Жақында Ашаршылық құрбандарын еске алудың 80 жылдығына арналған «Қазақстандағы ашаршылық: халық қасіреті және тарих тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференцияның (Астана, 31.05-01.06.2012.) материалдары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке жинақ болып шықты. Осы жинақтың материалдары бойынша соңғы жылдары әлем назарына іліккен ашаршылық тарихына қатысты отандық және шетелдік зерттеушілердің негізгі ғылыми тұжырымдарын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Жинақтың аңдатпасында көрсетілгендей, кеңестік ұжымдастыру кезеңіндегі тоталитарлық жүйенің саяси қателіктерінен миллиондаған адамдар құрбан болды. Бұл тақырып еліміздің тәуелсіздік жылдарында ғана обьективті тұрғыдан қарастырылып, лайықты бағаланды.
Ашаршылық тарихына жаңаша көзқарасты қалыптастырған осындай жинақ материалдары академик Манаш Қозыбаев бастаған тарихшылардың күшімен тәуелсіздік қарсаңында жарық көрген болатын.
Ал, тәуелсіздік жылдарында шыққан 400 беттік бұл жинақтың ерекшелігі – екі күндік іс-шаралар аясында өткен «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылуы, «Зұлмат заман» (Зобалаң) фильмінің көрсетілімі, «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты» атты кітаптың шығуы, «1931-1933 жж. Қазақстандағы ашаршылық: фактілер мен құжаттар» көрмесінің ұйымдастырылуы, әлемнің 13 мемлекетінен келген шетелдік қонақтармен кездесулер, дөңгелек үстел, баспасөз мәслихаты, жалпы конференция жұмысының барысы мен нәтижелерінің тұтастай қамтылуында.
Отандық және шетелдік зерттеушілердің ғылыми баяндамалары топтастырылған жинақ Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзімен ашылады. Онда «Кеңес Одағы аумағында 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Сол кезде Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтардың бірі. Тек 1932-1933 жылдары ең кемі бір жарым миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Бұны, әлі де зерттеу керек, әрине. Аман қалған қандастарымыздың тағы 600 мыңнан астамы жан сауғалап, шет мемлекеттерге босып кеткені, сол жылдары нәубетке ұшырамаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақтың болмағаны, мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатымен қолдан жасалғаны» айтылды [1, 8 б].
Одан кейінгі пленарлық мәжілісте сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед «1991-1992 жж. арнайы Парламенттік Комиссия құрылып (М.Қ.Қозыбаев басқарған), оның жұмысы нәтижесінде көлемді ғылыми баяндама (10 б.т.), жеке Қорытынды әзірленіп, 1992 жылдың 21-22 желтоқсанда «Егменді Қазақстан», «Казахстанская Правда», «Халық Кеңесі», «Советы Казахстана» газеттерінде жарияланғаны белгілі. Ал Комиссияның анықтауы бойынша ашаршылық құрбандарының жалпы мөлшері болжаммен 2 млн. 200 мың адам, оның 1,7 млн-ы қазақтар, аштықтан қырылудан қашып құтылу үшін 1 млн. 130 мың қазақ шетел асып кеткенін» тарихпен сабақтастырды [ 2, 26-27 б].
ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов өз сөзінде, әсіресе Солтүстік Кавказ, Еділ жағалауы, Украина және Оңтүстік Орал халықтарының ашаршылықтан қатты зардап шеккенін алға тартып, халқының басым бөлігі дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын Қазақстанда, халықтың жартысына жуығы аштан қырылып немесе республикадан кетуге мәжбүр болғанын (әртүрлі деректер бойынша халық саны 2 млн-нан 2,3 млн. адамға дейін кеміген) негіздеп берді [ 3, 35 б].
Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Ғелманұлы Аяғанның пайымдауынша, «ұжымдастыру және ашаршылық жылдарының шығу себептері туралы сараптаулар көрсеткендей, мұның бәрі К.Маркс пен В.Ленин еңбектерінің негізіндегі большевиктік саяси доктринамен байланысты». Ол кеңестік биліктің қылмысы туралы ойларын, орыстың көрнекті философы Николай Бердяевтің «кеңестік жүйе арқылы өзін көрсеткен, бұрын-соңды болмаған тирандық билікті қалай ақтаса да, ол бір кездері ар соты алдында жауап беруі тиіс» деген сөзімен аяқтады [ 4, 41- 45 бб].
