Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Османлылар – қайы қаңлылар

4022
Османлылар –  қайы қаңлылар - e-history.kz

Тәуелесіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің басшысымен кездескенде Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Озал «80 млн қазақтың сәлемін алып келдім» деген сөзінің төркінінде түбі бір түркі халқы екендігімізді меңзеп тұрғандай. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғаш мойындаған да Түрік елі екендігін мақтанышпен айтып, жүрегімізге жылы қабылдадық. Міне, бұл бауырластық қарым-қатынастың төркіні әріде жатқанын қай-қайсысымыз да жақсы білеміз. Оған сонау тарих қатпарларынан аршылып жеткен тарихи деректер куә.

Түріктер мен қазақтардың арасындағы генетикалық, лексикалық, дәстүрлік және мәдени ұқсастық

Осман империясының негізін қалаушылар қазақтан шыққан қайы қаңлылар екендігі кейінгі жылдарда көп айтылып та, жазылып та жүр. Бұл деректі алғаш рет жазбаша түрде жария еткен қазақтың ғұлама философы Ш.Құдайбердіұлы болса, тәуелсіздік жылдарында бұл пікірді біршама ғалымдар алға тартты. Бірақ оның қоғамға сіңісіп, мойындалуы әлі де біраз ізденісті қажет ететіндей.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Хангелді Әбжанов «Қазақ хандығы және әлемдік тарихи кеңістік» атты мақаласында Осман мемлекетінің сұлтаны Селим ІІ мен Қайып Мұхаммед ханның 1713 жылы жазысқан хатында екіжақты жақсы қарым-қатынастың болғандығын   алға тартады. Бұл хаттардың көшірмесі біздің мемлекеттік мұражайға тапсырылған болатын. Хатты түрік сұлтанына тапсырған Қайып ханның елшісі Сайид Мұхаммедқұл.   

Ал 1711 жылы түрік сұлтаны Ахмед ІІІ қазақ хандарының Осман империясының көмегіне сүйенген хаты да мұрағатта сақталынып, бүгінде көпшілікке жария болды. Хатта түрік сұлтанына мадақтаулар айтылып, ары қарай көмек қолын беруді сұрайды: «сіздің шынайы досыңыз Ташкенттегі Афрасиабтың тағында отыр. Түркістан, Андижан, Сайрам, сондай-ақ қарақалпақтар мен басқа да халықтар, таңнан кешке дейін көтерілген шариғат туымыз үшін жақсы көңіл-күймен дұға жасаймыз...

Біздің мемлекетіміз бен Мәскеу мемлекетінің арасында Ақа Аштақ деген иелік бар.Ол жердің тұрғындары сүнниттер. Бұл иелік талан-таражға түскен кезде, оны Мәскеу мемлекеті күшпен басып алды. Содан бері Ақа Аштақ Мәскеуге баж салығын төлейді. Ендігі жерде Мәскеуден қорыққан сүнниттер бүкіл әскерімен, халқымен бірге бізге келіп, мұсылман туының астына қосылды. Егер сіз бізге көмек берсеңіз, құдайсыздардан біз Ақа Аштақ иеліктерінің сегіз қаласын қайтарып алар едік. Егер біз жариялы түрде әрекет етсек, онда Мәскеу иеліктеріне көп шығын келтіреміз», – дегені тарих мұрағаттарында сақтаулы тұр. «Қазақ хандарының Осман империясының көмегіне жүгінуі біріншіден, түркілік бауырластыққа, екіншіден, ортақ діни ынтымақтастыққа байланысты болуы мүмкін», – дейді тарихшы ғалым Х.Әбжанов.   

Түркиялықтар Қазақстанды атажұрт деп атайтыны, бабаларының осы жақтан барғандығына бола айтылған сөз болса керек.

ҚР Президентінің жанындағы Орталық Азия аумағындағы мемлекеттік басқару академиясының этникааралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу бойынша Орталығының бастығы, социология ғылымдарының докторы А.К.Садвакасованың «Қазақстан түріктері: Ортақ бабалар жері» атты кітабында қазақ пен түріктің жақын бауырлас халық екендігін жазады.

