Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды
09.06.2016 1713
Аза тұту күнінде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар тоқтатылады. Жер-жерлерде азаға байланысты гүл шоқтары қойылып, бір минуттық еске алу шарасы өткізіледі

5 маусым күні Ақтөбе қаласында болған қайғылы жағдай республика жұртшылығын дүр сілкінтті. Ресми орындар тарапынан лаңкестік әрекет деп бағаланған содырлардың бейбіт тұрғындар мен құқық қорғаушыларға оқ жаудыруы елімізде діни радикалды күштердің күшейгенін анық көрсетті. Осы аталған трагедияға қатысты ҚР Президенті Н. Назарбаев төтенше мәлімдеме жасады. 

«Өткен жексенбіде Ақтөбе қаласында діннің атын жамылған бір топ террорист елдің тыныштығын бұзды. Ол туралы баршаңыз білесіздер. Бірақ, мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталар сәтте қанды қылмыс жасағандардың арам ниеттері іске асқан жоқ. Құқық қорғау және қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері үлкен қатердің бетін қайтарды. Террористердің көпшілігінің көздері жойылды, бірқатары қолға түсті, қалғандарын тиісті органдар іздеп тауып, олар заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатын болады. Қазір халықтың алаңдауына ешбір негіз жоқ, жағдай толық бақылауға алынды», – деді Елбасы. 

Сонымен қатар қайтыс болған қарапайым адамдардар мен қызмет бабындағыжауапты тұлғалардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтатынын, төтенше жағдайда шейіт кеткен әскери қызметкерлердің ерлігі ел қауіпсіздігі жолында өшпес даңққа ие болатынын жеткізді. 

Осындай тосын жағдайларды ескере келіп 9 маусым күнін жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған Елбасы марқұм болғандарды ақтық сапарға шығарып салуға, отбасы мен бала-шағасына қажетті көмектер жасалатынын айтты. 

Сондай-ақ Президент: «Біріншіден, біз кез-келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек. Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден, елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет. Ел тыныштығын сақтамасақ мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз. Сондықтан барша халық болып бірігіп, елді сақтауды ойлауымыз керек», – деді. Елбасы Ақтөбеде болған атысты ұйымдастырып, нақақ кісі өлімін қиғандар жазасыз қалмайтынын және олардың аса қатал жазалауды тапсырды. 

Аза тұту күнінде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар тоқтатылады. Жер-жерлерде азаға байланысты гүл шоқтары қойылып, бір минуттық еске алу шарасы өткізіледі.