Азаттық үшін күрестің жалғасы: Бижан Біләлов ісі
05.02.2024 3097

Мақалада советтік кезеңдегі қазақ тарихының өзекті мәселелерінің бірі – ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы қоғамдық-саяси ахуал, осы кезеңдегі қазақ жастарының саяси белсенділігі мәселесі қарастырылған. Автор бүгінгі күнге дейін есімі елге белгісіз болып келген азаттық жолындағы күрескер Бижан Біләловқа қатысты ұзақ жылдар архивтің «аса құпия» қорында сақталған тың деректерді ғылыми айналымға қоса отырып, бір партиялық тоталитарлық жүйе идеологиясы мен саясатына қарсылық білдіргендерге ресми билік органдары мен қоғамның көзқарасын, күрес әдістерін және бақылау түрлерін, сонымен қатар саяси қуғын-сүргіннің зардаптары мен қасіретін дәйектеп көрсеткен.


СОКП ХХ съезінен кейін Мәскеуде, Лениградта және одақтас республикаларда тоталитарлық жүйенің кемшіліктерін сынау, ресми бір партиялық жүйеге оппазициялық көңіл-күй байқалды. Демократиялық қозғалысқа сталиндік тазарту мен қуғын-сүргін құрбандарының туыстары, жазушылар, ғалымдар және еркіндік аңсаған жеке адамдар мен топтардың өкілдері қатысты. 1950 жылдардың екінші жартысына қарай жеке адамдар, оншақты адамнан тұратын астыртын ұйымдар өздерінің талап-тілектерін партия, комсомол комитеттеріне, басшы қызметтегі жауапты адамдарға, газет-журнал редакцияларына хаттар арқылы жеткізіп, үнпарақтар арқылы таратты. Еркіндік аңсаған совет халқы Н.С. Хрущевтің КОКП ХХ съезінде жасаған «Сталиннің жеке басына табыну туралы» баяндамасын үлкен үмітпен қарсы алды. Өкінішке қарай, халық үміті ақталмады. 

СОКП Орталық Комитеті 1956 жылғы 19 желтоқсанда партия ұйымдарына жолдаған «Партия ұйымдарының бұқара арасында саяси жұмысын күшейту және антисоветтік, дұшпандық элементтердің қаскүнемдіктерінің жолын кесу туралы» хаты және осыған ұқсас «жабық хаттары» советтік-коммунистік жүйені тұрақтандыруға жұмыс жасады. «Жылымық» жылдары саяси қылмыскер ретінде жауапқа тартылған, мәжбүрлі түрде психиатриялық емдеуге жатқызылған азаматтардың көбінің есімі бүгінгі күнге дейін белгісіз болып келді. ХХ ғасырдың 50-нші жылдарындағы ұлт азаттығы жолындағы күрескер Бижан Біләловтың тағдыры соған дәлел. Бижан Құтыбайұлы Біләлов кім?

Бижан Құтыбайұлы Біләлов[1] 1930 жылы Қостанай облысы Амангелді ауданының Құмкешу ауылында дүниеге келген. Әкесі – Құтыбаев Біләл, анасы – Құтыбаева Ажар. Анасы 1941 жылы қайтыс болған. Ол қайтыс болған соң Бижан ағасының қолына келген, әкесі Біләл Басығарина Мәкен деген адамға үйленіп, одан екі ұл, екі қыз сүйген.

Алматы медицина институтының студенті Бижан Біләлов.

ҚР ҰҚКА. – 15-қ., В-тізбе, арх. №103. Том 1. – 121-пп.

Бижан 1937 жылы Қостанай облысы Таран ауданының Екатериновка ауылындағы мектептің 1 сыныбына оқуға барып, 1-2 сыныпты осы мектепте оқыды. Ал 3-5 сыныптарды Қостанай қаласында, 6-10 сыныптарды осы облыстың Амангелді ауданында[2] оқыды. 1948 жылы орта мектепті бітіріп, келесі оқу жылы (1949 жылы) Қостанай қаласындағы фельдшер-акушер дайындайтын мектепке (кейін медициналық училище деп аталды – Д.М.) оқуға түсті. Ол оқу орынын 1953 жылы бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ медицина институтының санитарлық факультетіне құжат тапсырды. Қабылдау емтихандарынан сәтті өткен Бижан атаған оқу орнының студенті атанды.

Ол медициналық институтта жақсы оқумен қатар емханаларда қосымша жұмыс істеп, білім мен тәжірибені ұштастырды. Жасы алпыстан асқан қарт әкесінің отбасына қаржылай жәрдем беруді де естен шығармады. Білімін үнемі жетілдіріп, ағылшын, түрік тілдерін меңгеруге ұмтылды. Орыс және басқа тілдердегі ауру атауларының қазақ тіліндегі атауын немесе баламасын іздеп, медицинаны қазақ тілінде сөйлетуге талпынды. Ана тіліндегі кітап, газет-журналдарды, «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», мақал-мәтел және басқа да ауыз әдебиетін сүйіп оқыды. Ол сонымен қатар қоғамда болып жатқан оқиғаларға да бей-жай қарай алмады. Қазақ халқының еркіндігі мен бостандығы туралы ой-пікірін, қоғамда болып жатқан оқиғаларға көзқарасы мен ұстанымын, ішкі ой-толғанысын күнделікке түсіріп, өзекті мәселелелерді мерзімді басылымдар редакциясына, ресми органдарға хат арқылы ашық білдірді. Бижан Біләлов өзінің күнделік жазбалары мен хаттарында кеңес билігі тарапынан саяси, әлеуметтік және мәдени салаларда жіберілген кемшіліктер, ұлт мәселесіндегі бұрмалаушылықтар және қоғамдағы басқа да өткір мәселелер туралы ой-пікірін ашық жазды. «Қазақ халқы шын мәніндегі еркіндік пен тәуелсіздікке қалай қол жеткізеді?» деген сауалдың жауабын және тәуелсіздік алудың жолдарын іздеді. Орныққан әміршіл-әкімшіл жүйе қазақ студентінің елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі туралы ой-пікірінен үрейленіп, оны жауапқа тартты. Мәселе түсінікті болу үшін Бижан Біләловтың ісіне тіркелген құжаттарға кеңірек тоқталайық. 

СОКП Орталық Комитетінің 1956 жылдың 19 желтоқсанында «Партия ұйымдарының бұқара арасындағы саяси жұмысын күшейту және жау элементтердің антисоветтік бас көтеруіне тыйым салу жөніндегі» арнаулы жабық хатты советтік тоталитарлық жүйенің тұтқындау науқанының жаңа кезеңін ашты. Советтік билік кемшіліктерін сынға алған, өздерінің ой-пікірін ашық айтқан адамдарды ресми органдар бақылауға алды. Соның бірі – біз зерттеп отырған Алматы медицина институтының 5 курс студенті Бижан Біләлов болатын. 

Бижан Біләлов ісінде 1956 жылдың 12 қарашасында Алматы қаласының Сталин аудандық комсомол комитетіне өзін комсомол қатарынан шығару туралы өтініші, 1957 жылдың қазан айының басында «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» және «Казахстанская правда» газеттерінің редакциясына сөз бостандығын талап етіп жазған хаттары тіркелген.

1956 жылдың 12 қарашасында астаналық Сталин аудандық комсомол комитетіне жолдаған оқушы дәптерінің 8 бетіне жазылған өтініш-хаттың қағазы сарғая бастағанымен жазуы анық. Б. Біләлов өтініш-хатында комсомол қатарында болудан бас тартқан. Оның себебін: «ХІХ ғасырда қоныстанған ұлттық аймақтардағы орыстар. Олар қазақ жерінде тұрып, байырғы халыққа адал емес, оларға менсінбеушілікпен қарайды... Солардың көзін жойғысы келеді. Бұл – олардың басты мақсаты... Мен бұған сонау 1949 жылы көзім жетті. Бұл жағдайда олардың негізгі әдісі – алдау. Бұл бос әңгіме емес. Бұл бақылаудың нәтижесі...» (ҚР ҰҚК АА, 15: Заявление, Вх. 5/9 /15/ХІ – 56 г.) деп түсіндіріп, ақиқатты қанша іздегенімен үнемі алдауға кездесетінін айтқан. Мұндай мазмұндағы хаттар, өтініштер, т.б. жазбалар бірден партияның саяси-идеология бөліміне және басқа да ресми органдарға жөнелтілетіні белгілі. Б. Біләловтың өтініш-хаты да 1957 жылдың 21 қаңтарында Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жолданды. Б. Біләловпен тиісті органдар саяси тәрбиелік мазмұндағы жұмыстар жүргізіп, соңы оқудан шығаруға дейін барды. Б. Біләлов алпыстан асқан қарт әкесі мен 1-11 жас аралығындағы шиеттей төрт бауырының қамын ойлап, комсомол қатарында қалуды ұйғарды. 1945-1958 жыл (мамыр) аралығында комсомол қатарында болып, тек жасының ұлғаюына байланысты комсомол қатарынан шығарылды. 

Б. Біләловтың «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына 1957 жылдың 6 қазанында жазған хаты

Советтік билік халықтың өзіндік ой-пікірін ашық айтуға барынша тыйым салғандықтан, олар өздерінің талап-тілектерін, арыз-шағымдарын үнпарақтар (листовка), аноним хаттар арқылы білдірді. ХХ ғасырдың 20-30-ншы жылдары жүргізілген бай-кулактарды тәркілеу, отырықшыландыру, ұжымдастыру жылдарынан бергі кезеңде үнпарақтар мен аноним хаттар елде көп тарады. Оларда адамдардың аты-жөні нақты көрсетілмегендіктен, жазған адамды табу қиындық тудыратын. Ел арасына тараған үнпарақ үлкен қозғалысқа ұласып, әміршіл-әкімшіл жүйеге қауіп төндіреді деп түсінген жоғары партия органдары бақылау шараларын күшейтті. ОГПУ органдары жұмысының нашарлығы қатты сынға алынып, үнпарақ, аноним хат таратушылармен күрес жанданды. Бірақ халықтың наразылығы жазылған үнпарақ, аноним хат жазу тоқтаған жоқ. Соның бірі – 1957 жылдың 7 тамызында Қостанай облыстық комитетіне «Куәгерлер» (Очевицы) деп қол қойып, жолдаған аноним хат. Хатта қазақ ұлтының тағдырын шешетін көкейтесті саяси мәселелері (31/VII – 57 ж.) жазылды. Облыстық партия комитеті хатшысының атына жолданған аноним хатта: 

«...Ұлы мәртебелі тақсыр, сіз айып етпеңіз, егер біз осы күні жүргізіліп отырған коммунистік партияның саясатына белгілі бір маңызды жағдайларға сүйенген дәлелдер мен өзіміздің ойымызды айтсақ. Біз сіздің көңіліңізді мынаған аударғымыз келеді. Қазақ халқы – жас бала сияқты жаңадан ғылымға бас көтеріп келе жатқан халық. Сондықтан сәбиге қыршын жас кезінде ешбір қысым, кедергі жасамау керек, оның әрбір сезімін жаншып тыю – өте өрескел, озбырлық. Сол сияқты қазақ жұрты да. Біздің қазіргі «Қазақстан» деген алдамшы атымыз өзімізді өзіміз есіркегендіктен жұбатқандық. Бұл ат шындығынан алғанда өзін ешбір ақтамайды. Үйткені Қазақстанда жай үгіт ретінде айтылып жүргенмен, қазақ тілі мемлекет тілі болудан қалды. Қалаға барсаң, орыс тілін білмейінше ешбір аяқ басып жүре алмайсың. Осы өтірік пе? Одан қалды почта ісі, военкомат ісі, т.б. кілең орыс тілінде жүреді. Осы өтірік пе? Ауылда болсын, селода болсын не деревня болсын, үкімет билігі орыстардың қолында. Біз қашанғы бұлай өмір сүре береміз? Бізді коммунистік даурықпа үгітпен ешбір алдамай-ақ қойыңдар. Біз қазақ халқының бақытсыз болашағына өте қынжыламыз, зарлаймыз» (ҚР ҰҚК АА, 15: Секретарю областного комитета КПСС) деп Қазақстанның отар елдер қатарында екенін жазған.

Б. Біләлов бастаған жастар қол қойып «Қазақтың ежелгі мұраларын сақтайық» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына жолдаған бірінші хаты баспадан шықпаған соң, 1957 жылдың 6 қазанында ол «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына тағы бір хат жолдады. Бижан өзінің «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған хатында қазақ жастары ана тіліндегі газет-журналдарды құрметтейтінін әрі өте сүйіп оқитынын айта келе: 

«Қазақ әдебиеті» ескі әдет-ғұрыптардан арылу жолында, қазақ жастарын прогреске, ұлттық сана-сезімділікке баулу жолында үлкен роль атқарады. Бұл газет – бірден-бір қазақ жастарының ойынан шығатын және қадірлейтін газет...

Маған орысша айтуға лұқсат етерсіз. Қазір қазақ тілінің өркендегені сонша, біз тіпті өз тілімізде тілдесуден қалып барамыз» (ҚР ҰҚК АА, 15: 43 – 58) деп өз ойын орыс тілінде жалғастырған. Бижан Біләловтың бұл хаты «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына аспаннан жай түскендей әсер етсе керек, 1957 жылдың 12 қазанында кезектен тыс партия ұйымы жиналысын өткізіп, хат жабық есік жағдайында талқыланды. Газет редакциясы партия жиналысы қабылдаған қаулыны және хаттың түпнұсқасын Қазақстан КП ОК-не (И.Д. Яковлев пен Н.И. Журинге), көшірмесін ҚКСР МҚК-не (В.В. Губинге) жолдаған. Осы жылдың 10 қазанында «Казахстанская правда» газеттерінің редакциясына да хат жолданды. Екі хаттың жазылуына да себеп болған «Казахстанская правда» газетінің 1957 жылдың 4 қазанындағы № 233(9162) санында жарияланған «Любовь народа объязывает» деп аталатын бас мақала. Мақалада қазақ тілінде шығатын «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің жұмысы сынға алынып, С. Мұқанов («Дала толқындары») пен І. Есенберлиннің («Бақыт туралы ән») шығармаларын басқаны үшін айыптаған, аталған газет-журналдар жұмысын жақсарту қажеттігі айтылған. «Казахстанская правда» газетінің сынымен келіспеген Бижан Біләлов 1957 жылдың 10 қазанында «Казахстанская правда» газетіне хат жолдап, онда: 

«...Мен сіздердің редакцияңызға екінші рет хат жазып отырмын. ...Мен – «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналының оқырманымын, осы газет пен журналды жамандап, қудалағандарыңызға ренжідім. Қазақ жастарының сүйікті газеті «Қазақ әдебиетіне» жала жабуға, қарсы болуға дәтіңіз қалай барды?! Біздің сүйікті газетіміз «Қазақ әдебиеті» шындықты жазады, орыс тіліндегі «Казправда» және «Ленинская смена» газеттері сияқты шындықты бұрмалап көрсетпейді. «Қазақ әдебиеті» қазақ халқының жан-дүниесін, арман-мүддесін бейнелейді, ұлттық сана-сезімге тәрбиелейді, өткеннің барлық қалдықтарымен күреседі. Ол қазақ ұлтына қызмет етеді, шын мәнінде солай болуы керек. Міне, сондықтан да қазақ жастары оны құрметтейді, бағалайды. «Қазақ әдебиеті» газетіне қалай қару алып, қалай қарсы болсаңыз да, сөксеңіз де, жамандасаңыз да, біз, қазақ жастары, әлі де аяулы газетімізді сүюді тоқтатпаймыз. Бізге осындай газет керек. «Қазақ әдебиеті» газетімен салыстырғанда сіздің «Қазправда» түкке тұрмайтын газет. Барлық жаңалықты біз «Правда», «Комсомолская правда», т.б. газеттерден оқи аламыз. Сендердің газеттерің мүлдем артық, оны жабу керек. «Казправда» газетіне жұмсалатын барлық шығындарды алып, қазақ халқының игілігіне пайдаланған әділетті болар еді. Қазақтың сүйікті журналдары мен газеттерін өз-өзіңізге сенімді түрде үнемі «сынға» алуға ұмтыласыздар. Қазақ мұны сізден сұрамайды. Неге мұрныңызды кез келген жерге тығып жүрсіз. Қазақ жастары мен газеттері өзіне қажетін байқайтындай сауатты. Біз мұны сізден ешқашан сұраған емеспіз және сұрамаймыз да. Біздің ішкі ісімізге араласпауларыңызды өтінеміз. Өткеннің қалдығын сынағанға біз қарсы емеспіз, бірақ сіздердің балтамен күретамырдан шабумен келісе алмаймыз. Осылайша өзіңізді жау ретінде, әрқашан және барлық жерде басқалардың ісіне араласатын отаршыл ретінде көрсетесіз. ...Қазір де өмір сүруге тыйым салып отырсыздар, ешбір еркін ой ашық айтылмайды. Кез келген ұлттық сезім аяусыз басылады. Мысалы,  профессор Е. Бекмаханов, Б. Майлин, С. Сейфуллин сынды көрнекті жазушыларымыздың соты және І. Жансүгіров және басқа да істер. Оны халықтан жасырғыларыңыз келеді. Жоқ, жасырмаңыздар. Қазақ ұлтының патриоттарын құртып, тек айтқанға көніп, айдағанға жүретін малдарды ғана қалдырмақсыздар ғой. Жоқ, ол ойлағандарыңыз болмайды. Сіздерде шындық болған емес, болмайды да» (ҚР ҰҚК АА, 15: Тетрадь №1) деп жазды. Бижан Біләловтың «Казахстанская правда» газетіне жазған бұл хаты Қазақстан КП ОК хатшысы Н.А. Жандилдинге тапсырылды. 

Республикалық газет редакцияларына жолдаған хаттары жоғары партия комитеті мен мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде үлкен дүмпу туғызғанынан еш хабарсыз Б. Біләлов Қостанай облысы Амангелді ауданының Құмкешу ауылында тұратын туысы Ғалымжан Жүнісовке де хат жазып, өзінің қоғамдық-саяси ой-пікірімен бөлісті. 1957 жылдың 20 қазанында Ғалымжанға: 

«...Еділден Алтайға дейін, Орал тауынан Тәшкентке дейін, Омбыдан қырғызға дейін қазақ таралған. Біз осы жерлерге қазақтарды  толтыруымыз керек. Бізге халық өте көп керек. Біз оны қайдан аламыз. Біздің санымыз орыстардай болу керек. Бұл үшін қалыңнан (қалың малдан – Д.М), руға бөлінушіліктен безу керек. Бұл алға бастырмайтын сарқыншақтар. Орыстар, ағылшындар, немістер, т.с.с. руға бөлінбегенде олар қазақтан кем бе? Жоқ, біздің қазақ олардың басып кеткен ізіне де жетпейді. Қазақ сондай артта қалған, надан, дінге соқыр, сезімге нанғыш. Бізді ел қылып көбейтем деген Амангелді, Әлібиді коммунистер жұтып қойды. Енді қазақ ұлтының мүддесін көздейтін кім бар? Ешкімде жоқ. Үйткені сатылған. Біз қазақ қаласы, қазақ өкіметі болуына тырысуымыз керек. Орыстар басшылық етіп біз қашанға барамыз.     

«Еділ бойы ен тоғай» деп Исатай, «Ел қондырсам деп едім» деп зарлап өтіп еді Махамбет. Бізде солай өтеміз ғой. Біздің тілегіміз қашан орындалады. ...Біз – революционер адамдармыз» (ҚР ҰҚК АА, 15: Письмо от 20/Х.57) деп жазды.

Ғалымжанға 1957 жылдың 30 қазанында жазған келесі хатында амандық-саулық сұрай келе: 

«Бұндағы жаңалық астанада орыс газеттері «Казправда», «Ленинская смена» біздің, яки қазақ жастарының сүйетін газеті «Қазақ әдебиетін» текке бас салып кінәлауда. Бізді билеген орыстар қазақ жастарын орысқа табынушылыққа тәрбиелеуде. Орыстар бізде ешбір ұлттық сана-сезімнің болғанын жақсы көрмейді. Олардың ылғи ырқына көніп тұрса, ешбір қарсы сөз айтпай. Сонда оларға жағады. Олар бізді қасқырдың баласындай біртіндеп өзіне үйретіп шықпақ.... 

Бұл үшін біз жастардың ұлттық сапасын көтеруге тиіспіз. Ол өзінен өзі келмейді... Мен қажырлы, күшті кісі болсам, өте жақсы саяси ұйымдастырушы болар едім, үйткені менің саяси ойларым басқа қазақта жоқтың қасы. Олар тәуелсіз талқылауды білмейді... Бірақ менің жұртқа ешбір жақындығым жоқ... Мында мен ашыққан түгіл, тамақты жегім келмейді, аппетитім жоқ. Айлығым алғаннан-ақ құриды. Мен кілең кітап жинаудамын» (ҚР ҰҚК АА, 15: Письмо от  30/Х.57) деп жазды. Бижан Біләлов өзінің 1957 жылдың 20 желтоқсанында «Лениншіл жас» газеті редакциясына, 1958 жылдың 31 қаңтарында Ғалымжан Жүнісовке жолдаған хаттарында да түркі халықтарының тұтастығы мен бірлігін сақтау және қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі туралы ойларын ортаға салды (ҚР ҰҚК АА, 15: 67-70). Бұл хаттарды пошта бастығы орта жолда ұстап, антисоветтік мазмұнда деген ілеспе хатпен бірге 1958 жылдың 27 ақпанында Қазақ ССР МҚК-не жолдады.

Коммунистік қызыл отардан шығудың жолдарын іздеген Бижан Біләловты ресми органдар 1956 жылдан сырттай бақылауға алып, 1958 жылдың 12 тамызында бұлтартпау шарасын таңдау қаулысын (58-10. Ч.2) толтырды. Осы жылдың 13 тамызында Қазақ ССР МҚК (ҚР ҰҚК АА, 15: 2) оны қамауға алды. Алматы медицина институтының Шевченко көшесі 118 үйде орналасқан жатақханасындағы Б. Біләлов тұратын №9 бөлмесінен: Б.Қ. Біләловтың ХХVIII № 556551 паспорты, әскери билеті, студенттік сынақ кітапшасы, ішіне 100 сом ақша салынған жинақтау кітапшасы, №674 туу туралы куәлігі, №656 студенттік билеті, 2 дана қалың дәптер және қойын дәптер (блокнот), бір жазба кітапша, 6, 15, және 9 беттік оқушы дәптері, олар №1, 2, 3 деп нөмірленіп алынған, 16 беттен тұратын жазбалар, «Лениншіл жас» газеті редакциясына жазған 2 беттік мақала, 9х12 топпен түскен фотосурет, 1958 жылдың 5 қарашасында Ғ. Жүнісов пен Б. Біләловтың хаттары (1957 жылдың 30, 20 қазанында, 1958 жылдың 9 қаңтары, 23, 25 мамырында жазылған), жазбалар бар қоңыр түсті блокнот, 1956 жылдың 25 мамыры, 3 қазаны және 1958 жылдың 8 тамызындағы хаттар, өмірбаяны, ағылшын тілі сөздерінің аудармасы, түркі тілдес халықтардың тізімі жазылған парақтар алынды. Б. Біләловтың совет билігі тарапынан жіберілген кемшіліктер мен ұлт мәселесі туралы ой-пікірлері жазылған материалдар мұқият қаралып, түгелдей дерлік іске тіркелді.

Б. Біләловқа қатысты №125/23 тергеу ісі 1958 жылдың 13 тамызында басталды. Совет билігі орнағаннан бергі уақытта саяси баптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды стационарлық психо-неврологиялық ауруханалар мен институттарда медициналық тексеруден өткізу советтік сот жүйесінің ажырамас бөлігі болатын. Сол дәстүр И. Сталин өлгеннен кейін де жалғаса берді. ҚССР СМ Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеушісі 1958 жылдың 27 тамызында Бижан Біләловты сот-психиатриялық тексеруден өткізу туралы қаулы алды. Алматы қалалық психо-неврологиялық аурухана дәрігерлері Б. Біләловты тексеріп, оның психикалық аурумен ауырмайтынын анықтады. 1958 жылдың 2 қазанында комиссия төрағасы: Вецнер, психатрия кафедрасы меңгерушісі міндетін атқарушы Зальцман, Ленский, комиссия мүшесі Новопашенная 5 парақтан тұратын тексеру қорытындысына қол қойып, тергеушіге жолдады. Алайда Б.Қ. Біләловқа қалайда айып тағып, қоғамнан оқшаулау қажет болса керек, Қостанай фельдшерлік-акушерлік техникумынан мінездеме, емдеу мекемесінен анықтама сұралды. Аталған оқу орнының оқу бөлімі меңгерушісі Ардатов пен партия комитетінің хатшысы А.С. Сек 1958 жылдың 31 қазанында Б. Біләловқа жағымсыз мінездеме (ҚР ҰҚК АА, 15: 228-229) берді. Сөйтіп, Қостанай және Алматы қалаларындағы оқу орындары берген мінездеме мен анықтамада мамандар пікірі екіге жарылды. Қостанай дәрігерлері берген анықтама Алматы қалалық психо-неврологиялық больницасына жолданып, диагнозды қайта қарау сұралды. 

Бижан Біләловтың тергеу ісінде бір-біріне қарама-қайшы пікірлер мен жазбаша берілген анықтамалар кездеседі. Мысалы: Алматы медициналық институты санитарлық-гигиеналық факультетінің деканы П.М. Кудияровтың Б. Біләловқа берген мінездемесінде, студенттің тәртіпті және жақсы оқитыны, бұрын ескерту алмағаны (ҚР ҰҚК АА, 15: 219) айтылған. Оның антисоветтік іс-әрекеті туралы бірде-бір сөз жазылмаған. Б. Біләловпен бір топта оқитын Фаина Медведкина куәгер ретінде берген жауабында: оның жақсы оқитынын, кез-келген мәселе бойынша өз ойын толық әрі мазмұнды, жүйелі жеткізетінін, оны ауру адам деп айтуға болмайтынын (ҚР ҰҚК АА, 15: 82) айтқан.

Алматы қалалық психо-неврологиялық ауруханасы (Артюх (төраға), сот-талдау бөлімінің меңгерушісі Вецнер, психатрия кафедрасы меңгерушісі міндетін атқарушы Зальцман) екінші рет берген қорытындысында: «Б. Біләловқа берілген дәрігерлік анықтама-қорытындысын өзгертуге ешқандай негіз жоқ, алғашқы қорытынды өзгеріссіз қалды» деген ұйғарым шығарды. 

Жазықсыз жауапқа тартылып отырғанын түсінген Б. Біләлов, ауруханада жатып курстас достарынан СОКП ОК хат жазып, өзінің жазықсыз екенін хабарлауын, қазақстандық прокурордың атына өтініш жазып тергеушіні ауыстыруын сұрауды өтінді. Б. Біләлов 1958 жылдың 29 тамызында СОКП ОК хатшысы Н.С. Хрущевқа өз атынан өтініш хат та жазды. Б. Біләлов 1958 жылдың 2 қыркүйегінде Алматының Сталин аудандық партия комитетіне де өтініш хат жолдап, 1957 жылдың мамыр айынан 1958 жылдың 29 тамызына дейінгі аралықта саяси тұрғыда адасқанын, ол пікірлерінен толық бас тартқанын айтты. Оның ақиқатқа жетем деген талпынысы нәтижесіз қалып, тергеу ісі жалғаса берді. Тергеу органы 1958 жылдың 25 қыркүйегінде Б. Біләловтан алынған хаттар мен басқа да жазбаларға графикалық сараптама жасау, 1958 жылдың 11 қарашасында оның «ауруын» анықтау мақсатында Мәскеудегі профессор В.П. Сербский атындағы сот-психиатриялық институтына тексеруге жіберу туралы қаулы қабылдады. 

Бижан Біләлов 1958 жылдың 7 желтоқсанында Мәскеу қаласындағы В.П. Сербский атындағы сот-психиатриялық институтына жатқызылды. Ол сот-психиатриялық тексеруде «түрме маған жаңалық емес, комсомолдар мен органның штаттағы агенттерінің қорлауының жалғасы», ал профессор В.П. Сербский атындағы сот-психиатриялық институтына қайта тексеруге жіберу «әдейі азаптау» деген ойын, «мен қазақпын, қазақтар еркіндігін алуы керек» пікірін дәрігерлерге ашық айтып, қайталаумен болды. Бірақ еркіндікті аңсаған қазақ студентінің ой-пікірін мәскеулік дәрігерлер «психикалық ауытқудан айтылды» деген тұжырым жасады. 

Психиатриялық «ауруды» жазалау мақсатында қолдану тәжірибесінде диссиденттерге көбінесе «жеке тұлғаның ауыр-паранойялық дамуы» және «летаргиялық шизофрения» диагнозы қойылатын еді. Одан басқа психикалық аурулардың диагноздары сирек қойылды. Әсіресе диссиденттердің ақыл-ойының бұзылуын негіздеу үшін аз ингредиентті шизофрения диагнозы қолданылды. 1959 жылғы 12 қаңтарда Бижан Біләловтың денсаулығы туралы В.П. Сербский атындағы сот-психиатриялық институтының мамандары: «шизофрения түріндегі психикалық ауру, арнайы психиатриялық емханада мәжбүрлі емдеу қажет» (ҚР ҰҚК АА, 15: 237) деген 6 беттік сот-медициналық сараптама берді. Мәскеу мамандары қорытындысына сәйкес, 1959 жылдың 21 ақпанында Бижан Құтыбайұлы Біләловқа арнайы психиатриялық емханада оқшаулап, мәжбүрлі емдеу үкімі шықты. 1959 жылдың 21 наурызында СССР ІІМ-нің Ленинград қаласында орналасқан арнайы психиатриялық емханасына (ҚР ҰҚК АА, 15:35) жатқызылды. 

Психиатриялық емдеу орнында 1958 жылдың 7 желтоқсанынан 1959 жылдың 12 қаңтарына дейінгі аралықта Бижан Біләловқа дәрігерлік бақылау жасалып, «гипохондриялық сандырақ түріндегі психикалық ауру» деген диагноз қойды. Сөйтіп ол СССР ІІМ-нің Ленинград қаласында орналасқан арнайы психиатриялық емханада үш жылын өткізді. Аталған психиатриялық емхана дәрігерлері 1962 жылдың 2 ақпанында Б. Біләловты мәжбүрлі емдеуді тоқтатып, өзінің туған жеріндегі азаматтық ауруханаға ауыстыру туралы қорытынды берді, шешім 7 наурызында (№21-0169) шықты. 1962 жылғы 25 шілдеде Алматы қалалық соты Б.Қ. Біләловтың ісін тоқтатып, Алматы медицина институтындағы оқуын жалғастыру туралы шешім (ҚР ҰҚК АА, 15:45) шығарды. ХХ ғасырдың 60 жылдары психиатрияны саяси мақсатта пайдалану СССР-да саяси қуғын-сүргіннің негізгі түрлерінің біріне айналды. Сот-медициналық және жалпы психиатрия институттары өткен ғасырдың 80-нші жылдарының соңына дейін «есі дұрыс емес» деп танылған саяси диссиденттерді мәжбүрлеп емдейтін мекеме болып келді.

Қорыта келгенде, ұлт азаттығы жолындағы күрестен қатты үрейленген ресми билік, ұлт еркіндігі мен тәуелсіздігін көтерген белсенділерді үнемі қоғамнан аластап, қудалап отырды. И. Сталин өлгеннен кейінгі Н.С. Хрущев билігі кезінде де бір партиялық коммунистік жүйе өз үстемдігін сақтап қалу жолындағы іс-шараларын, ресми партиялық идеология мен саясаттан басқа бағытта ойлаушылармен күресін жалғастыра берді. Оған студент Б.Қ. Біләловтың тағдыры нақты дәлел. 

Саяси қателікке толы советтік әміршіл-әкімшіл жүйе кезеңінде қазақ халқының ұлттық мәдениетінің аясы жылдан жылға тарыла түсті. Интернационалдық тәрбиенің астарында ұлыдержавалық шовинизм жатқанын жақсы түсінген зерделі студент Бижан Біләлов қазақ ұлтының еркінгі мен тәуелсіздігі мәселесін көтеріп, Алаш қайраткерлерінің азаттық күресін жалғастырды. 

 

Данагүл Махат, тарих ғылымдарының докторы, «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ  «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының басшысы

 

Дереккөздер тізімі:

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы архиві (бұдан кейін ҚР ҰҚК АА). 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 1. 2-п.; Заявление, Вх. 5/9 /15/ХІ – 56 г.; 

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 1. 2-п.Секретарю областного комитета КПСС.

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. 43-58 қайырма п. 

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. Тетрадь № 1.

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. Письмо от  20/Х.57.

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. Письмо от 30/Х.57.

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. 67-70 қайырма п. Письмо от  23/V- 58 г.; Письмо от  25/V- 58 г.; 94-97-пп.; 98-103-пп.; 61-п..

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. 228-229-пп.; 219-п.

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. 82-қайырма п.

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. 237 п. 

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. Секретарю ЦК КПСС тов. Н.С. Хрущеву; Письмо «Комитет госбезопасности КГБ; 237-п.; 15-п., 35-п.

ҚР ҰҚК АА. 15-қ., Тіз. В. Арх. іс 103. Том 2. 45-п.

 

[1] Оның өз қолымен жазған хаттарының бірінде Бижан Біләлұлы Құтыбай атасы деп жазған, соған қарағанда Бижан қазақы дәстүрмен ата-әжесінің бауырында өсіп, тегін үлкен атасына жазған болу керек. Біз зерттеуімізде архивте тіркелген құжатты негізге алдық. Ескерту: орыс тілінде жүргізілген тергеу ісінде «Блалов Бижан Кутыбаевич» деп жазылған, біз іске тіркелген Б. Біләловтың өз қолымен қазақ тілінде жазғанындай Бижан Құтыбайұлы Біләлов деп алдық.

[2] Ол өзінің тергеуде берген жауабында Әлменов Қайыр деген ағасы Қостанай облысы Амангелді ауданының Жаңаауыл ауылында тұратынын айтқан, Бижан осы кісінің қолында тұрып оқыса керек.