ХХ ғасыр басындағы оқу-ағарту мәселесі
10.07.2024 1378

Қай уақытта болсын қоғамның даму үшін, сапалы білім болуы үшін мұғалім мәселесі туындайды. ХХ ғасыр басындағы қазақ ағарту ісі күн сайын ілгерілеп, дамып, қоғамның қалыптасуына қалтқысыз үлес қосты. Әрине, бұл жерде қалам қайраткерлерінің, ағартушыларымыздың үлесі мол. Қазақ баспасөзінің өткеніне көз салсақ, оқу, ағарту, ұлттық мектеп туралы материалдарды жиі оқисыз. Сол материалдарды қайтадан жариялап, бүгінгі жаңа буын назарына ұсынуды жөн санадық. Ұлттық білім туралы алаш зиялыларының ойларына қарап, көңіл бөлейік:


1. ҚАРҚАРАЛЫДА ОҚУ ЖАЙЫНАН

Қарқаралы дуанына қараған 23 болыс бар. Бір-екі болыстан басқасы қаракесек аталады.

Қарқаралы шаһарында бұрыннан 3 класты городской училише бар еді. Қазақ һәм орыс баласы аралас оқысын деп 1904 жылы және 2 класты городской училише ашылды.

Бұл төңіректегі қазақ баласын орысша түгіл, мұсылманша да оқытуға салақтық қы­лу­шы еді. Баласын орысша оқытқан қазақты жұрт жек көріп, балаңызды ыш­кол­ға бе­ріңіз деген кісіменен араз болушы еді. Ата-бабамыз қылмаған істі біз қалай қы­ла­мыз, онысыз да өлмеспіз деп жүре беруші еді.

1908-нші жылы губернатор сиркулиар шығарып, орысша оқығандарды ғана болыстыққа бекітетін болған соң, бұрын бай­лардың босағасында отыратын кедейдің баласы орысша оқуы арқасында болыс болып, байдың төрінде отырып, хүкім билік айтып жүретін болған соң, байлар сонда ақылға кірді. Болыстықты үлкен дәреже көріп, болмасақ өлдік деп жүргендер қаңтарылып, қаймығып, қанат-тары қайрылатын болған соң балаларын ышколаларға тыға бастады.

Бұрын Қарқаралы айналасында 7 ышкола болып, бұлардың барлығында оқып жатқан кедей баласы 30–40-тан аспаушы еді. Осы күнде һәр ышколаға 30–40-тан бала толып, орын жетпегендіктен жаңадан 5 ышкола ашылды. Ышкола ашылса екен деп арыз бергендердің және де есебі жоқ дейді.

Бұрын қазақ қыз балаларын орысша түгіл мұсылманша да шала оқытушы еді. Осы күнде әр ышколада екеуден-үшеуден қыз бала оқып жүр. Былтыр үш қыз ауылный ышколды бітіріп шығып, біреуі городскойға кірді. Ыбырай Ақбаевтың қызы Семейде әйелдер гимназиасына кірді. Қаражаты кем болып ышколға кіре алмаған қыздар орыс болсын, ноғай болсын жалдап алып, 20-30 сом жалование (тамақты жайдан) беріп, үйінде оқып жатыр. (Заманнан айналса болмас па).

Ушител Ержан Айманов 

2. ПАУЛОДАРДАН

Паулодар уезінде Паулодар болысының упрауителі Баймұхаммед мырза Қазанғапов өз ыждаһатыменен медресе ашып, мұғалім ұстап, 3–4 жылдан бері жаңа тәртіппен бірталай шәкіртті тәрбие қылып жатыр.

Мұғалімі бұрын 3–4 жыл Троискіде «Хажки Ахунд» медресесінде, онан соң Паулодар уезінде атақты хазірет, молда Қасым Мұстафин медресесінде оқып, ең соңында Уфадағы медресе «Ғалие»-де тәрбие көріп, үлгі алған Әбдірахман әпенді Сұлтанов.

Бұл кісі өзі тәртіпті медреселерде оқып шыққандықтан шәкірттерін де сол мед-реселерге кіруге лайықтап оқытып тұр. Шәкірттер заман ахуалынан хабарсыз жатпас үшін «Уақыт», «Тәржіман», «Жұлдыз», «Сибирия», «Қазақ» газеттерін, «Шура» және «Айқап» журналдарын алып оқып тұрады.

Шәкірттердің оқуына Баймұхаммед мырза жүрегімен болсын, малымен болсын қызмет көрсетіп, ыждаһат етіп тұр. Құдай осындай ғылымға махаббатты, жігерлі, ел қайғысын ойлаған мырзаларымызды көбейтіп, дені-не саулық, істеріне сәт, өздеріне бақ беріп, пайдасын елге көрсеткей еді деп, сол мед-реседе тұрған барлық шәкірт атынан дұға қылып жазушы: 

Шәріп Ақбанов

3. МӘСКЕУДЕ МЕКТЕП

Русияның екінші астанасы болған Мәскеу шаһарында недәуір мұсылман тұрса да, жөнді мектебі жоқ еді. Баку байларынан Асадуллаев деген 100 мың сомға түсіріп, Мәскеуге мектеп салдырып жатыр. 26-ншы мартта негізін құрыпты.

«Тәржіман» газетасында мынау хабар жазылыпты: «Қырымда Бақшасарай төңірегінде жиырма шақты болғар қой асырап, сол кәсіппен недәуір байып еді. Енді байығанның үстіне байимын деп Қырымнан Семейге (Қазақ жеріне) көшіп кетті». Жігерлі, кәсіпшіл болғарлар қазақтың кең даласында аз заманда көп мал табуында шүбә жоқ.

Перм губерниасында бір мұсылман Едірнені болғарлар алғанға жаны кейіп, мұның қорлығына шыдап тұра алмаймын деп өзін-өзі алты атармен атып өлтіріпті. 

«Құяш»

4. ҚАЗАҚША ОҚУ ЖАЙЫНАН

Қазақ ішінде һәр жерде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға програма (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да. Өйткені қазақтың бастауыш мектебінде оқитын кітаптар белгіленбек түгіл әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліппе шыға бастады. Оның да қайсысы оқылары белгіленген жоқ. Әліппеден әрі оқитын кітаптар әлі шыққан жоқ. Дін жайынан оқытатын, есеп оқытатын, география һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі жоқ. Сондықтан програма деген сөз әзір ертерек. Әлі біз бала оқытатын кітаптарымыз-
ды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бас­тап неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс.

Бұл сөзді қоя тұрып, мұнан бұрынырақ ескеретін бір жұмыс бар. Ол мынау: бір нәрсені істегенде сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар – мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар – ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар – бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап өсіп жеткенінше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың есіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы педагогика ғылымын білу керек. Бұл күндері ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында. Сол ақылға да дұрыс. Судиа судиалық ғылымды оқығаннан болғанда, доктор докторлық ғы-лым оқығаннан болғанда, мұғалім мұғалімдік ғылымын оқып шыққан адамдардан болуы тиісті. 

Біз болысымыз басқа жұрттың болысын-дай елді бағалмайтын мінін айтып жатырмыз, билерімізде судиадай әділдік жоқ. Мінін айтып жатырмыз, дәрігерлеріміз, бақсыларымыз доктордай ауруды емдей алмайтын мінін айтып жатырмыз. Халқымыздың басқа жұрттай білімді емес надандық мінін де айтып жатырмыз. Бұлардың мінін айтқанда бала оқытуымызда қандай мін барын да айтып, әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізге түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Олар өтіп, кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайрылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс. 

Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде ышколда. Қазақ балаларының бір парасы орысша оқып жүр, бір парасы ескі молдалардан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандар оқыту һәм тәрбиелеу ғылымын оқыған адамдардың қолында. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек. Керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе, орысша да білу қажет. 

Ескі жолдың оқуын сөз қылып қозғамаймын. Бүгін бар, ертең жоқ болатын нәрсе. Дүние тегеріші кейін айналмайды. Ескі мен жаңаның оқуға шыдамдылығы бірдей емес. Ескі әлі-ақ тозып жыртылып, пара-пара болып тұтынудан шығады. 

Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың көштерінің білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тайған-таянғанын жұрттан аяп қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебіндегі жұмысын қолдарына алуға лайық адамдар. Һәр жайдан хабардар, дүниеде не істеліп, не қалыпта тұрғаннан бұлардың мәліметі мол. Қысқасы, қазақ арасына білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар. 

Бұлардың бір кемшілігі сол, бала оқыту ғылымын оқығандары ішінде кем болады. Сондықтан көбінің бала оқытуында кемшіліктері болады. Мен жүздесіп, сөйлесіп көргендерімде қазақ мұғалімдері түгіл ноғай мұғалімдерінің көбі дыбыс айыру жағына шорқақ көрінеді. Дыбысты жақсы білмей, усул саутия жолымен жақсылап бала оқытуға болмайды. Менің көрген медресе «Ғалие», медресе «Хұсейние»-ден шыққандардың азы болмаса, көбі қазақ тілінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін жақсы білмейді. Көбі қазақ тіліндегі дыбысты араб хәрпіне қарап есептейді. Араб хәрпі дұрыс келмейтін дыбыс, қазақ тілінде бар болса да, жоққа санайды. Қазақ тіліндегі дыбысты жақсылап білмей, қазақ балаларын усул саутия жолымен жақсылап оқытуға болмайды.

Екінші кемшілігі, қазақ мұғалімдері де, қазақ ішінде бала оқытатын ноғай мұға­лімдері де оқуды дыбыспенен жаттық­тырудан бастамайтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін иә білмегендік, иә білсе де істеп көрмегендік. Дыбыспенен балаларды жаттықтыру – оқу мен жазу үйренудің негізі, істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы.

Осы айтылған кемшіліктерін түзеу мұға­лімдерге қиын емес. Қазақ тіліндегі дыбыс­ты қазақ сөздерінің ішіндегі дыбыстарды айырып байқаумен білуге болады. Дыбыс­пенен жаттықтыруды олар оқыта білетін адамдардан, оқытқанда істеген ісінен көріп үйренуге болады, иә білетін адамдардан 10-15 күн сабақ алып үйренуге болады.

Бұлардың бәрі де балаларды қинамай оңай оқытуға керек нәрселер. Қиналмай оқыса, оқуға балалар қызықпақшы. Балалары тез хат білсе ата-аналары балаларын оқытуға ықыластанбақшы. Ата-анасы баласын оқытуға ықыластанса, оның оқуына керек расходты шығынсынбас еді. Сөйтіп мұғалім жақсы оқыта білгені қазақ ішіндегі оқушыларды көбейтіп, оқу ісінің шапшаңырақ ілгері басуына күш берер еді.

5. ҚАЗАҚ ІШІНДЕ АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛИМАНЫҢ АЛҒАШҚЫ МЕКТЕБІ

Семей–Зарешной слабодкасында бала оқып тұрған мұғалім Мұстақым мырза Малдыбаевтың жамағаты мұғалима Ғазиза ханым қарамағындағы әйел балалар мектебінде болып, қыз-қатындар көп жиналды. Емтиханшылардың ішінде Мәрсековтің жамағаты Рахима ханым, ушител Н.Құлжановтың жамағаты Нәзипа ханымдар болды. 

Әйел балалар шамаларынша оқығандарының үстіне қолөнерлерін де үйренген екен. 

35 әйел балаға оқу, жазу білдіріп, қол­өнер үйреткендігі үшін жиылған ханымдар, бәйбішелер мұғалима Ғазиза ханымға көп алғыс беріп, риза болып тарқасты. 

Әйел балаларымыздың оқу, жазу білулері, оның үстіне шешелері алдында емтихан берулері тоңған көңілдерімізді жібітсе керек. 

Тілші

6. ЗАЙСАН

Мұнда «Мектеп Қазақие», «Мектеп Ғаза-тие» деп аталған екі мектеп бар. Бірінші мектептің «Мектеп Қазақие» деген атынан-ақ қазақтар салдырған екені белгілі. Мұның салынып, усул жәдид ретінше қазақ балаларының оқи бастағанына төрт-бес жыл болды. Жас балалардың аз уақытта бірсыпыра ғылым үйренгендіктеріне халық аса разы, көңілді.

Зайсандағы ғейратты, қайырымды қазақ байлары мектеп салдырып тұрған қазақтарды қуантқандарымен ғана қоймай, бүтін Зайсан уезіне қараған қазақтардың аз да болса оқудың керек екендігіне қанық боларына себеп болды.

Сондықтан араның керіктігіне қарамай бейнет-расходқа шыдап, қырдан келіп оқушы шәкірттер де бар. Жылдан-жыл оқушылардың саны көбейіп, оқуға ықылас күшейіп барады. Өткен 1911 – 1912-нші жылдарда 80 шамалы ғана бала оқыған еді, биыл 110 бала оқиды.

Қыр балалары пұлдары таусылып үйлеріне ерте қайтып кетіп еді. Сондықтан қалған 70 бала емтихан берді. Емтихан 27-нші апрелде басталып, 5-нші майда бітті.

Емтиханға жиылған көп балалардың ижтихадына, байлардың қайырымына, мұғалімдердің оқытуына разы болып, сансыз тәңір жарылқасындар айтысты.

Зайсанда мұғалім Хафиз Сәрсекеев

7. СЕМЕЙДЕН

Семей уезі Сейтен болысының елубасылары осы жыл 11-нші ғинуарында болыстары Хұсейін Нұрекеновтың құзырында жиылып, 21-нші феуралда болған «Роман тұқымының 300 жыл патшалық тойының» құрметіне деп, қазақ баласы оқитын екі орынға ақша белгілеп, пригоуор жасады. Екі орынның бірі Семей гимназиасында, бірі Мәскеу университетінде ашылмақ. Гимназиада оқитын балаға жылына 300 сом, университетте оқушыға 500 сом. Гимназиада оқушы бала үшін 300 сом жыл сайын беріліп тұрмақшы. Университетте оқушы студент жоғарыдағы айтылған елдің ақшасымен оқып, Семей гимназиа-
сын бітірген бала болмақшы. Бұл баланы қай елден кіргізу ықтияры Сейтен елінің елубасылары сиезінде. Университетінде оқушының ақшасы кірген жылынан бастап төленбекші.

Бұ жыл біздің Сейтен болысынан гимназиадағы әлгі орынға кірерлік талапкер жоқ, соның үшін басқа облыс иәки басқа уезде болса да (әйтеуір қазақ баласына деген орын ғой, пригоуорда ол баланың Сейтен болысының баласы болсын деген шарт жоқ), талапкер табылса, осы күннен Сейтен елінің елубасылары сиезіне арыз берсін.

Талапкер баланың жасы озбаған болып һәм емтихан беріп кіре аларлық болса (өз күшімен оқи алмайтын бала болады ғой) елубасылары жатырқамас, табылған балаға белгіленген соманы бекітіп берер деген үміт бар. 

Хұсейін Нұрекенов 

8. ЗАЙСАН

Зайсанда оқу ісі жылдан-жылға ілгері аттап келеді. Оқушы балалар 300-ден аса бар. 

Мұнда екі жүздей ноғай-қазақ приказшиктер бар. Бұлар әдебиетке тым құмар: газета, журнал, түрлі кітаптар оқуға қолдарының босауына ғана қарап ынтық болып тұрады. 

Бұлардың ішінде көбінің газета, журнал, кітап, рисала алып оқуға ақшасы болмайды. Болса да жетпейді. Көңілге алған, ынтық болған нәрселерін оқи алмайды. Сондықтан бір кітап оқитын үй (қираатхана) ашамыз деп сұранған кісілер де бар. 

Майдың 22-сінде Зайсан қазағы Пидахмет Бобкин 13 жастағы әйел баласын Мәскеуге орысша оқытуға алып кетті. Қай ышколаға беретіні беймәлім. Бұл бала Зайсанның өзінде екі-үш жыл оқыды. Оқу-тәрбиені мен қызбын демей-ақ ынтық болып сүйетін бала болса керек. Тек қайда жүрсе де дені сау, аман-есен жүріп, мұратына жетсін! Оқысын біздің де! Пидахметтей әке балаларға сирек табылар да! Байлар мұнан ғибрат аласыңдар ма? Алсаңдар, қуаттарыңыз жетерлік іс. 

Арысұғлы 

9. ЕМТИХАН

Петропауыл уезі Средински болысында Уақ тайпасынан Қасымбек қажы Жарылғамысов деген бір бай кісі бар еді. Мәзкур қажы көптен бері қолына молда ұстап, өзінің һәм маңайындағы жарлы-жақыбайдың балаларын һәм оқыттырып келе жатушы еді. Бірақ бұрын ұстаған молдалары жалғыз құлқын үшін ғана жаратылған заттар болғандықтан, ақкөңіл қажының бар зекетін алдап-сулап алудың жайын білсе де «жарықтықтың жаннан ғазиз көрген балалары оқып, халқымызға тегісі пайдасы тигендей шын бір адам болсыншы» деген жақсы ниет оларда болмаушы еді. Олардың ондай жалғыз құлқыны үшін ғана құр жалбақтап жүрген жалған ниетіне бұ жылдарда қажы әпендінің өз көзі де жете бастағандықтан өткен қыс Троискінің «Расулие» талибасынан Хамзабай әпенді Боқаев деген қазақ шәкіртін мұғалімдікке ұстап еді. Ол зат осы жыл май басында оқытқан балаларын көптің сынына берді. Өзді-өзінің дәрежесіне қарай көптің алдында балалары өткір-өткір жауап бергендіктен, бұрын емтихан көрмеген жұртты аса таңырқатты. Қажының өз медресем қасына бір ауылни ышкол сұранам деген ойы бар.

Ахмет Жанталин

10. ЗАЙСАН 

Зайсан шаһарында мектеп «Ғизатие», мектеп «Қазақие», қыз мектебі дейтін үш төте оқу мектебі бар. Мектеп «Ғизатие» –тәрбие қылушы бай ноғай Бекшонтаев. Ноғай балалары оқиды, саны – 65. Апрел  аяғында тыңдатылды. Халық, байлар мұғалімдерге тәңірі жарылқасын етті. Келесі жылғы мұғалімдердің жалоуаниесіне (жыл ақына) 40 сомнан қосты. 

Қыз мектебі – тәрбие қылушы тағы сол Бекшонтаев. Діні ноғай қыздары бәрі – 57, майда тыңдатылды. Бұл мектепте қыздарға үйретілген қолөнері (рукоделие) артықша көрінді. Бір айдың ішінде қыздардың емтиханға даярлап тіккен нәрселері 180 шамалы: төсек, орамал, жастыққа деп жалпақ шалып тіккен шілтерлері, кішкене балалардың байпақ, бас киімдері, жаңа өрнекпен салып тоқыған сағат қаптары. Қыздардың бұл һөнерін біздің байларымыз қырда біреудің қолында көрсе не Мәскеу, не Стамбұлдан жасалып келген дер еді. Қайдан білсін, бойы өсіп, бұғанасы қатпаған Зайсанда оқыған қыздардың жасап шығарғанын. 

Бірақ бұл нәрселерді қыздардың өзді-өзіне таратып жібермей, мектепке өрнек (образец) қылып қалдырса бек орынды, үлгілі болар еді. 

Мектеп «Қазақие» тәрбие қылушылары қазақ байларынан: Қыстаубай Мыңғожин, Пидахмет Бубкин, Сүлеймен Мергенбаев, Жүніс, Хасен Татановтар, Қашқарбай һәм басқалар. Оқушы қазақ балалары саны – 76. Тыңдатқан сабақтары, оқығандары отырған көпті риза қылып, алғыс айтқызды. Қайтсін, жас қазақ шәкірттері тыңдатқанда көрмеде тұрған аттай-ақ жайтаңдады. 

Бұл күнгеше мектеп «Қазақие»-нің бас мұғалімі Тәшен мырза Қиямбеков еді. Бұл зат алдағы қыс тұрмайтын болды. Орнына мұғалім Біләл мырза Бисембаев белгіленді. Мұның қолғабысшы мұғалімі Зайсанда оқыған бір жігіт. 

Арысұғлы

11. ЗАЙСАН

Мұхтарам мұхарир әпенді!

Сізге мағұлым болды ма, жоқ па, Мекке-Мәдинада отыз шамалы қазақ шәкірттері бар екен. Олар бір жәмиғат жасап, Мәдина шаһарында бір медресе ашпаққа кеңес қылысып, жылда қажылардың қажы уақытында басын қосып, насихат қылып, демеурін сұрайды екен (Бұл жәмиғат жасағандарына биыл екі жыл толды). Қажылардың кейбіреулері сонда ақша жинап беріп, кейбіреулері елімізге кісі жібер, сонда халықтан ақша жинап береміз деп шақырады екен. Бұл күнде қазыналарында 20 мың сом ақша жиналыпты. Медресе үшін сатып алуға бір немістің 40 бөлмелі тәкиесіне сөйлесіп қойған екен. Биыл өткен қажыда Зайсан, Өскемен уездерінен барған қажылар ақша жиюшы шәкірттерге бір кісі жіберерсіз деген сөздері бойынша бұл жаққа бір шәкірт келді. 

Қара Ертіс болысында бұл медресе үшін деп біраз ақша жиылды. Бірақ осы шәкірттердің өзіне сеніп жете алмағандығымыздан ақшаны өзімізде сақтап тұрмыз. 

Бұл турада сіз не ақыл айтасыз?

Мұғалім Біләл Бейсембаев

12. ҚАТОНҚАРАҒАЙДА ОҚУ

Қатонқарағай – Алтай тауының ішінде, Семейден 523 шақырым жердегі қала. Мұнда қазақ, ноғайдан бірсыпыра халық бар. Арасында тәуір саудагерлері де бар. Бұрынырақ кезде тым шетте жатқан жер болған соң, ғылым нұры түспеген қараңғы еді. Соңғы жылдарда газета оқып һәр нәрседен хабардар бола бастады. 1910-ншы жылы медресе «Ғалие»-ден оқып шыққан бір мұғалім кез келіп, оны Қатонқарағай саудагері Мұхаммедшариф Фейзаллин өз үйінде ұстап, 30-40 бала жинап беріп төте оқумен оқыттыра бастаған екен. 4-5 айда балалар хат танып, тәуір бола бастағанын көріп, бала аталары көңілденіп бұрынғы ескіше оқытып жүргендер де қызығып, жаңа мұғалімге балаларын бере бастапты.

Сөйтіп екі-үш жылдан бері оқытып тұрған екен. Бірақ балалар оқып тұрған үй өте тар екен. Мектеп салуға жұрт әні-міне деп жүреді екен. Өткен ораза айтында жұрт жиналып мектеп жайын сөйлескенде сол қаланың жас саудагерлеріне Омар қажы Жәкежанұғлы ғылым жолына деп екі бөлмелі үлкен ағаш үйін сыйлады, басқалары да бұл мектептің керек-жарағын беріп тұруға уәде қылысты.

 

13. ЕМТИХАНДАР

Уфаның медресе «Ғалие»-сінде оқып бірсыпыра биыл бітірген, бірсыпыра бітіруге жақындаған қазақ шәкірттерінің 10-ы духовное собраниеде дін ілімдерінен емтихан беріп, бәрі де бірінші дәреже имам-хатиб һәм мұдарістікке куәлік алды. Бұл шәкірттер:

1) Мейірман Ермектасов

2) Ахметжан Күзембаев

3) Ысқақ Қанағатов

4) Ниязғали Яқұбов

5) Нарынқұл Әбиров

6) Бекмұхамед Хұсейінов

7) Иса Тоқтарбеков

8) Мырза Ахмет қожа Қыланов

9) Әбушахме Боқаев

10) Әбілһәмид молла Ғалиев.

Енді бұлар шамасынша ұлтқа қызмет қылу ниетінде болып елге тарады. Кейбіреулерінің тұратын белгілі орындары бар, кей біреулерінде жоқ. Орынсыздары қазақтың қай жері болса да, алыс-жақын демей ба­рады. Кімде-кімге мұғалім керек болса «Қазақ» газетасы арқылы білдіріп, беретін ақысын айтсын. Түпкілікті ұстай ма, жоқ уақытша ма, онысын да ашық білдірсін. Мұғалім ұстаушылар бұрынғыдай зекет, ғұшыр, федие, фітір һәм басқа садақалар­мен риза қылармын демесін. Мұғалім­дер­ге белгілі айлық ақы беріп, әлгі садақа­ла­рын оқуға мұқтаж шәкірттерге һәм ел ішіндегі күн көруі ауырланған бишараларға бер­сін. Мұғалімдер еңбек ақысын алып, бо­рыш­ты садақалардан бой тартқысы келеді.

Жоғарыда аттары жазылған 10 шәкірттің бәрінің де қолында мүфтиден алған куәлік қағазы һәм медресе бітіргендігіне иә қай сыныптан шыққандығы хақында алған мінез-құлықтары да жазылған сенім қағаздары бар.

«Ғалие» шәкірті

14. МҰҒАЛІМДЕР КУРСЫ КЕРЕК         

Халықтың ілгері басу тетігі тәрбиеші адам­дар­дың қолында екендігі анық. Ба­ла­ның оқу жасына шейін тәрбиешісі ата-ана, мектепке кіргеннен кейін мұғалім. Балалар бас­та­уыш мектепте жігері қайтпай мол білім, үлгілі тәрбие алып шықса, бірінші ұл­тын танып, екінші жеңіл тіршілік етуіне себеп болмақшы. Бастауыш мектептен кө­ңіл­де­гі­дей білім-тәрбие алып шықпаған ба­ла­ның ілгергі жағынан үміті аз. Соның үшін біз қазақ оқығандары әлімізден келген­ше үйретушілерімізді түзетудің шарасын іздеуіміз керек. 

Бұл мәселенің әзіргі біздің қолымыздан келерлік бірінші шарасы мұғалімдер курсын ашу екендігін ушител Имам Әлімбеков 66-ншы нөмір «Қазақ»-та кеңес майданына қойып отыр. 

Үйретушілер курсын, біз түгіл ушител­ски семинариалары бар халықтар да керек қы­лып отырғанда, біздің арамыздан «керек емес» деп һешкім айта қоймас. Бұл әбден ке­ме­лі­міз­ге келгенде істерміз деп кешіктіретін іс емес. Қолдан келіп іс шығара ала­тын болсақ, қалалы Семей, Қызылжар, Троискі, Орал, Астрахан, Түркістан, Қа­пал­да тұрушы үйренушілеріміз тынбай жүріп курыс ашып, мезгілін, програмасын, расходын газета арқылы жариялауға тиіс. Курыс биыл болмаса, келер жылдан ке­­шік­­пес­­ке керек. Бұл туралы шәкірттер мед­ре­се­ге жиылған соң, ушителдер жазғы бос­тан­шы­лық­тан қайтқан соң ақылдасып, осы пікірдің іске алынуына кірісерге керек. 

Бұл туралы тағы да бір пікірімді айтып өткім келеді: біздің қазақта осы кезде үйретушілер тым-ақ аз екендігін бәріміз де білеміз. Оңай жолмен үйретуді елге жаю – бәріміздің де міндетіміз. Қазаққа төте оқу ара­лас­қа­ны­на да 5–6 жыл болып барады, бі­рақ сол бір жері күйініш, әлі күнге шейін ескі тәр­тіп­тен құтыла алмай жүргендер көп. Олар мұны біле тұрып істеп отыр деуге болмайды, педагогика оқымағандық, үл­кен өрнек көрмегендік. Соның үшін мұғалімдердің бәрі де курыста бола ала ма, жоқ па? Менің ойымша, осы күнгі қазақ шәкірттері көбірек оқитын ноғай медреселе­рін­де, жазғытұрым тарап кеткен неше қыс бойы күнінде бірер сағат өзара болса да, мұғалім жалдап алса да тәлім-тәрбие жа­йын үйренуге бөлгені артық болар еді. Шәкірттер талап қылса, бұл қолдан келмейтін іс емес. 

Бұрын бізде болмаған істің басталуы оңай болмас. Сондықтан келер жылы жоғарыда айтылған қалаларда тегіс мұғалімдер курысы ашыла қалады екен деп мәз болмалық. Бірақ осындай ұлтқа пайдалы істе жүлде алып, біріншілік нұсқа көрсетуші басшылар табылса, бірте-бірте болмай да қалмас.

Мәннан Тұрғанбайұғлы

15. МЕШІТ ҺӘМ МЕКТЕП САЛЫНУЫ

Қостанай уезі, Құмақ болысының қазағы Аманжол қажы опат болып еді. Сол кісінің бәйбішелері һәм баласы Мұхамет мырза марқұм қажының ізгі есімін жад ету үшін мешіт һәм мектеп салдырды. Мешіт 15-нші сентиабрде салынып бітіп, сол күні елі жиылып той болды. Мектепте ал­ды­мыздағы октиабрдің 15-і шамасында төте оқумен балалар оқи бастаса керек. Мұ­хамет мырзаның тағы бір мақсұты, мек­тебінің бір жағына орысша клас ашпақ. Бұл тілегі де орнына келген еді. Елдің байлары мыңдаған ақшаны ыштатқа шашып тұрғанда, 
Мұхамет мырзаның бұл ізгі ісіне жұрт сүйеніп тұр.

Т.Ғ.

16. ӨНЕГЕЛІ МҰҒАЛІМ

Темір үйезі, Темір Орқас болысының 3-нші ауылында өткен октиабрдан бастап бір мұғалім төте жол, «Қазақ» емлесі мен 30 шамалы бала оқытып жатыр. Бірсыпыра балалар бұрын оқығандықтан, екі-үш бөлім қылып, жеткенінше қазақша, жетпегеніне ноғайша кітаптарды қолданып жатыр. 3-4 айдың ішінде балалары тіпті жақсы болып қалыпты. Баспаханада деп жақтырмаған адамдар, осы күні дұрыстығына түсіне бастапты. Бұл мұғалім Ғабдолла Беркенов ескіше оқыса да пікірі түзу, зерек көрінеді. Ағайындарына айтып қараса да, іс шықпаған соң өзінің шағын дəулетімен ыждаһат етіп 50-60 сом ақша шығарып, балаларға керек кітап, саймандар алып, өз үйінде оқытып жатыр. Жиенғали, Құдайберген

ҚАЗАҚ. 1915. №103. 11 ФЕВРАЛЬ, СƏРСЕНБІ

17. АРДАҚТЫ МҰҒАЛІМДЕР!

 

 Әрқайсыңыҙға мәлім, өткен жылдан бері «Қазақта» курс ақында түрлі мақалалар жазы-  лып, пікірлер сөйленіп келеді, Курстың кере-гін ешкім інкәр қылмаса да, расход жағына тайсақтай беруші еді. 95-нші нөмір «Қазақта» көрсетілген бір жол ды көргендеріңіз болса, мұны қиын, қолдан кел- мейтін іс деуге болмайды, біз – мұғалімдеріміз ыждаһатына барып тірелетін нәрсе. Рас, жеке-жеке әрқайсымыздың қолымыздан мұндай іс келмейді, бірақ күш қосып, үй біріктіріп, бел байласақ, найза бойламайтын тұңғиық көрінбейді. Өзімізде жігер болмаса, қашан да болса, мұндай мәселелер қозғалар да, сөйленер де, олай ету керек, бұлай ету керек деп, шулап-шулап қалармыз. Ал ойлаған істің жарыққа шығарайық десеңдер осы бастан қам қылыңдар, кам қылудың басы: «Қазақ» арқылы мұғалімдер санын білдіру керек, қандай курсты һәм кісі басы қаншалық расходты курсты тілейді, курс қанша һәм қайда болсын. Сөздің қысқасы, шамасы келетін һәм талабы бар һәм мұғалім «Мен барамын, пәлендей сомға күшім жетеді» деп білдірсін. Біз өзіміз курс Семей қаласында болуын тілейміз, орталық һәм арзаншылық жер, мұғалімдерге келуге де ынгайлы (жаздыгүні болса). Курс қашан һәм қайда ашылуына қаулы қылынса, біз тиісті ақшамызды күн бұрын жібереміз һәм өзіміз де барамыз. Молла Гусман Гоқсарин һәм жолдастары

ҚАЗАҚ. 1915. №106. 22 ФЕВРАЛЬ, ЖЕКСЕНБІ

18. ЕМТИХАН

Көкшетау үйезі Қарашенски болыста Бектас Шəкібаевтың ұстаған мұғалімі Ханифа мырза Шахмұратов 20-ншы апрелде қыс бойы оқытқан шəкірттерін аталарының һəм басқа ақсақалдардың алдында емтихан қылды. Мұғалім өзі ескі усулмен оқыған болса да, жаңа тəртіпті үйреніп, қазақ əдебиетінің пайдасын аңғарып, газета, журнал оқып, пікірін ашқан жігіт. Сондықтан шəкірттерін қазақша жаңа кітаптармен оқытады. Шəкірттер емтихандытегіс жақсы жауап берді. Көбі аз уақытта хат танып, жазу үйреніп қалған. Емтихандағы кісілер балаларға да, мұғалімдерге де риза болып, алғыс айтысты. Қыстай сол мұғаліммен ауылдас отырып, бұрынғы наданшылық күйін күйлеп, балала- рын оқуға бермеген бір адамдар емтиханды көргеннен кейін сандарын соғысты. Əр істі мезгілінде ескермей, елесіз жүріп, соңынан сан соққан біздің түпке жетіп жүр ғой. 

Уəли Доғалақов

ҚАЗАҚ. 1915. №127. 17 МАЙ, ЖЕКСЕНБІ 

19. ӨНЕР МЕКТЕБІ

Марқұм инспектор Ибраһим Алтынсарин ыждаһатымен 1883-нші жылы Торғайда өнер мектебі (ремесленни школ) ашылған еді. 25 қазақ баласына арналған қазыналық орын бар.

Мұнда бастауыш дәрежелі орысша оқудан басқа үш түрлі өнер үйретіледі: тігіншілік, ағаш ісі һәм ұсталық, Осы өнер мектебі кедей балалары үшін іздесе табылмайтын орын болса да, 32 жылдан бері бұл мектептен оқып шыққан қазақ жігіттерінен үйренген өнерімен пайдаланып, кәсіпке кіріскен, некен-сайақ ел ішінде машинамен киім тігушілер болмаса, көзге шалынбайды. Мұның себебі Торғай үйезінде өнерлерін жұмсарлық іс болмаудан болса ғажап емес. Бірақ шетке шығып, іс іздемеулері ғажап. Оқып шыққандар өнерлерін іске асырмауының толымды себебі мынау болса керек деп ойға келеді: біздің қазақ жалқаулықтың үстіне «ақ сүйек» келді, қара қызметке кірісуге арланады. Азырақ оқыса, көзіне «төрелік» слестей бастайды. «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақал қазақтан шықса да, біздің жарлылар тымак арлы.

Жыл жарым мұнан бұрын Оренбургмұсылман жамғиаты іссіз жүрген пақыры мұсылман балаларына іс үйретерлік, күн көрерлік бір кәсіпі табу ниетімен ағаш ісі үйрететін өнер мектебі ашқан еді. 20 шақты кедей балалары алынды, Пермнен шебер алдыртты, Осы мектепті ашар да Оренбург ноғайлары, бастығы оқығандары, байлары, мырзалары, моллалары болып жиылып, дұға қылып, бұл келешекте жарлы-жақыбайларымыздың балалары өнер үйреніп, өздеріне кәсіп тауып, ұлтымызға қызмет етеді деген үмітпен қуанысып, әркім шамасынша жәрдем берісті. Сол мәжілісте жалғыз Хасен қажы Хасейинов деген бай 5 мың сом берді. Газеталары бұл істі жақсы ырым көріп, қанша көтеріп жазды, Русия мұсылмандарының ұстазы марқұм Исмағұлбек Ғаспрински мұсылмандардың жақсылығына күйініп отыратын қалыбымен әлгі мектеп ашылған күні құтты болсын айтып, телеграм соғып еді.

Міне, осы мектепте жыл жарым үйренген балалардың істері үстіміздегі иулдің б-сынан бастап көрініске қойылып, сатуға шығарылды. Көрініске қойылған нәрсенің саны 60 шамалы, бағасы орта есеппен 700 сом. Істің тазалығы, әдемілігі базар ісінен бірде кем емес, 37- 45 сомдарға бағаланған шкафтары бар. Бұл мектептің сайманы, қаражаты, үйі, үйретушілері біздің Торғайдағы қазына күшімен тәрбиеленіп тұрған өнер мектебінің оннан біріне жетпесе де, 32 жылдан бергі мұнан оқып шыққан қазақ балаларының пайдасынан жыл жарымдық ноғай мектебінің берекесі көзге түсіп қалды. Жалғыз төрт түлік малға телміріп отыратын заман откен. Кешегі доныз жылғы жұрттан кейін Семей облысына қараган Павлодар, Қарқаралүйезінен қос-қос қазақ Сібір теміржолдарында тас қазуға жалдану үшін елдерінен босып кет- көнін көз көрген еді, Өнерді қазақ жайшылықта керек қылмаса да, қадірі сондайда білінеді. Бірақ өнер енуге күн бұрын қам қылмаса, доңыз бен қояндар не күйге ұшыратарын айтып кел- мейтін, Ақмола, Семей облыстарында біздің өнер мектебіміз секілді, шаруа ғылымын үйрететін пайдалы мектептер (селско-хозйаственни школдар) бар. Онда да қазақ балалары оқуға ынта- сыз, оқып шыққандарының қиалында байағы «төрелік». Төрелік теріс болмаса еді, бәрінің қолына түсе берсе. Бірақ солардың оны тілмаш-мілмаш болып, тоқсаны: «Жарлылық та жақсы екен, жатып ішер ас болса» деген күйде жүргендей көрінеді. Торғайдағы өнер мектебі туралы өз пайдасын түсінбеген жұртқа құр өкпелеп қоймай, инспектор Әбдіғали мырза алдындағы үлгілі ағасы Ибраһим марқұмның бастап кеткен ісін айақтар деген үміттеміз. Өнер мектебінің бастығы ушител Қосмұхамед мырза екеуі бұл мектептің пайдасын әлде болса бұрынғыдан артығырақ оқушыларға түсіндіріп, оқып шыққандарына пайдаланатын жолдар көрсетсе, Торғай жұртына аз пайда келтірмеген болар еді. Игілік істі бастауыш Ибраһим марқұмды бұл күнде еске алғанымыз секілді, қызметтеріңіздің жемісін татқан кейінгілер сіздерді де сондай ескеру шүбәсіз.

М.Д.

ҚАЗАҚ. 1915. №140. 8 ИЮЛЬ, СƏРСЕНБІ

20. МЕКТЕП-МЕДРЕСЕ АШЫЛУ

Павлодар болысына қараған 168 үйлі Күшік деген бір ауылнай ел бар. Бұл ел былтырдан бері өз арасынан басшылар шығып, ортасынан бір мектеп һәм медресе ашты, Мектеп-медресенің барлық шығыны жұрт үстінен. Бұл салықты елден жинап мектеп-медресені тәрбиелеу міндеті сайланған 15 кісіге тапсырылды. Бұл кісілер сол ауылнайға қараған үйлердің зекет, ұшыр, фәдие һәм басқа садақа, пітір, құрбан терісі секілді нәрселерін орынсыз жерге жібертпей мектеп, медресе пайдасына деп жиылған пұлға қосып, былтырдан бері жиып жүр. Мұнан былай да солай етпекші. Мұндай игі істі әр ауылдың басшылары сайланып басқаруды міндеттеріне алғандықтан, келешекте үмітті көзбен қарап тұрған мектеп, медреселеріміздің бірі осылар. Өткен қыс мұнда оқу октиабрде басталып, март айағында бітті. Екі мұғалім, бір имам оқытты. 70 шамалы оқушы болды. Мектеп 4 бөлім бастауыш һәм 2 бөлім рушди.  Окушы көбейіп, оқытушылар аздық қылар деген оймен тағы да бір мұғалім алдыру ойда бар. Қыскасы, былтырғы болған кемшіліктерін биыл, биылгысын келер жыл түзетуге басшы- лар һәм мүгалімдер, иншалла, ыждаһат деген үміт зор.

ҚАЗАҚ. 1915. №142. 22 ИЮЛЬ, СƏРСЕНБІ

21. БАҒБЫСТАН ХАНЫМ МЕКТЕБІ

Бұл мектептің Оренбургта ашылғанына сегіз жыл болған. Мектептің ең алғаш негізін тұрушы һəм басқарушысы мұғалима Бағбыстан ханым Момынова. Мұғалима Бағбыстан ханым ноғай мұғалималарының алдыңғы қатардағы мұғалималарынан саналуға жарайды. Қарамағындағы мектебінен бірнеше жасмұғалималар да оқытып шығарған, Олар шет шаһарлар төте оқу мектептер мұғалималық қызметінде тұр. Мектеп жеті сыныпты: үш бастауыш, үш рашиди, бір акмал сыныпты. Бастауыш сыныптарында оқыту, жазу, иман үйретіп, бастапқы білімдер беруге аса ыждаһат қылынады. Рашиди сыныптарында ұлт әдебиеті, хисаб, жағрафия, табиғат секілді дүниа пәндері үстіне араб пен орыс тілі оқытылады. Әртүрлі қол істері: іс, кесте тігу де үйретіледі. Мектептің көздеген мақсұды: дүние қыптарлық тәрбиелі балалар жетістіру үшін білімді һәм талапты аналар дайарлау. Мектептер үшін сол тағлым білген мұғалімдер шығару. Мектеппен бірге пансион да бар. Пансионда жатып оқитын қыздар тамақ, пәтер, кір жуғызу, моншаға түсу секілді барлық расходты пансионға артып, айына 18-25 толейді. Мұның үстіне оку ақысы 40 сом беру керек болады. Оку сегіз ай. Сентиабр - май. Майда смтихан 3 болганнан сон, шәкірттер тарайды. 250 300 сом расход шыгарганда тәрт мектепте тәрибелі мүгалімдер кол астында бір баланы бр жыл окытуга болады, Кыз бал окыту ойы олган адамдардын ссе саламыз. 

Ж.Жәнбеков

ҚАЗАҚ. 1915. №151. 30 СЕНТЯБРЬ, CƏРСЕНБІ

22. ЕМТИХАНДАР

Ақтөбе үйезі 2-Бөрте 5-ауылдағы «Сәуле» мектебінде 25 апрельде емтихан болды. Емтиханға ақсақалдар, мектеп басқарушылар һәм Имам әпенді келген еді. Шәкірттер 40 шамалы болып, үшке бөлініп оқытылған екен. 1-бөлімде 10, екіншіде 20, үшіншіде 10 шәкірт. Балалардың оқу, жазулары көңілдегідей болып, ата-аналары да сүйінгендей, төте оқуға риза болғандай болды. Тыңдаушылар да риза болысып, мұндай игілік іске көсемдік етуші Бейсенбай мырзаға, оған көмектескен ақсақал мырзаларға һәм өз міндетін жақсы атқарған Нығметолла мұғалімге Тәңірі жарылқасын айтып тарқасты. 

Ғ.Таңатбаев

«Қазақ», №180. Сейсенбі, 10 май, 1916 жыл 

 

Мұсылман қыздары үшін мектеп һәм пансион Түпті мағлұмат, діні һәм ұлт сезімін беру негізіне құрылған, төрт бөлім бастауыш, төрт бөлім рашидидан ғибрат мектебіне 1 августтен бастап шәкірттер қабыл етіле басталды. 25 августен бұлай тәртіпті дәрістер басталмақ. Шеттен келіп оқуға тіліген қыздар үшін өзімізден махсос (арнаулы) орын (пансион) әзірленді. Қыздарын беруге тілеген қазақ туғандарымыз да шаттықпен қабыл етлілмек. Хабарласуды тілеген кісілерге адрес төмендегі: Оренбург, Безаковск. Ул Мектеб, З.Камалединовой бывш. Отд. гимназия Комаровой

«Қазақ», №193. Бейсенбі, 18 август, 1916 жыл 

23. ОҚУШЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ЕСЕЙСІН!