Ресей экономика мұрағатының директоры Е.А. Тюрина «2006 жылы Ресейде Федералды агенттіктің бастамасымен «КСРО-дағы ашаршылық: 1929-1934 жж.» құжаттар жинағының сериясын дайындау жұмысына Белоруссия мен Қазақстанның мұрағаттық мекемелері тартылып, нәтижесінде 1-2 томдары жарық көргенін айтты.
Аталған жобаның ерекшелігі - ашаршылықтың пайда болу себептерін жан-жақты көрсету мақсатында зерттеудің хронологиялық шеңберінің кеңейтілуінде, ал ашаршылықтың белгілері қарқынды ұжымдастыру мен азық-түлікті күштеп дайындаудың нәтижесінде 1929 жылы байқалғанын» негіздеп берді. Сондай-ақ, 1930-1933 жж. КСРО-дан Еуропаға 12 млн. т-дан астам астық өнімдері шығарылғанын, оларды сатудан түскен ақша 442 млн. 109 мың сомды (20%) құрағанын (экспорттан түскен ақшаның есебінен) алға тартып, «бұл қаражат КСРО-дағы қарқынды индустрияландыруға негіз болғанын және миллиондаған біздің отандастарымыздың өмірін құрбан еткен» [5, 77-83 б].
Ресей және Еуразияны зерттеу бағдарламасы бойынша Халықаралық бейбітшілікті қолдау жөніндегі Карнеги Қорының жетекші ғылыми қызметкері Марта Брилл Олкотт (АҚШ) «И.Сталин жүргізген ауыл шаруашылығын реформалау өзінің шарықтау шегіне 1929 жылдың қарашасында басталған жаппай ұжымдастырудың барысында жетті және өзінің аяқталу сәтінде, қазақ халқының үштен бірінен жартысына дейін қырылуына әкелген ашаршылыққа себепші болғанын» алға тартты [6, 89 б].
Мельбурн университетінің профессоры Стивен Уиткрофт (Австралия) Қазақстандағы алапат ашаршылықтың таралуы мен ауқымын анықтау мақсатында Ресей мемлекеттік экономика мұрағатының салық және санақ мәліметтерін талдайды. 1937 жылғы санақ жарамсыз деп танылып, көптеген статистер мен демографтар тұтқындалды және осы санақтың екі басшысы Қазақ ЦУНХУ директоры Краваль мен халық санағы бөлімінің бастығы Квиткин атылып кеткені, бәрімізге белгілі. «1926, 1937 жж. санақтар бойынша Қазақстан халқының шығыны 27,9 %-ды құрады, украиндықтардың шығынынан жоғары болған, 15,3%-ға артқанын көрсетеді. Осы кезде Ресей азаматтарының саны 20,8%-ға өскен... Ал, Қазақстанда жалпы тұрғындарын көп жоғалтқан аймақ – Павлодар облысы ( 32%), Қостанай (23 %), Ақмола (14%) болды» [7, 106-107 б].
Франция Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Изабель Огайонның пікірінше, «Қоныстандыру Басқармасының 1929 жылдың аяғындағы міндеттерінің бірі - ашаршылықтан зардап шеккен сегіз мың адайды көшіріп, орнықтыратын жерді ұйымдастыруы керек еді, алайда олардың бір бөлігі Түркіменстанға көшуге мәжбүр болды... Жаппай отырықшылыққа көшірудің алғашқы тәжірибесі күштеп ұжымдастыру, астық пен ет дайындау - ашаршылық пен жергілікті халықтың жаппай көшуіне ұласты, сондықтан нәтижесіз аяқталды» [8, 122 б].
Мэриленд штаты университетінің ғылыми қызметкері Сара Камерон (АҚШ) батыс тарихнамасында М.Олкоттың «Қазақстандағы ұжымдастырудың басталуы» (1981 ж.) мақаласы мен Р.Конквестің «Жатва скорби» (1986 ж.) еңбегінің жариялануы американдық аудиторияны қазақтардың ашаршылығын зерттеумен таныстырғанын айта келіп, «Ресей империясы қазақ көшпелілерін ашаршылыққа анағұрлым төзімді ете отырып, қазақ даласын өзгертті. Осыған байланысты орыс империалистік басқаруы Американы аграрлық қоғамға ауыстыру әрекеттерінде өзгерту үдерісін бастау барысында жергілікті американдықтарды (американдық үндістерді) аштыққа неғұрлым төзімді ете алған ағылшын отарлаушыларының іс-әрекетімен» байланыстырды [9, 122 б].
Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.К. Курманов большевизмге қарсы Т.Рысқұлов, О.Жандосов, А.Сыдықов, И.Арабаев, Ю. Абдрахманов сияқты қазақ - қырғыз зиялыларының ортақ күресіне тоқталып, «А. Сыдықов пен И. Арабаев Киробком партиясы басшылығына қарсы шыққан оппозицияның атышулы негізгі идеялық рухтандырушы және ұйымдастырушысы болған. Ол құжатқа отыз адам қол қойғандықтан, «Отыздың манифесті» деген аталған. Оппозиционерлер республикадағы жүргізіліп жатқан большевиктік саясатты сынай отырып, олар әртүрлі салалар мен бағыттарды қамтып, қырғыз жұмысшыларын бірін-біріне қарсы қойған, жергілікті және ұлттық ерекшеліктерді ескермей және әдейі жүргізген кадр саясатына қарсы шыққан», ақыры олар саяси қуғын-сүргінге ұшырады [10, 147 б]. Автор егерде ХХ ғ. басында біздің халықтарымыздың арасында ерекше бауырластық пен достық қарым-қатынас болмағанда мұндай жағдай болатын ба еді? Біз мұны барлық саяси шиеленістер мен қасіреттерге қарамастан лайықты өткердік деген қорытынды жасайды.
Гумбольд атындағы Берлин университетінің ғылыми қызметкері Роберт Киндлердің айтуынша, «қазақтар дәрменсіз және әлсіз болмаған, олар дағдарыс жағдайын шешудің түрлі жолдарын қарастырған, бірақ оның бәрі табысты болмаған. 1932-1933 жж. ашаршылық деңгейі шыңына жеткенде, қазақтардың дағдарыспен күресетін барлық айла-шарғысы мен бұрынғы қолданысының басым бөлігін жоғалтқан. Бір жағынан, мемлекеттік тапсырыстар салдарынан адамдардың көп бөлігі күйзеліске ұшырады, барлығы үшін ресурстар тапшылығы болды, яғни жетіспеді. Екінші жағынан, тәркілеу мен байларды ығыстырудың салдары, дәулетті отбасыларын мүлкінен айыруды тудырды, дағдарыс жағдайында қауым үшін жауапкершілік алып келген нақ сол отбасылары еді. Енді олардың бұрынғыдай көмек қолын созуға мүмкіншілігі болмады. Соған қарамастан, адамдардың бір-бірімен соңғы талғажауын бөліскені және өздерінің достарының, туыстарының, тіпті бейтаныс адамдардың өмірін сақтап қалғандығы, бізге көптеген мысалдардан белгілі» [11, 157 б].
Әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің докторанты Гзавьер Аллез (Франция) Тұрар Рысқұловтың 1930 жылдардың басындағы ұжымдастыру мен отырықшыландыру науқанына қатысы жөнінде төрт негізгі мәселені қозғады: 1918-1919 жж. аштық, 1920 жылдың қаңтарындағы V- конференциясы, 1923 жылдың екінші жартысындағы Түркістан конгрестері және ұжымдастыру науқанын даярлау мен 1930 жылдардағы отырықшыландыру (қоныстандыру).
«1930 жылдың 5 – желтоқсанында Т.Рысқұлов ұжымдастыру бойынша комиссия мүшесіне алынды және мал шаруашылығына байланысты мәселелермен айналысты. Соған орай «Советская степь» газетінде жариялаған мақаласында «...мал шаруашылығының, тері мен жүннің өңделуінің даму мүмкіншілігі болғанмен, Аргентина немесе Австралиямен салыстырғанда жеткілікті түрде пайдаланылған жоқ. Мұндай дамуды шаруашылықты «ұтымды пайдалану» арқылы қол жеткізуге болады. Оның идеясының негізі мал шаруашылығымен айналысатын аймақтарға жүргізіліп отырған саясатын күшейту және берілетін қаржы көлемін өсіру арқылы ықпал етуде еді. Т. Рысқұлов Қазақстанды КСРО басымдықтарындағы иерархиясында жанама аймаққа айналуы жағдайына жеткізбеуге тырысты» [12, 167-170 бб].
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Х.М. Әбжанов «Қазақстандағы ашаршылық гуманитарлық апат деген анықтама аясына сыймайды. Ол - адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық деңгейдегі қасірет» - дей келіп, - «түптеп келгенде кеңестік тоталитарлық жүйе әлжуаз аграрлық экономиканы дүниеге әкелуімен, шаруа табын табиғи болмысынан адастыруымен болашақтағы күйреуін дәйектеді. Миллиондардың өмірін қиған, көмусіз қалғандардың сүйегі үстіне құрылған аграрлық қатынастан мол жеміс күтудің өзі рухани-имани адасудың сорақы түрі еді...Өткен ғасырдың 30-жылдары басында ашаршылықпен қазақтың басына нәубет орнатқандар ауыр қылмысы үшін жазаға тартылмағанмен олар құрған жүйе, авторлардың есімі мен мұрасы 1991 жылғы тамызда жойқын соққыға ұшырап, содан бергі қысқа мерзім ішінде көзден де, көңілден де жоғалуда» деген тұжырымын жасайды [13,173-176 бб].
Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті деректану кафедрасының профессоры В.П. Козлов «қазіргі кезде «КСРО-дағы ашаршылық: 1929-1934 жж.» үш томдық құжаттар жинағын шығарушы ресейлік ұжымның қолында ашаршылыққа байланысты негізгі құжаттардың мыңдаған көшірмелері бар. Проблематикасы жөнінен аталған құжаттар барлық одақтас республикаларды қамтиды. Алынған құжаттардың барлығы дерлік Кеңес билігінің негізгі жауы белгілі бір халық емес, халық құрамындағы белгілі бір тап болғанын айғақтайтынын» алға тартып, құжаттардың 4 тобын жіктеп көрсетеді:
Бірінші топ – бұл мемлекет басшылығының ұжымдастыру, егін егу және оны жинау, астық дайындау науқандарын ұйымдастыру, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерін экспорттау мен импорттау мәселелеріне қатысты қабылдаған саяси шешімдері.
Екінші топ – жалпыодақтық органдар мен ұйымдардың құжаттары, бұларда қабылданған саяси шешімдерді орындау механизмдері көрсетілген.
Үшінші топ – бұл бүкілодақтық көлемінде, республика, аймақ, облыс және басқа да әкімшілік бірлік, оның ішінде партия, кеңес органдары, атқарушы биліктің жалпыодақтық органдары құрылымдарының көлемінде қабылданған құжаттар.
Төртінші топ – егін егу және оны жинау, астық дайындау науқандарын ұйымдастыру, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, экспорт-импорт операцияларымен байланысты қабылданған барлық шешімдер мен әрекеттердің қорытындылары мен салдарын, яғни 1929-1934 жж. аралығындағы әр жыл бойындағы елдің өмірін бейнелейтін құжаттар тізбегі».
Алайда мұрағат құжаттары КСРО басшылығы аштық мәселесін «қолдан» басқару арқылы шешуге тырысқанын дәлелдейді. КСРО- жоғары партия басшылығының республика, аймақ және облыс басшылығына жіберілген жеделхаттары оның құралына айналды. Ал, олардың маңызы саяси бюроның қаулыларынан кем түспейді. Себебі, біріншіден, олар өте жедел түрде, қазіргі тілмен айтқанда онлайн режимінде, телеграф немесе тікелей телефон арқылы жеткізіліп тұрды. Екіншіден, олар өте жасырын және аса құпиялы болды. Үшіншіден, олар қатаң түрде бір адамға ғана жолданды. Төртіншіден, олар бұйрықтың орындалуына жауапкершілікті бір адамға ғана жүктеді және бесінші себеп, бұйрық бұлжытпастан орындалуы тиіс болды» [14, 196-202 бб].
Отандық кәсіби тарихшы Талас Омарбеков Бүкілодақтық санақ көрсеткіштері негізінде ғана зерттеулер жүргізу тарихи шындыққа апара алмайтынын жеткізіп, «қазақтардың 1930-1933 жж. аштан қырылу көрсеткішінің аман қалған босқындарды есепке алмағанда 2 млн 200 мың асып кетеді, сондай-ақ жанама санақтар деректері де ашаршылық жылдары осынша адамның қырылғанына көзімізді жеткізеді.
