Ұлт тарихы Мұхамеджан Сералин көзімен
25.06.2024 1320

Егемен, еркін мемлекет үшін ең алдымен сана еркіндігі, рух тәуелсіздігі қажет. Ол болмаған жерде ештеңе де болмайды. Құлдық қамытты киген кер заманда қазақтың қай оқығаны болсын қолынан келгенінше еліне азаттық сыйлауды ойлап, шамасынша қызмет қылды. Қазаққа бостандық ауылын жақындатуға күш салған үлкен оқығанның бірі де бірегейі – Мұхамеджан Сералин болатын. Өкініштісі – осы тұлғаның бүгінгі қазақ қоғамында орны мен рөлі, салмағы болмай тұр. Мұхамеджан қазақтың ең алғашқы журналы – «Айқап» басылымын шығарып, қазақ баспасөзінің негізін қалаған еді!


Журналистер күні қарсаңында есімі ұмытыла бастаған алғашқы жорналшыларымыздың көшін бастаған Сералиннің шығармашылығына үңіліп едік. Құлдық санадан айығу үшін осындай азат пікірлі мақалаларды оқуымыз қажет. «Қазақ қай заманда Россияға қосылған?» деген қызықты мақаланы назарларыңызға ұсынамыз. Оқып көріңіз, ұлт тарихын қайраткер, қаламгер М. Сералин көзімен бірге бағамдап өтейік:

«Қазақ қай заманда Россияға қосылған?»

1730 жылдың басында қазаққа, ұлы жүзге Жолбасыр, Орта жүзге Сәмеке, Кіші жүзге Әбілхайыр хан болған.

Россия патшасына бағыну пікірі ең әуелі Кіші жүздің ханы Әбілхайыр ханға түскен. Бұл пікірді жеріне жеткеру үшін Әбілхайыр хан сол уақытта Уфа шәһәрінде воевод болып тұрған Бутурлинге елші жіберген. Бұл елші Уфа шәһәріне 1730 жылы июльде келіп жеткен. Петерборға елші 1731 жылдың басында барып кірген. Бұл елші император ағзамға Әбілхайырдан хат әкеліп еді. Ол хатта Әбілхайыр хан өзінің қол астына қараған еліменен Россия императорының қол астына қарауға көңілі барлығын білдірген. Ол уақытта Россия мемлекетіне император ағзам Анна Ионовна есімді ханша болған.

Бұл елші арқылы Әбілхайыр ханның ордасына Россия хүкіметі тәржіман Махмұт Тәуекелов деген Уфа мырзаларынан біреуді қоса жіберген. Әбілхайыр ханның һәм жұртының жап-жапсарын білмек үшін, Россияға бағынулары шын ықыласпен боса, олардан ант алмақ үшін.

Тәуекелов Әбілхайыр ханның ордасында нақ бір жыл мекен етіп, халықты үгітеп, Россияға қарауға көндірген.

Халық Россияға қарауға риза болған соң, Әбілхайыр хан Тәуекеловпен бірге 1732 жылы декабрьде Петерборға елші жіберген. Елші болып барған адамдар: бірінші ханның Ералы деген баласы, екінші ханның немерелері Нияз сұлтан, үшінші, Кіші жүздің ақсақалдары Тәттімбет менен Бақбақ төлеңгіт, төртінші, Ұлы жүздің ақсақалдары Аралбай һәм Ырыскелді батыр. Бұлар Петербордан көп сый-құрметпенен қайтарылған.

Мемлекетке жаңа қосылған жерлерді қолға мекем қарату үшін, 1734 жылы 14 майда Статский Советник Керилов деген кісі сайланған, оған жәрдем беруге жоғарыда айтылған Тәуекелов тағайындалған. Бұл кісіге ол уақытта полковник дәрежесі берілген екен.

Керилов 1734 жылы, 15 июньде Петербордан шыққан. Серігі Тәуекелов Уфаға келген соң, Керилов бас жұмысы Ор суының жағасына отрядымен келіп, қала салмақ болған. Ел жоқ, жол жоқ, қалың ағаш арасынан азық-түліктің кемшілігін көре-көре, Керимов мың машақатпенен 1734 жылы, 6 августа Ордың Жайыққа құйған сағасына келіп жеткен. 15 августа сол жерге Орынбор қорғанын сала бастаған. 31 августа Орынбор шәһәрін салуға кіріскен. Қазірде ол орында Орыскі шәһәрі қалып, Орынбор ол орнынан төмен халық бойында «Торғай төбе» деген жерге көшіріліп салынған.

Бұл арада Башқұрт арасына бунт шығып, Кериловтың қазақ ісіне қарауға уақыты болмай кеткен. 1737 жылы 14 апрельде Керилов Самарада дүниеден қайтқан.

Керилов орнына Орынбор тарапынан бас хакімдікке 10 майда 1737 жылы шыққан Әмір бойынша тайный советник Татишев сайланған.

Әбілхайыр хан, баласы Ералы һәм ру басылары үшбу Татишев алдында ант бергендер. Бұл уақиға 1738 жылы, 3 августа болған. Келесі күн ру ақсақалдарына ант берген. Ант қағазы мұсылманша жазылған һәм Әбілхайыр хан менен баласы Ералы Сұлтанның мүһрлары (мөрлері – С. Д.) басылған, ру ақсақалдары қодарын қойған.

1738 жылы 3 августа ант берген ру ақсақалдары бұлар:

1) Орта жүз, найман Қонақай батыр Жанкісі баласы;

2) Арғын Қарабалуан Алдияр баласы;

3) Қыпшақ… Төле батыр Ырсымбет баласы;

4) Кіші жүз, алшын, шөмекей-мәмбет Аталға Бұлғақ баласы;

5) Алшын, алаша Байсеу Ботпанай баласы;

6) Алшын, тама Алакөз батыр Сары баласы;

7) Тарақты, тама Қолкелді батыр Жылкелді баласы;

8) Жағалбайлы, Серке батыр Меңгілбек баласы;

9) Алшын, Жадық би Масқар баласы;

10) Алшын, кете Бестібай Ырсай баласы;

11) Алшын, алаша Сейітқұл Сейітмет баласы;

12) Алшын, жалпас Өтетілеу Қасқа баласы;

13) Тарақты, табын Төлебай батыр Жолболды баласы;

14) Тарақты, табын-жаманқұл Қонақай Абат баласы,

15) Жетіру Қаражау Көшкінбай баласы;

16) Орта жүз, арғын, төртуыл Тоқбура би Қарике баласы;

17) Шақшақ Тұрдықұл Қошқар баласы;

18) Найман Айтқұл батыр Қожағұл баласы;

19) Қанжығалы Қажығұл Жәнібек баласы;

20) Шақшақ Бөгенбай Бірқұртқа баласы;

21) Шақшақ Еділбай Аю баласы;

22) Ұзын Қыпшақ Қосымбет Құттық баласы;

23) Саржетім Өмірзақ Алдияр баласы;

24) Алтай, арғын Шағырбай Мырзакелді баласы;

25) Саржетім Шағыр Бөкей баласы; 

26) Шақшақ Жәнібек Ақназар баласы, 4-інші августа;

27) Кіші жүз, Жетіру, Жағайбайлы Тұрлыбай Жұмғорын баласы;

28) Байбақты Жарқын Жарас баласы;

29) Жылқышы, жабын Көбек Қасымбек баласы;

30) Табын Қуат Амандық баласы;

31) Шөмекей Сәрке Боран баласы;

32) Алшын, Жаппас Тоқбай Байбөрі баласы;

33) Орта жүз, найман Жаралған Қожакелді баласы;

34) Шақшақ, арғын Басар Жаманқұл баласы;

35) Еркіншілі найман Кенжебай Алдияр баласы;

36) Кіші жүз, табын , тама, Мәмбеттімай Абат;

37) Кердері Қаққұлы Оразғұл баласы;

38) Табын Сәтбек Жанат баласы;

39) Табын Сатай Жақсыбай баласы;

40) Байбақты Қашаған Ханкелді баласы;

41) Табын Қалыбай Тоқпан баласы;

42) Жағайбалы Жапақ Көкше баласы;

43) Алаша Марқозы Құты баласы;

44) Масқар, Игілік Мамай Аталық баласы;

45) Орта жүз, Шақшақ Жәнібек батыр Қошқар баласы;

46) Бура найман Шөрек би Баянқұдайқұл баласы;

47) Ұзын Қыпшақ Тілеулі батыр Ғабдұлрахман баласы;

48) Қанжығалы Байболат Құлжұмыр баласы;

49) Шақшақ Шалық батыр Тыныбет батыр баласы;

50) Шақшақ Хасан Ұлықұл баласы;

51) Шақшақ, келте Қарабатыр Арслан ата баласы;

52) Бура найман Ораз батыр Қондырай баласы;

53) Терістаңбалы найман Сарықұл Қожакелді батыр баласы;

54) Саржетім Қонышбай Құттыбай баласы;

55) Кіші жүз, тама Қырбас батыр Омар батыр баласы;

56) Орта жүз, қыпшақ Сатай батыр Көбеген баласы!

Мінеки, осы аталарымыз себебінен біздің қазақ халқы Россия императорының қол астына қараған екен. Бұл адамдардың әр біреуінің намалары бұл күнгеше халық арасында ұмтылайды һәм нәсіл кәсіптері де шынжыр қатар болып, бақ-дәулетке бұл күнге шейін ие болып келе жатыр. Бұлардан соң Орта жүз, Ұлы жүздің елдері қайсысылар өз кезегінде Россия қол астына қараған. Біз мұнда қазірге осыменен сөзді доғарайық. Бәлкім, екінші бір уақытта реті келсе, жазармыз. Бұл сөздер Крафт деген ғалымның «Принятие киргизами русского подданства» деген кітабынан алынып жазылды.

Дайындаған, еңбекті ескі жазудан қазіргі қаріпке аударған Жауынбай Жылқыбайұлы