Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи фильмдердің жастар аудиториясына ықпалы зор - тарихшы

3171
Тарихи фильмдердің жастар аудиториясына ықпалы зор - тарихшы - e-history.kz

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл үлкен тарихи оқиға. ХХ ғасырдың 90-жылдары Қазақстан тарихы үшін өзгерістерге толы, елдің болашағын айқындаған кезең ретінде сипатталады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялап, территорияны межелеп, өз Ата Заңын жазуы, өз Қарулы күштеріне ие болуы қазақ халқының ғасырлық арманының орындалуы еді. ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Зәуре Арынова Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Осы жылдарда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдармен өткенді саралап ойын ортаға салды. Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы үш онжылдықта қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында көптеген жаңалықтардың енуімен, жетістіктерімен ерекшеленеді.

Қазақстанның елордасы Нұр-Cұлтан қаласы тек еліміздің ғана емес, әлемнің озық ойлы білім мен ғылым бағытындағы жетістіктері арқылы өз орнын тауып келеді. Кеңестік дәуірде Ақмола қаласындағы мектептер саны өзінің аздығы мен ондағы қазақ тіліндегі білім беретін мектептер санының қысқаруымен сипатталады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде астана мәртебесін алған қаланың мектеп саны ұлғайып, білімді тереңдету бойынша халықаралық, арнайы бағыттағы, гимназия мен лицейлердің көбеюіне алып келді. Қалалық мектептер жаһандық білім беру принциптерінің бірі саналатын әлемдік ғаламтор жүйесіне енгізіліп, ақпарат алу мен бөлісуде жаһандық стандарттарға сай көрсеткіштерге ие болуда" - деді З. Арынова. 

Тарихшы ғалымның айтуынша, қазақ жастарының әлемдік оқу орындарында білім алуы үшін «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстанда белді университеттердің көбеюі мен елордадағы аймақ, құрлықтағы және әлемдегі жоғары оқу орындары қатарына қосылу жолындағы жоғары оқу орындары ашылды.

"Тарихи сананы тәуелсіздіктің негізі ретінде айта келе, Президент тарихшы ғалымдар алдына міндет қойды. Жас ұрпаққа, жастарға айқын, түсінікті болу үшін көптеген туындылардың, мысалы, кино өнеріндегі тарихи көркем фильмдердің шығарылуы, академиялық үлгіде толыққанды жаңа тарихты жазу мәселесі көзделіп отыр. Тарихи кинофильмдерді көрермен санасына, әсіресе, жастар аудиториясына деген ықпалының орасан зор екендігін ескерсек, отандық кино өнімдерінің саны мен сапасы арасындағы алшақтық алаңдатпай қоймайды. Мысалы, «Жау жүрек мың бала» фильмі халықтың көңілінен шыққан фильм. Фильмнің сюжеті, оның тарихы мен актерлердің шеберлігі Канн кинофестивалінде лайықты бағасын алды және сұранысқа ие. Осылай киноөнеріміздің сапасы заман талабына сай болып дамыса, ұрпағымыздың санасын ұлттық тұрғыда қалыптастырамыз. Әлемдегі әрбір елдің көне заманнан бүгінге дейінгі өзіндік жүріп өткен жолы және өзгелерге ұқсамайтын тарихы бар. Тарих толық деректі талап етеді. Қажетті деректер архивтерде қолжетімді болса, тарихты елдің ғалымдары мен зерттеушілері толыққанды жазып шығады деп ойлаймын" - деді ғалым. 

Қорыта айтқанда, білім мен ғылым қашанда ұлттық идеяның негізін құрайтынын естен шығармауымыз қажет. Бала-бақша, мектеп, жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары ұлттық негізде қызмет атқарған жағдайда ғана мемлекет өз мүддесін жүзеге асыра алады.

Арман Сулейменов 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?