Қазақстан тарихының көп томдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз - депутат
11.01.2024 2020

Сенатор Дархан Қыдырәлі  оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастаулары туралы жаңа деректерді енгізу туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы.  


Ол өз халқының тарихын білмеу қасірет деп біледі. «Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Бұл кезде халық өз тарихын бұрмаланған түсініктен қате танымда қалыптастыра бастайды» деп пікір білдірді.

Сенатор Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы қазақ халқының шынайы тарихына маңыз беру үшін тамаша мүмкіндік болып отырғанын айтты.

Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көп томдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәселен тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7 сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, ал 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі. Бір айта кетерлігі, ЖОО-дағы мамандықтарға қазақ тарихы пәнінің енгізілгені құптарлық. Осы пәнді методологиялық бірізділікке келтіріп, мемлекеттілігіміздің бастауларына басымдық берілгені жөн, – деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі тарихи тұлғалардың мерейтойлары той-тойлау үшін емес, ой ойлап, тарихи санаға оң ықпал ету үшін қажет екенін де тілге тиек етті.

Дархан Қыдырәлі еліміздің жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына Қазақстан тарихының кейінгі нұсқасын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады.

Осыған дейін Түркі академиясы Жошы ұлысы туралы зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастырғанын, тіпті ЮНЕСКО-да іс-шара өткізгеніне назар аударды. Сенатор биылғы жылы аяқталатын Қазақстан тарихы бойынша көп томдық ұлы Жошы хан туралы да тың деректер береді деген үмітін білдірді.