«Контрреволюционер» Нұртаза
31.05.2024 1043

31 мамыр Қазақстанда көп отбасы үшін тек көктемінің соңғы күні емес, сонымен қатар саяси куғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Біздің әулет үшін де бұл күн сондай мәнге ие. 


Осы күн қарсаңында 20 жыл бұрын Құсмұрын колониясында қамауда болғанымда Самиға тәтем айтып бергенге және бала кезімде әжемнен естігенге, биыл архивтен тапқан құжаттарға сүйеніп Сталин режимі құрбаны – нағашы атам Нұртаза Түменұлы туралы әңгімелеп бергенді жөн көрдім. 

Қостанайдың Әүлиекөліндегі Құсмұрын бекінісін бір жағынан қазақ тарихында орны елеулі және Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған жер ретінде білеміз. Ал, екінші жағынан бұл жер адамның хақы мен ар-ожданын аяусыз аяққа таптайтын, Сталин заманынан бері зорлық-зомбылықтың ордасына айналған «Кушмурунская колония» арқылы белгілі. Маңдайыма сол «қызыл» режимдегі зонаны өз көзіммен көруді жазған екен. Өздеріңізге мәлім, 2002 жылы Назарбаев билігі мені «Павлодар облысы әкімі қызметін асыра пайдаланды» деген жаламен 7 жылға соттаған болатын. Адам құқықтарын қорғайтын қазақстандық және халықаралық ұйымдар, демократиялық елдердің өкіметтері соттың әділетіз екенін айтып, мені саяси тұтқын деп тапқанын айта кеткен жөн болар. 

Содан 2004 жылы шешемнің жалғыз сіңілісі Самиға тәтем хәл жағдайымды білуге атышулы колонияға келген. Сол қысқа кездесуде (краткосрочное свидание) «режимниктер» тәтем екеуімізді 7-8 метр қашықтыққа отырғызып қойып, бір-бірімізді құшақтауға да рұқсат бермей психологиялық қорлықтың тағы бір түрін көрсеткен еді. Жасы 70-ке тақап қалған тәтемнің дауысы темір тордың бергі жағындағы маған, менің сөйлегенім оған анық естілмей, әбден қиналғанбыз. Сол кезде Самиға тәтем офицерлерге айқайлап, көзіне жас алып «Тіпті Сталин кезінде осындайда әкемді құшақтауға рұқсат беретін, Назарбаев Сталиннен де асып түсті ғой» –, деп өз әкесі, яғни менің нағашы атам Нұртаза туралы әңгімесін айтып бергенді. 

1949 жылы ол кісі Өскемендегі НКВД-МГБ-ға қарасты түрмеде отырған екен. Самиға тәтемнің бала кезі. Әкесіне ас-суын қаладан 20-30 шақырым жердегі Қанай ауылынан тасиды екен. Сол түрмедегі қысқа кездесудің бірі ол кісінің есінде мәңгі қалыпты. «Әкемді подвалдан алып шыққанда бет-аузы толықсыған боп көрінді басында. Алайда, қолымды ұстап, басымнан сипап отырып, «мыналар мені ұрып-соғып, сау жерімді қалдырмай, әбден қинап жіберді ғой» - деген сырын ашты ол маған. Әкем жүдемеген десем, бет-аузының бәрі сол азаптаудан қалған ісік екен» - деп, тұжырымдады тәтем. Нұртаза атама сол жолы 10 жыл кесіпті... 

1954 жылы Сталин өлген соң жазықсыз сотталған басқа саяси қуғын-сүргін құрбандарымен қатар босап шыққан. Самиға тәтем сол кездегі тағы бір қызық оқиғаны айтып берген. Сталин өлген күні басқалар тәрізді ол үйге жылап келсе, әжеміз оған «Бұл қанішер кесірінен қанша үй қара жамылды, әкеңді қамады, бәрімізді азапқа ұшыратты. Несіне жылайсың? Тоқтат көз жасыңды!» деп ұрысқан екен. 

Атамызды не үшін қамағанын сұрағанымда тәтем «халық жауы», «байдың тұқымы» атанып сотталды, итжеккенге айдалды деп жауап берген. Басқа деректерді нақты білмейтін. Жоғарыда айтқандай, бұл әңгімені оқиғаға 50 жыл толғанда, яғни 2004 жылы Құсмырын түрмесінде отырғанымда естігенмін. 

Араға 20 жыл салып, жуықта Самиға тәтені ертіп, Алматыдағы Достық-Сәтбаев қиылысында орналасқан президенттік архивтегі материалдарды көруге бардық. ҚР президентінің жарлығымен «құпия» статусы жойылған біршама НКВД, КГБ құжаттарын көре алдық. Десе де әлі күнге дейін көптегені жабылу түрде тұр екен. Құпия еместерінен копия жасап, тағы бірін қолмен көшіріп, хатқа түсіріп алдым. 

Осы құжаттардан білгеніміз – Түменұлы Нұртаза 1890 жылы туыпты. Бұрынғы бай, дүние мүлкі конфискацияланған, 3 рет сотталған делінген. Бірінші жолы 1929 жылы ауылшаруашылығы өнімі бойынша өкіметтің тапсырысын орындамаған үшін екі жылға, ал екінші рет 1931 жылы атышулы 58-ші баппен, яғни «антисоветская деятельность» үшін үш жылға сотталыпты. Алдында айтылғандай, ол үшінші жолы сол баяғы 58-ші баптың 10-шы тармағымен он жылға сотталыпты. Атамызды соңғы рет қамағанда толтырылған құжаттардан мынадай мәліметті көшіріп алдым: 

Туменов Муртаза проводил среди населения антисоветскую агитацию, направленную на восхваление старой дореволюционной жизни и опошление советской действительности. Одновременно распростронял провокационные слухи о якобы предстоящей войне между СССР и капиталистическими государствами и неизбежном поражении СССР. 

«Арест утвердил» начальник МГБ (КГБ – Ғ.Ж.) Уханин. 

«Арест санкционировал» прокурор Андреев. 18 января 1949 года. 

Нұртаза ата алғаш сотталғанда нағашы апам Қанипа тірі қалған екі қызымен (үлкені – менің анам Рәзия, екіншісі – Самиға) бүкіл қиыншылықпен бетпе-бет қалып, талай бейнет көріп, тағдырдың тауқыметін тартқан екен. Апамның көзін көрдім, әңгімесін тыңдап өстім. Өткен өмірі жайлы айтқан кезде маған бәрі аңыздай көрінетін. Мәселен, апамның айтуынша, Найман ішіндегі Терістаңбалы Жәнібек руынан тарайтын Түмен атаның жылқылары көп болғаны соншалық малды суарған кезде таулардан аққан бұлақтар тартылып қалады екен. Байларға қарсы саяси террор басталған кезде Түмен атамыздың ұрпақтары да конфискация науқанының құрбаны болған. Әжем ол кезде жас келін. Кәмпескелеуге келгендер оның шашын жұлып тұрып күміс шолпысы мен шашбауын, қолын қайырып білезіктеріне дейін тартып алған. Осылайша нағашы апамыз екі баласымен далада қалған. Нұртаза ата ірі денелі, бойы ұзын, қайратты, білекті кісі болған екен. Бір жолында оны түрмеге жазықсыздан жазықсыз қамау үшін НКВД жендеттері арбаға отырғызып алып бара жатқанда атам қолы байлаулы болғанына қарамастан оларды қағып салып, амалын тауып қашып шыққаны бар екен. Содан тауларды паналап, түнделеп келіп отбасын асыраған кез де болған екен. 

Тоталитар режимнің әулетімізге жасаған қиянаты тек Нұртаза атамды азаптаумен шектелмегені анық. Саяси қуғындаудан туған қорқыныш пен үрейдің елесі менің анамды да үнемі мазалайтын. Бастауыш сыныпта оқитын кезден тағы бір оқиға есімде қалыпты. Бұрыңғы заман туралы әжем әңгімелеген кезде анам «Апа, балаға әр нәрсені айта бермеңіз. Ертең мектепке барып, осыңызды қайталап берсе, басымызға бәле келер» дегені бар... 

Нұртаза ата 1963 жылы, мен туғаннан алты айдан соң дүние салған. 1993 жылы Қазақстан президенті жарлығымен реаблитацияланған кісілердің тізіміне кірген екен. Тек 2024 жылы ғана нақты деректерге қол жеткіздік. 

Өз басыма қатысты айтар болсам, 2006 жылы Екібастұз қаласы соты шешімімен шартты түрде босап шыққам. Ол жағы оқырмандарға белгілі. Былтыр жазғанымдай, 20 жыл бұрын маған қарсы советтік КГБ мұрагері – КНБ қозғаған оннан астам қылмыстық іс қылмыс құрамы болмауына байланысты жабылған. Содан өзімді ақтау жұмысын қолға алмақ болғанымда Павлодар сотының мені 7 жылға соттау туралы шешіміне қатысты құжаттар архивте болмай шықты. Себебі, Назарбаевтың кетер алдында осындай істердің құжаттарын өртеп, ресми түрде көзін жойып тастаған екен. 

Қазір архивте 70, тіпті 100 жыл бұрынғы ленин-сталин заманындағы құжаттар сақтаулы тұр. Ал жиырма жыл алдында ғана болған саяси тұтқындарға қатысты құжаттар не ұшты күйлі жоғалып, не әлдеқашан күл болып кеткен. Өз қылмысының ізін жасыру жағынан да, Самиға тәте айтқандай, Назарбаевтың көк режимі Сталиннің қызыл режимінен де асып түсіп тұрғандай.

P.S. Марқұм болған барлық саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының жатқан жері жайлы, рухы шат болсын. Қазір әділетсіз жүйенің құрбаны болып, қамауда отырған саяси тұтқын азаматтарымыздың тезірек босап шығуына тілектеспін.

 

Мемлекет қайраткері Ғалымжан Жақиянов