Алғашқы Халық қаһарманы һәм Армия генералы
06.05.2024 2112

Бұл мақалада ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында жиырма бір жасында Совет Одағының батыры атағына ие болып, халқымыздың мақтанышына айналған, кейінірек тәуелсіз еліміздің №1 Халық қаһарманы атағын алып, әрі тұңғыш Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалып, «Армия генералы» жоғарғы әскери шенге ие болған Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың өнегелі өмір жолы мен қызметіне қысқаша шолу жасалған.

Үстіміздегі жылдың мамырында даңқты қолбасшының 100 жылдық мерейтойы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 79 жылдығына қатар келіп отыр.

Қазақта батыр да көп, ақын да көп,

Парасат қонған кемел ақыл да көп.

Көргенде Сағадатты алғашқы рет,

Бірі деп ақ сұңқардың мақұлдап ек, –

деп ақын ағамыз Кәкімбек Салықов жырлағандай, құдайға шүкір ұлтымыздың мақтан тұрарлық тұлғалары баршылық. Сондай жандардың бірі де бірегейі Қарулы күштеріміздің даңқты қолбасшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов.


Енді Сағадат ағамыздың шыққан тегіне келсек, оның  бабасы Қошқарбай батырдың есімі Абылай ханның Алтай тауынан бері Ертіс өзенін бойлап, Батыс Сібір ойпатына дейінгі тұстарда өткен жоңғарлармен соғысында жиі аталады. Қошқарбай батырды Абылай хан «Кіші батырым» деп атаған екен. Ханның «Кіші батырының» есімі тарихи деректерде, дастандарда жиі кездеседі. «Тегіміз Қошқарбай батырдан тараған», - деп мақтанышпен атайтын ұрпақтары Торғай, Ақмола, Қостанай, Павлодар өңірінде көп. Омбының Шарлақ, Ново-Варшавка аударында да батыр ұрпақтары кездеседі. Ново-Варшавканың Қараөзек ауылында күні бүгінге дейін батырдан тараған ұрпақтар тұрады [1].

Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл (бұрынғы Алесеевка) ауданының Қосым, бүгінгі күндері Еңбек (Трудовое) деп аталатын елді мекенінде дүниеге келеді. «Менің туған ауылым айнала қоршаған қарағайлы ну орман, шоғырлана өскен қайыңдар, ауыл сырты сары дала. Ауыл сыртындағы көлде көктемде құстар улап-шулап жатса, қыста айнала қар басып, жол қатынасы қиындайтын. Алла тағала әке тәрбиесін менің маңдайыма жазбады. Тек әкем өмірден өтерінде шешем Айсаға: «Ұл босансаң да, қыз босансаң да атын Сағадат қой. «Сағадат» деген сөз араб тілінде «тыныштық, бейбітшілік» деген мағына береді. Сағит пен Сағадат аман болса, мені тірі сана», деп кетіпті  дейді әкесі жайлы Сағадат аға. Сағадаттың жарық дүниеге келуіне бір ай қалғанда әкесі Қожахмет дүние салады. Сегіз жасқа толар толмаста анасы Айса да бақилыққа аттанады. Осылайша тағдыр тауқыметін ерте жастан тартып өскен Сағадат ағасы Сағит пен жеңгесі Күлтайдың тәрбиесінде болады [2, 6].

Сегіз жасынан ата-анасынан жетім қалған Сағадат 1933 жылы мектепке барды. Мектеп бітірген жылы соғыс басталды. Алдымен ағасы Сағит соғысқа шақыру қағазын алды. Сағадат онымен бірге өз еркімен майданға аттанғысы да келді. Бірақ аудандық военком: шырағым, асықпа, үлгересің, кезегің келгенде, өзіміз шақыртамыз, деп мұны кері қайтарып жібереді. Новгород түбінде болған ұрыста Сағиттың қайтыс болғаны туралы ауылға қаралы қағаз келді. Жалғыз бауырынан айрылған Сағадат қатты күйзелді [2, 13-15]. 

Ағасы үшін кек алмаққа Сағадат майданға асықты.  Кешікпей шақырту да алды, бірақ мұны бірден майданға емес, әскери училищеге баратындар қатарына қосты. Көзі ашық, оқыған жастардан командирлер даярлау да қажет еді. Сағадат Түрікменстанның Байрамалы қаласындағы пулеметшілер даярлайтын училищеден бір-ақ шықты. Өзімен бірге келген жерлестерінің біразы дәрігерлік комиссиядан өтпей, майданға аттанды. Сағадат болса, училищеде қалды. Достарымен кимай қоштасты. Женіспен оралып, туған селосы Трудовоеда кездесуге уағдаласты.

Сағадат әскери оқуға бел шешіп кірісті. Негізінен орыс тілі мен математиканы оқып-үйренуден бастады. Пулеметші болу үшін бұл екі пәннің екеуі де қажет. Математиканы білмейінше, пулеметші бола алмайсың. Әскери өмірдің бәрі орыс тілінсіз мүмкін емес. Бұйрық та осы тілде жүргізіледі. Бұл екі сабақтан да ол мектепте жақсы оқыған. Сағадат оқуға қиналған жоқ. Мерзімінен бұрын әскери училищені аяқтап, офицер погонын таққан Сағадат енді тікелей батыстағы майдан шебіне аттанды [3, 194-195]. 

Сағадат әскери мансабын пулеметшілер взводының командирі болып бастады. Взвод пулеметшілер ротасына бағынғанымен, атқыштар ротасының біреуіне қызмет етеді. Осы ротамен бірге ұрыс қимылына қатысады. Сағадаттың взводындағы үш пулеметшілер расчеты ұрыс кезінде атқыштар ротасын қолдауға тиіс еді. Пулеметті орналастыру шептерін белгілеу взвод командирінің үлесінде. Мұны дұрыс таңдаудың маңызы күшті. Оны Сағадат жақсы біледі. Жау атака басталар алдында артиллериядан оқ жаудырып, қарсыластарының жауынгерлік күшін анықтап алғысы келеді. Кездейсок, күтпеген жерден атылған зеңбірек оғы тірі жанды бекіністен бас көтерсе болды, жайратып салады. Сағадат пулеметшілері де жаудың әрбір қозғалысын қырағылықпен аңдиды, кірпік қақпай мүлт жібермеуге тырысады. Ұрыс даласында жау оғының астында жүргенде әрбір солдат сергек әрі байқампаз болуы керек. Мұны әскерге алынған күннен бастап сарбаздар әбден ұғынған.

Сөйтіп, Сағадаттың жастық шағы елдегі сұрапыл кезеңмен, Ұлы Отан соғысымен дөп келді. Ол студенттік алаңсыз, махаббат қызығы мол жылдарды да бастан кешірген жоқ. Ерте есейді. Училище бітіріп, бірден командир болды.    Сағадат кұрамында соғысқан Солтүстік-Кавказ майданы командованиесінің шешімімен 301-атқыштар дивизиясы жасақталды. Ол 9-атқыштар корпусының құрамына енді. Дивизия 1050, 1052, 1054-атқыштар полктарынан құралды. Сағадат соғыстың аяғына дейін 1052-атқыштар полкының құрамында болды.    

Взводтан кейін пулеметшілер ротасын басқарды. Одақтық көмір бассейні атанған Донбасты азат етуге қатысты. Макеевка қаласын жаудан азат ету қандай қиынға соқты, қаланың әр үйін, алаңын, көшесін жаудан тазарту оңай болған жоқ. Жаумен бетпе-бет айқасуға тура келді. Жауды тықсырып, қаладан шегінуге мәжбүрледі. Бірақ шығынсыз болған жоқ. 81,9 төбешігін алу қалай өтті десеңізші! Жауынгерлер адам түсіне кірмейтін ерлік көрсетті. Днепрден өту кезінде де сарбаздар ғажап төзімділік пен тапқырлық танытты [3, 196]. 