         Биыл Орынборда Бағыстан ханымның қыздар мектебінің бөлімінде шеттен келіп оқушы қыздар үшін 25-30 шәкірттік бір пансион даярланды. Бұл пансионға сол мектептің өзінде оқитын шәкірттерден басқа хүкімет мектебінде гимназияда оқитын әйел балалар да алынады. Пансионда жатып, мектептің өзінде оқитын шәкірттерден жеу, ішу, оқу секілді барлық шығындары пансионнан болу шартымен айға 25 сом алынбақ. Орыс мектептерінде оқып, жаңғыз пансионда тұрушылардан жеу, ішумен айға 20 сом алынады. Мектептің осы келер қыс үшін оқу программасы тағы да кеңейтіліп, түзетілді. Алдын алып даярлану, қам жеу келушілердің санының шамасына қарай болатындығынан келуге ойы болған шәкірттердің сентябрьдің 20-сына дейін жазылып, сентябрьдің 30-нан кеш қалмаулары жөн. Мектеп төрт бастауыш, төрт рашиди сыныптан ғибарат. Мақсаты: ұлт үшін тәжірибелі мұғалималар, тәжірибелі шешелер даярлау. Басылған мектеп программасын сұратушыларға жіберіледі. Қыздар мектебінің басқарушы һәм бас мұғалимасы: Бағыстан. Адрес: Оренбург, Балтенковский переулок, дом Синицына, женское училише Б.Мукминовой.

 «Қазақ», №195. Сәрсенбі, 31 август, 1916 жыл (қоян).

24. «БОСТАНДЫҚ МЕКТЕБІ»

11 апрельде 1917 жылы Тосын болысы 1-ауылдың Бестау, Шилі, Суықбұлақ мәнзалындағы қыстаулардың ақсақалдары бастарын қосып кеңесіп, мынадай қаулы жасаған: 1) Халықтың мал басына бірдей ауырмалық түсірген 25 июнь жарлығының орнына тәңірім берген зор қуаныш жақсылығының құрметіне дініміз үшін ғибадат қылуға, күніміз үшін орысша-мұсылманша заманына лайық жаңа тәртіппен жастарымызды оқытып, мойнымыздағы міндетті борышымызды өтеуге, ортамыздан Үшқарасу деген жерге бір мектеп, бір мешіт саламыз. 2) Мұнымызды аяқсыз қалдырмай, іс қылып шығару үшін кідірмей іске кірісеміз. 3) Бұл қаулымыз бойынша салынатын мектепке «Бостандық мектебі» деп есім береміз. 4) Мектеп һәм мешіттің салыну пұлы һәм әртүрлі тәрбиесіне жұмсалатын пұлы осы қаулының ішіндеміз деп, ынтымаққа қосылған ауылдардың міндетінде. 256 5) Мұнан кейін зекет, ұшыр, пітір, пидя секілді уәжіп садақаларымызды һәм басқа нәпіл-нәзір садақаларымызды да мектеп-мешіт пайдасына әр уақыт жиып беріп тұрамыз. 6) Осы айтылған садақаларды уақытында жиып, мектеп-мешіт пайдасына тапсырып, есебін алып, сыртынан қарап тұруға осы қаулының ішінде болған әр ауылдан бір ақсақал уәкіл сайлаймыз. 7) Ақсақалдардың мектеп-мешіт пайдасына деп халықтан жиып тапсырған малын, ақшасын ұстап, тиісті орнына жұмсап, ие болып тұруға бір басқарушы қазынашы, оған жәрдемші бір секретарь (хатшы) сайлаймыз. Ол басқарушы әр жылдың басында, аяғында «Бостандық мектебінің» ақсақалдарының басын қосып, мектеп тәрбиесі жайынан кеңесіп, мектепмешітті ұстауға жұмсалған пұлдың есебін беріп һәм мұқтажын көрсетіп тұрады. 8) Мектепте бала оқытып, мешітте имам болып, екеуіне иелік қылып, басқарып тұруға жарамды бір мұғалім-имам сайлап қояр. 9) Мектепте орысша-мұсылманша екі түрлі оқу болады. Оқыту тәртібі һәм программасы сайланған мұғалімнің өз еркінде болады. Әрине, балаларымыздың заманына үйлес жаңа тәртіп «Қазақ» емлесімен оқытылмағын шын көңілімізбен тілейміз. 10) Өзіне жәрдемші қылып бала оқытуға неше керек болса, сонша мұғалім алуға мұғалім-имам ерікті. 11) Мұғалімдер ақысы мектеп пайдасына жиылған сомадан беріледі. 12) Мектепте жазы-қысы бірдей оқу болады һәм тәулігінде бір рет мектеп балалары оқығандарын тыңдатады. Балалардың оқуын тыңдап, сынағанда ата-аналары болуға тиісті». Осы айтылған «Бостандық мектеп» һәм мешітін салу кеңесінің ішінде болып, ынтымақ жасаған ақсақалдар, мырзалар, қара шаруалар апрель ішінде істеріне кірісіп, берген күш-көмегі 3229 сом. 5 тап ауылдан 5 ақсақал, бір қазынашы, бір хатшы, мұғалім-имамдыққа Әлмұхамет Оспанұлын сайлап шығарды. Жоғарыда көрсетілген 40-50 үйдің күш-көмегімен «Үшқарасу» деген жерде «Бостандық мектеп» мешіті салынып жатыр. Сайланған мұғалім олардың балаларын жиып алып, мектеп салынып болғанша киіз үйде 1 майдан бастап оқытып жатыр. 

Мұғалім Әлмұхамет Оспанұлы

«Қазақ», №233. Жексенбі, 11 июнь, 1917 жыл (жылан)

25. УЧИТЕЛЬ ҺӘМ МҰҒАЛІМДЕРГЕ

Ұлтқа көрік, өң беріп ұлтты нұрландыратын, адамды адамдыққа жеткізу үшін ендірілген әкімдерін һәм бұрынғыдан еленіп, сарапталып келе жатқан данышпандардың сөздерін балардың миына егуші учителдер мен мұғалімдер. Бұлар барша ұлт балаларына адамдық ұрлығын егіп, оларды адамдық борышын өтегендей жолға сілтемек. Ол жол татаусыз, сұмдықсыз, инсаният жолы, қарындастық жолы. Бұлар осындай зор қызмет иесі болған соң өз алдарына бір жиылыс керек. Ноғай бауырымыздың мұғалімдерінің жиылысы бізге жетпейді, себебі: тұрмыс шаруалық жайынан тіптіп басқамыз. Киіз туырлықты қазақтың учитель һәм мұғалімдерді хал келгенше бір орынға жиналайық. Жиналуға қолайлы орнды «Қазақ» басқарушысы белгілесін. 

Мұғалім Кенжағали Ғұбайдулли

237-нөмір. 1917 жылан жыл. 15 шәуал. 24 июль. Дүйсенбі

Материалды ескі жазудан аударып, дайындап, түсінігін жазған Жауынбай Жылқыбайұлы