«Барлық түркі халықтары Орталық Азияны өзінің бабаларының жері деп санайды. Ал Қазақстан мен Түркия – тарихы, мәдениеті, терең этно­лингвистикалық тамыры бір мемлекеттер. Егер осы екі халықтың этогенезі мен этникалық тарихына терең бойлайтын болсақ, онда түркілер мен сақ тайпаларының арасындағы тарихи байланыс бар екендігіне еш дау айтуға болмайды. Түрік мемлекетін құрған түркілер сақтар мен ғұндардың тікелей ұрпақтары. Олар орта ғасырларда түрлі тарихи, саяси, әлеуметтік-экономикалық себептермен, Қазақстан мен Орта Азия­дан өте отырып, Кіші Азияға жетті. ҮІ ғасырда ұлт ретінде тарих сахнасынан орын алып, Түрік егемендігіне қол жеткізді».  

20170710003620658.jpg

Түркі тарихын жан-жақты зерттеуші ғалым Зеки Уалиди Тоған өзінің көптомдық тарихи зерттеуінде ХІІІ ғасырда Осман империясын құрған Осман сұлтанның тегі – қаңлы тайпасынан шыққан қайы қаңлылар екендігін жазады. Сондай-ақ мұндай пікірлерді алашорда өкілдердінің бірі, қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышбаев, белгілі өлкентанушы, шығыстанушы-тарихшы Николай Александрович Аристов және тағы да бірнеше ғалымдар мен қаламгерлер алға тартады.

Османлы – елдің Түрік Республикасы құрылғанға дейінгі ежелгі атауы. Османлы империясының құрылуына қайы қаңлылар негіз болғанын айттық. Бүгінгі қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың таңбалары тізбесінде Ұлы Жүздің Қаңлы тайпасының Көсеу таңбасы мен Османлылардың Көсеу таңбасы айна-қатесіз ұқсас. Бұл шынайы туыстық қатынасты дәлелдейді.  

Қазақтар мен түріктердің арасында генетикалық туысқандықтың бар екендігін түркиялық дерек көздері мен қазақстандық ДНК жобасының басшысы Жақсылық Сабитов та алға тартады.

Түркияның «Azat türkler/Free turks» Фейсбук тобында «Adil Bilyal» жарияланымында түркілерді үш сегментке бөледі: селжүк, османлы және қырым-ноғай.

«Селжүктер. Селжүктер оғыз тайпасынан тарайды. Алғашында селжүктер Қазақстаның Жетісу аймағында тұрғандығы белгілі болған. Қарлұқтармен соғыста жеңіліп, Сыр бойына қоныс аударған. Одан кейін жылжи-жылжи ХІ ғасырда Түркияда Селжүк сұлтанатын құрған.      

Османлылар. Османнның атасы Сулейман-шах қайы қаңлысының көсемі болған. Моңғолдармен соғысқан. Қайы қаңлылар қыпшақ хандығының құрамында болды. Отырар үшін шайқасқан Қайыр хан осы Қайы қаңлылардан шыққан. Сулейман-шах хорезмдіктердің көшбасшысы болған. Хорезмшахтың әскерін моңғолдар Таяу Шығысқа ығыстырады. Хорезмдіктердің белгілі бір бөлігі Кіші Азияда қалып, бейликтерді құрады. Бейликтер Османлыларға қарады.    

Татарлар мен ноғайлар. Түркі халықтарына үлкен генетикалық сіңіскен халықтар қырым татарлары мен ноғайлар. Бұл үрдіс XVIII-XIX ғғ. жүрді. Бұл жерде қазақтарға ең жақын халық ноғайлар мен қарақалпақтар екенін атап өткен жөн. Ноғайлардың түркілерге сіңісуі қазақтар мен түркілерді генетикалық жақындастыра түсті. Қызық болғанда ноғайлардың қазақтармен туыстық жа­қындығы бар. Ал қырым татарлары ноғайларға жақын. Қырым татарларындағы арғындар мен қыпшақ рулары қазақтың орта жүзінде кездесетіндігі тегіннен-тегін емес шығар.

Бұдан шығатын қорытынды: қазақтар мен түркілердің арасында генетикалық байланыс бар. Бұл байланыс жоғарыда аталынған миграциялық үрдіске байланысты қалыптасқан деуге болады».  

Қазақстандық ДНК жобасының басшысы Жақсылық Сабитов та жоғарыда келтірілген мәліметтермен келісе отырып, османлылардың қазақтың қайы қаңлыларынан шыққандығын растай түседі.

Кейбір деректерде османлыларға түрікмендердің де қатысы бар деген пікірлер айтылып қалып жатады. Бірақ, тарихи деректерге сүйене отырып, османлылардың қазақтардан шыққандығына көз жеткізуге болады. Тіптен, тарихи жағдайды алға тарта отырып, османлылардың тілдерінің бүгінгі қазақ тілімен өте ұқсастығына қайран қаласың. Ескі осман тілі түркі тілдерінің оғыз тобына жатады. Сондықтан ХІХ ғасырдың ортасында ескі осман тілі ауызша түрік тілінен қатты өзгешеленген. Десе де ол түрік тіліне кірігіп, бүгінде лексикалық және грамматикалық құрылымы жағынан қазақ тілімен ұқсастығы таңғалдырады. Мәселен:

Оқу – оқымақ

жазу – жазмақ

әріп – харф

сөз – сөз

сөздік – сөзлюк

жұмыс – іс

жұмысшы – ісші

тарихшы – тарихчі

аз - аз

достық - достлук

су - су

шай - чай

сүт - сүт

бал - бал

тіл - діл

асқабақ - қабақ

ет - ет

тұз - тұз

сақал - сакал

сағат - саат

қасық - касык

алма - эльма

ұн - ұн

балық - балык

сабын - сабун

көз әйнек - гөзлік

ойын - ойун

доп - топ

қол - қол

тісім - дішім

Міне, осы сияқты сөздердің ұқсастығы екі халықтың туыстық байланыстары­ның бар екендігіне тағы бір дәлел бола түседі. Тіптен адам аттарында да ұқсастықтар көп. Мәселен – Тұрсын – Дурсун, Ерлен – Ерлен, Тұрар – Дурар, Күміс – Гүмүш, Алтын – Алтын, Зейнеп – Зейнеп, т.б. [ 55, Қ. Сартқожаұлы «Байырғы түркі жазуының генезисі», Астана, 2007, 107-111-б.б.].

Бір қызығы, османлылардан басқа жергілікті халық османлылардың тілін түсінбейтін болған. Қарапайым халық өздерінің талап-тілегін тілмәш арқылы жеткізіп отырған. Бұны османлылар мен қазақтарды жақындата түсетін тағы бір қызықты дерек деп қарастыруға болатын секілді.

Тіптен, түріктер мен қазақтардағы дәстүрлік мәдениет те өте ұқсас. Мысалы, түріктер де туыстық жақындықты әке жағынан есептейді. Жүзге, руға бөліну оларда жойылып кетті десек те, үш-төрт ұрпақ әулеттері өздерін Надир балалары, Али балалары т.б деп атайды.

Қазақ халқы мен түрік халқының арасындағы ортақ дәстүрлер жайлы белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Ахмет Аляз былай деп ой өрбітеді: «Түріктерде ер адамдар әйел адамдардан әрдайым жоғары тұрады. Ұл балаларға кішкентай кезінен бастап санасына «Сен, ер жігітсің, әйел затынан қай кезде де жоғары тұрып, өз артықшылығыңды біліп жүр» деп үйретеді екен. Жоғары болу дегендері ұрып-соғуды емес, әрдайым қорғауды, қамқор болуды, әйелдердің нәзік жанды келетіндігін меңзейді. «Cennet annelerin ayaklarin altindadir», яғни «Жәннәттің кілті – аналарымыздың аяғының астында» деген мақалды әрбір түрік жадында ұстап, төрт ұйқысын төрт бөлген ана сүтін ақтауға, әжесі мен апасын, әпкесі мен қарындасын құрметтеп, аялап, сыйлап өтуді парыз санайды.

Дүниеге ұл баланың келуі түріктер үшін қуаныш, оны ұрпақ жалғастырушы деп аса құрметпен қарайды. Жаңа туған сәбиге әркім өз шамасына қарай той жасайды. Барлық мұсылмандар сияқты бала бес жастан асқанда міндетті түрде сүндетке отырғызу салты болады. Отбасы мүшелері үшін бұл ең маңызды күндердің бірі болып саналады. Осы қуанышқа орай сүннет дүүнү, яғни сүндетке отырғызу тойын жасап, үйлеріне ақ дастархан жайып, қонақ шақырады.

Қазақ бауырлары сияқты түріктер де күрес өнерін жетік меңгерген ұлттардың бірі. Ұл баланы жастайынан күреске баулиды. Түріктер осы күрес балуандары арқылы әлемге танылып отыр. Қазақстан күрес құрамаларының арасынан да түрік балуандарын кездестіруге болады.

unnamed.jpg

Қазақтар сияқты түріктерде де құда түсу салты бар. Қазақтар мен қырғыздар сияқты түріктерде де алып қашу салты кездеседі. Қалыңмал төлеуге шамасы келмейтін, жағдайы төмен жігіт жолдас-жораларымен келісіп, қызды алып қашады.

Кедей жігіттің қалыңдығына қосылудың тағы бір жолы бар. Күйеу жігіт болашақ ата-енесінің қолына кіріп, қалыңмал құнын өтегенше сол үйде жұмыс істейді. Ондай жігіттерді «күш күйеу» деп атайды. Құнын өтеген соң ғана қалыңдыққа қосыла алады. Қазақта қайын жұртының қолында тұратын жігітті «күшік күйеу» дейді.

Қонақжайлылық жағынан қазақтан кем түспейтін түрік ұлты үйіне келген қонақты жоқ дегенде бір кесе шай ішкізбей жібермейді. Қазақтармен бірге өскен түріктер арасында нан ауыз тию салты да қалыптасқан. Алғыс айту, кешірім сұрау – қарапайым түрік ұлтына тән қасиет.

Түріктер үйлерінде күткен қонақтан басқа ұзақ қашықтыққа сапарға шық­қандарды да ұмытпаған, жолдың үстінде керуенсарай деп аталған, жолдан өтіп бара жатқандар қысқа уақытқа тегін қонатын, тамақтанатын орындар салғызған. Керуенсарайлар тұңғыш рет Х ғасырдың соңына қарай Селшұқты хандары тарапынан Орталық Азияда салғызған. Жолаушылар осы мекендерде ыстық тамақ ішіп, жылынған, ұйықтап демалған. Тіпті керуенсарайларда жолаушылардың көліктері үшін де арнайы жайлар болған. Оларды да бағып жемдеген. Керуенсарайларда көптеген қызмет тегін көрсетілген. Керуен сарайларда қону мен қызмет ету тақырыбында ешбір дін, тіл, нәсіл айырмашылығы жасамаған». [19, Ахмет Аляз: «Қазақ пен түрік халқының ортақ дәстүрлері көп» мақаласы, «Түркістан»газеті].                                                                                                                             

Ахмет Аляз мырза айтып өткендей, екі ел арасындағы тілдік, дәстүрлік ұқсастықтар тарихи фактілермен ұштаса отырып, Осман империясының негізін қалаған қазақтан шыққан қайы қаңлылар екендігіне көз жеткізе түседі. Батыр бабаларымыз Сыр бойынан Кіші Азияға барып табан тіреп, алты құрлықты билеп, алып империя құра білді. Жеті ғасыр жарты әлемді билеген османдықтар біздің бабаларымыз болғанын қарт тарихтың қатпарында қалдырмай, жарқыратып жария ететін кез туғаны қашан! Мен қаңлы тайпасының ұрпағы болғанымды, бабаларымның ерлігін мақтан етемін! 

Қорытынды 

«Осман империясының негізін қалаған қазақтың қайы қаңлылары» тақырыбындағы ғылыми жұмысымда алып империяның негізін қалаған өзіміздің қаңлы бабаларымыз екендігіне көз жеткіздім. Бұл тарихи жағдайға байланысты енді ғана қалам тербеп жатқанымызда, М.Х.Дулати бабамыз осыдан алты ғасырдай бұрын шынайы бағасын беріп қойған еді. Ш.Құдайбердіұлы да османлылардың ата тегі қайы қаңлылар екендігін әлдеқашан жазып, ұрпаққа табыс етіп кеткендігі баршамызға аян. Зерттеу тақырыбым аясында ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен басқа да шетелдік ғалымдардың пікірлеріне терең үңіле отырып, екі ел арасындағы туыстық, лексикалық, мәдени байланыстарға жіті көңіл бөлдім. Нәтижесінде, алға қойған мақсатыма жақындай түстім. Тіптен ДНК мамандарының османлылардың қазаққа жақындығын растаған дәлелдерін де пайдаландым.

Менің бұл зерттеу еңбегімнің мақсаты – жеті ғасыр бойы жарты әлемді билеген алып Осман империясының негізін қалаған қазақтар екендігін дәлелдеу. Бабаларымыздың тарих тасқынымен бөтен ел, бөтен жерде ықпалды мемлекеттер құрғаны жалғыз дерек емес. Мысалы, Азияда Моғол империясын құрған Бабыр, Мысырды билеген сұлтан Бейбарыс бабаларымызбен қоса бүгінгі тарих беттерінен Османлы империясын құрған бабаларымыз да лайықты орнын алса екен деген ойдамын. Дәлелді деректердің өзі-ақ Османлылардың қазақтар болғандығын растап тұр. Тарлан тарихтың ақтаңдақ беттері жас ұрпақтың ізденімпаздығы мен бабаларына деген сүйіспеншілігінің арқасында аршыла берсе екен деймін.       

Тәуелсіз қазақ еліне алғаш сапарлап келген Тұрғыт Өзалдың «80 млн қазақтың сәлемін алып келдім» деген сөзінің төркінінде түбі бір түркі бауырлас халықтардың туыстық байланысын әріден түсінгендігі деп білемін.

Түркияның белгілі мемлекет қайраткері Дәулет Бахчели мырза да осман имеприясының негізін қалаған қайы қаңлылар екендігін алға тарта отырып: «Түрік тарихының марапатты беттерінен орын алған Османды мемлекеті дүние тарихындағы ең ірі мемлекеттердің бірі екендігі шүбәсіз. Бұдан 720 жыл бұрын селжүктердің қолбасшысы сипатында Ертұғрыл Ғази салған негіз Қайы қаңлы ұрпақтарының әлемде алып бір империя құратынын әрине білмеуші еді. Алайда ол Анадолыда түрік дәулетінің іргетасын қалаудың және ағайын арасындағы қақтығыстарды жоюдың қажеттігін өте жақсы білетін. Сол үшін де өзі және кейін билікке ие болған ұлы Осман Ғази мен немерелері батысқа қарай бет алып, қандастар қақтығысынан аулақтануды жөн санаған. Кейін келе күшті бір мемлекет тек бірлік арқылы қаланатындығына сенгендері себепті, өзге түрік бектіктерін де бір тудың астына топтастыруға күш салды. Сөйтіп Шығыс, Орта Европадан Орта Шығысқа, Қырым мен Кавказдан Солтүстік Африкаға дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте билік құрған Османды (Османлы) мемлекеті пайда болды», – деген болатын.

Осман империясының негізін қалаған қазақтар екендігін түркиялық мамандар да мойындап, өткен тарихқа әділ бағасын беруде. Біздер, қазақтар, жеті ғасыр алпауыт империяның жеңісті туын желбіреткен бабаларымыздың ерлігін паш етіп, тарихтан лайықты орын алуына атсалысуымыз қажет.

Басы: Түбі бір түркілер. Қаңлылар

Оқи отырыңыз: Осман империясының даму эпогеясы

Оқи отырыңыз: Сөгүт – барша түркілер мекені


Жанерке МАРАТ,

№12 мамандандыралған

мектеп-гимназияның

11 «А» сынып оқушысы,

Алматы қаласы.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?