Көне ғимараттар: ағайынды Қосшығұлұлылар династиясы
05.07.2016 4377
Қосшұғыловтар әулетінің тағдыры Ақмола қаласының тарихымен тікелей байланысты. Бұл текті шаңырақтың басшысы Баймұхамбет Қосшығұлұлы туралы деректер мардымсыз

Ақмола 1862 жылы қала мәртебесін алғаннан бастап қалада сауда-саттық дамып, қала өмірі жандана түсті. Арада 10 жыл өткен соң, яғни 1872 жылы Ақмола қаласының көпестері мен мещандары гильдиялық алым төлемінен босатылды. Бұл сауданың дамуына, жан-жақты таралуына көп мүмкіндік туғызды. Ақмоладан шыққан көпестердің арасында ағайынды Қосшығұлұлылар, Баймұхамедтің ұлдары – Құрманғали, Нұркен, Уәли мен Мұқан кеңінен танымал болды. 

Қосшұғыловтар әулетінің тағдыры Ақмола қаласының тарихымен тікелей байланысты. Бұл текті шаңырақтың басшысы Баймұхамбет Қосшығұлұлы туралы деректер мардымсыз. Десе де оның атымен бірнеше нысан сақталғанымен, көбісі бүгінгі күнге жетпеді. Ағайынды Қосшығұлұлыларының атын шығарған – Ақмоладағы кондитер фабрикасы. Бұл мекеме қазіргі Абай даңғылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Абай» қонақ үйінің арасында орналасты. Сол кезеңде, яғни ХХ ғасырдың бас кезінде дәл осындай кәсіпорын қазақ қалаларында бұрын-соңды болмаған. 

Бұдан бөлек Баймұхамбет Қосшығұлұлы Ақмоладан фабрика өнімдерін саудалау үшін «жасыл қатарлардың» бойынан үш дүкен ашқан. Қала тұрғындары керек тауарды дүкеннен өлшеп сатып алса, ұсақ бақалшы саудагерлер арбалап алып қырға апарып сатып, сауда-саттық жасаған. Ағайындылар ашқан дүкенге келушілер күн өткен сайын көбейгеніне байланысты кондитерлік фабрика уақыт өткен сайын өнімін көбейтіп, қуатын арттыра түскен. 

Сауда бағытынан басқа Баймұхамбет Қосшығұлұлы қазақ балаларының рухани білімі мен тәрбиесіне де ұқыпты қараған. Ақмола қаласында бұрын болған жасыл мешіттің өртеніп кеткеннен кейін өз қаржысына жаңа мешіт салған сақи-жомарттың дін саласындағы меценаттығы бір төбе. Мешіт жанынан 1905 жылы ислами білім беретін медресе үйін де тұрғызады. Бұл ғимарат әлі күнге дейін қызмет етіп тұр. «Қазкоммерцбанктің» бір бөлімшесі орналасқан ескі үй күрделі жөндеуден өткен, қазіргі кезде Әлихан Бөкейхан көшесінің бойында тұр. 

Ал жоғарыда аталған кондитер фабрикасының кейінгі жай-күйі туралы журналист А. Райқұл: «...фабрика оның ұлы Нұрмұхамбеттің қолына көшкенде, ол әкеден қалған дәулетті өсірмесе кемітпейді. 1929 жылы совет өкіметі тартып алғанша Ақмола мен оның маңайындағы елді өзінің өнімімен толық қамтамасыз еткен», – деп жазады. 

Қазақ даласындағы жаңа құбылыс Алаш қайраткерлері дәуірінде ғұмыр кешкен Қосшығұлұлыларының үлкені – Шәймерден Ресейдің екінші Мемлекеттік думасына Ақмола облысынан депутат болып сайланған алғашқы депутаттардың бірі. Осы өлкедегі дін қайраткері Ш. Қосшығұлұлының шоқындыру саясатына қарсы шығып, ұлттың ұлы а қыны болған Абайға арнайы хат жазып, ақыл сұрап, кеңес алған. Қазақ жастарының шоқынып кетпеуі жолында ел мен жерден дүркін-дүркін ашық хаттар ұйымдастырып, өзі де елді аралап жүріп жинап, қайрат көрсеткен. 

Міне, осындай текті әулеттің ұрпағы кешегі Қараөткел, бүгінгі Астананың атын шығарған алаштың аймаңдай азаматтары болды. Олар жасаған қыруар еңбек ұлт тарихында алтын әріптермен жазылады. 

Заңғар Кәрімхан