Мезгілсіз қоңырау
25.06.2024 1713

Осы арада біз үшін аса маңызды және зерттеудің осы «Ақ-қарасы айырылмаған жол» атты тарауына, оның ішінде осы үзінді алынып отырған мәтінге де қатысы бар бір оқиғаны кіріктіре кетуді жөн көрдік. Ол оқиға: Мағжанның, Мағжанмен тауқыметтес «ұлтшыл ақын-жазушылардың» шығармашылық жолы мен көркем идеясын түсінуге ұмтылған ізденушілердің қандай тамұқ талқысынан өткенінен мағлұмдар етеді. Қазір жеңіл-желпі желеу болғанымен де, ол тұста зерттеушіге тәп-тәуір қауіп-қатер төндіретін. 


1.

Ұлтты, ұлт зиялыларын, сол арқылы ұлттық рух пен ұлт мұрасын тұншықтырып тынуға бағытталған 1947-1953 жылдардың аралығындағы кезекті жазалау майданында демін алып қалған әшкерелеушілер жиырма жыл үнсіздіктен кейін тағы да бас көтерді. Мағжанның аты мінбеден қайталанып айтылды. Әрине жаңа уақыттың тезіне орай жаңа «жауынгерлер» шықты. Дегенмен де, олардың сұстары тәжірибелі белсенділердің заһарына жетпейтін. 1951 жылы 20 сәуір күні Жазушылар одағында «Кенесары – халықтың қас жауы»  деген тақырыппен партия ұйымының ашық жиналысы өтті. Сонда жарыссөзге шығып сөйлеген Ә. Тәжібаев «хандар жыршысы» Мағжан Жұмабаевтың ізбасары ретінде арыстан мінезді ақын Қалижан Бекхожинді айызы қана былай әшкерелеп сөйледі.

Стенограммалық мазмұндама: «Өкінішке орай, жұмсартып айтқанда, мұндай «ауытқушылықтар» әлі де көзін жойған жоқ. Қазақ совет ақыны, партия мүшесі Қалижан Бекхожиннің «шығармашылық жолын» айтсақ та жеткілікті. Ол өзінің «Әдебиет және искусство» журналының 1939 жылғы №4-5 сандарында жарияланған «Ақсақ құлан» дастанында Шыңғысханды:

Дариға, кешегі өткен әкем Шыңғыс,

Ер еді-ау Күншығыстан шыққан тұңғыш (?), – 

деп сарнады. 

Бұл шумақтардың идеялық бағытының зиянкестігін дәлелдеп жатпаса да, ақынның көздеген жаулық пиғылы өз-өзінен түсінікті. Шыңғысханға осылай табынудың тамырын қайдан іздеген жөн? Совет ақынына хан-агрессордың қанқұмарлығына ашық сұғыну қайдан келді? «Дариға» деп күңіренуінің астарындағы күйзелісті сағынышта не ой жатыр?

Бір кезде контрреволюциялық «Алашорданың» жыршысы Мағжан Жұмабаев өзінің «есалаң жырларында»: «Гүннен туған, Күннен туған, мен шығыстың ұлымын!» деген сандырағы бар болатын. Міне, Бекхожиннің Шығысы мен Шыңғысының үндестігі қайдан шығып отыр. Осыдан барып, қанішер хан қазақтың бабасы болған бекхожиндік шежіре туған. «Аспан күл, жер мұз боп кетсе де» деген Жұмабаевтың ұраны осылай бастау алған. «Қазақта Кенекеме ер жетпейді» деген ұранына Бекхожин де қосылып «Науан» атты дастан жазды. Сонда ханның сауынына жиылған батырларды арыстанға, жолбарысқа, бүркітке, сұңқарға теңейді. Наурызбайды ақын «Науан» деп еркелетіп атайды. Ол орыспен достыққа ұмтылған Ахметтің басын кесіп әкеледі, тұтқындарды жылқының жарылған қарнына орап ханға әкеледі.

Міне, дастанның мазмұны осы. Дастанның әр жолына хандық пен ұлтшылдықтың уы сіңген. Дастанның әр сөзі екі халықтың – орыс пен қазақтың бейнесін қасақана қара маймен бояған. Бұл олардың арасында орнаған қайырым мен бауырластықты қаскөйлікпен арандату емес пе? Хиуаның, Қоқанның хандары, Кенесарының өзі де еңбекші қазақты тонап, олардың қыздары мен ұлдарын құлдық пен күңдікке әкеткенін Бекхожин қасақана жасырады, жасырып қана қоймайды, ол қазақтың сорлы халіне орыс халқын кінәлі етіп қояды. Бекхожиннің суреттеуі бойынша, қазақтар Россияға қосылғанша жақсы өмір сүрді, өз күндерін көңілді, ойын-сауықпен, молшылықта өткізіпті. Бізге бақытсыздықты әкелген Россия екен. Ал Кенесары хан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды қайтару үшін күресіпті. Автор қазақ халқы өзінің ханын сүйіп еді, – дейді.

Сонымен ақынның суреттеуінше: Кенесары жай ғана пенде емес, алланың сүйген құлы, ол қазақты билеу үшін жаратылған. Сондықтан да Кенесарының тұсында «Сарыарқа пейішке бергісіз» болыпты. Қазақ халқын ұлы орыс халқына қарсы арандату үшін айтылған өтірік пен жалаға қоса, дастан ұлттың сезімін улайтын діни сенімді қоздырады. Шығармасын ширықтыра түсу үшін «алашордашылардың» көсемдерінің қатарында жүрген, октябрь революциясына қарсы шыққан, контрреволюциялық көтерілістің қаруы ретінде өткір дастан жазған ақынның кейбір сөздерін, теңеулерін, жолдарын, кейде шумақтарын тұтастай пайдаланады.

