Азаттық үшін көтерген – жер мәселесі (қауесеттік таным және ақиқат)
17.06.2016 2517
«Бұратаналардың» көтерілісі бола қалған жағдайға 30 мыңдай қоныстанушыны қарумен қамтамасыз ететін, қоймада бірнеше ондаған мың қару-жарақ сақталған

Тарихи қауесеттердің бірі – 1916 жылғы 25 маусымдағы патша Жарлығының қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басты себебі ретінде қарастырылуы. Ақиқатында, халықтың қолына қару алып, бұрын-соңды болмаған жаппай Орта Азия мен Қазақстан, Қалмықия, Солтүстік Кавказ елдері ауқымының көтеріліске шығуына Ресей империясының XIX ғасырдың 60-ыншы жылдарындағы реформаның іс жүзіне асырылмауынан, 90-ыншы жылдары шаруашылық дағдарысына жол бергендігінде. Шикізат қорларын иемдену мақсатында отарларға әскери жорықтар ұйымдастыру жеделдетілді. Еуропадан келетін тауарлар тоқтатылды. Сонымен бірге Парсы, Ауған тарапынан ағылшындар да бұл аймаққа көзін тікті. Яғни, шетелдердің сыртқы саяси ойын технологиясының әсері де болмай қалмады. Өлкедегі билік орыс үкіметінің әскери және азаматтық әкімшілігінің қолында болатын. Әскери қысым, парақорлық, алым-салықтардың өсуі, сауатсыздық, тұрғындардың жұпалы аурулар мен індетті науқасқа шалдығуы, олардың тұрмысын жүдетті. Әкімшілік болса орыс қоныстанушыларын өздерінің үстемдігін қамтамасыз ететін күш ретінде қарады. Сондай әкімшілік әпербақандарының бірі: «Әрбір орыс қоныстанушысы жауынгер батальонына тең» деген. XIX ғасырдың 90-ыншы жылдары орыс қоныстанушыларына қару-жарақ та таратылған. «Бұратаналардың» көтерілісі бола қалған жағдайға 30 мыңдай қоныстанушыны қарумен қамтамасыз ететін, қоймада бірнеше ондаған мың қару-жарақ сақталған. Осындай жағдайда «бұратаналарды» тыл жұмысына шақыру «отқа май құйғандай болды». 

1931 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс «ХХ ғасырдағы алғашқы ірі отарлық төңкеріс» ретінде сипатталған болатын. 1916 жылғы Орта Азиядағы көтеріліс – жергілікті тұрғындардың соғысы, жер үшін болған соғыс, өмір сүру мүмкіндіктерін жасау үшін болған, езілгендердің қанаушылармен соғысы болғандығы дәйектелген болатын. Туған жерінде жерсіз қалған «бұратаналар» көздерінің алдындағы орыс қоныстанушыларына қарсы ыза-кектенді. Әрине, екі жақтан да қан төгілді. Демек, көтерілістің басты себебі – жер мәселесі болатын. 

1900 жылға дейін қоныстандыру мекемесінің есебінше, Орал, Торғайдан 3030 үй қонысынан, қыстауынан қуылды. Т. Шонанұлының тұжырымынша санақ қоныстан қуылғандарды түгел көрсете алмайды, мұнда тек қазына тарапынан біршама жәрдем берілгендер ғана көрсетілген. Осы кезеңде жер кесушілерге қарсы наразылықтар да болып тұрды. 1906 жылы Орал, Торғай переселен мекемесінің Пославский деген топографқа қарсы шыққан. Кейін мекеме қызметкерлері: «Біздің басымызды қорғаңдар, егер жазатайым болып кетсек үй-ішімізге қарасыңдар» деген ұсыныс кіргізген. Қазақ халқының жаппай жерсіз қалуы, қайыршылануы, яғни әлеуметтік шиеленістің өсуі қарсылықтың стихиялық көріністері қожайындарды, үкімет өкілдерін соққыға жығудан, салықтар төлеуден бас тартудан, малды айдап әкетуден, егістерді таптаудан, т.б. көрініс берді. Шұрайлы жерлерді қоныс аудару қорына тартып алынғаны туралы, жерін тартып алып қысым көрсету, дәстүрлі көшу жолдарынан айыру көшпелі халық арасында да жанжалдар туғызды. Сонымен қатар қоныс аудару аудандары шенеуніктерінің қиянат жасауларында да шек болмады. 

