Орталық Азияда ХV-ХVІ ғасырлар мерзімінде мемлекеттер, халықтар арасындағы қарым-қатынастар, соның ішіндегі орын алған терең қарама-қайшылықтар нәтижесінде жаңа тайпа одақтары, мемлекеттік құрылымдар қалыптаса бастағандығы белгілі. Атап айтқанда, бұл мерзім Шыңғысхан негіздеген монғолдық басқару жүйесінің әлсіреп, оның ұрпақтары басқарған мемлекеттердің үнемі орын алған ішкі бақталастықтың, сыртқы сәтсіз жорықтардың себептерінен тарауларымен ерекшеленді. Керісінше аталған ғасырларда көрсетілген аймақтар бір орталыққа бірігуі арқылы сол мерзімдегі ірі мемлекет құра білген Ресей патшалығы мен Қытайдың назарларына ілікті. Міне осы мерзімде орталығы Алтай өңірі болған Орталық Азия аңғарында негізін жекелеген монғол тайпалары құраған жаңа көшпенді мемлекет қалыптаса бастады. Тарих сахнасында ХVІ ғасырдан ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген Жоңғар хандығының сыртқы саясатының негізі басқа елдермен, халықтармен жаулаушылық қатынастарымен ерекшеленді. Осындай қатынас мемлекеттің белгілі мерзімде көршілері есебінен территориясының ұлғаюын қамтамасыз етті, немесе керісінше терең дағдарысқа ұшырап, құлдырау кезеңдеріне әкеліп соқты.
Мемлекеттің ішіндегі билеуші топ арасындағы жиі орын алып келген бақталастық, көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономиканың заман талабына сай келмеуі, сонымен қатар сыртқы саясаттағы үнемі соғыс жүргізу аталған хандықтың әлсіреп, ақыр соңында толығымен күйреп, халқының басым бөлігінің қырғынға ұшырауына, қалғанының жерлерін тастап, көрші мемлекеттерден пана іздеп, басқа халықтарға қосылуына ұшыратты.
ХІХ ғасырдың басындағы “Сибирский Вестник” журналының бірнеше сандарында Сібір, Орталық Азия тарихын зерттеуші C. Липовцевтің нақты тарихи деректерге негізделген “Обозрение Зюнгарии” [1] атты баяндамасы жарияланып, онда бірнеше ғасыр көлеміндегі аталған хандықтың құрылуы, жүргізген сыртқы қатынастары, хандыққа мұрагерлер арасындағы бітіспес бақталастықтар, осының негізіндегі мемлекеттің күйреуі жан-жақты көрсетілген. Яғни автордың жазуынша: “Халкастық Жасақту ханның иеліктерінің батысында қырғыз-қайсақ даласына, оңтүстігінде Кіші Бұхара мен Турфанға, солтүстігінде Сібірдегі Олот монғолдары мекендеген жерлерге дейінгі кең аймақта көп санды, іскер және жауынгер, өздерінің тайшаларының билігіне бағынған Шыңғыс әулетінің негізінде 15 ғасырда құрылған мықты және елеулі тұрғыда белгілі Жоңғар немесе Зюнгар мемлекеті бар.
... (Мөлшермен ХV-ХVІ ғасырлардағы Монғол империясының тарауы негізіндегі,-Ғ.Қ.) Тұқай-Темір әулетінің дәрежелі адамдарына қызмет етуші Есен өзіне бағынып келген ол – оттармен бірге Монғолияның батысындағы жайылымдыққа бай Іле өзені аңғарына ойысып, осында берік орналаса отыра жаңа мемлекетті негіздеді. Үшінші Маньчжур-Қытай императоры Юнь-Джень Есеннің ұрпағы Галдан Церенге қарсы соғыс жариялай отыра соңғысына «Шыңғыс әулетінің жауыз, қаныпезер, кекшіл және бүлікшіл жалғасы» дегене сипаттама береді.
... Есен қуатты мемлекеттің негізін қалады, ал оның ержүрек ұрпақтары Шыңғыс мерзімінің салты мен талаптарын сақтай отыра өз билігін Кіші Бұхара, Турфан және Хамиге таратты. Көрші буруттар мен хасақтар (жаңа мемлекетті негіздеушілер тарапынан,-Ғ.Қ.) кемсітуші мағнасындағы “албату” (құлдар) деген анықтама алды. Міне осылай, өз билігін Орта Азияға тарата отыра олар мемлекетін Жоңғар немесе Зюнгар деп атады. Осындай атаумен бұл мемлекет 1757 жылғы толығымен құлауына дейін белгілі болды. Олардың ең дамыған мерзімі екі жүз жылдыққа дейін созылды. Үлкен Бұхараны, Үндістанды, Тибет, Халкас хандары мен Қытайдың өзін тітіркендірген миллионға жуық қару ұстауға қабілеті барлар бұл мемлекеттің әскери күшін құрады.
Канси (Қытай императоры) жақын халықтарға өзінің қуаттылығын мойындатып жатқан кезде Жоңғария ресейліктердің Оңтүстік Сібірді жаулауының кең ауқымды мерзімінде Мәскеу билігімен қатынастары арқылы белгілі болған Батыр қоңтайшының баласы Галдан Цереннің билігінде болды. Екі ағасының қаны арқылы билікке келген атаққұмар Галдан бабалары ие болған “тайшы” атағын місе тұтпай, өзін Шыңғыс ханның әулетіне ғана тиесілі болып келген “Ботоқты хан” деп атады.
Жоңғарияның билеушісіне айналған ол өзінің барлық назарын сол мерзімдегі Монғолия мен Кансидің арасындағы қулықты саясатқа арнады. (Осы арқылы,-Ғ.Қ.) өзінің шексіз билігіне қауіп төндіретін Қытай императорының барлық бағыттағы өктемдігін көре білді.
... Пекин билеушісіне қарсы барша жолмен қарсылық көрсетуге шешім қабылдаған ол өзін көршілерінің күшімен нығайту мақсатында Мәскеу билігі қалыс қалмаған одақтар іздей бастады.
... Қарсы жақ (Қытай-Ғ.Қ.) аса үлкен көлемдегі артықшылығы және сансыз көп артилерриясымен олоттарды барынша сасқалақтануға ұшыратып, оның арты соңғысының қашуына ұласты. Осы үлкен жеңілістен кейін Галдан қытайлықтарға қарсы шығуды қойып, талқандалудан сау қалған әскерлерін Жоңғарияға аман жеткізуді ғана ойлады.
