Шетел ғалымдары тарих («historia»)
термині – ежелгі грек сөзінен алынған деседі. Және ол дайын аңыз, миф арқылы
емес, арнайы және мақсатты түрде жүргізілген зерттеу нәтижесінде алынған білім
мағынасында қолданылады екен. Бұл («historia») термин ағылшын тілінде алғаш рет
XV ғасырда, ал «тарихи» («historiсal», «historiс») сөзі XVII ғасырдан бастап
қолданысқа енген. Жалпы, тарих туралы айтқанда, екі маңызды мәселені естен
шығармаған абзал дейді ғалымдар. Тарих – өткен кезеңдерде болған фактілерді
дәйектейді. Алайда, ол факті болып танылу үшін міндетті түрде баяндалуы қажет.
Айтылмаған факті тарихи элемент болып есептелмейді. Ал баяндалған оқиғаның
айтушысы міндетті түрде болады. Сондықтан да тарих өз кезеңіндегі белгілі бір
адамның қолдан жасаған еңбегі. Біз, жалпы, қазақ тарихы туралы айтқанда,
көбінесе болған оқиғаларды баяндаймыз, ал оны жазған кім, ол қаншалықты дәлелді
екені назарымыздан тыс қалып жатады. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының ғылыми қызметкері, тарихшы Рәшид Оразовты көкейде жүрген осындай
сауалдар төңірегіндегі әңгімеге тартқан едік...
– Өткен әр күніміз тарих еншісіне
айналуда. Ал сол уақыттың қадірін біз біле алдық па? Бұл туралы әлем әдебиетінде
де, қазақ әдебиетінде де аз жазылмаған десек те, оның қыр-сырына жете мән беріп
жүрміз бе? Бұрнағы замандарда бір күнінің өтіп бара жатқанына қайғырған екен.
Ал бүгін ше? Кейде көңіліңді жадырататын немесе жабырқататын сәттерге
бойкүйездік танытып, барлығын ұмыт қалдыратынымыз да осы уақыттың мән-маңызын
сезінбегендіктен болар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Уақыт қашан да адам баласы үшін қымбат. Өйткені, адам белгілі бір уақытта
жаратылды және нақты бір аралықта өмір сүреді. Уақыт бізге емес, қайта біз оған
тәуелдіміз. Уақытты қалаған кезде ұзартып, қысқарта алмаймыз. Уақытты үнемдей
білу үшін оны қадірлеу қажет. Адам баласы уақытын ысырап етпей, ұтымды
пайдалана білгенде ғана көздеген мақсатына жетеді. Өткен тарихымыз бен әр
күнімізді қалай бағалаймыз дегенде ақын Қадыр Мырза-Әлінің мына бір өлең шумағы
еріксіз еске түседі: «Маған бүгін керек емес ертегі, Ертегіні балам өзі
шертеді. Тарих керек – іргетасы қазақтың, Іргетассыз қаланбайды ертеңі».
Сондықтан да болашақты болжау үшін өткен күніміз бен тарихымызға үңілудің еш
артықтығы жоқ. Қазіргі жаһандану заманында тарихи сананы қалыптастыру, тарих
ғылымын, басқа да қоғамдық гуманитарлық ғылымдарды жетілдіру біздің
мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі болуы шарт.
– Тарихымызға жете мән беру арқылы
болашағымызды болжай алатынымызды көптеген ғалымдар айтып өтті. Алайда, кейде
тарихты аңыз ретінде қабылдайтынымыз бар. Ондағы жылдап жалғасқан қанды шайқастар
мен ереуілдер біз үшін тіпті таңсық. Көз көрмеген соң сезіне алмауымыз заңды да
шығар. Қалай болғанда да сол заман мен бүгінгі күннің арасын жалғаған уақыт
тамыршы. Жалпы, тәуелсіздік тарихының жазылуы үшін де өткенге шегініс жасау
қажет десек, кеше мен бүгін арасындағы байланысты қалай қабылдаған жөн? Біз өз
тарихымызды құрметтей білеміз бе?
– Кезінде Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің
тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өзге
жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің
шежіресін имани дәрежесінде ұғып, білуге тиіс болады», – деп жазған еді.
