен әфсана бойынша, қан майданда ержүрек ұлынан айырылып, жаны күйзелген Томирис шайқастан соң қан толтырылған торсыққа Кирдің басын салып, “сен осы қанды аңсап келіп едің, іш енді” деген екен. Бұдан кейін Дарий І-нің де б.з.б. 518 ж. сақтарға жорық жасағаны, бірақ оларды бағындыра алмағаны белгілі. Осы жорық кезінде әдейі парсылар жағына өтіп, оларды алдап, сусыз шөл далаға ертіп апарған сақ патриоты Ширақ жайлы аңызды грек тарихшысы Полиен жазып қалдырған. Орта Азия мен Қазақстан жерін жаулап алуға келген А.Македонский әскерімен аяусыз күрес жүргізген сақ қаһарманы Спитамен туралы деректер белгілі. Көне дәуірдің жазба деректерінде сақ тайпалары негізінен мал ш-н өркендеткен, жақсы қаруланған, ержүрек дала тұрғындары ретінде суреттеледі. Олардың киізбен жабылған үйлері, мыңғырған малы, соғысқа тым бейімділігі, әсіресе атты әскерлерінің теңдессіз шеберлігі айтылады. Сақтар жайлы түсініктер археол. зерттеулер деректерімен толыға түсті. Бүгінгі күнде С-дың түрлі ескерткіштері ашылып, олардың заттық мәдениетіне, жерлеу ғұрпына, өнеріне байланысты деректер ғылымға енген.

А. Бейсенов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?