Алайда осындай нақты деректер қолымызда тұрса да, бүгінгі тарихымызда аштық құрбандықтарын біржақты демографиялық жолмен ғана үстүрт есептеп, 1930-1933 жж. өлген қазақтар санын негізсіз бұрмалай көрсету орын алып отыр. Мысалы, Р.Конквест оларды 1 млн адам көлемінде деп көрсетсе, Р.Дэвис пен С.Уиткрофт қазақтардың 1931-1933 жж. құрбандықтарын 1 млн адамнан астам, ал басқа ұлттарды қосқанда бұл көрсеткіш 1,3-1,5 млн. адам шамасында деп ойлайды, Ал қазақстандық тарихшылардың бір тобы (Б.Төлепбаев, В.Осипов) 1,5 млн адам қырылғанын, тарихшыларымыздың және бір тобы (М.Қозыбаев, Ж.Әбілхожин, М.Тәтімов) 2 млн 750 мың адамның өлгенін айтады. Бұл деректер болжам түрінде айтылса да, олар Қазақстан тарихынан жазылған іргелі зерттеулерге ғана емес, мектеп оқулықтарына да нақты көрсеткіштер түрінде еніп кеткеніне» қынжылыс білдірді [15, 210 б].
Қазақстан Республикасындағы Украинаның Төтенше және өкілетті елшісі О.А. Демин сол жылдардың оқиғаларын саралағанда, оның себептері мен айыпкерлері туралы сұрақтар туындайтынын айтып, басты себебі бізге белгілі – бұл тоталитарлық сталиндік өкіметтің саясаты, «адамдарды бақытқа темір қолмен күштеп кіргізу» мақсатында жүргізілген тәжірибелер. Бұл саясатты орындаудың бір жолы террор болды. Мысалы, ашаршылық терроры... Ал, Украина мен Қазақстан осындай жоспарларды іске асырудағы негізгі алаңға айналды.
Украиндар сан жағынан КСРО-да екінші орында тұрған. Алайда олардың бай мәдени-тарихи мұрасы, мемлекеттік дәстүрлері мен ұлт-азаттық күрес тәжірибесі жаңа империялық құрылымға, оның басшыларының геосаяси мақсатына аса қауіпті еді. Сол жылдары осындай жағдай Қазақстанда да қалыптасқанын» тілге тиек етті.
Биліктің қылмыстық әрекеттерінің мәнін былайша ашып берді: Украинаның ауылдық аудандарына, колхоздарға және жеке шаруашылықтарға астықты тапсырудың ерекше жоғары жоспарларын жүктеу; заттай айыппұлдарды қолдану (барлық азық-түлікті мемлекет меншігіне өткізу); шаруалардың астықты алуына тыйым салуды енгізу; жасанды ашаршылықтан зардап шеккен Украинаның бірқатар ауылдық жерлеріндегі үлкен жер телімдерін оқшаулау; ерекше тұрғылықты жер тәртібін, атап айтқанда «қара тізім» тәртібін енгізу; ашыққандарға мемлекеттік көмектің берілмеуі» [16, 219-222 бб].
Украинадағы Қырым инженерлік-педагогикалық университетінің доценті А.З. Абдулхаиров «әртүрлі есептеулер бойынша 1932-1933 жж. Украинада барлығы 9 млн.-ға дейін адам құрбан болғанын» алға тартып, 2000 жылдан бастап Украина Президентінің Жарлығымен қараша айының төртінші сенбісінде Украина халқы жыл сайын ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтетінін» жеткізді [17, 240 б].
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, кәсіби тарихшы Ж.Б. Әбілхожин «экономикалық және саяси әлсіреуден кейін біршама күш жинаған кеңес мемлекеті, 1920 жылдардың екінші жартысында ЖЭС идеологиясынан алшақтап, өз саясатын тағы да дамудың қазанмен (октябрь) белгіленген қатал бағытына қарай бұрғанын» айта келіп, ірі бай және жартылай феодал шаруашылықтарын тәркілеу туралы (27 тамыз 1928 жыл) декретке сәйкес 700-ден аса шаруашылық экспроприациялауға ілікті, 144745 бас мал тәркіленді (ірі қараға ауыстырғанда). 113 мың мал басы сол мезетте колхоздар (29 мың немесе 26 %) мен кедей шаруашылықтары (85 мың немесе 74 %) арасында қайта үлестірілді.
Науқан қорытындысы белгілі бір әсер бергендей болды. Арнайы органдардың есептерінде, ауылдағы орташалардың үлес салмағы 76 %-ға көтерілгені, ал керісінше кедейлердің үлесі 18 %-ға төмендегені туралы оптимистік үнмен хабар таратылып жатты. Осымен науқанның тиімділігі тәркіленудің дұрыстығы мен қажеттілікті дер кезінде жүргізілгенін дәлелдегені туралы түсінік қалыптастырды. Декрет бойынша алынған мал есебінен кедейлер өздерінің әлеуметтік мәртебесін көтеру жағына қарай өзгертті, сол сияқты орташаланды. Кеңестік тарихнамада бұл үрдіс «қазақ ауылын орташаландыру» ретінде белгіленгенін» ескертті.
Сондай-ақ, «кең көлемді экономикадан тыс таза қайта бөліске салу науқанын жүзеге асыру жолымен (көптеген аграрлық қоғам тәжірибесі көрсеткендей, нарықтың экономикалық себептерімен, оны жеделірек және неғұрлым аз шығынмен жасайды) дәстүрлі құрылымды реформалаудың кезекті дәрменсіз кемшілігін айқындаған мемлекет, «қанаушы таптарды шектеу мен ығыстыру, оларды толықтай жою» саясатынан өтіп, өзінің «аграрлық революциясын» батыл әрекеттерге: отырықшыландыру (седентаризация) бойынша волюнтаристік науқандарға (көшпелі және жартылай көшпелілерді отырықшы шаруашылық түріне көшіру) және күштеп ұжымдастыруға бұрады» деген тұжырымын жасады [18, 247-252 бб].
Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Тарих институтының бөлім меңгерушісі К.К. Ражабовтың сөйлеген сөзінде «танымал мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың «ашаршылық Түркістан Республикасы халқының жартысын қамтыды» деуі шындыққа жанасады, ол шамамен 2,5 млн. адамды» құрайтынын алға тартты [19, 260 б].
Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатының директоры Л.С. Ақтаева, ең алдымен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары Орталық мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері және сол кездегі директор Марат Жақсыбайұлы Хасанаевтың мұрағат құжаттары негізінде осы тақырыпта БАҚ-та бірнеше мақалалар мен зерттеулерін жариялағанын атап өтті.
Мұрағаттағы жеке қорлардың ішінде «Казахстанская трагедия» өлеңінің авторы Татьяна Гавриловна Невадовскаяның жеке қорына тоқталып, оның қысқаша өмірбаянымен таныстырды. Ол Мәскеу қаласының жанындағы Пушкин қаласында туып - өскен хирург – дәрігер. Қазақстанға жер аударылған әкесі профессор Гаврил Степанович Невадовскиймен бірге 1931-1933 жылдары қазақ жеріне тұрақтайды. Ол кезде әкесі «Союзсахар» тресіне қарасты 1931 жылы қазақтар тастап кеткен «Шындәулет» ауылының орнында ұйымдастырылған Алматы зоналық тәжірибе станциясының меңгеруші қызметін атқарған.
Сол кезде небәрі 19 жастағы Т.Г. Невадовскаяның жоғарыда аталған өлеңінен «...шыр айналды бұл қазақты мың қайғы, кім жіберді аштық деген пәлені?..» үзінділерін келтірді және Татьянаның өзі құрыстырған «Годы, люди и судьбы» атты фотоальбомына енген бір суреттің тағдырына ерекше тоқталды. «Бұл сурет, - делінген онда, - сол жылдары орын алған «асыра сілтеушіліктің» салдарын дәйектейтін бірден-бір құжат. 1933 жылдың көктемі, мен станция мамандарының бірімен жол бойында келе жаттым. Өзіммен бергі фотоаппаратымды ала шыққанмын. Біздің үйден онша қашық емес жерде, жолдан әбден ашыққан, өне бойынан күші кеткен қазақ отыр екен... су мен тамақ сұрады. Мен фотоаппаратымды қасымдағы досыма беріп, су алып келуге кеттім... Ол суды асығып-үсігіп ішті. Осы мезетте досымның мені суретке түсіріп алғанын байқамай қалыппын (осы сурет). Сосын ашыққан қазаққа бір үзім нан мен қант әкелуге жүгіріп кеттім. Алайда мен қайтып келгенде, ол бақилық болып кетіпті. 1931-1933 жылдары талай адамдар, осылайша жан тапсырған...» [20, 268-269 бб].
Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті Әлемдік саясат және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры В.Б. Жиромская РКФСР-дағы ашаршылық қамтылған аудандарға (Кубань, Дон, Ставрополь, Саратов (Куйбышев), Самара, Поволжье, Волгоград, Орынбор, Пенза, Батыс Сібір, Свердлов, Челябинск облыстары) тоқталып, барлығы КСРО-да 1932-1933 жылдары ашаршылықтан шамамен 8 млн. адам қаза тапқанын, ашаршылықтың демографиялық салдарының ұзақ уақыт сыр бергенін 1937-1939 жж. халық санақтарымен» негіздеді [21, 284 б].
Қырғыз-Ресей «Славян университетінің» доценті М.Н. Суюнбаев ашаршылықтың алғы шарттары мен геосаяси зардаптарына тоқталды. Ол өз ойын «егер алапат ашаршылық шығындары болмағанда, қазақстандықтардың қазіргі саны 40-45 млн. адамды құрайтын болар еді. Қазақстанның экономикалық әлеуетін есепке алғанда, Иран және Түркиямен салыстырылатын ірі аймақтық мемлекет болар еді. Қазақстан ТМД елдеріндегі басқа елдерге қарамастан Қырғызстан, Тәжікстанмен бірге Орталық Еуразиядағы интеграциялық жобасын іске асырар еді. Қазіргі уақытта осы жобаны іске асыруға демографиялық әлеует жетіспейді, бүгінгі күні өз-өзіне жеткілікті интеграцияны жасау үшін 50 млн. адамы бар ең төменгі нарық керектігімен» түйіндеді [22, 292 б].
Ресей Федерациясының өкілі А.Н.Озеров қазақтар тығыз орналасқан Батыс Сібірдің оңтүстік (Омбы, Славгород, Новосібір) аудандары ашаршылықтан қатты зардап шеккенін айтып, көршілес Қазақстанда 1931 жылдың қыркүйек айына таман шаруа қожалықтарының 65%-ы, 1932 жылдың аяғына таман 87,3%-ы ұжымдастырылды. Отырықшылыққа көшу және мал шаруашылық аудандарда жер өңдеу ісін күштеп енгізу мал басының кемуіне алып келді. Осының салдарынан Қазақстанда 1931 жылдың аяғы мен 1932 жылдың көктемінен-ақ жаппай ашаршылық байқалған болатын. Жалпы республика тұрғындарының 2 млн. өкілі 1932-1933 жж. ашаршылық құрбанына айналғаны және аштықтан қашқан қазақтардың шекаралас Батыс Сібір аудандарына (Волчихин, Есілкөл, Рубцов, Славгород, Татар, купин, Челак т.б.) барып қоныс тепкені» туралы деректерді келтірді [23, 304 б].
Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің профессоры В.И. Сергийчук Украинада ашаршылықтан қанша адам қаза тапқаны жөнінде нақты есептердің әлі күнге дейін жауапсыз қалып отырғанын ортаға салды. Себебі, ашаршылық кезіндегі халықтың қырылғаныдығын анықтайтын мұрағаттық құжаттар орнында болмай шыққан. Тек қана 1988 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Халықаралық заңгерлер комиссиясының қорытындысы бойынша ең төменгі сан Украина 7 млн. адамынан айрылған деп айта аламыз. Тағы бір мәселе, бұл халықаралық трибунал, КСРО-дағы: 1926 жылғы және 1939 жылғы екі халық санағын салыстырып, алғаш рет украиндықтар үшін өте ауыр статистиканы көрсетті: осы жылдары КСРО халқы - 16%, РКФСР - 28% БКСР - 11,2%-ға көбейсе, УКСР - 9,9 % -ға азайған» [24, 314 б].
Қорыта айтқанда, ғалымдардың бәрі зерттеу әдіснамасындағы өзгешеліктерге, сандық сәйкессіздіктерге қарамастан, «ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы алапат ашаршылық кеңестік биліктің солақай саясатының салдарынан болды» деген ортақ қорытындыға келді.
Ал, методологиялық тұрғыдан мынадай мәселелерді бөліп айтуға болады: ашаршылық тарихының хронологиясын нақтылау; ашаршылық тарихын тұтас қарастыру; ашаршылық тарихын кешенді зерттеу; шетелдік ғалымдардың ұстанымы; отандық тарихшылардың ұстанымы; ашаршылық құрбандарына тағзым және тарих тағылымы.
Қазақстандағы ашаршылық тарихына қатысты отандық және шетелдік ғалымдардың жоғарыда келтірілген жаңаша тұжырымдары мен тың ой-пікірлерінің болашақ ұрпақ үшін ғылыми-танымдық маңызы өте зор.
Пайдаланылған деректер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзі. Қараңыз.: Қазақстандағы ашаршылық: халық қасіреті және тарих тағылымы. Халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинағы. 31 мамыр –1 маусым 2012 жыл / Б.Ғ. Аяғанның жалпы редакциясымен. – Астана: Мемлекет тарихы институты, 2012.- 400 б. (қазақ, орыс, ағылшынша)
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы М.А. Құл-Мұхаммед. Сонда.
3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұлов. Сонда.
4. Аяған Б.Ғ. Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық: себептері мен салдары.
5. Тюрина Е.А. «КСРО-дағы ашаршылық: 1929-1934 жж.» халықаралық жобасын дайындау туралы.
6. Олкотт М.Б. Ұжымдастыру мен ашаршылықты зерттеу мәселелері.
7. Уиткрофт С. Қазақстандағы алапат ашаршылықтың таралуы мен ауқымы туралы қысқаша жазба.
8. Огайон И. 1929-1933 жылдардағы ашаршылық – қазақтарды жаппай отырықшыландырудың нәтижесі.
9. Камерон С. Батыс тарихнамасы мәліметтері бойынша қазақтардың ашаршылығы.
10. Курманов З.К. Елді большевиктендіруге қарсы күрестегі қазақ және қырғыз зиялылары.
11. Киндлер Р. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан Қазақстан халқының тірі қалу мәселесі – әлеуметтік шиеленіс ретінде.
12. Аллез Г. 1918 - 1919 және 1931 – 1933 ашаршылық жылдары: қазақтың экономикалық құрылымын өзгерту туралы Тұрар Рысқұловтың саясаты.
13. Әбжанов Х.М. ХХ ғасырдың 30-жылдарының басындағы Қазақстандағы ашаршылық: қылмыс пен жаза.
14. Козлов В.П. КСРО-дағы ашаршылық: кең ауқымды мұрағат құжаттарын зерттеу әдістері мен оларды түсіндіру мәселелері.
15. Омарбеков Т.О. Ашаршылық: деректерді талдау мәселелері.
16. Демин О.А. Қазақстан Республикасындағы Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі.
17. Абдулхаиров А.З. Жаңа зерттеулердегі Украинадағы ашаршылық тарихы.
18. Әбілхожин Ж.Б. Дәстүрлі шаруа болмысына сталиндік тәртіптің қыспағы.
19. Ражабов К.К. Тұрар Рысқұлов Түркістандағы ашаршылық жөнінде.
20. Ақтаева Л.С. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағат құжаттарындағы қазақ халқының зұлматты жылдар көрінісі.
21. Жиромская В.Б. 1932-1933 жж. ашаршылық және оның демографиялық салдары.
22. Суюнбаев М.Н. Қазақстандағы ашаршылық пен жаппай саяси қуғын-сүргін және оның геосаяси зардаптары.
23. Озеров А.Н. 1930 жж. Омбы облысындағы ашаршылықтың себептері мен БК(П) ОК-нің қазақтарға қарсы қудалау саясаты.
24. Сергийчук В.И. Украина мен Қазақстандағы ашаршылық: Алапат қасіретінің айырмашылықтары мен жалпы сипаттамасы. Қараңыз.: Қазақстандағы ашаршылық: халық қасіреті және тарих тағылымы. Халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинағы. 31 мамыр –1 маусым 2012 жыл / Б.Ғ. Аяғанның жалпы редакциясымен. – Астана: Мемлекет тарихы институты, 2012.- 400 б. (қазақ, орыс, ағылшынша)
К.М. Ілиясова
т.ғ.к., доцент Мемлекет тарихы институты ( Астана қ.)
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді