Ұлттық музейде «Қазақстан – менің Отаным» атты көрме өтті
01.07.2016 2903
Дөңгелете салынған ұлттар өкілдері қонақжайлық пен кішіпейілдік символы - сәлемдесу ишарасымен қолын көтеріп тұрған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына шоғырланған.

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Астана күніне орай «Қазақстан – менің Отаным» атты тақырыпта қолдан тоқу техникасымен орындалған монументалды-декоративтік туындының таныстырылымы өтті. 

Елорда мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға  белгілі қоғам қайраткерлері,  ҚР Парламентінің депутаттары, отандық және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен Ассамблея және этномәдени бірлестік мүшелері, ұлттық музей қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Жоба авторлары ҚР Суретшілер одағының мүшелері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Айдар Жамхан мен Мәлік Мұқановтың айтуынша, туынды ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы дайындалған. Композицияның ортасында өрнектелген шеңбер (шексіздік символы) аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипі мен Бейбітшілік және келісім сарайының қасбеті тоқылған, ол өз кезегінде Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық киімдегі бейне-кейіптерімен көмкерілген. Дөңгелете салынған ұлттар өкілдері қонақжайлық пен кішіпейілдік символы - сәлемдесу ишарасымен қолын көтеріп тұрған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына шоғырланған. Шеңбердің үстіңгі жағында Қазақстан халқының бірігуіне негізделген мемлекеттік билік символы Ақорданың қасбеті бейнеленген. Гобеленнің бүйіріндегі бөліктері стильденген қазақ ою-өрнектері басқұрлармен толықтырылған. Ол тағдырдың айдауымен Қазақстанға келген көптеген этнос өкілдерін өз отбасы қатарына бауырластықпен қабылдаған халқымыздың жан сұлулығын білдіреді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен өткен шараның қонақтары ұлттық символикалық нақыштағы тоқу техникасымен орындалған туындыларды тамашалап, жоба авторларына көкейдегі сұрақтарын қойды.