Ақан сері хақында – жазушы Сәбит Мұқановтың естелігі
22.09.2023 4529

Қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын Ақан сері Қорамсаұлының туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Бұл тұлғаның өмір-тарихына қатысты жазылған соқталы туындылар баршылық. Соның бірі – әйгілі академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясының алғашқы кітабында «Ақан сері» дейтін жеке бөлім бар. 


Осы жазбасында Сәбең әйгілі серіге қалай жолыққаны туралы және оның атақты тұлпары құлагердің сыны хақында көркем баяндағанын негізге алып, өз тарапымыздан тәпсір қосып атақты серінің даталы жылында жаңғыртып ұсынғанды жөн көрдік. 

Сәбеңнің Ақан серіні алғаш көруі

Жазушы Сәбит Мұқановтың туған жері – Жаманшұбар. Ол жер қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы территориясында орналасқан. Жазушының өмірбаянында, жеті жасында анасы, сегізге толғанда әкесі өліп, ер жетіп, етек жапқанға дейін туыс-туғандардың шаңырағын сағалап күн көргені жайлы айтылады. «Біздің ауыл ол кезде, Ақмола облысы, Петропавл уезі, Аққусақ болысына қарайтын «Жаманшұбар» атты мекенді қыстайды да, «Дос» атты көлді жайлайды. Қазақ елінің руға бөлінетін заманында, біздің ауылдың арғы түбін керей, бергі түбін сибан дейді» деп жазыпты Сәбең өзінің «Өмір мектебі» атты кітабында. 

С.Мұқанов 1900 жылы туған адам. Осы кісінің 13 жасында, яғни 1913 жылдың көктемінде, жайлауда отырған бұлардың ауылына ойдағы сибаннан Ботпай, Мәшік, Таспай және Торсанның Шериі бар бір топ адам келіп түсіпті. Олар Сырымбет еліне жолаушылап бара жатыр еен. Бозбала Сәбең қонақтарға ескі өлең-жыр айтып беріп, мейірін қандырыпты. Ертеңінде жолға шыққалы  жолаушылар ақылдасып, «мына бала ескі жырларды жақсы айтады екен, қонған жерімізде өлең айттырып отыруға ермек болар жəне əн-күй қонған ел атығай-қарауыл деседі ғой, со жаққа барып өнер үйреніп қайтар» - деп бала Сәбитті ертіп алады. 

 «Сырымбетке сапар шегуге əзірленген жолаушылар екі тарантасқа бөлініп, əрқайсысына пар аттан жекті: бір тарантаса Таспай мен Мəшік отырды, олардың божысын мен ұстадым; екінші тарантасқа Ботпай мен Шери отырды, олардың божысын Шоқпыт деген кісі ұстады. Біз осылай Сырымбет тауды бетке алып жүріп кеттік» дейді Сәбең. 

Осы сапарында бозбала Сәбит жоғардағы үлкен ағаларымен бірге арнайы барып атақты Ақан серіге жолығады. Олар әуелі Сырымбет еліне келіп, сол маңайдағы беделді тұлға Дəулеткерей төренің үйіне түседі. Өйткені, осы күндері Ақан сері елден жырақтап жападан жалғыз өмір сүріп жатыпты. Жан баласына жуымайды. Тек бұрыннан таныс, ежелгі досы Дәулеткерей төренің қана көңілін жықпайды екен. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар елағасы Дәулеткерейге жұқалап былай депті: 

 – Сіз қазақтың маңдайына біткен әншісі Ақан серімен дос көрінесіз. Осыны бетке ұстап келіп қалдық. Істің мән-жайына толық қаныға қоймаған Дәулеткерей төре:

 – Шаруларыңызды айта беріңдер, - дейді. Сонда Сәбеңнің ағалары: «Мына ініміз өлең-жырға құмар, өзі жанынан шығарып та айта береді. Сіз Ақан серіні шақырсаңыз, аузына түкіртіп алу керек», - деп қолқа салады.  Яки, Ақан серіден бата алса, бұл да ақын боп кетуі мүмкін. «Осы кезде мені «осының өзі əуейі» деп мені ұнатпай жүретін Таспай:  «Ақанның ақындығын қонбай, жындылығын ұстап жүрмесе...» деп кекесін аралас күлді дейді. 

Алыстан келген керейлерді жарқын жүзбен қарсы алып, бір қойын сойған Дəулеткерей қонақтардың өтінішін қабыл алып, Ақанға мән-жайды баяндап бір салт атты жігітін жұмайды. Ол жігіт Ақанның хатын алып келеді. Хатта: «Бүгін бара алмаспын, уақытым болса, ертең таңертең барармын. Бара алмасам өкпелемесін» деп жазған екен. Қонақтар Дәулеткерей төреге қайталып қолқа салады. Дәулеткерей болса:

 – Енді шақыртсақ шамдандырып аламыз, бір қиқайса түзелмейді, ол. Өз ықласы түспесе, сүйреп əкеле алмайсың! 

****

Өзінің естелігінде Сәбең: «Менің есі дертім – Ақанды көру. Егер оған жолыға алмасам, көңілімде зор арман кететін тəрізді. Дəулеткерей үйі ете кеш жатты. Менің түсіме түні бойы əлдене жаман нəрселер кіріп, шошып ояна бердім: біресе шайтан, біресе жын... Түнде осылай елегізіп жатып, ұйқыға таң атқан соң ғана кіріскендіктен, ұзағырақ жатып қаппын. Егер сол үйдің менімен шамалас баласы мұрныма шөп жүгіртпесе, одан да кеш оянатын түрім бар екен. Жүгірткен шөптен мұрнымды уқалай атып түре келсем, күн сəскелікке барып, күлдіреуіштен қарап қапты. Қаз-қатар салынған төсектерде менен басқа жатқан жан жоқ. Далаға шықсам бір топ адам көлдің жағасында отыр. Серіктерім де сонда көрінеді. Мен қастарына барсам, олар əлденеменені айтып күлісіп отыр екен. Біраздан кейін: «Əне, келе жатыр Ақан!» деді Дəулеткерей көлді ықтай біткен қалың талды қолымен нұсқап, одырая қарап. Өзгелері де сол жаққа көздерін тіге қалысты. Жүремнен отыра қап мен де қадала қарай қалдым. Қалың талдың арасынан салтты адам шыға берді. Аты  – қылаң түсті. Беті – Дəулеткерейдің үйі. Көл жағасында отырғандар өре түре келісті. Қуаныш па, қорқыныш па, менің тұла бойым дірілдеп кетті. Тегі қорықтым ғой деймін, өйткені ауылға беттеген топтың, мен ығын паналай жүрдім. Салт адам Дəулеткерейдің үйіне біздің топтан бұрын жетіп атынан түсті де, əлдекім атын байлауға əкеткенде, бізді тосқауылдаған бейне көрсетіп, орнында тұрып қалды. Қасына барған топпен ол сəлемдесіп амандаса бастады» деп жазыпты.

Бұл жерде болашақ үшін немесе қазіргі оқырмандар үшін де өте құнды дерек Сәбит Мұқанов өзі пір тұтқан Ақан серіні алғаш көрген сәттін былай деп баяндапты: «Оның маған қаншалық əсер беруін баяндаудан бұрын, көз алдымда қалған елесін сипаттайын: орта бойлы, жауырындылау келген ашаң денелі, сопақтау аққұба кескінді, əжімі қатпарланған кең маңдайлы, жіңішкелеу қасты, қоңқақтау мұрынды, кішірек көзді, сақалынан басқа жерін ұстарамен басқан сұйықтау қара бурыл мұртты, тұтамдай ғана қара бурыл шоқша сақалды, жұқа ерінді, сүйірлеу иекті, ұзын мойынды, ұзын нəзік саусақты адам екен. Киімдерінен қалған елес: түгі қырқылып ұйпаланған, сарғылт барқытпен тыстаған дөңгелек құндыз бөрік оның төбесінде, ұлпасы бітіп қауырсыны ғана қалған үкі. Мойнына тозығы жетіп ені ыдырай бастаған, түсі сарғайыңқыраған ақ жібек шəріп, сыртында көнетоз түйе жүн шекпен, оның өңірі мен етегіне айнала жіңішкелеу ғып ұстаған құндыздың түгі де тақырланып, көп жерінде жалаң терісі ғана қалған, шекпенді астарлаған қарала батсайы да ыдыраған. Байпақты, қонышы биік етігі де ескіріп, жұлығына жамау кірген. Тозық шалбарының кестелері түтеленген, тұла бойындағы киімдерінде жаңалау көрінетін жалғыз бұйым – күміс зермен шашақталған, ұшын тізесіне салбырата байлаған, шалбарының батсайы бауы ғана. Ерте кезде, саятшы Ораздың үйінде қанат-құйрығы, тұяғы тозған, үстібасы түтелген, ұшудан қалған кəрі тұйғынды көріп ем, Ақанның түр тұлғасы маған аумаған сол сияқтанады...». 

Расында Сәбең атақты серінің өмір тауқыметін әбден тартып, жан серігі құлагер тұлпардан айырылып, қайғы мен қасіретке тап болған оның сыртында жасы 70-ке келіп қалжыраған қариякезін көріп отыр.  – Қоршаған көпшілікпен ол өте сыпайы, жұмсақ дауыспен амандасты. Менің балалық сезіміме бұл Ақан қиялымда жүрген сұлу тұлғалы, көркем кескінді, əдемі киімді Ақан емес, соның, елесі, не мазағы сияқтанады. Бұл Ақанды мен іштей «менсінбедім», «Ақан» деуге аядым, қиялдағы Ақанды бұл Ақан деуге қимадым. Сонда да көпшілікпен бірге, менің көзім де Ақанда. Үйге кіріп оны ортаға ала отырғаннан кейін жұрт көзін айырмай, сонымен ғана кеңесті, - дейді Сәбең өз естелігінде. 

Киікбай сыншының құлагерді тануы

Жоғарыда Сәбең айтқандай Петропавл уезі Аққусақ болысының бір топ керейі алты алашқа аты кеткен Ақан серінің айналсоқтап, әңгімесін тыңдайды. Сөз қызған кезде қонақтардың жолбасшысы әрі қысыр кеңеске ұста Мәшік қара мұртын сипап қойып, атақты жүйрік құлагерді қалай жолықтырғанын сұрайды. Ақан бұл сұраққа жауап береді. Бұны естіп отырған 13 жастағы бала Сәбит арада оншақты жыл өткенде қағазға түсіріп, оны 1930 жылы жарық көрген «Менің мектептерім» мемуарында жариялапты. 

Сәбеңнің жазғанына қарағанда, жасы 30-ға жетіп болып-толып тұрған Ақан сері өзіне лайық тұлпар іздейді. Бұл 1870 жылдар шамасы. Ол тұста 1845 жылдары іргесі қаланған Атбасар қаласында аса ірі жылқы саудасы өтетін болған. Қаланың аты да осы жылқы базарына қатысы алғашында «Атбазар» аталып, кейін Атбасар болып өзгерген дейді көнекөздер. 

Сонымен шашасына шаң тимес жүйрік іздеген Ақан қасына атақты Киікбай сыншыны ертіп алады. Атбасарға тіпті сонау Алтай өлкесінен де қазмойын жылқылар әкелініп сатылады екен. Сұлу мүсінді тау жылқысына Ақан қызығып қарағанымен Киікбай сыншы бұлардың жүйрік екені білініп тұрса да бірақ мойны тез талады деп жақамайды.

Содан бір күні Ақанның «Қырық бойдақ» маңындағы нағашысы Атбасар базарынан сатып əкеле жатқан төрт-бес жүз атымен кеп, жиенінің үйіне қонады. Нағашысы Ақанға: «Жиен, ат іздеп жүр деп еді сені, айдап келе жатқан аттардан таңдағаныңды алып қал!» дейді. Ақан дереу Киікбай сыншыны шақырып алады да екеулеп екі-үштен үйездеп тұрған жылқыны аралап келе жатса, көлдің жағасындағы құмда төрт аяғы серейіп бір жылқы жатыр  дейді. «Неткен жылқы, ыстықта құмда жатқан?!» деп Киікпай қасына келсе: қысқы жүні түлеп болмай жабағыланып жалбыраған арық құлагер құнан екен. 

Киікбайдың қырағы жанары арық құнанға түскен бойы айналсоқтап тұрып қалады. Оны қақпайлап орнынан тұрғызады, ары бір қарап, бері бір қарап: «Іздегенің табылды, Ақан сүйінші!» дейді. Ақан болса «бұл қай мазағы» дегендей аң-таң. Қарны қабақтай, бұты таяқтай мұндай жылқыдан қайдағы жүйрік. Ең құрыса, жалы да жоқ, тек шоқтығында бір уыс қылы бар. Құйрық қылы да сиырдікі сияқты құйымшақтың ұшына ғана біткен. Екі құлағы есек сияқты салбырап жатыр. Ақанның жылқыға көңілі толмай тұрғанын аңғарған Киікбай сыншы сөйлейді: 

 – Ей, Ақан мынаның кеудесіне көз салшы, төсінің астынан адам жүгіріп еткендей, кең! Жылқы баласына бітпеген кеуде бұл. Осы кеудеге біткен өкпе өмірде алқына ма?. Ертеден қар кешке шапсаң да, ентікпейтін жылқы бұл! Сағағына қарашы, қос жұдырық сиып тұр. Кей жылқының кеудесі кең болғанмен, сағағы тар келіп, тынысы да тар болады. Жай жылқының сағағына жұдырық симайды. Ал, мына құлагер құнанның сағағына жұдырық түгіл, кішігірім баланың басы сиып кетер түрі бар. Бұндай тыныс тартар өңеш өзге жылқы баласына біткен емес. Ағызып шауып келе жатып тыныстап отыратын жылқың осындай болады. 

Шынтағына қарашы Ақан сыртына қарай айнала біткен. Бұл да тынысты кең алдырудың бір белгісі. Қысыңқы шынтақ шапқанда қолтықты соғып тынысын тарылтады. Азулары қабанның азуындай айқаса, кекжие кейін қарай бітуін-ай. Бұл сарқылмайтын қайраттың белгісі. Қабағын көрдің бе, жұдырықтай боп түйіліп тұрған. Жайшылықта момақансығанмен, ерегісте қандай құтырынар екен сабаз. Ашуы келмей жылқы шаппайды. Мына қабақпен егесте тұлданып шабатын жылқы – бұл. Бөкен танау екен. Бөкеннен жүйрік аң жоқ. Ең кең танау соныкі. Мына құнанның танауына қол сиып кетердей делдие біткен екен. Бұл да демді бөкеннен кем тартпас. 

Басына қарашы! Кесіп алар еті жоқ, тап-тақыр жəне ұшқыр үйректің басындай ұп-ұзын, сүп-сүйрік. Осы басын алдына қарай төсей шапқанда, денесін қаншалықты ілгері алып ұшады екен шіркін! Мойнын қара жолбарыстай жұмырлана біткен екен бұндай мойын ешқашан талмайды.

Киікбай сыншы осы сөздерді айтып, құнанның алдыңғы жағына шығады да: – Ей, Ақан бұл жылқы алдыңғы жағынан қарағанда, бөксе жағы шөмиіп тұр. Бұл қас жүйріктің сыны. Енді артынан қарайық: жаясының кеңдігі құлашқа жақын екен. Жоны қысқа сәл күдістеу бітіпті. Жотасының жалпақтығына кісі төсек сап жатқандай. Шын жүйріктің алды-арты осылай тең келеді. Алдынан қарасаң арты жіңішке сияқты, артынан қарасаң алды жіңішке сияқты. Ал көлденеңінен қарасаң алды, арты бірдей толық. Жүйрік үш түрлі болады, бірінің алды, бірінің арты биік енді бірінің алды-арты тең. Арты биік өрге шапқыш келеді, алды биік ылдиға шапқыш келеді, алды-арты тең ылди мен өрге бірдей шабады, мына құлагер құнан соңғысы екен, - дейді. 

Ақан аң-таң аузын ашып Киікбайға қарайды. Сыншы болса арық құнанды әлі айналып қарап жүр, қараған сайын құшарлана сөйлейді: – Ей, Ақан жүйрік жылқыны біз «бота тірсек» дейміз. Себебі, ботаның тірсегі майысып тұрады. Тірсегі майысқан жылқының артқы аяқтарының серпіні екпінді келеді. Тегі жылқының алды емес, арты шабады. Ал, мына құнанның тірсегі, «бота тірсек» аталып жүрген жылқылардың біреуіне де ұқсамайды. Мұның тірсегі жолбарыстың тірсегіндей маймиып тұр. Бұның артқы аяқтарының бір серпіні, өзге жылқының екі-үш серпініне тең. Өзге жүйріктің екі-үш адымы, мұның бір-ақ адымы. Ұзақ шабыста жылқының табаны қызып кетеді. Табан қызса, аяқтарының қаруы қайтады. Мына құнанның тұяғын көр! Төңкеріле, бүрісе, жіліншігінің орта жеріне шейін біткен. Мұнша қалың тұяқ, қанша шапса да қызбайды. Құлағы аумаған құландікі. Құланның құлағының түбі бос болады. Шапқан кезде құланның құлағы, қоянның құлағы сияқтанып, желкесіне қарай жатып қалады, сонда оған жел кірмейді. Қазақтың «құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтып күн көрер» дегеніндей мына құнанның жал-құйрығы жоқ екен. Бұл құлантектес нағыз жүйріктің сыны. Бұндай жылқы семіргенде майын қазысы мен қартасына не жалына жинамайды. Оның майы етіне араласа бітеді, еттен бөлек туырылған май құланда болмайды. Жалдың қылы астыңғы майына өседі, жалында май жоқ құланның желкесіне қыл қайдан бітсін, - деп сөзін тиянақтайды.

Ақан аң-таң. «Сонда мына арық құнанды жүйрік таптым деп ауылға қалай алып барам» дейді Киікбайға. Көпті көрген сыншы айтады:

– Ей, Ақан бұл жылқыны ана нағашың білмей сатып алған жоқ, бұның теңдесіз жүйрік екенін біліп алып бара жатыр. Әйтпесе, тырли арық құнанды не қылады. Саған жылқыдан жүйрік қара дегенде жабағы жүні түспеген арық құнанға назар аудармас деп ойлады. Оған күмәнің болмасын. Мен білсем, нағашың бұл жылқыны саған ешқашан бермейді. Одан да бұл жылқыны мен алып кетіп жасарайын. Бұдан тірі айырылуға болмайды. Мұндай жылқы баласы туғанын көрген де емеспіз, тумайды да, бағыңа кез келді, - дейді.

Соны айтады да, Киікпай құнанды үйіне жетектеп алып кетеді. Ақан ауылына қайтады. Нағашысыа келіп «Жылқыңызда жаман арық құнан бар екен соны алатын болдым» дейді. Нағашысы атып тұрып: «Апырмай, жиен-ай, сыншы ма едің?!» дейді сасқалақтап. Болған оқиғаны білдіргісі келмеген Ақан: «Жай ала салдым» десе де, нағашысы шынын айтқызыпты. Ақан шынын айтқаннан кейін нағашысы: «Менің сыншым да дәл сенің сыншың айтқан сөзді айтып еді. Орыстан сатып алып ем, кедей орыс екен арзанға сатып еді. Өзге аттан онын алсаң да бұлай қынжылмас ем, өзіме қисаң қайтеді?» деп жалынады. Ақан: «Осыдан басқаны алмаймын» деп отырып алады. Ақыры нағашысы береді. Ақанның «Құлагер» әніндегі: «Құлагер, құлыныңнан керім едің, Нағашым сұрағанда беріп едің...» дейтін жолдардың тарих осы екен.

Құлагердің ажалы

 – Ақанның құлагерінің жүйріктігі жайлы аңызды көп естідім, - деп жазады Сәбең. – Ертеде жансары уақ елі үлкен той жасапты. Осы тойға Қисық деген бай бәйге бермес көкшолақ жүйрігін апарыпты. Мына жақтан Ақан құлагерін әкеледі. Сөйтіп, ерегес басталады. Сол жолы құлагер көкшолақтың алдында биенің бір сауымы бұрын келген екен. Бертін келе Ақан «құлагерімнің бәйгесін шаптармай беріңдер» дейтін болыпты. 

Содан 1876 жылы жазда Ақмола мен Көкшетаудың арасында қалың құрсары керейдің байы паң Нұрмағамбет әкесі Сағынайға ас беріпті. Ол бір айта қалғандай ас бопты. Сағынай өлгенде артында он екі мың жылқы, жиырма мың қой қалған екен. Өлерінде жалғыз баласы Нұрмағамбетке: «Маған ас бергенде он жылқыдан бір семіз бие шығар, он қойдан бір семіз тұсақ шығар. Асқа бір шеті - Торғай, Ырғызға, бір шеті - Аягөз, Қарқаралыға, бір шеті - Кереку, Баянға, бір шеті - Көкшетау, Қызылжарға сауын айт» деп өсиет қыпты.

 Асқа көп жүйрік жиналады. Көбі атақты жүйріктер. Бəрінің де озғысы келеді. Ол үшін күш сынасуға алыстан шабу керек. Əрине, жақыннан аттың күші сынала қоймайды. Сонымен, сөйлесе келе, ат иелері бәйгені елу шақырымнан айдайтын болады. Осы асқа сармантай-мұрат жақтан Батыраш, Қотыраш деген ағайынды екі кісінің бəйге бермей жүрген қос бозы да келеді. Олар да сыншысын ерте жүреді. Сол көзі шыққыр сыншылар құлагерді көріпті де, Батыраш пен Қотырашқа: «Құлагер құстан басқаны оздырмайды, аттарыңды бұл бəйгеге қоспаңдар» депті. Олар аттарын жібермеуге қорланады. Жіберейін десе, сыншының сөзі анау. Не істеу керек? Батыраш пен Қотыраш қаныпезер иттер болса керек. Аттарын бəйгеге қосады да, құлагерді өлтірмек болады. 

Бəйгенің жолында өзен бар екен. Бойына қалың тал өседі екен. Өзен жаздыгүні құрғап қалады екен. Бəйге аттары қалың талды жарып өтеді екен. Батыраш пен Қотыраш өз елінің қарулы жігіттерінің қолдарына бір-бір шоқпарды береді де, əлгі қалың талдың ішінде құлагерді тостырады. 

Аттар шабатын жеріне барып, аз тыныстайды. Сонан кейін жіберіледі. Құлагердің бір өзгешелігі: шыға тартқанда алдына ат түсірмейді екен де, содан қайтып арттағы аттарға қарасын шалдырмайды. Бір əдеті: əбден бүйірі қызып алған кезде, шауып келе жатып кісінейді екен. Сонда үстіндегі бала тізгінінің түйінін ердің қасындағы шотаяқ темірге іле қойып, өзі қастың екі қанатындағы тұтқа қайыстан мықтап ұстайды. Әйтпесе аттың екпініне шыдамай ұшып кетеді екен. 

Сөйтіп дағды бойынша құлагер еті әбден қызған кезде кісінейді, бала да тізгінді ердің қасына іліп, өзі тұтқадан ұстайды. Ат жұлдыздай аға жөнеледі. Дәл осы кезде аңдып тұрғандар қосыла кетіп, тұлпарды ұрады да жығады. Түйдегімен кеп ұрған шоқпардан аттың белі үзіліп кетеді. 

Батыраш пен Қотыраш бір рудың белді байлары, ал Ақан болса Сағынайдың асына барған жалғыз. Оның сөзін ешкім де тыңдамаған. Өлген атының басын құшақтап бірнеше күн жылаған да, теңдікке қолы жетпесін көрген соң, атының басын ғана кесіп ап қоржынына салып, өзге денесін көмген де, еліне қайтқан.

 «Құлагердің басын 1921 жылы Ақанның тіл-құлақсыз мылқау баласының үйінен көрдім. Керемет ұзын бас екен. Азу тістері шынында саусақтай екен. Өзге тістері де дағдылы жылқынікінен əлдеқайда сом жəне ұзын. Қу сүйектің басқа сынын əрине біліп болмайды», - депті жазушы. 

Құлагерден айырылған соң Ақан сері алданыш ретінде құс салуды  әдетке айналдырған екен. Оның атақты «Қараторғай» әнінің қайырмасындағы: «Қараторғай,Ұштың зорға-ай, Бейшара, шырылдайсың, Жерге қонбай» дейтіндегі «Қараторғайы» алғыр бүркіт екен. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» дегендей бүркіт қартайғанда қонатын құйрық қауырсына түлеп түседі де, қайта шықпайды. Яғни, көкке көтерілген кәрі құс жерге қона алмай шырылдайды кеп. Ақан осыны айтып отырғаны анық.

Ақан одан кейін лашын салған. Оны «Көкжендет» деп атаған. Бір сапарында Ақан құс салып Қараөткел жағына барады. Есіл, Нұра екі өзеннің арасында «Қозыкөш» жерде Ақан лашынын жоғалтады. Қайғырған сері:

 

Көкжендет, тұғырың алтың маржан баулы, 

Ағаш үйде тұрушы ең асыраулы.

 Күніне жетпіс үйрек жүз қаз алған, 

Болмайды көкжендеттей мұндар шəулі, 

 

 Көкжендет, қазға салып бауыңды аштық, 

Бір күн алған құсыңды он күн астық. 

Солардың, мамықтарын жиған шақта, 

Болып ед бір құс төсек, он құс жастық, 

 

Сусылдап сұқсыр үйрек ұшар кешке, 

Көкжендетім түседі сонда еске.

 Айрылып көкжендеттен қалған шақта,

 Созылып əрең жеттім Қозыкөшке, - деп әндетеді

Ақанның  көз жасы

Қысқасы 13 жастағы бозбала Сәбит осы сапарында Ақан сері жайлы небір құнды деректер жазып қалдырған. Соның бірі былай деп басталады: – Ауыл ағасы Дәулеткерей төре «Сері аға, мына кісілер мені емес, сені іздеп кеп отыр,  баяғы күйің жоғын кім білмейді, сонда да, қал-қадарыңша бір-екі ән айтып көрсең деп қолқа салды. Ақан әрі-бері ойланып барып:

 Бұл шіркінді тастағалы қашан, дауыста да не бап бар дейсің. Көңілдеріңіз қалмасың шама келсе айтып көрейін, - дейді. Ел бәрекелдіні жаудырады кеп. 

«Елдің ықыласын жыққысы келмеген Ақан домбыраны қожырлау бұрап ап, əуелі ыңырсып үн қосып көрді де, дауысы домбыра дауысына үйлесетінін көргеннен кейін тамағын кенеңкіреп алып, мына біздің «дауыс ашар» дегеніміз болушы еді деп, қоңырлау бір əдемі əнді айтты жəне өте нақыштап, сұлу ғып айтып берді», - деп жазады Сәбең.  

Сөйтіп бірер ән айтылған соң Ақанның ашыла бастағанын аңғарған естірмендер «Құлагерді айт, құлагерді» деп дуылайды. Ақан домбыраның шегін аздап қатайтыңқырап алып, көтеріңкі дауыспен «Құлагерді»  бастай жөнеліп:

Жел соқса, қамыс басы майда деймін,

Атыңды, ат айдаушы, айда деймін.

Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,

Жығылмаса Құлагер, қайда деймін?! – дегенде бет-ауызына қайғы бұлты оралғандай құбыла бастап, «Құлагер жаз жайладым, күз...» - дей берді де, жыламсыраған дауыспен, Құлагердің өлген жерін айтқанда, «жұлдым да сақал, шашты ойбайладым!» деп өкси жылап қоя берген екен.

«Ақанның кескіні со кезде құйын үрлеген судың бетіндей ойранботқа боп, екі көзінен жас шұбыра жөнелді. Ол домбырасын қасына сүйей салды да, талықсығандай қисайып жата кетті. Дəулеткерей оны құшақтай алды да, біреуге: «Жастық əпер» дегендей ымдады. Əперген жастыққа қисайтқан кезде, Ақан қалғып кеткен адамның бейнесін көрсетті. Біреулер: «Су бүріксе қайтеді?» деп еді. «Керегі жоқ» дегендей Дəулеткерей басын шайқады да, көпшілікке тысқа шығайық деген ым көрсетті. Тысқа шыққан соң Дәулеткерей  «Құлагерді» айтқызып нелерің бар еді, оның дерті осы əн. Енді ол екі-үш күнге шейін басын да көтермейді, сөйлеспейді де» деп кейіді деп жазады С.Мұқанов. Жазушы сөзінің соңын: «Одан кейін мен Ақан серіні көрген жоқпын. Естуімше, со жылдың аяғында ол қайтыс болған екен» деп аяқтапты.