Қазақ тарихындағы Зуқа Сәбитұлының орны мен рөлі
06.06.2016 2223
Қазақ рухының оянуы екі бағытта серпіліс берді. Бірі – батысымыздағы Ресей патшалығына, екіншісі – шығысымыздағы Цинь империясына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы

Егемендік жолындағы ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырушы, қазақтың текті ұлдарының бірегейі Зуқа Сәбитұлының және оның қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен ұрпақтарының әзіз рухына бағыштаймын 

Бісміллаһір-Рахманір-Рахім! 

Жалпы әлемдік деңгейдегі қоғамдық-гуманитарлық, әлеуметтік бағыттағы ғылым салаларында «диаспора» деген ұғым бар. Біздің ұлттық әдебиеттану ғылымында да «диаспоралық әдебиет» деген арнайы сала бар. Диаспоралық әдебиет дегеніміз – иммигранттық әдебиет деген мағынаны білдіреді. Яғни, шет елдерде тұратын ағайындардың әдебиеті. Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы, түрмеде жазылған шығармалар және эмиграция, иммигранттық әдеби кезеңдер туралы арнайы ғылыми зерттеу жұмысын жазып жүргендіктен, диаспоралық әдебиеттің де мәселесі бізге таңсық емес. Моңғолия мен Қытай елдерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың шығармашылығына байланысты тұжырымдарымызды монографиялық еңбегімізде топшылап өткен болатынбыз (Қараңыз: Е.Тоқтарбай, «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең» генезис.эволюция.поэтика» , Алматы: Баянжүрек баспасы, 2015, – 256 бет). 

Киіз туырлықты қазақ баласы не көрмеді десеңізші! «Мен – қазақпын! Мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан Молдағали атамыз жырлағандай, тағдырдың қандықұйын қамшысы қазақтың басына қаншама рет тиіп, жон арқасын тіліп өтті. Кейде ойлаймын: қазақтың бағынан гөрі соры бес елі болды ма деп. Қазақтың қазақ болғанынан бергі жүріп өткен тарихи жолын қарап отырсаңыз, небір алапат қырғындар мен нәубеттерді байқайсыз. Бірақ, қазақтың басындағы үлкен трагедия – ұлан-ғайыр жерінің тағдыры екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінгі күнгі өзекті мәселе де – осы. Қазақтың трагедиясы сол – екі жағындағы екі алып империяның көрші болуы. Найзаның ұшымен, біліктің күшімен, бабаның қасық қанымен келген тәуелсіздіктің бір қасиеті – ЖЕР! 

Бағзы заманда қазақтың, исі түркі халықтарының үш Түркістаны болған еді. Ол – Батыс, Шығыс және Орталық Түркістан. Мағжан ақынның: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, – деген өлеңіндегі үш қасиетті атамекен осылар еді. Қазіргі қазақ жастарының білетін Түркістаны – оңтүстік өңірдегі көне шаһар. Бұл – бағзы замандағы Орталық Түркістан болатын. Түркі миллетінің қасиетті де, қадірлі қарашаңырағы – осы шаһар. Ал, Батыс пен Шығыс Түркістанның қазақтың бүгінгі әкімшілік-территориялық картасынан сызылып қалуына жоғарыда аталып өткен екі империя кінәлі. Алтайдан Анадолыға дейін үркердей болып улап-шулап көшкен жұрттың атажұртынан кіндігі ажырып, босып кеткен-ді. Қос империяның жер бөлісуі салдарынан Шығыс Түркістанның Алтай, Тарбағай және Іле атырабын қоныстанған қазақтар атамекенінің емес, өзге мемлекеттің құрамына енген ел болып кетті. (Ескерту: профессор Т. Жұртбайдың зерттеуінде Солтүстік Түркістан деген жағырапиялық атау бар – Т.Е.) 