Тәуелсіздік тарихын жазған кезде жіберген кемшіліктеріміз бен жеткен
жетістіктерімізді саралап алғанның еш артықтығы жоқ. Тәуелсіздік жолындағы
күрес бір ғана жылдың не болмаса бір ғана ғасырдың жемісі емес. Ол қаншама
ұрпақтың аңсаған арманы. Осы жолда қазақтың небір азаматтары басын бәйгеге
тігіп, ұлт мүддесі үшін ойын да, жігерін де аяған емес. Қаншама ер тәуелсіздік
үшін құрбан болды. Демек, тәуелсіздік жолындағы күрес күрестердің ішіндегі
қасиеттісі болмақ. Тәуелсіздік үшін болған күрестердің басында тұрған
батырларымыз бен зиялыларымыздың жүріп өткен жолын, төгілген қаны мен терін
ұмыту – ұрпаққа сын.
Мемлекет өз тарихы мен тілін қорғап, қамқорлығына алғаны жөн. Тіл мен тарих
мемлекеттің өркендеуі үшін қажет. Гуманитарлық ғылымды нарық заманында нақты
ғылымдармен салыстырып, «ол қоғамға пайдалы болуы тиіс» деген қағида басымдық
алып барады. Біз тарихымызды өзіміз құрметтеп, содан кейін ғана өзгеге
танытуымыз керек. Дәл қазіргі кезде шетелге біздің тарихымыз емес, байлығымыз
бен жеріміз керек болып отыр. Осыны естен шығармасақ, ұлтымызды және
тарихымызды құрметтей алдық дейміз.
– Тарихты бәзбіреулер сақ дәуірінен,
енді біреулер хандық дәуірден бастаған дұрыс деседі. Ал тарихтағы шындық сөз
бола қалса, ғалымдардың басым көпшілігі ақиқатты тап басып айта алмаса да,
оның түрлі себептері мен дәйектерін алға тартады. Мәселен, ғалымдардың «қазақ
халқы орда тарихшыларын ұстаған жоқ» немесе «өткенімізді өзгелер жазып
қалдырды» деген уәждерін естігенде «Сонда шынайы тарих қашан жазылады?» немесе
«Өткенді қайта жазуға не кедергі?» деген сауал туындайды.
– Әр дәуірдің тарихын толық тану үшін сол дәуірге қатысты деректерді ақтару
міндет. Ал мен айналысатын ХІХ ғасыр тарихына қатысты мұрағат құжаттарының
басым көпшілігі отарлаушы Ресей империясының мұрағатында және сирек қолжазбалар
қорларында жатыр. Ресейдің Қазақстандағы отарлау мәселесіне тоқталғанда осы
уақытқа дейін үстем болып келген бірнеше пікірлердің болғанын жоққа шығара
алмаймыз. Оның бірі – Ресей отарлауының пәрменділігін төмендетіп көрсетуге
ұмтылушылық, яғни ағылшын, испан, португал отарлауындағы сияқты жергілікті
тұрғындар қырғынға ұшыраған жоқ делінеді. Бірақ қандай болса да, отарлауды ақтауға
болмайды. Отаршылар ешқашан жергілікті халықтың мүддесімен санасқан емес.
Сондықтан да шынайы тарих жазылу үшін мұрағатта сақталған, әлі күнге дейін
игерілмеген құжаттарды айналымға көп тартуымыз қажет. Солай болғанда ғана
тарихтың шынайылығы ашыла түседі. Тарихты шынайы жазу үшін табандылық пен еңбек
қана қажет.
– Әр адам өзінің мүмкіндіктері мен
болашағын болжауы үшін тарихын, ата-бабаларының жүріп өткен жолын, жеңген,
жеңіліс тапқан тұстарын білуі шарт деседі. Жалпы, тарихи жады, тарихи сана
пенденің ғана емес, елдің болашағы үшін де маңызды. Десек те, қазақ тарихы
туралы сөз бола қалса, көбінесе жапа шеккен, ұтылған жерлері айтылады. Сонда
ұлтымыздың ұтқан, жеңген тұстары жоқ па, әлде бұл да айтылмаған шындықтың қатарында
ма?
– Барлығымыз да Кеңес заманында орта мектептен білім алып, тек Ресей тарихын
оқып, оның айтулы даталарын жаттап өстік. Қазақ тарихы мектепте айына бір рет
қосымша түрде оқытылды. Оның өзінде Кеңес идеологиясына келетін таптық күреске
сай тұлғалар айтылды да, қалғандары феодалдық кертартпа заманды көксеушілер
ретінде жазылды. Патшалық Ресей билігі кезінде де азаттық үшін күрескен
тұлғалар хан, сұлтандар, би-батырлар орыс үкіметі жақтастары мен екінші топ
«қарақшы», «барымташы», «бүлікшіл» атауларымен анықталды. Бұл дәстүр кейіннен
кеңестік тарихнамада да жалғасын тапты. Соның ішінде хан, сұлтандардың
қоғамдық-саяси қызметтері, олардың көзқарастары ашық бұрмалаушылыққа ұшырады.
Кенесары немесе басқа да тұлғаның тарихын зерттеген көрнекті тарихшылар мен
әдебиетшілер Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Е.Ділмұхамедов, Е.Ысмайылов қудалауға
ұшырап, олардың ғылыми шығармашылығына тыйым салынды. Міне, содан кейін біздің
тарих тек «партия тарихын», «бесжылдық жоспарлар тарихын» және «комсомол
тарихын» зерттеуге басым бағыт берді. Сіз аталған кезеңді зерттеген болсаңыз,
жылдам ғылыми атаққа қол жеткізесіз. Ал шынайы тарихпен айналыссаңыз,
болашағың бұлыңғыр. Осының нәтижесін Ұлттық кітапханамыздың диссертациялар
залындағы қорғалған жұмыстардан байқауға болады. Екіншіден, ХІХ ғасыр тарихымен
айналыссаңыз, Ташкент, Орынбор, Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы
мұрағат қорларын ақтаруға тура келеді. Ол уақыт пен қаржының еншісіне барып
тіреледі. Кезінде Шоқан тарихымен айналысқан академик Әлкей Марғұлан уақытының
көбін мұрағат құжаттарын іздеуге арнады. Іздеу барысында Шоқанның бес томдық
шығармаларын жариялады. Ғалымның ұлт тарихына қатысты жинағандары әлі толық
жарық көрмеді десек те болады.
Өткен тарихымызда ұтқан да есе жіберген тұстарымыз да жетерлік. Ұтылған
тұсымыз – ауызбіршіліктің жоқтығы. Сол замандағы мемлекеттің тұтастығын сақтай
алмауымыз. Бұған мұрағаттағы құжаттарды оқыған сайын көз жеткізуге болады. Ал
ұтқан тұсымыз – қазақ жастарының білімді, ғылымды игеруге деген құлшынысы.
Мысалы, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Еуропа мен Ресей, Түркия
елдерінде білім алған зиялыларымыз ұлттың болашағы үшін барын салды. ХІХ
ғасырда алдыңғы ұрпақ жіберген кемшілікті, яғни өнеркәсіптік төңкеріс заманында
өзге елдерден артта қалып, өзгенің отарына айналғанын көрген ұлт зиялылары өз
жастарын жоғары білім алуға жетеледі. Осыған қол жеткізуге ұмтылды. Міне, осы
уақыт аралығында қазақ жастары мемлекеттік думалар мен басқа да биік
мінбелерден өз ұлтының мүддесін қорғауға барын салды. Сол жоғары оқу орындарын
біразы алтын алқамен бітірді. Бұл – біздің білімді болудағы ұтқан кезіміз деп
толық айтуға негіз бар. Ал қазіргі таңда шетте білім алған азаматтарымыз осы
игі дәстүрді жалғастыруда белсенділік таныта алмай келеді. Біз туған
жеріміздің тарихын толық білмейміз. Оны білуге талпынбаймыз да. Біздің төл
алфавитіміздің үш рет ауысуы да өзіндік кедергісін келтіргенін айту орынды.
Мысалы, мұрағаттағы
1929 жылға дейінгі қолжазбалар мен деректердің араб графикасында жазылуы,
одан кейін латын әрпіне көшкендегі тарих, кейінгі кириллица жазуындағы деректерді
көргенде отарлаушы ел біздің өз тарихымызды оқуымызға тосқауыл жасағанын
байқаймыз.