1945 жылы 17 қаңтарда Сағадат Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерді сауатты басқара білуімен көзге түседі. Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист әскерін өлтіреді. Нәтижесінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды. Осылайша, оның ротасы совет әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды. Сенаттың бұрынғы төрағасы, қазіргі Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шайқастарды совет әскерінің қолбасшысы Георгий Жуковтың өзі бақылағанын айтады. «Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты Совет Одағының маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Совет Одағының батыры атағын беруге ұсынады. Бұл нақты ерлік еді», – дейді ол «Долг, Честь, Подвиг Сагадата Нурмагамбетова» атты деректі фильмде.  Осылайша 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке «Совет Одағының Батыры» атағы беріледі [4].

Марапаттау рәсімін қазақтың батыры былайша еске алады: «Медальдарды армия қолбасшысы жеке өзі табыстады. Ол кеудемізге «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдызды» тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым», – дейді ол өз естелігінде [5].

Келесі күні марапатталғандар әскери кеңеске шақырылды. Катардағы жауынгерлер мен сержанттарға үйлеріне барып қайтуға демалыс берілді. Ал офицерлер болса, өз рота, батальондары мен полктеріне қайта оралды. Сағадат болса өз батальонына келді, бұл кезде батальон командирлігіне тағайындалған болатын. Енді осы уақытқа дейін жұртшылыққа бейтаныс болған бір жаңа кұжатты келтірудің орайы келгенін айтайық. Бұл 1052-атқыштар полкының командирі, Совет Одағының Батыры подполковник А. Пешков пен 301-атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор В. Антонов қол қойған 1-атқыштар батальонының командирі майор С. Нұрмағамбетовті екінші рет Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалімен наградтауға ұсынған марапат қағазы. Онда С. Нұрмағамбетов басқарған батальонның Берлинді алу жолындағы сәуірдегі ұрыс қимылдарына баға берілген. Сол құжаттан қысқаша үзінді келтіретін болсақ, батальонның ерлігі көзге елестейді: «Жан-жақты әзірленген Кюстриннің батысындағы жаудың қорғаныс шебін 14 сәуірде майор Нұрмағамбетовтің шебер басшылығы арқасында оның жауынгерлері  бұзып өтіп, танкілердің және полктың басқа батальондарының шабуылға кірісуіне жағдай жасады. Гузов қаласының көшелеріндегі ұрысты бастаған батальон жаудың 200 жауынгерін, 18 қарулы күштерін, 8 күшейтілген тірек пункттерін жойып жіберді, жаудың 69 солдаты мен офицерін тірідей қолға түсірді. 1945 жылғы 18 сәуірде жаудың 3 контратакасын тойтарды. Немістердің адам күші мен техникасына орасан шығын келтіріп, жауды кейін ығыстырды, Буков қаласын азат етудегі ұрыста 100 неміс фашисі, 12 оқ ату нүктелері, 3 танкі, бір өздігінен жүретін орудие істен шығарылды. 23 сәуірде батальон Шпрея өзенін бірінші болып, жүзіп өтіп, Трепов қалашығы маңында 80-нен астам неміс фашистерінің көзін жойып, 145 жауынгерді тұтқынға алды. Сөйтіп Трепов қалашығын иемденуге жағдай жасады. 24 сәуірде Нұрмағамбетовтің батальоны жаудың қатты қарсылығын тойтарып, Берлинге бет бұрды. Көше ұрыстарында 450 немісті о дүниеге жіберіп, 1500-ін тірідей қолға түсірді, 9 шешуші жау пунктін істен шығарды. Бұл ұрыста майор Нұрмағамбетов жараланды» [3, 197]. 

Міне, жоғарыға жолданған марапаттау қағазында осындай мінездеме берілген. Осы жылдың ақпанында ғана жоғары атаққа ие болғаны ескерілді ме, әлде соғыс аяқталар шақта марапаттау қағазы өз адресіне жетпеді ме, әйтеуір Сағадат екінші жұлдызға ие болмады. Әйтпесе екінші рет Совет Одағы батыры атанған Талғат Бигелдиновтен кейінгі ол екінші қазақ болар ма еді! Майдандастарының 21 жасар бозбала С. Нұрмағамбетовтің батырға лайық ерлігін көре біліп, оны екінші рет атаққа ұсынуы үлкен мәртебе, зор құрмет!

Сөйтіп майдан жолын Солтүстік Кавказдан – Құбаннан бастаған Сағадат фашизмнің ұясы – Берлинде аяқтады. Шығыс Еуропаны басып өтіп, Батыс Еуропадан бір-ақ шықты. Гестапоның ғимаратын басып алуға тікелей қатысты. Мұнда биік тас қорған, әртүрлі қызмет үйлері, түрме, мектеп ғимараттары орналасқан-ды. Көптен күткен атака басталды. Артиллериядан атылған зеңбірек үні ауаны дүр сілкіндірді. Сағадат өз батальонын ұрысқа көтерді.   Тас қорғанда пайда болған саңлауларды пайдаланып, сарбаздар жауды оқ астына алды. Ұрыс гестапоның ауласына көшті. Немістер ышқына қарсылық көрсетумен болды. Совет жауынгерлері гранаталармен атқылады. Ғимараттың әрбір бөлмесінде, текпішектерде шайқас қыза түсті. Жылжымалы қондырғылар атқыштар ротасымен өзара бірлікте қимылдады. Бүкіл дивизияның, полктың, батальонның әскерлері бесінге қарай гестапо ғимараттарының үстіне Қызыл жалауды желбіретті. Фашизмнің қанқұйлы ұясы опат болды. 301-атқыштар дивизиясының үлесіне Гитлердің империялық кеңсесіне шабуыл жасау міндеті жүктелді. Сағадаттың батальоны осы дивизияның құрамында жауапты тапсырманы жүзеге асыру бақытына ие болды. Бұл шабуыл 30 сәуірден 1 мамырдың іңіріне дейін созылды. Қолдарына ақ тулар ұстаған парламентерлер көзге шалынды. 2 мамырда ертеңгісін батальон командирлеріне полк штабынан хабар түсті. Рейхстаг тізе бүкті, жеңіс күні жетті. Түске карай полк командирі телефон соқты: Нурмагамбетов жолдас, саған, бүкіл батальон жауынгерлеріне  қуанышты хабарды жеткіземін - жау жеңілгенін мойындап, капитуляция жасады. Жауынгерлердің  қуанышында шек жоқ, бір-бірін құшақтап, жеңіспен құттықтады, бас киімдерін аспанға лақтырып, мәз-мейрам болысты.

Сағадаттың батальоны соғыс аяқталғанына қарамастан әскери қызметін өтей берді. С. Нұрмағамбетов империя кеңсесі аймағының коменданты болып тағайындалды. Өзінің және бірнеше батальон мұның карамағына берілді. Қаладағы гарнизон және қарауыл, күзет қызметтерімен айналысты. Әртүрлі нысандарды – заводтарды, фабрикаларды, мемлекеттік мекемелерді күзетті және басқа тапсырылған маңызды міндеттерді атқарды. Бұған қоса, Гитлердің сарайын, жерасты бункерін және осыған іргелес жатқан парк пен ғимараттар бар кварталды күзету әрі қорғау міндеті жүктелді.

1945 жылдың қыркүйегіне  Сағадатқа 45 күндік демалыс беріліп, ол елге аттанды.   Ол туған колхозында бір ай қонақтады.   Бүкіл ауыл үшін батырдың елге оралуы үлкен мереке болды.   Сағадат туған жердің ауасын, топырағын, адамдарын сағынып қалған екен. Әбден мауқын басты. Аудан басшылары мұны ортаға алып, сый-құрмет көрсетумен болды. Оған жуырда Алматыда республиканың 25 жылдық мерекесіне облыс делегациясының құрамында баратынын хабарлады. Салтанатты кеш көңілді өтті. Алматы мереке құшағында. Сағадат демалыстың қалай өтіп кеткенін де сезбей қалыпты. Әскерге оралатын уақыт та болыпты. 

Алматыда құрылған далалық әскери окург басшылығының шешімімен ол Мәскеуге оқуға жіберіліп, 1946-1949 жылдар аралығында Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiнің полк командирі лауазымына тағайындалады.    

  Полкқа басшылық ету жан-жақты дайындықты талап етті. Қызмет үстінде майор Нұрмағамбетов тез есейді. Әскери қызметтің ұңғыл-шұңғылын үйренді, елмен араласып, көп жолдастар тапты. Совет Одағының Батыры, полк командирін республиканың партия, совет активі қатты құрметтеді. 1958 жылы ол дивизияның штаб бастығы лауазымына  көтерілді. 1961 жылы оны Түркістан әскери округінің қолбасшысы армия генералы Иван Федюнинский дивизия командирінің лауазымына ұсынды. Бірақ мұның сәті түспеді. Сағадат қатты науқастанып қалды. Дәрігерлер сырқатты жеңіл деп таппады. Госпитальда ұзақ емделді. Сырқаттан ол тез айыға қоймады. Дивизия командирлігіне басқа кандидатураны ұсынуға тура келді. Бірақ Сағадат үлкен сенім көрсеткені үшін армия генералы И. Федюнинскийге   қатты риза болды. 

Аурудан айыққан соң Сағадат Ташкенттен Алматыға қызметке ауысты. Қазақ ССР азаматтық қорғаныс штабының басшысы болып тағайындалды. Бұл қызмет өзіне онша таныс болмаса да, туған елге оралу ол үшін үлкен қуаныш болды. Сыртта өскен Сағадат Нұрмағамбетов үшін бұл қызмет көңілсіз болмады. Республика, облыс басшыларымен жүзбе-жүз танысты, олармен қызмет үстінде жақын араласты. Ұлттық интеллигенция өкілдерімен тіл табысты. Өнер, мәдениет қайраткерлерімен достасты. Осында жүріп ақмолалық жерлестерімен қайта қауышты. Республиканың сол кездегі бірінші басшысы Д. Қонаевпен жақын танысып, оның қамқорлығын көп көрді.

1969 жылдың тамызында Түркістан әскери округы басшысы Лященкодан жақсы хабар келді. Бұл кезде шығыстағы көршіміз Қытай мен КСРО-ның ара-қатынасы шиеленісіп тұрған еді. Мәскеу Алматыда жаңа Орта Азиялық әскери округ құруға шешім қабылдаған-ды. С. Нұрмағамбетов осы округ қолбасшысының орынбасарлығына ұсынылды. Ол өзінің сүйген мамандығына, өзіне етене таныс әскери тірлікке қуана қайта оралды. Әскери округ қолбасшысының орынбасарлығымен қоса Алматы гарнизонының бастығы қызметін де атқарды. Ол кезде 9 мамыр, 7 қараша күндері Алматыда әскери парад, қала тұрғындарының демонстрациясы өтетін. Бұл парадтарға ол басшылық етті. Парадты ұйымдастырушы әскери формадағы сұлу жігіт генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке Алматы халқы жылы шырай танытып, бауыр басып кетті. 

Кешікпей 1981 жылы оның қызмет орнын тағы ауыстыруына тура келді. Әскери тәртіп осындай. Қайда жұмсаса, сонда баруың керек. Бұл жолы Еуропаға, Венгрияға Оңтүстік топтағы әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасарлығына жіберілді. Мұнда ол төрт жылдай қызмет етті. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Қорғаныс министрлігі де, Венгрияның саяси-әскери басшылары да қазақ қолбасшысының еңбегін жоғары бағалап, сый-құрметке бөледі. Туған Қазақстанына бұрынғы жұмысына қайта оралды. Зейнеткер жасына жеткен Сағадат үшін бұл да оңды шешім болды. Туған елге жақсы көңіл хошымен оралды. Таныс жұмысқа қызу араласып кетті. Мұнда ол әскери жұмысты шаруашылық ісімен тығыз ұштастыра жүргізді. Бұл жылдары Қазақстан үшін миллиард пұт астық үшін күрес - үлкен шаруашылық науқаны ғана емес, саяси да зор мәртебе еді. Республиканың астық үшін күресінде сарбаздар үлкен рөл атқарды. Армияның жүк машиналары астық тасуға көптеп тартылды. Бұл істің басында генерал С.Нұрмағамбетов тұрды. Ол одақ кезінде астықты өңірлерді аралағанда Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевпен бірге жүрді. Әскери көмекті тиімді пайдалануды астық алқабында жүріп, қолма-қол шешті. Бұл үшін республика басшыларының әлденеше рет алғысын алды. Еңбегі жоғары бағаланды. Генерал Нұрмағамбетов бес рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, партия съездеріне делегат болып қатысты. 

Орта Азия әскери округі тарағанша, ол қолбасшының орынбасары қызметін атқарды. 1989 жылы 6 маусымда ССРО Қорғаныс министрлігі оны отставкаға жіберді. С.Нұрмағамбетовтің осыған дейінгі әскери еңбек стажы 51 жыл 6 айды құраған еді. Ол еңбек демалысына шықтым деп, үйде қарап отырып қалмады. 1990 жылы республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Депутат ретінде елдің тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдауға қатысты. Тәуелсіз елдің жаңа басшысы Нұрсұлтан Назарбаев генералды өзіне жақын тартып, қызметке шақырды. Алғашында 1991 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-і мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағалығына тағайындалды. 1992 жылғы 7 мамырда оны Президент тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі етіп тағайындады. 

Келесі жылы 5 мамырда оған армия генералы әскери атағы берілді. Бұл атаққа тұңғыш рет Сағадат Қожахметұлы ие болды. 1994 жылдың 23 мамырында «Халық қаһарманы» атағы беріліп, №1 нөмірлі Алтын Жұлдызға ие болды.

Сөйтіп С. Нұрмағамбетовтің зейнеткер жасында екінші әскери мансабы қайта басталды. Президент Н.Ә.Назарбаев оған тәуелсіз жас мемлекеттің армиясын жасақтауды, әскери доктринасын әзірлеуді тапсырды. Жаңа ел үшін өзінің мемлекеттігін құру үстінде ең қиыны да, ең күрделісі де осы іс еді.

«Мен 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болдым. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі өзге ұлттың өкілдері елдеріне кеткісі келді. Оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер» деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық», – дейді Нұрмағамбетов өз естелігінде.  

«Ал, өз басыма келсек, округ құрылған кезден бастап қолбасшының орынбасары дәрежесінде қызмет еткенімнің арқасында кадрлар құрамына, олардың қарым-қабілетіне қанық едім. Қолынан іс келеді, әскери істі біледі, ел мен жерге адал болады деген азаматтарды жан-жақтан, тіпті запастан да шақырдық. Бір қуаныштысы, олар өздеріне көрсетілген сенімді ақтады. Осындай үміт үдерісінен көрінген офицерлер қатарында мен сол кездегі полковниктер (қазіргі генералдар) Жарболов, Ертаев, Сихимов, Шацков, Әубәкіров, Халиков, Еламанов, Ибраев, Васимов, Тасболатовтарды атар едім», – дейді Сағадат ағамыз өзінің сұхбатында [6, 43]. 

Сонымен қатар ол естелігінде егемендіктің алғашқы жылдарында Алматыдағы әскери училищеге сол кездегі подполковник, кейін Мәжіліс депутаты болған Абай Тасболатовты басшы етіп тағайындағанын жазады. «Оған жігіттерді өсіресің және қазақтың баласын аласың» деп міндет жүктедім. Қазір онда 95% қазақ жігіттері оқиды. Әскери училищеде бұрын төрт мамандық болса, қазіргі уақытта оның санын 11-ге жеткіздік. Осының барлығы кадр даярлау мәселесі төңірегінде атқарылған істер еді», - дейді ардақты азамат. 

Ал Абай Тасболатов өз ұстазының бұл еңбегін жоғары бағалайды. «Қан майданға бозбала боп аттанып, жиырма бір жасында Совет Одағының батыры атанған майдангер, министр әскер ісін ұйымдастыруда кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді. Осы сөзімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында офицерлік құрам санатында «кіші лейтенант» шені қолданыста болғаны дәлел. Бұл соғыс жылдарында жауынгерлік құрамының үздіксіз легін қамтамасыз ету әдісі еді десек, Сағадат Нұрмағамбетов тап осы үлгіні тәуелсіз Қазақстандағы әскери саланың нығаюына сәтті пайдаланып, тиімді реформа жүргізе білді», – дейді Тасболатов «Сағадат Нұрмағамбетов. Сыпайы генерал, шын сардар» атты мақаласында [7].

Мақаламызды қорытындылай келе айтайын дегеніміз, Отан үшін от кешкен батырдың жарқын бейнесі халықтың жадында мәңгі сақталады.  Үкiмет қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебiне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтiң есiмi берiлдi. Оның жауынгерлiк және қайраткерлiк өмiр жолындағы ерлiктерi мен еселi еңбектерi жоғары бағаланып, көптеген ССРО наградаларымен, Қазақстанның және шет елдердiң ордендерiмен марапатталды. Сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетов Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанды. Астана мен Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көшелер бар. Өскемен қаласында Қазыбек би және Есенберлин даңғылдарының қиылысына салынған саябаққа Совет Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі беріліп, ортасына батырдың ескерткіші орнатылған. 

2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Оның артында Талғат пен Айсұлу есімді балалары мен 4 немересі қалды. Ал Лира Сәбирова есімді әйелі өзінен бұрын 2005 жылы қайтыс болған еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әбдірахман Ө. Кіріспе. Ұлт мақтанышы Сағадат Нұрмағамбетов. – Алматы, 2014. 768 бет. 9-шы бет.

2. Нурмағамбетов С.К. Лицом к огню. – Алма-Ата: 1984. – 152 с. С. 6. 

3. Қалмырзаев Ә. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі туралы. // «Жұлдыз» журналы, № 8, 2012 жылғы тамыз.

4. Документальный фильм Долг.Честь.Отвага. Нурмагамбетов С.К. YouTube

Talga Kanali 18,1K. 27 мая 2014.

5. Нұрмағамбетов Сағадат. Жауынгер жолы. Алматы, «Қазақстан». – 1975. 120 бет.

 6. Жүнісбеков Б. Қолбасшы Нұрмағамбетов немесе Сағадат ағамен сыр-сұхбат. Ұлы Жеңіске 65 жыл. // «Ақиқат» журналы, № 1. 2010.

7. Тасболатов А. «Сағадат Нұр­мағам­бе­тов. Сыпайы генерал, шын сардар». // Егемен Қазақстан. 29 мамыр 2018 жыл. 

 Талғатбек  Әминов, ҚР ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы  институтының жетекші ғылыми қызметкері,  т.ғ.к., доцент