Терелдзи аймағына жетіп үлгерісімен-ақ оның (Галданның,-Ғ.Қ.) Кансидың қолбасшысы Фянгуге қарсы шабуылы олот әскербасыларының әйелдері мен балалары тұтқынға түскен жеңілісімен аяқталды. 1697 жылы болған осы әскери оқиға Галданға үлкен сын әкелгенімен қалқас хандарының қорғаушысы ретінде әрекет етіп, оларға шексіз билігін орнатқан Канси үшін аса жемісті болды.
... Күйрей жеңілу, жауланудың ораса зор зардабы, олаттардың қайғысы мен Цебан Раптанның таққа отыруға деген ұмтылысы жоңғарлардың Ботоқты ханы Галданды тығырыққа тіреді. Ол өзінің бақытсыздығын көтере алмай, келесі жылы ауыр қайғыдан, ал Кансиге сенсек, қабылдаған удан қайтыс болды.
Галдан өлгеннен кейін оның үлкен ағасының баласы Себан Раптан өзін Жоңғарияның ханы етіп жариялап, олоттар тарапынан толығынан қолдау тапты. Ол Галданның тірі кезінде бастауында Канси болған өзара жеккөрініштіліктің себептерінен Турфанға кетіп, ағасының жеңіліске ұшырауы туралы хабар жеткенге дейін сонда болды, Жоңғарияға қайтып оралып, ағасына қарсы әрекет етуші көптеген жақтастарын тапты.
Цеван Раптан қытайлықтарға тосқауыл қоя және қарсылықтары үнемі күшейе түскен хасақтардың (қазақтардың,-Ғ.Қ.) қимылдарын баса алмай, Пекин сарайының талаптарын орындауға мәжбүр болды. Осындай қадамдары арқылы оған хасақтардың қарсылығын тоқтатуға, Қытай әскерлерін аластатуға мүмкіндік туды.
... Раптан біраз уақыттан кейін соңғысымен (Қытаймен,-Ғ.Қ.) арадағы өзін төмендететін қатынасты өзгертіп, тәуелсіз билеуші екендігін көрсетуге кірісті. Ол Қытай елшілері тарапынан бұрын көтерілмеген биік мәртебелі билеушіге арналған құрметтерді талап ете бастады. Пекин билігі әділетсіз тұрғыда өзіне қосып алып, өз құқықтарын жариялаған жекелеген жерлердің қайтарылуын табандылықпен талап етті, ақыр соңында Кансидің ренжуін ескерместен Қытай жағынан кете бастаған наразы монғолдарды өз жағына тарта бастады және де соңғысының қатал талабына қарамастан оған үнемі қарсылық көрсетіп отырды.
(Тибеттен жорықтан оралған,-Ғ.Қ.) Цебань Раптанға қарсы жасақталып, аттандырылған (қытайлық,-Ғ.Қ.) жасақ жоңғарларды қайтар жолында қарсы алды. Раптан батылдықпен және ұйымдасқан түрде оған шабуыл жасап, 1715 жылы Қытайдан бірінші рет басым түсті. Жоңғар ханының Тибетке осы жылғы жорығы Кансиге іскер және сақ мемлекет басшысымен байланыс жасайтындығын ұқтырды, ал оның (Қытай,-Ғ.Қ.) жасағын талқандау Пекин билеушілігіне (Цебань Раптанның,-Ғ.Қ.) шебер қолбасшы екендігі туралы түсінік тудырды.
Іскер және көреген ол бір бір мерзімде Қытай шенеуніктерімен жеке келісім жүргізумен қатар Ресей елшілерін қабылдады, Қытай және халкас әскерлеріне шабуыл жасауға да үлгерді және бұл шабуылдарды тұтқиылдан жүргізе отыра оларды қатал жеңіліске ұшыратты.
1722 жылдың соңындағы император Кансидің қайтыс болуы Цеван Раптанды ең қауіпті жауынан құтқарды. ... Осыдан кейін ол одан да ары еркін қимылдай бастады.
... Алайда Қытайға қарсы соғысқа дайындық жүріп жатқан кездегі Жоңғар ханы Цевань Раптанның қайтыс болуы басталуға дайын қалған соғысты артқа шегеріп, осыны күтіп отырған Юньдженді қорқыныштан құтқарды.
... Цеван Раптанның атақ пен ерлікке лайық үлкен ұлы Галдан Церен 1727 жылы барлық олоттар атынан бірауыздан хан болып танылды. Аталған жаңа хан Пекин сарайына арнайы грамота мен салтанатты елшілік аттандырып, императорға әкесінің қайтыс болғандығын, өзінің таққа отырғандығын жеткізді. Оның бұл сенім хаты императорға ұнамады, себебі Галдан Церен әкесінің өлгендігін еске ала отыра өзінің фуцианге (құдайдың елшілігіне) айналатындығын хабарлады, ал таққа отыруы туралы айта келе аспанның өзі оған адамзатқа жақсылық жасау, ағартушылық пен сенімді таратуға ниет білдіргендігін еске салды. Мұндай жоғары атауды тек Қытай императорлары өздеріне теңейтін еді, сондықтан да Юнджень Жоңғар ханын дөрекі, жазалауға лайық деп бағалады. Осыдан барып ол аталған мерзімде өзінің асқақ аброй үшін емес, керісінше әзірге Галдан Церен таққа берік отырып болмағандығын, сонымен қатар халық сенімін алмаған мерзімін пайдаланып, онымен соғыс ашуды жоспарлады. Нәтижесінде, іріктелген жауынгерлерден тұратын барынша жақсы жабдықталған, тәжірибелі әскер басылар басқарған екі көпсанды әскери жасақ жаз ортасында Монғолияға жіберілді. Галдан Церенді әлсіз қарсылас деп есептеген император Юньджень бір жорық арқылы Жоңғарияны жаулап алуды жоспарлады, алайда оның үміті ақталмады.
Алғашқы әскери қимылдар Галдан Цереннің ұлы әскер басылар қатарына жататындығын дәлелдеді, оның жеңіле тұра қол жеткізген жеңісі ешқандай әрекет жасай алмаған Қытай әскер басыларынан артықтығын көрсетті. Осы жағдай тәкаппар Қытай Хуандиін (императорын) 1729 және 1730 жылдары бірінен соң бірі екі елшілікті Ресей императоры сарайына және осындай елшілікті Тұрғұт ханына жіберуге мәжбүр етті. Осы арқылы ол Қытайдағы қолайсыз жағдайды пайдаланып, жоңғарлардың билігін Монғолияға, немесе шығыстағы Амурдан арғы жерлерге тараттырмау үшін Ресеймен достық қатынас жасағысы келсе, Тұрғұт ханын жоңғарларға қарсы қаруландырмақ болды. Алайда соғыс екі жақтың белсене қатысуымен одан ары жалғастырылып, Галдан Церен өз әрекетіне толығымен қанағаттанды. 1732 жылы ол Қытаймен болған соңғысы 60 мың адамынан айырылған үш шайқаста жеңіске жетті. Осындай нәтижесіз әрекеті үшін бас қолбасшы Гунь (Граф) Фурдания орнынан алынып, оның орнына ешқашан әскер басқарып көрмеген сарай вельможасы Гун Марсай тағайындалы.
(Міне осылай, -Ғ.М.) Галдан Церен Қытай әскерлерімен болған шайқастардағы көптеген жеңістерімен Монғолияны таңдандырды.
... Нәтижесінде ол Монғолиядан Қытай әскерлерін қуып шығып, оларды Қытай және Монғол шекарасының өн бойындағы қамалдарға бекінулеріне мәжбүр етті. Ақыр соңында маньчжурлардың әлсіздігін ашығынан көрсеткен соғыс император Юньдженнің 1735 жылы қайтыс болуымен аяқталды.
Өзінің ерекше қабілеттері арқылы Пекин сарайын көндірген Галдан Церен нәтижесінде Юньдженнің ұлы және мұрагері император Кянь-Лунмен бейбіт келісім жасады және өз өмірінің соңғы жылдарын тыныштықта өткізді.
Аталған жоңғар ханының кезіндегі билік жеңісті және даңқты болды, алайда оның балалары мен мұрагерлерінің мұндай қабілеттері болмады.
Галдан Цереннің үш ұлы және бір қызы болды. Ол өлер алдында өзінің ізбасары етіп екінші әйелінен туған үлкен ұлы Лама Даладжаға тоқтамай, бірінші әйелінен туған Оджаны тағайындады.
... Аса қатал Оджа таққа отырысымен-ақ інілерін өлтірумен айналысты. Галдан Цереннің кіші ұлы бақытсыз Мокша осындай жауыздықтың құрбаны болды. Кіші інісінің өлтірілгенінен қорыққан Лама Даладжа өз өмірін сақтаудың барлық шараларын қолданды. Оджаға толықтай бағынуын көрсетіп, осы арқылы өзін қауіпсіз етуді мақсат етті. Ол сонымен бірге інісін өлтірушіні жазалаудың қолайлы сәтін күтті, ... Біраздан кейін Лама Даладжа көптеген өзінің жақтастарын, соның ішінде Оджамен тікелей байланыс жасайтындарды тауып, түнгі уақыттың бірінде хан ағасына тұтқиылдан шабуыл жасап, оны өлтіреді. Галдан Цереннің ұлдарының арасындағы осындай жағдай жоңғар халқына тыныштық әкелмеді.
Олоттардың ақсүйектері Лама Даладжаны қанды әрекеттері үшін жазалағылары келмеді, ол ешқандай да кедергісіз таққа отырып, заңды тұрғыда хан ретінде танылды. Аталған ханның билік етуінің алғашқы кезеңі тыныштық және жайлылық жағдайында өтті. Алайда ханның айналасындағылар тарапынан ешқашан толастамайтын бақталастық пен атаққұмарлыққа орай қауіпті қастандық әрекеттер ойластырылып, оның өміріне нұқсан келтіру жоспарлана бастады.
Галдан Цереннің қызы Ұлан Баяр осындай істі алғашқы ұйымдастырушы болды. Әйел болғандықтан хандық билікке таласа алмайтын ол хандық тұқымға жатпайтын күйеуін осы іске дайындағысы келді. Лама Даладжаны барынша жексұрын інілерін өлтіруші тақтың заңсыз жауыз иесі ретінде жариялай отыра Ұлан Баяр өз жағына ханның жауларын жинай бастады. Оларды кек алу мақсатында қаруландырып, асығыстықпен хан сарайына апарды, алайда ханның қарулы күштеріне тап болып, күшпен басылды, біраз жақтастарымен тұтқынға түсіп, өмірі қиылды.
Галдан Цереннің қызының сәтсіз қимылы, оның қайғылы тағдыры шен құмарлардың Лама Даладжының өміріне және оның хандығына деген қастандық әрекеттерін тоқтата алмады. Галдан Цереннің қызының сәтсіздікке ұшырауын Даваци мен Әмірсана нәтижемен аяқтады. Олардың біріншісі хан тұқымынан тарағандығы және ықпалды әулеттің жақын туысы болғанымен өзінің жоғары дәрежелілігін ештеңемен дәлелдей алмаса, соңғысы Сарайға Цеван Раптанның қызы Ладзан ханшадан тараған шеше жағынан ғана туыс болды. Яғни, шығыс ережесі бойынша ол ешқандай да хан тұқымына жатпады. Алайда аса керемет дарыны оның әулеттік жағынан жетіспегендігін толықтырды.
Жылдам және нақты шешім қабылдау қабілеті, шексіз шенқұмарлығы арқылы Әмірсана өзінің жоғары билікке жетуге деген мақсатын орындауға кірісті. Сол кездегі сарайдың барлық қатынастағы жағдайын біле отыра Лама Даладжаның ерте ме кеш пе үнемі, барлық жерде ұйымдастырылып жатқан өзінің табиғи әлсіздігінен оған қарсы тұра және оларды жазалай алмайтын қастандықтың құрбандығы болатынын түсіне білді.
... Лама Даладжаны тақтан тайдырып, өзін Жоңғарияның ханы етуді бойына берік сіңірген жоспарын ол әлсіз Даваци арқылы іске асырмақ болды. (Осы жоспарларын жүзеге асыру үшін,-Ғ.Қ.) олар өздерінің үлестері бар Жар (Яр) жеріне жетіп, соғыс ісіне дайындала отыра, сенімді жасақ жинай бастады. Мұны білген Лама Даладжа оларға қарсы күшті атты әскер жіберіп, асығыс жасаған әскерін қуып таратып, өздерін хасақтардан (қазақтардан,-Ғ.Қ.) пана іздеуге мәжбүр етті. Лама Даладжа Даваци мен Әмірсана хасақтардан (қазақтардан,-Ғ.Қ.) қолдау тауып, олардың көмегі арқылы қуатты күшке айналуларын болдырмау үшін аталған жауынгер халық арасында қалдырмауға шешім қабылдады. Ол бірден өзіне берілген қолбасшылар басқарған 60000 іріктелген әскер жіберіп, ... оларға бүлікшілерді не тірідей ұстап немесе өлідей әкелуге тапсырма берді. Олардың күйреуі сөзсіз еді, алайда Әмірсананың болашақты болжай білетін ақылы барлық қауіптен құтылып, басына түскен өлімді де өз пайдасына шешуді қамтамасыз етті. Лама Даладжа осындай көпсанды әскер жібергеннен кейін қажетті күзетсіз қалғандығын аңғара білген (Әмірсана,-Ғ.Қ.) оған тұтқиылдан шабуыл жасап, тақтан тайдыруды жоспарлады. Ол өз жоспарын Давациге айтады. Алайда жасқаншақ, таяз ойлы князь мұның мүлдемге мүмкін еместігін көзіне жас ала отыра мәлімдейді. Ол тек қана өзін қоршаған сәтсіздікті, келіп қалған ажалды ғана ойлайды. “Өлім,-деп жауап берді оған Әмірсана,- ер жүрек адамдарға қорқыныш әкелмеуі керек. Ешқандай маңызды іс атқармай өлу санасы төмен адамдарға ғана лайық. Батыл сеніммен менің соңымнан ер, саған бабаларың рух беретініне сенемін.” Осыдан кейін олар өздерімен тағдырлас 1500 адамды жинап, Іле өзені жағалауына қарай жорыққа аттанды, түнде ғана жүре отыра күндіз өтуі қиын жерлерге жасырынып, ақыр соңында жоспарлаған жерлеріне жетіп, қараңғы түнде Лама Даладжаның мекеніне шабуыл жасап, ештеңеге алаңдамай, қажетті күзетсіз отырған оны өлтірді.
Өзінің баяндылығы және даңқты қызметі арқылы ең лайықты және неғұрлым бақытты ізбасар қалдыруға лайық болған Галдан Цереннің ұлдарының соңғысының тағдыры осылай болды.
Қатал Әмірсана Лама Даладжидің өлі денесін ары ысыра отыра өзіне именшек Давациді шақырып, сатқындық және жауыздықтың нәтижесіндегі бұрынғы ханның қаны төгілген жерде оны Жоңғарияның заңды ханы етіп жариялайды. Ешкім де қаруланған Әмірсананың бұл шешіміне, Давацидің қабілеті болмаса да хандық билікке отыруына қарсылық келтіре алмады.
(Осы мерзімнен бастап,-Ғ.Қ.) Әмірсананың билігі күн өткен сайын күшейе түсті. Ол басқару тізгінін толығымен қолына алып, ханның өзіне өктемдік жасай бастады.
... Ол болашақ апатты болжай отыра, қолына келген биліктің сенімсіздігін айқындай білді, сондықтан да ақсүйектердің өзіне деген қолдауын, халық сүйіспеншілігін алуға ұмтылды. Осындай жолмен беделін арттыра отыра хандық билікке жетуді мақсат етті. Әлсіз Давацидің билік жүргізуге қабілетсіздігі, маңайындағылардың дүние құмарлығы, атақ алуға деген ұмтылысы оған осы мүддесіне жетуге жол ашқандай болды. Алайда алдындағы Лама Даладжының Даваци екеуінің арттарынан қырғыз-хасақ даласына жіберген көпсанды әскерлері оған маза бермеді. Себебі аталған әскерлердің басшылығында соғыс ісін жақсы білетін және бұрынғы ханға (Лама Даладжаға,-Ғ.Қ.) берілген әскер басылар болды. ... Осыдан кейінгі атқарылған шаралар Әмірсананың заңды алаңдаушылығының дұрыстығын көрсетті. Оларға (Лама Даладжаның әскер басыларына,-Ғ.Қ.) Давацидің атынан “жауынгерлерді босатып, өздерінің хан ордасына келуін” жеткізуге жіберген шабарман қанағаттанғысыз қарсы алынды және жаңа ханның бұйырығы орындаусыз қалды.
Сақ Әмірсана осындай жағымсыз хабарды алғаннан кейін өз өмірін қауіпке ұрындырмай, болашақтағы жағдайын қамтамасыз етуге қажетті барлық тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. Оңтүстік Сібір мен халкастар жеріне жақын оның иелігі орналасқан Жар (Яр) елі халықтың толқуы кезінде қауіпсіздік мекені міндетін атқарды. Өзіне нақты шабуыл жасаған кезде немесе сәтсіздік жағдай орын алғанда ол көрші халықтан (қазақтардан,-Ғ.Қ.) өзіне пана іздеді, ал іс оңды бағыт алғанда бастаған ісін аяқтау үшін Іле өзенінің жағалауында бола алатын еді.
... Әмірсана ол жерден кетіп қалғаннан кейінгі біраз уақыттан соң Іле жағалауында мұздай қаруланған әскер пайда болып, Давациге және оның тағы да басқа жақтастарына үлкен қорқыныш әкелді. Әскер жетекшілері одан Лама Даладжыны күшпен өлтірудің себебін батыл талап етті. Барлық кінә Әмірсанаға жабылды.
Давацидің ризашылықпен қабылдауы және ықыласты көзқарасы оларды риза етті, сонымен қатар бұрынғы артықшылықтарының қалдырылуы, осылармен бірге жаңадан берілген құрметтер ашуларын мүлдемге басты. Олар Әмірсанаға дайындаған кек алуларынан бас тартты. Тыныштық орнатылып, оны бұзуға ешкімнің де еркі болмады, ... алайда (біраз уақыттан кейін,-Ғ.Қ.) қоқан лоқылық, күш көрсету, тонау және толқулар қайтадан басталды. ... Тәртіпсіздіктер күн өткен сайын өсе түсті, әлсіз Даваци ... осындай тәртіпсіздіктердің өсе түсуінің себебіне айналды.
... Оған (Давациге,-Ғ.Қ.) өзінің кеңестері және әрекеті арқылы тыныштықты қалпына келтіретін адам керек болды. Оның назары Әмірсанаға ауды. ... Алайда өркөкірек Әмірсана хандық дәрежеге өзін лайықты деп есептеп, Давациді жек көре отыра ... әрқашан шақыруларды әр түрлі себептермен қабылдамай тастап отырды.
... Ақсүйектер мен сарайдың бірінші мүшелері оның жасырын ойларын ұққанға дейін Әмірсанаға ықыластық көрсетті, барлығы оны Давацидің бірінші көмекшісі ретінде көргісі келді. Керісінше көпшілігі оның хан болуына қарсылық білдірді.
... Ол өзінің жақтастары арқылы Даваци мен оның адамдарына қарсы әрекет жасауды жоспарлады. Алайда олардың бұл қастандық әрекеттері Давацидің айналасына мәлім болды. Бұдан ары Әмірсананы қолдау тоқтатылды. Жалпы жиналыста “бүлікшіл” деп жарияланып, оны қарудың күшімен жазалау туралы шешім қабылданды. ... Өзіне қажетті күш таба алмаған және Давациге қарсы күресуге және Лама Даладжы сияқты оны орнынан алуға шамасы келмейтіндігін білген Әмірсана жоспарын Пекин сарайы арқылы іске асырмақ болды. Ақыр соңында өзін қолдайтын жақтастарын жинап, ... өтуі қиын дала арқылы жасағын Қытайдың Шанси губерниясының солтүстік шетіндегі Куку Хотон қаласына бағыттады.
Мұнда қолдаушыларының негізін қалдырып, жақтастарының аз бөлігімен өзінің оған берілгендігін және қайырымсыз Давациге қарсы қолдау алу, осылармен бірге қорғаныш сұрағандығын білдіру үшін Қытай императорына аттанды. Осы мерзімде Қытайда билік еткен император Кянь-Лун одан өзіне үлкен жетістік күткен жаңадан келген бағыныштысын болмаған дәрежедегі қанағаттану және силастық белгілерімен қарсы алды. Ол (Әмірсана,-Ғ.Қ.) арқылы өзінің әкесі және атасы іске асыра алмаған Жоңғарияны жаулауды жүзеге асыру мсақсатында оны империяның бірінші дәрежедегі князы дәрежесіне көтерді, және де байлыққа кенелтіп, сұрағандарының барлығын қамтамасыз етті. Екі жақтан да перделеп, көмкерілген аса қулық саясат жүргізілді. Император Жоңғарияны бағындыруды жоспарлады, Әмірсана Давациді құлатып, өз отандастарына толық билік жасауды мақсат етті.
Давациге қарсы соғысты бастауға арналған Әмірсана негізгі тұлға болған көптеген құпия кеңестерден кейін император Әмірсананың адалдығына шек келтіріп, неғұрлым алыстағы елмен соғыстың нәтижелілігіне сенімсіздік білдірген сарайдың мүшелерінің басым бөлігінің наразылығына қарамастан ... 1754 жылы (Жоңғар жеріне,-Ғ.Қ.) өзіне тікелей есеп беретін Баньди, Ожунан және Әмірсана басқарған іріктелген жауынгерлерден тұратын көпсанды таңдаулы жасақ жіберуге шешім қабылдады. Қытайдың барлық батыс губерниялары Қытайдың Үлкен қорғанының батыс қақпасы және Хами, сонымен бірге Турфан арқылы жорыққа шыққан көпсанды әскерді азықпен қамтамасыз етумен айналысты.
... Алаңсыз Даваци және оның дарынсыз сарай қызметкерлері Қытай әскерінің жорығы, олардың жоңғар жеріне енуі туралы ештеңе білмеді. Толықтай жарқыраған қарумен жарақтанған, сансыз көп тулары желбіреген үш жүз мың әскер Давацидің иелігіне қаптап кетті. Қорқыныш пен үрей қысқа уақытта барлық жерге тарады. Бірінші дәрежелі княздар, зайсандар қытай әскер басыларына тізе бүгіп, олардың императорына әрқашан адал болатындықтарын мәлімдеп, өмірлерін сақтап қалудан басқа ештеңе сұрамады.
(Қиын кезеңде,-Ғ.Қ.) өзінің жақын адамдарының барлығы сатып кеткендігін көрген Даваци қарадан шыққандығына қарамастан Әкімбек дәрежесіне көтеріп, Уши облысының билеушісі еткен Мұсылман Хогистен пана таппақ болды. Қатігез Хогис екіжүзділікпен өз билеушісінің және жарылқаушысының тағдырына жалған нали отыра Қытай қолбасшысына Жоңғар ханы өз қолында, егер де оның қызметі үшін силық берілген жағдайда табыс етуге дайын екендігін мәлімдеді.
Келісім аяқталып, бақытсыз Даваци өзінің жалғыз ұлы Лобдзанмен қайырымсыз Хогистің сатқындығы нәтижесінде қамауға алынды. авациді қолға түсірген Баньди (Қытай әскерінің қолбасшысы,-Ғ.Қ.) оны бірден императорға аттандырды және де үш жауынгерден тұратын шабарманды Қытайға қарсы тұра алар Жоңғарияны бағындырғаны туралы хабармен жіберді. Давацидің қабілетсіздігі және Әмірсананың немқұрайлылығы оның (Жоңғарияның,-Ғ.Қ.) тарауына әкелді.
Давацидың тағдырына қуанған Әмірсана барлық ықыласымен Жоңғарияның билеушісі болуға ұмтылды. Ол Қытай әскерлерінің қайтуын ... күтті. Императордың қолбасшылары Баньди мен Ожунан көпсанды әскерлерін жабайы және кедей елден тамақтандыруға азық таба алмай, оларды қосымша дүкендер бар Турфан және Хамиге жіберуге мәжбүр болды, ал өздері іріктелген әскерлерінің бір бөлігімен жаңа бағындырылған жерлерді басқаруға арналған тиісті жарлықтар дайындау үшін Мирцинь өңірінде қалды.
Осы мерзімде Әмірсана ойластырған жоспарын іске асыруға кірісті. Ол жасырын түрде қытайлықтардың өркөкіректігі мен жаңа нұсқаулары ұнамаған лама, князь және зайсандарды жинап, оларға бұғаудан құтылудың жолдарын ұсынды, егер де олар бірауыздан өзіне көмектесіп, Жоңғарияның барлық күштерін толық қарамағына беретін болса, еркіндіктерін қамтамасыз етуге өз өмірін қиюға дайын екендігін мәлімдеді. Шарттар мен сенім ризашылықпен қабылданып, антпен бекітіледі. Әмірсана жоғары әміршінің туын желбірете ұстады, мұны көрген әркімнің еркіндікке деген ұмтылысы артып, барлығы қаруға жармасып, бірауыздан Әмірсанадан Қытайға қарсы жорыққа бастауды сұрады. (Әмірсана,-Ғ.Қ.) Оларды азғана әскермен Мирцинге орналасқан Баньди мен Ожунанға бағыттайды, оларды қапыда бас салып, барлығын өлтіреді. Одан ары Қытайға қарай асықпай бара жатқан Қытай әскерлерінің соңына түседі, оны қуып жетіп, толығымен талқандайды.
Еш жерде қарсылық кездестірмеген ол Хамиге дейін жетеді, көпсанды әскер және қажетті заттар молынан жинақталған Барсай қаласын алуды жоспарлады. Алайда қала басшысы жаудың келе жатқандығын және болған оқиғаларды біле отыра қаланы қорғауға барлық шараларды қолданды, сонымен бірге барша жағдайды жеткізу үшін Пекин сарайына шабарман жіберді. Осы мерзімде Әмірсана Варкуня маңайында пайда болды, алайда қала бастығының дайындығын көріп және атты жауынгерлерден тұратын әскердің қаланы алуға қабілетсіздігін ескеріп нәтижесіз қоршауды тоқтатты. Хами жерін тонап, ол Іле өзеніне жеңісін тойлау үшін қайтып оралды.
Жоңғариядағы қайғылы жағдайды білген Қытай императоры жаугер Әмірсананы қарғады. Ол (Қытай императоры Кян-Лунь) жауыз Әмірсананың бүкіл ордасының көзін жоймай, осы арқылы қырғынға ұшыраған өзінің мыңдаған әскерлерінің кегін алмай, бастаған ісін тоқтатпауға уәде берді. Оның жарлығымен екі көпсанды жасақ ұйымдастырылып, не жеңу немесе сонда өлуге арналған тапсырмамен Жоңғарияға асығыс аттандырылды. Аталған жасақтар Жоңғария иелігіне жетіп, жан-жағынан күні-түні шабуыл жасаған жау жағының (жоңғарлардың,-Ғ.Қ.) атты әскерлерімен ерлікпен шайқасты. Әмірсана тынымсыз шабуылдарымен өздеріне белгісіз елдегі қытай әскерлерін әлсіретуді ойлады. Осыған қарамастан Қытай қолбасшылары жоңғарлар жігін ажыратып, олардың әскербасыларының қашуларына қол жеткізе алды. Әмірсананы жеңе отыра олар өздерінің жеңістерінің жемісін пайдалана алмады. Өзара келісе алмауы оның себебіне айналды. Әрқайсысы Әмірсананы тұтқынға алып, императордың құрметіне ие болғысы келді.
Алайда Әмірсана тағы да күшін жинап, өзіне көмек талап ете отыра хасақтармен (қазақтармен,-Ғ.Қ.) келісім жасады. Уаыт өте келе жағдай өзгеріп, Қытай әскер басылары тамақ қорын тауысып, жау жағының шабуылына ұшырай отыра жоңғар елінен шығуға мәжбүр болды. Міне осылай бұл соғыс та табыссыз аяқталды.
Біраздан кейін Қытай императоры Жоңғариядағы соғыстың нәтижесіз жалғастырылып отырғандығын білді. ... Осындай сәтсіздіктің барлығының кінәсін өзінің қолбасшыларына аударған (император,-Ғ.Қ.) біреуін шақырып алып, басқаларын жібереді, алайда Пекиндегі сәтсіз қолбасшыларды бүкіл халық алдында асқан қатігездікпен жазалау ғана молая түскен мұндай ауыстырулар жаңа сәтсіздіктерден басқа ештеңе әкелмеді.
Егерде Жоңғария біртұтас болып, ортақ бостандық үшін үлкен жігерлілікпен соғыса алса, Пекин сарайының барлық әрекеттеріне қарсы тойтарыс бере алар еді. Алайда жікке бөліну аталған бақытсыз патшалықты ыдыратуға әкелді. Зайсандардың немесе халық жетекшілерінің үлкен бөлігі алдындағы уақытта Әмірсананың әскери ерліктеріне тамсанып келсе, соңғы мерзімде оны сатқын, Жоңғарияны ұзақ және созылмалы соғысқа тартушы ретінде жек көре бастады. Жікке бөліну одан ары жалғаса түсті, ешқандай да күш оларды татуластыра алмады, нәтижесінде Жоңғария Қытай қаруының күшімен емес, өзінің ішкі жікшілдігінен құлауы тиіс болды.
Осы мерзімде екі әскери жасақ Қытайдан Жоңғария аймағына келді. Джа-гуй және Фуде олардың қолбасшылары болды. Бұл екі әскер басына Жоңғар патшалығын талқандау және тұрғындарын қыру тағдыры тиді.
Қытайдан тың күштердің келгенін және де Маньчжур еліндегі барлық маңызды дайындықтарды білген Әмірсана өз зайсандарын жауға қарсы бірлескен және табанды қарсылық көрсетуге тартқанымен ... бұл іс нәтижесіз аяқталып, көпсанды әскерге аз күшпен қарсы тұруға мәжбүр болды. Ол батыл және қантөгісті шайқас көрсетті, алайда ерекше саны көп жауға қарсы тұра алмай, қашуға мәжбүр болып, өз жасағын хасақтарға (қазақтарға,-Ғ.Қ.) бағыттап, осында тағы да әскер жинап, қолайлы сәт туғанда Жоңғарияға қайтадан баруды жоспарлады. Алайда Қытай әскер басы Фуде көпсанды атты әскермен оның артынан еріп, сондағы (қазақ жеріндегі,-Ғ.Қ.) хан мен сұлтандарға егер де кімде-кім опасыз Әмірсанаға пана болатын болса империяның жаулары деп жарияланып, Жоңғар Ордасы сияқты қарудың күшімен жазаланатындығын ескертті. Хасақтар арасында қауіпсіздік таба алмаған Әмірсана Оңтүстік Сібір тауына кетуге мәжбүр болып, осында өз өмірін аяқтады.
Империяға қаншама қастандық әкелген Әмірсананы қолына тірідей түсіре алмаған император Кан-Лунь аса ашуланған жағдайда қолбасшыларына бүкіл жоңғар халқын әйелдері, балаларын да аямай қырғынға ұшырату туралы жарлығын жіберді. Осы қатігез бұйырық дәлінен орындалып, миллионнан артық адам, көпшілігі кінәсіздер ашкөз билеушінің құрбанына айналды. Кезінде әйгілі болған Жоңғар Ордасының аяқталуы осындай еді” [1.1-75].
Зерттеуші П.Риттердің “... ХҮІ ғасырдың ортасынан аталған елден (Шығыс Түркістаннан,-Ғ.Қ.) солтүстікке қарай. Жоңғарияда “Ойраттар” деген анықтама алған монғолдардың батыс бөлегінің ерекше саяси бірлестігі қалыптасты. Көрші мұсылман халықтары арасында “Ойраттар” “қалмақтар” деген есіммен әйгілі олар бізге де осы атаумен белгілі болды. Қалмақтар Жоңғариядан батысқа қарай сонда қалған түркі тұрғындарын ығыстырып, ніәтижесінде Шығыс Түркістанның көршісіне айналды, өзінің шапқыншылықтарын осы елге де жасай бастады. ... Гефть-Иклим ХҮІ ғасырдың екінші жартысындағы олардың Хотаннан тіке жол арқылы Қытайға шабуылдарын еске алады. Қалмақтардың ханы Хара-Хуланың кезінде (ХҮІ ғасырдың соңынан 1634 жылға дейін билік еткен) одан ары күшеюлеріне орай Тянь-Шяньннан оңтүстіктегі елдерге шабуылдарының көлемі артты, оның зардаптары аталған елдер үшін неғұрлым ауыр бола түсті”, [2]- деген деректерінен де жоңғарлардың жаугершілік тарихынан өзіндік маңызды мәлімет алуға болады.
Аталған журналдың келесі санындағы [3] “О возмущениях, бывших в Дзюнгарии и Малой Бухарии (Перевод с китайского, из книги называемой: Си юй вынь дзянь лу, т.е. Записки о землях лежащих близ западной границы Китая. Возмущение и погибель Дзюнгаров в 1754 году” деген сипаттамада қүнды қытай деректері арқылы жоңғар хандығының саяси тарихына талдау берілген. Аталған хандық билеушілерінің арасындағы ымырасыз билікке таласудың мемлекеттің күйреуінің себебіне айналғандығы айқындалған. Сол мерзімдегі қытай-жоңғар қатынасының мақсатына, барысына, қорытындасына сараптама жасалған. Онда жазылғанындай: “Жоңғарлар олоттардың ұрпағы. Олот (Елёт) Қалмақ Ордасының атауы. Батысында Баргөлден қырғыз-қайсақ шекарасына дейін орналасқан. Жоңғарлар Іле өзені бойында көшіп жүрген Орданың (Қалмақ Ордасының,-Ғ.Қ.) бір бөлігі. Бұл бөлек Қалмақ хандығына тиесілі болды. Сондықтан да барлық қалмақ жері Жоңғария немесе Зенгория деп аталды. Бүкіл Қалмақ Ордасы төртеу болып есептелді Олар төрт ойраттар деген атаумен белгілі. ...
Олар егін екпейді, малды кәсіп етеді, ет – тамағы, сиыр немесе жылқы сүті – шарабы. Олардың руларының атаулары бар. Әр атау жеке руды құрайды, бір рудағылар бір-бірімен үйлене алмайды. Әйелдері бұхаралықтар сияқты ерлерінен жасырынбайды. Билеушілерін хан деп атайды, одан кейін тайшалар мен зайсандар. Жоңғарлар ашуланшақ және әдепсіз, арсыз және әрекеттерін ақылға жеңдіре алмайды. Тонаушылықты батырлық деп есептейді, алайда ешқашан өз руластарының меншігіне қол сұқпайды. Олардың салты осындай.
Ламаларды силайды, олардың сөздерін заң ретінде қабылдайды, алыстан ламаны көргенде бас киімдерін шешіп, бастарын иеді, лама маңдайларына қолын тигізіп, бата бергендерге құрметпен қарайды.
... Жоңғарлар қиындыққа үйренген, соғысуға бейім, мылтық және найзаны шебер меңгерген. Кіші Бұхара мен хасақтар (қырғыздар) оларға бағынышты болды. Олар миллионнан артық әскер шығара алады. Таулар мен жазықтар түйе, жылқы және ірі қарамен толтырылған. Өздерінің күшіне сенген олар Ресей, Үндістан, Кашемир, Тибет және Персия шекараларына шабуыл жасайды. Канси және Юнджан кезінде Қытай өңірлеріне де жорық жасады. Империя (Қытай) бірнеше жыл олармен соғыс жүргізді. Көптеген жоңғарлар қазаға ұшырағанымен толығымен талқандалмады. Олардың ханы Цеван–Раптан өлгеннен кейін үлкен ұлы Галдан–Церен хандыққа отырды. Оның үш ұлы, бір қызы болды. Үлкен ұлы Лама Дорджа, екіншісі Цеван-Дорджа-аджанан д жаль, үшіншісі – Цеван-джашы, ал қызы – Ұлан-баяр.
Екінші ұлы атақты жанұядан шыққан анадан, ал Лама-Дорджа қызметшіден туған. Галдан-Церен өлгеннен кейін ақсүйектер өзінің кіші інісін өлтірген екінші ұлын хандыққа сайлады. Осындай оқиғадан қауіптенген Лама-Дорджа інісін өлтіріп, өзі таққа отырды.
Аталған оқиғаның себебінен Ұлан-Баяр мен оның күйеуі Лама-Дорджаға қарсы шықты, алайда ұсталып, өлтірілді. Осы уақытта Таваци мен Әмірсана Жар (Яр) өңірінде көшіп жүрген, әрбіреуінің бірнеше мыңдаған жақтас жанұлары болған. Таваци белгілі тұқымнан шыққан, алайда қабілеті болмаған. Әмірсана қарапайым тұқымнан, алайда қатігез және іскер. Аталған князьдар Лама-Дорджаның істеріне қарсы болды. Оның жарлықтары орындалмады. Лама–Дорджа қатты ашуға келіп, оларды тәртіпке шақыру үшін әскер жіберді. Таваци мен Әмірсана жеңіліп, хасакия (қазақтар,-Ғ.Қ.) даласына қашып, біраз уақыт жасырынып жүрді. Лама-Дорджа өзінің ламалары және тайджаларымен болған жасырын кеңесінде өзінің екі жауын өлтірмесе кейін көп бақытсыздық болатындығын айтып, өзіне берілгендердің бастауымен хасақтардың (қазақтардың,-Ғ.Қ.) барлық ұлыстары арқылы батысқа қарай жүре отыра оларды ұстап әкелуді тапсырып 60000 әскер жіберді. Таваци не істерін білмей күні-түні жылады, ал Әмірсана таяп қалған әскерді біліп, 1500 іріктелген жауынгер жинап, кепкен етті молынан алып, таудағы жасырын жолдармен түн уақыттарында жүріп, күндізгі мерзімде жасырына отыра, ақыр соңында Ілеге келіп, Лама-Дорджаны өз Ордасында өлтірді. Әмірсана төменгі тұқымнан шыққандықтан Таваци хан тағына отырды.
Галдан Цериннің әкесі Цеван-Араптан Тибеттің байлығына қызығып, бұл елді бағындырғысы келді, осы мақсатпен Тибет ханы Лацзанды империядан (Қытайдан,-Ғ.Қ.) бөлініп, өзіне бағынуға үгіттеді, осы үшін өз қызын Лацзанның ұлына беріп, оларды Іле өңіріне орналастырып, одан Тибет жерлерін беруді талап етті. Лацзань бұл талапты Далай Ламаға жеткізіп, бұған соңғысы қарсы болды. Қатты ашуланған Цеван–Араптан Бұхар қаласы Шаярь арқылы Үлкен Тибетке өтті. Шаярь билеушісі жол басшы болды. Күнди және шөл даладағы Лобнор жолы аса ауыр, көптеген адамдары мен малдарынан айырылды, осыған ашуланған ол өзінің күйеу баласы және Лацзанның ұлын өлтірді. Осы мерзімде қызы екі қабат қалып, егер ұл туса өлтіретін, қыз туса тірі қалдыратын болды. Қыз туып, оны күйеуге беріп, одан Әмірсана өмірге келді.
Хандыққа келген Таваци бағыныштыларын біріктіре алмады, жыл сайын өзара қақтығыстар орын алды, оларды басу үшін Әмірсананы Жардан (Яр) шақырып отырды. Әмірсана Тавациді жиі мазақ етіп, ренішін білдіріп келді. ... Біраздан кейін едәуір көлемде халықтың қолдауын ала бастаған Таваци қатал Әмірсанаға қарсы соғысқа аттанды. Соңғысы өзінің күшінің аздығынан Тавациге шамасының келмейтіндігін біліп, өз жақтастарымен Цян-Лунның 19-жазында (1754 жылы) империяның (Қытайдың,-Ғ.Қ.) қарамағына өтті. Билеуші (император,-Ғ.Қ.) оған бірінші дәрежелі князь атағын беріп, Гуандун генерал-губернаторы Баньдиді Цьзяньканға ауыстырып, оған Цьзяюй қамалынан шабуылды бастауды бұйырды, ал Әмірсананы оған көмекші және жолбасшы етті. Әскер Баргол және Үрімші арқылы тура Ілеге бағыт алды. Жоңғар ұлыстарына енген көпсанды әскерлерден үрейленген ламалар мен тайджылар бірден-ақ бірінен соң бірі беріле бастады.
Айналасындағылардың салқынқандылығын көрген Таваци өзінің қарсылық көрсете алмайтындығын сезініп, өзі қойған Бұхар қаласы Уштың билеушісі Хадиш жақсылықты ұмытпайтындығына үміттеніп, өзінің ұлы Лобдзанмен және туыстарымен, сонымен бірге 100 атты әскермен мұзды тау арқылы Бұхара аймағына кетіп, Уштан 40 ли жерге келіп орналасты. Хадиш Тавациді қабылдау үшін әскер және тамақ алып шықты. Тавацидің жақтастары Хадиштің ойын түсіну қиын екендігін айтты, алайда Таваци өзі княздыққа қойған Хадиш және оның кіші княздар атағын алған төрт ұлының риза болмаулары мүмкін емес деп ойлады.
Күту кезінде Таваци мас болып қалды, Хадиш мас болғандардың барлығын байлап, қалаға әкеліп, қытай әскерлеріне тапсырды, осы үшін империядан бірінші дәрежелі князь атағын алды. Міне осылай бүкіл жоңғар иеліктері бағынды.
... Әмірсана қалмақтардың соңғы ханы болды, алайда Қытай империясынан бөлінген бүлікші ретінде хан қатарында есептелмейді. Оның әйелі Пекинге әкелініп, халық түрмесінде ұл туып, түрмедегі қаталдық жағдайында тәрбиеленді, алайда түрме қызметкерлері оны үнемі ақсүйек (принц) деп атаған. Ол мөлшермен қырық жасында қайтыс болған.
Әмірсана залым және тұрақсыз болды. Ілені бағындыру үшін ол Қытай әскерін бастап, олардың көмегі арқылы Жоңғарияның ханы болғысы келді. Жорықтың басталуы оған елеулі тұрғыда қолайлы болды және оның ұсынысының орындалуы мүмкін емес еді, бұған керісінше сарайдың (Пекин,-Ғ.Қ.) басқаша маңызды жоспары болып, істің өзінің ойлағанындай болмай бара жатқандығын көрген Әмірсана бүлік шығаруға деген шешім қабылдады. ... бұл мерзімде жеңімпаз Қытай әскерлері қайтадан қайта бастаған болатын, тек бас қолбасшы өз кеңесшілерімен істерін жүйелеу үшін Пирцинде қалды, оларды бес жүзден сәл ғана артық әскері қорғады.
Шабуыл тұтқиылдан болып, Әмірсана оларды қаталдықпен талқандады. Мұнда тағы да көп санды әскер аттандырылды. Туысқандарының жанұяларымен ғана қалған Әмірсана Ресейге қашып, сонда қайтыс болды. Армия оны Ресей шекарасына дейін қуып барды. Осыдан кейін олоттар одан ары наразылық көрсете бастады. Ашуланған Боғдыхан олот жеріне үш армия жіберіп, жынысына, жасына қарамай бір миллионнан артық адамды қырғынға ұшыратты. Біразы Махацин тауына барып тығылғанымен Қытай әскерлері аталған тауды қоршап, соңғы адамына дейін өлтірді. Бүлікке қатыспаған олоттардың бір бөлігіне ғана кешірім жасалды.
Осы мерзімнен бастап жоңғарлар Қытай империясына толығымен қосылды. Елді басқару үшін бас қолбасшы анықталды және әр жерлерге әскер қойылды” [3.101-110].
Жоғарыдағы жарияланған бағалы мағлұматтар Жоңғар хандығының саяси тарихынан нақты анықтамалар береді. Қорыта айтқанда, ел ішіндегі тұрақты түрде орын алып келген хандыққа үміткерлер арасындағы үнемі қарулы қақтығыстармен аяқталып отырған бақталастық, билікке таласушылық, экономиканың заман талабына сай келмеуі негізіндегі қоғамның бірлігінің іске асырылмауы мемлекеттің тарап, күйреуіне, тұрғындарының басым бөлігінің қырғынға ұшырауына, осы арқылы мемлекет пен оның халқының тарих сахнасынан кетуіне әкеліп соқты.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. //Сибирский Вестник, издаваемый Григорьем Спасским, 1821 год. Часть тринадцатая “Обозрение Зюнгарии” С.89-110,133-148., Часть четырнадцатая “Обозрение Зюнгарии, продолжение”. С.193-208., Часть шестнадцатая “Обозрение Зюнгарии, продолжение”., С.360-383- Спб., 1821
2. Землеведение П.Риттера. География страны Азии, находящихся в непосредственных сношениях с Россиею. Восточный или Китайский Туркестан. Издано императорским русским географическим обществом. ... Выпуск второй-дополнения отдел первый-историко-географический.- Спб., 1873, с.351
3. //Сибирский Вестник, издаваемый Григорьем Спасским, 1823 год, Часть третья-О возмущениях, бывших в Дзюнгарии и Малой Бухарии (Перевод с китайского, из книги называемой: Си юй вынь дзянь лу, т.е. Записки о землях лежащих близ западной границы Китая)- Возмущение и погибель Дзюнгаров 1754 году. - С.101-122., Часть четвертая - О возмущениях, бывших в Дзюнгарии и Малой Бухарии (Перевод с китайского, из книги называемой: Си юй вынь дзянь лу, т.е. Записки о землях лежащих близ западной границы Китая)- Возмущение и погибель Дзюнгаров 1754 году. Окончание - С. 123-130
Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д.,ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Астана
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді