«Неономад» көрмесі жас суретшілердің өзгеше ойлау жүйесін танытады
10.06.2016 2414
Кешегі көшпенділер дәуірінің бүгінгі ұрпағы – ғылым тілінде неономадтар деп аталатын өзгеше адамдар легі қазіргі таңда өзінің құтты орнын табу үшін жерді жиі ауыстырады

2016 жылғы 10 маусым күні сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Астана қаласының жас суретшілерінен құралған «KADMII QYZYL» арт-тобының «Неономад» атты көрмесі салтанатыт түрде ашылды. 

Көрменің ашылуына ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, белгілі суретші Сембіғали Смағұлов қатысты. 

«KADMII QYZYL» арт-тобы 2010 жылы құрылған. Оның қатарында Бейбіт Әсемқұл, Айгерім Жұмағалиева, Әлия Қаныбекова, Наталья Лигай, Жеңіс Молдабеков, Алмас Орақбай, Гүлмарал Тәтібаева есімді 7 суретші бар. 

Музей қонақтары 30-ға жуық туындыны тамашалай алды. Олардың арасында инсталляция, фотосуреттер, видео-арт және перфоманс бар. 

Көрменің тұжырымдамасын түрлі жағдайлармен тастап кеткен туған үйдің символы «Ұя» инсталяциясы негізінде құрылған. Авторлардың суреттеуінше, жерұйық іздеген адамдар өздерінің қадым заманнан келе жатқан, кіндігі байланған атамекенін тастап кетеді. Көкектің ақүрпек балапанын асыраған шымшық секілді адамдардың ниет-пиғылы астасып жатыр. Әлем үнемі қозғалыста, жер шары динамикалық даму үстінде. Кешегі көшпенділер дәуірінің бүгінгі ұрпағы – ғылым тілінде неономадтар деп аталатын өзгеше адамдар легі қазіргі таңда өзінің құтты орнын табу үшін жерді жиі ауыстырады. Алайда тамырдан қол үзбеу, тегінен ажырамау, дәстүрді ұмытпау – көрменің ең маңызды идеясы дейді ұйымдастырушылар. 

Көрмеге Наталья Лигайдың «Өмір елесі», Әлия Қаныбекованың «Туған жерім тұғырым», Гүлмарал Тәтібаеваның «Замана көші», Алмас Орақбайдың «Жұрт» фотосуреттерінің топтамасы қойылған. әр туындының көтерер салмағы ауыр, айтар ойы орасан. 

Бейбіт Әсемқұл ешқандай өңдеусіз, фотошопсыз түсірген еңбегінің мазмұнын жаңа сипаттағы көшпенділер дәуірінің жұрнағы деп түсіндіреді. Әйел-ана образында ол Жердің де иесі бар екенін, оны қазақ бекер анаға теңемейтінін астарлы көрсетеді. Отбасы құндылықтарын сақтайтын аналардың қазіргі заманғы қалпына қалайша үңілгенін айтып берді. 

Әрбір адам талантты, тіпті жастардың интеллектуалдық ой-өрісі азаматтық қоғамда дұрыс пайдаланылмайтынын шығармасында суреттеген Әйгерім Мәжитхан. «Қала алпауыттарында» топтамасында ғимараттармен үндестік тапқан жастардың сұлбасы арқылы отанға қызмет еткісі келетін талантты буынның шетел асып жатуын меңзейді. 

Жеңіс Молдабеков фототуындыларында кшеегі Ұлы Жібек жолының бүгінгі таңдағы жаңғырығын, аттылы қазақтың шойын жолға ауысқан тіршілігін нақты көрсетеді. Жолдар бойындағы өткен тарих, келешек пен ескінің арасындағы байланыс жақсы ашылған.

Айта кетейік, арт-топтың қатысушылары Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен арманымды жүзеге асырып, өз ісімнің шебері боламын деген үмітпен келген.

Заңғар Кәрімхан