Көшім Есмағамбетов – Қазақстанның шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы
Бөлісу:
15.09.20232611
Ұлағатты ұстазымыз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Лекерұлы Есмағамбетов дегенде бірден ойға Қазақстанның шетелдік тарихнамасы оралатыны бар. Оның себебі, Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің шетел әдебиетінде қалай көрініс тапқанын дүйім жұртшылыққа айқыштап берген бірегей ғалымдығында болса керек. Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуде еліміздің тарихы туралы шетелдік әріптестер мен зерттеушілер тарапынан жазылған еңбектердің құндылығын екшеп, олардың жазған ой-пікірлерін басшылыққа алудың маңыздылығын көрсете білген тарихшы-ғалым Көшім Есмағамбетов Ресейдің ғұлама ғалымдары шоғырланған, зерделі тарихшылар мен тарихнамашылардың ортасы қалыптасқан Мәскеу мектебінің түлегі болуымен де ерекшеленеді.
Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде 1960-1965 жылы білім алып, тарихшы және ағылшын тілінің аудармашысы мамандықтары бойынша үздік бітіреді. Шетел әдебиетінің қыр-сырын ашуға деген құлшынысы осы студенттік кезінен қалыптаса бастаса керек. Жастықтың оты жалындап, әр қияға салған шақта жинаған білімі, көрнекті ұстаздарынан алған тәлімі, шет тілдерін жетік меңгеруі кейіндері тарих ғылымының білікті де майталман маманы болып қалыптасуына жол ашты.
1972 жылы «XIX және XX ғасырдын бас кезіндегі Қазақстан тарихының мәселелері ағылшын-американдық тарихнамада» деген тақырыпта кандидаттық диссертация әзірлейді (бірақ белгілі себептермен кандидаттық дипломын 1991 жылы алады). Бұл өз кезегінде Қазақстанның тарих ғылымында аса тың тақырып болып есептелетін, себебі, бірде-екілі мақалалар болмаса, іргелі зерттеулер жоқтың қасы еді. Осылайша, Қазақстанда Көшім Лекерұлы Қазақстанның шетелдік тарихнамасының негізін қалаушылардың бірі болды, оның бастауында тұрды.
Көпшілік оқырмандарының көңілінен шыға білген Көшім Лекерұлының қаламынан 500-ге жуық ғылыми-танымдық мақала (Нурпеисов, 1998) сондай-ақ бірқатар кітаптар шықты.
ХХ ғасырдың 70 жылдары, Кеңес заманының өзінде-ақ зерттеуші Қазақстанның шетелдік тарихнамасын қамтитын 2 монография, бірқатар мақалалар шығарып үлгерді. Кеңестік кезеңдегі қатаң идеологиялық талапқа, цензураға қарамастан, қисынын тауып, күрделі мәселенің, қиын тақырыптың маңызын оқырманына жеткізе білді. Дегенмен, Кеңес өкіметінің билігі кезінде «буржуазиялық» тарихнамамен шұғылданудың екі қыры болатын: біріншісі, жақсы да пайдалы жағы – шетел ғалымдарының еңбектерін оқып, кеңестік идеологиядан өзгеше тұжырымдамалармен, теориялармен танысып, Қазақстан тарихы туралы жаңа мағлұматтарды білу, білім көкжиегін кеңейту болды. Ал екінші жағы, жаман жағы – басты бәйгеге тіккендей, қыл үстінде жүргендей сезім – қауіптілік. Шетелдік ғалымдар еңбектері сирек кездесетін және тиым салынған кітаптар мен қолжазбалар тұратын арнайы орында – «спецхранда» сақталатын. Оған екінің бірі кіре алмайтын, Қауіпсіздік комитетінің арнайы рұқсатымен жіберілетін. «Спецхранның» оқырманы үнемі бақылауда тұратын. Сонымен бірге қандай кітаппен танысқанын арнайы журналда көрсетіп, қолын қоюы шарт болатын (Есмағамбетов, 2008: 6). Көшім Лекерұлына да ғылыми ізденістер жүргізу оңай болмады, ыстығына күйіп, суығына тоңып, қылкөпірдің үстінде жүргендей күй кешті. Қауіпсіздік комитетінің қырына да ілікті, кейбір материалдарын үйінен «тәркілеп» әкетіп те қалатын (Есмағамбетов, 2008: 7-8). Алайда ғылымға шын берілген Көшім Лекерұлына ештеңе тосқауыл бола аламады, ол дегеніне жеткенше іркіліп қалмады, нәтижесінде инемен құдық қазғандай еңбегі еш кетпеді, көп ұзамай тамаша жемістерін берді.
