Өмірден кім өткенін білесіз бе?
12.02.2024 2378

Дәулескер күйші, Алтай-Қобда күйшілік мектебінің өкілі, ұлағатты ұстаз, композитор Райхан Мұхаммедұлы 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды.


Райхан Мұхаметұлы 1934 жылы Монғолияның Баян-Өлгей аймағы, Ұланқұс сұмында дүниеге келген. Даңқты күйші Баян-Өлгий аймақтық музыкалды-драма театрының тұңғыш кәсіби домбырашылар тобының мүшесі.  Көптеген авторлық, әулеттік, халықтық күйлерді қазақ радиосының алтын қорына жаздырған шығармашыл тұлға.

Жастайынан өнерге бейім болған Райханның кішкентай ойын баласы кезінде-ақ домбыраға бейім болғандығы айтылады. Алдындағы ұстаздары іспетті әйгілі күйшілердің туындыларын тамаша меңгеріп, тартады. 1955-57 жылдары Баян-Өлгейдегі музыкалық сауат ашу курсын бітірген. Қазақтың маңдайына біткен өнер майталмандары Хабиболла Тастанов, Алдаберген Мырзабеков, Қабыкей Ахмерұлының шәкірті болып қызмет жасайды. 1957-1991 жылдар аралығында Өлгей қаласындағы Музыкалық драма театрының ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы қызметтерін атқарды. Мұхамметұлының репертуарында Алтай-Қобда қазақтарының және қазақ композиторларының күйлері және шетел музыканттарының шығармалары бар. 1975 жылы МХР еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері атағын алған. Моңғол үкіметі төрағасының стипендиаты, Құрмет грамотасының иегері. 2022 жылы Қазақстанның халық күйшісі атағын иеленген. 

Райхан ақсақал 1991 жылы атажұртқа оралып, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Көктас ауылына қоныстанды. Алғаш болып Көктас ауылынан саз мектебін құрып, осы мектептің жетекшісі әрі ұстазы болып, 2001 жылға дейін қызмет жасайды. 2002-2008 жылдары Осакаровка ауданының Сарыөзек ауылында мәдениет үйінің меңгерушісі, музыка пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарады. Еңбек демалысына шығып, бүгінге дейін Қарағанды қаласында тұратын ұлы Шынаттың қолында болды.

Райхан Мұхаметұлы өзі орындайтын «Арнау», «Ел көшкенде», «Арман», «Қобда өзені», «Сылқылдақ», «Әке арманы», «Қоштасу», «Аманат» секілді авторлық күйлері бар. Квинт (теріс) бұрауындағы жүзден аса күйдің орындаушысы. Сыбызғы күйлерін бүгінгі күнге жеткізген сыбызғышылардың бірі.

«Тарту» (1965 ж), «Жеңіс» (1976), «Қобда өзен» (1979), «Достық» (1981), «Толғау» (1984), «Бақыт таңы, (1984), «Әке арманы» (1985), «Ел көшкенде» (1991), «Ата толғау» (2015), «Аманат» (2018), күйлері  мен оркестрге арналған «Космонавтар вальсі» (1982 ж) музыкалық шығармасы көпшілік көңілінен шыққан сәтті туындылар. Бұның ішінде «Қобда өзен» және «Толғау», «Әке арманы» күйлері – сыбызғы, домбыра ансамбліне лайықталып жазылған күрделі туындылар.

«Қазақстан тарихы» порталының ұжымы күйші-сазгер, музыкант, ұлағатты ұстаз Райхан Мұхаметұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.