«Алтай мұрасы» автосапары Алаштың астанасында
17.06.2016 1932
Экспедиция мүшелерін Семей жұртшылығы, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ұстаздары мен студенттері концерттік бағдарламамен думандатып қарсы алды

Алаштың алтын ордасы Семей қаласына «Алтай мұрасы» тарихи-мәдени автоэкспедиция ат басын тіреді Халықаралық автосапар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. 

Экспедиция мүшелерін Семей жұртшылығы, Шәкерім атындағы СМУ ұстаздары мен студенттері концерттік бағдарламамен думандатып қарсы алды. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров экспедиция мүшелерін қарсы ала отыра, тарихи-мәдени экспедицияның Шәкерім университетіне табан тіреуі тарихи оқиға екенін баяндады.  

«Семей төріндегі қазыналы білім ордасы  Қазақстанның әйгілі, үздік университеттерінің бірі. Тарихы да ерекше. Түлегі де ерекше. Аржағы Мақтай Сағадиев болса, бер жағы өзіміздің ағамыз, экс-депутат, ғылым докторы, профессор Ғарифолла Есім, композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұқамеджанов. Бұл университеттің ерекшелігі төрт университеттен тұрады. Жалпы кезінде Совет Одағына әйгілі білім ордасы болды. Тәуелсіздік алған тұста техникалық, педагогоикалық, ауылшаруашылығы, қаржы институттары бірігіп Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетін құрады. Бүгінгі таңда осы шығыс өңірін Қазақстанға танытып отырған оқу орны. Бүгінгі сіздердің келіп отырған экспедицияларыңыздың біздің университет тарихында із қалдыратын оқиға деп санаймыз», – деді университет басшысы М. Ескендіров.

Семей төріне табан тіреген автоэкспедиция басшысы, жоба жетекшісі Ерлан Бәтташұлы «Алтай мұрасы» автосапарының мақсат-мұратын жеткізіп, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 20 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған 20 үздік ғылыми кітаптар мен еңбектерді табыстады. «Биылғы жыл еліміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіміздің 20 жылдығы. Осы орайда «Алтай мұралары» атты автоэкспедициясының негізгі мақсаты – тәуелсіздік арқылы келген жеткен табыстарымыз бен жетістіктерімізді, табысты жұмыстарымызды насихаттау, ішкі туризмді дамытуға көпшіліктің назарын аударту болып табылады. Сондай-ақ келер жылы елімізде өтетін ЭКСПО-17 халықаралық көрмесіне үн қосу, ұлттық болмысымызды, тарихымызды, дәстүрімізді Алтай төріндегі халыққа ұғындыру», – деді академик Е. Сыдықов. 

Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлату шарасына орай мемлекеттік ведомство өкілдері әр айды өзгеше мерекелеу датасы болып белгіленді. Соған орай маусым айы «Рәміздер айы» деп аталды. Салтанатты шарада «Рәміздер айы» құрметіне ҚР Елтаңбасының жаңа үлгісі Шәкерім атындағы СМУ-ға тапсырылды. Елтаңба құжатына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов, Елтаңба авторы, экспедиция мүшесі Жандарбек Мәлібеков қолдарын қойды. 

Сондай-ақ шара барысында академиктер Алтай жерінің тарихи ерекшеліктеріне тоқталып, автоэкспедиция құрамына ақ жол тілесе, университет ұжымы ресми қолдау көрсеткен «Цеснабанк» АҚ мен «Қазмұнайгаз» ҰК және ақпараттық демеушілер National Geographic Казахстан, «Қазақстан» ТРК, «Казконтент» АҚ үлкен алғыс білдірді. 

Қысқаша айтар болсақ, экспедицияға қатысушылар он екі күнде 4500 шақырым жол жүріп, еліміздің Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бірнеше тарихи-мәдени орындарынан бөлек әлемді таңдандандырған Алтайдағы Қош-Ағаш, Артыбаш, Бийскідегі мәдени-тарихи орындарда болады. Автоэкспедиция қорытындысы бойынша жинақталған материалдар негізінде деректі фильм, этнографикалық басылым дайындалып, арнайы фотокөрме ұйымдастырылмақ. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ, Семей қаласы