«Эркин Тоо» газетінде жарияланған қазақ-қырғыз қатынасы жайлы деректер
20.10.2023 1095

Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде, яғни 1924-1927 жылдары Бишкек қаласында қырғыз тілінде «Эркин тоо» («Еркін тау») атты газет шығып тұрған. Басылымның алғашқы бетінің сол жақ шекесіне «г. Пишпек, уг. Ташкентской и Советской» деп газет редакциясының мекен жайы көрсетілсе, құрылтайшы ретінде «Орган Обкома РКП Облревкома, Кара – Киргизской Автономнрй области» делінген. Бір таңданарлық дүние – газет Ахмет Байтұрсыновтың төте жазу үлгісін қырғыз тіліне орайластырып пайдаланыпты. 


Бұл газеттің барлық саны қазіргі таңда Қырғыз Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр. Өткен жылы «Архив - 2025» жобасы аясында Бішпек қаласына барған ескі қазақ жазуының білгірі, архив ісінің маманы Ахат Әшуұлы (Расул) деген азамат «Эркин тоо» газетінің қорда тұрған сандарымен танысып, сол тұстағы қазақ-қырғыз қатынасына байланысты жазылған деректерді қазіргі қазақ тіліне сай тәпсірлеп шыққан еді. 

Осы орайда, біз өткен ғасыр басындағы қырғыз – қазақ қатынасын зерттеушілер үшін құнды боларлық пайымдарды партол оқырмандарына ұсынып отырмыз. 

 

Орта Азияда Ұлт мемлекеттерінің құрылуы

(«Эркин Тоо» газеті №1. 7 қараша 1924 жыл, 2-бет)

 Орта Азия халықтары ұлт айырмасына Қазақ шекараластыру жол-жобасы бекітілді. Орта Азияда тағы екі республика болады: Өзбекстан, Түркіменстан. Бұлар тура СССР-ға қарайды және Өзбекстан Республикасына Тәжік Республикасы кіреді. Қырғыз өз алдына автономиялы облыс болып, РСФСР-ға қарай тұратын болды. Хиуадағы Қарақалпақ автономиясы жеке облыс болып Қазақстан Республикасына кірді. Түркістан Республикасындағы қазақ уездері Қазақстанға қосылды. 

 

Арал теңізіндегі су тасқыны

(«Эркин Тоо» газеті №2. 27 қараша 1924 жыл, 3-бет)

10 ноябрь күні ертеменен қар жауып, құйын болды, артынан қатты боран соғып Арал теңізінің суы бірден көтеріліп, қатты толқын болып таси бастады. «Аралский море» дейтұғын поселканы су басты, тасқын біраз кемені құрғаққа шығарып тастады. Темір жолын да су басты және басқа ағызған нәрселері де көп. 

«Аралский море» поселкасында су екі саржаға дейін көтерілген. Арал теңізінің айналасының бәрін су басты деп айтуға болады, айналасындағы поселкалардың үштен екісі апатқа ұшырады. Тасқыннан өлген әзір бес кісі, бірақ суға кетіп өлген аяқты мал көп. Су басқан дүкендердің затын құрғаққа шығарып дүниелерін аман сақтап қалу шараларына кірісіп жатыр.

Қазалы уездік атқару комитеті жағынан тасқынмен күресуге үш кісілік комиссия ұйымдастырылып іске кірісіп жатыр. Түркістан атқару комитетіде жәрдем беру шараларын қарастырып жатыр. «Аралскийде» апатқа ұшырағандар үшін тамақ беретін пункт (бекет) ұйымдастырылып, тамақ тегін таратылып жатыр.

Назар салынсын!

(«Эркин Тоо» газеті №3. 15 желтоқсан 1924 жыл, 3-бет)

Бұрынғы Түркістан Республикасы бөлек-бөлек ұлт республикаларына бөлінгеннен кейін, ондағы мемлекет мүлкін, байлығын бөлуге тура келді. Ол іс үшін Россия коммунистік партиясының Орта Азия бюросы комиссия құрған, комиссияның мақсаты:

Мүлікті, байлықты бөлген уақытта Орта Азиядағы ұлттардың халқының, малының санына қарай, жер-суының азы-көбін еске алып, басқа мақташылық секілді ауыл шаруашылығының түрлеріне назарды көбірек салса керек. Бұл комиссияда әрбір ұлт республикаларының уәкілдері болуға тиісті, бұл бір. Осындай болсада әркімнің өз кимі өзіне жарасады. 

Мүлік бөлетін комиссия кеңес үкіметі құрылып, бес жылдан бері қарай оның берген жемістерінен надандық, саяси һәм шаруашылық шарттарының теріс себептерімен толық пайдалана алмай құр алақан қалған қырғыз, тәжік, түркімен, қарақалпақ қатарлы ұлттардың кем-кетігін, кенже қалғандығын ұмытпау керек. Өйткені, күні бүгін бөлініп жатқан істерге қарасақ, бұрын үкімет ісіне көп кірісіп көрмеген кейбір ұлттар ебі келмей көрінгеннің аузына қарап жалынып жүрген көрінеді. Үкімет ісімен бұрын танысып, үйреніп қалған ұлттарға көп қиындық туғызбағандығы сезіледі.

 

Ұлт Республикаларында

(«Эркин Тоо» газеті №4.  3 қаңтар 1925 жыл, 2-бет)

Қазақстанда:

Түркістаннан бөлінген Қазақ үкіметінің көшуі: 14 декабрьде (1924 жыл) Түркістаннан бөлініп Қазақстанға қараған Қазақ үкіметінің өзгеріс комитеті мен партия комитеті Шымкентке көшті. Бүкіл Ташкентте оқып жатқан қазақ-қырғыз жастары жиналып үкіметті шығарып салуға Ташкент вокзалына барды. 

Кетіп бара жатқан үкімет атынан оқушыларға бірнеше жолдастар жалынды сөздерін айтып, мұнда қалған оқушылардың атынанда бірнеше жолдастар сөйлеп өтті. Поезд жылжығанша музыка ойналып тұрды, барған оқушы жастар көңілді болып қайтты. 

 

Қазақ-қырғыз қатынасы

(«Эркин Тоо» газеті №6. 16 ақпан 1925 жыл, 4-бет)

Пішпектен бөлінген 16 болыс қазақ, 8 болыс орыс, 2 болыс дұңған Шу районы аталып уақытша Алматыға қарады. Өздерінше райондық исполком, райком партиясы, райком қошысы бар. Январьда кешкі сағат 7-де Шу районында ауыл шаруасының қызметкері Пазылда баласы қырғыз өзгеріс комитеті Айдарбекұлының үйіне келіп, ел жинап қазақтарға барған қырғыздарды айтып және қазақтан жоғалған малдардың бірін Ақсу елінен, бірін Елемберді елінен ұстап ақырындағы айтқаны:

Егер жолын тапса осындай қазақ-қырғыз арасындағы бұзық ұрыларды тиюдың жолын табу үшін жетісулық қазақ-қырғыз арасындағы дау-жаңжалдарын бітіруші уәкіл Қалдыбай Абдолдаұлымен бас қосуды уәде қылды. Бұл бұзық ұрылардың қылтасын қию және бас қосып қырғыз-қазақ ел болудағы басқа отырықты болған надан халықтың қатарына ұмтылып жетуге кіріскенін көрсетеді. Ерегесті дегені қалсын, жоқ болсын деген сөз.

А. Догонұлы

 

Қарқара кімнің жайлауы?

(«Эркин Тоо» газеті №13. 17 сәуір 1925 жыл, 3 бет)

«Ақжолдың» №552 санында «Қазақтардың жайлауы Қарқара қырғыз облысына кеткені үшін Жетісу губисполкомы жер бөлімі һәм басқа жауапты қызметкерлері наразылығын айтты» дейді.

Қарқара туралы ол жолдастардың наразылықтары жаңсақ наразылық деп білемін. Қарқара жайлауы қырғыз облысына тиісті түпкілікті жайлау. Үлкен Қарқара ежелден бері. Жаркент уездіне қараған албан қазақтарының жайлауы Желді Қарқара және Ішкі Қарқара болатын. Енді Үлкен Қарқараны «қазақтікі» дегені мынадан: Қарақол уездінің қырғыздары «Бұғы» деген ел тобыменен көшіп барып бір ай жайлап, соны шөбін жегеннен кейін жайлаудың тарлығынан тау басындағы жайлауға тарап-тарап шығып кетеді. 

Одан кейін алшын шөбін қазақтар жейтін һәм Қарқара базары тарағанша отырып қойларының жүнін қырқып, киізін басады. Қарақолдан қыста ішетін азықтарын қамдап алып онан кейін әбден күн суығанда қазақтар көшіп қыстау қонысына қалай кетуші еді? Әзіргі Жетісу азаматтары «көңнен күміс жылтырайды» дегендей қылмай-ақ, қазақтардың Желді Қарқара, Орта Қарақара, Үш Қақпақ, Шилі Қатқақ, Ұлабас, Текес жайлаулары көзіне көрінбей, қырғыздың алақандай жайлауы Үлкен Қарқараға таласпай-ақ қойса айыбы барма еді?!

Бірақ, ақиқатын тексеріп қарағанда Үлкен Қарқара суында қарақолдық адамдардың машина-тақтай зауаттары бар және бал шелектің көбі осы Қарқара районында. Қысқасын айтқанда: Қарақолдың бір талай шаруашылық істері Қарқараға орнап қалған, бір талай түтін адамдар отырып үйлер салған.

Бұл жайлау қазақтікі болған уақытта қырғыздар бұл Қарқарада не қылып жүрсін? Басқа жағындағы жақын қазақ жайлауларына қырғыздар барып жайлап жүрген жоқ қой...

 

Екі ел арасындағы ұрлық ерегесі

(«Эркин Тоо» газеті №25. 2 маусым 1925 жыл, 2 бет)

...бұрынғы Пішпек оязынан бөлінген 26 болыс қазақ, 8 болыс орыс, 2 болыс дүңген бәрі 26 болыс Жетісу губерниясы Алматы оязына қарап, Шу районын жанап Пішпек округымен қоныстас отыр. Шу қазағының орталықтағы елі Жұмыш, Ырғайты, Қалғоты, Ботбай һәм Ұлпан болыстарынан өткен күзден бері қарай 83 қара ұрланды, сиыр, түйе, жылқы болып... Бұл малдарды ұрлаушылар Пішпек округының Нұрмамбет, Ыстық-Ата һәм Ұзынқыр елінің ұрылары.

 

Қосшының бұрынғы, кейінгі қысқаша халі

(«Эркин Тоо» газеті №26. 8 маусым 1925 жыл, 2 бет)

Бұдан бұрын осы Жетісу облысында 1865 жылдар шамасында Ұзынағаш деген жерде Николайдың адамдары қырғыз-қазақтарды «бізге қара» дегенде қырғыз-қазақ «мақұл» десіп, бір-бірінің сыр-сипатын білгендіктен кеңесіп «қарамаймыз» деп қарсы тұрған. Осы арада ортадан жаңжал шығып елу мың шамалы жергілікті халықтың кедей дихандары қырғын тапқан. Күшейе-күшейе Николайдың политикасыменен преселенский управления жасалғандағы егін, шөп шығатын жерлерді ала бастаған. Және жайлау-қыстаудағы жерлерді казак-орыстардың ат жайылысы деп оларға алып берген. Осындай-осындай қысымдарынан кейін 1916 жылы Пішпек, Қарақол, Алматы уездерінің халқы Николайға қарсы тұрып жанжал шығарады. Ақыры жабдықсыз болғандықтан мал-мүлкінен айырылып, өздері қырғынға ұшырап қытай мемлекетіне қашқан. 

Кедей-кембағал, дихандарға таң атып ескі отаршылдар зорлық-зомбылықпен тартып алған жерлерге ие бола алмайтын болды деген хабарды естігеннен кейін баяғы қытайға қашқан қашқындар «өз жерімізге ие болады екенбіз» деп қайтадан Жетісуға келіп ашаршылыққа душар болып, оның үстіне ақсүйек, құлақтар шаруалардың 16 жылғы қарсылықтарын есіне алып жергілікті кедей дихандарды асу, ату, ұрып өлтіру, барлық қалған ауқатын тартып алу көп болды. Сонымен жергілікті халықтың тең жарымындайын қырып, мал-мүлкін түк қоймай тартып алды. Осыдан кейін жергілікті халық жан сақтау үшін құлақтарға малайлыққа бір жола кіріп кетті. 

Қосшы мүшесі Құдайқұлұлы

 

Мал базар таласы

(«Эркин Тоо» газеті №27. 11 маусым 1925 жыл, 2-бет)

Жақында Тоқмоқтың ұлт шекарасы бөлініп, сонымен бірге қазақтар мал базарын да бөліп Қарақоңыз деген дұңған қыстағының аяқ жағына ашқан екен. Шаруаларын арттыру үшін онысында ешкімнің қарсылығы жоқ. Бір ғана жаман жері төрт кісіден тижарат базар комитетін сайлап қойған. 

Осы сайланған комитеттер қазақтан қырғызға мал өтетін болса ұрып-сабап өткізбей қояды екен. Қазақ ағайындардың ол қылығын көріп алып қырғыз ағайындарда қарап жатсын ба? Қырғыз тарапынан кездеме артып барушы саудагерлерді тоқтатса керек. Сөйтіп осы кезге дейін екі базардың тартысы болып келе жатқандығы көрінді.

Енді бұл туралы қазақ жағынан да, қырғыз жағынан да уәкілдер шақыртылып, саяси шаруа жағынан баяндама сөйленіп, ол ахуалдар басылған сияқты болды. Және осы келуші уәкілдерге тапсырылды қырғыз бен қазақ арасындағы жалған жала, барымташылықты тоқтатуға. Енді осыменен екі ортада қатынасу байланысы жақсарып қай-қайсысы болсадағы саудасын көбейту әрекетінде болар. 

Шет мемлекеттегі шекарадай арамызға қарауыл қойып бір-бірімізге пропускамен қатынасу дегенді екі жақтағы ағайындарымызда мақұл көрмейді ғой деймін.

Хабаршы

Ұры күшейді

(«Эркин Тоо» газеті №27. 11 маусым 1925 жыл, 3-бет)

Тоқмоқ районында ұры күшейді. Себебі: қырғыз облысы бөлініп басқа болғаннан бері қарай Қарақоңыз дұңғаны мен қазағы бірігіп алып Тоқмоқтың бас жағындағы Жаңашат қыстағындағы батырақтардың сиырларын түнде келіп мылтық кезеп оқ атқылап зорлық қылып көздерінше айдап кетеді. 

Олар сиырды айдағанда батырақтар артынан қуып барса мылтықпен атып жаралап кетеді. «Мал құрысын, өзім аман болсам мал табылар» деп сорлы батырақ қарап қала береді.

Бұл ұрылардың басшы ең үлкен атаманы Айсыр Шиаңлу деген дұңған. Олар өзінше бір партия, қарақшы, басқыншы сияқты жүреді. Бір қанша қыстақ емес Қаракерме деген жердегі қырғыздардың малын мылтықтап алып кетті. Жәнеде Ақжардан мал төлдетіп көшіп келе жатқан қырғыздардың ауылын мылтықтап қамағанда қайрат қылып 7-8 жігіт қуалап алты-жеті рет атсада болмай жетіатар мылтығымен ұстап алады. Тоқмоқ рай-милицияға тауып келіп қамап тастады. Енді үкімет басындағылар ұрылардың мұндай басынуына көз салмаса батырақ-жарлылар бір-бір шолағынан, бір-бір сауып ішіп отырған сиырларынан айрылып құр қалары анық.

С. Бұрғұл

Латын таңбасын не үшін аламыз?

(«Эркин Тоо» газеті №29. 20 маусым 1925 жыл, 2-бет)

Жақында Пішпек қаласында болып өткен мұғалімдер съезінде «Латын таңбасын аламыз» деген тоқтам шығарылды. «Латын таңбасы» біздің қырғызға жаңа жанасатын мәселені  съездегі мұғалімдер бұған түсініп қайтса да газет оқушыларымыз әлі түсінген жоқ. Газет бетіне басылған тоқтамдарды оқығандар таңырқап қалулары мүмкін. Сондықтан оқушыларымызға «Латын таңбасы» жөнінен түсіндіріп отыруды міндет деп санаймыз.

Әзіргі заман мәдениет заманы, өнер заманы. Мәдениетті, өнерлі болу үшін әр бір іс жеңілдік түрін тілейді. Қаншалық жолың төте және жеңіл болса, соншалық мәдениетті болмақшысың. Ал енді мәдениеттің түбі (негізі) әдебиет баспасөз болса, баспасөздің әдебиетті түрін жеңілдету талассыз мәселе.

Міне, «Латын таңбасын» осы жеңілдік жағынан ғана аламыз. Латын таңбасын алғандағы біздің дәлеліміз осы ғана. Латын таңбасын алу туралы бізден бір-екі жыл бұрын мәселе көтерген жұрттың қай бір азаматтары мынадай дәлел тауыпты: «қазақ-қырғыз еңбекшілерінің өсіп-өнуі, мәдениетті болуы күншығыстың ақ салмасында (ақ сәлдесінде), қожа-молдасында емес, күншығыстың өнер-білім тактикасымен пайдалануда. Күнбатыспен байланысуда» деседі. 

Бұл түпкі дәлел болып табылмайды. Біз Латын таңбасын күншығыстық қожа-молдасын жоғалту үшін алмаймыз. Латын таңбасын алғанымызбен де французша сөйлеп, француздай өнерлі бола қоймаймыз. Дұрыс, біз күнбатыстың тактикасына зәруміз. Бізге телеграм да, типография да, жазба машина да керек, біз оныменен пайдаланамыз. Бізге аэропланда және басқалары да. Бұларды біз дыбыс-таңбамызды ауыстырумен ғана жүргізе қоймаймыз. Біз ана тіліміз бен түптелген әдебиет арқылы, ұлт мәдениеті арқылы ғана бұларды іске асыра аламыз. Бізге латын таңбасы жеңілдің жолында ғана керек. Рас, таңбамыз күнбатыс елінің таңбасымен ұқсағандығы жөн, біз олардан оқымай мәдениет топтай алмаймыз. Сондықтан көпке ортақ болған «Латын таңбасына» көз салып отырмыз. Бірақ, бұл екінші басқыштағы мәселе. 

Енді араб таңбасының ауырлығын көрсетсек:

1. Араб таңбасында белгілер көп, араб таңбалары біріне бірі ұқсас болғандықтан оларды ажырата алу үшін белгілермен толтырған, бір сөзді жазғанда тұтасымен таңбаны салып келіп қайырылып әр бір таңбаға белгі салудың қаншалық машақат келтіретіні әр кімге анық және ұқсас таңбаны балаға үйретуде көп қиыншылық тудырады.

2. Араб таңбаларының әр бірі үш түрде жазылады, басында, ортасында, аяғында. Қырғыз тіліндегі 24 дыбыс-таңбасы (қазақ тілінде 33 дыбыс-таңбасы бар) араб таңбаларымен жазғанда 24 емес, жетпіске барады. Орта есеппен арабтың әр бір таңбасы үш түрде болып жазылса, біздің таңба 72 таңба болып көбейеді. 24 таңба 72 таңба орнына оқытудада, жазудада, басудада көп уақыт алары әбден анық. Сондықтан баспаханадағы жақсы машина болған таңбатергіші 6 мыңнан 8 мың таңбаға дейін бір күнде терсе, мұсылманның таңбасын теретін машина 2 мыңнан 3-4 мыңға дейін ғана тере алады. Баспаханадағы кедергісі бұл. Және араб таңбасынбаспаға тергеннен кейін атын өзгертіп негізгі атын оңдаудың өзі қаншалық машақат.

3.  Араб таңбаы бір-біріне тіркеліп жазылады және бәрі бірдей емес, бірі ұзын да, бірі қысқа, тахникада жеңіл болу үшін керек. Бәрі бірдей болуы шарт және айырым тұруы керек, техника машина осыны тілейді. Араб таңбасының бір ғана түрін алсақта жеңілдік қылмайды. Баспада біраз жеңілдік қылғанменен жазбада болмайды. Және үтірлер кедергі қылады. Жазбада 72 түрі үтірлерімен бұрынғысындай дәуірін сүреді-дағы, осыларға ұқсаған сансыз-есепсіз ауырлықтары бар. Міне, сондықтан біз Латын таңбасын жеңілдік жағынан қарап аламыз. 

«Сұңқарың кетіп күйігің қалдыма»? «Латын таңбасы баспада басқа, жазбада басқа және үлкен-кішкене парықты емеспе, 24 таңбамыз 72 болса, Латын таңбасын алғанда 96 болмайма? Мұның жеңілдігі қайсы»? – дейтін жолдастарда болар, бұл съез тоқтамында ашық көрсетілген. Біздің алған таңбамыз 72 болмайды, 96 болмайды, 24 таңба баспада да, жазбадад а бір ғана 24 болады. Шетен кірген екі дыбыс таңбасын қоссақ 26 ғана болады. 

Әр бір оқушы жақсы түсінулері керек. Латын таңбасын алғандағы мақсатымыз – күншығыстың ақ сәлделі қожа-молдасын жоқ қылу үшін емес, жеңіл жолмен әдебиетімізді, мәдениетімізді жасау. Латын таңбасын алып, латын, иә франсуз болып кету емес, мақсатымыз солдан оңға жазып, мәдениетті елді тору емес, біздің мақсатымыз: жеңіл, төте жолмен ұлт әдебиетімізді түптеп, осы әр түрлі еуропадай өнерлі болу, осылардың техникасындай техникалы болу. Орыстар сияқты жүзден ашық таңбаға ұрынбай, 72 таңбадан қашам деп, 120 таңбаға душар болған Азербайжандардың кебін кимей «шабан үйрек бұрын ұшар» дегендей 24 таңбамен төте, жеңіл жолға түсіп, мәдениет дариясына құлаш ұру. Неше жүз жылдан бері езілген қырғыз енді тақыр кедейлерін надандық құрсауынан құтқарып, мәдениет майданына жетелеп шығу керек.

Қасым

Ұлт Республикаларында

(«Эркин Тоо» газеті №31. 28 маусым 1925 жыл, 2-бет)

Шымкенттен 12 шақырым «Сайрам» деген елді мекенде көне жәдігер қазатын қазба жұмыстары кезінде бір жерді қазып ежелгі заманда жасалған пияла және қалайыдан жасалған Х ғасырға жататын бұйымдарды тапқан. Бұл табылған қазыналар қазақ-қырғыздар бұл жерге ХVI ғасырда ғана келгендігін көрсетеді.