ХХ ғасыр басындағы Қазақ жерін сипаттайтын карта. 1903 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан материалдар жинағынан алынды

Қазақстанда қоныс аударушылар үшін алынған жердің жалпы мөлшері жөнінде түрлі айырмашылықтары бар мәліметтер бар. 1917 жылы қоныс аудару органдарының шенеунігі В.А. Тресвятский жариялаған деректер бойынша, 1916 жылға қарай Дала өлкесінде зерттелген 106 миллион десятина жердің 30 миллион десятинасы, яғни үштен біріне жуығы басы артық жер дейтінге жатқызылған және қазақтардан күштеп тартып алуға арналған. Ал Ә.Б. Тұрсынбаев жасаған есептеулерде 1906-1915 жылдар кезеңінде Ақмола, Семей және Торғай-Орал қоныс аудару аудандарында нақты алынған қазақ жерлері 15,8 миллион десятина болған. Оның үстіне Жетісу қоныстандыру округінде – 3,3 миллион десятина, Сырдария округінде – 2,5 миллион десятина жер тартып алынған. Барлығы 21206118 десятина болды. Осы деректі Б.С. Сүлейменов келтірген. Жергілікті халықтан тартып алынған жер 9111 учаскеден тұрады. Бірақ іс жүзінде қоныс аударушылар бөлінген барлық учаскелерге орналастылмай 10-15-20 жылда орналастыру жоспарланған. Дала өлкесінің уездері мен облыстары бойынша тартып алынған жердің көлемі тең бөлінбеді. Мәселен, Омбы уезінде барлық жердің 52%-ы, Ақмола уезінде 73%-ы, Қостанай уезінде 54%-ы болды. Басы артық жердің ең көп мөлшері мейілінше құнарлы өңірде орналасқан уездердің үлесінде еді. 1906-1915 жылдар аралығында 580587 адам (ер адамдар ғана есепке алынған) келді. Олардың 47 пайызы Ақмола, 38 пайызы Торғай-Орал, 15 пайызы Семей қоныс аудару ауданына жіберілді. 1917 жылға қарай Семей, Ақмола, Орал облыстарында және Ішкі Ордада (Бөкей) 40 миллион десятинадан астам жер Жетісуда 4 миллион десятинадан астам, барлығы 45 миллион десятинадан астам жер тартып алынды. 1908 жылдан 1913 жылға дейін Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарының қоныс аудару аудандарында ерлерден 400 мыңнан астам адам қоныстандырылды. 1906 жылы дала өлкесіне ерлерден 25100 жан келсе, 1907-1909 жылдар аралығында 80360 жан қоныстанса, 1914 жылға қарай 53360 жанға төмендеген. Тұрмыстарын қоныстандырумен ғана байланыстырған олардың үмітінің толықтай орындалмағанын 1906-1915 жылдарда жыл сайын қоныс аударушылардың 20%-ынан 34%-ына дейін кері қайтып отырғанынан аңғаруға болады. Сөйтіп П.А. Столыпин реформасының қауымдарды күйретіп, хуторлық шаруашылықтар құру идеялары сәтсіздікке ұшырады. Қоныстандыру саясатының мәселелеріне байланысты I, II, III Мемлекеттік Дума отырысында Столыпин реформасына байланысты депутаттардың жан-жақты қызу сын-ескерпелері (Ә. Бөкейхан, Т.И. Седельников, И.И. Космодамианский, Б. Қаратай, Хас-Мамедов, т.б.), қоныстандыру саясатын өзгертуді тікелей талап ету, Қазақстанда жергілікті тұрғындар орналастырылғанша тоқтату, т.б. тек сөз жүзінде ғана қалды. II Мемлекеттік Дума депутаттары Б. Қаратайұлы, А. Бірімжанұлы, т.б. патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қарсы жеке пікірлері арқылы жеткізгісі келгенмен, қоныс аудару істері жөніндегі ведомоствоны басқарған кінәз Васильчиков: «XX ғасырда қазақтардың көшпелі тұрмыс салтын тоқтату, осы үшін де қоныс аударушыларды көптеп жіберу қажет», – деп анық жауабын берген еді. С. Меңдешев өз баяндамасында: «...Вообще отбирались лучшие земли. В Тургайской области, в Семиречье, в Акмолинской области отбирались земли под переселенческие участки», – дей келе, 1916 жылы орыс қоныстанушылар суармалы жердің Жетісу облысының 57,6%-ын иеленген және әрбір орыстың 3,17 десятинадан үлесі болса, әрбір жергілікті тұрғынға 0,21 десятинадан-ақ бұйырғанын айтады. 