Қасиетті Алтай – түркі халықтарының алтын бесігі. Өтүкен – түркі халықтарының ежелгі атақонысы. Бүгінде төрт мемлекеттің шекарасында ортақ болып тұрған қасиетті Алтай тауының екі жақ беті бір кездері түгел дерлік қазақтың еншісінде еді. Жымысқы саясаттың салдарынан қасиетті ата бесігіміздің бір жағы – қазақтың екіншісіне, екінші жағы – қытайдың еншісіне кетіпті. Алтайдың екінші жағы, яғни, қытайдағы қандастарымыз қоныстанған аумағы – бүгінгі тәуелсіздігіміздің қорғаны болып тұрған алып күштің іргесі. Себебі: миллиардтаған қара қытайдың біздің елге өтпеуіне кедергі болып, іргемізді қорып, егемендігімізді сақтап отыр. Тарихи тамыры терең қазақ әдебиетінің ажырамас бір бөлігі – шет елдердегі қандастарымыздың әдебиеті («Қазақ диаспоралық әдебиеті»). Қазақ әдебиетінің жүріп өткен жолын, өткенін, бүгінін ешқашан отандық тарих жылнамасынан бөліп қарастыра алмаймыз. Бәлкім, тарих пен әдебиет – егіз ұғым дейтініміз де содан болар… Шет елдегі қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі – қандастарымыздың шығармашылығында қазақтың байырғы қаймағы бұзылмаған бай тілінің ұлттық нақышта өрбуі. Жазушы Қ. Ысқақ диаспоралық әдебиет турасында: «Шетелде жүрген қазақтардың мәдениеті, әдебиеті дейтін болсақ, бөле-жарып қаралмайтын қазаққа тән бір-ақ дүние. Олай болатыны – бір халықтың ғана әдебиеті мен мәдениеті. Барлығының түбірі бір» деп тұжырымдаған екен («Әдебиет айдыны», 30 қыркүйек, 2005). Қазақтың шет елдегі әдеби арналарының мәйекті, құнарлы бөлігі – Қытай мен Моңғолиядағы ағайындардың шығармашылығы ғана. Әйтпесе, дүние жүзінің басқа бөлігінде тұрып жатқан қазақтардың шығармашылық әлеуеті қуантарлық жағдайда емес десек те болады. 

Сайып келгенде айтарымыз, шет елдегі қазақ әдебиеті – атажұртымыздағы ұлттық әдебиетіміздің жырақтағы тамырының бір сабағы, өзегі. 

***

ХІХ ғасырда қазақтың бағына біткен маңдайалды асыл перзенттер дүние есігін ашты. Махамбет, Шоқан, Ыбырай,Біржан, Ақан, Абай, Шәкәрім, Әлихан және тағы басқа асылдармен қатар Зуқа Сәбитұлының есімінде атауымыз ләзім. 

Зуқа Сәбитұлы – егемендік пен бостандық жолында шейіт болған асыл ерлердің бірегейі. ХХ ғасыр – қазақ рухының ояну ғасыры болатын. Қазақ рухының оянуы екі бағытта серпіліс берді. Бірі – батысымыздағы Ресей патшалығына, екіншісі – шығысымыздағы Цинь империясына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы. Орыс патшалығына қарсы бағытталған күрестің бел ортасында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған зиялылар болса, Цинь империясына қарсы бағытталған күрестің бел ортасында Зуқа, Оспан, Сүлеймен, Сұлубай, Келес, Кәмел, Нұрғожай, Қапас, Зарыққан, Қуанышбай сынды батырлар болған. 

Зуқа Сәбитұлы – әрі батыр, әрі қажы. Текті әулеттің ұрпағы. Үлкен бабасы да, өз әкесі де дін қайраткері болған текті адамдар. Зуқа Сәбитұлын бүгінгі қазақ жастары тани алды ма? Маңызды мәселе – осы. 

Зуқа Сәбитұлы деген кім? Әуелі осы сауалға жауап беруге тырысалық: Зуқа Сәбитұлы – қазақтың арда туған ардақты ұлы деуге ұялмай, қымсынбай жауап беруге тұрарлық лайықты үлкен қайраткер тұлға. Ол – Әлихан Бөкейханның түйдей құрдасы. Әлихан 1866 жылы Ақтоғай өңірінде дүниеге келсе, Зуқа 1866 жылы Зайсанның Кендірлік деген жерінде дүние есігін ашқан. Екеуі де текті әулеттің қанынан тараған, алтын құрсақты ананың текті жатырынан жаралған бір жылдың бірге туған асыл перзенттері. Әлихан Бөкейхан – қаймана қазақтың болашағы үшін қандықол совет үкіметіне қарсы күрессе, Зуқа Сәбитұлы Ресей патшалығы мен Цинь империясының қазақ даласын пышақ үстінен бөліп алу нәтижесінде атақонысынан кіндігі ажыраған тағдырлы қазақтардың бағы үшін күрескен. Түптеп келгенде, екеуінің де күресінің мәні – қазақ елінің ТӘУЕЛСІЗДІГІ үшін бағытталған еді. Зуқа Сәбитұлы – қытайдағы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырған саяси қайраткер. Ол – біз үшінде (70 жыл бойы КСРО құрамында болған бергі жақ қазақтары), қытайдың шекарасында қоныстанған қандастарымыз үшінде замандасы Әлихан Бөкейхан іспеттес ірі тарихи тұлға. 

