Нар қазақ
30.01.2024 2396

Біз осы күндері туғанына 90 жыл толатын мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов туралы айтпақпыз. Тарихи деректер нақты әрі айқын болуы үшін оның атқарған көптеген жоғары жауапкершілік пен биік лауазымды қызметіндегі екі жолды баяндап беруді жөн санадық. 


Ел аузындағы ескі аңыз былай дейді. «Аспандағы бүркіт тамағын жерден табады, тақыттағы патша нәпақасын елден табады. Егер аспандағы қыран жерге қонбаймын де,се, тақыттағы патша жерге түспеймін десе, екеуі де миқұла, екеуі де мерт болады».  Бұдан шығатын тәмсіл – қашан да құс ұшқан ұясын, ер жігіт шыққан қиясын ұмытпағаны ләзім.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын». Қазір бұл лепес өте өзекті. Келешек өткеніне қарап үйренеді, ертеңіне содан өнеге алып өседі. Ол жай айтыла салатын әдемі сөз, мадақтауға құрылған лепті сөйлемдер емес, қай заманда болсын, нағыз азаматтың кісілік қарым-қабілеті нақты ісінен танылады. Халқымызда ондай азаматтар аз емес. 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады.

Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек. Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек», – деген болатын. 

Біз осы күндері туғанына 90 жыл толатын мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов туралы айтпақпыз. Тарихи деректер нақты әрі айқын болуы үшін оның атқарған көптеген жоғары жауапкершілік пен биік лауазымды қызметіндегі екі жолды баяндап беруді жөн санадық. Екеуі де әлі зерттелмеген тақырып. Бірі – оның таңдап алған геолог мамандығы, ал екіншісі – ел аңыз етіп айтатын бұрынғы Торғай облысының жағдайына қатысты болмақ.

Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысының бір түкпірі Талас өзенінің бойындағы қырғыздармен шекаралас «Жас өркен» деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келген. Жастық шағы сол кездегі бәріне ортақ болған өмір үшін күреспен өтті. Бұлар бүйірі шығып ас ішіп көрмеген, иығы бүтін киім киіп көрмеген, көңілі толып, мәз-мейрам болып күліп көрмеген ұрпақ еді. Ол туралы Қаратай Тұрысовтың мектеп партасынан досы болған, оқушылық бітіп сонау советтік одақтың астанасы Мәскеуге бірге аттанған, кейін Қарағандыда жастық шақта бірге қызметтес болып, ақсақал жасында Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде қатар отырған халық жазушысы  Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романында қаз-қалпында суреттелген.  Өмірлік жан досы әрі сенімді серігі, замандасы туралы Шер-аға ұзақ толғау жазған. Сол толғаныстың бір үзігін оқырмандарымызбен бөлісейік.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза:

«1948 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл қазақ орта мектебінің жанынан жүз балалық интернет-пансионат ашылды. Инернаты түсініктілеу. Ал инернет-пансионат өзі оқытады; жатын орын береді, өзі тамақтандырады, өзі киіндіреді.

Былайша айтқанда, өз туған үйің сияқты. Бірақ қазынаның үйі. Соғыстан саңсыраған мемлекет, біздің Шаяхметов, Оңдасынов деген азаматтар басқаратын  республика елдің болашағын терең ойласа керек, оқу орындарын қамқорлыққа алған ғой.

Сонымен не керек, күні кешегі ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай, жүдеу-жадау өскен жетімек-жеткіншектер құдай жарылқап, қазақ өкіметінің арқасында жаман атқа жал біткендей жайнап-жадырап шыға келдік.

Сегізінші сыныптағы ең кішіміз Қаратай еді. Ал енді сол ең кішіміз, ә дегеннен бәрімізден күшті болып шыға келсін. Әсіресе, алгебра, геометрия, тригонометрия дейтін сабақтардан алдына жан салмады-ау, азамат!

Қаратайды жақсы көріп, зеректігіне сүйсінетін көп мұғалімдердің тағы біреуі Аргуния деген апайымыз еді. Физикадан сабақ беретін. Өте келбетті, жүріс-тұрысында ақсүйектер нәсілінің (аристократтық) белгісі білініп тұрар еді.

Біздің Қаратайымызды осы Аргуния апайымыз да жақсы көрді. Сол апайымыздың ықыласына бәріміз де қызығамыз, бірақ физиканы Қаратайдай жақсы біле бермегендіктен, бекзат апайдың назарына іліне бермейміз.

Сөйтсек... ол кезде қайдан білейік, ол атақты заңгер, «халық жауы» Жақып Ақбайдың қызы екен ғой...

Кейін Аргуния апайды Алматыда көрдім-ау, ұмытпасам, ҚазПИ-де сабақ беріп жүргенде екен. Бұл енді «халық жауларының» ақталып, олардың жан-жаққа шашырап кеткен ең жақын адамдарының Алматыда тұруға рұқсат алған кезі болу керек.

Қаратай мектепті медальмен бітірді. Ол Москвадағы геология институтына баратын болды. Ленинградқа да аттанбақ сыныптастар болды.

– Е, мен сендерден қаламын ба? – деп мен тәуекел етіп, Москва полиграфия институтына түспекші болдым. Москваға жүретіндердің көбі кетіп қалыпты. Әлдеқандай себептермен Қаратай, мен – Шерхан және Шота Уәлиханов үшеуіміз пойызға бірге міндік. 

Одақ астанасы Москваға бардық. Қалаған оқуымызға түстік. 1955 жылы дипломымызды алдық. Қаратай Қарағанды тарапына кетті. Мен Алматыға тарттым. Бір жылдан кейін, тағдыр екен, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып, Қаратаймен қайта табыстым. 

Қаратайдың өрлеу жолы сол Қарағандыдан, Қарағайлы дейтін геологтар экспедициясынан басталды...

Күні кеше сияқты еді. Парламентте баяғы-баяғы Әулие-Тараз мектебінде партада бірге отырғандағыдай, Мәжіліс залында да партада бірнеше жыл қатарынан бірге отырдық. Қаратай комитет басшысы ретінде жеке кабинеті, көмекшісі, хатшысы бар болатын. Қарекем келесі сайлау кезінде Қаржы комитетінің төрағасы болып сайланды. Сонда менің ақындығым ұстап кетіп, мынаны жаздым:

Қареке, қайта міндің ақбоз атқа,

Теңге, доллар еліне болдың датқа.

Кішкентайдан бірге өскен досың едім,

Оң көзіңді сала жүр біздің жаққа.

Қазақтың қара нардай Қаратайы осындай кемеңгер жан еді...»

Сол жылдары Қазақстанның басқа түкпірлерінен «Мәскеуді бағындырғандар» арасында қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов та болып, ол астананың Түсті металл және алтын институтынан бірақ шығыпты. Ал  Қаратай Тұрысов Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына түседі. Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды. Өзін оқытқан Алексей Богданов, Петр Захаров, Михаил Муратов сынды профессор-ұстаздарын ол өмір бойы ұмытпай, есімдерін ілтипатпен еске алып жүрді. 

«Соғыстан кейінгі ұрпақтың геологияға бет алуы – әлемдік масштабтағы академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жер асты қазба байлықтарын дүниежүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты» деп өзінің бір сұхбатында Қарекең геологияға келу себебін ашумен қатар Сәтбаевтың өлшеусіз еңбегіне де бас иетіндігін айтып кетеді. 

Осы сұхбатында әрқашанда тура сөйлейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаракең: «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минерал бар. Әрбір тастың құрамындағы минералдарды «оқып» зерттеп, жер қойнында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек… Арқаңда дорбаң… қолыңда балға-қайлаң… дорбаң толы тас. Қу даланы кезіп бара жатқан геолог осындай күн кешеді. Күні бойы тастармен сөйлеседі. Қазір де тау жоталарын, тау мен тасты көрсем болды, солай қарай бұрылып кеткім келеді», – дейді екен. 

Қаратай Тұрысов Орталық Қазақстанның кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне сегіз жыл бойы үлес қосты. Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі болды. Одан Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бетпақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді. Осы еңбегі ескеріліп,  «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағын да алды. 

Қаратай Тұрысовтың жары Әскергүл Жамайбекқызы:

«1961 жылы тұрмыс құрдық. Ол кезде Қарекең Орталық Қазақстанда кен көздерін іздеумен айналасып жүрген, геофизикалық экспедицияда жетекшілік жасайды. Әріптестер-геологтар Қарекеңді ерекше сыйлайтын. Отбасында анасы Күлімхан, ағасының қызы Талжан, ағасының ұлы Әлімқұл болды. Жалпы қазақилығы мен ағайынға, елден келер адамдарға қамқорлығы зор еді. Геофизикалық экспедицияның партия бастығы болған жылдары жұмысқа икемді, жалындап тұрған жас өскін жастарды жанына көптеп тартты. Қызығы мен қиыны көп бұл жылдарды кейінде ол үнемі сағынышпен еске алатын. Қазақтарға жат саналатын гология саласына талай қаракөз іні-бауырлары көптеп келді. Оларды қатарында қазір академик-ғалым болған азаматтар көп. Серікбек Дәукеев, Бақытжан Жұмағұлов секілді мықтылардан бастасам тізім таусылмас. 

Советтер мемлекетін Никита Хрущев басқарған кезінде партияның басқару құрылымын өнеркәсіптік және ауыл шаруашылықтық деп екіге бөлді. Қарекеңдердің Ағадыр экспедициясы Ақшатау өнеркәсіптік аукомына қарайтын. Ұзатпай геолог Қаратай Тұрысовты аудандық партиялық бақылау комитетінің төрағалығына ұсынды. Бірақ ол кеңседе отыратын, қағаз қызметіне қызықпай біраз уақыт келіспей жүрді, партиялық басқару қызметіне барғысы келмегенін жасырмай айтты. Оның да себептері бар еді. Біріншісі өз мамандығы бойынша еңбек етіп, сол жұмыстарының арқасында есімі Қазақстан ғана емес, Мәскеуге жетіп жатқан. Және де бір ауылдастары мен  туған-туыстардың қаржылай қолғабыс көрсететін. Өйткені сол геолог болып жүріп алған жалақысы Қаражал қалалық парткомының  бірінші хатшылығы қызметіндегі жалақыдан 3-4 есе көп болатын. Солай болса да партия мүшесі болғандықтан басшылыққа бару бұйрығын орындады. Мұнда да кіші мен үлкенге сыйлылығымен абыройы артты.

Ал енді халық ақыны Фариза Оңғарсынова мәжіліс депутаты болғанда  Қарекеңді қатты қадір тұтқандықтан әлеуметтік сала емес, Тұрысов тізгінін тартқан Қаржы комитетінде мүше болды. Фариза ақынымыздың:

Өмірден мен де талай жараландым,

Содан ба – мұң жамайды санамда әр күн.

«Қарағым, қалайсың?» – деп хал сұрайтын,

Қатары сиреп барады ағалардың.

Болардай кейіпкері сан аңыздың.

Батырға, ақынға бай дала біздің.

Орны бөлек еді өзгелерден, 

Кешегі Қаратайдай ағамыздың, – деп жүрекжарды сөзін өлеңге тегін түсірмесе керек. 

Мен осы Қаракеңнің үлкен шаңырағында балалар мен немере-шөберелерге бас болып отырмын. Тәубе, бәрі орнында. Қарекеңнің өмір жолы мен жасаған еңбектерін замандастары қағазға түсіріп берді. Міне, жиырма жылда сол естеліктерден екі кітап құрастырып шығардым. Жақсы істер келешегімізе жетсін, одан жас ұрпақ өзіне керегін алсын деген ниетім ғой». 

Партия қызметіне ауысқан соң да Қаратай Тұрысов тау-кен өндірісінен, оның шикізат базасын ұлғайтып нығайтатын геология барлау ісінен қол үзбеді. Ақшатау сирек металдар комбинаты, Қаражал темір-марганец комбинаты барында дамуын қадағалуында ұстады. Қаражал ауданын басқарған тұсында Жәйрем полиметалды кені жаңадан ашылды. Бұл кезеңде Қазақстан геологиясы Советтер елінде алдыңғы қатарда саналды. Әлемдік есепте де мықтылардың мықтысы еді. Қазақстан геология саласындағы еңбекшілер саны 65 мыңға жетіп, оның ішінде жоғары білімді мамандар 8,5 мың, ал арнаулы орта білімділер 9 мың болған. Бір ғана Орталық Қазақстан аумағында (Қарағанды, Жезқазған, Павлодар және ақмола облыстарында) 20 мыңға тарта адамды қамтыған 9 геолгия-барлау экспедициясы еңбек етті. 

1970 жылдары Қаратай Тұрысов жаңадан ашылған Торғай облысының партком хатшыларының бірі болады. Орталық комитеттің кадр мәселесіне қатты көңіл бөліп, олардың қабілеттерін орынды пайдалана білуінің бір мысалы осы Торғай облысынан көрінді. Торғайға республикалық көлемде көзге түсіп, іскерлік қабілетін, кісілік, кішілік келбетін танытқандар тартылды. Онда барып облысты ашқан және оның экономикасын көтерген азаматтардың бәрі де артынан «Торғайдың топжарғандары» атанып, елімізге аты шыққан тұлғалар болды. Сол Сақан Құсайынов, Мақтай Сағдиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Евгений Башмаковтардың қатарында жарық жұлдыздай болып Қаратай Тұрысов та жүрген еді. Торғайдың сол жылдардағы өскенін тек тәуелсіздік жылдарындағы Астананың өсуімен ғана салыстыруға болатын шығар. 

Мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев:

«1970 жылы Торғай облысы құрылды. Оған әр облыстан басшылық қызметке біраз азаматтар тартылды. Барлығымызды Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев шақырып,  ақ батасын берді. Аты мен заты елге мәлім болып үлгерген Қаратай Тұрысов облыстық партия комитетіне хатшы болып келіп, өнеркәсіп және сауда жағынан басшылық жасады. Мен облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Торғайға келген бетте екеуімізге қатарлас салынған екі коттедж баспана берілді. Балаларымыз да бірге ойнап, бірге өсті.

1970 жылы құрылған Торғай облысы жақсы өсіп, қанат жайып өркендеді. Облыс ашылғанша бар болғаны 13 мың ғана тұрғыны бар Арқалық қаласы аздаған жылда 80 мыңға жуық тұрғыны бар іргелі қалаға айналды. Бұл Димаш Қонаевтың Торғайға кілең бір іскер азаматтарды сұрыптап, електен өткізіп таңдап жіберуінің нәтижесі десем жөн болар.  Сол кездегі облыс басшысы Сақан Құсайынов іске алғыр, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары айрықша білімді, кісігі жұғымды азамат еді. Атқару комитетінің төрағасы Юрий Трофимов шаруашылықты жақсы білетін. Қарекеңмен қатар қызметтес болған қазақтың абыройлы перзенті Өзбекәлі Жәнібеков өңірдің мәдениетін көркейтті.

Күн-түн демей тапжылмай атқарған жұмысымыздың, сіңірген еңбегіміздің нәтижесі шығар жабылып қалған Торғай облысы туралы сөз бола қалса, ауыз толтырып айтарлық жетістіктер аз болмады. Мысалы, 1971-80 жылдардағы Торғайдағы ауыл шаруашылығының даму қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары болды. Торғайлықтар өнім өндіруді жыл сайын еселей отырып, 1976 жылы мемлекет қамбасына 120 миллион пұт саф алтындай астық құйды. Соның нәтижесінде облыс қаржылық жағынан тарықпайтын жағдайға қол жеткізді.  Осының бәрін облыс басшылары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мектептерді, ауруханаларды, балалар мекемелерін көптеп салуға жұмсап, оларды елдің игілігіне айналдырды.  Ал тау-кен өндірісінде  боксит қорының жаңа көздерін ашу, қоңыр көмірдің негізінде электр стансаларын салу, темір кендерін игеру үшін Есілде металлургия зауытын тұрғызу сияқты алып жұмыстардың ұйытқысы болып Қаратай Тұрысов жүрді. Қажырлы еңбек пен білікті басшының іскерлігі осындайда сыналып, алмастай жарқырайды. 

Осы жерде сөздің бір түйінін жасасам, біз Торғайды, ал Торғай бізді көтерді. Торғайдағы толымды еңбек қызу жүріп жатқан бір тұста, 1978 жылы Қарекеңді өкімет СССР Министрлер Кеңесінің жанынан бұрынғы білім жетілдіру институтының негізінде жаңадан ашылған 2 жылдық Халық шаруашылығы академиясына оқуға жіберді. Бұл шаруашылық басшыларының ең жоғарғы буыны үшін арнайы ашылған оқу орны болатын. 

Басқа әріптестеріміз Өзбекәлі Жәнібеков пен Евгений Башмаков республика орталық партия комитетінің хатшылары болып сайланды. Мен Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына тағайындалдым.

Бәрімізден озғаны Қаратай Тұрысов болды. «Ол Советтер елі деген державада Тұрар Рысқұловтан кейін Мәскеуде ең жоғары қызметте болған азамат», – деп халық жазушысы Шерхан Мұртаза жазғандай, коммунисшіл мемлекеттің 120 миллион мүшесі бар орталық кәсіподақтарының хатшысы болды. Аты аңызға айналған асыл азамат, жақын досым туралы айтарым көп. Жақсылардың өнегесі келешегімізге өнеге болсын».

1987 жылы Советтер елі делегациясын басқарып барып, Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мінберне шығып,  ядролық қаруды таратпау, Семей ядролық полигонының зардаптары туралы сөйлеген бірінші қазақ болды.

Бүркіт Нұрасыл