Қазақ жеріне келген орыс әскери жасақтарының бір тобы

Келесі қауесет – патша жарлығына қатысты алаш зиялыларының халықпен бірге болмауы жөніндегі қауесет. 1931 жылы Халел Досмұхамедұлы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) тергеушісіне берген жауабында: «...Бөкейханов «Қазақтың» басты жетекшісі болғанын және оның платформасын анықтауға атсалысқанын» айтады. Яғни, 1913 жылдың қаңтарынан бастап Орынборда шығарылған ұлттық-демократиялық бағыттағы «Қазақ» (1913-1918 жылдардағы редакторлары Мұстафа Ахметұлы Оразаев, Ахмет Байтұрсынов, Мир-Якуб Дулатов) газетінде қазақ, еуропа, азия тарихынан бастап, елдің әлеуметтік-демографиялық мәселелері үнемі көтерілді. Айта кететін жайт, 1913 жылдан мақалаларда патша өкіметінің халықты майданға алу мүмкіндігі мәселесі қозғалып отырған. Қазақстанды зерттеу қоғамы шығарған В. Некрасов-Клиодтың 1916 жылғы тыл жұмысына қырғыздарды реквизициялау жөніндегі очеркінде былайша беріледі: «...Последнее еще около трех лет не только связывали народ, но и старались использовать его темноту и невежества, его национальные чувства в контрреволюционных целях, втягивая в организации вроде Алаш-Орда и тому подобное». Мұндай хабарламалар алаш қозғалысының қалыптасу негіздеріне жетелейді. Яғни, алаш зиялылары 1913 жылдың өзінде тұжырымдамалық қағидаттарға негізделген жұмыс атқарған. Қазақтың жайына қатысты М. Дулатұлы: «Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйлестіруші. Озғанға қарай бәйге беретінін», – айта келе, «өзгеге сенбей, өз ісімізді өзіміз істейік» деген заман талап етіп отырған, жаһандық үндеу тастайды. Бұл кезеңдегі тарихи-саяси көзқарастардың идеялық деңгей «ақтаңдақтарын» айшықтауда, 1905-1917 жылдың шілде айына дейінгі аралықтағы, Ә. Бөкейхан бастаған зиялылар іс-қимылдарының кадет партиясы тұжырымдамсымен тоғысатын тұсы жан-жақты саралануы күн тәртібінде тұр. Оның Ресей және эмиграциядағы конституциялық-демократиялық партиясы тарихымен салыстырмалы зерделенуімен айқындалатын тұсы баршылық.

Қауесеттік танымдардың бірі – Торғай көтерілісін (стихиялы) аяқасты көтеріліс қатарына қосу. 1916 жылдың тамыз айында бүкіл Торғай обылысының ауылдары түгелдей көтepiліп, сарбаздар тобын ұйымдастырады. Бұл кезде қарамағында жүздеген сарбаздары бар 20-дан астам топ құрылды. Сондай топтың бірі – Көртоғай болысында Жағыпар Жанбосынұлының қоластына жиналған болатын. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газеті арқылы 1916 жылдың тамыз айының 11-і күні Алаштың азаматына ашық хат жариялайды: «...Бұл соғыстың ылаңын ешкім тілеп алмаған шығар, біздің де көрейік деген күніміз бұл емес еді. ...Отан қорғау ісіне көмегі тиер деп, бізді жұмысқа шақырып жарлық шықты, көнбеске болмайды, мұны бұрын да сан рет айтқанбыз... ...бармаймын деп қарсылық қылса, елге келетін зор бүліншілік... Біздің білуімізше, жеңілі – көнген». 

«Алаш» партиясының көсемдері: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы

1916 жылдың тамыз айының ортасында Торғай уезіне қарай Қостанайдың Аманқарағай болысы, Перовск, Атбасар уездерінің көптеген ауылдары көше бастады. Батпаққара түбіне жиналған қарулы қол Торғай уезінің бастығының хабарлауындағы дерек бойынша 10 мыңнан асты. Осындай мәліметі бар Торғай губернаторы уездерге әскер жібере бастады. Наурызым болысының 2-інші, 7-інші ауылдарында 27 адамды тұтқындады. Бұл аймақтағы қуғын-сүргіннің бастамасы еді. 

Арпалыс. Торғай-Ырғыз-Қостанай аймағында қазақтардың әскерге адам беруден бас тартқанын патша үкіметі білгеннен кейін, күштеп алу шараларын ұйымдастыруға кірісті. Қостанай ауылының болыстары жоғарыға тылдағы жұмысқа баратындардың тізімін жіберіп қана қоймай, ауылдағы жастарды өздері аңша аулап, ұстап алғандарын жедел түрде қалаға жөнелтіп отырды. Аманқарағай, Бестөбе болыстары Торғай уезіне қашып кеткен адамдарының соңынан арнайы қуғыншылар жіберді. 1916 жылдың 1-інші қазанында Лаврентьевтің бас күші Шалқар арқылы Торғайға бет алды. Оның құрамында 9 рота жаяу әскер, 14 зеңбірек, 7 жүздік атты әскер, 6 оқшашар, 4 казактар жүздігі, 105 запастағы полктың 1 ротасы, яғни жалпы есептегенде: 10 рота жаяу әскер, 14 зеңбірек, 6 оқшашар, 11 жүздік және атты әскер эскадрондары болды. 1916 жылдың қазан айының басында Торғай губернаторының бұйрығымен Ырғыз, Торғай уездері, Ташкент темір жолында Ақтөбе мен Сексеуіл станциясының аралығы соғыс жағдайында деп жарияланды. Ерекше жазалаушы экспедицияның бастығы Лаврентьевке осы аудандарда генерал-губернатор құқы берілді. Торғайдағы шағын қалалық түрмеде 400 адам кепілдікке алынып қамалды. Аманкелді Ырғыз-Қарабұтақ бағытында 7 мыңдық жасақ ұстады, олар телеграф байланысын үзді немесе «Дүрбелең – арбасу кезеңі аяқталып, патша қарулы қосынымен бетпе-бет айқасу-арпалыс кезеңі басталды». 

