Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жолдауда көтерілген мәселелер мен міндеттердің орындалуы бір жылға емес, бірнеше жылға арналған - тарихшы

9936
Жолдауда көтерілген мәселелер мен міндеттердің орындалуы бір жылға емес, бірнеше жылға арналған - тарихшы - e-history.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауларын және олардың орындалуын, жалпы алғанда, жүйелі дамудың, ықтимал дағдарыс құбылыстарын еңсерудің, халықтың әл-ауқаты жақсаруының кепілі дей аламыз. ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Талғатбек Әминов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы. Осы орайда тарихшының сөзін толықтай үзбей беріп отырмыз 

Биылғы Жолдаудың негізгі ерекшелігі – бұл құжатта көтерілген мәселелер мен міндеттердің орындалуы бір жылға емес, алдымыздағы бірнеше жылға арналған, яғни олар перспективалық маңызы бар қадамдарды қамтиды. Енді сол міндеттердің кейбіреуіне тоқтала кетейік.

Біздің барлығымызды қатты қуантатын шешім – жуық арада елімізде жаңа үш облыстың құрылатыны. «Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айрылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұртың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді. Жаңа құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдаулары тәуелсіз Қазақстан тарихында аса елеулі оқиғалар болып орын алады. Оларда қойылған міндеттер негізді, терең сабақтас және мемлекетімізді жаңа деңгейде тұтастай дамытуға бағытталған, әрі жүйелі мақсаттылығымен ерекшеленеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Президент, Парламент және Үкіметтің қоғам алдындағы рөлі мен міндетіне қатысты жаңа қағидаттың басшылыққа алынатынын жеткізді. «Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл халық үнінен құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын», - деді Президент.

Бізді тағы бір қуантатын хабар - елімізде демократиялық үдерісті дамыту мақсатында Мәжіліс депуттарын алдағы уақытта аралас, пропорционалдық және мажоритарлық жүйелерін қолдану арқылы сайлау енгізіледі. Мажоритарлық сайлау жүйесі жергілікті мәслихат депуттарын сайлауда да кеңінен қолданылатын болады. Ал саяси партиялалардың тіркелуі үшін олардың мүшелерінің саны жиырма мың еме, бес мың болғаны жеткілікті.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «қаңтар трагедиясына» қатысты объективті пікірін білдіре келе былай деді: «Біз теріс пиғылды адамдардың төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Олар Қазақстанды қақтығыс аймағына айналдырып, елде ойран салмақ болды. Президентті биліктен кетіргісі келді. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді».

Алайда «біз сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Біздің мұратымыз - жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз - егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз", - деді Президентіміз.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауына елімізідің саяси және құқықтық жүйесін реформалау бойынша басқа да бірнеше ұсынысын жария етті. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген идеялар мен қойылған міндеттерді толық қолдай отырып, алдағы уақытта оларды насихаттауға біз белсене қатысуымыз қажет деген пікірімді білдіремін.

Арман Сулейменов

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?