Ұлттық қолөнер ұмыт болып қала ма?
23.04.2024 1588

Жақында Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Оқу-тәрбие процесінде білім алушылардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында халықаралық этнофорум өткен болатын. Көркем еңбек пәні мұғалімдері мен қолөнер шеберлерінің басын қосқан ауқымды жиынның өтуіне мұрындық болған ұйым Қазақстан этнодизайнерлер одағы-тын. Басқосудан кейін осы бірлестікті құрушы Салтанат Жапарованы аз-кем әңгімеге тартқан едік.


Қазақстан этнодизайнерлер одағының президенті, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты, құрметті дизайнер Салтанат Әменқызы қазақ қолөнерінің ұмыт болмай, атадан балаға жалғасуы үшін барын салып жүрген жандардың бірі. Иә, қарапайым ғана көркем еңбек пәнінің мұғалімін алаңдататын мәселе ешқайсымызды да бей-жай қалдырмауға тиіс. 

– Екі күндік халықаралық этнофорумның бағдарламасына қарап отырып қаншама жұмыстың істелгенін топшыладық. Оның көбіне өзіміз де куә болдық. Этнографтар, тарихшылар, қолөнер шеберлері, ғалымдар мен көркем еңбек пәнінің мұғалімдері қазақ қолөнерін сақтап қалу, оны бала бойына дарыту жайындағы зерттеулерін ұсынып жатыр. Қаншама мәселелердің басын қайырып, ұтымды ұсыныстар айтып жатырсыздар. Этнодизайнерлердің қолынан шыққан көздің жауын алатын ұлттық киімдерден сән үлгілері көрсетілді. Мектеп оқушылары ұршық иіруден, қамшы өруден жарысып, бес тас сияқты ұлттық ойындарынан сайысқа түсті. Көпке топырақ шашпайық, бірақ бір-екі баланы Астана мен Алматыға, болмаса басқа елдерге сүйрей жөнелетін, барған жерінде суретке түсіп қайтқандарын жетістік санайтын кісілер де жоқ емес. Ал сіз барымызды өз қазанымызда қайнатып жатырсыз. Мектепте қарапайым мұғалім бола жүріп осындай деңгейдегі жиынды өткізуге шамаңыз қалай жетті?

– Бұл жалғыз менің емес, мен құрған одақтың жұмысы. Былтыр 18 тамыз күні Қазақстан этнодизайнерлер одағын ресми құрып, шаңырағын тіктеген болатынбыз. Жұмыс бастағанымызға бір жыл толмаса да құрамымыз мыңнан асып кетті. Мысалы, бізде Қазақстан дизайнерлер одағы, қолөнершілер одағы деген сияқты шығармашылық топтар өте көп. Ал этно дегеніміз ұлттық дегенді білдіреді. Оны не үшін құрдық? Осы салада жүрген соң ұлттық дизайнымыздың даму деңгейі көңілімді көншітпеді, түйткілді мәселелер көп болды. Жұмыс барысында осыған көзім жете бастады. 

– Осы этнофорумнан бөлек қандай жұмыстар істелді? 

– Құрылған соң бір неше айдан кейін, яғни былтыр қазан айында өзім жұмыс істейтін Алматы қалалық №176 мектеп-гимназиясында ең алғашқы халықаралық этнодизайнға бағытталған басқосуымыз өтті. Оған 550-ге жуық көркем еңбек пәні мұғалімі, кәсіби шебер қатысты. Бес мемлекеттен қонақ келді. Іле-шала Түркияның Алания қаласында түркі халықтарының 100 жылдығына орай өткен артфестивальге қатысып қайттық. Ол жерге 15 топпен барып, қолөнершілеріміз, сәнгерлеріміз өз өнерлерін көрсетті. 

– Ұйымның ұлттық қолөнер, дизайн саласындағы мәселелерді шешу үшін құрылғанын айттыңыз. Осылардың ішіндегі қадау-қадау тұрғанын атап өтіңізші. 

– Біздің бастамаларымыздың ең алғашқысы – мектеп формаларын заманауи үлгідегі этностильге өзгерту. Қазіргі уақытта оқушылардың киім үлгілеріне көптеп сын айтылады. Осы үшін де ата-ана мен мектеп, қоғам арасында түсініспеушіліктер бар. Бір ғана мысал, белгілі бір оқушының былай дегені бар: «мен мектепте орамалымды шешіп жүрейін, мектептен шыққанда қайта іліп алайын».  Өйткені оның ата-анасы қазіргі мектеп формасымен жүруге қарсы. Бұл, әсіресе, кішкентай баланың психологиясына үлкен әсер етеді. Мен әрқашан айтамын – қазақтың қыздары шашын екіге өрген, шашбауын ілген, басына тақия киген. Кейде ата-анаға да оранудан басқа шығар жол қалдырмаған сияқтымыз. Өйткені балаларда Батысқа еліктеушілік басым. Қыздарымыздың қысқа киіп, болмысымызды ұмытып бара жатқаны рас. Сондықтан біз қазақтың төл киім үлгісін ұсынғымыз келді. Киізден жасалған, жүннен тоқылған киімдерді ки деп жатқан жоқпыз. Бұл – заманауи үлгіде, бірақ ұлттық стильдегі киімдер. Егер біздің осындай формамыз болғанда ата-анада да дұрыс таңдау болар еді ғой. 

Осы мақсатта біз «Ақкербез» жобасын жүзеге асырып жатырмыз.  Онда өнертанушы, этнографтардың, тарихшылардың зерттеп, зерделеуімен лайықты киім үлгісін ұсынатын боламыз. Оның ұзын-қысқалығы, тігілуі, матасы, оюы түгел зерттеледі. Ұсынысымызды қолдап жатса, ары қарай оны өндіруге де жағдаймыз жетеді, дайынбыз. 

– Иә, оюдың киім-кешектерге дұрыс салынбай жатқанын мамандар әр жерде айтып жүр. 

– Қазақтың әрбір оюы сөйлеп тұрады. Бүгінде ұлттық киім өндірісімен айналысып жатқан кісілер көп. Әрине, оған қуанамыз. Мәселе – ою-өрнектердің дұрыс орналаспауы.  Балаққа қойылатын оюлар бас киімде жүреді. Маталардың өзіне мән беріп жатқан кісі шамалы. Перделерге пайдаланылатын техникалық маталардан киім тіге береді. Бұны үлкен сауатсыздық деп айтар едім. Сондықтан біздің құрамда арнайы этнографтар жұмыс істейді. Олар әрбір оюды ғылыми тұрғыда зерттеп, халыққа ғана емес, сонымен айналысып отырған дизайнерлердің өзіне де ұғындырғымыз келеді. Өзіңіз де көрдіңіз, осы жолы этнофорумда сәнгерлеріміз осындай деңгейдегі киімдерді таныстырды.

– Соңғы жылдары наурыз мейрамы тамаша тойланып жүр. Алайда ұлттық киімдердің қолымызға ілінгенін, табылғанын киетініміз рас. Оның оюына, матасына аса мән беретін халық аз-ау.

