Хамза Есенжанов есімін қастерлеу – елдіктің белгісі
05.10.2023 1998

Биыл «Ақ Жайық» романының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  жазушы Хамза Есенжановтың туғанына 115 жыл толып отыр


Ақжайық жұрты жазушы есіміне құрметпен қарайды. Оралда Х. Есенжанов  атында балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бар, көшесі бар, Жеңіс саябағында жазушы мүсіні тұр. 

Х. Есенжанов  атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұжымының Есенжанов мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жазушының келіні Дина Әнесқызымен, сондай-ақ академик, Ұлыбритания Экологтар Ұжымының толық мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, Құрмет орденінің иегері,  Хамза Есенжановтың немере інісі Айтқожа Биғалиұлымен үнемі байланыста екенін  де айта кетейік. 

Жазушының мұрасын жаңғыртып, жарқыратып оқырманға ұсынуда тағы қандай шаруалар жасалып жатқаны жайында Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Кеңесқызынан сұрап білген едік. 

Дархан дарын фотоальбомы жарық көрді

Ақмарал Кеңесқызы:

-        Хамза Есенжановтың 115 жылдығын тойлауға дайындық 2022 жылдың қараша айынан басталды, қала мектептеріне ақпараттық керуен ұйымдастырылып, жас ұрпаққа Хамзаны таныту және жазушы шығармаларын насихаттау мақсатында көп жұмыстар атқарылды. «Дархан дарын» атты фотоальбомды құрастыруға  5 айдай уақыт кетті. «ШұғылаПринт» баспасынан жарық көрді. Кітапханада « Хамзатану» орталығы жұмыс істейді, «Ақ Жайық» романын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жазушының  «Биғайша» атты үш актылы драмасы 1972 жылы қағаз бетіне түсірілгенімен кітап болып басылып шықпаған екен. Ал 1974 жылы жазушы дүниеден озғаны белгілі. Сол дүниені біздің кітапханаға жазушының келіні Дина Есенжан тапсырып, кітап етіп басып шығаруымызды өтінді. Біздің бөлім, ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету және автоматтандыру бөлімі баспаға дайындап, «Quanysh» баспасынан биыл жарық көрді. Хамза Есенжановтың  өмірі мен шығармашылығын зерттеу мақсатында  2019 жылдың қаңтар айынан «Хамзатану» ғылыми-зерттеу орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың жұмысының алға басуына  Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, арабтанушы, ғалым,  Хамза Есенжановтың  келіні Дина Әнесқызы Есенжан, филология ғылымдарының докторы, профессор Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Омарова Гүлнар Сидеғалиқызы, филология ғылымдарының кандидаты Аронов Құспан Ғұмарұлы көмек қолын созды. 2021 жылы «Хамзатану» орталығына арналған жаңа кабинет ашылды. Орталықта конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және т.б. өткізіліп тұрады. Өлкетанушы Ж. Ақбай бір сөзінде «Ақ Жайық» нағыз зерттеуге тұрарлық роман. Біздің өлке туралы жазылған жалғыз роман» деген болатын.

Хамзатанудың өзекті мәселелері 

Қыркүйектің 21-і күні  Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы Хамза Есенжановтың туғанына 115 жыл толуына орай «Жаңа Қазақстан: ХХ ғасырдағы әдеби-тарихи үдеріс және Хамзатанудың өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми- практикалық конференция өткізді. Бізге де осы конференцияда болып, жақсы әңгіме тыңдаудың сәті түскен еді. 

  «Атамекен» өнер ордасының конференц-залында өткен конференцияда академик, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, Хамза Есенжановтың немере інісі Биғалиев Айтқожа, филология ғылымдарының докторы, профессор  Сабыр Мұрат, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, арабтанушы, ғалым, Хамза Есенжановтың  келіні Дина Әнесқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор  Сүлейменова Дәметкен, тарихшы-өлкетанушы Сүлейменов Сайлау, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мамыров Азамат Хамза Есенжановтың шығармашылығына байланысты тұжырымдарын келтірді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы қаламгердің өткен өміріне, құнды шығармаларына тоқталды.  Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Мереке Хамза Ықсанұлының  қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі туралы айтты.  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нәріков Айтқали Нұрышқалиұлы Хамза Есенжанов пен жұбайы София Тастеміроваға арналған «Аққу махаббат» өлеңін оқып берді. Конференциядағы әсер еткен әңгімеден үзінді келтіре кетсек.