– Жалпы, қазақ халқының көне
жыр-дастандарының қайсысын алсаңыз да, сонау ықылымнан бергі тұтас тарих
басқыншы жаулармен жан алып, жан берісе өтіп келе жатқанына көз жеткізесің.
Жалпы, бүгінде ерліктің шын бағасын бере алып жүрміз бе?
– Көне ғасырларға үңілген сайын, сол заманға қатысты деректер аз болғанның
өзінде өзге елдің кітапханалары мен мұрағаттарынан табылуы еліміздің өз
құндылықтарын сақтау мен жинақтауда артта қалғанымызды көрсетіп отыр.
Ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ даланы өз ұрпағына мұра етіп қалдыруы, білек пен
жүректің күштілігі нәтижесінде келгендігін жас ұрпақ білуі тиіс. ХІХ ғасырда
ұлт-азаттық күресте қол бастаған Жоламан, Сыздық және т.б. тұлғаларымыз
тарихтан әлі де өз орнын алмай келеді. Аталған тұлғаларға институт әзірлеп
жатқан 20 томдық тарихта жан-жақты зерттелген материалдар енгізіледі деп жоспарлануда.
– Ал ел үшін, жер үшін болған
қанды-қырғын шайқас нәтижелерін бүгінгі ұрпақ қалай түсінеді?
– Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезін алып қарайықшы. Бізде осыған қатысты деректердің
басым көпшілігі Ресейдің мұрағатында сақтаулы. Оған қол жеткізу де оңай емес.
Мәселен, қазақ ұлтының жасаған еңбектерінің барлығын үстем ұлт пайдаланды.
С.Баймағамбетов жасаған ерлікті А.Матросовқа теліді. Осындай мысалдар өте көп.
Дәл осы себеппен көп ерлік бағаланбады кезінде. Ал өскелең жас ұрпақ ерліктің
бағасын біледі. Біз де өз кезегімізде мектеп оқулықтарында батырларды барынша
дәріптеуге тиіспіз. Осылайша жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге болады.
– Дегенмен, еуропалықтар: «Егер қандай
да бір елдің батырлары көбейсе, ол – артта қалғандықтың белгісі», – дейді. Мысалы,
біз сонау ерте замандағы батырларымызды да әлі күнге дейін дәріптеудеміз. Ал
ол кездегі батырлардың ерлігін растайтын деректер бар ма қолда? Бұл шындыққа
қаншалықты жанасады?
– XVIII ғасырдағы батырларымызға қатысты деректердің басым бөлігі ауыз
әдебиетінің үлгісінде ғана. Мұрағат құжаттары өте аз. Болған күннің өзінде
қазақ-орыс қатынастарына және қазақ-қытай байланыстарына қатысты көршілес
елдердің мұрағатында сақталған деректер. Еліміз егемендік алғаннан бері халық
тарапынан сұраныс тудыратын тарихи кезең, әрине, XVIII ғасырдағы тұлғаларға
қатысты деректер. Мен жұмыс жасайтын «Жаңа дәуірдегі Қазақстан» бөліміне жыл
сайын оншақты хат келіп түседі. Көпшілігі қазақ-жоңғар соғыстары кезіндегі
батырларға қатысты. Батыр дегенде халықтық батыр, өлкелік батыр, ауылдық батыр
деген категориялар бар. Осыны ажыратып алуымыз қажет. Бізде мынандай түсінік
қалыптасқан. Егер мұрағатқа барсаңыз, кез келген тұлғаға қатысты жеке іс пен
мәліметтер қаптап тұрғандай көрінеді. Сол жерде барлығы жазылып тұр ғой, неге
тарихшылар алып қарап, соны жарияламайды деп ойлайды. Кейде сондай
азаматтарымыз Орталық Мемлекеттік мұрағатқа барып, құжаттарды қарағаннан
кейін ғана тарих өздері ойлағандай бір істе (құжатта) тұрмағанын түсінеді.
Тарихты жазу кезінде терезені ашып қойып, қиялға берілу – үлкен қиянат.
– Қазақ халқының басынан небір қиын
кезеңдер өтіп, ашаршылық, соғыс жылдары қаншама қандастарымыздан айырылдық.
Дегенмен, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүзден аса батыр шығып (еленбей
қалғаны қаншама), жауынгер халық екенімізді дәлелдегендей болды. Әйтсе де
өзгелер бұны әлі күнге дейін мойындағылары келмейді. Тіпті, соғыс өнерін
меңгермеген халық деген байламдар жасайды. Бұл туралы не айтасыз?
– Патшалық Ресей ХІХ ғасырда қазақ даласын отарлау барысында қазақ халқының
қолындағы қаруы мен астындағы атын алу арқылы жауынгерлік рухынан айыруды
мақсат етіп қойды. Орыс әскери шенеуніктерінің жазбаларында қазақ атқа мінгенде
айбарланып кетеді деп жазады. Отарлық қыспақ қазақ халқын қанша езгенімен, оның
жауынгерлік рухын жоя алмады. Әр уақыт кезеңінде батырлық істер алмастай
жарқырап шығып отырды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес одағына енген ұлттардың
қай-қайсысында болсын, өзін ел мүддесін қорғаушымын, мына соғысқа қосқан үлесім
ешкімнен кем емес деген отансүйгіш түйсік үстем болды. Оның ішінде қазақ
халқының ержүректігі осы соғыста тағы да бір қырынан көрінді. Сталиннің
радиодан сөйлеген сөзінен кейін халық санасында өткен тарихына үңіліп, атақты
батыр, айбынды ел билеушілердің рухына табыну, соларды мақтан тұту сияқты ұлттық
сезімдер оянды. Өкінішке орай, сол соғыста ерлігі еленбей, жасаған батырлығы
үстем болған орыс ұлтына таңылғандары қаншама. Бұл – тарихтан белгілі. Ұлы
Отан соғысында батырлығымен көзге түскен Бауыржан Момышұлы, Рахымжан
Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтерге батыр атағы берілмеуінің өзі осының дәлелі.
Ұлы Отан соғысының ақиқатын толық ашу үшін Ресейдің Қорғаныс министрлігіне
қарасты Подольскі мұрағатына кіру қажет. Осы және басқа да мұрағаттарды ақтармайынша,
ақиқатқа көз жеткізу қиын. Деректерді саралау арқылы шындыққа қол жеткізуге
болады.
– Кез келген ірі тарихи оқиға болған
кезде көбінесе алдымен лақап тарайды. Соның салдарынан шыны мен өтірігін
ажырата алмай қалатын жағдай жиі орын алады. Мұндай жайларды ғалымдар қалай
реттеуде? Халыққа елеп, екшеп, дұрысын жеткізу жолында қандай кедергілер
болуы мүмкін?
– Тарихты халық пен жекелеген тұлғалардың атқарған ісіне қарап бағалаймыз.
Бізде өкінішті жайт – тарихтағы аттас тұлғалардың ерлік істерін шатастыру,
бірінің ерлігін екіншісіне балау, туған жылдары мен істеген ерліктері
деректерді қарағанда сай келмейтін тұстары да көптеп кездеседі. Мұрағат
деректерін ауыз әдебиеті үлгілерімен үнемі салыстырып отыру қажет. Олар
бірін-бірі толықтырады. Кей тұлғаларымызды ұлықтағанда тарихи деректер тапшы
болып жатады. Осыдан кейін барып аңыз-әңгімелер алдыңғы орынға шығады. Сонымен
қатар, сол тұлғаны іздеуші тұлғалардың қаржылық басымдылығы қолдан тұлға
жасау кейінгі кезде өрістеп барады.
