Қашқын қалмақ қалай тұтқындалды? ІІ бөлім
19.02.2024 1679

қиыр жайлап, шет қонған қандастарымызды қуғанға ұшыртқан Қобда беті қазақтары арасында «Жалама» («Далама») деген лақап атымен танымал ресейлік қашқын қалмақ Дамбыжансын Амурсанаев ақ патша тарапынан тұтқындалып, Сібірге айдалғаны жөнінде баяндаудың жалғасын жариялап отырмыз.  


Сарысеке қонысында 1914 жылы 7 ақпан күні тұтқынға алынған Дамбижансынды қолына кісен салып Қобдаға әкелді де, мұнда көп кешіктірмей қарулы солдаттардың бақылауында әуелі Бийск, соңынан Томск арқылы Иркутскіге жеткізген. Қала маңындағы «Централ Александровск» атты жазалау лагеріне апарып қамаған. Бір қызығы, затты айғақ ретінде қазақтың бітеу тұлыбы Жаламамен бірге Иркутск қаласына дейін барған. Ол тұлыпты орыстар Жаламаны соттағанда дәлел ретінде пайдаланған.

Иркутскіде жазаға кесілген Жалама 1915 жылы 1 шілде күні Якутияға жеткізіледі. Бұл жерде бір жылдай түрме азабын тартады. Содан 1916 жылы 15 шілде күні Жаламаны «денсаулық жағдайына байланысты» Якутиядан туған жері Астраханьға жер аударады. Алаяқ қашқынды 1916 жылы 16 қыркүйекте қабылдап алған жергілікті жердің шенеунігі: «Орысша тіл білмейді әрі денсаулығы нашар» деп анықтама жазған екен. 1916 жылдың шілдесінен 1917 жылдың сәуір айына дейін Царев (Сарай Берке) қаласында Злобинов атты орыстың үйінде мырзақамақта отырған. 1916 жылы 6 қараша күні жазылған Царев қалалық полициясының анықтамасында: «Дамбижансын Моңғолияның адамы, буддист», ‒ депті.

Бұл жерде Жаламаның жеке бас жағдайы онша болмаған сыңайлы. Қиыр Шығыс өлкесінің қатардағы шенеунігі Закаковтың 1917 жылы 28 ақпанда Астрахань губерниясы әкім­ші­лігіне жазылған хаты сақталған. Ол хатта Якутиядан Астрахань өлкесіне жер аударылған моңғол Жалама ішер ас, киер киімге жарымай жүргені жайлы айтылса, 1917 жылы 17 нау­рызда Жалама Моңғол үкіметінен көмек сұрап (орысша біле­тін бір адам жазып берген) хат жазады. Бірақ жауап болмайды. Өйткені Моңғолияда оны керек қылайын деп тұрған адам жоқ болатын. 

Бірақ бұл жерде Жаламада қарап жатпай, Қобдадағы досы Бурдуковқа хат жолдап, одан көмек сұрапты. Ол хаттың жолма жол аудармасы мынадай:

1. Дамбижансын сізге үлкен құрмет білдіреді; 

2. Ежелгі таныс Бурдуков сіздің амандығыңызды тілейді;

3. Мұндағы мен пақырыңыз тәңірдің алқауында аман-есенмін;

4. Өзіңізге ерекшелеп айтарым: сегіз мың тоғыз жүз он екінші жыл (буддистік жыл санау);

5. шыққалы Жаларанз ұстаз (Бурдуковты айтады – Қ.Б) сіз менің фотоларымды;

6. біздің суреттерді, әсіресе менің жекелей;

7. немесе жолдастармен бірге түскен әртүрлі фотоларды маған жіберіп;

8. беруіңізді қайта-қайта өтінемін.

9. Орыс тілін білмегендіктен тілі жоқ адам тәрізді; 

10. үнсіз, соқыр адам сияқтымын, өте ауыр;

11. болғандықтан маған әртүрлі қызық фотоларды жіберсеңіз;

12. жақсы болар еді.

13. Құрметті таныс-дос, аман болыңыз.

14. Жолдасыңыз Дамбижансын жазды.

15. Берекеге толы күндер болсын.

Жаламаның Бурдуковқа жазған хаты. 1916 жыл. Царев қаласы

Осы екі арада Ресейді толқыт­қан Қазан төңкерісін пайдаланып, алаяқ лама мырза­қамақ­тан қашып шығып, Моңғолияны бетке алады. Жаяу-жалпы тентіреп Сэлэнгіге бекетіне келеді. Оның қашып кеткені жайлы 1917 жылдың 14 сәуірінде Моңғолияда отырған Ресейдің дипломат өкілі Орловқа хабар түседі. Орлов болса, Қобда қаласында отырған консул В.Г.Габрикке: «Жалама көзіңе шалынса, дереу тұтқындап Ресейге аттандыр», ‒ деп бұйырады. Бірақ алаяқ қалмақ батыста тұрақ таппасын бі­ліп, астана Күреге тіке тартады. Сөйтіп, 1918 жылы Қияқты бекінісі арқылы Моңғолияға өтіп кетеді. 

Күреге ат басын тіреген Жалама әдеттегідей ежелгі таныстарын іздейді. Байырғы танысы Бурдуковқа жолығады. Бұл жайлы Бурдуков: «Ол бұрын орысша бір ауыз сөз білмейтін еді. Осы келгенде орысша бұлдыр-салдыр сөйлейтін, тіпті ептеп жаза алатын деңгейге жетіпті», ‒ дегені нақты шындық (А.В.Бурдуков. В старой и новой Монголии. Ұланбатор, 1987 г. Стр.-66).

Соңғы жылдары моңғол деректерінде 1917 (8) жылы Моңғолияға келген Жалама халқа нояндарынан қайыр болмаған. «Оның бұрынғы таныстары Дилов құтықты, Жалқа­ныз құтықты, Дамдинбазар батыр, Мақсыржабтар теріс айналды» деп жазады моңғолиялық зерттеуші Д.Алтынгерел.

Тығырыққа тірелген Жалама Алтай шебі Сарысүмбе отырған Балтабанмен жасырын байланысқаны жайлы айтылып жүр. Тіпті екеуі құпия келіскен де болуы мүмкін. Бұл істі қытайлар біліп қойған. Балтабанның 1919 жылы қыз­ме­тінен алынып, бір жылдан кейін құпия жағдайда өмірден өтуіне осы оқиға себеп болған дегенді алға тартады зерттеушілер. 

Жаламаның Күреге келуіне тағы бір себеп: 1914 жылы Жалама тұтқынға алынғанда барлық жиған алтын-күміс бұйымдарын Боғда ханның меншігі ретінде осында жеткізген. Алаяқ лама Боғда ханның қолында сақтаулы тұрған бұрынғы байлығын арашалап алмақ ниетте болғаны анық. Бірақ бұған қол жеткізе алмаған. 

Кейбір дереккөздері Боғда ханның меншігіне алынған Жаламаның байлығын 1921 жылы 3 ақпан күні Күре қаласын қытайлардан азат еткен ақ орыстың офицері барон Унгерн иемденіп кеткен деген болжам бар. Тіпті бәзбір жазбаларда: «Шексіз байлыққа ие болған Унгерн барлық алтын-күмісті 250 түйеге артып, әрбірінің салмағы 4 пұт болатын (1 пұт – 16 келіге тең) 24 қорапты сенімді адамы атақты Баяр гүн арқылы Ресейдің шекарасынан өткізіп жіберген. Бұл байлықты алып келе жатқан керуен қызылдардың қоршауына тап болып, дүние-мүлікті түгелдей жерге көміп тастаған. Өздері қызылдар қолынан қаза тапқан», ‒ деген жолдар бар. Тіпті сол байлық әлі күнге дейін іздеп жүргендер бар. 

Тағы бір деректе Сыртқы Моңғол ақтың генералы барон фон Штернбергтің (Унгерннің) қолына өтіп кеткеніне алаң­да­ған қызылдар Батыс Моңғолияны өздерінің ықпалында алып қалу үшін Жаламаны пайдалануды көздейді. Оған дәлел, 1921 жылы 1 мамыр күні Коминтерн өкілі Б.Шумяцкий Мәскеуге жолдаған телеграммасында: «Батыс Моңғолияға соцрежим орнату үшін танымал алаяқ Жаламаны өзімізге тарту керек», ‒ делінсе, Барон Унгернде Батыс Моңғолияны өзіне қарату үшін Жаламаны пайдалануды көздеген. Алаяқ лама бұлардың екеуінің де ұсынысын қабыл алмаған. Ақыры бәрінен түңілген Жалама Күрені тәрк етіп, Қытай елінің Моңғолиямен шекаралас шебі Ганьсу өлкесінің Мажынсан (Ма-Цзун-шань) тауына барып бекінген. 

Мажынсандағы Жаламаның бекінісі. Суретті 1928 жылы Х.Хаслунд түсірген

Бұл адамды Моңғолдың атақты дін қайраткері Дилав құтықты (Башлу Жамсранжабы) өзінің «Саяси естеліктер» («Улс төрийн дуртгал») атты кітабында: «Бұл – адам бейнесіндегі шайтан», ‒ деп бекер айтпаған екен, айлакер лама аз ғана уақыт ішінде маңайындағы Шешек көлі, Қайырхан тауы және Шешен сартуыл өңірінде мекендеп отырған бұқараға, сонымен қатар Қарашар, Бұлғын, Қобықсары қалмақтарына билік жүргізіп, өзіне тіке бағынышты 500 шаңырақ жинап алады. Бұл мекен сауда жолының күретамырында орналасқандықтан, әрі-бері жүрген керуендерді тонау арқылы аз ғана уақытта байып шыға келеді. Онымен қоймай биік қамал-қорған тұрғызады. Кейін яғни 1927 жылы осы қорғанды көзімен көрген Николай Рерих оның беріктігіне таңғалғанын жайлы естелігі бар. 

А.Бурдуков досы Б.Владимирцовқа жазған хатында: «Ол (Жаламаны айтады ‒ Б.Қ) тағы қашып Моңғолияға келді. Ақтың офицері барон Унгерн шақырып еді, бармады. Баркөл жаққа өтіп кетті. 500 шаңырақ бұқара жинап, жеке хандық құрып алыпты. Гобидағы елдің басын қосып, әскер жинап жатыр. Оны қытайлар құпия қолдап отыр», ‒ дейді.

Сөйтіп, ойда жоқта не Моңғолға, не Ресейге де тиімсіз шап­қа шыққан шиқандай «Мажынсандағы Жалама ордасы» дей­тін тағы бір пәле пайда болады. 1912 жылы қытайларға қарсы майданда ерлік көрсеткен алаяқ лама, 1920 жылдан кейін Қытаймен ауыз жаласып, 1921 жылы жаңадан тәуелсіз ел болған Моңғол Халық Республикасына қауіп төндірерлік күйге жетті.