Торғай көтерілісшілерін ұстау үшін екі рет үлкен жорық ұйымдастырғанымен, олар қолға түспей, керісінше, жазалау отрядтарына қарсы қарулы шабуылға шықты. Осы қақтығыстардың бірі – Татыр шайқасында сарбаздар қан-жоса болып, ауыр соққы алса да, Сарысудың отыздан аса кемпір-шалы, әйел-баласы қылышқа туралып, олардың үйлерін өртеп жіберсе де патша жарлығына наразылығын тоқтатпады. Торғай даласы жазалаушылардың алаңына айналған сәтте негізгі шешуші жауапкершілік ауыл ақсақалдарына түсті. Ендігі шешім солардың қолында еді. Құрылтай Әбдіғапар Жанбосынұлын әмір ретінде хан көтеріп, Торғай қолының сардарбегі етіп, кезінде хан Кененің қолбасшыларының бірі, батыр Иманның немересі Аманкелді Үдербайұлы Имановты сайлады. Бұл үш тұлғаның әрқайсысына тән өзіндік тарихта орны бары даусыз. 1928 жылы 28-ыншы тамызда Рүстем Әбдіғапаровқа берген мінездемесінде Әліби Жанкелдин Торғай даласындағы 1916 жылғы оқиғаны «Әбдіғапар қозғалысы» деп атауы көп дүниені аңғартса керек.

 

Халық хан көтерген,  алайда өзін әмір деп таныған Әбдіғапар Жанбосынұлы

Ә. Жанкелдин осы кезеңді былайша еске алады: «Хабарласу, жарлықтарды жариялау жақсы ұйымдастырылды: хабаршы 20-шақырым жерге шауып барып хабар жеткізеді, ол арада тағы бір жігіт тың атқа міне сап, хабарды тағы бір 20-шақырымға жеткізеді, үшінші жігіт одан әрі жалғастырады. Біздің барлаушыларымыз таныс ауылдарды аралап жазалаушылардың қай жерден өтіп, қайда бет алғанын, қанша екенін, не сөйлескендерін, аттарының болдырғанын не тың екенін, жолбасшыларының кім екеніне дейін біліп алып жүрді».

«1-інші қараша. Қоршаудағы он бірінші күн. Торғай қаласын он бес мыңнан астам көтерілісші қоршаған. Қарапайым жұртта да, горнизондағыларда да ес жоқ. Загайновтың бұйыруымен казармаға қосып, қаланың солтүстік жағын қорғау керек деп, қала жұртына ағаштан, тікенек сымдардан бір жеті бойы бөгет жасатты. Енді казармаға тікелей шабуыл жасау қиындады. Қаланы қорғау үшін тұрғындардан қарулы жасақ ұйымдастырды. Бұлардың саны 140 адам болатын. Осы жасақтар кезектесіп күні-түні қаланы қарауылдайтын. Қаланың оңтүстік жағында жалғыз көпір болатын, арғы беттегі «сарбаздар өте алмасын» деп, оны қиратты, басына қарауыл қойды. Загайновтың айтуымен қалада тұратын қазақтардың 10 шақтысы тұтқындалды. Солардың ішінде, Торғайда аты белгілі Бейіс молда да бар». Осының алдында ғана ол қаладағылардың жұмсауымен Шолақұлының хандығына барып үгіт жүргізген еді. Сарбаздар шу көтеріп, оны қуып шыққан болатын. Осы кезде Петербургтан қеле жатқан Әліби Жангелдинді Ырғыз көтерісшілepi: «Орыстардың жансызысың» деп ұстап алады. Себебі ол кезде орысша киінгеннің бәpi патша қызметшісі саналатын. «Жоқ, мен Әбдіғапардың туысымын» деген соң, түйеге мінгізіп Сужарғанға алып келеді, оның жау емес екендігіне көздері жетеді. Осындай жағдайда көтерілісшілердің партизан отрядтары да тоқтаусыз бақылау, тыңшылық жасауды бір сәт тоқтатпаған. 

Әбдіғапар хан мен Оспан хан, ел ақсақалдары Сужарғанда жиналып ақылдасты: бәрінің мақсаты – бір: Торғай гарнизонын шабу, гарнизонды басып алу, қару-жараққа ие болу. Екі-үш күн Әбдіғапар, Оспан хан, мыңбасылары бар, болыс-болыстың ақсақалдары шабуыл жасау жоспарын ойласады. Оспан хан «шабуылды бірден гарнизонға жасап, басып алайық» десе, Әбдіғапар бастаған топ тікелей шабуыл жасауға қарсы шықты, мылтығы жоқ сарбаздарды қырып алатындығына қауіптенді. Әбдіғапардың: «Сарбаздарды оққа айдамай, қаланы қоршап алып, аңду, шығармау, суға жеткізбеу, сырттан азық-түлік келтірмеу, шыққандарын жойып отыру» тұжырымын Әліби де қостады. Бipaқ Оспан хан жағы бұған қөнбеді. Ақыры екі жағы ортақ шешімге келді: қалаға тікелей шабуыл жасау, күштері келсе гарнизонды басып алу. Басқаша жағдайда шегініп, қаланы қоршап, су бермей, тамақ та келтіртпей, гарнизонды бағындыру. Бірақ сарбаздар гарнизон басшыларының соғыс жоспарынан, әскери топтарының келе жатқанынан бейхабар еді. Патша өкіметі қаладағы гарнизонды 1500-ге жеткізді. 

