Қазақтың ақбас сиыры қайда?
31.05.2024 1728

Өткен жолы кезінде қазақ елінің мақтанышы болған Дегерес қойының құрудың алдында тұрғанын жазған едік. Бүгінгі тақырыбымыз – қазақтың ақбас сиыры жайлы болмақ. Себебі Дегерес қойы секілді қазақтың мақтанышы болған ақбас сиыры да құрып кетуге сәл қалған. 


2020 жылғы деректерде қазақтың ақбас асыл тұқымды ірі қара малының саны 356,514 мың бас деп көрсетіліпті. Қазіргі таңда аталмыш мал тұқымының саны 423 мыңнан сәл асыпты. Бүгінде елімізде ақбас сиыр өсіретін 17 713 шаруа­шылық бар екен. Олардың дені еліміздің батысы мен шы­ғысында таралған. 

Кейбір дерек көздері 1970 жылдардың ортасында 1 млн 300  мың­ға жеткенін айтады. 1991 жылы Қазақстанда олардың саны 1 млн 500 мың болған. 2000 жылдардан бастап, ақбас сиыр тұ­қы­мы күрт кеміп, құрып кете жаздаған. 

Шаруалардың айтуынша, бұған ел үкіметінің соңғы жылдардағы шетелден асыл тұқымды ірі қара мал импортау деген саясаты себеп болған. Нақты айтар болсақ, мал импортының көбеюі Қазақстандағы өсіріліп жатқан басқа тұқымдардың дамуына кері әсерін тигізді. Осының салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан кейбір мал түрлері мүлдем құрып кетуге шақ қалды. 

Расын айтсақ, сол кездегі атқамінерлер түсініксіздеу саясат жүргізді. Еліміздің ет әлеуетін көтереміз деген желеумен ғасырлар бойы қалыптасқан асыл тұқым түрлерін ысырып қойып, шетелден миллиардтаған қаржыға мал әкелді. Бірақ ол жоба да аяқсыз қалды. Есесіне еліміздегі асыл тұқымды мал саны күрт азайып, таңдап ет жеп отырған қазақ даласы айналасы бірер жылдың ішінде импортқа қарап қалды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан 2020 жылы шетелге 9 мың тоннадан астам сиыр етін сатыпты. Ең қызығы соған сәйкес, 2020 жылы 24 мыңға жуық тонна ірі қара етін сатып алған. 

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Айбын Төреханов өзінің бір мақаласында «Ефим Лискун, Анна Ланина секілді мал шаруашылығы саласындағы ғалымдардың көптеген зерттеуінде жайылымда өскен қазақы сиырдың еті Ресейдің базарларында жоғары бағаланғаны жазылған. Ресей патшалығы кезінде ұлан-байтақ жайылымдарда өскен қазақ сиырының және Украинаның көк сиырының еттері "черкес еті" деген атпен танылады. ХIX ғасырда патшалық Ресейдің базарлары қазақ даласында өскен сиыр етімен қамтамасыз етіліп отырғаны жөнінде деректер көп. А.Добромыслов 1895 жылы Торғай өңірінде 1 адамға шаққанда 12,36 бас сиырдан өсірілгенін келтірсе, В.Бенкевич 1879 жылы 1 шаңыраққа шаққанда 57 бас сиырдан келетінін хабарлаған. Олардың бәрінің деректері Қазақ елінің Ресейді етпен қамтамасыз етудің негізгі көздерінің бірі болғанын дәлелдейді» деп жазады. 

Автордың жазуынша, ақбас сиыр шаруашылығы 13 облыстың 68 ауданын қамтыған. «Будандастыру жұмыстары жүргізілген шаруашылықтар Қазақстан жерінің 48% аумағын алып жатты. Деректерге сүйенсек, Қазақстан аумағында етті бағыттағы сапасы бекіген, тектік қасиеті тұрақталған мал тобын – жеке дара жаңа тұқымды апробациялауға қол жеткізілді. Осылайша, 1950 жылы КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қазақтың ақбас сиыры» атты жаңа тұқым бекітілді. Бұл үлкен жетістік, мақтаныш еді», – дейді А.Төреханов.

Ең сорақысы,  бүгінгі таңда қазақтың ақ бас сиырын шаруалар Ресейдің Алтай өңірінен тасып жатқанға ұқсайды. Ғаламтордан ақбас сиыр туралы дерек іздеп отырып, «Шығысқазақстандық «Қажымұқан» шаруа қожалығының басшысы Жәлел Қажымұқанұлы Ресейден 100 "қазақтың ақбас сиырын" сатып әкеліпті деген ақпаратқа тап болдық. 

Кезінде Парламент депутаттары Үкіметке «Қазақтың ақбас сиыры» деген жеке бағдарлама қабылдауды ұсынып, хат жазған екен. Алайда бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау таппаған.  

Бри­тан­дық герефорд бұқасы мен қалмақтың ірі қарасын будандастыру арқылы алынған қазақтың ақ бас сиыры – әлемдік бренд ретінде танылуға даяр тұрған байлығы екені даусыз. Алайда, әзірше оған ондай мүмкіндік болмай отыр. 

 Жетілген бұ­қасы орта есеппен 800-900 келі, сиыры 450-500 келі тартатын ақ бас сиырдың тарихы өткен ғасырдың ортасынан басталады. 

«Қазақстанның ауылшаруашылығы журналының» 1966 жылғы №7 санында жарияланған бір зерттеу мақалада  (Авторы ретінде Асыл тұқымды мал заводының директоры, Социалистік Еңбек Ері Б. Бай және ауыл шаруашылық ғылымының кандидаттары Б. Мусин, А. Яковлев деп көрсетілген. Мақала «Қазақтың ақбас сиырының сапасын жетілдіре түсейік» деп аталады) қазақтың ақбас сиырын Асыл тұқымды мал өciретін Балкашын заводының мамандары мен Қазақ мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының қызметкерлерімен бірлесе отырып, өсіргені айтылады.

«1965 жылғы бонитировкалаудың нәтижесіне карағанда, жағдайдың өте-мете колайсыз болуына қарамастан, бір рет бұзаулаған сиыр 435,1 килограмм, екінші рет бұзаулаған сиыр 456,1, үш рет және одан да көп бұзаулаған сиыр 537,7 килограмм салмақ тартқан. Барлық сиырдың 21 проценті элита рекорд, 33,9 проценті элита, 28,5 проценті 1 класка, тек 16,6 проценті ІІ класка жаткызылған. 

Асыл тұқымды мал өсіретін заводтың мақсат-мүддесі асыл тұмқыды малдан жоғары сапалы төл алып, оны аман өсіріп жетілдіруге бағышталған. Малдың тұкымдық және өнімділік қасиетін жетілдіріп жақсарту арқылы, яғни малдың тірілей салмағын арттырып және оның етті, тез өсіп жетілетін түрін өсіруге және ересек малды сапалы азықтандырып, дұрыс жайып бағудың арқасында тұқымдық төл өсіруді мықтап қолға алу керек», - делінген зерттеу мақалада.

Сондай-ақ мақалада асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықта асыл тұқымды бұқалар өсіруге баса назар аударылып отырғаны жазылады. Әрі бұл бұл бұқалардын дені колхоз бен совхоздарға және тұкыммал станциялары мен малды қолдан ұрықтандыратын станцияларға сатылатыны сөз етіледі. 

«Ол (асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық – автор) жылына асыл тұкымды 250-300 бұқа сатады. Бұқалардын сапасы жылма-жыл жақсара түсуде. Мысалы, 1960 жылы сатылған 290 бұқаның 46-сы (16 проценті) элита-рекорд класына жатқызылса, 1965 жылы мұндай бұқалардың саны 1159 (46 процент) жеткен. Соңғы алты жылдың ішінде завод сатқан 1533 асыл тұқымды бұқаның 1494-нің сапасы V кластан жоғары болған. Осының арқасында завод жыл сайын 90-100 мың сом таза пайда тауып отырған, яғни әрбір бұка 330-340 сомнан пайда түсірген», - делінген.

Қазақтың ақбас сиыры етті көп беретін тұқым. Сондықтан оның асыл тұқымды бұқаларының осы тұрғыдан алғанда сапасын зерттеу мақсатында сол кездің өзінде шаруашылық тәжірибелер жасалып отырыпты. 

Мәселен аталмыш мақалада Август және Искот деген екі бұқаның ұрпақтарына қатысты талдау қорытындысы берілген. Яғни екеуінің ұрпақтары сегіз айлығынан 15 айға дейін бордақыға қойылып, әрқайсысын жемдеуге жұмсалған шығынның өтелуі, 15 айдан кейінгі тірілей салмағы және сойылғаннан соңғы ұшасы мен етінің майлылығы салыстырылған:

Екі бұқаның ұрпағын (әрқайсысынан 10 төлден) енесінен айырығанға дейін тұқымы, жасы, тірілей салмағы және дене тұрқы бірдей сиырлар емізді. Енесінен айырғаннан кейін (8 айдан сон) де бұлардың бағым- күтімі бірдей болды. Мал қолға қараған бес айдың ішінде оларға малға берілетін

сол аймақтығы рацион белгіленіп, жазда екі ай жайылымда бағылды. Бүл кезде, былтыр жайылым оты нашар болғандықтан, олар жеммен үстеп азықтандырылып отырды.

Тәжірибе жасалған уақыттың ішінде әрбір төлге (Август деген бұқаның ұрпағы) 730 килограмм жем, 240 килограмм пішен, 2292 килограмм жүгері сүрлемі және 809 килограмм жайылым шебі небәрі 1440,8 жемшел өлшемі және 154,9 килограмм сіңімді протеин берілген. Екінші бұқаның ұрпағына Искот деген) тиесінше 730-229, 4-2122- 848-1415 және 153,7 килограмнан келген. Малдың рационындағы жемнің үлес салмағы 53,9- 55,6 процент, сулы азық 3,45-3,53 және сояу шөп 9,9-10,8 процент болған.

Екі бұкадан өрбіген ұрпақтардың тірілей салмағы ауыр. Алайда, Искот ұрпағы тәулігіне көбірек ауырлап отырған. 15 айлығында тірілей салмағын салыстырганда Искот ұрпағы элита-рекордка, Август бұқасының ұрпағы элитага жатады. Искоттың ұрпағына бір килограмм салмақ қостыруға 7 жемшөп өлшемі, Август бұқасының ұрлағына 7,56 жемшөп өлшемі жұмсалған. 15 ай толғанда әрбір бү каның үш-үштен ұрпағы етке сойылып, қалғандары колхоздар мен совхоздарға сатылды. Искот ұрпағының ұшасы орта есеппен 235,7 килограмм, Август бұқасының ұрпағыныкі 211,3 килограмм тартты. Екеуін қосып есептегенде орта есеппен 223,5 килограмнан айналған. Искот ұрпағының ұшасы элита-рекорд, ал Август бұқасының ұрпағыныкі элита класына жатқызылған.

Алғашқысының ұшасында 17,6 процент сүйек, 68,8 процент ет және 2,4 процент сіңір болған, ал Август бұқасының ұрпағыныкі тиісінше 18,7, 67,3 және 2,9 проценттен айналыпты. 

Демек, қазақтың ақбас сиырының асыл тұқымды бұқалары 15 айлығында-ақ тірілей салмағы ауыр және ұшасының еті де көп болады» деген қорытынды жасалған.

Төмендегі таблицада өрбіген ұрпақтарының көрсеткіштері бойынша аталған бұқалардың тұкымдық сапасы келтірілген:

«Сөйтіп, балына қарай ажыратканда да Август бұқасының ұрпағы элита класына, Искот бұқасыныкі элита-рекорд класына жатқызылды.

Ұрпағының өнімділігіне қарай бұқаларды класқа ажырата отырып, олардың ата-тегінің қасие-тін білумен бірге тұқым қуалауын анықтауға болады. Осының арқасында тұқыммал жұмысын жақсартуға, сондай-ақ тірілей салмағы ауыр және етті көп беретін, тез өсіп-жетіліп, жемшөп шығынын 

өтейтін мал дың жаңа бір түрін өсіруге жағдай туады. 

Қазақтың ақбас сиырының өнімділігін және тұқымдық сапасын бұдан былайда жетілдіріп жақсарта түсу үшін ұрпағының өнімділігіне қарай бұқаларды сынап тәжірибе жүргізетін аймақтық станциялар құрып, сиырды қолмен ұрықтандыруды республика колхоздары мен совхоздарында кеңінен тарату керек», - деп аяқталған зерттеу мақала. 

«Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналы 1936 жылдан бастап жарық көре бастаған. Бұл журнал қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет шығып тұрды. Әрине о бастағы атауы да басқаша болды.  1936-1937 жылдары аралығында «Колхозды Қазақстан», 1938-1951 жылдары ішінде «Қазақстанның колхоз-совхоздары» деп өзгертілді. 1951-ден 53-ке дейін «Қазақстанның социалистік мал шаруашылығы» деп шыққаны бар.  1953-нші жылдан бастап «Қазақстан ауыл шаруашылығы» деген атпен жарық көре бастады. Журнал 1990 жылдың аяғында жабылды. Аталмыш журналда қазақ даласындағы ауыл шаруашылығындағы қолданысқа еніп жатқан озық тәжірибелер, ғылымға еніп жатқан соңғы жаңалықтар жәні оларды  өндіріске енгізу, сондай-ақ ғалымдардың ашқан жаңалықтары мен ғылым жетістіктері жазылып тұрды. Егіншілік пен бау-бақша мәселесі де көтеріліп тұрған.