«Ақ сиса» әні қалай шыққан?
28.03.2025 422

Жаяу Мұса өмір сүрген кезеңнің қазақ ауылдарындағы әлеуметтік теңсіздік, кедей-кепшіктің ауыр тұрмысы, ұрлық-барымта, дау-жанжал мен зорлық-зомбылық көріністері жас Мұсаның жанына қатты батады. Ел билеу мен болыстыққа таласқан атқамінерлердің әділетсіз істері мен шектен шыққан әрекеттеріне куә болған ол осы келеңсіздіктерге қарсы күресуге бел байлайды.


Әкесінің ұзақ уақыт жинаған ақшасына сатып алған жалғыз торы атын мініп, Мұса Баянауыл округінің ауылдарын аралауға шығады. Ол тек қана өнер көрсетумен шектелмей, билер мен болыстардың бұрыс қылықтарын батыл айыптап, олардың басқалар ашық айтуға бата алмайтын кемшіліктерін ашық сынға алады. Мұсаның өткір сынына әйгілі тұлғалардың бірі Мұстапа Шорманов та ілігеді.

Жас жігіт өзінің осы көзқарасын еш жасырмай, бүкіл округті аралап жүріп, халық арасында ашық түрде жария етеді.

Мұсаның бұл сөздері Шорман балаларының құлағына да жетеді. «Жаман Байжанның күні кеше қаңғып кеткен баласы Қызылжар мен Омбыдан оқып келіп, сырнайлатып, әндетіп, айналасына «жын-шайтандарды» жинап, елдің игі жақсыларының беделін түсірерлік сөздер айтып жүр», - деген әңгімелер тарай бастайды. Мұны естіген Мұстапа Шорманов ашуға булығып: «Жаман неменің бір-екі ауыз орысшаға семіруін қара, көрген күнін өзіне көп етейін», - деп бұрқан-талқан болады. Ол Мұсаның ауыл арасында көпшіліктің ықыласына бөленіп, беделінің артып бара жатқанын жақтырмайды.

Жаяу Мұсаның өткір тіліне өшіккен жергілікті әкімдер оны кісі ұрды, мал ұрлады, қашқын деген жалған айыптармен қудалай береді. Ақыры, 1877 жылдың 15 желтоқсанында Семей облыстық басқармасының жалпы присутствиесінде Мұсаның ісі қаралады. Үш ат ұрлады деген жалған айыппен Мұса сырттан кесілген үкім бойынша бір ай түрмеде отырады. Сонымен қатар оған казак-орыстар Уәли Поспелов пен Дроздовты, қазақ Арыстанбаевты ұрды деген қосымша айыптар тағылады. Мәжілісте Мұсаның арыз-шағымдары қаралмай, іс Павлодардың ояздық судьясына жіберіледі, бірақ нақты шешім шығарылмай, архивте жоқ болып шығады.

Бір күні Мұса ауылдардың тұсынан өтіп бара жатқанда, Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, өзін аяусыз соққыға жығады. Дегенмен, Мұса бұдан жасқанып, сағы сынбайды. Атынан айырылғанымен, қолына таяғын ұстап, жаяу жүріп-ақ ел аралап, әнін шырқай береді. Шормановтардың бұл озбырлығы ақынның рухын түсіре алмайды, керісінше, олардың қиянатына деген наразылық пен ыза-кектен әйгілі «Ақ сиса» әні дүниеге келеді. Бұл ән халықтың ел билеуші үстем тапқа қарсы наразылық үні ретінде тез таралып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленеді.

«Ақ сиса» өлеңінде әлеуметтік теңсіздік пен зорлыққа наразылық, үстем таптың озбырлығы, жалған айыптау мен құдалауға қарсылық, болашаққа деген сенім мен күрескерлік рух көрініс тапқан. 

Өлеңнің алғашқы жолдарындағы «Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса» тіркесі қарапайым халықтың күнделікті тұрмысын бейнелеп тұр. Бұл арқылы ақын әлеуметтік теңсіздікті, қарапайым адамдардың өміріндегі қиыншылықты, жоқшылықты меңзейді.

Өлеңнің «Шорманның Мұстапасы атымды алып» деген жолында ақын Мұса өзінің жеке басына жасалған зорлықты нақты тұлға – Мұстапа Шормановтың есімі арқылы көрсетеді. Бұл әрекет Шормановтардың халыққа жасаған жалпы озбырлығының бір көрінісі ретінде сипатталған. Мұнда әкімдік-билік иелерінің қарапайым адамдарға көрсеткен үстемдігі, олардың жеке мүлкіне қол сұғуы айқын бейнеленген.

«Атандым сол себептен Жаяу Мұса» деген тармақ ақынның жеке басындағы қайғы-қасіретті халықтың ортақ тағдырымен байланыстырады. Мұса өзінің аты тартып алынғаннан кейін жаяу жүріп, халық арасында әділет іздеп, билікке қарсы күресуге мәжбүр болғандығын көрсетеді. Бұл өлең жолдары оның әділетсіздікке қарсы күресінің символына айналғанын білдіреді. Мұса өзінің жаяу қалуы арқылы да халықпен етене жақындасып, олардың ауыр тұрмысын терең сезінгенін білдіреді. Бұл жағдай ақынды халықтың шынайы өкіліне айналдырады, оның әндері мен шығармашылығына терең әлеуметтік мән береді.

«Жүрмейді кімдер жаяу, зорлық қылса» деген тармақ ел билеуші таптың, әкімдер мен байлардың халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығын әшкерелейді. Ақын билік иелерінің қарапайым адамдарды мал-мүлкінен айырып, оларды жаяу қалдырып, ауыр азапқа салғанын тұспалдайды. Өзінің «Жаяу Мұса» атануы да сол зорлықтың салдары екенін меңзейді.

«Жиылып орыс, қазақ қашқын дейді» деген жолда Мұса өзін жергілікті әкімдер мен олардың орыс билеушілері жалған айыптармен қудалағанын ашық айтып, олардың әділетсіздігіне наразылық білдіреді. Бұл жерде отаршыл билік пен жергілікті билеушілердің халыққа жасаған бірлескен қысымы сыналады.

«Көрермін ақыр бір күн туса» деген қорытынды тармақта ақын зорлық пен әділетсіздіктің мәңгілік еместігін, шындық пен әділеттің жеңетініне сенетіндігін білдіреді. Мұнда Мұсаның батыл мінезі, күрескерлік рухы, болашаққа деген үміті көрінеді.

Үшінші шумақтағы «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» деген тармақта ақын өзінің есімі мен күрескерлік бейнесінің бүкіл қазақ даласына танымал болғанын ерекше мақтанышпен айтады. Бұл Мұсаның халық арасында әділетсіздікке қарсы күрес символына айналғанын білдіреді.

«Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса» деген тармақ зорлық-зомбылық жасаушы билік өкілдеріне, атқа мінген бай-манаптарға бағытталған өткір сын болып табылады. Бұл жолдарда ақын зорлық-зомбылық пен әділетсіздіктің кесірінен қарапайым халықтың ауыр жағдайға түсіп, жаяу қалғанын меңзейді.

«Аттыдан жаяу жүріп кек аламын» тармағында Мұса өзінің жаяу жүріп-ақ әділетсіздікке қарсы күресетінін ашық білдіреді. Мұнда ақынның батыл да қайсар мінезі, рухани мықтылығы, өмірлік ұстанымы айқын көрінеді.

«Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса» деген жолда Мұса тек қана өзінің жеке қарсылығын білдіріп қоймай, жалпы халықты да әділетсіздікке қарсы күреске үндейді. Ол жастарға, батыл азаматтарға үлгі болып, әділет жолында күресуге шақырады.

Көпшілікке кең таралған бұл 2-нұсқадағыдан өзгеше бір шумақ және бар. Оны тақырыптық-идеялық тұрғыдан талдайтын болсақ, былай сипаттауға болады. 

«Жаныма батқандықтан ашынамын» деген жолда ақын өзінің ішкі күйзелісін білдіреді. Бұл тармақ арқылы ақын жеке басына ғана емес, бүкіл халыққа жасалып отырған зорлық пен әлеуметтік әділетсіздікке деген жанашырлықты, ашуды көрсетеді. «Мен неге жаяумын деп басыламын» тармағында Мұса өзінің жеке трагедиясын әлеуметтік әділетсіздік мәселесімен тікелей байланыстырады. Жеке басындағы қайғы-қасірет жалпы халықтың басындағы қиындықтармен ұштасып, ол жеке мұң емес, қоғамдық сипат алған. «Малым жоқ Шорман айдап алатұғын» деген жолда Мұса биліктің озбырлығын тікелей атап көрсетеді. Ол мұнда мал-мүлкінен айырылған кедей-кепшіктің жағдайын және олардың басындағы шарасыздықты меңзейді. Бұл тармақ арқылы ақын билік иелерінің халыққа жасаған зорлығын нақты фактілермен әшкерелейді. «Қорлығын Мұстапаның паш қыламын» деген соңғы жолда ақын өзіне және халқына көрсетілген зорлық-зомбылықты бүкіл жұртқа жария ететінін ашық мәлімдейді. Бұл Мұсаның әділетсіздікке қарсы белсенді күреске шыққанын және оның бұл күресте тайсалмайтынын анық көрсетеді.

Қорыта келгенде Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» өлеңі – өз дәуіріндегі әлеуметтік әділетсіздікке қарсы шыққан батыл үндеу. Ақын ел билеуші таптың озбырлығы мен әділетсіздігін әшкерелей отырып, халықты оларға қарсы тұруға шақырады және болашақта әділдік орнайтынына сенім артады. Жаяу Мұсаның әні – жеке бастың қайғысын бүкіл халықтың ортақ мұңымен байланыстырып, әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға үндейтін азаматтық үні. Ақын өзін халықтың әділет жолындағы күресінің символы ретінде көрсетіп, өзгелерді де осы күресте бірігуге шақырады.