Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халық бірлігін нығайтудағы Елбасының рөлі

2941
Халық бірлігін нығайтудағы Елбасының рөлі - e-history.kz

30 жыл бұрын Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы халқы бірлікте, бейбітшілік пен келісімде алға жылжу туралы іргелі таңдау жасады. Бұл мемлекеттілікті құру үшін ең қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік берді және қазіргі Қазақстанның имиджін қалыптастырудың қуатты ресурсын қамтамасыз етті. 

Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуда үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік берді. Қазіргі заманғы нарықтық экономиканы құрып, саяси, әлеуметтік реформаларды табысты жүргізді. Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 мемлекетінің қатарына және табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына енді. Қазақстан БҰҰ-ның беделді мүшесіне айналды, өзінің ұлттық мүдделері мен халықаралық аренадағы басымдықтарын дәйекті түрде ілгерілетуде. Қазақстанның мемлекеттік шекаралары заңды түрде бекітілген және әлемнің барлық елдерімен танылып, мойындалған.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан ішкі саяси тұрақтылықты, оның ішінде конфессияаралық және ұлтаралық қатынастар саласында тұрақтылықты сақтап, нығайта алды. Бұл жерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі зор. Елдің жалпыұлттық көшбасшысы – «Әралуандықтағы бірлік» саясатын іс жүзінде іске асырудың белсенді жақтаушысы. Католик әлемінің рухани көшбасшысы Иоанн Павел II келген Қазақстанның мұсылмандық шығыстағы алғашқы ел болғаны кездейсоқ емес.

Елбасының бастамасы бойынша ТМД, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы сияқты беделді өңірлік мемлекетаралық бірлестіктер құрылды. Нұр-Сұлтанда Халықаралық Түркі академиясы ашылып, табысты жұмыс істеуде. 2010 жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етті. Сонымен қатар, бұдан кейінгі жылдары еліміз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТҮРКСОЙ сияқты ықпалды халықаралық бірлестіктерге төрағалық етті. Мұнда Қысқы Азиада, ЕҚЫҰ Саммиті, ИЫҰ Кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Еуразиялық медиафорумдар, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары, Дүниежүзілік Рухани келісім форумдары, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Саммиті, Нобель лауреаттарының тұтас тобының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форумдар сынды бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізілді.

23.jpg

Қазақстан қалайша әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі бола алды? Неліктен өркениетті әлем көптеген аймақтық қақтығыстар аясында әлеуметтік тұрақтылықты сақтай алған еліміздің қарқынды дамуын мысалға келтіреді?

Әрине, мұның өзіндік түсіндірмелері бар. Ұлы Даланың өтпелі және тағдыршешті кезеңдерінде ғұндардың көшбасшысы Атилла, Күлтегін, Шыңғыс хан, Жәнібек пен Керей, Абылай хан, Кенесары, Әлихан Бөкейханов және Нұрсұлтан Назарбаев сияқты тұлғалар пайда болды.

Елбасының арқасында Қазақстан әлеуметтік-мәдени, қоғамдық-саяси өрлеуден өтті. Тұңғыш Президент кезінде Қазақстанның әлемдегі барлық жағынан ең мықты, ең үздік тұрақты гүлденген елге айналуы үшін негіз қалады.

Елімізде посткеңестік кеңістік үшін бірегей «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды.

Бізде «Болашақ» білім беру бағдарламасы табысты іске асырылуда, ол бойынша мыңдаған жас қазақстандықтар жыл сайын Еуропаның, Солтүстік Американың және Оңтүстік-Шығыс Азияның элиталық жоғары оқу орындарында білім алуда. 2010 жылы жетекші шетелдік профессорларды тарта отырып, әлемдік стандарттар деңгейінде кадрлар даярлайтын жаңа «Назарбаев Университеті» есігін ашты.

Жаһанданудың үдемелі процестері жағдайында елдің серпінді дамуы қазақстандық модельді одан әрі жетілдіру міндетін қойып отыр. Бұл өзекті міндетті «Қазақстан-2050» Стратегиясы шешуге тиіс. Осы стратегиялық бағдарламалық құжатта жұмыстың бірінші кезектегі бағыты ретінде қазақстандық патриотизм моделін қалыптастыру айқындалған.

Еліміздің болашағына деген сенім барлық этностар азаматтары құқықтарының қорғалуы мен теңдігіне байланысты. Осыған байланысты, Тұңғыш Президент халыққа жолдаған Жолдауларының бірінде: «ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қос стандарт болмауы тиіс. Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, заң алдында жұрттың бәрі тең болатын қоғамды құрудамыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуі тиіс»,-деп атап өткен еді.

Н.Ә. Назарбаевтың пікірінше: «Әрбір қазақстандық, ұлтына қарамастан, Қазақстан – оның құқықтары мен бостандықтарын әрқашан қорғауға дайын туған мемлекеті екенін түсіне білуі керек. Тек осы жағдайда ғана қазақстандық патриотизм сезімін тәрбиелеу мен түйсінудің негізі пайда болады, тек осы жағдайда отандастарымыз бүкіл әлем қазір Қазақстан ретінде білетін мемлекетте ғұмыр кешіп жатқандығы үшін мақтаныш сезімін сезінеді».

Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарды этностық қатыстылық белгісіне емес, жалпыазаматтық бірегейлік негізінде топтастыру қажеттігі туралы идеясының маңызы зор. Осы мәселеге өзінің көзқарасын аша отырып, Н.Ә. Назарбаев «На пороге ХХI века» («ХХІ ғасырдың табалдырығында») кітабында былай деп жазды: «ұлттық идеяны ұлттық ерекшелік идеясына айналдыру этностың өзі үшін қауіпті... Санада этностық өрлеудің оң және теріс бастауларын уақытында тани алмаған көптеген мемлекеттер ұзаққа созылған соғыстардың сахнасына айналды. Бұған Югославия, Алжир, қазіргі Ауғанстан, көптеген Африка мемлекеттері мысал бола алады».

Осыны ескере отырып, Елбасы қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақстандық қоғамда толеранттылық пен бейбітшілік атмосферасын сақтау үшін ерекше жауапкершілікке ие екенін бірнеше рет атап өтті. Байырғы халық - қазақ халқы ғасырлар бойы өз тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күресуге мәжбүр болды. Уақыт сынынан сүрінбей өткен қазақ халқының тарихы бай әрі күрделі. Бірақ, соған қарамастан, ол үшін ең бастысы - басқа халықтармен бейбітшілікте, келісімде және тату көршілікте өмір сүруге деген ұмтылыс.

Елбасы әрдайым қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың тыныштығын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, бір-біріне төзімділік танытуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: «Бейбітшілік пен тұрақтылық - күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік». Қалаларда ұлттық театрлар жұмыс істейді, жастардың этностық бастауларға: тілге, әдет-ғұрыпқа және дәстүрге қызығушылығы артуда. Республикада қазақ тілінде оқытатын мектептер басым, бірақ сондай-ақ аралас, өзбек, ұйғыр, тәжік, украин және басқа да тілдерде оқытатын мектептер жұмыс істейді. Сонымен қатар, балалар ана тілін үйренетін жексенбілік мектептер бар. Мысалы, Павлодарда мектепте оқыту 12 тілде жүргізіледі: украин, корей, армян, неміс, татар, башқұрт, чуваш, иврит, шешен, ингуш, поляк және әзірбайжан. Ұлттық мектептерге арналған оқулықтар мен корей, неміс, поляк және басқа да тілдердегі әдебиеттер шығарылады.

Қазақстан әлемнің көптеген елдерінен тиімді ерекшеленеді, өйткені бізде әр түрлі дін өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүруде. Қазақстан түрлі конфессия өкілдері үшін ірі диалог алаңына айналды. Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп келеді, осы мақсатта арнайы Бейбітшілік және келісім сарайы салынды.

Әлемде алғаш рет азаматтық қоғамның бірегей институты — Қазақстан халқы Ассамблеясы пайда болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылды. Бұл қоғамдық институт республикалық, аймақтық, сондай-ақ жергілікті ұлттық мәдени орталықтарды біріктірді. Алғашқы күннен бастап оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев басқарғаны қазақстандықтардың ерекше мақтанышы болып табылады. Бұл Елбасының толеранттылық, этносаралық және дінаралық келісім қағидаттарына берік екенін тағы да бір дәлелдейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғам мен мемлекеттің мүмкіндіктерін үйлестіретін қоғамдық келісімнің негізгі буынына айналды. Әлемде теңдесі жоқ бұл бірегей азаматтық қоғам институты шын мәнінде халықтық дипломатия органына айналды. 25 жыл ішінде Ассамблея этносаралық даму мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестірушіге айналды. Бұл жұмыс этносаралық келісімді қамтамасыз етудің ақпараттық білім беру, тәрбиелік, құқықтық, сондай-ақ халықаралық аспектілерін қамтиды.

Конституцияға сәйкес, ҚХА Парламенттің төменгі палатасына өз депутаттарын сайлауға құқылы, бұл оны Қазақстанның бүкіл саяси жүйесінің маңызды элементі етеді.

200504230627950e.jpg

Бүгінде Ассамблея этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісінің негізіне айналды. Ассамблея аясында Н.Ә. Назарбаевтың айтуынша еліміздің өзіндік «достық инфрақұрылымын» құрайтын республикалық және өңірлік ұлттық-мәдени бірлестіктер біріктірілді.  

Назарбаев құрған этносаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі әлемнің беделді диалог алаңдарында еліміздің визит карточкасына айналды. Бұл біздің республикамызға халықаралық деңгейде мәдениеттерді жақындастырудың бастамашысы болуға мүмкіндік берді. Қазақстан бейбітшілік пен келісім елі ретінде ассоциацияланады.

Сонымен бірге, қазір Қазақстан жаңа сын – қатерлерге - пандемияға, жаһандық экономикалық дағдарысқа және әлемдік ойыншылар арасындағы геосаяси қақтығыстарға тап болды. Бұл жағдайлар мемлекеттің дамуына теріс әсер етеді. Осы жағдайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қазақстандықтардың мүдделері мен қазақстандық ұлтты одан әрі дамыту мақсаттарына қызмет ететін жан-жақты екшеліп, тексерілген саясат жүргізуді жалғастыруда.

ҚХА – ның 29-сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті елдегі бейбітшілік пен келісім - барлық қазақстандықтар өмір сүріп, еңбек етіп, өз болашағын құратын негіз екенін атап өтті. Біз бүкіл қоғамның мүддесі үшін өмір сүретін болсақ қана, Қазақстандағы тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтаймыз. Біз қазақстандық қоғамның негізін сырттан шайқалтуға мүмкіндік бермеуіміз керек.

210428164808913e.jpg

Соңғы сессияда Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырды. Бұл шешім Ассамблея қызметінің мүдделеріне қызмет етеді және Президентке біздің азаматтарымыздың, қоғамымыздың және мемлекетіміздің болашағына арналған барлық ағымдағы жұмыстар мен жоспарларды үндестіре құруға көмектеседі.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметті төрағасы мәртебесін бекітуді ұсынды.

Арман Сулейменов 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?