Мұстафа Тынышбаев: өткір әзілі үшін қуғындалған ұстаз
28.05.2024 1286

Мұстафа Темешұлы Тынышбаев 1912 жылы дүниеге келген. Қазан қаласындағы В.И. Ленин атындағы университетті тәмәмдаған, жоғары білімді тарихшы-ұстаз. 1939–1941 жылдары Шортанды ауданында мектеп директоры қызметін атқарып жүрген кезінде коммунистік партияға кандидаттыққа қабылданған, карточка №1293326. Тарихшы-ұстаз Мұстафа Темешұлы 1937 жылдан тергеу, түрме, лагерь азабын тартып, үздіксіз қуғын-сүргін көрген. 


Мұстафа Тынышбаевты НКВД органдары 1937 жылдың 10 наурызында тұтқындап, 58 ст. УК барлық баптары бойынша айып тағады. М.Тынышбаевқа қырсық болып жабысқан, оның достары мен пікірлестері ортасында айтқан мынадай өткір әзілі:

 «1933 жылы И.Сталиннің түсіне В.Ленин кіріп, одан халықтың, әсіресе бұрын артта қалған қазақ және басқа да халықтардың жағдайын сұрайды. Сталин: «бәрі жақсы, халық менің соңымнан еріп келеді, оның ішінде қазақтар да бар» - деп жауап береді. В.Ленин оған күдіктене қарап: «Білмеймін, сенің соңыңнан еруі екі талай-ау, олардың бәрі менің артымнан келіп тұр. Олар дауыстап: мен өлген соң жағдайлары күрт нашарлағанын, сондықтан маған келгенін айтуда дейді». Бұл әзіл тиісті органдарға жетіп, Мұстафаның басқан ізі, айтқан сөзі аңдуда болады. 

Осы тұста «Большевик» журналында Карл Бернгардович Радек туралы мақала жарияланады. М.Тынышбаевтың арнайы органдар жұмсаған «достары», одан К.Радек жөнінде сұрастыра бастайды. Ойында еш күмән жоқ М.Тынышбаев, К.Радектің биографиясын, ол Германияда түрмеде отырғанда В.Лениннің құтқарғанын, В.Лениннің К.Радекті жоғары бағалағанын айтады. Бұл деректер  К.Радектің В.Ленин өлген соң жазған естелігінде жазылғанын, соған сүйеніп айтып отырғанын да ескертеді. 

 М.Тынышбаев тергеу органдарына берген жауабында: 1933-1936 жылдары Қазақстан Орталық Атқару комитетінде қызмет етіп жүрген кезінде ел ішін аралап, халықтың басына түскен ауыр ахуалды көзімен көргенін, бар малды колхозға біріктіріп, отырықшыландыру қарқынды жүргізілген кезде, елдегі жағдайға алаң бола бастағанын, қазақтарды жайлаған аштық, мәжбүрлі елден ауу (откочевка) туралы түгел айтады. Жоғарыдағы әзілі де халықтың басына қайғы-қасірет бұлты үйірілген осы кезеңде шыққанын, елдегі ауыр ахуалды достары мен пікірлестеріне айтып, халықты тығырықтан шығару жолдарын іздестіргенін де жасырмаған. 

М.Тынышбаев тергеуде 8 ай болып, күш-қуаты таусылып, қалжыраған шағында айыптау қорытындысына еріксіз қол қойған. Ол өзінің Алаш партиясына «мүше болғанын» да мойындауына тура келген. Ал, шындығына келсек 1912 жылы туған Мұстафа Алаш партиясы құрылғанда 5-6 жастағы бала болатын. Қолдан жасалған қуғындаулар нәтижесесінде бұзақы іс-әрекеті және саяси сауатсыздығы үшін М.Тынышбаев 25 жылға сотталып кете барды. 

 Мұстафа Тынышбаев негізсіз айыптаулар туралы М.И. Калининге арыз-хат жазып, КСРО Жоғарғы соты анықтамасымен 1939 жылы ақталды. 

Түрмеден босап шығып Солтүстік Қазақстан облысына келді. Ол алдымен комсомол қатарына қабылданды, кейін Петропавловск қалалық партия комитеті оны партиға кандидаттыққа өткізді. 1940 жылы Новокубан орта мектебіне директор болып тағайындалды. Осы қызметте жүрген кезінде «өткендегі өткір әзілі» үшін тағы жауапқа тартылды. Бес ай тергеуден кейін, 58-10 ст. УК айыптайтын «жаңа материалдар табылып» Ақмолада 3 рет сот өтті, 3 рет қайта қарауға жіберілді, төртінші сотта «қылмысы дәлелденді». 1942 жылы 17 қаңтарда кеңеске қарсы әзіл (анекдот) таратқаны үшін Ақмола облыстық және ҚазССР Жоғарғы соты (ст. 58-10 УК) оны 10 жылға бас бостандығынан айырды.

  1941 жылдың 29 қыркүйегінде Шортанды аудандық партия комитеті, 1942 жылдың 18 қарашасында Ақмола облыстық партия комитеті партияға жат әрекеті және саяси сауатсыздығы үшін оны партияға кандидаттықтан шығарды. 

Мұстафа М.И. Калининге тағы да арыз-хат жазып, оны Жезқазған лагері арқылы жолдады. КСРО Жоғарғы соты оның ісін қайта қарап, жазықсыз деп таныды. М.Тынышбаев құжаттарын алып, енді шыққалы тұрғанда, тағы бір «кінәсі» анықталып, Жезқазған лагеріне қайтарылды. Бұл жолы: «Жезқазған лагерінде көтеріліс жасап, Индияға қашпақ болғаны»  үшін 58 ст. УК барлық баптары бойынша айып тағылды. 

Тарихшы-ұстаз Мұстафа: «картаға қарасаңдаршы, Индия қайда, біз қайда?» деп ақиқатқа үңілуді сұрағанымен, оған құлақ асқан адам болмады. Қарағанды облыстық сотының көшпелі сессиясы оны – ату жазасына бұйырды.

М.Тынышбаев Кенгір изоляторында 92 күн жазаның орындалуын күтіп отырды. «Ату жазасы не үшін беріледі?», «Қандай кінәсы болу керек?» және т.б. сауалдарға жауап іздеп, ойға берілді. М.И. Калининге арыз жазу мүмкін емес, сондықтан кассациялық шағым түсіру қажет деген шешімге келді. Кенгір изоляторында да оны ұрып-соғып, әбден азаптады. Соның салдарынан ол сөйлеу қабілетінен айрылып, ұзақ уақыт үнсіз жатты. 

Жоғарғы сот ату жазасы үкімін жойып, жаңа тергеу ісін бастады. Ол іс лагерь сотында жүргізілді. Сот өзін бала кезінен жақсы танитын Ешмұратов деген азамат екен. Оны бірден таныған М.Тынышбаев: «Ешмұратов мені ғана емес, әкемді де таниды. Ешмұратов болыстық партия комитетін басқарған кезде, мен комсомолды басқардым, сондықтан да оның сот ісін жүргізуіне қарсымын» деп арыз түсірді. Оның арызы қабылданбай, істі Ешмұратовтың өзі жүргізетіні жөнінде шешім шықты. 

Сот порцессі үш күнге созылып, 21 «куәгер»  сөз сөйледі. Алайда, «куәгерлердің» айтқан сөздері дәлелсіз деп танылып, М.Тынышбаев ақталып шықты. Соттың М. Тынышбаевты ақтаған шешімі болғанымен бостандыққа шығарылмады, 26 күн изоляторда отырды. 1942 жылдың 12 ақпаны күні түнде Мұстафаны арнайы колона Қарсақпайға алып келіп, кезекші военкоматқа тапсырды. 

М. Тынышбаев арнайы медициналық комиссия құрмай-ақ, өзін бірден соғыс майданына жөнелтуді өтініп военкомға рапорт жазды. Оның бұл өтініші қанағаттандырылып, ол соғысқа аттанады. 

Мұстафа Тынышбаевтың айтуынша, ол 1942-1945 жылдар аралығында соғыс майданында болып, 4 рет жарақат алған. 103 полк командирлері майор Колихов, полковник Некулин ерлік істері үшін Мұстафа Тынышбаевты әскери Қызыл ту, Отан соғысы ордендеріне және де Ленин орденіне бірнеше мәрте ұсынса да марапаттау жөнінде ешқандай хабар болмаған. 

Мұстафа Тынышбаев соғыс аяқталған соң, туған еліне келіп, Көкшетау қаласындағы облыстық оқу бөлімінде инспектор қызметіне орналасты. Өзінің қалған ғұмырын еліне арнауды мақсат еткен ол, партияда болған жылдарын қалпына келтіруді өтініп, И.Сталинге хат жазды. БК(б)П Орталық Комитетінен «партияда болған жылдарын қалпына келтіру» жалпыға ортақ тәртіп негізінде жүзеге асырылады деген жауап алды. 

Мұстафа Тынышбаев «партияда болған жылдарын қалпына келтіру» жөнінде бастауыш партия комитетіне өтініш жазған еді, оны қалалық партия комитеті қабылдамады. Білім беру саласында тұрақты жұмыс істеуі де қиындап, қуғындау қайта басталды. 

Облыстық білім беру бөлімі оны Щучинскдегі орта мектепте ауыстырды. Жоғарғы Кеңеске сайлауға дайындық жұмыстары жүріп жатқан кезеңде, Көкшетау облыстық партия комитетінің бұрынғы хатшысы Купаев депутаттыққа кандидатқа ұсынылған болатын. Мұстафа Тынышбаев ол туралы баспасөзге «Чуткий руководитель» деген мақала жариялады. Арада бес күн өткенде МГБ (Минисерство госбезопасности) шақырып, мақаладағы: «1942 год. Осень. На улицах Акмолинска грязь. Дни пасмурные. Пасмурно было в душе моей» деген жолдарға түсінік беруін талап етті. 

Мақалада айтылған жолдарға түсінік беріп, мән-жайды айтқан соң, тыныштық орнағандай болған еді. Ол да ұзаққа бармады, оқу жылының ортасында ол жұмысынан босатылып, орнына педучилище бітірген Алғауытов деген келді. Ол: «Мұстафа Тынышбаев тарих пәнінен оқушыларға сабақты дұрыс бермеген» деп, осы пікірін дәлелдемек болып әлектенді. Бірақ, Алғауытовтың ол әрекетінен нәтиже шықпады. 

Келесі жаңа оқу жылы Мұстафа Тынышбаев Ақмола облысының Степняк қаласындағы Абай орта мектебіне директор болып орналасты. Бұл жерде де оқу жылының ортасында Мұстафа Тынышбаевты жауапқа тартты. Бұл жолы саяси айып тағу мүмкін болмады. Шаруашылық жұмысынан олқылық тапты. Степняк қаласының халық соты оған 10 жыл жаза кесті. Лагерьге келген соң Маленковқа хат жазып, өзінің кінәсіз екенін айтып, араша сұрады. Тергеу ісі тексеріліп жазаның күші жойылды. Мұстафа Тынышбаевты тұтқындау кезінде одан ғылыми және саяси білім беру қоғамына мүше болғанын, Қазан университетін бітіргенін анықтайтын құжаттар алынған еді. «Жоғалды» деген сылтаумен аталған құжаттарды қайтармады. 

«Жоғалған» құжаттарды қалпына келтіру де оған оңай болмады. Қазан қаласына хат жазып еді, университеттің Мұстафа Тынышбаев оқыған кеңес құрылысы мен құқығы факультеті Алматы және Свердловск қалаларына ауыстырылды деген жауап алды. Ал,  Алматы және Свердловск қалаларындағы оқу орындарында Мұстафа Тынышбаевтың оқығанын дәлелдейтін құжат болмай шықты. Алматыға барып, Қазақ КСР Ағарту министрі Әбдіхамит Сембаевтың қабылдауына жазылып, «жоғалған» құжаттардың мән жайын баяндап, көмек сұрады. Министр Мұстафа Тынышбаевтың директорлық лауазымын және бүкіл педагогикалық еңбек өтілін қалпына келтіру жөнінде арнайы бұйрық шығарды. Ақмола облыстық халыққа білім беру бөлімі министрдің бұйрығына сәйкес Мұстафа Тынышбаевты Қорғалжын орта мектебіне директор етіп тағайындады. 

Наурыз айында мектеп партия ұйымы жиналысы Мұстафа Тынышбаев туралы тағы мәселе көтерді. Бұл жолы кейбір коммунистер оған жасалып отырған негізсіз айыптауларға қарсылық білдіріп: «Мұстафа Тынышбаевтың өткен жолын білмейміз, сондықтан оны қозғаудың қажеті жоқ» деген пікір айтты. Алайда, ол орнынан алынып, директорлық лауазымға мұғалімдер дайындайтын институттың сыртқы бөліміне жаңадан түсіп, 1 курста оқитын Рамазанова деген адам тағайындалды. 

Жыл сайын қызметін, отбасымен бірге қонысын ауыстырып әбден шаршаған Мұстафа Тынышбаев мектептен кетіп, Совхоздар министрлігінің Зооветтехникумына оқытушы болып орналасты. Бұл жерде де оған маза болмады. 1955 жылы техникумның партия ұйымына келген Д. Жолнина деген, бірнеше коммунистің қолдауымен оны жұмысынан босату туралы шешім қабылдады. Мұстафа Тынышбаев Зооветтехникум директоры бұйрығымен тағы да жұмыстан босатылды. 

Отбасымен Қарағанды қаласына қоныс аударып, жаңа оқу жылының басында осындағы 69 орта мектепке  мұғалім болып орналасты. Алайда, келесі оқу жылы ұстаздар тізімінде оның аты-жөні болмай шықты. Білім беру саласындағы қызметінен кетіп, Қарағандыдағы «Больше угля» газетіне хатшы болып орналасты. Амалы таусылған  Мұстафа Тынышбаев 1956 жылдың 6 сәуірінде Н.С. Хрущевке: «Мотивы официального порядка для меня известные, ибо целый учебный год мне оплачивают по самой низкой ставке, как не имеющего образование и я на это согласен. Видимо летом опять надо ехать вновь назначенному министру просвещения, чтобы он подтвердил приказ б/министра. Вот так ни за, что исковеркана моя жизнь, запестрена биография. А я неустанно стремлюсь, чтобы не выбиваться из порядочной коллеи, быть активным борцом за строительство коммунизма, но не встречаю гуманного понимания всего того, что было, теперь хоть дать человеку вести нормальный образ жизни, не ковырять его больное место, а вникать, как он работает, как он выполняет доверенный ему участок работы. Этого по отношению к себе не имел и не имею» деп хат жолдады. Мұстафа Тынышбаев өзінің партияға кандидаттығын қалпына келтірілуін өтінді. М.Тынышбаевтың шағымын қараған КПСС ОК Президиумы аппеляциялық сот шешімін шығаруды Қазақстан КП ОК-не тапсырды. 

Сөйтіп, Хрущевтің «жылымығы» жылдары, 1957 жылғы 9 мамырда тарихшы-ұстаз М.Тынышбаевқа қатысты шығарылған қаулыда, оның 16 жыл партиядан тыс болғаны айтылып, кандидаттығын қалпына келтіру мақұлданбады. Тарихшы-ұстаз Мұстафа Тынышпаев бір ауыз өткір әзілі үшін жиырма жыл бойы кеңестік қуғын-сүргінді басынан өткерді. 

                                          

 

Данагүл МАХАТ

 тарих ғылымдарының докторы, 

«Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ 

 «Отырар кітапханасы ғылыми орталығының басшысы