Зуқа Сәбитұлының тағдыр-талайы, өмір жолы көркем шығармаларға арқау болған. Тарихи тұлғаның өмір жолын арқау еткен екі көлемді еңбек бар. Бірі – тас түрменің дәмін татып, абақтының қасірет тозағында отырып-ақ адам айтса нанғысыз ерлік жасаған Қажығұмар Шабданұлының «Пана» атты романы, екіншісі – 1962-1983 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» атты романы. Екі қаламгер де тағдырлы тұлға. Екеуі де Қытай билігінің жазықсыз жазасын тартып, жапа шеккен. Екі романның ортақ оқиғасы – қытайдағы ұлт-азаттық көтеріліс. Екі шығарманың да ұтқан жері – аса ауқымды тарихи шындықты ашып, шынайы жазғылғаны. Екеуінде де арғы, бергі беттің асқынған солшылдығынан туындаған саяси керағарлар мен зұлымдығы әшкереленеді.

Батыр тағдыры – ел тағдыры. Қалай десек те, Зуқа қажы Сәбитұлының тағдыры – мұқым қазақтың тағдырымен салаласып, сабақтасып жатқан байланысы бар ащы да қасіретті тағдыр. Біз әлі күнге дейін толық өзіміздің тарихи тұлғаларымызды толық тани алмай келе жатырмыз. Түбіміз тектіліктен нәр алған оразды елдің баласы едік; тарихи тұлғаларымызды толық танып, оларды ардақтай алмай тұрып, руханиятымыздың бақ жұлдызы жанбасы анық. Руханият жұлдызы дегеніміз – қазақ үшін жанын қиған ерлер. Олардың есімдері мен ерліктерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы орайда, Зуқа Сәбитұлының да ерліктерін ұмытпай, оны болашақ ұрпақтың көңіл зердесіне ұялатып, ел арасында насихаттай беруіміз керек. Бар гәп – тұлғатану саласының ақсап тұрғаны. Шет елдегі қандастарымыздың әдебиеті мен мәдениеті – қазақ руханиятының бағалы да қымбатты асыл тасы сияқты етбауыры емес пе! Ендеше, бүкіл қазақ болып алдымен өзімізді өзіміз тануымыз қажет. Шет елдегі қандастардың тарихын – Отан тарихынан бір елі тысқары қарауға болмайды! Ендігі жерде мектептегі оқулықтарға шет елдегі қандастардың тарихы, әдебиеті де еніп, ашық әрі нанымды жазылуы керек. Болашақ ұрпақ қазақтың ғасырға созылған сорын біле жүрсін. Өткеннің қасіретінен сабақ алсын! 

Зуқа қажының өмір жолы, ұрпақтарының қасіреті, Абақ-Керей атасынан шыққан атақты тұлғалар, сонымен қатар, қаламгерлердің өмір жолы бәрі-бәрі – бүгінгі атажұрттағы жасөспірімдер мен жастарға насихаттауға тұрарлық тарих парағы. Жастардың танымдық көзқарасы мен дүниетанымын кеңейту ісіне – тарихтың атқарар рөлі орасан. Қазақтың тарихын ендігіде егіз қылып, бөле-жармай қарастыруымыз шарт. Қытай, Моңғолия қазақтарының тарихы мен әдебиетін ұлттық руханият қазанына бірге салып, бірге қайнатсақ игі еді. Әдебиет пен тарихта «оралман», «диаспора» деген сөз жүрмеуі керек. Әдебиет пен тарих – саясаттың ісіне айналмауы тиіс. Сөз – болашақ күндердің еншісінде. Осымен сөз тәмам-тәмат. 

P.S. Зуқа Сәбитұлы – азат рухтың алдаспаны. Оның рухы: Үш аймақты қоныстанып отырған барлық Керей мен Найман руының ұрпақтарына мәңгілік бағыт-бағдар берген бағдаршам іспетті қасиетті, киелі. Әлихан Бөкейхан да, Зуқа Сәбитұлы да қазақтың өз алдына бөлек дербес ел болуын қалады. Олар қазақтың басында ноқта, тірсегінде тұсауы жоқ, кең даланың ақ бөкеніндей еркін өмір сүруін аңсады. Сол ой-арман, арман-тілек, мәңгілік аңсар – бүгінгі қасиетті де, киелі ТӘУЕЛСІЗДІК! Көктен түскен қасиетті Құрандай киелі, бойымызға таққан бойтұмардай киелі ТӘУЕЛСІЗДІК – бәріміздің тәу етер жалғыз киеміз. Осы киенің артында бабалар рухы тұр. Ол рух – азат рух! Бүгінгі қазақ елінің егемендігі мен бостандығы, зайырлығы мен еркіндігі жолында қуғын-сүргінге ұшырап, шаһит болған барлық құрбандардың рухына арналып оқылып тұратын құран сүрелерінің шапағат нұры тие берсін! 

Ел іргесі аман болып, татулық пен бейбітшілік, әділдік салтанат құрар заман орнап, ата қазақ баласының шаңырағына құт дарып, бақ қонсын! Әумин! 

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиетші