Астанада Отандастар форумы өтуде
11.10.2023 1027

Астанада жаһан қазақтарының «Отандастар» форумы атты кезекті басқосуы өтіп жатыр. Халықаралық басқосуды ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастыруда, деп хабарлайды "Қазақстан тарихы" порталы.


Форум – шетелдегі этникалық қазақтармен өзара байланысты жетілдіру және оларды еліміздің тұрақты дамуына үлесін қосу жолдарын қарастыратын жаңа форматтағы басқосу алаңы.

Форумға шетелдегі 200-ден астам қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлерінің қатысып жатыр.

Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру, шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Форум аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумының қорытынды сессиясы өтіп жатыр.

«Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, 40-қа жуық мемлекеттен делегаттар келді.

40-қа жуық мемлекеттен 200-ге жуық делегат келді. Бұл форум екінші рет өтіп отыр. Бұған дейін 2019 жылы өткен. Форумның басты ерекшелігі – ауқымдылығы, делегаттар санының көптігі, - деді ол.

Сондай-ақ ол форум төрт сессия аясында өтіп жатқанын айтты.