– Қолдан тұлға жасау өрістеп барады
дейсіз. Ал оның себебі неде?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін, әсіресе, ХVIII ғасырдағы батырларға қатысты дерек
жоқтың қасы. Дені ауыз әдебиеті үлгісінде ғана жеткен. Белгілі бір тұлғаларды
зерттеп, қараған кезде дәйектер табылмайды. Осылайша кейбір іздеушісі жоқ
тұлғалар толық зерттелмей қалған. Ал тарихи тұлғаны қолдан жасау дегеніміз,
мысалы, қазір бизнесмендер, кәсіпкерлер, ақшасы көп адамдар өздерінің аталарын
ұлықтауда. Дәл осылай қолдан тарих жасау дәстүрі белең алып бара жатыр. Мысалы,
белгілі бір мешіттерге аталарының атын береді. Ал тарихты алып қарасаңыз,
қажылыққа қатысты бірде-бір дерек кездестіре алмайсыз. Бұдан бөлек жергілікті
жерлерде әркім өзінің өңірінің тұлғаларын дәріптейді. Ал нағыз тұлғалар
іздеушісі болмай, еленбей қалуда. Мысалы, Кіші жүздегі Жоламанға қатысты
мұрағатта құжаттар өте көп. Осындай батырларды ұлықтап, оларға ескерткіш
орнатсақ, оның ешқандай айыбы жоқ. Алайда, кейде болмайтын батырларды көтеріп,
ескерткіштерді көптеп орнатып тастаймыз. Ал оның болашақ ұрпақ үшін қажеті
қанша? Біз өзіміздің осындай әрекетімізбен келер ұрпақты шатастырып, ақиқаттан
алыстатып алмаймыз ба деген сауал туындайды. Сол себепті де өткен тарихымызды
өзіміз игеріп, ұлықтамайынша, өзгеге құрметтете алмаймыз.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында
тарихи тақырыптар төңірегінде мақалалар мен материалдар аз жарияланып жүрген
жоқ. Десек те, мәселе оның қоғамға қалай әсер етуінде. Сіз қалай ойлайсыз, БАҚ
ұстаздар қауымына, оқушыларға, жалпы оқырманның тарихи түсінігіне игі әсер ете
алып жүр ме?
– Тәуелсіздік алған кезіміздегі мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар
ұлттың сусындап отырған өзекті мәселелерін дәл көтеруімен ерекшеленеді. Биыл
жарық көргеніне 100 жыл толып отырған «Қазақ» газетіндегі материалдар мен
қазіргі баспасөздегі материалдарды сараласақ, айырмашылық көзге бірден
байқалады. «Қазақ» газетіне бүкіл қазақ зиялысы атсалысты. «Қазаққа»
жазғандардың бәрі бір-бір саланың білгірі, маманы болды. Қазір 100 жыл өтсе де,
сол кезде баспасөзде көтерілген тіл, дін, жер, латын әліпбиіне көшу мәселелері
бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр. Бүгінгі таңда елімізде 2 532 газет-журнал
болса, соның 500-ден астамы ғана мемлекеттік тілде шығады, соның өзінде де
олар күн тәртібінен түспей жатқан проблемаларды қозғап келе жатқаны ащы да
болса шындық. Ресми басылымдар мен оппозициялық басылымдардағы тарихқа қатысты
материалдар өте аз. Ресми газеттердің бекітілген бесжылдық жоспарлары бар, ал
оппозициялық басылымдарымыз рулық жанжалдар мен сенсациялық мақалалардан асып
отырғаны шамалы. Сондықтан да ресми газеттер тарихи құндылықтарымызға көп
көңіл бөлген жағдайда нақты тарих ауылдық оқырмандарға көптеп жетеді деген
ойдамыз.
– Адал еңбек туралы жиі сөз етеміз. Бұл
Кеңес одағы тұсында да айтылды. Алайда, қағидаға айналып үлгерген бұл ұстаным
тәуелсіздік алғалы бері өзгеше сипатқа енгендей. Оған аса күш жұмсамай-ақ
баюға болатынын байқатқан элиталы топ өкілдерін мысалға алуға болатын сияқты.
Дей тұрсақ та, кез келген жетістікке тек адал еңбекпен ғана жетуге болатынын
насихаттайтын қоғамның ойшыл бөлігі мұнымен қалай күресуде?
– Кеңес заманында жеңіл зерттеу мен атаққа ұмтылу басым болғанын жоққа шығара
алмаймыз. Кешегі жекешелендіру кезінде де халықтың меншігін жекесіне
айналдырып, байлықтың буына мастанғандар көп болды. Қолындағы байлығының бір
пайызын әлеуметтік мәселелерге аударуды намыс көретіндер де баршылық.