– Әрине, өткенде бір іс-шарада үлкен кісілердің киімдеріне көңілім толмады. Өздері ұлттық киім киіп жүрміз деп есептейді. Бірақ бастарындағы айыр қалпақтарынан тартып қырғыздікі. Шапандарындағы оюдың нақыштары да біздікіне ұқсамайды. Осындай сауатсыздықтың алдын алу мақсатында біршама тәжірибелі этнографтар, өнертанушы сарапшылармен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айттым. Олар бұның біздің елдің киімі емес екенін оюынан, тігілуінен бірден байқайды. Яғни дұрыс насихатталмаса, зерттелмесе, көрсетілмесе ұлттық киімдерімізден айырылып қалуымыз да әбден мүмкін. Мұндай қауіп жоқ емес. Сәнгерлеріміз қай бағытта, қаншалықты жұмыс жасап жатқанын білмеймін. Бірақ біздің ұлттық киімдеріміздің деңгейі не үшін соншалықты түсіп кеткеніне алаңдаймын. Осы салада жүрген кісілерге таң қалып қараймын, олар мемлекеттің немесе жекелеген демеушілердің қолдауымен ел іші-сыртындағы іс-шараларға барып қатысып жатады. Өздерінің тәжірибелерін көрсету, өздерінің жағдайын көтеру үшін баратындардың қарасы көп. Әркім жеке басын ойлай беретін болса ұлттық өнерімізді кім атадан балаға жалғайды? Киіп жүрген киімінің өзін қай ұлттікі екенін жас ұрпақ айырмай қалуы әбден мүмкін ғой. Оюларымызға да иелік ете алмайтын деңгейге түсіп кеттік. Қырғыз ағайындарда өндіріс өте жақсы дамыған. Елімізге қолжетімді бағамен келіп тұр. Сондықтан біз аламыз да кие саламыз. Ал бізде неге ұлттық киімдерді өндіруге мемлекет көмектеспейді? Жекелеген дизайнерледрің өндіргені қымбат. Сауатты түрде тігіліп, сауатты түрде киіне алатын болуымыз керек. Сондықтан шағын шеберханаларды қолдау бойынша да министрлікке ұсыныстарымызды жеткізіп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық брендімізді қалыптастыру, өндірісті іске асырып, шеберлерімізге жағдай жасалып, көркем еңбек пәні мұғалімдерінің тәжірибесін көтере отырып, мектептегі бала тәрбиесінде ұрпақтар сабақтастығын ұстануымыз керек. 

– Шынымен, этностильді, этнодизайнды сол саланың майталман маманы емес, кәсіпкерлікке икемі бар кісілер келеді де іліп алып жүргізе жөнеледі. Сөйтіп шимай-шатпақ дүниелер өмірге келіп жатыр. Соларды қадағалайтын, басы-қасында жүріп жол көрсететін де өздеріңіз болуларыңыз керек қой. 

– Иә, біз олармен де байланыс жасап, серіктестік орнатуға әзірміз. Бұл алдағы уақыттағы жоспарымызда жоқ емес. Яғни этнофест өткізіп, Орталық Азиядағы көршілес әр елдің өзінің этно мәдениетін ортаға салатын үлкен іс-шараларды ұйымдастыру арқылы біздегі шеберлердің тәжірибесін танытсақ дейміз. 

– Бала тәрбиесі деп жатырсыз ғой? Форум кезінде байқағаным, мектептегі көркем еңбек пәнін оқыту бойынша да қордаланған мәселелер бар сияқты. Яғни көркем еңбек пәні мұғалімдерінің жанайқайы қандай?

– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Мен өзім осы саланың маманы болғандықтан бұл жайлы айтатыным бар. Соңғы 2-3 жылда көркем еңбек пәнінің бағдарламасы бойынша қыз бен ұлды қосып оқыту бағдарламасы әзірленген. Яғни заман талабына сай гендерлік бөліну жоқ деген ұстанымды алға тартып отыр. Ұл бала да тамақ істей береді, іс тіге береді, қыз бала болса ағаш өңдейді деген сияқты. Бұл бағдарлама қазіргі кезде жүзеге асып жатыр. Демек балаға таңдау бар. Бұл, ең бірінші, қазақ халқының мәдениетіне өте кері. Біз ешқашан қазақылығымызды ұмытпауымыз керек. Кезінде ата-бабаларымыз ұлды ұлша, қызды қызша тәрбиелеген. Қолөнер де дәл сондай ұлдың, қыздың деп бөлінген. Сол арқылы мінезі, қасиеті қалыптасқан. Яғни ол өз болмысына сай болуы тиіс. Сол үшін біз арнайы психолог мамандармен, ата-аналармен де келіссөздер жүргіздік. Бұл дегеніміз көркем еңбек пәні мұғалімдерінің жанайқайы. Неге біз ұлдарымызға тігінді, тоқыма тоқуды үйретуіміз керек? Ұл мен қызды ажыратып, болмысына қарай бейімдеуіміз керек. Өз болмысына тән емес қолөнермен айналысқан кезде баланың бойында қандай мінез-құлықтардың пайда болатынын психологтар дәлелдеп отыр. Яғни біз қазір сен ұл да бола бересің, қыз да бола бересің деген ұғымды енгізіп жатырмыз. Бұл өте күрделі мәселе. Бұл сөзсіз қаралуы, дер кезінде шешілуі керек мәселе. Бағдарламаны ұлға және қызға деп теңдей бөліп тастау керек. Мұғалімдердің өзі шашыраңқы, қалай жұмыс істеу керек екенін жүйелей алмай жүр. Қазіргі бағдарламаны жақтайтын ішінара ұстаздар да бар. Біз рухани мәдениетті негіз ететін елміз. Батыстағы сияқты заттық мәдениетті алға тартпаймыз ешқашан. Осыны зерттеп, нақты негіздемелермен біз ұсыныстарымызды дайындап отырмыз. 

Жалпы, көркем еңбек пәнінің мәртебесі өте төмендеп кетті. Бұл бағдарлама мен оқулықтың дұрыс әзірленбегенінен деп есептеймін. Біз формативтік бағаны қоймаймыз, тек пікір жүзінде «жарайсың» деуден ары аспаймыз. Сондықтан оқушылар арасында қызығушылық жоқ. 

Қолөнерімізді насихаттап, қыз балаға ұршық иіруді, ұл балаға қамшы өруді үйретіп жатқанымызбен мектепте көркем еңбек пәнін оқыту бағдарламасы оңалмай жұмысымыз жемісін бермейді. Онсыз бізден мықты этнодизайнерлер, этносәнгерлер шығатынына күмәнім бар. Жоғары сыныптарда көркем еңбек пәнінің болмауы, сызу пәнінің жоғалуы ЖОО-ларда көптеген мамандықтардың, факультеттердің жабылуына алып келіп жатыр. Бұл мәселені мектептен бастап қолға алу керек деп ойлаймын. 

Біздің одақтың алға қойған жобаларының бірі – этнодизайн үйірмелерін ашу. Осы бағытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталықтарымен ынтымақтастықта болып, бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Яғни мектептегі көркем еңбек пәні мұғалімдерінің 80 сағаттан кем емес шеберліктерін арттыру курстарын жүйелеудеміз. Басқа пәндерге салыстырғанда көркем еңбек пәні шығармашылық пәнге жатады. Яғни оның 80-90 пайызы практикадан тұрады. Оны оқып емес, істеп үйрену керек. Мысалы, басқұр тоқу, сүйек өңдеу, кілем тоқу сынды әр түрлі бағыттарда курстарды 80 сағаттан кем емес етіп жүйелесек, шеберлігі артқан мұғалім арнайы сертификатпен мектептерде этнодизайн үйірмесінің жетекшісі бола алады. Көптеген мұғалім жоғары оқу орнын бітіріп келген бойда білім беру ұйымдарына жұмысқа тұрады. Ары қарай өзінің шығармашылығын дамыта алмайды. Тек қағазбастылықпен қалады. Сөйтіп балаға жақсы дүние үйретілмейді. Мұғалімдердің сұранысы да сол. Тіпті, тігін машинасына отырып көрмеген көркем еңбек пәнінің мұғалімдері бар. Ұршықты иірген түгіл, көрмеген де ұстаздар бар. Ал олар балаға не үйретеді?

– Халық арасындағы қолөнер шеберлері де сиреп барады. Атадан қалған мұра ретінде ғана қарап, арнайы айналысып жүргендер саусақпен санарлық қалды. Олардан мектеп мұғалімдеріне, одан ары оқушыларға жетуі керек қой. Ойларыңыз өте жақсы екен. 

– Иә, дұрыс айтасыз. Арнайы сол саланы оқымаған, бірақ атадан балаға мұра ретінде жалғастырып келе жатқан шеберлер бар. Міне осы кісілердің өнерін ғылыми зерттеп, әдістемелік құралдарды дайындауымыз керек. Оны мектеп мұғалімдері кәдеге жаратуы тиіс. Сонда ғана балалардың ынтасы ашылады. Сол кезде ғана ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық қолөнеріміз, ұлттық құндылықтарымыз балаларға дариды, сөйтіп ұрпақтар сабақтастығына септігімізді тигіземіз.

– Сіздерді кім қаржыландырады?

– Осы 7-8 ай көлемінде біздің одақта әкімшілік құрамда жұмыс істеп келе жатқан 18-ге жуық кісі бар. Олар осы кезге дейін бір тиын алған емес. Мен де айлық алмаймын. Мемлекет ешқандай қаржыландырып отырған жоқ. Айтып отырғандарымның барлығын тегін ұйымдастырамыз. Барлығы қарапайым белсенділер, көркем еңбек пәні мұғалімдері, ЖОО-дағы дизайн саласындағы кісілер бар, өнертанушылар, философтар бәрі жұмыс істеп отыр. Бірақ тегін. 

– Ал енді осы жұмыстарыңызға тұсау болатын қандайда бір кедергілер бар ма?

– Көбінесе білім басқармалары дұрыс түсінбейді, бұл мәдениет, біз білім жағын қарастырамыз ғой дегенді алға тартады. Неге білім мен мәдениет ұштаспайды? Ол екеуі ұштасқанда ғана өнерде даму болады. Осы үшін де есіктерді барынша қағып жатырмыз. 

Мектепте сабақ беретін қарапайым мұғаліммін. Бес баланың анасымын. Кейде шаршап жататын кез болады. Мың шебердің басын қосып, осындай жобаларды алып, адамдармен келіссөздер жүргізіп, іс-шаралар өткізу оңай емес. Кейде мен не үшін бастадым деп, бас тартқың кеп тұратын кездер болады. Үлкен адамдардан қолдау болмай, түсінбей, «не айтып отырсың?» деген сияқты сөздерді естіген кезде қолды бір сілтеп, тып-тыныш мұғалімдікпен айналысып жүре берейінші дегің келеді. Жоқ. Аталарымыздың, апаларымыздың «бізді ояттың, төмендеп бара жатқан шеберлердің өнерін жаңғырттың, Салтанат қызым! Айналайын, саған сенеміз, алға!» деп айтқан сөздерінен кейін қоғамдық статустан кете алмайтынымды өзім түсіндім. Бұл менің өнерді сүйгендігімнен, бас пайдаға мүдделі емеспін. Қазір әртүрлі брендтер бар ғой, бәлен долларға соны сатып аламыз. Қазақта неге осы сияқты дамымайды деген ой жатқызбайды. 

Алда сол этнофестті өткізсек деген ниеттеміз. Оны жаз мезгіліне жоспарлап отырмыз. Қазақтың жайлауында, кең даласында ұйымдастырғымыз келеді. Бізде көптеген кісілер шетел асып кетіп ұйымдастырғанды жақсы көреді ғой. Неге біз сол шетелдіктерді тартып, өзіміздің кең сахарамызда, өзіміздің этно бағыттағы ұлттық құндылықтарымызды көтеріп тұрып неге көрсетпеске?!

Сосын шеберлерімізге жағдай жасалса екен деймін. Оларға шеберхана дайындап берсек, олар шәкірттер дайындаса. Өзіміздің орталығымыз болып,  бір жерде қыздарымыз ұршық иіріп, ұлдарымыз қамшы өріп жатса керемет емес пе. Осыларды сол кісілерден алып қалып болашаққа неге бермеске?! Тігін цехтарымыз жұмыс жасап жатса, оқушыларға кәсіптік бағыт беріп жатсақ. Міне бұның бәрі арман күйінде қалмас үшін шамамыз жеткенше қарманып жатырмыз. 

– Әсілінде бұл ұлттың арманы, халықтың көксегені болуға тиіс. Ұлттың жүгін арқалап жүрген өзіңізге тек сәттілік тілейміз!

Суретті түсірген автор.