Абылай мен Кенесарыны әспеттеген сондай дастандардың бірін революцияның жауы, «Алашорданың» мүшесі Мағжан Жұмабаев «Баян батыр» деп атаған. Бекхожин Жұмабаевтың дастанының атын «Науан батыр» деп өзгертіп алады. Мағжан:

Бәрінен асып туған батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян, – десе, Қалижан:

Бәрінен айбыны артық батыр Науан,

Қазақта батыр бар ма жеткен оған,–

деп Мағжан Жұмабаевты жол ма жол, сөз бе сөз қайталайды.

Мағжанда батыр Баян қалмақтарға қарсы: «Абылай! Абылай» – деп шапса, Қалижан Бекхожинде Науан орыстарға осылай әскери ұранмен аттанады. Абылай мен Кенесарыны «құдайдың ерекше жаратқаны» туралы сөзді де Жұмабаев Бекхожинге өсиет етіп қалдырыпты. Арызданушының атынан Қалижан Бекхожин Кенесарыға: 

«Сорлаған ел-жұртыңды сақта өзің, 

Самсаған албастыдай сонау жаудан», – дейді. 

Сөйтіп, орыстарды қазақ халқының жауы ретінде көрсетіп, оларды «албастыдай басып келе жатыр» деп Бекхожин тағы да орыс пролетариаты мен октябрь социалистік революциясына шабыт беруші адамдарды «албастыға», тағы да басқа «жын, шайтанға» теңеген контрреволюционер Жұмабаевтың теңеулерін тірілтеді. Мұндай мысалдарды өте көп кездестіруге болады. Тіпті шелтиген, шатырайған, сұмдық, ел талаған деген сияқты тағы да басқа теңеулер арқылы орыс солдатын сондай бір сүйкімсіз етіп көрсеткен. Ең соңында «Науан батырдағы»: «Құдая, кер заманға кез келтірдің!» – деген сөз дәлме-дәл қазақ халқының жауы, Аманкелдіні өлтірген Міржақып Дулатовтан алынған. 1944 жылы шыққан «Шеру» атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин совет армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :

Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,

Кешегі Кенекеме тартып туған.

Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,

Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!),–

деп берген батасы да «таң қаларлық».

Көріп отырғанымыздай, Бекхожин «Науан батыр» дастанында Кенесарының Россияға бағытталған қанды жорығын, алынбаған кекті романтикалық көтеріңкі леппен жеткізеді. Ол енді фашизмді талқандап жатқан біздің совет офицерін: Есіңе ал кешегі өткен Кенекемді, кек жолында кеудесін оққа тосқан... Кенекемдей ерлік   пен атың шықсын, – деп Кенесарының өзіне тартуға шақырады.

Бұл ұран нені білдіреді? Кенесары ханның жолымен жүрген, Кенесары сияқты кек қайтарған офицер кіммен және кімге қарсы оқ атуы тиіс? Мұндай офицердің фашистерге қарсы оқ атуы мүмкін бе? Бұл өлеңінде Бекхожин ашық және бар дауысымен алашордашыл ақындардың ақындық сөздігін пайдалана отырып, «кек» алуға шақырады. Осыдан кейін оның осы «Шеру» жинағына енген «Қазақ ұлына» атты өлеңіндегі: «атаң қазақ разы болсын», «атақоныс Сарыарқа разы болсын», – дегендегі «қазақ», «қазағым» деген сөздің емеурінін қалай түсіну керектігіне қиналасың. Бұл жолдар Кенесары туралы дастанның сарынымен тікелей астасып жатыр. 

Мұндай интонация Бекхожиннің көптеген туындыларынан ұшырасады. Оның өзге тақырыпқа жазған туындыларында да ұлтшылдық сарыны есіп тұрады. Мысалы, «Домбыра» атты өлеңіндегі: Нәзік, тәтті күйіңді тыңдап өстім, Ұмытпас қасиетіңді сенің ешкім. Алтын арфа, күмбірлі оркестрге, Мен сені ешқашанда теңгермеспін», – деген (мазмұндалып алынды – Т.Ж.) жолдарды оқиықшы. Домбыра – біздің ұлттық аспабымыз, біз оны сүйеміз. Бұрын жалғыз өзінің ғана әлсіз үні шығатын домбыраның үні тек советтік Қазақстан тұсында ғана жаңаша күмбірлеп, үлкен ұлттық оркестрге айналды. Алайда оны «даңғырлаған оркестрге» немесе «алтын арфаға» қарсы қоюға бола ма? Әрине, болмайды!

Симфониялық оркестр де біздің құндылығымыз, онсыз қазақ халқының мақтанышы опера өнерін ұйымдастыра алмас едік. Симфониялық музыканы одан әрі дамытуға және қазақ жастарының музыка өнерінің жоғары деңгейіне көтерілуге ұмтылуы, сондай-ақ жас композиторлар мен орындаушылардың орыстың классиалық және қазіргі советтік музыканың озық үлгілерін үйренуге тәрбиелеу – біздің міндеттеріміздің бірі болып табылады. Ал Бекхожин «домбыра» деп қасарысып тұрып алса, оны ешқандай оркестрмен, арфамен теңестіргісі келмесе, оған не айтасың? Бекхожин үшін сол бір өткен заман, «солтүстік жұмақ болған» өмір қымбат. Адамдардың ішінен ол «құдай ерекше етіп тудырған» Кенесарыны, Шыңғысханды, Наурызбайды, музыкалық аспаптардың ішінен өткен заманды жырлағанда қосыла шертіп отыруы үшін домбыраны таңдап алады. Ол оның ұлтшыл дауысын  өшіретін оркестрден қашады, ол оны тітіркендіреді, сондықтан да оны «даңғырлаған» деп суреттейді».

 Осы мәжіліске «информация жинау үшін» қатысып отырған философия ғылымдарының кандидаты Нұрымбек Жанділдин Орталық комитеттің Ғылым бөлімінің меңгерушілігіне ауысқаннан кейін, Ә. Тәжібаевтің «домбыраның оркестрге» қарсы ұлтшылдық рухтағы соғысы туралы пікірі жадында сақталып қалса керек, араға екі-үш жыл салып барып, Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болған кезінде оны қайта жаңғыртып «домбыраны» оркестрден алып тастап, «екі ішекті қу тақтайды» қуғындаған болатын».

2.

Осы арада біз үшін аса маңызды және зерттеудің осы «Ақ-қарасы айырылмаған жол» атты тарауына, оның ішінде осы үзінді алынып отырған мәтінге де қатысы бар бір оқиғаны кіріктіре кетуді жөн көрдік. Ол оқиға: Мағжанның, Мағжанмен тауқыметтес «ұлтшыл ақын-жазушылардың» шығармашылық жолы мен көркем идеясын түсінуге ұмтылған ізденушілердің қандай тамұқ талқысынан өткенінен мағлұмдар етеді. Қазір жеңіл-желпі желеу болғанымен де, ол тұста зерттеушіге  тәп-тәуір қауіп-қатер төндіретін. 

Бұл  эссе – Мағжанның тағдырына қатысы бар аға толқын өкілдерінің көзі тірісінде жарияланған еді және олардың бұл дерекпен танысқанына «Бесігіңді түзе!..» атты эссеміздің журналдық нұсқасындағы мына жазбалар көзімізді анық жеткізген-ді: 

 «...Iлияс (Жансүгіров) сол күндерi түрмеде жатып, екi шумақ өлең шығарып, ретiн тауып сыртқа жiберткiзiптi. Ашыну, ыза, қорлық, жеккөру сезiмi от шашып тұр. Әр сөзi тотияйын сияқты ойып түседi.

Усойқы, шойқы, майқы, ақсақ,

Әңгүдiк, шыжың, сiдiк бетқап.

Сарысу ми, сарынға ұшқан соқыр қарға,

Шелегi қарамайдың қойған боқ сап.

Сен итке сөзiм шығын, жалтақтаған,

Итсiң көрiнген кеп айтақтаған.

Үре бер, көрiнгенге, тіфу, арсыз,

Қаншықтай құйрығы қатып, сатпақталған.

Қапастан да саңылау тауып, үзiлiп жеткен осынау жолдардан Iлиястың жан дауысы естiледi. Теңеудi де төкпелетiп, қарғысын да аямаған. Әр сөздiң көбесiн сөгiп, сол арқылы арандатушының портретiн жасамай-ақ қояйық. Асыл азаматтың әсiрелей жаққан қара бояуына да, теңеуiне де, сөз саптасына да кешiрiммен қарайық. Жаны қылбұрауға түсiп, қиналған шағында жазықсыз күйдiрген жантықтарға одан артық балама таппаған да шығар».

Осы пікірлерге орай мен тиісті емеурін етілген «аға толқынның» өкілінен жауап күттім. Іштей дайындалып та жүргем. Жауап араға жыл салып барып тосын «берілді». Орталық мұрахаттың Жазушылар одағы қорындағы ресми және ресми емес хаттармен, жауаптармен, түрлі мәжілістердің шешімімен танысып жүргемін. Әдеттегідей, 5-6 іске тапсырыс бердім. Екі-үш дәптер алып барамын. Ең құпияларын тығып қаламын да, қалған көшірмелерді архив қорының меңгерушісі Шахворостоваға (аты-жөнін ұмыттым) тапсырып кетемін. Ол ертеңге дейін тексеріп барып, «пайдалануға рұқсат» деген қолын қойып береді. Кешкі сағат беске қарата қолыма Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы мен ұлтшылдығына қатысты одақтың сол кездегі екінші хатшысы Әбділдә Тәжібаевтың әшкерелеу хаты түсті. Ондағы анықтамалардан төбе шашым тік тұрды. Тездетіп оқып, елеусіздеу ғып көп істің ортасына жасырып кеттім. Таңертең келе сап қолға алуға тиіспін. 

Таңғы алты жарымда үйдің телефоны шырылдап тұрып алды. Әрине, беймезгіл қоңыраудан сескенесің. Жамандықтың бетін аулақ қылсын деп тілейсің. Ар жақтан барлыққан-қарлыққан, дыбысы көмекейінің түбінен шыққан кәрі адамның: «Әй, сен кімсің? Сағат сегізде маған кел!» – деп,  кім екенін сұрап үлгертпей трубканы қоя салды. Әрине, Әбділда Тәжібаев! О, Алла, сонда кешегі тапқан құжатымды біліп  қойғаны ғой. Оны қайдан білді. Демек, архивтегі қауіпсіздік бөлімімен бұл кісі әлі байланысын үзбеген болды ғой. Деген уақытында жеттім. Ұлы кіргізді. Шапанын жамылып, әжім-әжім беті қатпарланып, сондай суық көзбен қарады да, шахмат тақтасын көрсетіп: «Отыр!» – деді. Жүрісті өзі жүрді. Сақ отырып қыспаққа ала беріп, көңілін одан бетер бұзбайын деп жеңілдім. Ой, қарқылдағандағы дауысы мен ашқан ауызынан өңеші көрінген сұсын көріп тітіркеніп кеттім. Бұл мені басынғаны еді. Енді жеңуім керек дедім. Бірақ қапымды тауып, мат қойды. Түсін суыта: «– Осы сенің сенгенің кім?  Кімге сеніп жазып жүрсің. Сенгенің болмаса, біреу қасақана айдап салып жүрмесе, сенің өткенді қазып нең бар, мен туралы не білесің өзі?» – деді басына кіжініп. Ендігі күбіжік ынжықтық болар еді: «– Білемін. Сенгенім де бар. Сіздің Семейдегі Аққайың аралында ор қаздырып: «Алаш қайраткерлері мен Мағжанды, Мұхтарды біз былай көмеміз!» – деп өлген мысықты тепкілеп көмгеніңізді білемін. Сосын отыз жетінші жылы күзде ..., – дей бергенімде: – Бар, кет!» – деді. 

Шыға сап бірден архивке бет алдым. Тура сағат онда барып кешегі тықтырып кеткен ісімді іздеп ем, ізім-қайым жоқ. Қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Шахворостова да: «– Білмеймін. Қалдырған ісіңіз осы ғана», – деп жолатпады. Демек, мен айналысып жүрген архив істерін арнайы бөлім күнде тексеріп, тиісті жерге рапорт беріп отырған. Ал қауіпсіздік мекемесі оны өзінің кәнігі тыңшыларына жеткізген. Соның бірі Әбділда... таң атпай мені, міне, осылай басынып отыр. 

Әрине, бұл менің журнал бетіне жарияланып кеткен: «...Бұл шумақты жиналысқа қатысқандар, әрине, бiлген жоқ. Бiлуге тиiстi емес. Олардың көңiлiн сыздатқан күбiрткi – кеше түнде, не бүгiн таңертең ұсталып кеткен, не ертең, не бүрсүгiнi қолды болуға тиiстi Сәкен тағдыры едi. Әлдебiр жайды бүгежектеп айта алмауларынан сондай шарасыздық, үнсiз күйiнгендiк аңғарылады. Ал, қазан айының басында, барлығы да «орын орнына қойылып» жөнiн тапты. Ең соңғы «қызыл сұңқар», революцияның Еркебұланы, қазақ ақындарының аққуы – Сәкен, Сәкен Сейфуллин де заман торына түстi. Солардың арасында: Iлиясты, ал 1937 жылы 30 желтоқсанда Мағжанды ұстатқан, Iлияс ақын түрмеде жатып:

Жақсыларға жанасып,

Жүз құбылып күнiне,

Жетерсiң әлi сен ақсақ,

Талайлардың түбiне.

Мен келермiн оралып,

Күндердiң бiр күнiнде.

Сен өлерсiң жүзқара,

Қор болып түптiң түбiнде, –

деген сөз тасығыш жансыздар да жүрдi» деген дерегіме қайтарған қарымтасы еді.

Бірақ сол кезде ол мен үшін тілі жұлынған сүлдер ғана еді. Бәрібір ол жасырған құпия әшкереленді.

Араға жылдар салып барып академик Мұқамеджан Қаратаевтың кітапханасын «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының қорына тапсырып алдым. Жәмила келінінің рұқсатымен ғылыми қызметкер Күлназия Аманжоловаға ғалымның «Күнделіктерін» тасқа бастырдым. Сонда 1988 жылғы 6 сәуір күні қағазіне түскен мына сөздерді оқып  іштей шіміркендім. Ол кезде менің Жоғары соттағы әдеби эксперттік жұмысым аяқталған, алашордашыларды ақтау туралы соттың Анықтама қорытындысы дайындалып  біткен. Ол  жөнінде Праволық комиссияның мүшелеріне, соның ішінде досым Рүстем Жанғожинге де мағлұмдар  етілген. Олжас Сүлейменов енді ақталуға бет алған Алаш қайраткерлері  туралы қоғамдық пікір туғызу жөнінде ұсыныс жасады. Соған орай Мәскеуде жарияланған  Р. Жанғожиннің мақаласы туралы М. Қаратаевтың күнделігіндегі: 

«Лит.газетада» Рүстем Жанғожиннің «Культура без купюр» деген мақаласы жарияланыпты. Ішінде Шәкәрім, Қарашев, Жұмабаев туралы жазыпты. Неге сеніп жазды екен? Жоғары жақ қалай қарар?» – деген, соның ішінде өзіме таныс: «Неге сеніп жазды екен?» деген жолдарды оқығанда таң қалдым. 

Қандай ұқсас тағдыр, қандай ұқсас үрей, қандай ұқсас сұрақ?

Академик өзінің сырлас досы Әбділданың сөзін сөзбе-сөз қайталап отыр. Демек, менің архивтегі іспен танысқанымды М. Қаратаев та білген. Академиктің жүрегі 5 күннен кейін орнына түсіпті. Өйткені:

 «Сәуірдің 11-і. Таңертең Әди, Мүсілім үшеуіміз  ЦК-ға бардық, отыз адамнан комиссия құрылыпты. Мақсаты – А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев туралы шындықты ашу көрінеді. Сол жөнінде нұсқау алдық, пікір алыстық. Комиссия бастығы Ж. Әбділдин. Тәуір сөйлеген Ә. Әлімжанов пен Р. Сыздықова болды» [сонда], – деп жазыпты.

Кейін анықталғанындай, мен көшіре алмай, архивте қолды боп кеткен бірінші құжат: 1960 жылы 18 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының  хатшысы Ә. Тәжібаевтың Қазақ ССР МҚК(КГБ) бастығының орынбасары Арыстанбековке жазған хаты екен. Онда:

«Мағжан Жұмабаевтың шығармаларының (өлеңдер, роман, мақала, очерктер мен аудармалар) идеялық бағытына қорытынды баға беру жөнінде ғалымдар мен ақындар қатыстырылған комиссия құрылды: Тәжібаев Ә. – төраға, Дүйсенбаев Ы.– әдебиетші, Ахметов Ғ.– аудармашы, Жанғалин М. – аудармашы, Исмайылов Е. – әдебиетші, Мәуленов С. – ақын. Алайда аталған адамның туындылары қолда жоқ болғандықтан да, бұл топ дәл қазір жұмысқа кірісе алмай отыр. Сондықтан да, топқа қажетті материалдармен қамтамасыз етіп отыру үшін өздеріңіздің тарапынан бір  адам қосуларыңызды өтінемін», – деп жазылыпты.

Ал Қазақ ССР  МҚК (КГБ)-не жолданған екінші хатта: 1960 жылы 19 мамырда Қазақстан Жазушылар одағында құрылған Мағжан шығармашылығы туралы комиссия: 

«Мағжан Жұмабаевтың ақындық мұрасы тұтас алғанда, идеялық ұстанымы жағынан ұлтшыл-буржуазияшыл, демек, контрреволюциялық сипатта. Жұмабаев әдебиет  майданына нағыз декадентшіл, қазақтың жас буржуазиясының идеологы болып келді. Сондықтан да ешқашанда жариялауға болмайды», – деп қорытынды шығарғаны туралы хабарланыпты. 

Хаттың соңына комиссия төрағасы Ә. Тәжібаев қол қойған.

Алаш зиялыларының тәрбиесін көрген, олардың шығармашылығын ақтау жөніндегі Праволық комиссияның мүшесі ретінде дегдар жазушы Ғалым Ахмедов бұл хат туралы: 

«Ол кезде мен Жазушылар одағында істейтінмін. Әбділда Тәжібаев шақырып алды да: «Қауіпсіздік комитетінен: Мағжанды ақтайсыңдар ма, қайтесіңдер? Комиссия құрып, шешімін беріңдер», – деп сұрау келіпті. Мағжанды қалай ақтамақ бұлар. Бізді тірі көмейін дегендері ме. Сен: Мағжан контрреволюцияшыл адам. Ешқашан ақталмасын! – деп комиссияның атынан жауап жаз», – деді. Мен бас тарттым, тіпті болмағасын, қызметтен кеттім. Өзге мүшелер де бұл ұсынысқа риза болмады. Кейін, сондай мазмұндағы жауапты осындағы бір орыс жазушысына жаздырып, жолдапты. Сол жолы Мағжан ақталып-ақ кететін еді», – деп түсініктеме берді.

ҚазССР МҚК Тергеу бөлімінің аға тергеушісі Мұқаев 1960 жылы 11 маусым күні Мағжан Жұмабаевтың  жұбайы Зылиха Жұмабаеваға: 

«Архивтегі №4998 тергеу ісі қайта қаралды. Қазақстан Жазушылар Одағының комисиясының  шешімі  бойынша және «…шетел барлау қызметімен байланысы болды» деген 1938 жылғы айыпты қайта тексеру барысында «оның шындығы» анықталмаса да, совет өкіметіне қарсы бұрынғы белсенді қызметі үшін оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартуға болмайды деп есептеймін», – деп жауап жазған. Соңына:  «Келісемін» деп Тергеу бөлімінің бастығы Ловягин, Қазақстан МҚК (КГБ) бастығы генерал-майор Арыстанбеков» қол қойған.

Міне, жазушылардың мүддесін қорғайтын Жазушылар одағының – жазушыға, ең бастысы ақынның – ақынға берген әділетсіз шешімінің кесірінен Мағжанның жолы тағы да отыз жылға жуық тұйыққа тірелді. Оның есесіне, 1960 жылғы 1 маусым күні Түркістан Әскери округінің әскери прокуроры юстиция генерал-майоры Пастревич «НКВД ОГПУ алқасының 1930 жылғы 4 сәуірдегі қаулысы бойынша 10 жылға кесіліп, жазасын өтеген, ал, 1938 жылғы шпиондық қылмысы туралы ешбір дерек жоқ болғандықтан да, Мағжан Жұмабаевтың қылмыстық ісін қысқарту» туралы Түркістан Әскери округінің Әскери трибуналына наразылық жолдады. 1960 жылы 8 шілде күні Түркістан Әскери округінің Әскери трибуналы, ССРО Ішкі Істер халық комиссариатының комиссиясы мен Бас прокурор: 1938 жылғы 11 ақпан күні Мағжан Жұмабаевты ату жазасына кескен шешімге қарсы берілген наразылықты қарап, Мағжан Бекенұлы Жұмабаевты айыптау туралы 1938 жылғы 11 ақпандағы қаулының күшін жойды және істі қысқартты».

Бұл – республикалық Қауіпсіздік комитетінің өз азаматтары мен өз мекемелерінің ар-ожданын қоғауға дәрменсіз екендігін көрсететін айғақ. 

3.

Дегенмен де, бұл анықтамаға да қажеттілік бар боп шықты, өйткені «Мағжан халық жауы, контрреволюционер ретінде атылмапты. Іш сүзегінен өліпті-міс» деген «лақап» Мағжанның атын әлеумет арасында жаңғыртып отыруға септігін тигізді. Себебі енді «жазықсыз жапа шеккен» адам есебінде оған іздеу салуға болатын. Ақынның жары осы «лақапқа» сүйеніп, өзінің мұрагерлік құқын қалпына келтіруді талап етіп ҚазССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары А. Закарин мен Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғ.М. Мүсіреповке ақынның таңдамалы шығармаларының жинағын шығаруға ұсыныс жасауды өтінеді. 

Сол құжатты көз алдынан өткізіп отырған Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ғ. Мүсірепов: 

«Бір кезде мен одақта отырғанда Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың мәселелерін қойып, тіпті комиссия да құрғанбыз. Іріктеп алуға жауапты бір редколлегия құрып, түсіндірмелерімен, алғысөздерімен басқымыз келіп еді. Оған тиісті орындар ризашылықтарын да берген. Соны жүзеге асыруға келгенде, баяғы өзіміздің тарапымыздан, жазушылардың тарапынан көлденең тұрушылар көп болды, яғни жазушыларымыздың бір жағы басамыз десе, енді бір жағы құбыжық көріп, қарсы шықты. Сонымен бөгеліп қалған бір жағдай бар…» [38.288], – деп, осы қызметтік хаттардың мән-жайын сұраған профессор Тұрсынбек Кәкішевке айтып беріпті.

Бұл – Мағжан Жұмабаевты ғана емес, жазықсыз жабық ұстап отырған ұлт мүдделі ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығару туралы қоғамдық пікірдің тамырлана бастағанының айғағы еді. Оған 1969 жылы қазан айында ұстазымыз Рымғали Нұрғалиевтың бізге үйінде жасырын оқуға берген Сәйфи Құдаштың Д.А. Қонаевқа жазған хатының ішіндегі: 

«Алғаш рет мен М. Жұмабаев туралы марқұм профессор Е. Исмайыловтан 1964 жылы естіп едім. Оның пайымдауынша, М. Жұмабаев және оның шығармашылығы Абай мен қазіргі совет поэзиясының арасындағы поэзия көпірі болып табылады. Мұндай жоғары бағаны өзінің «Қазақ қызы» атты романына Жұмабаевтың «Айға» (1911) атты өлеңіндегі:

Кең дала, көресің ғой ана жатқан,

Жібектей жасыл шөптер бетін басқан.

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,

Әне, сол анам еді мені тапқан!  –

деген шумақты эпигрф етіп алған Ғ. Ибрагимов баяғыда берген. Профессор Мағжан шығармаларының қайта басылып шығуына бөгет болып отырған өзі білетін екі себепті атады. Бірінші – Мағжанның жеке басына жау болғандар, олар енді не қыларын білмей, ыңғайсыз жағдайда қалып отыр. Олар бір кезде ақынды «әшкерелеп-ақ» баққан еді, ал, енді қазір не істеу керек: әлде, өткендегі   асыра сілтеп айтқан  сөздерінен қайтып, қателіктерін адал ниетпен түзетуі   керек пе,  жоқ, бұрынғысынша қасарысып «өзеуреп,    тізеге салып»,   ақынға берілген ескі бағаларды сол қалпында қалдыруды талап етуі керек пе? Кейбіреулер (ымырасыздар, ырықсыздар) осы екінші жолды таңдап алып, өзінің жеке басының жалған бақ-беделін қазақ әдебиетінің мәртебесінен жоғары қойып отыр... » деген әділ пікірі дәлел.

  Өмір-өзеннің екпінді ағысы заман-жартастың арасына сызат түсірді. Қазақ қоғамында ұлттық рух пен мұраға жаңаша көзқараспен қарайтын қуатты толқын күш алды. Ескі көзқарасты ығыстырып, жаңа леп әкеле бастады. Алдыңғы толқын сияқты советтік жазалау идеологиясының жандайшабына айналмаған, бірақ алды сұрапыл майданнан шыққан, соңы елуінші жылдардағы «қыспақ-қуғынды» басынан кешкен мәдениет министрі І. Омаров, профессорлар Б. Кенжебаев, Х. Махмұдов, Т. Нұртазин, Х. Бекхожин, жазушылар Т. Ахтанов, І. Есенберлин, Ә. Әлімжанов, А. Жовтис, О. Сүлейменов және сол кездегі жас арыстандар Р. Нұрғалиев пен М. Мағауин сияқты, т.б. Мағжанның, жалпы Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеясын әлеуметтің санасына белсенді сіңірушілер болды. 1967 жылы 4 қарашада Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті тарихы кафедрасының меңгерушісі Б. Кенжебаев Мағжан Жұмабаев шығармаларының екі томдығын жарыққа шығару туралы жиналыс өткізді.  Осы мәжілістегі көтерілген мәселелерді және одан кейінгі түрлі шаралар туралы ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев:   

«Бұл орайда Қазақ мемлекеттік университетінің прфессорлары Бейсенбай Кенжебаевтің, Хайролла Махмұдовтың, Темірғали Нұртазиннің әлеуметтік пікір қозғауы арқылы шындыққа жету әрекеттері, Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударып, бастыру арқылы ақиқатты дәлелдемек болған Ілияс Омаров, Иван Шухов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Александр Жовтис қимылдары нәтиже беру орнына бірқатар келеңсіз жағдайлар туғызды. Осы орайда арнайы орындарға, үлкен мансапты қызметкерлерге хат жолдап, тарихи фактілер, әдеби текст күшімен Мағжанды қатарға қоспаққа тырысқан башқұрт ақыны Сәйфи Құдаштың өзі қуғынға ұшырады. Мұны айтасыз, қылмысы жоқтығы айтылып, заңды түрде 1960 жылы ақталғаны туралы шешім шықса да, оны елеген, ескерген кісі жоқ, әлдекімдердің «азаматтық ақталу», «саяси ақталу» деген желеулері тағы да отыз жыл дарынды ақынның жолына үлкен тосқауыл, бөгет болды», – деп баяндайды.

 Бұл бізді де «ұлтшыл-буржуазияшыл» деп «қарғыс таңбасы» басылған ақын-жазушылардың, яғни ұлттық рух киелі иелерінің, соның ішінде Мағжанның өмірі мен шығармашылығына бойлап ұмтылуымызға ынталандырды.  Сол жолда сүйіну де, күйіну де, таңдану да, тітіркену де, жаттың бауырына  тартылу да, жақынға жатбауырлық таныту да болды. 1970 жылы қараша айында Сәбит Мұқановпен университетте өткен кездесуде Сәйфи Құдаштың: 

«Өкінішке орай (шындығын айтсам, таңдана отырып), Сәбит Мұқанов та осы бағытты ұстанып отыр екен. Мұқановтың бұл ұстанымын тұрақты ұстаным деп айту қиын. Ол өзінің «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты кітабында Мағжанның ақындығына жоғары баға береді. «Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ... Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шетпұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кірді. Еуропаның әдебиет түрлерімен қазақ оқушылары Мағжан арқылы толық танысты» (Мақалада: «Абай – ақылдың ақыны. Мағжан – ақынның (сезімнің –? – Т.Ж.) ақыны. Мағжанның ақындығы Абайдың ақындығынан күшті. Біз Мағжаннан үйренуіміз керек», – деп жазылған (Сөзбе-сөз сәйкесетін мұндай сөзді кітаптан кезіктірмедік – Т.Ж.). Осыдан бірнеше жыл бұрын, Қостанайдағы кездесуімізде С. Мұқанов мені және татар ақыны Туфанды Мағжан өлеңдерін жатқа білуімен таң қалдырды. Ол Жұмабаевтың шығармашылығын жоғары бағалайтынына сендірді. Алайда Мағжанның шығармаларының жарық көру мәселесінде, меніңше, ол қарсы сияқты, осы жөніндегі менің жазбаша сауалыма сондай бұлдыр, емексіткен (аллегориялық) (М. Жұмабаевтың бақташысы жоқ деген сияқты) жауап берді. Егер де мен дұрыс түсінсем, онда С. Мұқановтың аллегориясы: қазір оның мұраларын қорғап қалатындай М. Жұмабаевтың күшті және ықпалды қолдаушысы жоқ дегенге саяды. Алайда мен өзімнің досым С. Мұқановтың емеурінін дұрыс түсінбедім деп ойлаймын. Менің ойымша, С. Мұқанов – қазақ әдебиетінің мұралары мен өзінің сүйікті ақыны М. Жұмабаевты қорғай алатындай бедел иесі деп ойлаймын» [11.453-454] деген пікіріне қалай қарайсыз?» деп жазбаша сұрақ жолдап едік.

Алайда жауапсыз қалды. Ал, біздің көкірегімізде жауабы алынбаған бұдан басқа да қаншама сұрақтар қалды десеңізші?!.

4.

Жоғарыдағы мәжілістің қорытындысы 1968 жылы 14 наурызда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросында қаралып, көпшілік арасында қарсы пікір тудырмауы үшін: «М. Жұмабаевтың ақындық мұрасы өзінің идеялық негізі жағынан ұлтшыл-бурзжуазияшыл, контрреволюциядық сипатта» деп атап қана өтті. Осы деректі және бұдан кейін келтірілетін Ә. Әлімжановтың «Литературная газетаға» жолдаған мақаланы айналымға түсірген марқұм ұстазымыз профессор Х. Бекхожиннің Алаш мұраларын зерттеуге дайындағын үш шәкіртінің бірі, Әділғазы Рахымжановтан кейін баулыған түлегі, профессор Зарқын Тайшыбайұлы қазақшаға аударып, ғылыми айналымға түсіргенін және оны біздің еркін пайдалануға еркіміз бар екенін ескерте отырып назарларыңызға ұсынамыз. 

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

Аса дарынды лирик-ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы жас қазақ әдебиетінің дамуына және оны жан-жағынан байытуға орасан зор әсер етті. Ол – қазіргі лириканың бастауында тұрғандардың бірі. Мағжан 14 жасынан өлең жаза бастаған. Он бес жасар ақынның шығармалары революцияның алдындағы жылдары қазақ тілінде шығатын газеттер мен журналдың бәрінде жариялана бастаған. Он тоғыз жасында, 1912 жылы оның өлеңдерінің алғашқы жинағы Қазан қаласында «Шолпан» деген атпен басылып шықты.

Мағжан Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды, Валерий Брюсовтың жәрдемімен және тікелей жетекшілігімен Жоғары көркем әдебиет институтын бітірді. Валерий Брюсов Мағжанды айрықша жақсы көріп, құрмет тұтқан, оны «қазақтың Пушкині» деп таныған. Башқұрт әдебиетінің ақсақалы Сәйфи Құдаш өзінің естеліктерінде («Советтік Башқұртстан» газеті, 1967 жылғы 3 желтоқсан): сонау 1910 жылдары Бейімбет Майлин мен Мағжан Жұмабай «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде-ақ «Садақ» деген қолжазба журнал шығарғанын жазады. 1922 жылдан бастап оның өлеңдері Ташкент, Қазан, Мәскеу, Қызылорда, Омбы қалаларында, журналдар мен газеттерде басылып тұрды. Мағжанның тікелей қатысуымен қазақ, өзбек, түрікмен халықтары әдебиетінің үлгілері жиналып, орысшаға аударылып, шығып жататын. Ол Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде шығыс әдебиетінен дәріс берді, В.И. Лениннің жекелеген мақалаларын қазақ тіліне аударды. Гетенің, Гейненің, Байронның, Лермонтовтың, Пушкиннің, Феттің, Брюсовтың шығармаларын қазақ жұртшылығына кеңінен таныстырды.

Ол туған халқын ғылым-білімге шақырды, өзі де ағартушы ретінде танылды. Мағжанның 1916 жылы жазған «Орамал» деген өлеңінде патша жендеттері әшкереленеді, бұл өлең қазақ көтерілісшілерінің ән-ұранына айналған. Ақынның нәзік, сезімтал, кейде кінәмшіл жаны адамдардың қайғылы халін жүрекпен қабылдайтын. Замандастарының айтуынша, кейде тыным таппай, күйзеліс халін кешкен кезде, оның өлеңдерінен күйректік сарыны сезілетін. Ал, ақын шабыттана шалқығанда қуанышы тасып, өлеңдері күмістей күмбірлеп, серпінді шумақтар ерекше қуатпен төгілетін. Оның көп өлеңдері ән болып таралған, ауыл-ауылда айтылып жүреді, көпшілік оларды халық әніндей қалтқысыз қабылдайды. 

Мағжан Абайды ғана бойына балап, «менің төрешім әрі пірім» деп өзіне ұстаз тұтқан. Шығыс ақындары арасында Максим Горькийдің «Дауылпаз жырын» тұңғыш аударған да Мағжан. Оның поэзиясы, дарыны мен ақындық мәдениеті, өлеңдерінің стильдік, жанрлық, тақырыптық байлығы қазақ ақындарына ғана емес, өз кезіндегі түріктілдес әріптестеріне ерек ықпал етті. Сыншыларымыз оны азаттықтың жыршысы деп бағалады, ал Қазақ университетінің ғалымдары таяуда оның шығармаларын арнайы талқылап, үздік өлеңдерін қайта бастыру туралы шешім қабылдады.

Қырық жастан сәл асқанда мерт болған Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 75 жыл толады. Әнуар Әлімжанов».

Мақала  КазГУ-дегі кафедра жиналысына қатысқан, аудармашы, сол кезде «Лит.газетаның» меншікті тілшілер бөлімінде қызмет істейтін Галина Александровна Ашанинаға жолданған.Мақаланың соңында:

«Галя, өтініп сұраймын. Мағжанның мына өлеңдерінің ең болмаса, біреуін жарыққа шығаруға қолыңнан келгенше көмектесіңізші! Оқырмандар конференциясында өзіңіз де естідіңіз ғой, оны қазақтардың қандай жақсы көретінін. Мұнда [Алматыда] оның шығармалырын орысша «Простор» журналына басуға дайындап жатыр. Егер «Лит.газета» олардан бұрын шығарып жіберсе бар ғой, құдай біледі, үлкен олжа болар еді. Газетіміз тек қазақтардың ғана емес, Татарияның, Өзбекстанның, башқұрт және қырғыз зиялы қауымының құрметіне бұрынғыдан да зор құрметке ие болары сөзсіз. Өйткені, Мағжанды бәрі біледі. [Ә] Тәжібаевтің мақаласын қайта жазып шықтым, ықшамдадым. Ол өзі өңдеп беруден бас тартқан соң. Осы күйінде газетке беруге болады-ау деймін, [бір сөз оқылмады – З.Т.] ақынның монологі ретінде. 

Өзіңіздің Әнуарыңыз (Айы-күні қойылмаған)».

Тағы да Әбділдә Тәжібаев алдыдан шықты. Бұған қарағанда, ол кісінің бойындағы қырағылық сезімін тот баспаған сияқты және Мағжанға қатысты әр сыбысқа құлақ түріп, қалт жібермей қармап отырғанын байқатады. Демек...

Ә. Әлімжановтың тағы да бір түсінігі: 

«Мағжан Жұмабаев туралы мақалаға түсінік: Брюсовтың цитаты, оның Мағжанға жазған хатынан алынды. Бұл хат ақынның жұбайы Жұмабаеваның жеке архивінде сақтаулы. Қалған деректер Қазақстан КП ОК-дағы Мағжанның шығармашылығы туралы материалдармен салыстырылды. Әнуар».

«Литературной газета» басылымының архивінде, осы қағаздармен бірге Мағжан ақынның А. Жовтис аударған «Сүйемін», «Қызыл жалау», «Қысқы жолда», «Көктемде» деген өлеңдерінің мәтіні сақталған. – З.Т.».

Халықаралық беделге ие Әнуар Әлімжанов Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып келген соң өзінің орындалмаған бұл ісін жүзеге асыруға тиісті шаралар қолданған. Хатшы, ақын Олжас Сүлейменов сол кездегі Әдеби қордың директоры, жазушы Ғ. Қабышевке тапсырма беріп, М. Жұмабаевтың жамағаты Зылиха Жұмабаеваның қолындағы қолжазбаларды үш том етіп тасқа бастыртты. 1980 жылы өткен, Д.А.Қонаев қатысқан қаламгерлер құрылтайында ақынның жамағаты З. Жұмабаева Мағжанның жары ретінде Жазушылар одағының табалдырығын  бірінші рет аттады. 

Аса мұңлы жанарлы, бойы талдырмаштау келген, жан-жағына жасқаншақтай қараған асыл әйелдің бейнесі осы күнге дейін көз алдымда. Ұстаздарымыз Хайыржан Бекхожин мен Рымғали Нұрғалиев салып жіберген біздің ақ-қараны айыру жолындағы осынау бір кешуімізді сол жылдары Олжас Омарұлы Сүлейменов те білетін еді. Жастар, соның ішінде Р. Нұрғалиевтің тапсырмасымен «Батыр Баянды» жаттап алған Баянғали Тақанұлы Әлімжанов пен «уақтың ішіндегі ірісі, ірінің ішіндегі уағы» Ерік Асқар Мағжанның өлеңдерін кез-келген орайда жатқа ашық айта бастады. Сөйтіп жүргенде, біздің де майданға шығатын кезегіміз келіп қалды.

Шындығын айтқанда, біз де ішінара дайын едік.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, ғалым, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері