«Ақтабан шұбырынды» оқиғасы 1723 жылы емес, 1722 жылы болған!
Бөлісу:
23.10.202311752
1. Қазақ оқымыстыларының деректері
Қазақ тарихындағы ерекше саналатын оқиғаның бірі – «1723 жылы болған» делінетін «Ақтабан шұбырынды» аталып кеткен жоңғар шапқыншылығы. Мұны СССР заманындағы тарихшылар қазақтың әлсіз жұрт болғанын дәлелдейтін құйтырқы мақсатта шебер қолданды. Күні бүгінге шейін бұған ойдан шығарылған небір қисынсыз әңгімелер үсті-үстіне жамалып, түрлі бұрмалаушылықтар әлі тыйылмай келеді. Орын алған өрескел жаңсақтықтардың да түзетілер түрі жоқ. Тарих ешкімнің меншігі емес, сондықтан оның парақтарынан өзіміз куә болып, анық байқаған шүбәлі жайттарды айтуға толық хұқымыз бар! Сонымен.
«Ақтабан шұбырынды» оқиғасы жайында сөз қозғаған Шоқан Уәлихановтың баяндауынша, XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығы қазақ халқы үшін сұмдық кезең болған. 1723 жылғы қасірет – халықтың жадында ерекше сақталып қалған оқиға дейді. Жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серен (бұл – қате!-Б.К.) сансыз шерікпен шабуыл жасап, бұрынғы жорықтары үшін қазақтар мен буруттарды қатаң жазалайды, отбасыларын тұтқындап, малдарын айдап әкетеді. Шошынған жұрт бала-шағасын қалдырып, босып кетеді. Халық қыстың суығынан қатты азап шегеді, аштықтыққа ұшырайды. Орта жүз Самарқан маңына, Кіші жүз Хиуа мен Бұхараға, ал буруттар қол жетпес Болор шатқалдарына, Гиссарға ауған. Қазақ ордасына жоңғарлардан басқа Еділ қалмақтары, Жайық казактары, башқұрттар да шабуылдаған дейді (Қараңыз: Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4 – Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энцилопедии, 1985, Стр. 111-112.).
Айта кетер жайт, Қазақ ордасына шапқыншылық жасаған Қалдан-Серен емес, Шуно-Дабе еді, өйткені осы кездегі хандық билік оның әкесі Сыбан Рабданның қолында-тұғын. Бұл жөнінде И. Златкин: «После смерти Галдан-Бошокту-хана ойратские владения перешли к Цэван-Рабдану», – деп айғақ береді (Қараңыз: Златкин И.Я. История джунгарского ханства. 1635-1758. Москва. Издательство «Наука», Главная редакция восточной литературы. 1983. Стр. 211.).
Басқа да еңбектерде көрсетілген ақпарды бір-бірімен салыстыра қарағанда шапқыншылық тап осы билеушінің мақсат-мүддесінен туғанын һәм соғысты өзінің белгілеген стратегиясы бойынша жүргізгенін пайымдаймыз.
И. Златкиннің шамалауынша Сыбан-Рабдан билікке 1697 жылы келгенге ұқсайды. Ал өлген мерзімі – 1727 жыл. Бұл – анық мәлімет.
Шоқан еңбегінде келтірген деректі А. Левшиннің 1832 жылы жарық көрген «Описаніе киргиз-кайсакскихъ, или киргиз-казачьихъ ордъ и степей» деп аталатын еңбегінен алған, ол осындағы мәліметтерді қайталап шыққан (Қараңыз: Левшин А. «Описаніе киргиз-кайсакскихъ, или киргиз-казачихъ ордъ и степей. Сочиненіе Алексія Левшина, Член разныхъ ученыхъ обществъ Россійскихъ и Иностранныхъ. Част второя. Историческія известія. С.Петерургъ. Въ типографіи Карла Крайя. 1832. Стр. 68-70.).
1723 жылы болған делінетін «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын Шәкәрім қажы да 1911 жылы Орынбордан жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ әм ханлар шежіресі» кітабына енген «Қазақтың қайдан шыққаны» деген жазбасында былай деп түзіпті: «Әз-Тәукенің тұсында қазақ Әмударияда тұрғанда, бұрын фарсыға қарсы тұрған Ақжар деген түрік нәсілінен бір Нәдіршаһ деген мықты кісі шығып, фарсы жұртын қаратып алған да, қазақ содан қорқып, қайта ауып Сырдарияға кетіпті.
1690 жылдар шамасында Әз-Тәуке өліп, орнына баласы Болат хан болды. Осы келгенде қазақтың бұрынғы орнына қалмақ келіп қалған екен. Содан жанжал-төбелес болып, ақырында 1723 жылы қазақ-қалмақ болып жиылып соғысқан да, қазақтың көбін қырып, қалғанын қуып жіберген соң қазақтар аш-жалаңаш жаяу шұбап, бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты. Сонда бір ақасақал кісі айтыпты: балалар адам бастан кешкен жақсылықты қандай жұтпаса, жаманшылық көргенінде, сондай жұтпауы керек. Біздің бұл көрген бейнетіміздің аты «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» болсын дейді. Мағынасы – табанымыз ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан күн дегені. Және сол жолда айтылған қазақтың ескі өлеңі мынау:
Мұнда да жаңсақтық бар. Ғылымда анықталған-ды, архивтік деректің куәлік беруінше Тәуке хан 1715 жылы көз жұмған, 1690 жылы емес. Тағы бір айтарымыз ол өлген соң орнына хан болған – інісі Қайып. 1718 жылға дейін. Қазақ ордасы түгел қолдамаса да бұрынғы қалыптасқан тәртіпті бұзып, өзара бәтуаласқан би-сұлтандардың бір тобының Тәукенің баласы Болатты хан қып сайлауы Қайыптан кейін. 1718 жылы. Сондай-ақ қажы жазып кеткен мәлімет аңыз түрінде сипатталған. Халық аузында сақталып қалған әңгімеден келтірілгені аңдалады...
«Қазақтың қайдан шыққаны» деп аталатын жазбасында Шәкәрім тілге тиек қылған «Елім-ай» өлеңінің бағыздан жеткен әуені минорлы ладқа құрылған. Ерлердің толғаныс-сезімінен шыққан әуезге мүлде келмейді. Бұл – тек әйел адамға тән мұңлы зар. Қапияда айрылған бауырын, баласын, атақонысын ойлаудан туған шер. Жоқтау. Осыны парықтауға білік-өресі жетпей жүрген ұяты кем трайбалист-сыңарезулер сайда саны, құмда ізі жоқ, ойдан құралған, жалғандығы әбден әшкереленген қайдағы бір «Қожаберген жырау» шығарыпты-мыс деп жар салып келеді...
«Ақтабан шұбырынды» оқиғасы турасында алаш оқымыстыларының бірі – М. Тынышпаев та «Материалы к истории киргиз-казахского народа» аталатын еңбегінде сөз қозғап, былай деген: «Это грандиозное историческое бедствие называется «Актабан-чубруынды, Алка-Кол сулама», что значит – все народное бегство пеших до состояния, что «побелея (износились) пятки, и беглеы в изнеможении упал вокруг озера Алка-Кол» (Қараңыз: Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа. Восточное Отделение Киргизского Государственного Издателства. Ташкент. 1925. Стр. 17).
М. Тынышпаев «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына қатысты бұл мәліметті өз кезегінде Шәкәрімнен алғаны ап-анық боп тұр. Өйткені соның жазғанын қайталап баяндаған және қажының «Түрік, қырғыз, қазақ әм ханлар шежіресі» кітабын өзі пайдаланған деректердің қатарында атап көрсеткен.
Зерттеушілердің қай еңбегінде де Шәкәрімнің арап, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгергені, батыстың, шығыстың әдебиетін, тарихын терең оқыған кісі екені баяндалады. Сондай-ақ, оның А.Левшиннің, И.Крафтің, тағы басқалардың еңбектерімен таныс болғаны айтылады. Сол оқыған кітаптардағы түрлі деректерді, топшылауларды, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты өз заманында көнекөздерден естіген аңызбен салыстыра сараптай отырып, Шәкәрім де жоңғар шапқыншылығын «1723 жылы болған» деген пікірге нық тоқтап, тұжырымдаған сықылды...
Осы соғыста Қазақ ордасының зор шығынмен жеңілуі – жоңғар әскерінің зеңбірекпен қарулануында деген пікірлер айтылып жүр. Бұл – «Посольство къ зюнгарскому хунъ-тайчжи Цеванъ Рабтану капитана отъ артиллеріи Иван Унковскаго и путевой журналъ его за 1722-1724 годы» аталатын еңбектегі орыс офицері И.Унковскийдің: «А те речи онъ Илья самъ слышалъ Калмыка Ноюна, да еще де онъ слышалъ от многихъ Калмыкъ, что напрасно до такъ мы не сделали: какъ хотелъ ехатъ къ намъ отъ Ямышева с войскомъ, такожъ и съ артиллерію, в Ургу подполковникъ Бухольцы, и мы бъ его взяли совсемъ въ полонъ. Да онъ же Илья, будучи въ Урге контайшиной, слышалъ, что иноземецъ штыкъ-юнкеръ Ренотъ, которой взятъ съ ними въ полонъсъ Корякова, вылилъ Контайше семь пушекъ медныхъ, три мортиры. (астын сыздық.-Б.К.) Да у него жъ Контайши въ Урге поручикъ Дебешъ и другіе офицеры научили делат суконъ, иголъ», – деп қалдырған мәліметінен түйінделген ой сықылды.
Унковскийдің осы дерегіне қарап, тарихшылардың, тағы басқалардың жоңғарлар шапқыншылықта қазақтарға қарсы от қаруын қолданып, жеңіске жетті деулері – үстірт пікір. Жәй долбар. Мұны да саралап өтейік.
Ғалымдар В. Бородаев пен А. Контев бірігіп жазған «Шведский артиллерист И.Г. Ренат и его ойратские карты» деп аталатын зерттеуде (2010 г.) мынадай мәліметтер айтылады: Иоган Густав Ренат (1682-1744) – швед әскерінің артиллерисі. 1709 жылы Полтава түбіндегі шайқаста тұтқынға түсіп, Тобыл қаласына жөнелтіледі... 1715 жылы Жәмішев бекінісі жақта Бухгольц экспедициясы құрамында жүрген швед Календарға жүздесіп қайтпаққа барады, сонда жоңғарлардың орыстармен болған қақтығысында тағы тұтқынға түседі. Содан ол Сыбан Рабданның ставкасынан бір-ақ шығады. И.Г. Ренат ұзақ жыл жоңғар өлкесінде болады. Осы уақыт ішінде қару-жарақ жасаудың, басқа да істердің қыр-сырын көшпенділерге үйрете бастайды.
И. Ренаттың жасағаны еуропалық үлгідегі қарапайым ғана қарулар болған. Мұны егжей-тегжейлі зерттеген Ю. Каторин мен Н. Третьяков есімді зерттеушілер «Секрет джунгарский артиллерии» атты еңбегінде (2019 г.) бүй деп түсіндіреді: «Большинство ружей джунгарского производства имело фитильный замок, длинный ствол, узкий приклад и, часто, деревянные сошки, опираясь на которые можно было существенно повысить меткость стрельбы... Пушки перевозили на верблюдах, укрепив стволы в специальные «ясли» на их горбах. Как известно, верблюд может нести груз не более 220–250 килограммов. Этому критерию вполне отвечают легкие полевые пушки калибром 68 и 76 мм. Из них, конечно, не стреляли прямо с верблюдов. Для стрельбы пушки снимали и ставили на специальные легкие станки».
Және бір назарда ұстайтын жайт, қолымыздағы еңбектерде Жоңғариядағы ең алғашқы шойын құю зауыты швед И.Г. Ренаттың жетекшілігімен Ыстық көлдің жағалауында 1726 жылы салындыделінген. Бұл – «Ақтабан шұбырындыдан» соң біраз уақыт кейін болған оқиға.
Сондай-ақ Ю. Каторин мен Н. Третьяков «Секрет джунгарский артиллерии» аталатын әлгіндегі зерттеуінде: «В боях за Турфан в 1731 г. джунгары подготовили китайцам сюрприз – несколько артиллерийских батарей расположили на окрестных холмах. (астын сыздық.-Б.К.) Атаки китайской пехоты были отражены артиллерийскими залпами, картечь вызвала ощутимые потери. Ренат, скача от одного холма к другому, лично корректировал огонь. Китайцы были потрясены», – деп жоңғарлардың зеңбіректі кімдерге қарсы, қашан қолданған мерзімін атап көрсетеді.
Жоғарыдағы қалмақтар айтты, Илья Лычагин айтты делінетін «семь пушекъ медныхъ, три мортиры», сонсоң Ренаттың кейінгі баяндауындағы «всех пушек зделал токмо четырефунтовых 15, да малых 5, да мартир десятифунтовых з дватцать» деген деректерге сүйенсе керек, кейбіреулер өздерінің «ойраттар «Ақтабан шұбырындыда» зеңбіректер қолданып, Қазақ ордасының тоз-тозын шығарды, халықтың жартысынан астамы харап болды» деп дәйектелінбеген долбарын қорытынды-түйін етіп, біржолата бекіткісі келеді. Хош, солай болсын дейік. Бірақ қазақ ғылымында соңғы жылдары айтылып жүрген осы пікірлердің әлгінде біз келтірген жоңғар тарихын, қаруын арнайы тақырып етіп жан-жақты зерттеген, атап айтсақ, И. Златкиннің, В. Бородаев пен А. Контевтің, Ю. Каторин мен Н. Третьяковтің, қолдағы тағы басқа да көптеген еңбектердегі ғалымдардың тұжырымдарымен, анықтаған айғақ-деректерімен қиыспауы қалай?!
Шынында да сол кезде қаруы дамып кеткен болса, бір уақыттарда дүкін-дүркін топ атып (доп емес!), жан-жаққа өздері бостырып жіберген қазақтардан кейін Шұбартеңіз-Білеуті өзені бойында, Балқаштың маңында қалайша қайта-қайта ойсырай жеңіліп қалды, күндей күркіреп, жасын ойнатып жусатып салатын қолдарындағы от қаруын неге қолданбаған, тиісті жерінде пайдаланбаса несіне жасатқан оны?!
Ақиқатында еуропалық үлгідегі жойқын зеңбірекке біржолата қол жеткізу үшін ең әуелі темір қорыту, шойын құю тәрізді мәселелерді шешіп алу қажет еді. Швед Ренаттың шағын ұстаханада жасап шығарған санаулы қарапайым қаруларының өзі И. Унковскийдің жазбасында атап өтілген Сыбан-Рабданның отыз мыңға жуық әскерінің тым болмаса оннан бірін қамтамасыз ете алмасы айдан анық-ты. Қонтайшының Ыстық көлде 1726 жылы зауыт ашудағы әрекеті осыдан туған-ды. Ал біздегі білгіштер бұған терең үңілмейді, өжектей түседі...
Сыбан-Рабданның соғыс ашуының негізгі себебін әлі жетіліп, іске аспаған зеңбірекке тіреудің еш қисыны жоқ. Шапқыншылық мына жайтқа байланысты болған сияқты: Тәуке өлген соң Қазақ ордасында үш жүздің қалауындағы ортақ хан сайланбай ит ырғылжыңмен ұзақ уақыт өтеді, тақ иесіз қалады. Содан бір орталыққа бағынған бұрынғы бірліктің көбесі сөгіліп, берекесі кете бастайды. Жіті бақылап, бұдан жақсы хабардар боп отырған қонтайшыға осы жағдай – сәті туған кезең-тін.
Екіншіден, жоңғарлардың шабуылды тұтқиылдан сәтті жүрізуі де Қазақ ордасына тым жақын орналасуына байланысты еді. Унковскийдің деректерінде XVIII ғасырдың алғашқы жартысында олар бірде Лепсі, Қаратал, Іле өзендерінің бастау алатын тұстарында, бірде Алтын Емелді, т.б. жерлерді жайлап жүргендері аталып өтеді. Соғыста өлгендердің орнын алдын ала дайындалған, сақадай сай тұрған қосымша әскермен ыждағатты толықтырып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыруға осы жағдайдың да жақсы мүмкіндік бергені анық.
Қазақ жерінде сақталып қалған, тунгус-маньчжур тобына жататын тілдердегі атаулармен аталатын Қаскелең, Шамалған, Іле, Зайсан, т.б. бір кездері олардың қоныстары болғанын растай түседі. Мұны пікіріміздің өзегі болып отырған И.Г. Ренаттың жоңғар жұртында жүргенінде жасаған тарихтағы баршаға аян әйгілі картасы да бұлтартпай дәлелдейді. Онда ойраттардың иелігіндегі жерлер деп Ыстық көл төңірегі, Жетісудың бірқатар өңірі түсіріліп көрсетілген... Бұл – ұзақ әңгіме, сондықтан басты айтпағымызға қайтып оралайық.
3. «Ақтабан шұбырындының» болған анық мерзімі
А. Левшиннің, Ш. Уәлихановтың, Ш. Құдайбердіұлының, М. Тынышпаевтың, бұлардан кейінгі совет тарихшыларының бірін-бірі қайталап жеткізген мәліметтерін, жандарынан әсірелеп қосқан қоспаларын негіз етіп, қазақ шежіресінен орын алған «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» аталатын оқиғаны «1723 жылы болды» деп санаға сіңірген тұжырым нақты ма? Иван Унковскийдің, Флорио Беневенидің еңбектерімен танысқан соң көңілімізде осындай шүбә туды.
1722 жылы Ресей Мемлекеттік Сыртқы істер алқасы артиллерия каптитаны И. Унковскийге тапсырмалар беріп, жоңғар хандығына сапарға жіберуге шешім шығарады. Экспедицияның мақсаты – Сыбан Рабданмен келіссөздер жүргізіп, Ресей бодандығына өтуге көндіру һәм Орталық Азияның осы аудандарынан алтын кен орындарын табу және бұл жаққа Сібірден келетін құрлық, өзен жолдарын зерттеу. Сонымен қатар жоңғар иелігінің картасын жасау, тарихи-этнографиялық мәліметтер жинау-тұғын.
И. Унковский өзіне жүктелген осы міндеттерді орындау үшін 1722 жылы 25 ақпанда қонтайшаның елшісі Буроқорғанмен бірге Ургага бет алады. Олар Мәскеуден Тобылға, Тобылдан Ертіс өзені арқылы Семей бекінісіне, Семей бекінісінен соң қазақ жеріндегі әйгілі Алакөлдің оңтүстік тұсынан басталып, Қытай территориясы құрамына енетін Ебінұр көліне дейінгі аралықта созылып жатқан, «Жоңғар қақпасы» аталып кеткен жазық өткелмен жүріп өтеді...
«Посольство къ зюнгарскому хунъ-тайчжи Цеванъ Рабтану капитана отъ артиллеріи Иван Унковскаго и путевой журналъ его за 1722-1724 годы» атты еңбекте бірнеше айдан соң қонтайшының жұртына жеткенін И. Унковский:«... съ помощію Все вышняго до Контайшиной Урги дошли ноября 17 дня 1722 года благополучно», – деп таңбалапты.
Осы жолсапар журналдың тағы бір жерінде және былай делінген: «И упою, то всехъ Бухарцовъ при Контайше кочуетъ, кроме пашенных около двухъ тысячъ человекъ; (оные Бухарцовъ, сказывают, что предъ симъ временемъ около трех-сотъ летъ выехали их Великой Бухаріи и помянутые городки построили и хановъ всегда имели). Къ тому жъ народомъ, пмянуемымъ Бурутами, завладелъ, которые кочуютъ около озера, пмянуемаго Тускел, и съ Казачьею ордою граничать. А оныхъ народовъ около 5000 кибитокъ находится, а войска их около 3000 доброго собраться можетъ. Потом съ Казачьею ордою войну началъ, которая у него, Контайши, до днесь с оными продалжается; а Казачья орда купно съ Карай-Колпаками противъ Контайши войну имеютъ» (астын сыздық.-Б.К.).
Жазбасының бір тұстарында қонтайшы Сыбан-Рабданның Қазақ ордасына қарсы отыз мыңға жуық әскер ұстап тұрғаны, үздіксіз соғысқаны айтылады. Бұл оқиғаға қатысты мынадай деректер де келтірілген: «А 1723 года объявлено капитану Унковскому то три городка Казачей орды сыну его контайшину, именемъ Шуно-Дабе, которой против техъ Казаховъ съ войсками посланъ а именованіе темъ городкамъ Ташкентъ, Сайрамъ, Харамурутъ и будто 5.000 семей Казаховъ ему, Шуно-Дабе, поддалис, из которыхъ тысяча семей везли въ контайшины улусы» (астын сыздық.-Б.К.) (еске сала кетейік, Шуно-Дабе – Сыбан Рабданның ұлы.-Б.К.).
«А 1723 года объявлено капитану Унковскому...» деген сөйлемдегі дата Қазақ ордасының үш қаласын жоңғарлардың басып алған мерзімі емес. Бұл – Урга жақта, қонтайшының қонысында жүрген Унковскийге хабардың жеткізілген уақыты. Қайсыбір зерттеушілер тарапынан осы мәлімет қате пайымдалған тәрізді.
Сонымен назарға ұсынбақ пікіріміз – жоңғар шапқыншылығының тап бұл жылы басталмағаны турасында. Сол ойымызды нақтылауға көшейік.
«Посланник Петра I на Востоке. Посольство Флорио Беневени в Персию и Бухару в 1718-1725 годах» деп аталатын еңбекте былай деп таңбаланыпты: «... ибо черные калмаки (ойраттарды осылай атаған.-Б.К.) оных казахов в пен разорили, и что наилучший городок у них взяли, и тут засели. Ожидаю чрез сего курпера указу. Вашего величества нижайший раб, посланнник Флорио Беневени. Из Бухар, 10-го марта 1722-го г.» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Посланник Петра I на Востоке. Посольство Флорио Беневени в Персию и Бухару в 1718-1725 годах. М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1986. Стр. 75).
Міне, тікелей куә болып отырмыз, Флорио Беневени бұл дерегін қағазға 1722 жылы 10 наурызда түзген.
Енді мұны да тәптіштеп, әлі де ашыңқырай түсейік. Оның «...ибо черные калмаки оных казахов в пен разорили, и что наилучший городок у них взяли, и тут засели» деген сөзі Қазақ ордасы иелігіндегі Ташкент, Сайрам, Харамурутъ шаһарларының жаудың қол астына 1723 жылы емес, 1722 жылы өтіп кеткенін аңғартады. Деректен басқыншылықтың қаңтар, ақпан айларының бірінде болғанын да шамалауға болады. Демек, «Қазақ ордасының жоңғар шапқыншылығына ұшыраған уақыты – 1723 жылы» деп айтылып жүрген мәлімет – жаңсақ!
Бұл пікірімізді бірі қостар, енді бірі қарсылық көрсетер. Өйткені «Ақтабан шұбырындыға» қатысты жаңсақ деректі енгізген болса «еңбегімнің құны түсіп қалады, абыройыма нұсқан келеді» деген парықсыз оймен кейбіреулер байбаламға басып, шындықты қаламауы да мүмкін. Мұндайға талай куә болдық та. Сондықтан оларға ақиқаттың түк қажеті жоқ, өтіріктің балын жалап жүре бергенді тәуір көреді...
Сонымен сөзімізді осы тұстан түйіндеп, тәмамдайық. Қазақ жұртының «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған қасіретті жылы – 1722 жылдың қыс айы! (астын сыздық.-Б.К.). XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы оқиғаға тікелей куәгер болған адамдардың өз қолымен тайға таңба басқандай таңбалап кеткен деректері бұл тұжырымымызды толық қуаттап тұр.