1976 жылы орыс тілінде «Шындық пен бұрмалау: Қазақстан туралы ағылшын-американдық тарихнама» (Действительность и фальсификация: (англо-американская историография о Казахстане), 1979 жылы «Көне Қазақстанды көргендер (көне дәуірден XVIII ғ. орта кезіне дейін)», 1992 жылы орыс тілінде «Біздер туралы Батыста не жазылған» (Что писали о нас на Западе), 1994 жылы «Қазақтар шетел әдебиетінде», 2008 жылы «Әлем таныған тұлға. М.Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы» атты және т.б. еңбектері жарық көрді.
Алғашқы туындыларынан-ақ зерек зерттеушілік қабілет-қарымы барлығы байқалды. Қазақ тілінде жарияланған «Көне Қазақстанды көргендер» сияқты нақты деректердің негізінде жазылған еңбегі тарих ғылымына қосылған тың туынды болатын. Ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлеріне, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған К.Л. Есмағамбетовтің бұл еңбегі қазақ халқының тарихнамасында маңызды беттерді құрайды. Шетелдіктердің ерте және орта ғасырларда жазып кеткен мәліметтері жазба тарихи деректері аса көп сақталып қалмаған халықтар үшін бүгіндері, тарихи-деректік тұрғыдан қарағанда, қаншалықты маңызға ие болатындығын уақыт көрсетіп отыр.
К.Л.Есмағамбетовтің «Көне Қазақстанды көргендер» атты еңбегі шыққанға дейін ерте және орта ғасырлар тарихын зерттеуде Шығыс авторлары шығармалары көбірек қамтылғаны рас. Ал Батыс авторлары еңбектерінің басым бөлігі беймәлім болып келген еді. Грек-рим авторлары мен итальяндық саяхатшылар П.Карпини, В.Рубрук, М.Поло жазып қалдырған аз ғана еңбектер еске алынатын. «Қалың тарихы бар халқымыздың жұп-жұқа оқулығын» толықтыра түсуде өзіндік орны бар Батыс деректерінің ғылыми айналымға аз тартылып жатқанын дөп басып сезе білген ғалымның өзі де: «...сонау Гомер мен Геродоттан бастап, қазақ жерінің Россияға қосылуына дейінгі Қазақстан туралы Батыс Европада жинақталған мәліметтерге сипаттама беруге, ерте грек, рим, кейінгі ағылшын, француз, неміс, испан, швед, дат, голлан т.б. авторларының шығармаларындағы қазақтар жөніндегі хабарлардың қысқаша желісін оқушыларға ұсынуға тырысқан осы кітапшаның жазылуына түрткі болды. ... халқымыз жөніндегі мәліметтер оқырман назарын аудара бермек. Ол заңды да. Туған жер, оның әр кезеңдегі тағдыры, ол туралы досы мен қасының пікірі елең еткізбей қоймаса керек» (Есмағамбетов, 1979: 9-10) деп көрсетеді.
Иә, аталмыш кітап оқырмандарын бей-жай қалдырмады. Кітапта Батыс авторларының мәліметтері құр тізбелей берілмей, ой қорыту жасалып, сараланады. Кітап авторы шетелдіктер еңбектеріндегі мағлұматтардың, пікірлер мен көзқарастардың дұрыс-бұрысының ара жігін аша түсуді ұмытпайды. Қазақ тілінде жатық жазылуымен қоса автордың өз тарапынан ғылыми-танымдық ойқорытулар, түйіндер жасалады, сондықтан болар аталған кітап арада қанша жыл өтсе де әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпай келеді.
Шет тілдерін жетік меңгерген, сонымен бірге Әлем тарихын да терең білген Көшім Лекерұлының қаламы жылдар өткен сайын қайрала түскендей. Әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде жариялаған еңбектері тарих ғылымының жауһары сияқты әсер қалдыратын.
«Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы (көне заманнан ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін) (Зарубежная историография истории Казахстана (с древних времен до начала 90-х гг. XX в.) (Есмагамбетов, 2000) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, ғалым атанған Көшім Лекерұлының әр еңбегі, оның қаламынан шыққан әр туындысы қазақ оқырмандары арасында тез таралып кететін, кітап дүкендерінен де оңайлықпен таптырмайтын, өйткені үлкен сұранысқа ие болып шыға келетін. Сонымен бірге қолдан-қолға өтіп, танымал бестселлерге (best seller) айналып шыға келетін-ді. Қаламгер үшін, тарихшы үшін бұдан артық қандай құрмет, қандай бақыт болады?!
Дегенмен де Көшім Лекерұлының ғылыми ортада танымалдылыққа, даңққа жеткеніне дейін қаншама қиыншылықтарды басынан өткергенін бүгіндері біреу білсе, біреу білмейді. Көшім Лекерұлы таңдаған жол ауырпашылығы мен жауапкершілігі, қиыны мен қызығы қатар жүретін таза ғылым жолы болатын. Кеңестік кезеңде шетелдік тарихнамамен айналысу түгілі шетел ғалымының атын атап, түсін түстеу оңай шаруа болмағаны белгілі. Шетелдік тарихнаманы зерттеуге тәуекелге бара алатын, басты қатерге тіге алатын Көшім аға сияқты батыл жүректі, алмас қылыштай жарқылдаған ұлтжанды жандар ғана бара алатын, тәуекел ете алатын.
Көшім Лекерұлы шетелдік тарихнамамен айналысу кеңестік кезеңде аса қауіпті екенін білмеді емес, білді, бірақ неге осы тақырыпты таңдады? Бұл сұрақтың жауабы өзінің естеліктерінде тұрған сияқты. «60-70 жылдары одақтас республикаларда жастарды интернационалдық рухта тәрбиелеу, буржуазиялық идеологтардың Кеңес өкіметінің ұлттық саясатын бұрмалауына қарсы күрес деген тақырыптар «аса өзекті» көрінетін, – деп еске алады зерттеуші. – Осы жағдайды пайдалана отырып, Батыс авторларының Мәскеу, Ленинград секілді қалалары кітапханаларының «спецхрандарында» жатқан еңбектерін талдап, олардың Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі тұжырымдарын оқырмандарға жеткізуді ойладым. «Қазақстан тарихының мәселелері батыс авторларының еңбектерінде» деген тақырыппен шұғылдануымның себебі де осы мақсаттан туындаған-ды, «буржуазиялық идеологияға» тойтарыс беруден гөрі, менің бұл шешімімде халқымның отаршылдық жағдайда өмір сүріп жатқандығы туралы ағылшын, американ, француз, неміс тарихшыларының тұжырымдарын, сыналап болса да, жас ұрпақтың санасына сіңіру идеясы басымырақ болды» (Есмағамбетов, 2008: 6).
Көшім Лекерұлының шетелдік тарихнамаға қызығушылығы сонау студенттік жылдарда, Мәскеуде жүрген шағында басталды. П.Лумумба атындағы Халықтар Достығы университетінде оқып, дүниенің түкпір-түкпірінен келген студенттермен араласу, олар әкелген басылымдармен танысу оның көзқарасының қалыптасуына өз әсерін тигізбей қоймады. Сонымен бірге Мәскеуде 60-жылдары Мұрат Әуезовтың басшылығымен құрылған қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұйымы да ізденімпаз Көшім Лекерұлы сияқты студенттердің өзіндік ой-пікіріне, өмірлік ұстанымына игі ықпалын тигізді. Бұл ұйымның кейбір іс-шаралары К.Лекерұлы оқыған университетте де өтіп тұратын (Есмағамбетов, 2008: 3).
«Шын мәнінде, «Жас тұлпар» қазақ жастарының 60-жылдардың бас кезіндегі «жылымықта» қар астынан бүр шашқан нәзік бәйшешек іспеттес қазақтың алғашқы саяси-мәдени бейресми ұйымы болатын. Қатаң тоталитаризмнен кейін қайта оянып келе жатқан ұлттық санамыздың алғашқы белгі берерліктей қарлығаштары сияқты еді. ... Әуелде «Жас тұлпардың» мәдени-танымдық жиналыстары мен шерулері көп болды. Ал өзімнің демография туралы алғашқы лекциям МГУ-де өтті. Оны қазақша айтып шықтым, өйткені, негізгі тыңдаушыларым сонда оқитын қазақ жастары еді, – деп еске алады «Жас тұлпардың» мүшесі болған, К.Лекерұлының мәскеулік замандасы, кейіндері атақты қазақ демографы атанған академик Мақаш Тәтімов. – Сол кезеңде, ол қаншама қауіпті болса да, 30-шы жылғы санымызға әлі жете алмай отырмыз деп ашық айттым. Аштан қырылып қалғанымызды алғаш естігенде, кейбір қыздарымыздың көзіне жас алғаны күні бүгінге дейін көз алдымда. Осыным артық болып кеткен жоқ па деп те қатты ойландым. Ол кейін КГБ-ге де жетпей қалған жоқ! Қайран жастық пен албырттық. Сақтықты ұмытып кететін кездеріміз болып тұратын... Қазақ жастарының арасында өз халқының тарихы мен өткенін білуге деген құлшыныс күшті екені байқалды» (Тәтімов: 2013).
Өз тарихын терең білуге ұмтылған сондай жастың бірі К.Л. Есмағамбетов болатын. Ұлтжандылық сана-сезім, отаншылдық пен тарихи ізденістер оны сол тұстағы үстем идеологияның қаһарынан қорықпай, арыны қатты өзеннің ағысына қарсы жүзгендей, шетелдік тарихнамаға ден қойып, зейін қоя зерттеуге жетелейді.
Көшім Лекерұлы өзінің докторлық диссертациясында шетелдік орталықазиятану ғылымының теориялық, әдіснамалық және тұжырымдамалық негіздерін ашуға ұмтылды. Сонымен бірге шетелдік орталықазиятанудың танымдық мүмкіндіктері мен қазақ оқырмандарына беймәлім жақтары ашылды. Зерттеудің салыстырмалы әдісі мен пәнаралық көзқарасты қамтитын зерттеу әдістемесі анықталды. Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты шетелдік зерттеулердің деректік базасына талдау жасалып, бұрын идеологиялық себептермен еленбей келген немесе отандық ғалымдарға қолжетімсіз болған жаңа дереккөздер мен материалдар ғылыми айналымға енгізілді.
Энциклопедиялық білімі арқасында шетелдік тарихнаманың бастауында тұрған білікті маман К.Лекерұлы уақыт өте келе Қазақстанның шетелдік тарихнамасының тарланына айнала бастайды.
Қазақтар жөнінде, Қазақстан жөнінде Батыс саяхатшылары мен зерттеушілерінің жазбалары К.Л.Есмағамбетовтің «Біздер туралы Батыста не жазылған» («Что писали о нас на Западе») кітабында зерттелінді. Ол шетелдік тарихнаманы методологиялық және теориялық қырынан зерттеуге өз үлесін қосты. Революцияға дейінгі Қазақстанның тарихи-этнографиялық тұрғыдан Батыс Еуропа мен АҚШ-та зерттелінуін негізгі кезеңдерге және бағыттарға бөле отырып қарастырады. Шетелдіктердің революцияға дейінгі (1917 жылға дейінгі) Қазақстанды тану тарихын үш кезеңге бөліп қарастырады:
Көне заманнан XVIII ғасырдың соңына дейін; XVIII ғасырдың басынан XIX ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін;XIX ғасырдың 60-шы жылдарынан 1917 жылға дейін ((Есмагамбетов, 1992: 134).
Әр кезең зерттеушілеріне өзіндік бағасын бере отырып, автор көлемді материал жинап, оларды кезеңдерге жіктеп, әр кезеңнің даму динамикасын көрсетіп береді (Турдалиева Ч.Дж., 2008:30).
Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар жөніндегі шетелдік зерттеушілер тұжырымдары да К.Л.Есмағамбетов назарынан тыс қалмады. Посткеңестік кезеңде шетелдік тарихнамада қазақ халқының азаттық күресінің өткені ары қарай өз жалғасын тапты. Отандық тарихнамада шетелдік тарихшылардың көзқарастары К.Л. Есмағамбетовтың зерттеуі арқылы белгілі болды (Мұхатова: 2020).
Батыстың тарихшылары мен зерттеушілерінің тың тұжырымдары, жаңаша пайымдаулары қалың оқырманға профессор К.Л. Есмағамбетов еңбектері арқылы таныла бастады. Мысалы, американдық тарихшы М.Б. Олкоттың «The Kazakhs» (Қазақтар) (Olcott,1987) еңбегіндегі тың тұжырымдарды алайық. «Қазақтардың басты көтерілістерінің Сырым батыр және Кенесары Қасымов секілді қолбасшылары өздері өмір сүрген тұста ұлтына барынша беріле қызмет еткен нағыз халықтық тұлғалар болды, олардың есімдері мен істері арттарында қалған жергілікті күрескерлердің бойынан жалғасын тауып отырды» (Есмағамбетов, 1994:103).
Қазақ ағартушылары туралы шетелдіктердің не жазғанын да тартымды көрсетеді. Абайды таныған алғашқы американдық сахатшы Дж.Кеннан (George Kennan, 1891) екенін алғаш қазақ оқырмандарына жеткізген де К.Л. Есмағамбетов болатын. «Дж.Кеннан Батыс әлеміне қазақтың ұлы перзенті Абайды алғаш таныстырған адамның бірі» дейді. Ал Кеннан Абайдың Батыс философиясын ден қойып оқитындығын алға тартқан.
Бүгіндері отандық тарихнамада шетелдік зерттеушілер еңбектері негізінен К.Л. Есмағамбетовтың зерттеулері арқылы белгілі болып, қазақстандық ғалымдар тарапынан ғылыми айналымға кеңінен тартылуда.
Профессор Көшім Есмағамбетовтің қай жұмысын алсаңыз да кәсіби шеберлігі мен мұндалап тұрады. Мұны Көшім Лекерұлы ғылыми түсініктемелері және алғысөзін жазған Джон Кэстльдің «1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы» (Алматы, 1996. – 96 бет. Неміс тілінен аударған Ә.Төреханов, алғы сөзі мен ғылыми түсінікмесін жазған К.Есмағамбетов) еңбегі де көрсетеді.
Аудармашылық қабілеті де бір төбе. Джордж Демконың «Орыстардың Қазақстанды отарлауы (1896-1916)» еңбегін және т.б. ағылшын тілінен аударып, жариялады.
Шетелдік тарихи әдебиеттің маңызы мен құндылығын зерттеушінің өзі де баса көрсетеді: «Ұлыбританияда – В.Конолли, Х. Сетон-Уотсон, А.Шихи, Дж. Уиллер, Францияда – А. Беннигсен, Каррер Д.Анкоc, З. Лемарсье-Келькеже, Америка Құрама Штаттарында – Е.Бекон, Л.Крадер, М.Рывкин, Р.Олуорт, Германияда – Е.Саркисянс, Б.Шпуллер т.б. бастаған профессорлардың Қазақстан туралы еңбектерінсіз біздің тарихи танымымыздың толық болуы мүмкін емес». Сол тарихи танымды толықтыру мақсатында жүздеген ғылыми мақалалар, құжаттар мен материалдар жинағын (Туркестанские военнопленные, 2019), шоқайтаншылық бағыттағы көптомдықты (Мұстафа Шоқай, 2012) жазумен қатар 5 томдық «Қазақстан тарихының» деректемелік бөлімін, атап айтқанда Қазақстан тарихының Батыс тарихнамасында көрініс табуы туралы тарауларын, дайындауға үлкен үлесін қосты (Қазақстан тарихы, 2010). Бұл тарихи танымдық, деректанушылық еңбектер зерттеушінің кең интеллектуалдық ой-өрістің, терең де жан-жақты білімнің, асқан жауапкершілік пен ерік-жігердің иесі екенінің айқын дәлелі.
Биыл белгілі тарихшы-ғалым, баспагер-энциклопедияшы, аудармашы, педагог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның шетелдік тарихнамасын зерттеудің негізін қалаушы Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың туғанына 85 жыл толып отыр. Соңында өшпес із қалдырған талантты тарихшы-ғалым, ұлағатты ұстаз есімі жыл өткен сайын асқақтай береді. Заңғар таулар секілді. Таулар алыстаған сайын асқақтай береді емес пе?!
Махаева А.Ш. – тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Әлем тарихы кафедрасының профессоры
Әдебиеттер:
Demko G.J. The Russian Colonization of Kazakhstan 1896-1916 / Демко Дж. Орыстардың Қазақстанды отарлауы (1896-1916) / ағыл. тіл. ауд. К. Есмағамбетов. – Алматы : Ғылым, 1997. – 214 б.Есмагамбетов К.Л. Проблемы истории Казахстана XIX - начала XX вв. в англо-американской историографии: автореферат дис. на соискание ученой степени кандидата исторических наук. / АН КазССР. Ин-т истории, археологии и этнографии им. Ч. Ч. Валиханова. – Алма-Ата, 1972. – 31 с.Есмагамбетов К.Л. Историко-этнографическое изучение дореволюционного Казахстана в Англии и США: Дис. на соиск. учен. степ. канд. ист. наук в форме науч. докл.: (07.00.09) / Ун-т дружбы народов им. П. Лумумбы. – Автореф. ...канд. ист.наук. – М.,1990. – 26 с.Есмағамбетов К.Л. Көне Қазақстанды көргендер (көне дәуірден XVIII ғ. орта кезіне дейін). – Алматы: Мектеп, 1979. – 136 б.Есмагамбетов К.Л. Зарубежная историография истории Казахстана (с древнейших времен до начала 90-х гг. XX в.): автореф. ...дисс. докт. ист. наук: 07.00.09. – Алматы, 2000. – 50 с.Есмағамбетов К.Л. Тарих таңдақтары. Бірінші кітап. – Алматы: Арыс баспасы, 2008. – 416 б.Есмагамбетов К.Л. Что писали о нас на Западе. –Алма-Ата: Санат, 1992. – 152 с.Есмағамбетов К.Л. Қазақтар шетел әдебиетінде. –Алматы: Атамұра, Қазақстан, 1994. – 240 б.Туркестанские военнопленные: Сборник документов и материалов / К. Есмагамбетов. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2019. – 296 с.Мұстафа Шоқай. Шығармаларының толық жинағы. – 12 том / К. Есмағамбетов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. Kennan G. Siberia and the Exile System. – N.Y., The Century co., 1891. 2 vols.Мұхатова О. Қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихының посткеңестік кезеңде зерттелуі (1992-2019 жж.) // Edu.e-history.kz 2020. 2(22).Нурпеисов К. Он предпочел науку // Казахстанская правда. – 1998. – 19 ноября.Olcott M. B. The Kazakhs. – Stanford: Hoover Institution Press, 1987. – 341 pp.Турдалиева Ч.Дж. Западные путешественники и исследователи о кыргызах и Кыргызстане (вторая половина XIX – начало XX вв.). – Бишкек, 2008. – 271 с.Тәтімов М. Хас тұлпардай «Жас тұлпар» еді // Егемен Қазақстан. – 2013. – 5 қараша.