Байырғы түркі жазбаларындағы «мәңгілік ел» мәселесі
12.10.2023 1367

Тарихта түркі елі сияқты орталықтанған мемлекеттің пайда болуы тілі бір, салт-дәстүрлері ортақ орасан зор далалық қауымдастықтың қалыптасуына себепші болды. Түркі тайпаларының бұл конфедерациясы өзінің айқын мәдени дәстүрлері бар аса қуатты мемлекетті қалыптастырды. Ол мемлекет өзінің бірегей мәдениетін одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызып отырды, сондай-ақ өзінің экономикалық, әлеуметтік және діни ерекшеліктерін VIII ғасырдың аяғына дейін қатаң сақтап келді. Рухани тұрғыдан алып қарағанда Шығыс көшпелілерінің тарихи сана-сезімінің оянуы тап осы кезеңге сай келеді.


Түркілердің мемлекет басқару өнерінде бірінші кезекте заңның дұрыс жұмыс жасауы жолға қойылып отырған. Қағанаттың билік дәстүрінде әділет деген ұғымды – қағанның немесе ханның кешірім әрекетінен емес, заңның дұрыс жүзеге асуынан іздеген. Оны біз мысалы 716 жылы Өтікенде қаған сайлауы кезінде әділетсіздікке көнбеген Күлтегіннің қарулы көтеріліс жасап, заңды бұзған Қапаған қағанның кеңесшілерін және жаңадан тағайындалған қағанды түгел жазалап, өлім жазасына кескенінен көреміз. Сондықтан, түріктер заңды бәрінен жоғары санаған.

Біз білетін ежелгі түркілерде билік ұғымы, қағанға бір тәңірдің назары болады деген сеніммен қалыптасқан. Сондықтан қарапайым халық билік қағандарға тәңірден беріледі деп сеніп келген. Білге қаған ескерткіштерінде:

Тәңірі жарылқағаны үшін,

Өзімнің құтым бар екендігінен

Қаған тағына отырдым.

Қаған тағына отырып,

Кедей халықты бағындырып жинадым.

Кедей халықты бай қылдым,

Аз халықты көп қылдым.

Тәңірі жарылқағаны үшін,

Төрт тараптағыларды халық еттім,

Ел етіп ұйымдастырдым - деп, мәңгі тасқа жазып қалдырған.

Әулеттердің тәңіртектестігі туралы тұжырымдаманың да көшпелілерге тән болғаны табиғи нәрсе. Ежелгі түркілердің негізгі діні Аспан (Тәңірі) мен Жерге (Жер-Су) табыну болды. Осынау құдіретті жұптың негізгісі аспан саналады.

Түркілер өздерін тап сол аспан қолдаған қағандар билейді деп санап, оларды «Тәңіртектес, аспаннан жаралғандар» - деп атады: «Тәңірі өзінің биігінен (аспан) әмір етіп, менің әкем Елтеріс қаған мен менің анам Елбілге қатынды (халықтан) жоғары көтерді». Түркі қағандары тас қашау жазуларында аспанның өздеріне мейірімді болуын ұдайы тілек етеді. Аспан, Жер-Су қиын-қыстау қилы заманда түркі халқын құтқарып қалғанына олар сенеді.

Ішкі және сыртқы саясаттағы хандықтың беделін көтерген отаншылдықты, ауызбіршілікті, иерархиялық реттілікті, бір пейілділікті, бір танымда болуды қалыптастырған ментальдік құндылықтарымыздың бірі – биліктің киелілігі жөнінде ұғым. Бұл ұғым өзінің бастауын Құран мен хадистерден және халқымыз әулие тұтып, қастерлеген тұлғалардың сөздерінен алады. Осы орайда айта кету керек, бұл – халқымыздың биік діни сауаттылығын, исламдық қағидаларға сенімінің, яғни иманының күштілігін де танытатын даралық. «Маджма ат-тауарих» атты авторы белгісіз жазбада мұсылмандардың патшаға қарсылықты дінге қарсылық деп есептейтіні айтылады. Халықтың өз тағдырын ел басшысына сеніп тапсыруы «екі тізгін, бір шылбырды бердік саған» деген сертпен рәсімделетін болған. Оның дәнекері де сөз ұстағандар еді.

Атадан қалған бұл ілкі қасиетті келесі ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында ақын-жыраулар билікті қастерлеуді жеке бастарының үлгісінде көрсетті. Бұл жерде іс пен сөздің бірлігі көрініс тапты. Олар көбіне ханның ақылшысы, кеңесшісі қызметін атқарды. Оларға шын жанашырлық танытты. Билеушімен өзінің мүлде алшақтығы бой көрсеткен тұстарда да қазіргі кейбір оппозициялық топтар секілді жек көрініш пен ызаға бой алдырған жоқ. Ақын-жыраулардың ілуде бір хандарға айтылған сыни өлең-жырлары да шын жанашырлықтың көрінісі болды. Олар билікті қастерлеуді Құдайдың әмірі деп қабылдағандықтан, жағымсыз әсер туғызатын жағымпаздық кейіпте көрінуден де қорыққан жоқ. Ел басшысын дәріптеу тарихы әріден басталатыны белгілі. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» Табғаш-ұлығ Бұғра Қараханға бағыштағаны белгілі. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз арқылы берік рухани дәстүр болып орныққан өз нәпсісіне үстем болу жолындағы пидайылық көрінісі. Яғни басшыға құл болу Құдайға құл болудың алғышарты деп саналған.

Бір-бірімен өзара тығыз әрі ұдайы қарым-қатынас жасауға кіріскеннен кейінгі жерде көшпелі халықтар дүниесі мен отырықшы халықтар дүниесі бірінсіз бірі дами алмайтын жағдай қалыптасты. Түркілер өзге мәдениеттердің жетістігін қабылдаудың ғажайып бірегей қабілетін танытты, оны өздерінің ерекше жағдайларына қарай бейімдеп, шебер пайдалана білді. Ол томаға-тұйықтықтан мүлде бөлек мәдениет болды. «Кейін түркілермен кездесіп, араласа бастаған мұсылмандар олардың өз айнала-төңірегіндегі көршілес халықтармен ортақ тіл табысып, түсінісуге келгенде алдарына жан салмайтын тамаша бейімділігін айрықша атап көрсетті. Түркілер өздерінің бұл қасиетін қандай жағдайда болса да қатаң сақтай білді. Олар өздеріне бейтаныс жаңа елдерге жеңімпаз немесе құрметті қонақ ретінде барса да, жалдамалы жауынгер немесе әскери тұтқын ретінде жүрсе де, сол қасиетінен еш айнымайтын. Олар өзге халықтардың өкілдерімен салыстырғанда зор табыспен өз мансабына кез-келген жағдайда жетуге шебер еді» - деп жазады белгілі ғалым Қ.Салғараұлы.

Түркілер әлемінің тап ортасында адам тұрды, олар ең алдымен адамды құрмет тұтты. Адамдар әлемі, адамзат – түркі рухының қасиетті жиынтығы, міне, осылар. Мысалы, Күлтегіннің құрметіне қойылған құлпытасқа қашап, ойып жазылған Үлкен жазуда мынадай сөздердің болуы тіптен тегін емес: «Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам баласы пайда болды».

Сонымен, түркілер адамзат әлемінің ұстын тірегі деп Адамды таныды. Тап сол адамның өмірі, құштарлыққа, арман-мақсатқа, іс-әрекетке және түрлі оқиғаларға толы жеке адамның өмірі мемлекеттің, қоғамның өмірімен етене тұтастықта қарастырылды. 

Ресми тарих түріктер құрған мемлекетті «Түрік қағанаты» деп атап, ғылымға солай енгізгенімен, түріктердің өздері олай атамаған. Олар өз мемлекетін «Ел», ал далалық империяға айналған кезде оны «мәңгі» сөзімен толықтырып, «Мәңгі ел»деп атауды қарастырған. Сондықтан жаңаша жыл санаудан кейінгі 522 жылы Орталық Азияда түріктер құрған далалық империяның ресми төл атауы – Мәңгі ел екенін есте ұстаған жөн.

Ортағасырлық түріктердің өздері құрған далалық империяның атын «Мәңгі ел» деп атауларының да тарихи мәні бар. Олар кейінгі мұсылман тарихшыларының (Рашид ад-Дин, Хондемир, Әбілғазы) еңбектерінде сөз болатын дүниежүзілік топан су тасқынынан кейінгі ежелгі Түрік мемлекетінің (ресми тарихта ол «мемлекеттік ұғымда» сөз болған емес) тарихын жақсы білген, өздерін солардың мұрагеріміз деп санаған (Бұл туралы кейін де сөз болады). Сондықтан да олар сол бір кезде дүркіреп тұрған Түрік мемлекеті құлап, тоз-тоз болған елдің халқы сан ғасыр бойы тағдыр тауқыметін тартып, қиын-қыстау замандарды бастан кешіріп, түрлі далалық империялардың (Сиуңну,Сиәнби) құрамындаболып,қуғын-сүргін көріп жүрсе де, тегін ұмытпай, тарих тегершігінің бір айналымында жұлдыздары оңынан туып, өз алдарына жеке мемлекет құру мүмкіндігі туғанда, баяғы киелі атауды қайта жаңғыртып, өздерін «түріктерміз», «түрік халқымыз»деп атап, ежелгі түріктердің ұрпақтары екенін жалғанға жария еткен. Ал, нақтылық үшін айтатын болсақ, Түрік мемлекетінің шаңырағын көтерушілер, дұрысында, бір кездегі Ордостың оңтүстігіндегі Пиңлиән патшалығының қарамағындағы қыпшақ тайпаларынан құралған құрама жұрттың ұрпақтары болатын. Бұл ретте «Сүй кітабының»: «Түріктердің арғы атасы Пиң-лиәнда аралас-құралас көшіп жүрген хулар еді» - деуі де содан. Міне, осы хулар, яғни қыпшақ тобындағы рулар 439 жылы тобалар (табғаштар) Пиңлиаң патшалығын құлатқанда, бас сауғалап қашып келіп, Алтынтауды паналап, сонда өсіп, өркен жаяды. Кейін солар өздерін «түрікпіз» деп жариялап, құрған мемлекетін де сол ежелгі түріктер секілді «Ел» деп, бірақ мемлекетімізді енді бұрынғылар тәрізді құлатпаймыз, мәңгі етеміз деген сенімділікпен оны «Мәңгі ел» деп атайды.

  Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші Қ.Сартқожаұлы: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк негізін қалаған идея...» – деп жазады. Түпнұсқалық мәтінді түркітанушы Қ.Сартқожаұлы былайша оқиды: «Өтүкенде билік құрып, Орда тігіп, табғашқа керуен аттандырып қойыпотырсаң, халқыңда мұң болмас. Өтүкенде билік құрып, мәңгілік ел мұратын тұтып отырсаң, сені жау да алмас. Мәңгілік ел мұраты – түрік төрінің мұраты».

Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел»идеясын қолға алды. «Күлтегін»жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғ.Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі Тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: «Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» дейді. Түркі халқының жер бетінен жоғалып кетпей, сақталуын Көк Тәңірінің өзі тілейді.

Осылайша көктүріктердің «Мәңгілік ел» идеясы туып, медреселерде дәріс алған, кейін дүниетанымы мен білімін Бағдатта, Мысырда, басқа да өркениетті орталықтарда жетілдірген сан алуан синкретті ғылым иелерінің еңбектерінде жалғасын тауып, жетілдіріледі.

Осы ғалымдардың ішінде, әсіресе, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әмбебап ұлы ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің орны ерекше. Әл-Фараби жөнінде классикалық зерттеу ретінде И.Мадкураның француз тіліндегі «Ортағасырлық мұсылман философиясындағы Әл-Фарабидің рөлі» (Париж, 1934; Кельн, 1961) атты жұмысын атауға болады.

Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім – Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері көрсетілді. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс. 

Әбу Насыр әлемдік әдебиетте тұңғыш рет «кемел адам» және кемелденуге жету жолдары, дамыған қоғам туралы пікір білдіреді. «Адамның қайырымдылық жасауы – бұл бірінші кемелденуі. Ол осындай әрекет жасамай тұрып, рақымды бола алмайды, өйткені кемелдену оның алған қасиеті салдарынан әрекет көрсетуінде емес, әрекетті орындауында», [– деп ой түйіндейді ғалым. Бұлар Фарабдің жоғарыда аталған еңбегіндегі адамның жеке басының ең кемелденген (камили инсани) үлгі-өнегесі жайлы арналы танымының негізіне саяды. 

Осы Фараби дәстүрінің жалғасы Абайдың «толық адам» жөніндегі ой-пікірінен айқын сезіледі. Абайда жиі сөз болатын «толық адам», «жарым адам», «адам болу», «инсаниаттың кәмаләттығы», «бенделіктің кәмаләттығы», «толық инсаниат», «адамшылық», «адамның адамдығы», «адам болу» тағы бсақа атаулық мәні бар ұғымдар, сөздер тобы, ол жайлы пікірлердің шығар көзі Фараби еңбектеріндегі ой желісінен туындайды.

«Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті ретінде мемлекеттің қайырымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті ретінде мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: олар –әділеттілікті орнату, халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру, адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі – экономикалық және саяси мәселелер — негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді екенін атап өтеді.

Осы аспектіден келгенде, Абай не дейді? «… Рас, – деп жазады Абай 39-қара сөзінде, – бұрынғы біздің ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен… Ол екі мінез қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен…». Міне, Абайдың айтып отырған екі қасиеті мемлекеттік ұлт болған жұртқа тән. Алғашқысы – халық түгелімен ел басына бағынған, яғни мемлекетті басқарған көсемге толық билік берген. Халық соны тыңдаған, соның бұйрығын орындаған. Ал, сол ел басының билігі топ басылары арқылы жүзеге асып отырған. Ендеше, ел басқарған, басшы болған қайраткер – мемлекеттің күшті болуына, халықты бірлікте ұстауға міндетті болған. Абай айтқандай, билікті қолына алған адам «бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен… Оның бір себебін Абай былай түсіндіреді: «Оны (ел басын  зор тұтып, онан соң жақсылары азбайды екен». Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» Мұның бәрі мемлекеттік ұлтты сақтау мен күшейтуге бағытталған.

Абайдың айтып отырған екінші қасиеті – қазақ жеке мемлекет болғанда ешкімге намысын жібермеуші еді, елдің бірлігі күшті еді. Аруақ шақырып, мемлекетті қорғауға барлық қазақ күш салушы еді деген идея. «…Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. … Бұлардан айырылдық!» - дейді Абай. 

Абайды қатты қинаған ендігі мәселе – қалай қазақты бұрынғы мемлекеттік ұлт қалпына келтіру болды. Оның жолын іздеді. Сынады, мысқылдады, білімге шақырды, ақыл айтты, күлдірді, ашуландырды… Болмаған соң мынындай ойға келді: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек… Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек… Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек». Абайдың «қазақты түзеймін» деп отырғаны – сөз жоқ, ұлттығын қалпына келтіру деген ниет. Әрине, ол үшін қазақтың мемлекетін қайта құру керек. Бірақ Абай «қазақты түзету» үшін оның мемлекеттігін қайтару қажет деп ашық айтпайды. Әлбетте, ол орталыққа қарсы қару алып, күресуге де шақырып отырған жоқ. Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, Абай заманында отаршылдық жүйе әлі керегесі сөгілмей, күшейіп тұрған-ды. Тіпті орталыққа қарсы қару алып күрескен кейбір елдердің қаншалықты шығынға ұшырап, көсемдері жер аударылып, азап шеккенін Абай оқып та, көріп те білген. Екіншіден, Абай Ресей империясына қарсы қару алып күрескен Кенесары хан мен оның сарбаздарының тағдыры қалай болғанын жақсы білгені күмән туғызбайды. Үшіншіден, отарлықтан құтылудың жолы тек қана қарулы көтеріліс емес, басқа да, яғни халықты бос шығынға ұшыратпай, оның білімін көтеріп, елді ғылымға жетілдіріп барып іске асыруға болады деп түсінген сияқты. (Бұл оның гуманистік көзқарасынан туындаса керек). Абайдың ойы – Ресейдің құрамында болып-ақ халыққа жаппай білім беру мен оны ғылымға үйрету арқылы қазақты жаңа сапаға көшіріп, жаңа ұлт деңгейіне көтеру болатын. Сол себепті де ол орыс тілін, мәдениетін, өнері мен ғылым-білімін меңгеруге шақырады.

Сол кездегі билікке, салтқа, заңға қарсы шығудың өзі Абайдың рухани тәуелсіздікке ұмтылғанын байқатады. Әйтпесе:

                   Бас-басына би болған өңкей қиқым,

                   Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын.

                   Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

                   Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың  –демес еді.             

Бұл арадағы Абайдың «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп отырғаны – рухани тәуелсіздік. 

Жалғасы бар