Батылдық таныту деген – көшеге шығып айғайлау немесе биліктің жағасына жармасу
емес, әрқашан да әділін айту. Біліп айту. Көзге көрініп тұрған шындықты бұрмаламау.
Олай болмаған жағдайда тарихқа қиянат жасалғанмен тең. Зиялы қауым өкілі
қоғамдағы орын алып отырған олқылықтарды ашып айта білулері керек. Тек сынап
қана қоймай, қоғам өміріндегі келеңсіздіктердің себебін ашық айта білулері
тиіс. Пікір айту мәдениетін де ұмытпаған жөн.
Кеңестік және посткеңестік кезеңдерде жарық көрген қайсыбір еңбектерде
кеңестік билік пен коммунистік партияны қазақ еліне оның жерін жинап, мемлекеттігін
құрып беруші күштер ретінде көрсету етек алды. Ия, рас, бұл тұжырыммен белгілі
дәрежеде ғана келісуге болады, дегенмен, оны толық күйінде қабылдау қиын.
Өйткені, қазақ жерінің тұтастығы мен оның мемлекеттігі жөніндегі идея,
сондай-ақ, оны іске асыру әрекеті кеңестік заманда ғана емес, одан да ерте
кезеңдерде, тіптен Ресей империясы құрамына енген уақыттан бұрын да анық
көрініс тапқан болатын.
Осы тұрғыдан алғанда ұлттық мемлекеттік дербестікке байланысты Алаш идеясы
Абылай хан, оның немересі Кенесары хан, қазақ қоғамындағы басқа да азаттық үшін
қозғалыстардың шынайы көрінісі және тікелей жалғасы ретінде қарастыруға толық
негіз бар. Тарихтағы тұлғалардың еңбегін сызып тастауға немесе аттап өтуге
болмайды.
Тағы бір айта кететін жәйт, мысалы, орта ғасырларда бір тарихшы болған. Оның
ежелгі Қытай мен түркі дәуіріне қатысты жазылған төрт мақаласы ғана бар.
Алайда, сол кезеңді зерттегендер осы төрт мақалаға сілтеме жасамай, жаза
алмайды. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, кейде біздің де жекелеген тұлғалар аз
ғана еңбегімен аты шығады. Ал енді біреулер ғылымда том-том еңбектер жазып
жатады. Алайда, ол еңбектер оқырмандар тарапынан көп қолданыла бермейді. Оларға
сұраныс жоқ. Мысалы, моғолстан дәуірін зерттеген кезде Пищулина Клавдия
Антоновнаның XIV-XVI ғасырлардағы «Оңтүстік-шығыс Қазақстан тарихы» деген
еңбегіне сілтеме жасамай жаза алмайды. Міне, тарихтағы еңбектің бағалануы деген
– осы. Яғни еңбекпен келген, ізденістер нәтижесінде жазылған дүние өзінің оң
бағасын араға ғасыр салса да алады.
– Өткен ғасырлардағы қаншама зобалаңдар
халықтың сағын сын-
дырғанымен рухын жоғалта алмап еді. Ендігі елдігіміздің «тұғырына» көз
салсақ, нені аңғарамыз?
– Еліміздің тәуелсіздігі мықты болуы үшін шетелдің жылтыраған реформа-
ларын қоғамға тықпалай берудің қажеті жоқ. Ғылымда шетелге табыну басым болып
барады. Біз бір сәт өзіміз бен шығыстық құндылықтарға да назар аударуымыз жөн.
Біз батыс бола алмаймыз, батыс шығыс бола алмайды. Өткен тарихтан сабақ алуды
бір сәт естен шығармау керек. Х–ХІІ ғасырлардағы Шығыс ренессансы кезінде Шығыс
қалай дамыды, кейінгі XVI–XVII ғасырлардағы Еуропаның қайта өрлеуінде неге Шығыстың
құндылықтарын дамытып, Еуропа алға дамыды. ХХІ ғасырдағы Шығыс елдерінің алға
жылжуын (Қытай, Жапония, Сингапур және т.б.) еске алсақ, оны батыстық саясатпен
тұмшалаудың қажеті бола қоймас.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Айгүл Сәметқызы.