2-інші қараша күні Қазан әскери округы штабының бастығы Ф.Н. Добрышин генерал-лейтенант А.Д. Лаврентьевке жіберген жеделхатында (Қазаннан шалқар ст.-на) Әскери қолбасшының бұйрығы бойынша, «қырғыздардың көтерілісін аяусыздықпен басып-жаншу, олардың күштерін бөліп-бөліп тастау» қатаң есекертіле отырып, қосымша әскери топтар жіберілетіндігі туралы айтылады. Әбдіғапар қарамағындағы ауылдардан бірде бір адам майдан жұмысына бармады. Әбдіғапар мен Аманкелді қыс бойы сарбаздарын соғысқа дайындады: қатал әскер тәртібі енгізілді, соғыс тәсілдері үйретілді. Хан Ордасының әрекеті нәтижелі болды, сарбаздар жазалаушы әскер бөлімшелеріне қарсы шығып: Шолақсай-Күйікте, Қара-Қоғада, Құмкешуде, Доғал-Үрпектегі теке-тірес шайқастардың жүргізілуі нәтижесінде, Ресей империясын күйреткен ақпан төңкерісіне дейін созылды. Патша өкіметін жою мақсатындағы күрес ұлт аймақтарында пісіп-жетілген еді. Даланың жас батырларының есімі атаусыз қалмауы тиіс. Торғай қазақтарын жазалаушы экспедициясына Үрпекте тосқауылды қоршау ұйымдастырып, 200 мергеннің 60-ның өлтірілгені туралы [32]: «...Ерсілі қарсылы соғыста екі жақтың әскері Торғай өзенінің екі жақ бетіндегі көңдерді паналап атыс жасады. Күн батар кезде мылтықты қойып, қолдасып шабысқа кірістік. Патша әскерінен шығын көп болды, өлген жараланғандарын 19 шанаға тиеп алып кетті. Көтерілісшілерден 74 адам шығын болғандығы жөнінде де мәліметтер бар: «...1917 жылдың 21 қаңтарында әскери топ Батпақараға кірді. ...Күшті шабуылға шыдай алмай, соңына түскен 4-жүздіктің шабуылынан көтерілісшілер шегінді, нәтижесінде 400-дей қырғыз оққа ұшты, кескіленді, көптеген жаралылар мен өлі денелерді өздері алып кеткен». 

Торғай көтерілісіне арнап салынған көрнекі сурет

1916 жыл. Желтоқсанның 30-ы күні. Қайдауыл болысының (Бектасовтың) Торғай уезі бастығына жолдаған 6-ыншы желтоқсандағы №793 қатынас хатына қосымша ақпарат хатында Жыланшық елді мекені: «...Сізге, мархабатты тақсыр, ...өзім жинаған мағлұматтар бойынша мына төмендегіні хабарлаймын: 1) Маған сеніп тапсырылған болыс халқынан көтеріліске шыққан қырғыздарының ішінде №3 ауыл қырғыздары түгел (Көшімбек Балықов пен оның жақын туыстары шықпаған) басқалары, соңғы кездерде, хан Жанбосынов Әбдіғапар сайлаған әскербасы Амангелді Үдербаевпен бірге, барлық соғыс әрекеттеріне қатысты, олардың тұрағы Қараторғай болысының аймағында, Батпаққара шатқалында, мұнда хан ордасы бар. ...Мұнан басқа, бұларға 1-інші ауылдан 20 кісімен Шілмырза Майжанов пен Тлеуберген Ержанов, 2-інші ауылдан бес адаммен Балахмет Бекмұхамедов, 11-інші ауылдан 10 адаммен Кейкі Көкембаев қосылды. Көктем шығып, күн жылысымен көшетін ойлары бар, сол үшін барлау жасауға жан-жаққа бірнеше адам жібермек, біреуін Ауғанстанға, оған Әли Жалбағаев аттанбақшы; ол Жанбосыновқа және басқа да көтерілісшілерге: «саяхат жасауға құқым бар», – деп түсіндірген, сондықтан оны еш жерде ешкім де ұстамайды, өйткені оның бүкіл әлемді аралаған саяхаты барлық басшыларға белгілі. Осы аты аталған Әли Жалбағаев шыққан тегі – қазақ, православье дінін қабылдаған, ол бұрын Степнов деген фамилиямен жүрді, ал енді екінші рет ислам дініне ендім деген қауесет таратуда. 2) Алдағы 1917 жылы қаңтар айының бірінші жартысында Жанбосыновтың басқаруымен көтерілісшілер Қайдауыл болысының қыстақтарын араламақ және ондағы халықты өздеріне күшпен қосып алмақ». Сонымен қатар 1917 жылдың 8-інші ақпанында генерал Лаврентьев мынаны хабарлайды: Торғай бастығы Атбасар акционерлік қоғамына қарасты көмір кенінің 2 фортының уряднигінен алынған құпия-хатынан, Қайдауыл болысы маңында, қарулы қырғыздар мен орыстарды қосылыңдар деп үгіттеуде. Жұмысшылар толқуда, қазбаларды қорғау керек». 

Хан жарлығымен сарбаздар арасында қатал тәртіп орнатылды. Халық та ширай түсті: Ханның бұйрығымен барымта, бұзақылық, дауласу – бәріне шек қойылды. Тәртіп бұзғандар айыппұл, не жазасына қарай көпшілік алдында дүре соғылатын. Әбдіғапар қақаған аязды боранға қарамай, «ат тұяғы жететін» бұрыннан өзіне таныс қоныстарда болып жатқан оқиғалардың бірде-біреуін елеусіз қалдырмады. Әбдіғапарды жауапкершілік алған жұртының ертеңгі күні алаңдатпай қойған жоқ. 1917 жылдың қаңтар айының ортасында Хан Кеңесінің тапсырмасымен Әліби Жанкелдинді Ауғанстанға барып, келіссөз жүргізуге, алты адамды Ұлытау тауларының қай жері жасырына тұруға қолайлы, соны біліп қайтуға аттандырады. Қайдауыл болысы С. Бектасов пен оның хатшысы А. Исмағұловтың мұны біліп қалып, құзырлы органдарға хабарлап қоюының нәтижесінде Әліби Түркістан маңында ұсталып, түрмеге қамалды (нақты кімдер арқылы босатылды? – әлі айқындауды қажет етеді – Қ.Е.). Сәдіман бастаған топ Зияутдин ишанның (құранқари Файзолла ишанның туысы, Сатыбалды ишанның белбаласы) мұсылман қауымына кеңінен танымал атақ-абыройының арқасында қолға түскен жерінде құтылып, олар Перовск қаласына барды. Сол жерде қару-жарақ пен 10 пұт оқ-дәрі сатып алған олар екі топқа бөлініп, жүрген қалпы, наурыз айында Торғай даласына қиындықпен жетеді. 

Әліби Жангелдин 

1910-1912 жылдары Еуропа мен Азия, Африка елдерін жаяу аралаған жиһангез Ә. Жанкелдин 1915 жылы РСДРП мүшелігіне өтеді. Ақпан революциясынан кейін Торғай облысында Петроград Кеңесінің өкілі ретінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. 1913-1915 жылдары Қырымның су іздестіру қоғамында атақты Пулково обсерваториясында техник-бақылаушы болып жұмыс атқарады. Демек, ол 1916 жылдың қазан айынан 1917 жылдың қаңтар айының ортасына дейін көтерілісшілермен болған. Оның көтерілісшілерге қосылған тұсы, Торғай қаласына тікелей шабуыл жасау немесе жасамау мәселесі туындаған кезең болатын. Әбдіғаппар екі жақтың арасалмағын бағдарлай сыналай сыртқы шабуылдауды қолдаса, ол тікелей шабуылды қостады. Яғни, қозғалысқа «идеялық сарын» бергені дәйектеліп тұр. Нәтижесінде, қалаға тікелей шабуылдан көтерілісшілер біраз жапа шекті және шегініс жасауға мәжбүр болды. Бұдан кейінгі жорықтарда біраз қан шашылды. Әліби бұл көтеріліске РСДРП мүшесі ретінде белгілі бір рөл атқарғаны осыдан белгілі. Сондықтан да Ауғанстанға емес, ақпан төңкерісі нәтижесінде Перовскіден тікелей Петерборға аттануы да кездейсоқтық емес деп ойлаймыз. Оның туған өлкесіне екінші келуі, Азамат соғысымен ұштасты. Дәл қажет уақытында келіп жетті. 

1917 жылдың шілде айынан Ә. Бөкейханов кадет партиясының құрамынан шығатыны туралы хабарлайды. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанда Алаш партиясының Орынбор қаласында өткен II съезінде Ә. Бөкейхан Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланады. «Қазақ» газетінің бетіне «Аттан Алаш азаматы!» үндеуі жарияланады: – ...Ау, алаш! Сен кім? – Сен жауынгер түріктің орнын басып қалған үлкен ұлсың. Бабаларың ат үстінде жүріп, қылышпен өздерін дүниенің жартысына ие қылған, Стамбулды алған, Карпат тауларының қалың қамалын бұзған. Ер түріктің ер жүректі ұлдары, сілкін, ат тұрманыңды даярлап атқа мін, жауға аттан! Жауың кім? Жауың – большевик, Большевиктің тұқымы құрымаса, Россия мемлекетінде тыныштық болмақшы емес...». Осы сөздерді оқып алашордалықтардың соншалықты саяси сауаттылығына таң қалмасқа амал жоқ. Ә. Бөкейханның Орынборға Кәдірбаевқа жіберген жедел хатынан: Екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша 11-24 июньде – «Алаш Орда» қаласында «Алаш Орда» үкіметі іске кірісті. ...Жергілікті «Алаш Орда» советтері уақытша қазақ халқының саяси һәм мәдени істерін қарай тұрады. Бірақ олар земский һәм шаһар самоуправлениелерінің ісіне қол сұқпау керек ...Түркістан жағына атты казак һәм башқұрт жігіттерімен бірге большевиктермен соғысуға аттанғаныңыз ұнайды. Бұл туралы Дулатовқа телеграмм берілген. Ахмет Байтұрсынов 2 июньде Қостанайға кетті. Міржақып Дулатов екі жұма шамасында мұнан шығар. Қазақтан шыққан большевиктерге ешбір рахым қылмаңыз». Дәл осы тұста Әліби Жангелдин 1917 жылдың желтоқсанынан бастап Торғай облысының Әскери комиссары қызметіне тағайындалады. Ендеше, Қазақстанда азаматтық қақтығыстар 1916 жылы басталып кетті деуге негіз бар, 1917 жылы шарықтау шегіне жетті. 1919 жылдың наурыз айынан бастап алаш зиялылары советтік билік жағына өтеді. 

Амангелді Иманов пен Міржақып Дулатұлы

Алашордашылардың А. Имановқа қатысты қауесеттер хақында, 1929 жылы М. Дулатұлының ОГПУ-дың Шығыс бөлімінің бастығы алдында тергеуде берген жауабы бойынша жасалған хаттама біраз мәлімет береді: «...Бірде Шалқардағы қызыл армияның штабынан: Торғайдағы отрядтың жиырма төрт сағат ішінде Шалқарға келіп жетуі туралы төтенше бұйрық келді. Тура сол кезде көктемгі көксоқта басталды. Шалқар мен Торғайдың арасында қызыл су жүріп кетіп, сай-саладағы өзендер тасып жатты. Бұл кезде азық-түлік, қару-жарақ тиелген қосын түгіл, салт атты адамның өзі жүре алмайтын. Иманов төтенше кеңес шақырды. Оған Имановтың өзі төрағалық етті және соның ұсынысымен бірауыздан (Иманов бірінші боп қол қойды) жоғарыдағы себептерге байланысты отрядтың жорыққа шығуы мүмкін емес деп шешім қабылдап, оны хабарлауға тиіс болды. Жоғарыдағы шешімді Шалқарға шұғыл жіберудің орнына Иманов: «Жорыққа шығуға «Алашордашылар» қарсылық көрсетіп жатыр, сондықтан да бұйрықты орындай алмадым», – деп хабарлағанын бірнеше күннен кейін бір-ақ білдік. Имановтың осы арандатуының салдарынан Шалқардағы, Ырғыздағы және Ақтөбедегі штабта: «Алашорданың» Торғайдағы бөлімшесі совет өкіметі жағына шығу туралы өздерінің уәдесінде тұрмады» деген пікір қалыптасты. Бұдан кейін бізге деген сенімсіздік пен дұшпандық көзқарас өрши бастады. Егер де Имановтың тарапынан жоғарыдағы арандату болмаса, онда бұдан кейін орын алған оқиға туындамас еді. Иманов бұл мәселе жөніндегі арамыздағы түсініспестікті жоюдан сырт тартты. Имановтың арандатуының салдарынан орын алған түсініспестікті жою үшін біз: не Жангелдиннің, не Байтұрсыновтың келуін күттік. Біз сол кезде тұйыққа тіреліп, дағдарып қалдық: бір жағынан ақтардан қол үзіп кеттік, екінші жағынан қызылдар тарапынан себеп-салдарсыз сенімсіздік көрсетілді». 

Алмағайып заманда қапаста отырған алаш қайраткері М. Дулатұлының жауабындағы «арандатушылық» жөніндегі тергеудегі жауабын түпкілікті теріске шығару мүмкін ба? Азаттықтың жаршысы болған М. Дулатұлының өресіне жалғандық жат болатынын ескерсек, белгілі бір пайым жасауға болады. Ендеше, мұндай қазақ азаматтары арасындағы алауыздық советтік жүйеге ғана емес, қазіргі күні жасырын емес, сол кезеңдегі сыртқы алыс шетел саяси технологтарының құрған идеялық бастамаларының нәтижесі деуге де болады. Осыдан тұлғаларды заманында көтерген ауыр жүгімен қоса қарастырудың тапжылмас заңдылығы дәйектеледі. Ел азаматтары арасындағы алауыздықтың алғышарттары іштен де, сырттан да қозғаушы күші болды. Және бұл халық үшін тарихи сабақ. Содан қорытынды шығара алдық па? Өкінішке қарай, ел арасындағы іріткі салу мәселесін тамырымен құрту күн тәртібінде тұр. Азаттық қозғалыстарындағы күрескерлік танытқан ер-азаматтар болса, оларды жігерлендірген әйелдер дем берді. Сол жауынгерлік дәстүр тәуелсіздікке жеткізді. Заманауи кезеңнің сын сағаттары ел бірлігінің қажеттілігін тағы да еске салады. 

Қаһарман халықтың ізгі мұраты – елдігін сақтау. Елдіктің түп қазығы ата тарихын қаттау. Сол ата тарихтың бұлыңғыр беттеріне сәуле түсіру ғылыми қауымның парызы болып отыр. 

Құндызай Ерімбетова, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Қараңыз: Стариков Н. 1917 Разгадка «русской революции».-СПб.: Питер, 2015.-416с. 

2. Шестаков А. 15-летие восстания в Средней Азии. М.-Л. «ГСЭИ», 1931г.-с.3-12 

3. Т. Шонанұлы. Қазақ жерінің қарқұлақтары.// Шығармалар жинағы. А., «Ел-шежіре», 2007.-159б. 

4. Тревятский В.А. Материалы по земельному вопросу в Азиатском России: вып.1.Степной край, II т., 1917, 113-б.; Турсунбаев А.Б. Из истории крестьянского переселения в Казахстан. А.,1950, 61-б.; Сүлейменов Б.С. Аграрный вопрос в Казахстане последней трети XIX-начале XX века. А., 1963, 252-б // Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін), 3-том, А., «Атамұра», 2010ж., 599-б. 

5. Тревятский В.А. Материалы по земельному вопросу в Азиатском России: вып.1.Степной край, II т., 1917, -c.41. 

6. История КазССР, т. 3, 405-б. 

7. История Казақстан тарихы, А., «Атамұра», 2010ж., т. 3, 623-б. 

8. Озганбай О. Духоборец. Астана, 1999, 98-б. 

9. ҚР ПМ. 811-қор, 20 –тізім, 752-іс 

10. Букейханов А., Избранное. А., 1995, 236-б. 

11. Қойгелдиев М.Қ. Қазақ демократиялық интелегенциясының 1905-1917 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметі. Док. дисс. авторефераты. А., 1994. 27-б. 

12. Материалы по земельному вопросу в Азиатской России, вып. XVIII. Журналы комиссии по вопросам переселения и колонизации, т. II. 1918, 17-б.

13. Некрасов-Клиодт В. Реквизиция киргиз на тыловые работы в 1916 году. (Очерк). Кзыл-Орда, 1926. 

14. қараңыз: Аманжолова Д.А. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. –Алматы: Издательский дом «Таймас» 2009.-412с.; Шелохаев В.В. Конституционно-демократическая партия в России и эмиграции. –М., Политическая энциклопедия, 2015. 

15. «Қазақ» газеті. Бас редактор Ә. Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.-324-325бб. 

16. Несколько страниц из историй революционный борьбы.// Советская степь, 30 июня, 1926г., № 226 

17. Харлампович К.В. Восстание Тургайских казак-киргиз 1916-1917гг., -с.40; Амангельды Иманов. Сб. доументов и материалов. А., 1974, -с.52 

18. Қозыбаев М. «Әмір Әбдіғапар».//Тарих зердесі. А., «Ғылым», 1998ж., 115-бет. 

19. Жанкелдин Ә. Документтер мен материалдар. А., 1975ж.; Иманов А. Мақалалар, документтер, материалдар. А., 1975ж. 

20. Каралдин Б. «1916 жылғы Торғай қазақтарының көтерілісіне 10 жыл»// «Ауыл» газеті, Қостанай қ1926ж., шілде № 277-279. 

21. Телеграмма начальника штаба Казанского военного округа Ф.Н. Добрышина ген. Летенанту А.Д. Лаврентьеву от 2.11.1916г.//Сб. док. № 492. ЦГВИА, ф. Штаб Казанского военного округа. Оп. 15, д. 656, л.56. 

22. Мендешев С. «О национальном-освободительном движении 1916г.»// Доклад на совещении в комвузе им. Голощекина, посвященном 15 летию восстания 1916 года. От 20.07.1931г. 

23. Қаһарлы 1916 жыл 2-том, А., 1998ж. 46-53бб.; Жанбосынұлы Әбдіғалық «Доғал соғысы»// «Жұлдыз» журналы, № 6, 1992ж. 181-18 

24. Телеграмма А.Г. Сандецкого начальнику ген. Штаба П.И. Аверьянову// ЦГВИА, ф. Главное управление Генерального штаба, оп. 1 д. 184 л. 206 

25. Донесение управителя Кайдаульской волости Тургайского уезда Бектасова С. от 30.12.1916г. Сб. док. № 414; «Казахстанская правда», июня 1936г. 

26. Телеграмма командующего войсками Казанского военного округа А.Г. Сандецкого Начальнику Генерального Штаба П.И. Аверьянову от 8.02.1917г. // ЦГВИА, ф. Главное управление Генерального штаба, оп. 1 д. 139 л. 194 Сб. док. 421. 

27. Архив КНБ РК. Д. 011494. Т.1. Подлинник.// «Тар жол, тайғақ кешу...» (1917-1937жж.).-Алматы, 2008.-с.32.