Днепр қаһарманы Мартбек Мамыраев
26.02.2024 1516

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең алапат қырғын болды. 1935-1945 жылдар арасында әлемнің көптеген мемлекеттері осы соғысқа қатысты. Бұл соғыстың нәтижесінде Германия мен Жапония бастаған фашистік, милитаристік режимдер жеңілді. Совет Одағы мен АҚШ қатарлы одақтастар жеңіске жетіп, әлемнің бұдан былайғы саяси жолын айқындауға мүмкіндік алды.


Қазақ халқы ХІХ ғасырдан бастап Ресейдің құрамындағы ұлт болушы қазақтар тек соғыстың алдында ғана армия қатарына жаппай алына бастады. Фин соғысына алғаш Совет Армиясы құрамында қатысқан қазақтар 1941 жылы 22 маусымда басталып, төрт жылға созылған «Ұлы Отан» соғысында майданның ең күрделі шептерінде шайқасып, көптеген жігіттер мен қыздар ересен ерліктің үлгісін көрсетті. Тоқсан сегіз қазақ Совет Одағының батыры деген жоғары атаққа ие болды. Олар қазақ халқының ержүрек, шыдамды әрі батыр халық екендігін әлемге әйгіледі. 

Сондай-ақ осы соғысқа қатысты мына бір жағдайды да айта кеткен дұрыс болмақ: қазақтан шыққан атқыштар, снайперлер, ұшқыштар, т.б. арасында Совет Одағының батыры атағының нормасын асыра орындап тұрса да, түрлі себептермен еңбегі лайықты бағаланбаған  қаншама қазақтардың да болғандығы туралы деректердің өзі біршама. Солардың бірі – Ыбырайым Сүлейменов 241 фашистің көзін жойса да, ерлігі лайықты бағаланбаған. Тіпті Рейхстагке ту тіккен көзсіз батырдың өзі Рақымжан Қошқарбаев емес пе еді?

Совет Одағының батыры атағын алған алғашқы қазақ жауынгері – атақты 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясының рота командирі Мәлік Ғабдуллин болатын. Мәлік Ғабдуллиннен кейін бұл атақ әр жылдары қазақ жауынгеріне берілген. Солардың бірі де бірегейі – майдандағы ерлігімен дараланған, сол бір қанды қасаптан аман келіп, бейбіт күнде тер төккен ержүрек қазақ Мартбек Мамыраев болатын.

Совет Одағының батыры, алпыс бірінші армияның он екінші гвардиялық атқыштар дивизиясы, отыз екінші гвардиялық атқыштар полкінің пулемет расчетінің командирі, гвардия аға сержанты Мартбек Мамыраев 1908 жылы 2 наурызда қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Ақжол ауылында (бұрынғы №20 ауыл, кейіннен 1 мамыр) дүниеге келген.

Ата-анасы ауқатты отбасы болғандықтан, алаңсыз балалық шағын өткерген Мартбек 1931 жылы республика бойынша қызу еңбек алаңы болып жарияланған Қарағанды қаласын салу науқанына аттанады. Мұнда ол қатардағы тазалаушы болып шахтадағы жұмысын бастайды. Аз уақыт ішінде мұндағы жұмыс ырғағын меңгерген ол кен қазушы болып бекітіледі. Белсенді жұмысшы ретінде комсомолға өтеді. Кен қазушы бола жүріп, электр монтері мен учаске механигі курсын тәмамдайды. Сол кезде күрделі болып саналатын тау-кен ісі маманы болып шығады. 1936 жылдан бастап шахта кәсіподақ комитетінің мүшесі болса, 1938 жылы оның төрағалығына сайланады. 1940 жылы «Кировкөмір» тресі №3 бис шахта коммунистерінің жетекшісі болып тағайындалады. Бұл – оның жетекшілік, ұйымдастырушылық қабілеті лайықты бағалануының көрсеткіші болатын.

Сұрапыл соғыс басталған кезде ер-азаматтар майданға аттанып жатты. Мартбек Мамыраев та әскери комиссариатқа барып, өзін майданға жіберуін сұрайды. Бірақ алғашқы жылы тылдағы қажеттілікке байланысты оның бұл өтініші орындалмайды. Мың тоғыз жүз екінші жылы Мартбек Мамыраев майданға аттанады. Атақты Сталинград қорғанысы шайқастарына қатысады. Шайқастардың бірінде жараланып, 1943 жылдың тамызына дейін госпитальде емделеді. 

Он екінші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында қайта майданға кірген ол Димитров қаласы үшін шайқасқа қатысады. Майдан даласындағы қиындықтар туралы кейінен батырдың өзі былай деп еске алған екен: «Соғыстың аты – соғыс қой. Біз қақаған аяз пен езілген батпақта окопта жаттық. Бұл туралы ешкімге шағымданудың да реті жоқ еді. Бәріне де төзуге тура келді. Ұсақ-түйекке мән бермедік. Барлығы да жалғыз нәрсеге – Жеңіске жету жолындағы асқан тәртіпке ғана бағындық! Біз қатал да күшті жаудан басым түсу үшін қандай солдат болуымыз керектігін жақсылап ұғынған едік».

Гомель облысының Глущец селосы маңындағы позицияны иелену үшін болған кескілеске ауыр шайқаста Мартбек Мамыраев құрамындағы атқыштар ротасы өзгелердің алдында болып, үлкен ерлік көрсетеді. Жаудың қарша бораған оғы өзіне бағытталған кезде ауыр жараланған рота командирі: «Аға сержант Мамыраев! Басқаруды қолыңа ал!» деп бұйрық беріп үлгереді. Қарамағындағы жауынгерлерін басым жаудан қорықпауға жігерлендіріп шайқасқа бастаумен қатар өзі де ерліктің үлгісін көрсетіп, елуден астам фашистің көзін жойып, екі атыс нүктесін жояды. Днепр өзені бойындағы осы шайқастағы ерен ерлігі мен ротаны лайықты басқарғаны үшін аға сержант Мартбек Мамыраев «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады.

Құрама ауыр шайқастарды бастан кеше отырып, жауды батысқа қарай тықсыра түседі. 1943 жылдың қыркүйек айы соңында совет әскерлері Днепр өзеніне келіп тіреліп, су айдынын кесіп өтіп, арғы жағалауға шығу шабуылдарын бастайды. Фашистер бұзып кеткен уақытша өткелді бойлап жүзген Мамыраевтың әскери жасағы арғы жағаға шығып үлгерді. Соңынан қосымша күш келгенше үш күн, үш түн бойы Мамыраевтың пулеметшілері плацдармды ұстап тұрды. Осы шайқаста тағы жараланса да, командир Мартбек Мамыраев ұрыс алаңын тастаған жоқ. Жауынгерлері бірінен соң бірі қатардан шығып жатты. Мамыраев басқарған жасақ осылайша өзге бөлімдердің өтіп шығуына жағдай тудыру мақсатын лайықты Днепрді кесіп өту операциясы сәтті аяқталды. Бұдан соң Украина астанасы Киев қаласын азат ету шайқасына қатысып, Днепр өткелдері арқылы сәтті өтіп, жауға аяусыз соққы берді.

Майданда көрсеткен ерен ерлігі, жоғары басшылықтың қойған тапсырмасын ойдағыдай орындап, ерекшеленгені үшін аға сержант Мартбек Мамыраевқа 1944 жылы 15 ақпанда СССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Совет Одағының батыры атағы берілді. Батыр атағына қоса «Алтын жұлдыз» және «Ленин» ордендері қоса берілген. Сонымен қоса 1985 жылы І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен сыйланған.

Батыр атағы берілгеннен кейін Мартбек Мамыраев екі ай демалыс алып, елге оралады. Қарағандыға келе бере қатты ауырған батырдың өмірі үшін күрескен дәрігерлердің отасы нәтижелі болады. Майданда алған ауыр жарасы сыр берген екен. Осыдан кейін дәрігерлер бұдан былай әскери қызметке жарамсыз деген қорытынды анықтама жазды

Киров атындағы №20 шахтаның парторгі болып жұмыс істейді. Бұдан соң Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды қаласы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызмет атқарды. Мартбек Мамыраев 1958-1972 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институты директорының орынбасары қызметін абыройлы атқарады. Тәжірибелі басқарушы маман 1972-1985 жылдары осы институтта патент-информация бөлімінің инженері болып жұмыс істейді. Осы ғылыми мекеме қабырғасынан 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан. Өзі ұзақ жылдар қызмет істеген Химия-металлургия институтының әкімшілік үйінде Совет Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың мүсіні қойылған.

Майданда қарсы келген жауға арыстандай айбарлана ұмтылған батыр бейбіт өмірде қарапайым да әділетсүйгіш, мақтаншақтық пен тәкаппарлықты жаны сүймейтін адам болғандығы ол туралы естеліктерде айтылады. Тіпті құрметті еңбек демалысына шықса да, қол қусырып қарап отыра алмаған батыр-ардагер әрқашан қайнаған еңбек пен маңызды жиындардың ортасынан табылып отырған. Мектеп оқушыларымен, жастармен, Қарағанды әскери гарнизоны жауынгерлерімен, еңбек ұжымдарымен кездесулерге жиі барып, ерлік рух, еңбекқорлық, ұлтаралық татулық пен бірлік туралы әсерлі әңгімелер айтып беретін болған. «Мен әрдайым жағымпаздық пен жарамсақтық дегендерді ұнатқан емеспін, тәкаппарланып кісімсінгендерге ешқашан жалбақтаған емеспін. Бұл екеуі де жиіркенішті қылық қой. Барынша қарапайым, әділ болсаң – сол жақсы емес пе? Ал кейде жұмыс дегенде маңдай теріңнің соңғы тамшысына дейін төгу қажет. Мінеки, сонда ғана құрмет пен мойындау өзі-ақ сені табады», деген екен ол бірде. Бұл – нағыз қарапайымдылықтың, халықшылдықтың үлгісі емес пе?

Қоғамдық өмірде талапшыл да, мұқият, елсүйер азамат болған Мартбек Мамыраев халық қалаулысы ретінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Бейбіт замандағы ерен еңбегі үшін, майдандағы жауынгерлік наградаларына қоса «Құрмет белгісі» ордені қосылды. 1971 жылы батырдың есімі «Қарағанды қаласының Құрметті азаматтары кітабына» енгізілді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, өзге де наградалармен сыйланған. Бүкіл өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болған қажырлы да қайратты азамат, ҰОС ардагері Мартбек Мамыраев 1989 жылы 20 қарашада, 81 жасында Қарағанды қаласында дүниеден өтті.

Ел-жұрты батырдың есімін лайықты ұлықтап келеді. Батыр Мартбек Мамыраевтың туған аулында 1992 жылы ескерткіші қойылды. Өзі туып-өскен ауыл қазіргі күні Мартбек Мамыраевтың атымен аталады.

1991 жылы Қарағанды қаласындағы Октябрь (қазіргі Әлихан Бөкейханов) ауданындағы ДОСААФ әскери-техникалық мектебі Совет Одағының батыры Мартбек Мамыраевтың атымен аталды. Әскери-техникалық мектепте батырдың кеудемүсіні орнатылған. Мүсіннің авторы – Эли Качуев. Мектеп Қазақстанның болашақ әскери мамандарын дайындауға үлкен үлес қосып келе жатыр. 2008 жылы батырдың туғанына 100 жыл толуына орай Қарағандыда Мартбек Мамраев атындағы аллея салынды. Ел басына күн туғанда адамзаттың ортақ жауы гитлершіл фашизмге қарсы соғысқа белсене араласып, көзсіз ерлік танытқан Қарқаралы өңірінің қаһарман ұлы Мартбек Мамыраевтың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.