Құныскерей Қожахметов  кім?

Мысалы, академик Айтқожа Биғалиұлы «Құныскерей Қожахметов  кім?» дегенге тоқталды. Біраз мысал келтірді. 

Айтқожа Биғалиұлы, академик, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы:

-         Біз бүгін аса маңызды іс-шараның куәгері болып отырмыз. Қуғын-сүргін кезеңінен өткен халқымыздың қаһарман ерлеріне тағзым етіп, еске алу шарасын ұйымдастырып отырған Ақжайық өңірінін азаматтарына алғысымызды білдіреміз. Аттары аңыз болған, кезінде банда аталған азаматтарымыз Кұныскерей, Аманғали, Мәди сияқты кеудесінде ұлттық намыс, ар оты бар жандардың өшпес рухына арналған іс-шара деп білеміз. Хамза Есенжанов – қуғын-сүргіннің зардабын толық көрген азамат. 1938 жылы бұрынғы КазПИ-де дәріс беріп тұрған жерінен жалған арыз бойынша «халық жауы» аталып, Сібірге, Красноярc өлкесіне  айдалып кетеді, 1954 жылы елге қайтып оралады. Жазушының жұбайы София Тастемірова «Жалын» журналына берген естелігінде былай деген «...жазықсыз жазаланып, елінен, жерінен аласталса да, қорланған намыспен сары уайым шеріне берілмей, сәті келген сағатында, күндердің күнінде әділдік шырағы бір төрелігін айтар деп жарық дүниеге үмітін, келешекке сенімін сүйеніш тұтқан сергелдең тағдырдың 17 жыл бойы ізгілік іздерін жұртшылыққа аян етті». «Жүнісовтер трагедиясы» жеткізер тағы бір құнды дерек жалпы Х. Есенжанов романдарында шешуші бір желіге айналған, мейлінше азалы тағдыр тәлкегі Құныскерей хикаясы. Жұрт көзінен тұмшаланған төртінші тарауда (II бөлім) алғаш Сәкен Сейфуллинге бағышталып, бастау-бұлағы анау мұрағат қорында жатқан, шығармада қазақтың тұңғыш заңгері, әйгілі Бақытжан Қаратаевтың әңгімесі түрінде берілетін тарихи толғам. Автор өзінің, бас кейіпкері Хакім Жүнісовтің от алған ортасымен шектелмей, Құныскерей өмірінің де шежіре-тегін таратқан екен.

Заманымыздың белгілі ғалымы Х. Есенжановтың творчествосын зерттеуші профессор Зейнолла Серікқалиұлы былай деп жазып кеткен: «Құныскерей - есімі елге аян кәдімгі Кейкіман батырмен кіндіктес жанның немересі. Ата жолы, бірі баяғы 1869 жылғы «Ел ауа» оқиғасы тұсында патша әскерімен соғыста қаза тапса, төте әулет қару соғып, қолөнермен айналысып, бір қиырдан бір қиырға, Шам мен Жем бойында түн қатар талай есе қайтару, еркіндік жортуылын бастан кешкен». Кешегі 1916 жылғы дүрбелең, 1917 жылы басталған бостандық, теңдік жорығы Бақытжан Қаратаев толғанысында Хамза ағамыз Қуныскерейдің бейнесін қазақтың тұқым қуған ерлік, тұқым қуған дерт деген тәрізді байырғы ұғым-сенімдерімен сабақтас, түп тамырын әріден тартқан ғасырлар бойғы халық мұраты, күресінің заңды жалғасы, жаңа белесі ретінде қарастырады. Заманына қарай батырлықты да басқаша бір мағына билеп кететіні болады. Батыл әкенің тапқырлығы барымтамен суырылып танылса, Құныскерейдің жойқын күші кек алу жолына бас ұрған. Сөзіне дейін ешкімге есе жібермейтін қайсарлық құдіреті тағдырының шырғалаң бір сәтінде, о баста әнтек жолмен өзіне бас салған үкімет өкілдеріне қарсыласам деп намыс желігінде болганын Х. Есенжанов ағамыздың соңғы романынан байқаймыз. Демек, Х.Есенжанов бірінші өзінің Ақжайық трилогиясының V-том «КӨП ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ» кітабында Құныскерейді бірыңғай баукеспе ұры, баскесер, қарақшылық қияметі тұрғысынан қарастырудың қандай түріне де үзілді-кесілді қарсы шығып, төтенше жағдай, заманы тудырған трагедиялық тұлға ретінде корсеткен. Мұны шығарманың суреткерлік көрінісі - адалдық мінез бастауын, характер құбылысын қадағалау, талдау аркылы жобалаған. Бақытжан Қаратаев сөзинде... «әдет-ғұрып қағидаларымен де, қазіргі заң жолымен мұндай істі қорғап шығуға болар еді дейді, себебі өзін қорғап, қару жұмсауды қылмыс деп, сыңаржак, байланып қалмай, Құныскерейдің ондай болуы өткен төтенше жағдайлар түбіріне үңілуді мегзейді».

Романның біз үшін айрықша мәнді көркемдік шындығы алтыншы тарауда, осы қандыбалак, Құныскерей ақырғы сұмдығын «қызықтайтын» шытырман оқиға кесек көріністерде жатыр. Тұзак торы тарылып,  енді зауалын тартпай әділ жазадан жан сая алмайтынын жете сезінген бойда ол жетімек Қаршығасын ертіп, сұсты да суыт сапарға біржола жол түзейді. Із кесушілерден кек қайтарудың да қияметін ойластырып үлгерген. Түн асырып шалғайдағы ата-қонысынан жанашыр жандарын жөнекей іле тартып, көз көріп, кұлак естімес ит артқан бір қиянға қарасын батырмақ. Үкімет адамдары алдын орап, кепілдікке алып көкесі мен әйелінен көз жазған, Қаршығасын ғана ес тұтады, роман келесі бір көріністерінде боскын елді атамекеніне қайтару әлегімен жүрген баяғы Сәкен Сейфуллинге хат жолдап сырын ашып, сенім артып баласына бас сауға сұрап хат жолдайды.

Енді бір Құныскерей туралы шындық пікірді замандасы, сол романдағы кейіпкер, елдің белді азаматы палуан Жолмұхан үкімет тергеушілеріне берген жауабында бар: «Менсіз де білесің қазақтың жайын. Соның ішінде Құныскерей сияқты нағыз ер, айтқанынан қайтпайтын, табанды және жолдасқа адал адамдардың не істеп, не қоятынын, не ойлайтынын! Құныскерейді жұрт жақтайды, ол жазықсыз, оны нақақ жазғырады деген түсінік менің миыма зорлап тыққылаған түсінік емес. Мұның асыратын, жасыратын, дәлелдейтін, сұлулайтын ештеңесі жок. Бұл ақикат жай. Ақикат уақиға. Сондықтан жұрттың бәрінің миына тегіс қонған нәрсе. Құныскерей кім өзі? Құныскерей руын алсаң - ысық. Бергі атасын алсаң - Тоғызбай. Өз әкесі Қожахмет. Жайлайтын жері Тайсойған, Бүйректі. Әкесі қазір жетпісте. Сол жетпіс жасының ішінде осы өңірде оны осал адам деп ешкім айтқан жоқ. Оның мықтылығы күректілігінде, білегінің күшінде, акылының оздығында. Өзі иман-шарт пен әптиектен асып білім салмақтастырған жан емес. Немен күн көреді? «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген кағиданың кұлы болған жан. Өзі әлі тірі… Ал, оның үш баласының үшеуі де өзіндей. Оның ішінде Құныскерей өзгеше. Ол ірі, күшті, мерген, ақылды, ожет, қуғаны ата жолы, әділеттік». Келесі бір таңғажайып - Құныскерейдің ерекше адам, батыр тұлға екеніне біз романның кейіпкері Ахметше би арасындағы диалогтан көреміз: 

-        Отыр! деп бұйрық етті Ахметше. Бет тамыры көрер көзге жыбырлап кеткен Құныс, тіпті бірден-екі дірілі күшейе бастаған сіңірлі білегін түріне түсіп, қолын канжардың қынабына апарып, қайтадан кері тартты: бар қаны ішке тартылып, бас салар жауы алдында тұрғандай ашу кернеп көгеріп жүре берді.

-        Отыр!- деді Ақметше оған екінші рет. Сөйтті де түсі де, түрі де өзгеше бұл екі адамның сөзі мен қимылына бағып қалған Қаршығаға: - Қымыз құй!- деп иек қақты. Құныс бірден-бірге жығылып бара жатқан жанша, тізерлей бүгіліп, бір жанбастай келіп, төр алдындағы көрпеге түйеше шөкті. Ол ешкімге қарамады. Екі көзі тесіп жіберердей-ак текеметтің әлдене бір қошқар мүйізді оймышына кадалып отырып калды. Бір сәт үнсіз өтті. Үйде тек сабадан құя бастаған қымыздың жұмсақ сырылы ғана ағаш табақтың түбін қылқылдатып жатты. Баланың үлкен шұбар аяққа құйып қойған қымызын  Құныс орталап сіміріп алды да, енді сенің жұмысың бітті ғой дегендей, басындағы орашолақтау ораған сәлдесін жіңішке мұрынды сұппа бөркінен тарқатып алып жерге қойды. Қоныштағы шақшасын суырып алып насыбай иіскеді. Жаңағы түтеп кеткен үлкен ашудың жүзін сусын мен насыбай біржола қайырып тастамасын дегеноймен Ақметше тағы оның ары мен намысының уын шығара түсті.

-        Сенің батылдығың, күшің, бірбеткей кайсарлығың менде жоқ. Мергендігіңді сөз қылмағанда, тақырлығың да теңдесін тапқан емес. Қысқасы сенің орнында мен бола алмайтыным, менің орнымда сенін отыра алмайтының әуелден тағдырдың басқан таңбасы. Сенің әлің келмейтін адам анау уезде отырған Жүністің баласы. Оның колында құралды күш, заң, бүтін үкімет бар. Оның үстіне ол жігіттің ең күшті жағы дініне берік. Дініне берік деген сөз алдына койған мақсатына көзі кеткен, онан таймайды деген сөз. Сенің қайда жүргеніңді, не істеп жүргеніңді ол, сөз жоқ, біліп отыр, білмесе білуге тырысып жатыр.Бірақ қолында деректі дәлелі болмағаннан кейін, оның әлдеқашан осылай карай сілтеген найзасы дөп тимеді. 

Тағы бір мысал: «Ағасы Мақыш күтіріне бір бүйір әкетерлік Арқаға қарай тартса да Құныскерей көз ұшында кетіп бара жатқан милицияның о жақ-бұ жағынан шығар-ақ деп түйді. Сөйтті де ол аттан түсе қалып айылын қайтадан бекітті. Ақбоздың мойнынан сипап қойды да, жүйріктің сауырынан қақты. Сөйтіп, қатты жүріске түсер алдындағы үйреншікті әдетін такырарлап болып, сай ішінде атына қайта мінді. Ол енді шамамен алты-жеті шақырым жерге тізгінін ірікпестен шабуға бел байлады. Жетектегі ұзын шылбырдан ұстаған қос атты алдына салып қуа жөнелді. Ұзақ шапты. Шамасы - шама, алты-жеті шақырым жер шапқан жан сай қиғаштап кетсе де, әлгі көз ұшындағы адамның деңіне барып-ақ қаларлық еді. Бұл жолы да оның көз өлшемі мен ой өлшемі жаңсақ шықпады. Түс атыңнан? Түс!- деген жер-көкті дүңк еткізгендей ожар дауыс оны тура түйгіштеп жатқандай әсер етті. Не түсерін, не түспесін, не қару жұмсап қарсы амал жасарын білмей дел-сал болып қалған Әжіғалидың көзі аттан қарғып түсіп жүрелеп отыра қалған Құныскерейдің қолындағы шолақ мылтықты көрді. Сойқан жүрісті, сойқан істі, сойқан дауысты адамның Құныскерей екеніне, қолындағы оның әйгілі шолақ мылтығы екеніне және оның көзіне іліккеннің аман қалмайтынына Әжіғалидың бірде-бір күмәны қалған жоқ еді. Сонда да бұл пысық жігіттің пысық ойы иненің жасуындай болмашы үмітке жармасты: «Оғы жетпес… мылтық шолақ қой…» 

Осындай алып тұлғаның аруақты бейнесі қасиетті қаламгер Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» романында құйтырқы уақыттың қасаң қалыбына қарамастан «Күшті де мерген, ақылды да адал, өздігінен ешкімге тимеген, ешкімді нақақ өлтірмеген, бірақ аламын дегенін аузы алты қарыс билер мен байлар, аузымен құс тістеген әкім-қаралардан алған, халық жақтап, байлар қолдап, билер демеп, қазірет пен молдалар батагөйі болған, байтақ даланың тентек, тел өскен ерке ұлы, батыры» ( 100-102 беттер) ретінде бейнелейді. Сайып келгенде бұл Құныскерейге деген салқын қабақ, сараң көзқарасты кеңес дәуіріндегі ең әділ және батыл баға еді. Сондықтан да «Ақ Жайық», «Жүнісовтер трагедиясын» Құныскерей жайлы ең өміршең дүние деп атауға болар еді. «Бар айыбы қазақы дәстүрді қадір тұтқан Құныскерей кер заманның тар ноқтасына алтын басын қор қылмай арда пейіл, асқақ түлғасымен кіндік кескен кең өлкесінен ертерек жырақтады. Әйтсе де жусанды даланың жомарт жандары оның тарихи бар болмысын баяғы күйінде баянды түрде есте ұстап келеді. Осы күнгі көне көз, көрікті ойлы қариялардың кейбірі ол жайлы ертелі-кеш естіп-білгендерін ертегідей қып айтып отырады. Солардың біразын елде өсіп, ес жиған біз де ертерек естіген болатынбыз» деп жазады Х. Есенжанов. «Естіп қана қойған жоқпыз, керек жерінде түртіп алып, қағазға да түсіргенбіз. Болмаса аредік мерзімдік баспасөзде ол жайлы жазылған түрлі материалдарды оқыдық. Енді солардың бәрін жинақтап, бір дүние ету ойына келдік. Бірақ бұл кітапқа артық ауыз әңгіме қосып, аламан жұртты алдайтұғын ойда емеспіз. Бәрі де сол бәз-баяғы тұнығы, сазды да назды дала әңгімесі түрінде ғана. Ендеше мұны біздің әдеби өңдеп, әсерлеп жазған көркем дүниеміз емес, ел әңгімесі, өткен ғасырдың сол бір жиырмасыншы-отызыншы жылдарынан есте қалған солғын суреттердің соны бейнесі деп ұққайсыз. Өйткені барлығы шындық, баяғы тұнық қалпында. Олай болса, баға өздеріңізде, құрметті оқырман қауым!» –деп тұжырымдайды ғалым-зерттеуші Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиұлы.

Ойыл мен Жем аман ба, Сағыз қайда,

Арнасын бұрынғыдай ағызбай ма?!

Сағына сен екен деп бас қоямын -

Кәусарын таңдайыма тамызбай ма?!

Сұрарсың қапы кетсем басқа-бас құн,

Бұл күнде жер ортасы жастан астым.

Атанған Құныскерей алты Алашқа

Атымды айдалаға тастамассың.

Мен емес жұрттан безер тағы мүсін,

Кезбедім жер жаһанды бағым үшін.

Жете ме, қос құлыным, әкең даусы,

Жетер ме жүрек жарған сағынышым.

Түркімен таптырмайды сағалауға,

Кер атпен жол шықпадым аралауға.

Сәлем айт, Бүйрек құм мен Тайсойғанға,

Сәлем айт, Қаракөл мен Қарабауға!

Бұл әнді Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның әншісі Елемес Мағазов өзіндік әуенімен орындайды. Шығандап көтеріледі, шымырлап құйылады. Тегінде сағыныш деген сол. Ол адуынды теңіз, аласапыран дауыл, құйып өткен нөсер. Сайып келгенде Құныскерей де бұл фәнидің сондай пендесі, аса бір бөлек жаратылған жалғыз тұлғасы еді ғой…

Енді бір ауыз сөз - Құныскерей жайлы бұған дейін жазылған әдеби, деректі дүниелер жайлы мәлімет. Басында айтқанымыздай, осынау ардақты ұл есімін қалың оқырман қауымға алғаш халықтық батыр деңгейінде таныстырған біздің аяулы ағамыз, қарымды қаламгер Хамза Есенжанов болатын. Ол өзінің өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген «Ақ Жайық», кейінгі «Жүнісовтер трагедиясы» романдарында жариялаған болатын. Жас жазушы Марат Мажитовтың «Құмдағы із» повесі артынан роман болып шыққан (1995 ж.), деректі хикаят ретінде «Құныскерей» атты каламгер Өтепберген Әлімгереевтің (2003 ж.) кітабын және қаратөбелік Қайыржан Хасановтың Құныскерей туралы ғұмырнамалық деректі хикаят еңбегін (2008 жыл) айтуға болады. Әрине, бұл Құныскерей кезеңінен көп жылдар өткесін шыққан шығармалар жайлы тарихшы, әдебиет мамандарының әр түрлі пікірлері болғаны рас. Бірақ шынайы бағасын оқырмандар береді ғой.

ХАМЗА ЕСЕНЖАНОВТЫҢ «АҚ ЖАЙЫҚ» ТРИЛОГИЯСЫНЫҢ ТАРИХИ-ӘДЕБИ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЭТНОМӘДЕНИ  ӘЛЕМІ

Мұрат Сабыр, филология ғылымдарының докторы, профессор:

 - 1937-38 жылғы сталиндік зұлматты жылдарда, «Халық жауы» атанып, 25 жылға сотталып, жазықсыз жапа шегіп, өмірінің керемет шақтарын 17 жыл лагерде өткізіп, келер күннен үміт күткен қайсар жан тек 1955 жылы толықтай ақталып шықты да, қазақ әдебиетіне олжа салды. «Ақ Жайық»  трилогиясына заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Еуропа үлгісінде жазылған тұңғыш шығарма» деп баға берді. Х.Есенжанов шығармалары қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерді. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» концепциясының негізінде көркемдік-идеялық жаңа сапалы шығармада ұлттық ерекшелік, ұлттық саяси күрес, ұлттық арман, мақсат-мүдде көрініс тапты.  «Ақ Жайық» трилогиясының алғашқы кітаптарында азамат соғысы жылдарындағы ел ішіндегі алаң көңіл күй суреттелген. Алыстан жолындағыны жайпап келе жатқан Ер Чапай бастаған қызылдардың дүбірі, Орал қаласындағы ақ казактардың сүргіні, кітапта біресе «Досмұқамбетовтер хүкіметі», «Жымпиты хүкіметі», «Жымпиты хәкімдері», «хан», «Жанша бастаған қазақ оқымыстылары» деп айдарланған Күн Батыс Алаш Орда үкіметінің әскер жинауы, ел болайық деген үгіт-насихаты, біресе Жаншаларды қолдаған, бірсе большевиктерге ерген қараша халықтың әуре-сарсаң жағдайы тамаша кестеленген. Хамза шығармалары Алаш қайраткерлері образын суреттеуімен, саяси күрес әрекеттерін көрсетуімен құнды. Мәселен, Жанша мен Халелдің бейнесін көз алдымызға келтіреді: «Екі Досмұқамбетовтың мінездері де, түрлері де екі басқа, сырт көзге де бірден көрінетін айырмалары мықты еді. Жанша сүйекті, келбетті, ашық, билеп-төстеп еркін сөйлейтін және әрі жиі, әрі қатты күлетін адам. Ал жез сағақты сопақ көзілдірік киген орта бойлы, дөңгелек қара сақал қойған, қара торы доктор өр мінезді жан. Қазір ол қадалған жерінен қан алатын сүлік сияқты, қабағын шытып орындықта тік шаншылып отыр». (Ақ Жайық, 2-кітап, 264 бет). Шығармадағы образдар бейнесі, характерлер тоғысы, жаңа заман әкелген өзгерістер мен адам жан-дүниесінде болып жатқан психологиялық иірімдер, тапшыл кейіпкерлермен қатар қазақты бай, кедей деп бөлмей тұтас жұрт ретінде танитын елшіл кейіпкерлер арасындағы шиеленістер, ХХ ғасырдың басындағы 25-30 жылдық өтпелі кезеңнің тұтас картинасын, өмір де болған арыстарымыздың асыл бейнелерін суреттейді. Таразыға түскен әртүрлі идеяға сенген, өз мақсаты үшін күрескен тұлғалардың саяси күресі нақты баяндалған. Кеңес үкіметінің жолында қасық қанын қиюға дайын революционерлер (Әйтиев, Ипмағамбетов), жаңа өмірге бетбұрыс жасаған, азапты күндерде алдағы күннен жақсылық күткен халық, қалың бұқара (Мәмбет, Қажымұхан), әділет жақтастары (Жүніс қажы) және олардың жолына тосқауыл, ескілік сойылын соғушы ақ қазақтар, генерал Михеев, қайырымсыз, қатігез Шұғыл бай, қоғамдық қатынастар жайлы түсінігі бірте-бірте қалыптасып, қоғам қайраткері болып сомдалып келе жатқан Хакім Жүнісов характерлері қаламгер қаламынан туындаған жарқын образдар галериясын құрайды. «Бүгінгідей шындық шежіресінің зорлықпен жыртылған талай жұлма беттерін қайтадан қалпына келтірген қайсар да қалтқысыз суреткерлерді іздегенде, біздің ең алдымен жоқтар, шын асылымыздың бірі – Хамзекең». (Ә.Кекілбаев).

Сонымен қатар жазушы шығармаларының тілдік жүйесі әлі толық зерттелген жоқ. Шығармаларын тілін зерделесек, жергілікті тілдік ерекшеліктерді, кітаби тілдік деректерді, лексикалық айшықты тіркестерді, ономастикалық, топономикалық мәліметтерді, диалектілік фразеологизмдерді, этнографизмдерді кездестіреміз. «Х.Есенжановтың тілі бай, бояулы....біз шығармадан қаншама үзінді келтірсек, соның бәрі жазушы лексиконын, тілдік қорының тамаша мүмкіндіктерін, бейнелеу мәдениетін әр қырынан танытып тұр» (З.Серіккалиев). Шығармада сол замандағы қазақ тұрмысындағы этномәдени бірліктер, атап айтсақ ас-тағам атаулары, құрал-жабдық, бұйым, киім, ыдыс-аяқ атаулары, салт-дәстүрлер атаулары мол. Атаулардың мән-мағынасын ашатын, анық мәлімет беретін этнографиялық этюдтер де бар. Мәселен, Бала қойшы етектеп теріп әкелген ақ жапаларды айнала қалап, кәдімгі ошақтың ортасындағы жалыны бетті шарпитын үйдегі оттай етіп-ақ жаққан. Алаураған қызыл тапқа жапамен араластыра қалаған тастары да қызарған. Өзінің дөңгелек беті де қып-қызыл...Отқа қызған тарғыл тастар қандай әдемі...Қойшы нағыз шымқай қызылын теріп, шеті кетік қара тостағандағы сүтке «быж»  еткізіп тастап жіберді. Қызыл тас түскен жер шымырлап сүттің беті қаймақши түседі..(Ақ Жайық, 2-кітап, 169 бет). Бұл суретте қойшы баланың ішіне қызған тас салып пісіретін қой сүтін, яғни қойыртпақ дайындап жатқанын көреміз. Киіз туырлықты қазақтың ұлттық тұрмыс тіршілігінен ажырап бара жатқан қазіргі оқырман үшін таптырмас дерек.

Хамза Есенжанов қазақ тарихи прозасын жаңа биікке көтерді, тарихшылдық дәстүрді жандандырды. Тарихшылдылық дегеніміз – ең алдымен жалпыхалықтық оқиғалар мен жеке адамдар тағдырлары арқылы көрінетін қоғамдық дамудың басты үдерістерін дәл бере білу. Қаламгер шығармаларында шындық пен шеберлік хас сұлудың қос бұрымындай еркеленіп, төгіліп тұр. Тарихи дәуір шындығын білу үшін бұл шығармаға қайта-қайта үңіліп, зерделеу Жаңа Қазақстан жас өркендерінің парызы.

***

Іс-шараның соңында Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жазушының тума-туысқандарының және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Хамза рухымен сырласу» атты оқырмандармен  кездесу ұйымдастырылды. Он жеті жыл түрмеде отырғанда болашақ романының үзіктерін қолына түскен темекі қорабына не қайыңның қабығына жазған, сол жерде отырып француз тілін грамматикасымен меңгерген, аударма саласында да көп тер төккен, айталық, Пушкиннің, Тургенев, Шолохов, Шуховтың шығармаларын көркем тілмен аударып, еселі еңбек еткен Хамза Есенжановтың мерейтойына арналған шаралар Сырым ауданында және 22 қыркүйек күні Теректі ауданының жазушының туған жері Сарыөмір ауылында жалғасты.