Қазақстан – ядролық қарусыз мемлекет
25.08.2016 2045
«АЗиЯ» кітабы арқылы КСРО-ны мойындатқан ақынның жетекшілігімен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы құрылды. Тура 1989 жылдың ақпанында.

«Қажымұрат пен Айтуар арқар көруге Дегелең жаққа барады. Бір кезде табан асты солқ ете қалды. Төңіректе тас құлап, қара жер жарылып, дүние жаңғырығып кетті. Бір кезде Қажымұрат: 

– Айтуар! Айтуар! Ананы қара!? Дегелең жақтан саңырауқұлақ шықты. Қара! Қарасаңшы!? Саңырауқұлақтың үлкені-ай! Қып-қызыл от... жалын... Күннен де жарық... Қара, қара деймін, 

– деп айқайлады. Ертеңіне Қажымұрат: «Айтуар! Менің көзім түк көрмей тұр. Енді қайттім?!» – деп жылап жіберді. Оның көзі отты сәулеге шағылып, қарығып қалыпты» деген Асқар Алтайдың «Дегелеңдегі жарылыс» шығармасын оқымаған бала жоқ шығар, сірә. Сол Дегелең деп айтып отырған, шығармаға арқау болған Семей полигоны өткен жер... Әйгілі Абыралы ауданы Дегелең ауылы. Оны тарихта біледі. Жарылыс тоқтағанымен, Қажымұраттай білімді жастардың ядролық қарудың салдарынан мүгедек болып қалғаны қаншама?.. 

Осыдан тура 26 жыл бұрын Дегелен оқиғасы суреттелген Семейдегі сынақ полигоның жабу туралы алғашқы күрес басталған болатын. Ол жолда сол тұстағы партия қызметкері, қарымды қайраткер Кешірім Бозтаевтың бастамасымен ақын Олжас Сүлейменовтың ықпалы зор болды. «АЗиЯ» кітабы арқылы КСРО-ны мойындатқан ақынның жетекшілігімен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы құрылды. Тура 1989 жылдың ақпанында. Сол кезде БАҚ өкілдері Семей полигонын жабу, ядролық сынақтың үлкен экологиялық апат екенін айтып, саяси тақырыпта шолулар жасады. 

Ал енді «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы туралы сөз қозғар болсақ. Әлемге әйгілі жарылыс өткен екі қаланың құрметіне негізделіп құрылды. АҚШ-тың Невада штаты да ядролық полигонның үлкен аймағы. Тарихта ең көп жарылыс өткен жер. 

1951 жылы полигон сынағына алынған аймақта 40 жыл уақыт ішінде 928 жарылыс өткен. 3500 шақырым жерді шарпыған полигонның бүгінде аймағы залалсыздандырылды. Жасыл желекке оранып, Невада толықтай улы газдардан, химиялық қоспалардан тазартылды. Семей ядролық полигонында барлығы 459 жарылыс жасалды. 

1949 жылы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалса, 1962 жылдарға дейін ашық ауада 88 сынақ, жер қойнауында 3 рет бомба жарылған екен. 

1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдын 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы жанталаса қаруланған дүниежүзінің державаларын Совет Одағының алдында тізе бүгуге мәжбүр етті. Өйткені, бұл сынақ адамзат тарихында бұрын-сонды болмаған еді. Сондай-ақ, Совет елі осы уақыт аралығында ядролық заряды бар 6 құрылғыны жеті қат көкке жуық жоғары биіктікте сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, жер қабатындағы тік ұнғымалар мен көлбеу туннельдерде 340-тан астам сынақ жүзеге асырылды. Одан 1,5 миллион адам зардап шекті. 

 «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы Халықаралық қозғалыс 1989 жылы 26 ақпанда құрылып, қазан айында ресми тіркелді. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті. Сол арқылы Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т. б. елдерде ұйымның бөлімшелері құрылды. Қарағанды, Семей, Павлодар облыстарының тұрғындарына Полигон жәрдемақысы үлестірілді. Өйткені Семей полигоның негізгі таралу аймақтары осы үш өңірді шарпыды. 

«Невада-Семей» халықаралық қозғалысы қолдау алған алғашқы тұста миллионнан астам адам қол қойды. Қаржы әлемнің көптеген елдерінен жинала бастады. Сол тұстағы ақпарат көздері мәлімдегендей, «11 наурызда қозғалыстың құрылғандығы туралы шетел ақпарат агенттіктері хабар берді. Онда планетамыздың бейбітшілік сүйгіш халықтары өздерінің ынтымақтастықтарын білдіре отырып, қозғалыстың мақсаты мен міндетін мақұлдады. Сөйтіп, қозғалыс халықаралық мойындауға ие болды» деп жар сала жариялаған болатын. 1991 жылдың 29 тамызында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жылдай ажал оғын бүркіген Семей полигоны толықтай жабылып, сол тұстағы аймақ тұрғындары зор қуанышқа кенелді. Көзіне жас алып, Елбасына рахметін жаудырған халықтың қарасы көп болды. Әйгілі Абайдың туған ауылы Қарауылда қазақ тағдырының мәселесі шешіліп, Франция, АҚШ, Италия, Жапон елдерінің делегаттары қатысып, «Невада-Семей» қозғалысын мақұлдап, атом сынағын тоқтатуға өз ұсыныстарын білдірді. Ақыры бұл қозғалыс жеңіске жетті. 

Мемлекет басшысының 1992 жылғы 15 мамырдағы №779 Жарлығымен бұрынғы Семей полигонының әскери-өнеркәсіп кешенінің, сондай-ақ республика аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұйымдар мен объектілердің негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы құрылды. 

Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29 тамыз халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді. Еліміз бейбітшілік пен әлемдік саясатта Ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш ел ретінде тарихта аты қалды. Әлемдік саясат сахнасы Қазақстан еліне осы арқылы да біртабан жақындай түсті. Тіпті әйгілі «Невада ядролық полигоны» 1992 жылы тоқтатылды. Ендеше Елбасы мен сол тұстағы қайраткерлердің ерік-жігері Семей полигонын тоқтату арқылы өзге мемлекеттерге үлгі бола білді.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