Бұл мақала оқырман көкейіндегі «неге?» деген сұраққа жауап беруді мақсат тұтады.
Ең алдымен «төре» ұғымына анықтама берейік
«Төре» деген сөзді бұл жерде біз Әбілпейіздің Шыңғыс хан тұқымы екенін көрсетеуді мақсат тұтпай, мемлекет қызметкері мағынасында қолданып отырмыз. Қазақ халқының саяси тарихында төре институтының алатын орыны ерекше. Егер қазіргі заман тілімен түсіндірсек «төре» мемлекет қызметкері, заңның орындалуын қадағалаушы адам. Төре сөзінің негізгі мағынасы осы. Біздің пайымдауымыз бойынша «төре» сөзі өте көне ұғымдардың бірі, оның шығу тегі қазіргі қолданыстағы «мемлекет» сөзінен-де әрі. «Мемлекет» араб сөзі, оның мағынасы -империя, мемлекет, патшалық. Еуразияның көне тұрғындары көп заман мемлекет сөзінің орнына «ұлыс» атауын қолданып келді.
«Төре» сөзінің мағынасы қазақ тіл қорының көне негіздеріне бастайды. Орта ғасырлық түрік қағанаттары кезеңінде бұл сөз «заң, ереже, тәртіп» мағынасында өте белсенді қолданыста болғаны белгілі. Көне түрік сөздігінде («Древнетюркский словарь») ұйғыр жазуымен жазылған буддалық сутралардың бірі «Алтын жылтырауық" кітабында (Золотой блеск) төре сөзі төмендегідей мағынада кездеседі: «el baslagu torusin otunur sizlar ajitu» яғни «cіз аса құрметпен елді басқару тәртібі туралы сұрайсыз».
Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігінде» — «күш елден кірсе, төре түндіктен шығар» деген мақал да ең бастысы тәртіп туралы айтып тұрғаны сөзсіз. Яғни елге бұлғақ, жаманшылық, бейәдептік кірсе заң, тәртіп, ереже амал жоқ түндіктен ұшып кетеді дейді. Сол сияқты ұлы тілші ғалымның келтірген «El kalаr, tore kalmas» деген мақал да заңға мемлекетке байланысты қолданылып тұр. Бұл жерде ел қалады, ал заң, жөн-жосық өзгереді деген мағына сезіледі.
Әбілпейіздің ата-тегі
Әбілпейіз сұлтан шығыс тәртібен оқысақ Әбу Әл Мұхаммед, жалпы қазақ баласы Әбілмәмбет, Түркістандағы Орда маңында ел Аймәмед хан атаған қазақтың ұлы ханының бел баласы. Әбілмәмбеттің қақ-соқ мінезі жоқ, жүріп-тұрғаны да, сөйлегені-де биязы жан екен. Қазақтың ұлы хандарының орнына өз жолымен 1739 жылы отырды, асыққан-сасқан жоқ, кезегі келгенше тосты. Тарихи деректер 1738 жылы Әбілмәмбеттің Түркістанға Нияз аталықтың шақыруымен келіп хан сайлауға дайындықтың басталғанын хабарлайды.
Ең алдымен ескеретін мәселе Түркістан тек қазақтың ғана емес, жалпы иісі түрік елдерінің тарихи орталығы болып есептеледі. Әз Тәуке заманында Түркістанда «Жеті Жарғы» құрылған уақытта, оның құрамына көрші құрама, қарақалпақ, қырғыздың енуі негізсіз болмаса керек. Олардан басқа сарт, қатаған, жайма, сунақ, көлеген сияқты Түркістан маңын мекен еткен толып жатқан елдің бас қосатын, арызын айтатын жері-де хан ордасы жанындағы «Жеті Жарғы» сияқты хан кеңесі болған. Түркістан сонымен бірге қазақ арасында өсіп-өнген төре мен қожаның да қалың қоныстанған жері. Қазақтың дәстүрінде «хан көтеру» қанша жерден аталық болса да, бір адамның айтқанымен шешіле қалмайды. Билік әр түрлі әлеуметтік және этникалық топтардың топтардың арасындағы теңгермешілік қағидасына құрылғаннан кейін, солардың бәрінің де келісімі керек. Ең бастысы Түркістанда үлкен ханды сайлау жиынына қазақ баласының тізгінін ұстаған ел азаматтары түгел қатысады.
Әбілмәмбеттің ордасы Ахмет Йассауи кесенесіне таяу орналасқан, ертеде аталары Әз Тәуке ханнан қалған мұра.
Әбілпейіз және «Ақ үйлі аманат» тарихы
Әбілпейіз сұлтанның тарихи жазба құжаттар мен қазақтың ауыз екі шежіресінде алғаш көрінетін жері 1740-ші жылдардың басындағы «Ақ үйлі аманат» мәселесіне қатысты. Қазақтың жадында бұл әңгіме «Қалдан Сереннің Сәру деген інісін бір жорықта кездесіп, Абылай өлтірген екен дейді. Қалмақтан шыққан Сына батыр Қалдан Сереннен қашып Абылайға қорғалаған екен. „Кісімді өзіме қайтарып берсін!“ дегенде Абылай айтты:
-Мені аямасын,- деп пәрмен қылған екен.
Бұл турадан Қалдан Серен қалмақтың өзінен басқа қонтәжісі болсын, Аюке болсын, баршаына ат шаптырып „Сүзекінің қолы“ деген қол аттандырыпты.
-Көктің астында, жер үстінде болса, Абылайды тауып әкеліңдер…» деп басталады.
Ақыр соңында қазақ баласы үш жүзден тоқсан жақсыны аттандырып, Әбілмәмбет баласы Әбілпейізді «ақ үйлі аманатқа» тапсырып, Абылайды тұтқыннан босатқан екен. Осы тарихи деректі негізгі нысана қылып ел өз хал қадірінше әңгімені сан қилы өрбітіп алып кеткен. Ол әңгімелерден осынау ауыр шақта халық мүддесі үшін қабырғасы қайысқан Әбілмәмбет ханды, тұтқында жатса да Қалдан Серенмен айтысатын Абылай сұлтанды, 90 жақсыны бастап қалмақ ордасына барған Қазыбек биді, екі елдің арасында мәмлегер болып Қалдан Сереннен тархан атағын алатын Малайсары батырды т.б. ұлы тұлғаларды көреміз. Осы азаматтардың ішінде өзі тәрбиелеген Әбілпейіз сұлтанды, жанына өзінің баласы мен інісін қосып Абылай сұлтанды босату үшін қалмақ қолына тапсырған Нияз аталықтың орыны ерекше.
Бұл кезеңге қатысты басқа деректің бәрі өзге жұрттың өкілдерінің жазғаны, яғни қазақ үшін басты оқиға «Ақ үйлі аманат» болған.
Ресей үкіметінің 1740-шы жылғы тамыз келісімі бойынша қазаққа одақтас болуға уәде бергенімен шын мәнінде екі жүзді саясат жүргізгені көп ұзамай, аңғарыла бастады. Жоңғария осы келісімсөздерді жіті қадағалап отыр еді, енді қазаққа Ресейдің қаншалықты жан ашитынын дәлелдейтін-де уақыт келді. Қытаймен бірнеше ірі соғысты бастан кешірген, үлкен мемлекетпен көрші қонудың не екенін жақсы, аңғарған Қалдан Серен қазаққа қарсы екі түрлі саясатты қатар жүргізді. Оның біріншісі қазақ саяси элитасының қатарына жаңа енгенімен, осы қысқа уақыттың ішінде қазақ хандарының ұлы тағына отыруға бірден-бір үміткер Абылай ханды 1733 жылғы Сәру (Шарыш) өлімін себеп қылып ұстау, екіншісі Ресейдің қазақты қорғамайтынын дәлелдеу.
Қалдан Серен алдымен Сібірдегі Ресей үкіметінің басшыларына елші салды:
«В январе 1741 г. состоялись переговоры ойратского посольства во главе с Ламой-Даши с сибирским губернатором П.Бутурлиным. Представителей Галданца-Церена интересовал прежде всего вопрос «ис которых орд ныне под Всероссийскою державой находятца в подданстве и в которых местах и какая именно орды». П.Бутурлин ответил, что об этом лучше известно Оренбургскому губернатору, а он знает только, что «в подданстве под Всероссийскою державой находятца Абулхаир-хан з детьми и с ордою своею».
Бұл уақытта Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның Орынборға барып орысқа бодандықты қабылдаймыз, бұдан былай біріміз, аға, біріміз іні боламыз деген келісім жасаған. Сібір губернаторы П.Бутурлиннің оны білмеуі мүмкін емес, ендеше қазақ пен қалмаққа қарсы Ресей саясатының басты бағыты бұл екі көрші елді бір-біріне айдап салып, мүмкіндігі келгенше біріне бірін қырғызу. П.Бутурлин жазбасы осының дәлелі: «посланы указы с крепким подтверждением… от приходу неприятельских людей Казачей орды везде иметь всегда крепкую и неусыпную пердосторожность и неоплошные везде караулы…». Қалдан Сереннің елшілері Лама-Даши и Науруз Казы П.Бутурлинге Ресейше бодандыққа енген Кіші жүз қазағына тиіспейміз, ал қалғандарымен соғыссақ сіздер ара тұрмайсыздар деп уәдесін алып елдеріне қайтты.
Жоңғарлар уәдесінде тұрды. 1741-ші жылдың ақпан айында, қалмақтың Ұзын сары (Цаган саар) — жаңа жылын қарсы алғаннан кейін 30-мыңдық әскер қазақ даласына үш жақтан таудан, аққан селдей құйылды. Ертісті бойлай Септен тайшы шапса, Түркістан маңынан Арқаға қарай Сары Мәнжі аттанады. Жетісудан Қалдан Сереннің үлкен ұлы Лама Доржы қазақ даласына ат қойды. Қазақ қалмақтың бұл шапқынын «сүзекінің қолы» дейтіні осы себепті, «сүзекі» балықты судан сүзіп алатын аудың бір түрі.
«Сүзекінің қолынан» қауіптенген қазақ жағы қоршауда қалып қоймаудың айла-шарғысын жасап жатты. Әскердің бәрін бір жерге жинау ол да қауіпті еді. Амалдың жоқтығынан және әдіске ыңғайлы болғандықтан негізгі күш екіге бөлінді, оның бірі Септенмен күресетін солтүстік топ, екіншісі Сары Мәнжіні тосатын оңтүстік топ. Есіл мен Нұра арасында, қазіргі Қараөткел тұсында, әскердің орталық бөлігімен Абылай қала берді-де, Бөгенбай Тобылдың жағасында шеп құрды. — Міне, осы жерде Септен тайшы алғашқы соққы алып, «Сүзекінің қолы» атанған қалмақ шабуылы тойтарыс көрді. Бөгенбай батырға Тобыл бойында шеп құру да, оған алдаусыратып Септен тайшыны алып келу-де оңайға түскен доқ. Ресей құжаттары былай деп суреттейді бұл оқиғаны:
«… Протчих несколько Казачьей орды на побег тогда ушли за Тобол, за которыми в догоне и для указывания протчих таких Казачьей орды вел их, калмыков, пленник их Казачьей орды человек и то все обманом водил нарочно и напускал снег и мороз великой, потому был еретик и от того едва они калмыки спаслись несколько было урону, от холоду померли и так калмыки онаго вора-еретика сожгли и пошед паки напали на Казачьи жилища, коих весьма многолюдно было по-видимому и за вышепоказанным уроном своих людей от морозов наступать на них не смели и так возвратились здорово и от них казаков никакой изневаги калмыкам не было… «.
Осы жолы Ұлытау маңында Абылай сұлтан қалмақ қолына түсті. Қазақтың қалмақтың осы жорығын «Сүзекінің қолы» деп атауы тегін емес еді. Қазақ даласын үш жақтан қоршаған қалмақ әскерінің ішінде Жалбы ноян бастаған арнайы жасақ болды. Олардың міндеті ешкімге көрінбей, сақ жүріп отырып Абылайды, аңду еді. «Аңдыған жау алады» деген осы.
«Ақ үйлі аманат»-мәселесі осы кезде көтерілді. «Ақ үйлі аманат» дегеніміз Еуразия көшпелі халықтарының арасында ерте замандардан бері белгілі екі ел арасындағы саяси қарым-қатыстарды реттейтін бірден-бір тетік. Екі елдің бірі күшті, бірі әлсіз болып, қан майданда соғысудан қажып, не халықты қырып алудан қауыптеніп келісімге келеміз десе әлсізі күштісіне «ақ үйлі аманат» береді. Қалыптасқан дәстүр бойынша аманатқа тек ханның таққа мұрагер ханзадалары, ел, ағалары батыр мен билердің балалары барады және олар өздерінің отбасымен, алдарына салған малдарымен, осы жолға арнайы дайындалған «ақ отауларымен» келеді. Міне, осыдан кейін «ақ үйлі аманат» екі елдің арасындағы бейбіт қарым-қатынастың кепілі есебінде жүреді. Қазақ пен жоңғар арасында келісімнің болып жатқаны туралы Ресейге алғаш хабар жеткізген Әбілқайыр хан: «Абулмамет хан и Барак султан мне сказывали; Абулхаир-хан-де отдал сына своего, а мы того не желаем, отдав детей своих, в подданстве быть русакам… четвертое, живет ныне Карасакал у них же, Абулмаметя и Барак салтана, и от всех добрых дел отговаривают они народ, что Абулмамет и Барак, Батыр салтаны и Карасакал, четверо советуют единогласно, чтобы зюнгорским калмыкам отдать детей своих и давать дани и отврасчают свой народ от Вашего и.в. подданства…».
Қазақ пен қалмақ өз ара келісе қояды ғой деп жоспарламаған Ресей осы кезде абдырап қалды. Қалдан Серен қазақ және қалмақ саясатына жауап беретін орыс командирлерінен көрі, ақылдырақ, айлалырақ мемлекет басшысы екенін дәлелдеді. Қара қалмақтың ықпалымен Қазақ Ордасы Еділдің құба қалмағымен екі арада елші жүргізіп, тіпті ел басшылары арасында құдалық мәселесі талқылана бастады.
Осы келіссөздер туралы 1742 жылы қаңтарында Орынбор комиссиясының экстрактында жазылған:
«15 числа вышеобявленной порутчик Ураков, бывши в Киргиз-кайсацкой орде при Абулмамет хане, на посланной к нему указа и притом к оному хану обьявительный лист о поределении генерал-лейтенанта Соймонова в Оренбургускую комиссию главным командиром от 30-го ноября прошлого 1741 года доносил, что оной хан, получа ту грамоту, неколько радовался и желает ево, генерал-лейтенанта, видеть.
Киргис-кайсаки-де с калмыками мир учинили в такой силе, что им даже до того времени, как родившейся в том году младенец возрастет и на конь сидят, ссор не иметь. А калмыцкая ханша к нему, Абулмамету-хану, присылала сватов и сватали у него племянницу ево родную. Токмо хан на то им сказал, что ежели ханша отдаст прежде дочь свою за сына ево, то и они дадут, по которому они от него, хана, и отпусчены с таким намерением отдаст ли оная ханша дочь свою за сына ево или нет…».
Жоғарыдағы мәтінде айтылатын Қарасақал башқұрт елінің ХУІІІ ғасырдың 30-шы жылдарының соңындағы орысқа қарсы көтерілісін басқарған қаһармандардың бірі. Көтеріліс жеңілгеннен кейін қазақ арасына қашып келіп, қазақ саясаткерлерінің ықпалымен Сына батыр, яғни Шуно Дабо атанып жүрген. Қарасақалды қазақтан қалмақ жағы да талап етеді, оларға да қазақ даласында өзін Сына батырмын деп жүрген адамның аса керегі жоқ екені белгілі. Сына батыр тірі екен деп қазақ даласына Барғай ноян бастаған бірталай адам қашып та кеткен. Ресей мен қалмақтың қазаққа қарсы бір саясат ұстауына мүмкіндік беретін жері осы Қарасақал мәселесі. Басына үлкен, ақша тігілген башқұрт көтерілісшісін қорғап қалу қазақтың ол заманда дегдарлық, ер мінезділік қасиеттері көп болғанын көрсетеді.
Осы сияқты толып жатқан жоспармен 1742 жылы қыркүйек айында Ор бекінісінен Жоңғар билеушісі Қалдан Серенге кездесемін деп майор Миллер бастаған елшілік шықты. Жалпы жұртқа Абылайды қалмақ тұтқынынан құтқаруға бара жатырмын дегенімен К.Миллер елшілігі мақсаты да, мүддесі-де бөлек. Жайық өзенінен түн ішінде қайықпен өткен Миллер мен оның серіктестері сол жағалауда тұрған Әбілқайыр мен оның ұлы Ералының қостарына жолықты.
Миллердің қолында патша, ағзаманың хаты болған жоқ, тек Неплюевтің Қалан-Серенге жазған сәлемдемесі. Қыркүйектің 8 -күні уақ Сары-Баянның ауылынан аттанып найман Боқай батырдың ордасына келген Миллер Әбілмәмбет хан пен Барақ сұлтанның Қалдан Серенмен келісімге келгенін, екеуінің де балаларын аманатқа бермек болғанын естіді.
К.Миллерге қайта-қайта әр нәрсені сылтаулап келіп жүрген найман Қожакелді мен Боранбай батырлар, үйсін Тоқтабай, қаракесек Жарылғап батыр мен Жанжігіт батырлар Ералы сұлтан болмағанда К.Миллерді шекарадан асырмаушы еді. Қыркүйектің 23-і күні Батырбайдың ауылында бірсыпыра батырлар мен билер басын қосып К.Миллерден жауап алды: «все меня спрашивали, зачем я еду, которым я обьявлял, как вышеписанным, и было у них везде немалое собрание, и присоветовали между собою, чтобы нас не пропустить, а простой народ все приговаривали, чтобы нас разграбить, токмо старшины их до того не допускали» .
Қыркүйектің 24-күні Ералы сұлтан келіп Барақтың кейін хабарласпақ болғанын айтып К.Миллердің аман-есенінде Жоңғарияға тарта беруін өтінді. Қалдан Сереннің қазақ арасында жүрген елшіліері Қашқа мен Бараң да бірге жүретін болды. Сонымен жанында жолбасшылыққа алған Шақшақ Жәнібектің немере інісі Байқұлақ батыр бар, өзінің Орынбордан бірге келе жатқан казак-орыстары мен хатшылары бар К.Миллер қазақ-қалмақтың шекарасынан асты.
Бұл кезде Нияз аталық Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейізді, ақ үйлі аманатқа алып Жоңғарияға барған еді.
1742 жылы күзде Түркістанда болған Неплюевтің елшілері тілмаш Уразин мен вахмистр Лихачев Әбілмәмбет ханмен, Барақ сұлтанмен бірнеше рет кездесіп қазақ және қалмақ арасындағы келісімсөздерге әсер ете алмады: «Однако он, Абульмамбет хан, на все на то несмотря и не послушав чиненных ему от помянутых переводчика и вахмистра наисильнейших представлений, и по много имевшимся секретным советом з бывшими при нем зюнгорским посланцами и с некотороыми киргизскими старшинами, а наипаче с Нияс батырем, Девлет-беем да Шамратом, которые и напередь сего лежащих около Ташкента городков дань обирывали, отправил ко оному зюнгорскому владельцу меньшого своего сына Абулфеиза с помянутым старшиною Нияс-батырем, кой, как сказывают, паче всех ево ханским духом владеет…».
Бұл шешімнің оңайға тимегенін толып жатқан деректер арқылы анықтаймыз. Ресейдің қазақ саясатына жауап беретін бірден бір басшысы И.Неплюев қайткен күнде-де қазақ аманатын Жоңғарияға жібертпеңдер деген тапсырмамен келген екі елші екі жақтан Әбілмәмбетке 1740 жылғы кезедесуді, Ресеймен екі арадағы келісімді, антты айтып қоймады дейді. Мінезі салмақты, тіпті жуас деуге келетін, қызбалығы жоқ Әбілмәмбет бір күні елшілердің шектен шыққан ызыңын естуден жалығып, өзі-де ойына келгенін іріккен жоқ:
-«Сендер қайта -қайта антты айта бересіңдер. Ең бірінші Ресейдің өзі антты бұзды. Кеше бізді қалмақ „Сүзекінің қолы“ болып үш жақтан шапқанда бекіністерін бекітіп алып неге қарап отырды? Бутурлин қалмақ елшілеріне біздің Орта жүзбен ешқандай арада келісім жоқ, қалай шапсаңыз солай шап, — деп ант бергенін неге жасырасың… Ор кездесуінде князь Урусов бізге, біз оған көмектеспек болғанбыз, сол уәде қайда? Сендер антты айтасыңдар… Керек десеңдер біз сол антқа сеніп қалмаққа қарсы дайындалмай қапы қалдық…Абылай сұлтан да қаперсіз, бүркіт салып жүріп қолға түсті…Біздің бала сол сендердің кесіріңнен тұтқын болып жатқан Абылайдың орынына барады»,-деді.
Орталық Азияның екі жауынгер елін бір-біріне қарсы салып қойып қызықтап отырмақшы Ресейдің амалы таусылды. Ел тізгінін ұстаған азаматтар орыс саясатының мәнін түсінді-де, оған қарсы тұрудың бір амалы қазақ пен қалмақтың әскери одағы мен ынтымағын күшейтуге кірісті. Қазақтан беті қайтқан И.Неплюев енді Сібір губернаторы арқылы Жоңғарияға хабар салып әскери одақты болғызбауға кірісті, ол үшін бірдеңе қылып Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейізді Жоңғар ұрғасында қабылдамау керек… Жетісуда Сары Мәнжіден аса алмай жатқан К.Миллерге-де үстеме тапсырмалар жіберілді.
1742 жылғы қалмаққа «ақ үйлі аманат» беру қазақ-қалмақ арасын бірер жылға реттеген жақсы қарым-қатынастың басы болды. Екі арадағы бейбітшілікті пайдаланып қазақ көші Шар-Құрбан бойына, қалмақ шекарасына жақын қонды. Екі елдің ханзадалары жаз күндері бір-бірімен араласып, сауық-сайранды бірге құрды. Шекара алқабында сауда-саттық та жанданып, елдің дәулеті өсе бастады. Орынбордан К.Миллер басқарған елшілік болса Қалдан Серенге жолыға алмай, Ұрғадан 300 шақырым жерде ошарылып жатты. Елшілікке жол бастап келген шақшақ Байқұлақ батырды қалмақтар әр нәрсені сылтау қылып осы жерде К.Миллердің көзінше өлтірді.
1743 жылы мамыр айында Қалдан Серен Абылай сұлтанды тұтқыннан босатты. Екі жыл бойы қазақтың бетке ұстар басшысы қалмақтың қолында кіріптар болды. Қалданның қазақ төрелерінің ішіндегі ең ақылды, ең айлалы, ең батыл өкілін қасына ұстап отырып, босатып жіберуінде не сыр бар? Қалдан да осал басшы емес. ХҮІІІ ғасырдың 30-40-шы жылдары одан асқан Орталық Азияда билеуші болған жоқ. Қазақтың ел болып тұрғаны, татулығы, қысылғанда қол үшін бере ме деген үміт бәрі Қалданның ойында бар. Қалдан Сереннің Әбілқайыр ханға «Сен, Әбілқайыр, ақ патша ханымның алдында тізерлеп отырсаң маған жаусың. Қазақ пен қалмақ ақ тұйғын сұңқар құс, ол екеуінің қарғаның алдында тізерлеп отырғаны жұрттың алдында ұят, біздің жұртымыз өзіне өзі бек, олардың жұрты арбасын сүйреткен дөңбек. Егер орыстың астына тығылсаңдар, сендерді, қазақтарды, біздің қалмақтар күн құрғатпай ұрып отырады» хат жазатыны сол себепті.
Әбілпейіздің Шығысқа аттануы
1745 жылы ұлы қонтайшы Қалдан Серен мезгілсіз, жұмбақ өліммен қайтыс болды. Жоңғария ұзаққа созылған, ақыры мемлекетті құртып тынған ауыр дағдарысқа түсті. Бұл оқиға қазақ сияқты қалмақпен тығыз араласқан, ішкі-сыртқы жағдайын жақсы білетін ел үшін естен кетпес сабақ алатын оқиға еді. Осы дәуірдің шежіресі Бұқар жыраудың толғауларынан нақты көрініс тапқан:
Кіші қара қалмақ бүлерде,
Бозылардың билігі,
Бұлт бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірі-бірін күндесті.
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса бәрі оңбас,
Ханын қалмақ жаулаған,
Сүйткен қалмақ оңбаған,
Сол қалмақтың жері еді ау,
Үш Қарқара, Көктөбе,
Ит те ұлып қалмаған.
Атақты қонтайшының орнына зайсандар 1746 жылы ортаншы ұлы Сыбан Доржыны (Әжі хан) отырғызды, оны 1750 жылы Қалданның үлкен баласы Лама Доржы өлтіріп, билікті қолына алды. Лама Доржыны 1753 жылы қаңтар айында Лабашы (Даваци) өлтіріп хан атанып еді, көп ұзамай 1755 жылы Шығыс Түркістанда Қытай қолына түсіп, бір жылдан кейін өлтірілді. Одан кейін 1754 жылы Лабашыдан қашып Қытайға кеткен, ол жақтан Қытайдың әскерін бастап әкелген Әмірсана 1755 жылы елін қырып-жойып бара жатқан Қытайға қарсы көтерілісті бастап 1756 жылы Боротола деген жерде қонтайшы сайланды. 1756–1757 жылдары бірнеше рет Абылайға қашып келіп, ақыры 1757 жылы Тобольскіде сүзектен өлді.
Осы оқиғалардың бәрі қазақ азаматтарының көз алдында болып жатты. Жоңғариядағы азамат соғысынан әбден зәрезап болған бейбіт ел қазақ жеріне, Оңтүстік Сібірге, одан асып Еділ бойындағына, ағайындарына қарай жаяу-жалпы шұбырды. Жоңғариядағы азамат соғысына араласқан, 1756–1757 жылдары Жоңғарияны баса-көктеп енген Қытаймен айқасқан қазақтың ел басылары Қытаймен келісімге келген 1757 жылдың күзінде Түркістанда жиналды. «Егер шүршіт келмесін, егер шүршіт қаптаса, Алып бір кетер, ақтарып, көмулі көрден денеңді» деп қазақтың сәуегейі Бұқар жырау жырлаған шүршіт қаупін қайткен күнде-де сейілту керек еді. Бұрынғыдай екі ортада қалқа болып тұрған қара қалмақ жоқ, алып империямен екі арадағы ірге жалаңаш қалды. Бір жағынан өңмеңдеп, баса-көктеп келе жатқан Ресей отаршылдығы алаңдатса, енді оған шығыс шекарадан улы тілін жалаңдатқан Қытайдың айдаһары қосылды.
Жаугершілікке толы ХУІІІ ғасырдың 50-ші жылдарында Түркістан аймағына Әбілмәмбет ханның ұлы Болат сұлтан мен аталық Нияз батыр иелік жасады. Қазақ басшыларының кеңесі Әбілмәмбеттің ордасы аталатын, Йассауи кесенесіне жақын орналасқан үлкен құрылысты -хан сарайында өтті. Хан кеңесінде талқыланған мәселелердің бастысы Әбілмәмбеттің бел баласы Әбілпейіз сұлтанды қалмақтан босаған ұлан-байтақ кең алқапқа басшы қылып тағайындау болды.
Кезінде өзі аманатта отырған қара қалмақтың жұртына иелік жасау Әбілпейіздің пешенесіне жазылыпты. Шар Құрбанның бойында ұйлығып, әрі баруға Қытайдан қауыптеніп отырған қалың найман мен абақ-керейді бастап Алтай мен Тарбағатайды игеруді кеңес Әбілпейіздің жауаптылығына жүктеді. Тәшкент пен Түркістан арасынан аса алмай отырған Ұлы жүздің үйсін-дулаты Жетісуға қайта қоныс салуға асық, олардың көштеріне-де басшылық керек. Әбілпейіздің негізгі міндеті осы елдерге қорған болу, шаруашылығын жүргізу, көрші мемлекеттермен шекараны реттеу.
Түркістандағы жиын осылайша Әбілпейіз сұлтанға тапсырманы үйіп-төгіп беріп жатқан уақытта Нияз аталық:
-Әу, халайық, арыстандай азаматты айдаһардың аузына жұмсап отырмыз, кім бұған жат жерде жанына сүйеніш болады?- деп көпке сауал тастады дейді.
Осы жиында отырған қалың найманның бетке ұстар азаматтары-Ботақара би, Боранбай би, Сырымбет би, Қыстаубай би, Толыбай батырлар, «біз бар емеспіз бе, екі тізгін, бір шылбырды бердік қолына» деп өре түрекеліпті.
-Шеттегі ауыл көшсе, ортадағы ауыл шет болады, Шеттегі ауылда арқасы жауыр болмаған, ортаға қонып, ауыл болуға жарамайды. Біз бір Аллаға сиынып ата қонысымыз Алтай мен Тарбағатайды бауырлай қонуға бел будық. Хан ием, Әбілпейіз сұлтан жерім-елім дейтін болса, біздің жанымыз ханзаданың алдында құрбандық,- деп найман билерінің ішіндегі үлкені Ботақара би мойнына кісесін салып жіберіп елдің алдына шықты. Жиынның ортасында бір шоқ боп отырған найманның ел, ағалары мойындарына кіселерін салып, Әбілмәмбет ханның алдында жүгініп отыра кеткенде жиналған қамкөңіл қазақтың бәрінің де көңілі босап, көздерінен жас ыршып кетті.
Осы жиында бас қосқан ел, ағалары, ақсақалдар Әбілпейізге ауыр міндет жүктеді:
-Сұлтан ием, бізге дейінгі қариялардан қалған бір сөз бар, ел билеймін десең ішің толған бауыр болсын, арқаң тесік жауыр болсын, құлағыңның түбінен сыбыр кетпесін, ордаңның сыртынан дүбір кетпесін деген. Осыған шыдасаң ғана ел басқарасың. Құдайға шүкір, саған тұғыр болатын қалың елің бар, садағын сағымға ілген, ақсүйек тегің бар. Атағы әлемге жайылған Қасым ханнан қалған қазақтың найзамен сызып берген шекарасы бар. Сен қазақ жұртының Алтайдан бастап Алатауға дейінгі ұлан-байтақ ата қонысын қайтаруға аттанып барасың, сен ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті жұрттың иесі боласың. Жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын,-депті аталық.
Хан кеңесі Өмірзақ мырза қарамағындағы қоңсы ауылдарымен қосқанда мың шаңырақ аталық әулетінің Мамадайыр, Мамашық тобы мен бес жүз үй Абақ-Керейді Әбілпейізбен бірге аттандыруға шешім қабылдады. Әбілпейіз сұлтанға қызмет істейді, өлімге жұмсаса да қияметте сұрауы жоқ,-деді.
Осы оқиғадан кейін оншақты ұрпақ ауысты, қазақ талай аумалы-төкпелі заманды бастан кешірді, қара шыбындай қырылған кездері болды, бірақ Әбілпейіз соңынан еріп төлеңгіт атанып Шұбартауға кеткен Мамадайыр, Мамашық тұқымдарының арасында «бұл елдің бірлігі үшін керек» деген сөз мәтел болып сақталып қалыпты. Осы әулеттің үлкендерінің бірі Берікбол Ботайұлы шежіре жазбасында «ескіден сақталған, атадан балаға айтылып келген деректер бойынша, бізді төлеңгіт руы деген сөздің мүлде теріс екенін білетінбіз. Бірақ Арғын атамыздан бастап кейінгі аталарымызға дейін біле тұра „неге осылай аталып жүрміз?“ деп ойлайтынбыз. Үлкендер болса „бұл елдің бірлігі үшін керек“ дейді-де қояды» деп жазыпты.
Шығыс өңірге аттанып бара жатқан Әбілпейізге Әбілмәмбет хан өзінің сенімді төлеңгіттерінен Жаназар батырды бас қылып бірнеше ауыл береді. Олардың ішінде шыққан тегіне қарасаң қалмағы басым, бірақ арасында қырғызы, татары да бар, бірақ олардың бәрінің басын қосатын бір қасиет, ол қазақтың төре тұқымдарына шын ниетімен, адалдықпен қызмет жасау. Осылайша «Өмірзақтың дәулетіне, Жаназардың қуатына жиналған ел» көп заман Әбілпейізге-де, оның балаларына да, тіпті немерелеріне-де қызмет етті. «Өмірзақ балалары, Ақжігіт, Жанжігіт, Байжігіт батыр болып өскен екен,-дейді шежіреде. Бір жолы әкелері жолаушылап кеткенде балалары елді шауып аламыз деген жауларға қарсы шығыпты, жауды қуып кеткен аз ғана қол болса керек. Балалары содан хабарсыз кеткен. Өмірзақ ата балаларының кеткен бағытымен іздеп шығып, содан оралмаған. Сол жақтан елге Ата өз ажалынан қайтыс болды деп хабар келіп, елден кісілер барып, жерлеп қайтыпты деген сөз бар»- дейді Берікбол Ботанұлы. Қара басының қамын кейінге қалдырып, төре әулетіне, яғни қазақ мемлекетіне қызмет жасаған осы азаматтардың арқасында ұлан-байтақ Алтай, Тарбағатай, Жетісу Қазақ хандығының құрамына енді.
Мамадайыр, Мамашықты Әбілпейізге төлеңгіт қылып қосып жіберу Арыстан аталықтың қара шаңырағына ие болған Барқы балаларына да оңай болмаса керек. Заманында Нияз аталықпен бірге жүрген, үзеңгілес досы және інісі Итқара батырдың тұқымы Қаңтарбай батыр қайтыс боларында баласы Исаға Мамадайыр—Мамашықты іздеуді өсиет айтып кеткен екен. Иса Қаңтарбайұлы 1897 жылы Шұбартау төлеңгіттерінің ел, ағасы болған Өмірзақ тұқымы Оспанқұлға жазған хатында осы мәселені, аңғартады: «Қаңтарбай биыл рамазан шәріпте дүниеден қайтты. Бұл кісі өлерінде бізге насихат етті, Қарқаралы дуанында Мамадайыр, Мамашық біздің тұқым деп. Осы сөз нұсқасымен Оспанқұл мырза сізге хат жазып отырмыз…». Шамасы қара шаңыраққа ие болып қалған Барқының есті балаларының ішінде Мамадайыр—Мамашықтың елден жырақ кетуіне өздерін кінәлі сезінгендей бір сезім болған. Исаның хат жазар уақытындағы статистикалық деректерге қарасақ Барқы тұқымынан Ортау-Ақтауда 1500 дей үй болса, Шұбартаудағы Мамадайыр—Мамашық 1000 үйдің мұғдарында.
Бұл әңгімені Құрбанғали имам былай әңгімелейді:
«Абылай өлген соң найман еліне үлкендік айтар кісі қалмай бірін-бірі шауып, талап әбігерге ұшырап, ақыры үлкендер жиналып, біреуге билікті бермесек болмайды екен десіп, негізгі орталықтан бір ханзада әкелмесек болмас деп сыбан Ботақара би, мұрын Боранбай би, Қожамбеттен Сырымбет би, қыржыдан Қытсаубай би, Байсиықтан Толыбайлар барып… Әбілмәмбет хан шақырылды. Ол кісі мен сындарлы жасқа келіп қалдым, ата қонысты тастап кету маған лайық болмас, ұлым Әбіл Файызды апарып хан көтеріңіз деп, бала әлі балиғатқа жетпеген жас екен, ғұрып бойынша бесік керті (атастырылған қалыңдығы) Бөкей ханның қарындасы, Әбілқайырдың Нұралы деген ұлының қызын бірге ұзатып әкеткен. Әбіл Файз сыбан еліндегі Байқара би ауылына қоныстанады. Шыңғыс тауы етегін мекен-жайлау етіп, қос өзен бойында салған мешітінің негізі 1860 жылға дейін бар болған. Имамы Аюб қожа ишан болып оның әулеті бүгіндері Мұрын елі ішінде. „Ханым патша мешіті“ дейтін Қызыл шілік дейтін жерде орыны бар».
Бұл шежіреде бірсыпыра қателіктер бар. Мысалы наймандар Әбілмәмбетті сұрай барды дейтін әңгіме, шын мәнінде олар Түркістанда отырған қазақтың ұлы ханы Әбілмәмбеттен оның балаларының бірін сұрап барғаны сөзсіз. Түркістандағы жиында Хан кеңесінің Әбілпейізді найман мен абақ-керейге бекітуінің де себебі түсінікті, бұл елдер Шығысқа қарай жылжыған қазақ көшінің басында тұрды, яғни стратегиялық бағытта. Ендеше ол жерде елді басқара алатын, ұйымдастырып еншісін алып беретін текті сұлтан керек. Бұл шаруа аталықтар әулетінің қатысуымен болғаны Әбілпейізге еріп келген елдің құрамынан-ақ көрінеді. Әбілпейізбен бірге хан ордасының маңындағы мамашық, мамадайырлардың еріп келгені бұл шешім Нияз аталықтың ақылымен болғанына күмән тудырмайды. Арыстан аталықтың тұқымының бір бұтағының «төлеңгіт» атанып кететіні-де осы кезеңде. Қазақ қашанда хан сарайы маңындағы, ұлыс қызметіндегі, төре соңындағы елді төлеңгіт атайды. Әбілпейіздің келгені қазақтың найман мен абақ-керей қоныстана бастаған Шығыс өлкесіне үлкен қайрат бітіріп, елдің берекесі қайта түлеп, басы қосылып, жігерленіп Алтай етегін түгел иемдене бастады.
Әбілпейіздің ел билеу саясаты
Әбілпейіз шығыс өңірге ие болған уақытта қазақтың шекарасы Шар Құрбаннан аспаушы еді, сұлтан келгеннен кейін бұл шекараның бәрі-де өзгерді, қазақ шығысқа қарай ентелей жылжып, Тарбағатайды, Алтайдың екі қапталын түгелге жуық игерді. Құрбанғали имам «Тауарих хамсада» бұл оқиғаларға жақсы көңіл бөлген: «Әбіл Файз келуімен наймандар жаппай бұған ергенде, аз уақыт өтпей төрелер-де (ақтулылары) қосылып, заманында ел Құлжа, Шәуешек қолтығына дейін, Жайсаң көлінің жоғарғысы Маңырақ, Сауыр, яки Сайқан тауларына дейін, Ертістен өтіп Алтай етегіне дейін барды. Әулеті Қытайға еріп уаң, күн мансаптарын алды, кейіннен Ресей ықпалына өтіп, біраз ел Қытай панасында қалды» дейді. Бұл қысқаша әңгімеден, аңғаратынымыз наймандар мен абақ-керейдің шығысқа қарай сұғына жылжуы осы Әбілпейіз басшылық еткен заманда болған оқиға, яғни ХУІІІ ғасырдың 60–70 жылдары.
Әбілпейіздің жүргізген саясаты ру-ру болып шашылып жүрген елдің басын құрап, оларды ұлыстық жүйеге, хан-сұлтан билігіне көніктіру. Тек басы құралған ел ғана қалың Қытай мен жауынгер қалмақтың арасынан ойып өзінің үлесін алады. Ру-руға өз баласынан сұлтан сайлағанда да Әбілпейіз көп шаруаны ойланып істейді. Мәселе тек жасөспірім баланы өзге елге сұлтан қылып жібере салуда емес, оның жанында қосшы -қолаңы, ақылшы серіктері, көмекшілері, қараша халқы болуға тиісті. Сонымен бірге дін ісін жүргізетін молдасы, қағаз ісін жүргізетін хатшысы болуы міндет. Мысалы Әбілпейіз сұлтан абақ-керей елі балаларының бірін төрелікке жіберуді өтінгенде өзінің қырғыз әйелі Тұмар ханымды үш баласымен аттандырады. Сол кезде Көгедай 12 жаста, Сәмен 10 да, Жабағы 8-де екен дейді. Тұмар ханым жалғыз келмей бір молда, бір қожа, қырғыздан үш үй-жиыны алты үй әкеледі, олардан басқа Әбілпейіз тұқымының әр қадамын қолдап отыруға тиісті хан ордасында шоқтай болып отырған аталық-төлеңгіттің бірнеше ауылдары бірге аттанған.
Міне, Шығысты қайтарып алу жолында жасалған қайратты қадамдардың бірі, осыдан кейін Әбілпейіз сияқты сұлтандарды «ұябасар тауықтай, көзге түсерлік ісі болмады» деп айтуға болмайды. Көзге түсерлік ісі-сол заманда қазақ ортасында билік құрған азаматтардың артында қалған -ұлан-байтақ жер, қазақ болып өсіп -өнген ел. Осы ел Қытай сияқты алып империяның қаһарынан қалған қазақты әлі-де қорғап тұрғаны сөзсіз. Бүгінгі күні Шығыс шекарада жалаңаш қалған ауылдардың орындарына қарап отырып тым алыс емес ХУІІІ-ХІХ ғасырлардағы Алтай мен Тарбағатайды бауырына басқан қазақтың жанқияр ерліктері еске оралады. «Жер мемлекеттің негізі емес пе» деген Мөде сөзі осы оқиғаларға арналғандай.
Әбілпейіз сұлтан ХУІІІ ғасырдың ең басты оқиғаларының басы -қасында жүрді. Орта жүздің шығыс қапталына алдымен Шұбартауға, кейін Шыңғыстауға орда тіккен Әбілпейіз қазақтың найман мен абақ-керей тайпаларының Алтай мен Тарбағатайға жылжыған қадамдарына жетекшілік жасау үшін Қытай басшылығымен тұрақты қарым-қатынас орнатты. Қытай тарихшысы Сунь Юнь «Батыс шекараны басқару жөнінде қысқаша мәліметтер» атты жинағының 12 томдығында «Қазақтың қайнар бұлағы» атты арнайы бір тарау берілген. 1802 жылы жарық көрген бұл кітаптың ерекшелігі-авторы сол заманда өмір сүріп, саяси оқиғаларға өзі-де қатысып, қолмен қойғандай айтады, сол заманның тірі куәгері десек те болады. Сунь Юнь Әбілпейізді «оң топтың" яғни Ұлы жүздің билеушісі деп атайды. Ол бір жағынан Шыңғыстау, одан әрі Тарбағатай өлкесінің Жетісумен жалғасып жатқандығында болса керек. Оның үстіне Әбілпейіз қарамағындағы найман руларының біразы Жетісудың шұрайлы өлкесіне қонып жайлады. Осы себептерге байланысты Әбілпейіз өзінің ішкі саясатында Абылай өзінің Әділ сұлтан бастаған ұлдарын Ұлы жүз қазақтарына төрелікке бекіткенге дейін, „оң топ“ қауымдарына да қамқорлық жасап отырғаны сөзсіз. Оның бір көрінісі Қытайға Ұлы жүз атынан жіберген елшіліктері, қазақ пен қырғыздың арасындағы жер дауына, жаугершіліне қатысы, сауда орындарын ашу үшін күресі. Әбілпейіздің ХУІІІ ғасырдың ең бір күрделі тұсында Ұлы жүзге жетекшілік жасағаны туралы деректерді Шығыс өлкені қоныстанған рулардың құрамына қарап та айырамыз. Қырғызбен соғысып 18 жыл ұстасып Бердіқожа батыр да Әбілпейіздің заманында шанышқылы елінің бірер атасын ертіп Шыңғыстауға келді. Бір жағы Дуана тауы, бір жағы Көшетау, сол арадан, ағатын Дағанделі өзенінің бойында Бердіқожа батырдың кесенесі әлі тұр. Ұрпақтары Шығыс Қазақстан облысның Аягөз, Ұржар, Күршім ауылдарын мекендейді. Абақ-Керейге қосылып Қытай асып кеткендері-де бар.
Әбілпейіз балаларының көбі 40 жыл отырған Шыңғыстаудан шығысқа қарай Шар Құрбан, одан Тарбағатайға қарай найман-керей елдерімен бірге жылжыды. Капитан Андреев Ертіс жағасында Аблакет өзенінің бойында Ошақты үйсіннің бірер ауылы отыр деген, ақпарат береді: „Волость учаклы-усюнская. Старшина -Койля. Кибиток 40, людей до 100 человек. Лошадей до 2000, рогатого скота до 700, баранов до 3000. Сия волость отшельцы Большой орды от волости усюнской, которая находится за городом Туркестантом; вышли к своим родственникам в то время, когда калмыки сошли в российскоре подданство, чему уже 250 лет. Кочевья имеют в вершинах речки Аблакетки, на которой стоит древний калмыцкий город Аблакет. Лошадей и скота частью содержат и при своем кочевье“. Қазақтың Шыңғытаудан шығысқа қарайғы ұлан-байтақ таулы өлкесінде осы шанышқылы мен ошақты сияқты Әбілпейіз заманында қоныс алып
»Қазақтың қайнар бұлағында» Сунь Юнь «оң топ қазақтарының ханы Әбілпейіз сол күннің өзінде-ақ Цинь патшасы Еженханға хат жазып, көп тарту-таралғымен елші жіберді. Ол хатында былай деп жазылған: ««Қазақтың оң тобы мен сол тобы терезесі тең халық. Оның ханы да Абылаймен бір-деңгейдегі хан. Енді Абылай хан бағынып ел болған соң сіз мәртебелі ханымызға біздің де ел болып бағынғымыз келеді…». Жылы сөзбен жазылған шынайы тілекке риза болған хан келген елшілерді ілтипатпен қабылдап, салтанатты қонақасы береді. Әбілпейіздің түпкі ойы қайткен күнде де Жоңғариядан босаған шұрайлы өлкені қазақ меншігінде қалдыру болғанық, сонымен бірге Түркістан сияқты қалалық алқаптан ажырап кеткен қазақтың шығыс бөлігіне Қытаймен екі арада сауда қарым-қатынасын ашу. Бірақ Қытаймен келіспес бұрын Ресеймен ара-қатынасты жөндеп, екеу ара сауда қарым-қатынасын ашу мақсат. Сонда ғана екі империяның ортасындағы елде тепе-теңдік болмақ.
Әбілпейіз сұлтанның Семейді қалаға айналдыруы
Осы саясатпен Әбілпейіз сұлтан өзі Шығыс өлкеге келген күнінен бастап Семиполат бекінісінен Ресеймен екі ортада сауда жүргізетін орталық ашпаққа ниеттенді. 1760 жылы Сібірдің шекаралық басшыларына Семейде сауда орынын ашу қажеттілігін айтып өз қоластындағы билерді жұмсады. Олар өз бетімен бұл мәселені шеше алмаймыз деген соң осы жылы Әбілпейіз Бекмырза мен Құдайберген батырларды Санкт-Петербургке патшаның өзіне елшілікке аттандырды. Шыңғыстау маңындағы Орта жүздің қазағына да, одан әрі Жетісуда қоныс сайлаған үйсін-дулатына да Орынбор қаласы бір қиыр шет. Патша өкіметіне Абылай хан өтініш жасап ашқызған Троицк -Үй жәрмеңесі-де бұл жақтың қазағына алыс, үш жылда бір рет барады. Әбілпейіз император Петр Федоровичтің атына 1762 жылы 21 қаңтарда жазған хатында өзінің ұлы бабасы Тәуке ханның заманында орыс пен қазақтың арасында сауда жүргенін, осы жолы ұстанған Әбілмәмбет ханның да кезінде патша, ағзамға бірнеше рет қарым-қатынасты дамытуға тілек білдергенінен бастайды. Бірақ қалмақпен, шүршітпен соғыстар килігіп екі арадағы сауда қарым-қатынастары кешеуілдеп қалды дейді Әбілпейіз өзінің хатында.
Сонымен Кіші жүзде болған уақытымда, қайын атам Нұралымен, ақылдаса отырып осы елшілікті аттандырдым дейді шығыс өлкенің билеушісі: «И хотя Средней Орды ведомоства Аблай солтана аргинцы торг свой с их пользою в Троицкой крепости производят, токмо оная Троицкая крепость от народа нашего весьма удалена, в которую народ наш за дальностью в три года только единажды ездят и торгуют, а протчей наш Средней орды народ, а имянно найманцы и уйсюнцы и вся Большая орда, в той Троицкой крепости производить и не могут. Того ради двору вашего и.в. о том всеподданейше доношу и прошу высочайше и всемилостливейше повелеть народу нашему трог производить в состоящей поблизости кочевья нашего Семиполатной крепости».
Әбілпейіз Ресей патшасына өзінің Семейдегі сауданы тікелей қадағалайтынан, егер сауда орталығы ашылып, оған Ресейден саудагерлер келген жағдайда әкесі Әбілмәмбетпен келісіп оңтүстіктен керуен келтіретінін уәде етеді: «когда в той крепости Семипалатинской торг производить указано будет, то понеже отец мой Абулмамет хан находится в Туркестанте ханом, чрез которого б и тому торгу из Туркестанта, Ташкента, Кашкарии и Яркента ездящим купцам весьма имело быть полезно».
Семиполат бекінісі ерте заманда, торғауыт батысқа қарай жаңа ғана жылжыған уақытта Ертістің оң жағасында ламаистік пұтхана болып салынған жеті құрылыс еді. 1718 жылы Ертістің оң жағалауын, ақырындап игере бастаған орыстар осы пұтхананың орынына бекініс көтере бастады. Әбілпейізге дейін Семипалат атанған осы бекініс тек әскери қызметті ғана атқарып, Ресейдің Шығыс өлкеге бағытталған саясатының тірегі болды. Семейдің сауда орталығына, қалаға айналуы Әбілпейіздің патша өкіметіне жазған хатынан өз бастауын алады. Қазақтың белгілі тарихшысы Ж.Қасымбаев та «История города Семипалатинска» кітабында оы мәселені арнайы көтермегенімен Әбілпейіздің қызметін ерекше атаған еді: «даже основание менового двора в Семипалатинской крепости было предпринято не только по инициативе русского купечества, но и по просьбе султана Абулфаиза, который управлял богатым и многочисленным поколением Среднего жуза». Біз Әбілпейіздің тек Орта жүз қазағы емес, жалпы Шығыс алқапқа қоныстана бастаған қазақ баласының қамын ойлағанын жоғарыда дәлелдеген сияқтымыз. Әбілпейіз сұлтанның замандасы, оны бірнеше рет көрген, тілдескен, Семиполат бекінісін салушы капитан Андреев те қаланың тарихында сұлтанның орыны өте маңызды екенін ескертеді: «Сказанный выше сего Абульфеис-салтан, как в просьбе своей изьяснялся, исполнил, ибо весьма довольно в бытность свою приохотил выходить в Семиполатную купеческих ташкентских и бухарских караванов, коих и приказывал препровождать всегда знатнейшим старшинам или же своим сыновьям, в рассуждении том, что многие киргизские начальники, коих они называют „тюрями“, ходящие караваны по необузданной своей вольности разбивают и разграбливают, от чего в коммерции чинилось великое помешательство».
Әбілпейіздің қолдауымен Семей жылдам көтерілді. Егер 1765 жылы Семей бекінісіне 120 қазақ саудагері келсе, он жылдан кейін оның саны 200 ден асып жығылады. Тез арада Семейде жиналатын баж (кеден) салығы жүздеген есе өсіп 14741 рубльге жетті, осы кезде Өскемен бекінісіне түсетін баж салығының көлемі бар болғаны 1051 рубль еді, ал Омбыға түсетіні -509 рубль. Осы көрсеткіштерден-ақ Семейдің әскери бекіністен азаматтық қалаға айналуы Әбілпейіздің көзі тірісінде болғанын анықтаймыз. Шіркін, Семейдің халқы осы сұлтанның атын қазіргі күні біле ме екен деп ойлайсың, білсе Әбілпейіздің атына берілген көшесі қайда, ескерткіші неге алдыңнан шықпайды?! Өздерінің екі-үш атасынан басқаны білмейтін біздің жігіттерде мемлекеттік сана төмен-ау, сана болмаған жерде мемлекет мүддесі қайдан келсін? Қазақты ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда жеке республикаға бастаған Семей болса, Семейді «Ах-ау, Семей» қылған Әбілпейіз сұлтан еді ғой.
Әбілпейіз қазақ-қырғыз қарым-қатынасын реттеуші
Әбілпейіз сұлтан екі қапталындағы алып көршілерімен тіл табысудың, сауда жүргізудің мәселесімен басы қатып жүргенде, оңтүстік-шығыс шекара мазаны көп алды. Қазақ-қырғыз қарым-қатынастары осы кезеңде аса ушыққан жағдайда болғаны деректерден белгілі. Дау көбіне көп Жетісу өлкесіне қатысты туындайты. Орталық Азиядағы қалмақ гегемониясы кезінде Хиссар-Куляб асып кеткен қырғыздар Алатауға қайта оралып қазақпен бетпе-бет келді. Қазақ қырғызды Шудан асырмаймыз деп, олар болса Шудың екі жағы да біздікі деп, екі арадағы дау жанжал ондаған жылдарға созылды. Есім тұсында қазақ дәргейіне жығылып, Салқам Жәңгір ханның кезінде қазақты пана көріп, Тәуке хан заманында «Жеті Жарғыға» еніп қазақ қамқорлығында болған қырғыз елі ХУІІІ ғасырдың 50-ші жылдарының соңында мінез көрсете бастады. «Ақтабан шұбырындыдан» бастап ел басына түскен аласапыраннан әлі-де айықпай, алаш қауымына орталық болған Түркістанды қайта көтере алмай отырған қазақ елі-де көршілерін елдікке шақыруға шамасы келмеді.
1759 жылы қырғыздың мазасыз шабуылдарын тоқтатпақ болып Әбілпейіз сұлтан жанына Қырық сан Барақ сұлтанның ұлы Ханбабаны алып қалың әскермен Ферғана өңіріндегі қырғызды бағындырып, аманат алмақ ниетпен аттанды. Шабуын шапқанмен қырғыз, ноқтаға түспеді, біз енді Қытайдың боданына қараған елміз деп екі ортада қазақ-қырғыз мәселесіне Қытай төрелік ете бастады. Осы себепті 1760 жылы Әбілпейіз Абылай мен Барақ ұлы Ханбабамен қосылып Қытайға елшілік салды. Абылайдың сыртқы елшілік шаруасына жүретін көмекшілері Жолбарыс пен Орыс сұлтандарға қосылып Әбілпейіз атынан Құттыбай би, Аталай батыр Бейжінге аттанды. Мәселе Қытайдың көңіл ауанын білу, қырғыздардың қазақтың және бұхардың сауда керуендеріне қарақшылық шабуыл жасап, тонағандарын айту, шығынның орнын жабуды талап ету. Қытай біз қайткен күнде-де бұл шиеленісті реттейміз деп уәде берген жоқ, бірақ қырғыз елшілері келгенде «көрші ұлыстармен тату-тәтті өмір сүру керек екенін, заң ережелеріне мойынұсынып, қарақшылықты істетпеу керек екенін» жеткізбек болды.
Ресеймен, Қоқандпен, енді одан қалды қырғызбен жаугершілік жағдайында отырған кезде шиеленістердің алдын алмақ болып Әбілпейіз ордасында қазақ басшылары бірнеше кеңестер өткізді. Қазақ басшылары ең алдымен Қытайға алаң. Абылай ордасына жақын орналасқан Күлсары батыр орыс тыңшылары Ураков пен Гуляевке «у лутших людей такие расуждение, чтобы им от России отнюдь не откочевывать, ибо когд им на зенгорские места откочевывать и к китайцам приближаться, то небезопасно, чтоб китайцы каким-нибудь образом их не обманули и так, как зенгорцев, не разорили, и для того Абулмамбет хан, Аблай солтан и все они, старшины, вестною намерены собраться в Каракирей-Найманской род, в котором Абулмаметханов сын Абулфяиз солтан находится. Для совета о том, также и о взятых киргис-кайсаками в плен под именем урянхайцев живущих на реке Каруне российских подданных татар…». Бұл кеңес 1761 жылы Жетісуда Қаратал өзені бойында өтті-де қазақтың сыртқы сясатына қатысты көптеген мәселелер талқыға түсті. Ел азаматтарының көпшілігі көрші елдермен қарым-қатынаста елшілік жолын тұтынуды жақтап шықты, қырық жылы қырғыннан шыққан қазақ елі үшін қазір бейбіт күннің әр сәті қымбат еді.
Қырғыз Алатауға бекініп алып, қазақты шабуды қоймады. Көбінесе қырғыз шабуылына ұшыраған Жетісу елі. Қазақ саудагерлерінің Алты шаһарға тартқан елшіліктерін қудалағанымен қоймай қырғыздың кей рулары қалың қол жинап қазақ ұлысының өзіне қауіп төндіргені ауыр тиді. 1764 жылы осындай бір түйдек жиналған қырғыз тобы Жетісудағы үйсін-найман ауылдарына құйындай шапты. Бірнеше рет қырғыз шабуылына ұшыраған Жетісудің дулаты мен найманы арыздана берген соң 1764 жылы Әбілпейіз екі мың жауынгермен қырғызды шауып қазақтың тұтқынға түскен адамдарын қайтарып, аманатқа қырғыздан 100-ден аса кісіні алып кетті. Әбілпейіздің кіші ханымы Тұмар сол жорықтың олжасы. Қазақтың ауыз екі әңгімелерінде «судың түбін шым бітейді, даудың түбін қыз бітейді» деп қырғыздың белгілі манабының қызы Тұмарды Әбілпейізге берген екен дейді. Бірақ қырғыздың бірі қойса, екіншісі төбелесті қайта бастап, ханға, жарғыға бағынбаған ел, тынышсыз болды.
Қырғызды, ақыры «Жәйіл қырғыны» тоқтатты. Алатаудың сай-саласынан таудың асау өзеніндей еңіске буырқанып түсетін және қазаққа ондаған жылдар маза бермеген қырғыздың жауынгер елі 1770 жылы, ноқтаға амал жоқ бас иді. Абылай бастаған, Әбілпейіз қостаған қазақтың қалың әскері қырғызды Күреңбелес тауынан Қызылсу-Самсаға дейінгі аралықта шауып, тас-талқан қылды. Қырғыздың ірі руының бірі шоңбағыштың екі-ақ ауылы аман қалса, толқон деген рудан қырық адам қалды дейді. Алатаудан Ілеге дейінгі жерге қазақ осылай ие болып еді, Шудың жағасына да бейбітшілік осы оқиғадан кейін орнаған.
1773 жылы жаздың басында қырғыздан Әбілпейіз ордасына елшілік келді. Бір ғана өтініштері бар екен -Әбілпейіз сұлтанның бір баласын хан көтереміз деп сұрап келіпті. Қырғыз «төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деген қазақтың мақалына ден қойса керек. Әбілпейіз Абылаймен, ақылдасып барып бір жауабын бермек болды: «прислан посол от диких кирисцов к Абулфеис салтану с прощением тем, чтоб жить им в дружестве и согласии обще, и определить к ним, диким киргисцам, ему Абулфеису в ханы одного сына. На что Абулфеисом тому послу сказано, что-де я того сам собою зделать один не могу, а сьезжу-де об оном поговорить с Аблай салтаном, и что-де он прикажет, тогда-де уж и вам занание дам».
Әбілпейіз және қазақ-қытай сясаты
Бұрын Ресеймен, Қытаймен байланысқанда оңтүстік алқапқа алаңдай беретін қазақ басшылары 1765 жылдан кейін батыл қимылдауға көшті. Ең басты мәселе шекарада сауда орындарын ашу, осылайша Қытай, Ресей саудасын Тәшкентке бағыттап отыру. Осының бір көрінісі 1768 жылы Әбілпейіздің өзінің ұлы Жолшыны Қытай императорымен кездесуге жұмсауы. Қытай императорының сарайы Абылай мен Әбілпейіздің өзге адамды емес, өз балаларын елшілікке жіберуін көптен бері өтініп, тосып жүрген. Бұл екі арадағы сенімнің мықты көрінісі деп түсінеді қытайлықтар. Жолшыны Қытай бар өнерін салып күткені Қытай патшасының атынан жазылған төмендегі деректерден көрінеді: «Қазақтың ел, ағасы Әбілпейіз өз ұлы Жолшыны маған сәлем беруге Бейжінге аттандырыпты. Бұғанасы қатпаған сұлтанның ит арқасы қиянға сәлемге келе жатқаны бізге деген зор құрметтің көрсетілуі. Жергілікті әкімдеріміз әскери құдіретімізді айрықша көрсетеміз деп парықсыздықпен шошындырып алмасын, олай болса келіспес деп қорқамын. Сондықтан да сырт иеліктерге менің қамқорлығымды әйгілеу үшін жол бойы оны ықылспен күтімге алу керек екені ұлықтарға ұқтырылсын…».
Қазақ елшілігінің келісім сөздерде басты талаптарының бірі қазақ -қытай саудасының Қашғария арқылы емес, тікелей Алтай мен Тарбағатай шекарасында жүруі. Қашғария біріншіден шалғай орналасқан, екіншіден жолда кедергі көп, ал Тарбағатай мен Алтайды қабырғалай орналасқан керей-найман жұрты үшін шекаралық алқаптағы сауда қолайлы. Осы келісімсөздер көп жылдар бойы қордаланып келген мәселелердің оң шешілуіне үлкен жәрдем болды. Енді Қытай саудагерлері мен Тәшкент-Түркістан маңындағы қалашықтарды байланыстыру керек. Бұл ретте Әбілпейіздің 1773 жылы тағы да өз ұлы Жолшыны бас қылып аттандырған елшілігінің орыны зор. Бұл елшіліктің құрамына Әбілпейіздің өз ұлы Жолшы, Санияз төренің ұлы Қазым, Түркістанды билеп тұрған Әбілмәмбет ханның ұлы Болат сұлтанның атынан, Ақтайлақ би мен Қожалы қатысты. Қытай патшасының жарлығынан: «қазақ ханы Әбілпейіздің ұлы Жолшы, тайжы Санияздың ұлы Қазым, Болат ханның елшісі, Ақтайлақ алдиярмен дидарласпаққа аттанып Тарбағатайға келді. Олар шам мерекесі кезінде Бейжінге жетпекші…
Осы жолы дидарласуға келе жатқан Жолшының жанындағы Қазым мен, Ақтайлақтың тұңғыш келуі болғандықтан, жол жөнекей жақсы күтімге алынсын. Аспан әулетінің айбын-құдіретін оларға барынша көрсетіу керек. Мұны сөзсіз орындау қажеттілігін ұлықтарға ұқтыруды бұйырымын» .
Осы келіссөздердің барысында қазақ-қытай арасындағы бейбіт қарым-қатынастар қалыптасты. Алашқы бетте Жоңғариядан босаған жерді өзіміз түгел аламыз деп қазақпен соғысқа кіріскен, бірақ 1756 жылы оңбай жеңілген, одан кейін-де шекаралық алқапта жерге таласып маза бермеген Қытай жағы Алтай, Тарбағатай, Жетісуға қазақ құқығын мойындады. Мойындағаны емес пе Құлжа мен Шәуешек тек қазақпен екі арадағы саудаға арнап жұмыс істейтін болды.
Әбілпейіз сұлтан және Абылай хан
Қазақ шежіресі Әбілпейізді ХУІІІ ғасырдың ұлы тұлғаларының бірі деп мойындайды. Оның атын орыс пен қытайдың жазба деректері-де ең бір қиын да, күрделі оқиғалардың халыққа пайдалы шешімді тұсында атап өтеді. Әбілпейізге деген қазақтың төресі мен қарансының ыстық ілтиаптын 1779–1780 жылдардағы Абылайдың Әзіреті сұлтанға барған оқиғаларынан да, аңғарамыз.
Осы бір қиын кезеңде Әбілпейіз сұлтан Абылайдың жанынан табылғанын Ресейдің құпия істер бойынша қызметкері, аудармашы М.Бекчурин 1780 жылы 16 маусымда мәлімдейді: «по прибытии его, Бекчурина, в Омскую крепость, ездил нарочно для испытания о намерениях и действиях Аблай хана и всей орды в Семиполатную крепость, где известился от приехавших в препровождении в Семиполтаную крепость из Ташкении каравана киргизцев, что Аблай хан в прошедшем апреле месяце был в г. Туркестанте, при нем состояло киргисцов по примеру две тысячи человек, с коими тут же находился и Абулфеиз солтан, якобы для свидания с родственниками его».
Сарыарқадағы қалың қазақтың елі Ресей ықпалы мен қысымына түсе бастаған, бейбіт ел жаугершілікте басым көрінген азаматтық қасиеттерін қожыратып, қойын құрттап, сорпасын ұрттап шаруашылық қамына түскен заманда Абылай ханның 1779 жылы Түркістанға келуі-де заңды болар. Есім хан мен Әз Тәукелерге орда болған Түркістан бұл жолы да келелі кеңеске жол ашқаны сөзсіз. Түркістанда хан ордасына қазақтың ең беделді басшылары қандай мәселені талқыға салды? Бұл әңгіме бізге жұмбақ, бірақ осы мәжіліс ел тағдырына арналған болар деп жобалаймыз. Әйтпесе, сонау Шыңғыстаудан Әбілпейіз сұлтан жәй сәлем беруге келмеген болар. Кісінің ішіндегі сырын айтпай-ақ білетін Меңдияр Бекчуриннің Әбілпейіз «тут же находился, якобы для свидания с родственниками» деуінің өзі осыны, аңғартады. Бұл жерде туыстарыма жолығамын деген сөздің бәрі-де сылтау. Қазақ тағдырының ең бір сынаққа түскен күнінде елдің алдыңғы сапынан табылған сұлтанның осы жолы да көкейіне түйгені, ханмен бөлісетіні бар болғаны.
Әңгіме қазақтың хандық дәуірінің өткені туралы болар, енді бұрыңғы Алаша хан, Уыз хан, Шыңғыс хан сияқты Еуразияны уысына ұстайтын көшпелілердің ерлік дәуірі жоқ. Өмірдің бұрын-соңды болмаған жаңағымы келді, Еуропа күшейіп әлемге билік жүргізіп отыр, оның қару-жарағын пайдаланып Ресей ішке сұғынып кіріп барады. Ат жалында, түйенің қомында өсіп, жер бетін тітіркенткен көшпелілердің ерлік заманы аяқталды. Бүгін бе, ертең бе мемлекеттілігінен айрылатын қазақ та осы заманның таңдауына бас имесе болмайды, әйтпесе жоңғар сияқты құрбандығы болып кетеді. Жастары қатар, пайғамбар жасынан асқан хан мен сұлтан осы жолы бақұлдасып, қоштасып қалған болар деп ойлаймыз.
Келер жылы Абылай хан қайтыс болып, Есіл бойында Қарой деген жерде ас бермекке сауын айтқанда бірінші шақырған адамдарының бірі Әбілпейіз еді. Абылайдың тағына, қазақтың үлкен хандарының орнына отыратын лайық адам Әбілпейіз екені қазақ баласының бәріне мәлім. Жолы да келіп тұр, хандық атақ мұра бойынша, ағадан ініге қалады. Бірақ Әбілпейіз билікке таласым жоқ деп, өзі бара алмай ержеткен азамат ұлдарын жіберді. Уәли хан Ресей патшасы Екатерина ІІ-ге жазған хатында «все нашей Киргиз-кайсацкой орды солтаны и простой народ, учиня общественный совет, хотя в ханское достоинство меня наименовав утвердили и правление отца моего мне вручили» деп хан сайлауда екі түрлі пікір болмағанын жазады.
Осы мәселе туралы М.Мағауиннің жазғанымен толық келісуге болады: «Ел, ағалары әуелде Абылай ханның шөпшек інісі Әбілпейіз сұлтанды хандыққа шақырады. Әз Тәуке ханның шөбересі, ойратпен, шүршітпен, қырғызбен қантөгіс соғыстар заманында зор даңқа бөленген, парасаты мол Әбілпейіз бүкіл қазақ елін қайта құра алмасын біледі. Ресей бодандығына біржолата ілінген Орта жүзде хан болуды қаламайды. Бұдан соң ел, ағаларының таңдауы -ол да Салқам Жәңгір әулеті Сұлтанмәметке түседі. Жасы жетіп отырған Сұлтанмәмет хандыққа келіспейді. Көкжал Барақ сұлтанның ұлы Дайыр сұлтан да хандықтан бас тартады. Және осы үшеуі де Уәлидің хан көтеріліуін қалайды. Сұлтанмәмет пен Дайыр Уәлиді хан сайлауға өздері қатысады, жері шалғай Әбілпейіз сайлауға балаларын жібереді».
Капитан И. Г. Андреев Әбілпейіз өмірінің соңы туралы «Он был в рассуждении тихого своего нрава и весьма в почтении, и в 1783 году умер, и тело его в 1784 году отвезено сыном его Пупы салтаном в город Туркестант; ибо их поколения знатные ханы и салтаны в том городе, поелику они в оном почитают издревле одного Хазрят-салтана гроб за святость, погребаются. А сверх того и брат его Полат в Туркестанте -ханом» дейді. Қазақтың ұлы азаматтарының бірі осылай қолынан келгенше халқына адал еңбек етіп өмірден озды. Әбілпейіздің соңынан еріп Шұбартауға барған Арыстан аталық әулетінің өкілдері Мамадайыр, Мамашық маңайындағы елге ұйытқы болып Әбілпейіз сұлтан ту тіккен қара орында «төлеңгіт» атанып отыр, найман мен абақ-керейдің ішіне Әбілпейіз балаларының жанында қызмет қылғандары да бар. Шұбартау төлеңгітінің ішінде Әбілпейіздің өз кіндігінен тараған ұрпақтары да кездеседі.
Әбілмәмбеттің үлкен ұлы Болат балаларының ішінен Қытайдан гун атағын алған Алтынсары белгілі. Болат тұқымының көпшілігі Түркістан өңіріне билік құрып сарт арасына сіңіп кетті, шығыс өңірді билеген Әбілпейіздей, ағаларына еріп Алтайда төре атанғндары белгілі. Ресей қызметкерлері «Абульфеис, который во время своего владения почитался по всей Средней Орде наизнатнейшим и разумнейшим, хотя Абылай-хан в то же самое время был ханом… " деп жоғары бағасын берген қазақтың атақты төресі Әбілпейіз 1783 жылы Шыңғыстауда қайтыс болып, Әзіреті Сұлтандағы ұлылар пантеонына жерленді.
Әбілпейіз ұрпақтары
Әбілпейіздің төрт әйелі болды делінеді қытай қазақтары жазған шежіреде. Оның біріншісі Кіші жүз билеушісі Нұралы ханның қызы Патшайым ханым, Бөкей ханмен емшектес болған екен. Патшайым ханымнан туған Бопы төре қаракерей ішінде Бес Байыстың сұлтаны болды. Одан туған Жанай Тұма-Тоқпақ елінің, Жамантай- Ақымбет елінің, Солтабай -Сыбан сұлтаны делінеді. Солтабайдан Дулат Бабатайұлы жырлайтын атақты Барақ сұлтан аты танымал.
Әбілпейіздің екінші әйелі қалмақ қызы Шаған бике. Бұл Шаған бике туралы Құрбанғали имам да жазады. 1750-ші жылдардағы соғыстардың бірінде қалмақтың атақты ханы Қандыжапты өлтіріп, ақ тулы Барақ алған екен дейді екінші әйел қылып. Сұлулығына бола «Қызыл Шаған ханша» деп атайды екен. Барақ өлгенде Қызыл Шаған ханшаны сұлтанның асына барған қызыл тулы Әбілпейіз хан қалап алып, некелеген екен, содан Барақтан туған Қанқожа деген екі жасар ұлы бар Шыңғыстауға алып келген. Қанқожа Барақтан туғанымен Әбілпейіздің қолында өсіп, кейіннен қытайдан «уаң" мансабын алды. «Уаң" хан дәрежесінде, «күннен» бір саты жоғары, ханнан бір саты төмен атақ делінеді. Қанқожадан тараған ұрпақтардың ішінде әке жолын жалғастырған Жанбөбек болды. Тағы бір ұлы Сибанқұл орыс-қытаймен жауласып жүріп, ақыры ит жеккенде өлді. Әбілпейіздің Шаған бикеден туған ұлы -Жолшы төре Найманның ішінде Мұрын деген елді басқарды. Жолшының бір ұлы орыс келген уақытта Аягөз дуанының аға сұлтаны болды.
Әбілпейіздің үшінші әйелі қарақалпақ қызы Өзбикеден туған, Ағадай Семіз Найман аталатын Байсиық ішінде. Оның баласы Бексұлтан қытайдан «күн» маңсабын алған, орыс келгенде Аягөз дуанының үшінші, аға сұлтаны болғаны белгілі. Жалпы, Ағадайдың үш әйелінен жеті ұлы болған, әулеттері Жетісу мен Лепсі бойында дейді Құрбанғали имам.
Әбілпейіздің төртінші әйелі Тұмар ханым, төртуыл -найман шежіресінде қырғыз еді дейді. Одан Көгедай, Самен, Жабағы төрелер. Бұлардың тұқымы жоғарыда айтылғандай Қытай қарамағындағы Абақ Керейдің ішінде 1780 жылдардан бастап 160 жыл билік құрды.
Жамбыл Артықбаев т.ғ.д., Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры